Қозғалыстың сипаты. Желтоқсан көтерілісі

Желтоқсан 1986 – халықтың жас ұрпағының қозғалысы. Ол айдарына қарғыс танбасы басылған М.Горбачевтың «Қайта құру» бағдарламасын шын мәніндегі жаңғырту заманасы екен деп алданған ұлттың жас өкілдері еді.

Желтоқсан қозғалысы қаһарлы да қасіретті үш күн ішінде бірнеше сатыдан өтті.

Бірінші саты желтоқсанның 16-нан 17-іне қараған түні. Қазақ ССР Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша, сол күнгі түні қаланың алты оқу орындарының және С.М. Киров заводының 8 жатақханасында, Театр көркем өнер институтының 12 студенті «арандатуға бағытталған іріткі салу жұмысын жүргізді». Олар «жастарды шеру жасауға көндірді, арандатуға бағытталған ұрандар мен плакаттар даярлап, көшеге алып шықты. Сол бір түнде болған қимыл, әрекет 1979 жылы маусымда Ақмолада (Целиноградта) неміс афтономиясына қарсы өткен акцияны еріксіз көз алдыңа әкеледі…

Желтоқсанның 16-нан 17-не қараған түні толқу Ақмоладағы сияқты студент, жұмысшы жатардың жатақханаларында басталды. Ақмолада түнде жазылған транспоранттар мен сол түнгі жазылған транспорантттар үгндес, тіпті кейбірі сол күйінде қайталанды. Желтоқсанның 17 күні тәңертен аланға толқын-толқынымен жиналу әдісі де Ақмола оқиғасымен үндесті. Қалай болғанда да сол бір түнгі процестің басталу, өрбу динамикасын қалпына келтіру Желтоқсан тарихының ең бір қиын сәті екендігін мойындау керек.

Желтоқсан қозғалысының сол бір түні жастар үшін толқу, тербеліс үміт кезеңі болатын.

Көтерілістің екінші сатысы – желтоқсанның 17 -сі сағат 7-8-ден 18 сағатқа дейінгі кезең, бұл 200-300 адамдық шағын митингілерден мыңдаған адам қатынасқан митингілер, наразылық демонстрациясы, шеруі демонстранттар мен комсомол, партия басшыларының, оқу орындарының ректорлары мен декандарының, билік — әмірші күштердің өкілдерімен диалог болған кезең. Бұл әміршіл – командалық жүйе мен жас балғын демократияның бетпе-бет бейбіт жүздесу сәті, арбасу кезеңі. «Ленин идеясы жасасын», «Советтік Қазақстан жасасын», «Біз, қазақ, ежелден ансаған», «Да здравствует ленинская национальная политика», «Ұлт саясатының лениндік принциптерін сақтауды талап етеміз!», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!», «Каждому народу своего вождя» деген жастар алып шыққан түбегейлі көкейкесті ұрандар былай алып қарағанда марксизм – лениизмнің қағидаларынан тұрған еді. Ол шындығында іс пен теорияның арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған -ды. Міне мұндай демократиялық ашық та айқынды, айшықты ұрандар астына реформатор жастар топтасты, олардың қатары 200 — 300 адамнан он мыңға өсті. Ал америкалық Хельсинки тобының деректері бойынша наразылық жасаушылар қатары 30 мыңға дейін жеткен. Ал Жоғары Совет Президиумы Комиссиясы демонстранттар қатары түске қарай 5000 адамға жуықтады деп жобалайды16. Комиссия қозғалысқа қатысқан адамдардың айтуымен, алаңдағы адам кешкі сағат 18-де 15 мыңға дейін жетеді деп шамалайды. Біздіңше көше-көше бойымен жүрген сәттерінде демонстранттар қатары бірнеше есе өсті. Өйткені, көше бойына шыққандар да өздерін демонстранттар қатарында санады, іштей жылылық танытты, еркіндік аңсаған ұлдары мен қыздарына сүйсінді.

Көтерілістің екінші сатысында болған оқиғаларға зерттеушіоер әр түрлі көзқарас білдіреді. Осы бір жүйемен көтерілісшілер бетпе-бет келген сәтте тепе-тең диалог болмау себебін жастарға артушылық жиі кездеседі. Шындығында, билеуші топ аланға шығушылармен, біріншіден, өздерін тен санаған жоқ. Жастарды салған жерден экстремистер деп қарады. Екіншіден, диологқа бетпе-бет кездескен екі жақ екі тілде сөйледі. Бірі билеуші жақ, тек жастарды алаңнан таратып, «тәртіпсіздікті» тез жоюды көздеді. Ал көтерілісшілер талап етті. Ендеше, диолог болуы мүмкін емес еді. Комиссия төрағасы Мұхтар Шаханов өзінің бір сұхбатында осы бір ситуация туралы былай деп әділ түйіндейді:

«Тарихта тіпті үлкен соғыс өрті тұтанғалы тұрған сәте екі жақтың ақылды, өрелі азаматтары жүйелі сөзге тоқтасып, тарқасқан мысалдар аз емес. Алысқа бармай-ақ өзіміздің дана билер, көсем хандардың, көнекөз қарттардың басуымен талай дау-дамай бейбіт жолмен шешіліп келгенін еске алсақ та жеткілікті. Сондықтан желтоқсан оқиғасын да ұшықтырмай шешуге әбден болар еді.

Рас, жастардың алаңға жиналу мақсатын білмей жатып милиция, әскер күштерін асығыс шақырғанымен, республика басшылығы демонстранттарымен диолог жасауға тырысып көрді. Бірақ, ол ешқандай нәтиже бермеді. Неге? Себебі, мінберге шыққандар қазақша сөйлегенімен, екі жақ екі тілде әңгімелескендей болды, бір-бірін түсіне алмады. Шығып сөйлеген басшылар былайша жиналудың ақылға симайтындығын және заңсыз екендігін қайта-қайта еске салып, тарқауды талап етті. Демонстранттардың өкілдеріне жағдайды Орталық Комитетте, болмаса басқа «тыныш» ортада түсіндіруді ешкім де қажет деп таппады. Орталық Комитеттің Пленумының шешімін талдау ішкі партиялық іс деп саналып, демонстранттардың саяси шешімді түсіндіруді талап етуі мүмкін емес және халықтың атынан сөйлеу құқығы мойындалмады. Ондаған жылдар бойы әміршіл-әкімшіл басқару жүйесіне еті үйреніп кеткен ескі аппарат қайта құрудың ұшқындары алдымен жеткен жастардың саяси талап-тілегін түсінгісі келмеді. Мұндай жағдайда халықпен жұмыс істеудің нақты әдіс-тәсілдерін білмегендікпен, «еске түскені» ескі әдіс — күшпен басып тастау ғана болды. Сол кездің өзінде жастардың жаңаша ойлауы, азаматтық санасы үлкендерден көш ілгері озып, республика басшылығына оның экономикасы, мәдениеті мен тарихынан хабарсыз адамды отырғызуға болмайтындығын дәлелдеуге тырысты. Бірақ, ол кезде күш тең емес еді. Милицияның сойылы мен солдаттардың сапер күрегі, партаппарадтарының шылауына тырп ете алмаған заң органдарының күшімен демонстранттар тек саяси жеңіліс тауып қана қоймай, соңынан әр түрлі жазаға тартылып, заңсыз қуғындауға түсті»17.

Үшіншіден, бейбіт пиғылдағы жастардың шеруіне «бұзақылық» сипаты бірден танылды. «Балалар бақшасын қиратты», «Балалар әлемін» талқандады, «орыстарды ұрды» деген өсектер жастарға провакациялық әдістермен танылды. Сөйтіп, жүйе бірден күш қолдануға сынықтан сылтау іздеді. Төртіншіден, жастар арасына «тіс қаққан», «әккі» қулар жіберілді. Міне солар қызба жастарды провакация жасауға итермеледі. Тас түйін ұйымшылдықты көрсеткен шерушілер алаңға келіп шашырағанда көтеріліс лидерлері щащыранды қимыл — әрекеттерге ықпал жасай алмай қалды.

Желтоқсан қозғалысының ІІІ сатысы бұл барикаданың екі жағындағы күштердің арбасудан алысуға, теке тірекстен сүзісуге, жұлысуға ұласуы, қозғалыстың бунт – стихиялық көтеріліске айналу сәті, жүйенің қарулы жазалаушы отрядының күш жұмсап наразы топты еріксіз қорғаныс жасауға, күшке күшті қарсы қою кезеңі. Бұл 17 желтоқсанның 18 сағатынан 18 желтоқсан күні болған үш штурм, 20-дан астам теке тірес кезінде қарулы күштің саперлік шағын күректерімен, темір шыбықтарымен алаңдағы бейбіт халықты дүрелеуі, жастардың айбат шегу, көше тастарын, қабырғаға жабыстырылған мрамор плиталарымен, таяқпен қорғаныс жасауынан тұрады. Жүйе жазалау армиясын жасақтады. Осы уақытқа дейін оларды «усмиритель» «жусатушылар» — деп қарап келінді. Шындығында олар «жазалаушылар» «карательдер» еді. Жазалаушылардың қатары американдық Хельсинки шамалауынша 50000 әскерден , 20000 милиционерден құралған. Р.Бейісқұүлов алаңда 50000 әскери адамдар, 20000 милиционерлер, 16000 жасақшылар болды деп көрсетеді. Ал, М.Шаханов бастаған Комиссия: «5700 әскері бар Алматы горнизоны, ССРО Ішкі істер министірлігінің арнайы әскері – 5449 әскер бөлімі, Алматыдан 7552 әсер бөлімі, Қаракемерден 6654 әскер бөлімі, Фрунзеден әкелінген 5450 әскер бөлімі, Ташкенттен 3408, 5452, Челябіден 5426 әскер бөлімі, Новосібірден 5427 әскер бөлімі, Уфадан 5424 әскер бөлімі, Свердловскіден, Тбилисиден келген 2169 адам, жұмысшылар жасағы 10000 — нан 15000-ға дейін баршасы 19000-нан 24000-ға дейін қатысты»18, — деп көрсеткен. Бұл арада түсініксіз бірнеше жайлар бар. Алаң үш шеңберлі құрсаумен қоршалғаны даусыз. «Жасақшылар» екінші шеңбер 16000-нан 20000-ға дейін. Ал Алматы горнизоны 5700 әскер болса, сырттан әкелінген саны 10000-ға жуықтауы керек. Алматы әуежайында істеген азаматтың айтуынша, 17 желтоқсан күні Астанаға 80-нен астам ұшақтар келіп қоныпты. Орта есеппен транспорт ұшақтары 70-80 адам алатын көрінеді. Ендеше, Комиссия деректері сырттан келген жазалаушы экспедицияның санын 2-2,5 есе кемітіп отыр. Комиссияның жүйе даярлаған, жан-жақты тексерілмеген деректерді алып, соны шындыққа сайып тұрғаны анық байқалады. Жастарды үш қатар қоршап тұрған жазалаушылардың әр шеңбері20000-нан кем болмағаны байқалады. Жазалаушы армияның бір қанаты «жасақшылар». Москваның жіберген көк тұқыл губернаторы Г.Колбин орыс жұмысшылардың қолына 3 істік берді, аюға, аңға шығатын үш айыр темірлермен, кабельдермен қаруланды. Кейін осы бір қарулар суретке түсіріліп, демонстранттардың «қаруы» ретінде елге көрсетілді, тергеу жұмыстарында «нақты айғақ» ретінде пайдаланылды. 23 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында арсыз М.Соломенцев: «… Ұшы өткірленген мұндай темір кескінділерінің бір ұшына қолдан түспеу үшін ілгек жасалынған. Онымен адамды бір ұрып-ақ өлтіруге болады. Барып тұрған жауыздық қой оларды жасау үшін уақыт керек», — деп тексеріс органдарында өздері жасаған қылмысты жастарға аударудың амал-айласын көрсетті. Екі жүзді қанішер – палач екендігін М.Соломенцев осылай тағы да танытты.

Адам аң аулауға шыққан қаражүзділіктерді қаратөбет Г.Колбин ұялмай-қызармай «жасақшылар» отряды деп атады. Сөйтіп ол көтеріліске қатысқан қазақтарға орыс жұмысшыларын қарсы қоюы ұлтшылдықтың ең барып тұрған шыңы еді. Бұл 1905-1907ж. патша охраникасы құрған қаражүздіктер – черносотенцы сияқты принциппен құрылуы Г.Колбиннің охраника тәжірибесін жақсы білетінін көрсетсе керек. Ал, қаражүздіктер болса еврей қырғынын, армиян-түркі халықтары арасындығы қақтығыстарды қолдан арандату арқылы ұйымдастырғаны, ұлтаралық өшпенділікті қолдан жасағаны белгілі. Қазақстан тарихында орыс-казактардың қолына қару беріп, 1916 жылы азаттық соғысына шыққан халықты патша өкіметі қан-жоса қылғаны бар емес пе? Онда казак – орыс жасақшыларына Жетісудың губернаторы, Түркістан уалаятының генерал- губернаторы, Түркістан Эпархиясы батасын беріп христиандардың мұсылмандарға қарсы соғысы жарияланды.Сөйтіп ол тек ұлтшылдықтың ғана емес, діни соғыс сипатыны көрсеткенді. Қалай болса да Орталық, оның бірден – бір өкілі көк тұқыл Г.Колбин патша заманасының ұлт саясатының ең жексұрын түрін осылай жандандырды. Мұны біз түгіл біздің болашақ ұрпақтарымыз абзал. Амал не, зерттеушілер, оның ішінде аты шулы Комиссия да жазалаушы отрядтың осы бір сипатына көңіл бөлмеді.

Жазалаушылар қатарындағы 7% қазақ, ал Ішкі істер әскерлерінің милиционерлерінің саналы тобы іштей күреске бел байлаған жастар жағында болды. Кейбір жерде ұлттық принципінен бөлінген жазаушылар арасында қақтығыстар болды. Автобусқа мінгізіп алып бара жатқан жастарды қазақ милиционерлері қалтарыстап шығарып жібергені туралы деректерді ел аузынан да жиі естуге болады. Жастар арасында арандатушы «жансыздар» көп болды, олардың кейбіреулері орысқа қарсы ұрандар тастауға үгіттеді. Елеріп қызған жастардың кейбір тобы жатақханаларға, аудиторияларға баса – көктеп кіріп, күшпен жастарды көшеге шығарды. Бұл жағдай билеуші топтың қолына жиелеу болды, олар зорлық-зомбылықты, ұрып-соғуды, мертіктіруді үстемелеп жасуға әкелді. Жазаушылар көшеде белсауыт келе жатқан қазақтарды ұстады, аулаларда ойнап жүрген жасөспірімдерді машиналарға тиеп, дүре соғатын, жазалайтын, не айыптайтын пункттерге тасыды. «Ұлттық белгімен адамдарды аулау» етек алғанын Қазақ ССР Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің төрағасы генерал В.М. Мирошник кейіннен мойындады.

Қалай болғанда да жүйе, оны СОКП-ның саяси Бюросының мүшесі М.С. Соломенцев бастаған, М. Горбачев қостаған басқарушы тобы бейбіт демонстрация мен манифестацияны «қууға», «алаңды тазалауға» емес, қанды шайқасқа, қантөгіске даярлағаны күмән тудырмайды.

Жазалаушылар «Метель 1986» атты әскери операцияға даярланды, ол жаумен емес, өз халқын жау еткен, ол өз халқына қорғау қасқыр болып шапты.

«Комиссияның» шешімінде осы бір басы ашық, анық істі «в 18.00 по приказу Князева Г.Н. солдаты в касках со щитами и дубинками начали разгон демонстрации», «в течении вечера (4-4,5 часа) прошло около 20 «волн» оттеснения – вытеснения», «в 23.40-24.00 проведяна операция по разгону демонстрантов с применением малых саперных лопаток, дубинок, служебных собак» — делінген.

Шыныда да, «оттеснения-вытеснения», «разгон» деген ұғымға жазалаушылар қандай мән бергенін айту керек емес пе еді. «23.00-00.45 жастарды аланнан шығаруға байланысты операция. Күректер мен тоқпақтар, иісшіл иттер қолдана бастады. Қуу, таратудансоң, қар үстінде азаматтық киімдердегі 150 – ден астам адам қалды», — дейді Комиссия өзінің қорытындысында. Ал егер 150 адам ұрыс аланыңда серейіп жатса «жастарды алаңнан шығаруға байланысты операция» болады? «Қуу, таратудансоң» 150 адам не өліп, не мертігі, жаралы болып, қаңсырап жатса қалай ол жастарды «тарату» операциясы атану керек? Сөз жоқ, бұл қанды қырғын, жастарды апатқа ұшырату операциясы, бұл этноцидтің сойқан түрі. «Коммунизм», «социализмнің», қасиетті идеяларын жамылып, тағылық көрсеткен озбыр жендет империяның әккі ісі.

Мен бұл арада Коммисияның пайдаланған құжаттарының ықпалында қалып, тебіренту аясының тар болғанына қынжылыс білдіргім келеді.

Комиссия сол қаһарлы екі түннің хроникасын былай қалпына келтіреді.

«Жастардың алғашқы топтары 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 7-8-дерде 200 – 300 шамалы адам Орталық Комитет пленумының шешіміне қарсылықтарын білдіретін ұрандармен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті үйі алдындағы алаңға жиналды.

Қазақстан Орталық партия комитетінің келісімі бойынша алаңды тәртіп сақшыларының және ішкі әскерлердің күшімен қоршап ұстауға шешім қабылданды.

10 сағат 30 минутта Алматы гарнизоны бойынша №1 жауынгарлік әзірлік жарияланды. Теміржол вокзалдары мен аэропорт жабылды. Шеруге шығушылардың араларына барып, түсінік жұмысын жүргізу қажет деп табылды.

Демонстрация бейбіт саяси қарсылық тұрғысында болатын. Жұртшылық Г.В. Колбиннің сайлануына риза еместіктерін білдірді, өз алдапында Д.А. Қонаевті шығаруды талап етті, өмірдің ауыр әлеуметтік жағдайларын, тұрғын үй алудың жұмысқа тұрудың қиындықтарын, ана тілін қолдану ауқымын тарылып бара жатқанын айтып, реніштерін білдірді. Адамдар қолдарына Лениннің портретін ұстап, халық әндерін айтып, қарусыз жүрді. Басқа халықтарға қарсылық байқалмады, мемлекеттік құрылысқа нұсқан әрекеттер болған жоқ.

11 сағат 30 минутта шерушілер алаңнан шығып, қала көшелеріне бағыт алды. Колонналарды, Ішкі істер министірлігінің және олардың бөлімдерінің қызметкерлері алып жүрді.

13 сағат 30 минутта демонстранттар шеруі жол бойындағы автомильдерден қойылған бөгеттерден өтіп, алаңға қайта оралды. Олардың саны 1400-ден 5000 адамға дейін жеткен еді. Ол кезде алаңға қала көшелеріндегі шеруге қатыспаған, демонстранттарды қызықтаушы жүргінші жастар жиналып қалған. Бейбітшілік көшесін бойлай КазМУу қалашығы жақтан үлкен жастар колоннасы шықты…

Алаңды қоршап алып, ешкімді шығармай, ешкімді кіргізбей ұстауға бұйрық берілді. Алаңға бет алған демонстранттардың жаңа топтары қоршауды бұзып кіріп, қақтығысулар басталды. Қоршаудың ішіндегілер сырттан келгендердің бұзып кіруіне көмектесіп, арада қайшылық туды.

Ішкі істер министірі Власов КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының келісімімен Алматыға еліміздің сегіз қаласынан ішкі әскерлердің арнаулы бөлімдерін әкелуге бұйрық берді.

Алаңға әскери бөлімдер әкеліңді. Киім үлгілері темір сауыт, темір қалқан, резеңке қолшоқпар. Екі арнаулы машинаға түтіндеткіш қорапшалар, белгі беру ракеталары, көзіңнен жас парлататын «Черемуха» газы, соғыс патрондары сияқты арнаулы керек-жабдықтар тиелген. Әскери бөлімнен ізшіл-қызмет иттер бөлімшесі де жеткізілді.

15 сағат пен 17 сағатқа дейінгі аралықта мінбеге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюро мүшелері С.М. Муқашев, З. К. Камалиденов, Н.Ә.Назарбаев, М.С. Мендібаев шығып сөйледі. Олардың жастарды таратуға шақырулары айқай мен ысқырықтың астында қалды. Мінбеге қарай қар қиыршықтары, мұз кесектері ұшты.

Демонстранттар мінбені қорғаушы солдаттар мен курсаттарға тіл тигізді, бас киімдерін ала қашты. Милиционерлер тобырдың белсенділерін қолға түсіре бастады, тобыр оларды құтқарып қалуға ұмтылып, ұрыс-керіс басталды.

Салдаттар берілген бұйрық бойынша оларды алаңға қарай ығыстырды, тобырдағылар салдаттарды таспен, кесек топырақпен, үй қаптауыш мәрмәр сынықтарымен атқылап, адамдар жараланды.

17.00 сағатта алаңға ССРО Мемлекеттік Қауіпсіздігі комитетінің сапер күректерімен қаруландырылған Алматыдағы жоғары курсант – шекарашылар училищесінің саны 600 шамалы құрамы келіп жетті. Шекарашы – курсанььардың Алматыға әкелінуіне бұйрықты Қазақ ССР Мемлекеттік Қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Мирошниктің өтініші бойынша ССРО Мемлекеттік Қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Чебриков берді.

18 сағатта Қазақ ССР Ішкі істер министрі Князевтің бұйрығы бойынша темір қақпақ киіп, қолдарына қалқан ұстаған солдаттар демонстранттарды резеңке қолшоқпарымен ұрып, алаңнан қуалай бастады. Адамдар тұс-тұсқа қашты, бірімен-бір сығылысып, басып – жанышталды, тобыр жан ұшыра қорғанып, ағаштарды сындырды, ғимараттардың қабырғаларындағы қаптауыш мәрмәрларды талқандады. Әскерлерге қарай ағаш кесінділерін, тас кесектерін лақтырды, «жедел жәрдем» машинасы екі жақтың да жараланғандарын тасымалдаумен болды. Мінбеге бірінен соң бірі көтеріліп, Камалиденов, Елемесов, Басаров сөз сөйлеп, жиналғандардың тезірек тарап кетулерін өтінді, болмаса күш қолданылатынын ескертті. Митіңгіге шығушылар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасындағы жұлыс керіс, қиян-кескі төбелеске ұласты.

21.00-22.00 сағаттарда алаңға арнаулы құрал-жабдықтар әкелінген машиналар лақтырылған тастың астында қалып, қорғаушылары қашып құтылды. Арнаулы құрал-жабдықтар алаңдағы жұртшылықтың қолына түсті.

22.00 сағатта Ішкі істер министірлігі өрт сөндіру басқармасының бастығы полковник Абдулманов алаңнан халықты қуып шығу үшін өрт сөндіргіш машинаны пайдаланылсын деген бұйрық алды. 20 машина лафетті ұңғыдан су шашып, жұртшылыққа қарай лап құйды. Қалың тобыр машиналарды таспен атқылады соның нәтижесінде 30 өртсөндіруші жарақат алды.

23.30-24.00 сағаттар аралығында демонстранттардың кіші сапер күректерімен, резеңке қолшоқпарлармен ұрып-соғып, қызмет итіне талатып қуалау операциясы жүзеге асырылды. Операция аяқталған соң алңда асфальт үстінде қанға бөгіп құлап жатқан адамдар машиналарға тиетіліп әкетілді. Алаң тазарды. Жақың маңдағы көшелерде, үйлердің кіре беріс алаңқайында, жатхана айналасында бас сауғалап жүргендерді итпен қуып ұстап, жазалау жалғаса берді»19.

Бұл деректерден қандай қортынды жасауға болады?

  1. «Метель 1986» операциясы «демонстрацияны дүркіретіп тарату», «ығыстыру – итеріп бастау» операциясы емес. Бұл ойластырылған, билік пирамидасының барша сатысымен келісіп жасалған мемлекеттік дәрежедегі әскери – саяси авантюра деп бағалау орынды;
  2. Комиссия көрсеткендей «Метель 1986» операциясы «жалпылама тәртіпсіздікпен», «тобырмен» күрескен жоқ, ұлттың аңсаған, оның өзін-өзі билеу құқын талап еткен реформаторлар ұрпағына ашылған соғыс – қанды қырғын. Ал ол қанды қырғынды бастау үшін жазалаушылар демонстранттар қатарына сыналап кіріп, олардың жетекшілерін ұстай бастады, «ығыстыру», «итеріп тастау» толқындарын ұйымдастырып, жастарға қол жұмсап ызаландырды, намысына тиді. Сойтіп авантюра арқылы қарусыз жастарды қорғанысқа мәжбүр етті. Демонстранттардың қолына тас, мрамор сынықтарын алудан басқа амал қалмады. Қорғаныс барысында олардың арасындағы жансыздар да жазалаушылар қару жұмсауға мүмкіндік жасау үшін шектен шыққан қимыл жасауға албырт жастарды итермеледі. Басына, иығына күрек тиген, жонына шоқпар батқан жастар бойына атқылап, шашып аққан қанға қарамай, ойламаған жерден арпалыса алысты. Комиссияның қорытындысында көрсеткендей, олар жазалаушылардың техникасын қолға түсірді.

Комиссияның қорытындысында бұл туралы былай делінген: «Вдоль площади, в сторону жилых домов, трибун, здания ЦК пролетели ручные дымовые гранаты, шашки, сигнальные ракеты, взрывались брошенные костры боевые патроны». «В результате массовых безпорядков сожжены 24 транспортных средства, выведены из строя 39 автобусов и 33 легковых такси, нанесен материальный ущерб 13 общежитиям, 5 учебным заведениям, предприятиям торговли, 4 административным зданиям». Жазалаушылар 7552 7/6 барлық қару-жарағымен әкелгендері. Олар патрондарды, жарық беретін ракеталарды, түтін шашатын гранаталары, «Черемуха» деп аталатын газымен балондары бар машиналармен алаңға келген-ді. № 99 – машина арпалыс кезінде қолға түсіп, жандырылып жіберілді. Республика прокуроры Ғ.Б. Елемесовтің айтуынша, заң қорғау қызметкерлерінің 772 жарақаттанды. Република Жоғары Советінің сессиясында Комиссияның алғашқы төрағасы Қ. Мырзалиев денесіне таңба түскен милиционерлер, солдаттар және жасақшылар саны 604 адамға жеткенін айтқан 20. Кейін М. Шаханов басқарған Комиссияның талап етуімен Қазақ ССР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Э. Басаров берген анықтамада жарақат алғандардың саны 1214 адам, оның 773-і милиция қызметкерлері мен әскери адамдар,

441-і азаматтар делінген21. Ал М. Шаханов жалпы жараланғандар санын 1772 адам деп көрсеткен22.

Мұның бәрі айқастың шын мәнінде өмір мен өлім үшін болғанын дәлелдейді. Ендеше, бұл жай толқу емес, «ығыстыру емес», «демонстранттарды алаңнан итеріп тастау емес», нағыз барып тұрған қарулы әскерге, жазалаушы экспедицияға айбар көрсеткен, қайрат көрсеткен, жаға жұртысқан, бас жарған, қол сындырған адам өлімдері болған қырғын алысу, жұлқысу, шабысу.

243 адам баспен мойыннан жараланған. Бұл күрекпен шоқпармен сабалаудың нәтижесі екені айдан анық. Көптеген адамдар қолдарынан жарақаттанған. Олар басын сақтап, қолдарын қалқан қылған сәтте жазалаушылардың қаруы жілікті де сындырып, не жарып жіберген.

4.Қанды қырғынға қазақтар ұшырады. Милиция бөлімдеріне әкелінген 2400 жастардың 2302 қазақ еді. Хельсинки тобы госитальға жатқызылған 369 адамның 361-і қазақ екенін атап көрсеткен. М. Есеналиев желтоқсанның бұрқасыныұттық сипатын алғанын айтуы да осыдан. Сонымен көшеге демонстрацияға шыққан ұлттың жас балауса өкілі бостандықты аңсады, ұлттардың өз еркімен жақындасуын қалады, ұлттың өзін-өзі билеу құқын жақтады. Ұлы державиялық империялық өктемдікке қарсы шықты. Билеуші топ одан қалды барша жүйе оларды ұлтшылдыққа ұрынған бұзақылар деп айыптап қанға бөктірді. 1905 жылғы қанды жексенбінің кебін Алматы жастары киді. М. Горбачевтің «қайта құру» идеясына алданып, сеніп қалған жастар замана өзгерген екен, демократия орнаған деп жапа шекті. 1979 жылы Цилиноград оқиғасындай бейбіт жолымен проблеманы шешуге болады деп алданды.

В.Даль өзінің «Толковый словарь» деген атақты еңбегінде «бунт» деген ұғымға «бунтовать, крамолить, мутить, пробуждать к возмушению, восставать скопом против законной власти, быть участником возмущения, заговора и мятежа» 23, деп анықтама береді. «Бунтовщик, — деп жазады В. Даль, — участник мятежа словом и делом, заговорщик, крамольник, мятежник, возмутитель»24. Ендеше 1986 жылы Алматы желтоқсаны бунт болып басталды, халық баршасы жиналып, заңды өкіметке, билік жүргізуші Коммунистік партияға наразылық білдірді, елді халық пікірін, айбынын танытуға шақырды. 1986 ж. Желтоқсанның 17- күнгі кешкі сағат 18-ден кейін бейбіт халық тоқуы болды. «Мятеж – возмущение, смятение, восствние, нородное восстание, крамола, бунт, заговор на дале; общее не послушание … мятежная толпа, ум, мятежный дух, непокорный. Мятежник… восстаыший против правительства»25, — дейді сөз төркінін танушы В. Даль. Ендеше, халықтың бой көтеруі, өкімет күшіне қарсы келіп, жалпылама бой ұсынудан шығуы, 17 желтоқсанның сағат алтыдан кейінгі қанды қырғынға қарсы соғысы — стихиялық , қорғаныс бағытындағы көтеріліс еді. Сонымен 1986 жылы желтоқсанда реформаторлық пиғылдағы жастарды жүйе амалсыз өкіметке, партияға қарсы шығуға, көтерілуге – көтеріліске шығуға мәжбүр етті. Жазалаушы экспедиция әу дегеннен көздегені жастарды шектен шығару еді, сөйтіп қанды қырғын жасау еді.

Жүйе өз мүддесіне осылай жетті. Бірақ, Алматы желтоқсаны жүйенің де түбіне жетер күні әлі алда еді.