Қазақ халқының ауыр да қасіретті тарихына қарасақ, оның екі нәрсені ең ұлы мұрат, ең асыл құндылық санайтынын көреміз. Олар: Отан, Атамекен жер және Тәуелсіздік. Ел тарихындағы қазақтың бүкіл күресі, арман-мұраты мен іс-әрекеті осы Отаны мен жерін және Тәуелсіздігін қорғауға бағытталған. Екі жүз жылдай (1731-1917) Ресей империясының, жетпіс жылдан астам (1917-1991) Кеңес империясының отары болған, тағдыр-талайы ауыр қазақ халқына Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Ол–«мың өліп, мың тірілген» (Ж. Молдағалиев) халқымыздың тәуелсіздік пен азаттық жолындағы сан ғасырлық тынымсыз күресінің, аққан тер мен төгілген қанының арқасында келді. Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы сондай ұлт-азаттық күрестерінің бірі де бірегейі – Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс болатын.
Коммунистік идеология мен тар таптық көзқарас, еуроцентризм мен ресейцентризм үстемдік құрған кешегі кеңестік дәуірде төл тарихымыздағы көптеген мәселелер, соның ішінде осы хан Кене бастаған күрес те бұрмаланып жазылып келгені белгілі. Кеңестік тоталитарлық тәртіп 50 жылдары Кавказда тау халықтарының имам Шәміл бастаған көтерілісін дәріптеді деп Жафарұлын қудаласа, Қазақстанда Кенесары Қасымұлы күресі жөнінде шындықты жазғаны үшін қазақтың атақты тарихшы-ғалымы Ермұхан Бекмахановты 25 жылға соттап, Сібірге итжеккенге айдады.
Тоталитарлық жүйе тек тарихымызды ғана емес, сонымен бірге тілімізден, дініміз бен ділімізден, салт-дәстүрімізден айыруға тырысты. Оның түбінде жалғыз үстемдік етуші саяси ұйым – Коммунистік партияға құлдай бағынатын, жалғыз идеология – коммунистік идеологияға құлай табынатын, бірыңғай «социалистік ұлт» қалыптастыру саясаты жатқан болатын.
Кеңестік тарихнамада Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық күресіне «феодалдық-монархиялық қозғалыс» деп баға беріліп, оның «халыққа қарсы», «орысқа қарсы» сипаты жазылып, ал хан Кененің өзі «бүлікшіл сұлтан», «баукеспе қарақшы» бейнесіне дейін төмендетіліп келді. Мысалы, бес томдық Қазақ ССР тарихының 3 томында бұл мәселе – «ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы феодалдық қозғалыстар» деген тақырыптың ішіндегі «Кенесары Қасымов бастаған феодалдық қозғалыс» деген атпен бір тақырыпшасы ретінде ғана берілген [1]. Қазақ-совет энциклопедиясында да «Кенесары Қасымов– Қазақстандағы феодалдық-монархиялық қозғалыстың басшысы» ретінде ғана айтылады [2].
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ойдың шідері алынып, тарихымыздағы «ақтаңдақтарымыз» ашылып, ол обьективті, шындық тұрғыдан жазылуда. Соның ішінде хан Кенеге, оның күресіне әділ тарихи баға берген іргелі еңбектер жарық көрді [3]. Кезінде тиым салынған Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген әйгілі монографиясы қайта басылып шығарылып, ол халық арасында зор ілтипатқа ие болды. Елдің елдік санасын оятып, ұлттық рухын көтеретін бұл оқиғаның болашақта да зерттеле беретіндігіне еш күмән жоқ. Бұл қысқа мақаламызда біз де кейбір мәселелерге көңіл бөлмекпіз.
Біріншіден, сипаты жағынан хан Кене бастаған көтеріліс, бұрын жазылып келгендей, «феодалдық-монархиялық қозғалыс» емес, ол – қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық күресі. Бұл мәселеге кеңес дәуірінде берілген баға – «қазақты азат еткен Ұлы Қазан төңкерісі, ұлы орыс халқы» деп есептейтін отарлық тұжырымдаманың, шынайы ұлттық, Отаншылдық мүддені тар таптық мүддемен, жалған интернационализммен алмастырған кеңестік солақай саясаттың қате тұжырымы. Шындығында, атақты Абылай ханның ұрпағы, қазақтың соңғы ханы Кенесарының қолға қару алып атқа мінгендегі ұлы мақсаты – қазақ елінің тәуелсіздігі мен азаттығы еді. «Кенесары қазақтардың ежелгі тәуелсіздігін қалпына келтіреміз, яғни тәуелсіз Қазақ мемлекетін құрамыз деген ұранмен күрес жүргізген» [4].
Кеңестер Одағы деген ортақ Отанның қоластында тоталитарлық жүйенің бақылауымен ғұмыр кешіп жатқан «кіші ұлттар» тарихының жазылуында, әрине ұлттық, отаншылдық мүдделер кейін ысырылып, ол тар таптық қалыпқа салынды. Бұл жағдай хан Кене қозғалысынан айқын көрінеді. Мәселен, сол кезеңдегі қазақ тарихының басты оқулығында: «Кенесары Қасымовтың идеологиясы оның ірі феодал, хан ұрпағы ретіндегі жағдайына әбден сәйкес келді. Ол қазақ жүздерін өзінің мұралық иелігі деп санады. Кенесары қазақ халқын да мұраға қалған меншігім деп қарады»[5] деп жазылған. Иә, хан Кене Ресей үкімет орындарына жазған хаттарында өзін қазақтың ұлы ханы – Абылай ханның ұрпағы екендігін баса көрсетіп, ал қазақ халқын – «менің халқым», «менің қазақтарым», «біздің ел» деп, оның сол кезеңдегі ауыр хәлі мен бұлыңғыр болашағына жаны күйзеле жазады. Оның сол заманда ел хандарының ұрпағы, өзінің де халық сайлаған қазақ ханы ретінде және сол халықтың бүгінгі өмірі мен болашақ тағдырына жауапты тұлға ретінде солай айтуына құқысы бар емес пе? Әрине бар. Мұнда материалдық тұрғыдағы меншік емес, дербес елдің халық сайлаған ханы ретіндегі сол елді басқару құқығы айтылып отыр. Бұл жерде мәселе басқада: ұлттық мүддені мүлде елемей, тар таптық мүддеге сүйенген кеңестік тарихнаманың қазақ халқын хан Кененің «меншігіне» балауында жатыр. Қайта керісінше, Ресей империясы қазақ елін отарлап, оны өзінің басыбайлы меншігіне айналдырған жоқ па? Ал, хан Кене оған заңды түрде қарсы шықты.
Екіншіден, Қазақ тарихында осы кезеңде отаршылдық езгіге қарсы тәуелсіздік жолында Кенесары Қасымұлы сияқты хан тұқымы басқарған, бүкіл қазақтың үш жүзін түгел қамтыған ірі азаттық көтерілісінің болуы – заңды, табиғи құбылыс та болатын. Бұл, алдымен, Ресей империясының экспанциялық-отаршылдық саясатының тереңдеуімен және сонымен бірге, қазақ елінің екі жақты (солтүстіктен – Ресей, оңтүстіктен – Қоқан, Хиуа хандықтары) отарлық езгіге түсіп, ел ретінде саяси дербестігінен мүлде айрылып бара жатқан ауыр кезеңімен байланысты. Ресейдің ұлы патшасы І Петр кезінде Қазақ еліне Азияға кіретін «кілт пен қақпа» ретінде жоғары маңыз берсе, кейін ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында Қазақстан «Орыс империясы тәжіндегі ең жарық бриллиантқа» айналды. Әсіресе, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында орыс-ағылшын бақталастығы барысында Ресей, Орта Азия хандықтары және Қытай арасында орналасқан Қазақстанның аса зор стратегиялық маңызы айқындала түскен-ді [6]. Ал экономикалық тұрғыдан, капиталистік қатынастар дами бастаған Ресей үшін қазақтың асты да, үсті де байлыққа толы кең-байтақ даласы және оның арзан шикізат көзі мен аса бай рынок ретіндегі ролі өлшеусіз өсе түскен болатын. Сондықтан осы кезеңде Ресей империясы Қазақстанды кең көлемде, қарқынды түрде отарлады.
Қазақ халқына әсіресе патша үкіметінің жер мәселесіндегі отаршылдық саясаты ауыр тиді. Қазақ жеріне ішкерелей қаптаған бекіністер салынып, халық ғасырлар бойы пайдаланып келген шұрайлы жерлерінен айрылып, шөлейтті, құнарсыз аймақтарға ығыстырылып жатты. «Ата-бабаларымыз бізге мұра етіп қалдырған, – деп жазды Кенесары патша үкіметіне жазған хатында – Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Оқият, Тоғызақ, және Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында бізден тартып алынып, оларға бекіністер салынды. Енді біздің жерімізді күн сайын басып алып, оған бекіністер салып жатыр. Сөйтіп халықты барынша ашындырып отыр. Бұл біздің болашағымызға ғана емес, тіпті қазіргі тіршілігімізге де үлкен қауіп туғызып отыр» [7]. Қазақ халқына орыс әскерлерінің талап-тонаушылық сойқанды шабуылдары да өте ауыр тиді. Өзінің бір хатында Кенесары патша өкімет орындарына былай деп жазады: «1825 жылдан 1840 жылға дейін олар (жазалаушы отрядтар) біздің ауылымызды да он бес рет шауып кетті. Сондықтан біздер, қазақтар, мұндай қысымға және кісі өлтірушілікке шыдай алмай, лажсыздан басымыздың ауған жағына көшіп жүрдік. Бірақ сөйтсек те бізге тыныштық бермеді… Сондықтан да мен Кенесары Қасымов қолға қару алып, ұлы күресті бастауға аттандым» [8]. Иә, бұл шынында да қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы ұлы күрес болатын.
Солтүстіктен Ресей отарласа, Қазақстанның оңтүстігін Қоқан, Хиуа хандықтары иеленіп, олар да қазақтарды аяусыз қанады. Осындай екі жақтан агрессиялық қысым туып, қазақ халқына өзінің саяси дербестігін біржолата жоғалту қаупі туғанда, тарих сахнасына хан Кененің шығуы, оның қазақ елінің болашағы үшін күресуі – заңды, солай болуы тиіс табиғи құбылыс болатын.
Үшіншіден, хан Кене бастаған қозғалыстың негізгі өзегі – ұлттық бірлік пен мемлекеттілік болып табылатындығында. Оның Исатай-Махамбет, Жоламан Тіленшіұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған т.б. ұлт-азаттық көтерілістерден басты ерекшелігі де осы саяси мақсатында жатыр. Егер 1836-1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы көтерілісте Махамбет ақынның өзі айтқандай, «Еділ үшін егесіп, Жайық үшін жандасып», «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермесе», яғни қазақ жері үшін және қазақ халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуды басты мақсат етсе, ал Кенесары күресінде оларға қоса, Абылай хан ұрпақтарының басшылығымен Тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру идеясы басты орынға көтерілді. Сондықтан да бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «…бас-басына босып жүрген қазақ рулары қанқұйлы көршілердің оңай олжасына айналатынын, сондықтан да қоғамның ұйысуы, қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру өмірлік қажеттілік екенін нақ Кенесары айқын түсінді. Кенесары ханның қазақ даласын біріктіру әрекеті әбден пісіп-жетілген болатын» [9] — деп баға береді.
Төртіншіден, хан Кене бастаған ұлт-азаттық күресіне әлемдік деңгейдегі ұлт-азаттық қозғалыстардың бірі ретінде баға берілуі қажет [10]. ХІХ ғасырда Ресей отаршылдығына қарсы имам Шәмілдің қозғалысы, поляктардың көтерілісі, Әндіжандағы халық толқуы болса, сонымен бірге әлемде Үндістан сыпайларының ағылшын отаршыларына, Абд-әл-Кадар бастаған алжир халқының француз отаршыларына қарсы, сондай-ақ Қытайда да ұлт-азаттық қозғалыстар жүріп жатты. Демек, хан Кене қозғалысы да әлемдік қозғалыстардың бірі, ол империализмге тән құбылыс – отар елдердің өз метрополиясына қарсы азаттық жолындағы бұлқынысы еді.
Бесіншіден, кеңестік тарихнамада хан Кене тұлғасына және оның күресіне берілген «халыққа қарсы», «орысқа қарсы» деген пікірлер қате әрі орынсыз. Қайта керісінше, хан Кене көтерілісі негізінен бүкілхалықтық сипаттағы қозғалыс болды. Егер Ресей отаршылдығына қарсы Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Жоламан Тіленшіұлы, Жанқожа Нұрмұхаммедұлы, Есет батыр, т.б. бастаған көтерілістер білгілі бір аумақпен тұйықталса, ал Кенесары көтерілісі бүкіл Қазақстанды қамтыды. Рас, хан Кене қайда барса, сол жердің халқы көтерілді, өзге аймақтағы күрес басылып қалып отырды. Дегенмен, оған бүкіл үш жүздің қазақтары белсене қатысқан қазақ даласындағы аса ірі көтеріліс болатын. Сондай-ақ бұл көтеріліске өзге ұлттардың да өкілдері, атап айтқанда, орыстар, поляктар, татарлар, башқұрттар, қарақалпақтар, түрікмендер, қырғыздар, өзбектер де қатысқан [11].
Ал, хан Кененің өзін қолдамай, оған қарсы тұрып, Ресейге қызмет еткен би-сұлтандарға келсек, онда мәселе басқа. Хан ондайларды ауылымен қоса шапқаны рас. Бірақ ол неге шапты, оған қандай баға беруге болады? Бұл сұраққа тек сол кездегі ушыққан тарихи жағдайды нақты бағамдай отырып және оған сол заманғы ұғым-түсінікпен қарағанда ғана дұрыс жауап табуға болады. Біріншіден, ол кезде Кенесары ханның үш бірдей майданда күресуіне тура келді: оның екеуі – қазақ елін теріскейден (Ресей империясы) және түскейден (Қоқан, Хиуа хандықтары) отарлаған сыртқы жау болса, үшіншісі – сол отаршылдарға қызмет еткен, ұлттық-мемлекеттік мүддеден гөрі өзінің жеке басының қамын жоғары қойған би-сұлтандар болатын. Қос бүйірден қысқан сыртқы жауға қарсы күш біріктірудің орнына, қайта өзіне қарсы шығуы, бүл әрине ұлттың бірлігі мен мемлекеттілігі үшін жан аямай арпалысып жүрген хан Кененің жанына қатты батты, оны ашындырды. Ал, ашу үстінде кейде қаттырақ кететін кездер де болады. Оның үстіне мәселе ел болашағы мен ұлттық мүддеге келіп тіреліп тұрса. Екіншіден, бытыраңқы, өзінің күнделікті тіршілігіне мықтап байлаулы, үлкен саясаттан алыс жатқан қарапайым халықты жалпыұлттық қарсылыққа күшпен тарту тек Кенесары қозғалысына ғана тән құбылыс емес. Осы мазмұндағы көріністерді, мәселен, Солтүстік Кавказдағы Шәміл бастаған қозғалыстан да байқаймыз [12]. Үшіншіден, халық сайлаған қазақтың ханы ретінде Кенесарының отаршылдарға құлшына берілген сатқын сұлтандарға, билерге өктемдік жасар жолы да, құқы да бар-ды. Қай мемлекет, қай заманда болмасын ұлттық-мемлекеттік мүддеге қарсы болған құбылыстарға еш аяушылық білдірмеген. Өйткені, ұлттық бірлік – кез-келген мемлекеттің басты саяси ұстанымы. Сондықтан сонау ел басына күн туған ауыр заманда ат үстіндегі хан Кененің кейбір өзіне ермеген би-шонжарларға деген ашу-ызасын, кейбір қызба әрекеттерін осымен түсіндіруге болатын шығар. Оның үстіне, төртіншіден, Ресей үкіметі қазақтың би-сұлтандарын Кенесарыға қарсы жиі айдап салып отырды. Қазақ пен қазақты, соңында қазақ пен туысқан қырғызды бір-біріне қарсы қойды. Бұл патша өкіметінің қазақ елін бағындырудағы ұстанған шебер тактикасы, отарлау саясатының ажырамас құрамдас бөлігі еді.
Келесі атап өтер мәселе, Кенесары қарапайым орыс халқына емес, орыс өкіметіне қарсы болды. Ол екеуінің жер мен көктей айырмашылығын әрине хан жақсы түсінді. Оған дәлел – Кенесары қозғалысына кейбір орыс халқының өкілдерінің де белсене қатысқандығы. Тарихшы-ғалым Е.Бекмахановтың еңбегінде Кенесарының өзінің ордасында болған және соғыста тұтқынға түскен орыстармен жақсы қатынаста болғаны жөнінде қызықты мәліметтер бар. Мысалы, Кенесарыда болған Семей приказчигі Уфимцевті хан «қолын беріп және басынан сүйіп» сәлемдесіп, екеуі сөйлескен, сырласқан. Оны бір апта бойы сыйлы қонақ етіп, құрметпен жіберген [13]. Хан Кененің ордасында болған барон У-р: «Кенесары қымбат бұхар кілемі жабылған үлкен сандықтың үстінде отырды. Мені көре салысымен, ол сандықтан тұрып, маған қол беріп сәлемдесті» — дей келіп, өзін жақсы күткенін айтады. «…Кенесары менімен жылы сөйлесті. Әр күні ол мені өзіне шақырып алып, ұзақ әңгімеге кірісетін. Бұл әңгімелердің негізгі мазмұны оның бұған дейін өзі жасаған шапқыншылықтарынан ақталу еді». Хан Кене оған сірә, Ресейге неге шабуыл жасағанын, оның себептерін түсіндірсе керек. «Біз тұтқында болған уақытта бізге қатал қараған жоқ» — деп жазады Кенесары тұтқынына түскен орыс солдаты Андрей Иванов, — «…Кенесары біздің қожайындарымыздан бізді дұрыстап тамақтандыруды талап етті және жәбірлеуге жол бермеді» [14]. Бұдан біз Кенесарының бұрын баға беріліп келгеніндей, қанішер, қатыгез еместігін, оның адамгершілігін, қарапайым халыққа, оның ішінде орыс халқына да қарсы болмағанын көреміз.
Алтыншыдан, Кенесары кеңестік дәуірде айтылып келгеніндей, «бүлікшіл сұлтан», «жыртқыш», «қарақшы» емес. Хан Кене әрдайым барлық ушыққан мәселені ақылға салып, келісіммен, дипломатиялық жолмен шешіп отыруға тырысқан. Көтеріліс басталардан алдын бірнеше рет және көтерілістің әр кезеңдерінде патша әкімшілігіне жиі хат жазып, оларға жағдайды түсіндіруге, істі бейбіт жолмен шешуге тырысып отырғаны белгілі. Мысалы, хан Кененің Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаковқа жолдаған хатында былай дейді: «Екі иеліктегі халықтың тыныш өмір сүруін қалайтынымды Сізге хабарлауды құрмет деп есептеймін, ал Сіз бұл күнде мені қол астыңыздағы халықты өзіне қаратып алуда деп күдіктенесіз, менің айтарым, қайта Сіз біздің атамыз Абылайға тиісті жерлерде округтік дуандар құрып, қырғыздардан (қазақтардан) баж салығын аласыз, олай болса, сіздер бізді қыспақта ұстап отырсыздар, ал біз бұған наразымыз және сіздердің қол астыңда салық төлеп өмір сүру мүмкін емес; мысалы, Ресейді басқа бір ел басқарса қалай болар еді, міне сондықтан бізді де түсініңіздер» [15]. Ресейге жазған тағы бір хатында ол: «Біз достық пен ынтымақта өмір сүрсек, қандай жақсы болар еді» [16] – деп армандайды. Мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Демек, Кенесары жәй әншейін «бүлікші», «қарақшы» емес, отаршыл мемлекеттермен арадағы мәселелерді дипломатиялық жолмен шешуге тырысқан ақылды мемлекет қайраткері.
Жетіншіден, Кенесары көтерілісінің соңындағы ең қайшылықты оқиға – хан Кененің қырғыздармен қатынасы мәселесіне дұрыс, обьективті баға берілуі және ол туысқан екі халықтың достығына ешқашан да сызат түсірмеуі қажет. Кенесары ханның 1847 жылы Қырғызстанға басып кіруі – оның күресінің ұлт-азаттық сипатын өзгертті. Бүкіл қырғыз халқын өзіне қарсы қойып алуы – Кене ханның үлкен қателігі еді. Бұл қателік оның өзінің де өмірін қиды. Оның мұндай қателікке ұрынуының себептері қандай еді? Біріншіден, хан Кене Жетісуға келгенде, ол әрине қырғыздармен соғыс болатынын мүлде ойлаған жоқ-ты. Оның мақсаты – оңтүстікке көшкенде азайып қалған әскерін Ұлы жүз қазақтарымен толықтырып және бауырлас қырғыз халқымен одақтасып (олар толықтай Қоқан езгісінде болатын), ортақ жау – Қоқанға қарсы күресіп, одан азаттық алу еді. Қырғыз тарихшысы Сыдықов «Қырғызстан тарихы» атты кітабында: «Қазақ ханы Кенесары Ормонға өзінің өкілін жіберіп, ортақ жауға қарсы бірігіп күресу үшін қырғыз, қазақ болып күш қосуды өтінді» [17] — жазады. Өкінішке қарай, Ресей мен Қоқан арасында сатқындық саясат ұстанған қырғыздың Ормон, Жантай бастаған манаптары Кенесарының өтінішін қабыл алмай, қайта қырғыз халқын оған қарсы айдап салады. Кене хан арада болған кішігірім қақтығыстарды бітім жасап, бейбіт жолмен шешуге қанша тырысқанымен, ол жүзеге аспады: бітім артынша қырғыз манаптары тарапынан бұзылушылықпен, қазақ батыры Саурықтың ауылын шауып, оны өлтірумен аяқталды. Сондықтан хан Кене ақылға емес, ашуға бой алдырды, ол қырғыз еліне басып кірді. Екіншіден, патша өкіметі Жетісуға генерал Вишневский бастаған әскер жіберіп, Ұлы жүз қазақтарын және қырғыз халқын, оның манаптарын Кенесарыға қарсы соғысуға үгіттеді. Сөйтіп, қазақ пен қырғыздың арасына от тастады. Қоқандықтар да қырғыз манаптарын Кенесарыға қарсы айдап салды. Ресей мен Қоқанның бұл зымиян саясаты өз «жемісін» берді. Үшіншіден, Ресей империясымен он жыл бойы тынымсыз соғысып, оған елі мен жерін алдыра да қалдыра келіп, ақырында жеңіліс табуы – оның жүйкесіне әсер етуі табиғи. Болашақтан күдері үзіле бастаған хан Кене терең рухани дағдарысқа түсіп, өмірден түңілген, тығырыққа тірелгендей болды. Осы жағдайлар хан Кененің бағытынан жаңылдырды және оның өмірін қиды.
Қорыта келгенде, Кенесары Қасымұлы – кейбір қайшылықтарына қарамастан, сөз жоқ, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі. 1837-1847 жылдардағы Хан Кене басқарған ұлт-азаттық көтеріліс – тарихи маңызы зор, Отан тарихының төрінен орын алатын, әлем тарихынан да өзінің орнын табуға тиісті даңқты оқиғалардың бірі. Өйткені, адамзат баласының ең асыл құндылықтарының бірі – тәуелсіздік пен азаттық десек, хан Кене бастаған бұл көтеріліс сол тәуелсіздік пен азаттық жолындағы қазақ халқының ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы көтерілістерінің ішіндегі ең шоқтығы биік, ең табанды, ең ірі және жалпыхалықтық сипаттағы күресі болатын. Бұл оқиға ел тәуелсіздігі мен ұлт болашағы жолындағы күресте қазақ халқының, тіпті барлық түркі тілдес халықтардың өзара бірлігі мен ынтымағы ғана жеңіске жеткізе алатындығын көрсетті.
Резюме
В статье рассматривается историческое значение национально-освободительной борьбы, возглавлявщий Кенесары Касымулы, о котором искаженно писали в советско-тоталитарный период, а также место Кенесары хана в истории Казахстана
Summary
In this article the historical importance of national — liberation struggle, being at the head Kenesary Kasymuly which distored wrote in soviet time and the place of Kenesary khan in the history of Kazakhstan.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Қазақ ССР тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық, 3 том. -Алматы: «Ғылым», 1982. -174-180 бб.
2 Қазақ-совет энциклопедиясы. 12 томдық. 5 том. -Алматы: ҚСЭ, 1974. -367 б.
3 Қараңыз: Қасымбаев Ж. Кенесары хан. -Алматы: «Қазақстан», 1993; Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пиеса дастандар. -Алматы: «Жалын», 1993; Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. -Алматы: «Қазақстан», 1994. -99-115 бб.; Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. — Алматы: «Жалын», 2004, -77-92 бб.
4 Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. -Алматы: «Санат», 1994. -186 б.
5 Қазақ ССР тарихы. -174 б.
- Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. — Алматы: «Жалын», 2004. -83 бб.
7 Бекмаханов Е. Көрсетілген еңбек. -223 б.
8 Аманжолов К. Түркі халықтарының тарихы. 3-кітап. -Алматы: «Білім», 1999. -102 б.
9 Назарбаев Н.Ә. Тарих тағылымдары және қазіргі заман. (ҚР Тәуелсіздігінің 5 жылдығына арналған салтанатты жиналыста жасаған баяндама) -Алматы: «Қазақстан», 1997. -14 б.
10 Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. -Алматы: «Қазақстан», 1994. -102 б.
11 Бекмаханов Е. Көрсетілген еңбек. -198-199 бб.
12 Қойгелдиев М. Көрсетілген еңбек. -87 б.
13 Бекмаханов Е. Көрсетілген еңбек. -220-221 бб.
14 Сонда. -222 б.
15 Сонда. -234-235 бб.
16 Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пиеса дастандар. -Алматы: «Жалын», 1993. 256 б.
17 Бекмаханов Е. Көрсетілген еңбек. -328 б.