«Журналистика — күнделікті өмірдің жаршысы». Сондықтан журналистика әр кезде өз биігінен көрінеді. Кеңес үкіметі тұсында цензураның мысы қатты болды. Ол кездегі қаламгерлер саясат, экономика жөнінде өткір мақалалар жаза алмады. Сондықтан қаламгерлер өнер мен мәдениет тақырыбын азық еткенді. Ал қазір жағдай мүлде басқаша. Қоғам алмасқанда журналистиканың баяғы деңгейінің артта қалғанына көзіміз жетіп отыр.
Қазіргі қазақ журналистикасының деңгейі қандай?-деген сұраққа жауап беретін болсақ- қазіргі қазақ журналистикасы еркіндіктің босағасында, оның өзінің деңгейі мен дәрежесі бар. Кез-келген тақырыпта, кез келген мәселеге қалам тарта алады. Ол баспасөздің, Бақ құралдарының еркіндігі десек те болады. Бірақ дей тұрғанмен қазақ журналистикасының жолын дамыту бар да, және жас журналистерді дайындау проблемалары бар.
Жас журналистерді дайындау мәселесіне тоқталатын болсақ:
Қазақ журналистикасы соңғы 15 жыл ішінде коммунистік жүйеден демократиялық бағыттағы БАҚ саласын қалыптастыруға бет бұрып, едәуір нәтижелерге қол жеткізді. Демократиялық реформалардың тереңдей түскен, әлемнің жоғары дамыған 50 елінің қатарына қосылу міндеті алға қойылып отырған және ақпараттық кеңістікте бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажеттілігі туындаған қазіргідей күрделі де жауапты кезеңде БАҚ-да жұмыс істейтін мамандарды даярлау ісіне әдістемелік тұрғыдан шұғыл бетбұрыстың жасалуы талап етіліп отыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің соңғы мәліметіне қарағанда, бүгінде Қазақстаннның 26 университетінде журналист мамандарын даярлайтын факультет пен бөлімдер жұмыс істейді екен. Сондай-ақ, министрлікте ресми тіркелген БАҚ саны 7000-нан асып кеткен. Олардың әзірше 2500-і нақты жұмыс істейді. Ал, барлық БАҚ-тың 12 пайызы ғана үкіметтік көрінеді. Олай болса, алдағы уақытта жоғарыда аталған 26 оқу орнының бәрінде де, ондаған жылдар бойы қолданылып келген, ішінара әлі де өз күшін жоя қоймаған кеңестік жүйесінің көне тәсілдерінен түбегейлі бас тартып, әлемдік стандарт үлгілерін қабылдағаннан басқа жол жоқ. Себебі, қазірдің өзінде білікті медиа-бизнесмендердің, БАҚ саласы менеджерлерінің жоқтығынан еліміз баспасөзі нарығында жарнаманың 49 пайызын ресейліктер иемденіп отыр. Осыншама табыстан көпе-көрінеу айырылып отыруымыздың өзі медиа-бизнеске бейімделген мамандардың жеткіліксіздігінде болса керек. Диплом алып жатқан мамандар көп болғанымен, оның бәрі БАҚ талаптарын қанағаттандырмайтыны да рас. Сондықтан, батыстық, америкалық озық тәжірибеге сүйенсек, ұтылмайтынымыз анық. Білім берудің батыстық үлгісінің озық болуының мәні мынада:
l журналистік білім беру ісінде тәжірибеге басымдық беретіндігінде;
l студенттің өз бетімен еңбек етуіне, шығармашылық еркін ой мен іскерлік қабілеттілігін дамытуларына қолайлы жағдай тудыратындығында.
Алайда, журналистік жоғары білім берудің әлемдік стандарттарын жүзеге асыруда елеулі қиындықтар бар. Ең алдымен жоо-ның материалдық базасының сын көтермейтінін атап айтуға тиіспіз. Әлемнің жоғары дамыған өркениетті елдерінде “студенттің санынан компьютердің саны асып түскен жағдайда” ғана талапқа сай деп танылады. Біздің елде бұл көрсеткіш өте төмен. Студенттерді айтпағанның өзінде, оқытушылар үшін кафедрада екі компьютер болса, соны да қанағат етуге мәжбүр. Оның сыртында көптеген университет ректорлары журналистика мамандығының өзіндік ерекшеліктері мен маңыздылығына айтарлықтай мән бермейді де. Соның салдарынан тәуелсіздік жылдарында ашылған кафедраларда журналистика саласы бойынша білім беруді қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімін даярлаудың деңгейінде ғана қарастырды. Тіпті, жасырмай айтқанда, журналистика мен филологияны айыра білмейтіндер де баршылық. Олар қоғамда БАҚ-тың, журналистиканың рөлінің барған сайын өсіп келе жатқандығымен, оның демократиялық зайырлы қоғамда “төртінші биліктің” дәрежесіне көтерілетін ықпалымен, қазіргі жаһандану кезеңінде ақпараттық майданда ашық “соғыстың” басталғанымен, оның өзі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бір бөлігі екендігімен санаса бермейді. Сонымен қатар, жергілікті университеттердің журналистика кафедраларында білікті мамандар жеткіліксіз. Ал, кейбір мамандар жеткілікті оқу орындарының өзінде журналистика кафедраларын өзге саланың адамдарына, көбінесе журналистиканың теориясы мен практикасынан бейхабар адамдарға басқартып қоюы жоғарыда айтқан ойды нақтылай түседі.
Мұндай жағдайда не істеу керек? Әрине, студенттердің өз бетімен жеке ізденулері арқылы олқылықтардың орнын толтыруға тырысудан өзге амал жоқ. Оның ең бір тиімді түрі – сапалы оқулықтар мен журналистика саласы бойынша жарыққа шығарылған ғылыми-зерттеу еңбектерді білім беру ісіне кеңінен тиімді пайдалану. Әсіресе, студент жастардың журналистика теориясы мен тарихының іргелі туындыларымен етене танысуларына, зерттеп, зерделеулеріне аса ден қою қажет болады. Себебі, олар университет қабырғасында жүргенде оқулықтар мен оқу құралдарын қазіргі заман талаптарымен байланыстырып пайдалануға дағдыланбаса, ертеңгі күні БАҚ-қа барған соң әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді қорытуға қабілетсіз болмақ. Шын мәнінде, ғылыми-зерттеу, талдау-сараптау тәсілдерін ерте меңгерген журналистер көбінесе БАҚ саласында өз қабілеттіліктерін тез таныта алады.
Журналистиканың зерттеу материалдарының түп нұсқаларын жалпылама түрде ішкі және сыртқы деген екі объектіге бөлуге болады. Жаһандану дәуірінде өз деңгейімізді әлемдік үрдіспен салыстыру, өзіміздің қай тұста жүргенімізді бажайлау, өзгелерден үйрену міндетті түрде қажет етіледі. Оның сыртында, сыңаржақ идеологияның құрсауынан құтылған Қазақстан бүгінде сыртқы әлемге өз болмысымен танылды, ашық қоғамға қадам басумен қатар көптеген игі бастамаларға да мүмкіндік ашып отыр. Қазіргі таңда әлемнің кез келген елінің кітап-құралдарын интернет желісі арқылы пайдалануға, білім беру әдістемелерімен танысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, қазақ журналистикасы да өзінің даму кезеңдерінде сан қилы зерттеу туындыларын жарыққа шығарды.
Алайда, көп жағдайда журналист ғалымдар өздері зерттеген салалары бойынша ғана оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеп шығарумен шектеліп жүр. Журналистиканың теориясы, баспасөз дизайны, журналистика менеджменті, тележурналистика теориясы мен тәжірибесі, медиабизнес, фотожурналистика, БАҚ заңдары мен құқық негіздері секілді көптеген салалар бойынша оқулықтарды айтпағанның өзінде ғылыми мақалалардың өзі өте сирек кездеседі. Оның өзіндік себептері бар. Айталық: оқу процесіне күнделікті араласып жүрген ғалымдардың оқулық жазып әзірлеуге уақыттары жоқ; оқулық жазуға ниеттенген авторларға көрсетілетін қолдау жоқ, атап айтқанда, жазған еңбегі үшін қаламақы төленбейді, өндірістен қол үзіп шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасалмайды; жазған оқулықтары мен оқу құралдары университеттердің баспаханаларында көп уақыт кезек күтіп, кешігіп жатады.
Сондай-ақ, ғылыми кеңестер тақырып бекіткен тұста ең өзекті әрі зерттелмей жатқан тың салаларға жіті көңіл бөлмейді. Бір кездері баспасөз тарихына көбірек ден қойған болса, бүгінде “пәленшекеңнің публицистикасы”, “түгеншекеңнің редакторлығы” секілді қамтитын аясы тар, маңызы төмен тақырыптармен тым ұсақталып кетті. Сондықтан, алдағы уақытта журналистика мамандығы бойынша магистранттар мен докторанттарды қабылдағанда, олардың тақырыптарының өзектілігіне жіті көңіл бөлінуі аса қажет.
Аталмыш жайлардың бәрі де болашақ журналистерді сапалы әрі қажетті оқулықтармен қамтамасыз етуге елеулі кедергі келтіріп отыр. Бүгінде журналистика теориясының тұжырымдамалары мен практикалық қызметтерінің тәсілдерін реформалау қажеттіліктері туындап отырғанда ескі жүйе тұсында жарық көрген оқулықтармен студенттерді алдарқату қисынсыз. Кеңес одағы тұсында жарық көрген, бір идеологияның тар шеңберінде тұншықтырылған, әлемдік озық ойдан алшақ, көбінесе компартияның кезекті съездері мен пленумдарының шешімдерінен ұзын сонар сілтемелер жасалған, құрғақ уағыздардан тұратын оқу құралдары мен әдебиеттерді қазіргі жастардың талғамдарына сай келеді деуге еш негіз жоқ. Сөйте тұра, оған балама оқулықтар ана тілімізде жасалып үлгермегендіктен жоо-ның көп лекторлары сол оқулықтарды немесе Ресейдің әдебиеттерін қолдануға мәжбүр болып жүр.
Журналистика мамандығына арналған оқулықтардың жалпы мазмұнының өзі студенттердің шығармашылық ой өрістерін кеңейтуге, сөйлеу және жазу мәдениеттерін арттыруларына ықпал етерліктей, оларды ақпарат алу жолындағы алғырлыққа, батылдыққа баулитындай бағытта және жалпы базалық білім беретін пәндермен сабақтасарлықтай болуға тиіс. Оның сыртында журналистика бөлімдеріне сөйлеу және қарым-қатынас мәдениеті, кәсіби этика, эстетика, әлеуметтік психология, саясаттану, экономика, құқықтану секілді пәндердің сапалы оқытылуына айырықша назар аударылуымен қатар, журналистерді дәл осы салалардың базасында даярлау қажет деп білеміз. Журналист-құқықтанушы, журналист-экономист, журналист-саясаттанушы, журналист-бағдарламашы, т.с.с. қос мамандық бойынша даярласа, тіпті тиімді болар еді.
Тәуелсіздік жылдарында жарық көрген оқулықтардың көбінен тәжірибелік іс қызметке қажет ақыл-кеңестерді, бүгінгі БАҚ тыныс-тіршілігінен жанды мысалдар мен жан-жақты мол мағлұматтар беретін тың ізденістердің ізін өте аз көреміз. Сондықтан, жоо-дағы әріптестеріміз Ресей оқулықтарына ғана бір жақты сүйеніп келеді. Осы орайда АҚШ журналистикасының тәжірибелік іс қызметке бейімделген, қысқа да нұсқа, күрделі ұғымдардың өзін қарапайым тәсілмен ұтымды түсіндірген, көңілге қонымды әрі тартымды оқулықтарын аударып, қолданысқа енгізудің аса пайдалы екендігін атап айту ләзім.
Журналистика саласы бойынша отандық ғалымдарымыз бен әдіскерлеріміздің туындылары баршылық. Оны жоққа шығарудан аулақпыз. Алайда, олардың бастырған оқулықтарының таралымы аз болғандықтан, бір ғана оқу орнының аясынан шыға алмайды, өзге әріптестерге жетпейді. Сонымен қатар, журналистика саласы бойынша шығарылған оқулықтарға, кітаптарға, әдістемелік еңбектерге рецензиялар жазылмайды, талдаулар жасалмайды, мерзімді баспасөз арқылы насихатталмайды.
Қазақ журналистикасының жай- күйі
1991 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік алған күндері еліміз үшін қайталанбас ерекше сезім, рухани екпін, халықтың үлкен серпілісін туғызды.Сол серпілістің өзі Қазақстанда сәл ертерек басталған секілді. Әуелі Кеңестік одақтың тұсындағы 1986 жылы орталықтың шешімімен келіспеген қазақ жастарының алаңға шығуы – рухани жаңғырудың алғашқы көрінісі іспеттес. Шындығында да Кеңестер одағы бойынша қазақ жастарын алаңға алып шыққан ол күш одақты ыдыратуды алдына мақсат етіп қоймаған болатын. Ол кезде бұрынғы мемлекет күйрейді-ау деген ой ешкімде де жоқ. Дегенмен де, желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтының өзін-өзі тану дәрежесінің кемелденген тұсы екендігін көрсетті. Мұндағы басын ашып айтатын мәселе — алаңға шығу ұлтаралық араздыққа да бағытталмаған болатын. Бірақ, Орталық биліктің қазақ елінің мүддесімен санаспауы ұлт жастарының наразылығын көтерді. Ал, содан кейінгі кезеңдердегі бүкіл одақ бойынша орын алған қоғамдық толқулар осы қазақ жерінен бастау алды десек қателеспейміз.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдардың соңы 90-шы жылдардың басы жер-жерде рухани бостандыққа ұмтылыстың кезеңі болды. 1990 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесі егемендік туралы Декларация қабылдады.
Осы секілді қозғалыстардың барлығы жаңа бір рухани сезімнің көтерілуіне әсер етті. Мұнда бұқаралық ақпарат құралдарының атқарған рөлі де зор деп есептеймін. Бұрын бір ғана партияның, идеологияның нұсқауымен жүрген ақпарат құралдары «бұғаудан босаған» күйін сезінді. Ал, осы саладағы қазақ журналистикасына келетін болсақ, әңгіме мүлдем жан тебірентерліктей. Қазақ журналистикасы рухани бостандыққа қол жеткізді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірден елді жаңа еркін, өскін даму бағытына бастады.
1992 жылдың қазан айында жаңадан құрылып жатқан ТМД елдерінің арасында тұңғыш рет біздің, Қазақстанның бастамашылығымен ЮНЕСКО шеңберінде Тәуелсіз басылымдардың халықаралық конференциясын біздің Үкімет пен ЮНЕСКО бірлесіп өткізді. Оған дүниежүзінің 60-тан астам елінен 200-ге жуық тәуелсіз басылым өкілдері, белгілі халықаралық журналистер келді. Конференцияда бұрынғы тоталитарлық жүйені, партияны ашық сынаумен бірге демократиялық құндылықтарды насихаттау, әділ, еркін жазу мәселелері кеңінен сөз болды.
Қазақ журналистикасы үшін де бұл бір жаңа кезең еді. Бұрын әрбір аудандық газетке дейінгі басылымдар Мәскеудің бақылауында тұрды. Мәскеудің рұқсатынсыз газет-жүрнал шықпайтын. Аудандық газет ашу үшін де сол ауданда қанша халық тұрады, оның ұлттық құрамы, тілі, баспасөздің бағыты, тек Мәскеуде дәлелденіп, оның шешімі шыққаннан кейін ғана жүзеге асатын еді. Кеңес ыдырағаннан соң, жаңа басылымдар, оның ішінде қазақ сөзі жариялылыққа бұрқақтай екпінмен өрістеді. Сөз бостандығы еркін көсілді. Сол алғашқы кезеңнің өзі біздегі қазақ журналистикасының туындап, тұрақтануының жаңа бір серпіндік кезеңі болды.
Әлемдегі барлық дамыған, демократиялық елдерде біз ойлағандай, бәрі жатық емес. Демократиялық принциптерге сүйеніп айтатын мәселелер бар және айтылмайтын жабық тақырыптар бар. Ол тақырыптар неге жабық? Өйткені мемлекеттің дербестігіне, ұлттық идеологияға зиянын тигізетін демократия, сол елдің жауларынан басқа ешкімге керек емес.
Идеологияның өзі қауымдасып жасалатын жұмыс. Ұлттық идеологиямызды халықтың санасына сыналайтын негізгі құрал – қазақ тілді басылымдар мен теле-радио. Солар арқылы қоғамымыздың озық ойлы азаматтары пікірлерін халыққа жеткізеді, идеяларын ортаға салады. Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары орыс тілділерден деңгейі төмендеу болып, осалдау шығып жатыр деген ойлар да бар. Шет ел ақпарат құралдарының өзгешеліктеріне, кәсіби деңгейіне назар аударатын болсақ, салыстырмалы түрде алып қарағанда, қазақ журналистикасының олардың қасында деңгейі қандай деген сұрақ туындайды.
Республикадағы орыс тілді басылымдарды, телерадионы қарап отырсаңыз, ондағы ақпараттар, проблемалар қазақ тілді ақпарат құралдарына қарағанда, өткірлеу берілетін сияқты болып көрінеді. Оған қарап «қазақ журналистикасының деңгейі төмен екен» деп ойлауға болмайды. Осы уақытқа дейін «қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарында басшыларға сын, мін айтылмайды» деп келді. Бірақ қазіргі қазақ тілді басылымдардағы сын мақалалар орыс тілді басылымдардан басымырақ түсіп жатыр. Өйткені қазақ тілінде берілетін сын материалдардың айырмашылығы бар. Ол қандай? Бізде, Шығыста «мақтамен бауыздау» деген ұғым бар. Оны басқа тілге аударып жеткізе алмайсың. Бұл – тікелей төбеден қойып қалатын орыс тіліндегі ақпарат құралдарындағы сын емес, одан әлдеқайда тиімді тәсіл. Қазақ журналистикасында да «тіліп, тұз құйып» тұрып сынайтын сәттер болады. Бұл енді – қазақтың табиғатына жат, соңғы шара. Ал енді журналистиканың ең бір биік, өрелі де тиімді жолы – емеурінмен айту, тұспалдап жеткізу. «Өнер алды – қызыл тіл» деп аталарымыз сөз өнерін алға қойған. Сөзді айқайламай-ақ айтып, жетесіне жеткізуге болады және бұл өтімдірек. Баяғыдағы билеріміз, шешен даналарымыз сөздерін емеурінмен-ақ өткізіп, үлкен мәселелерді шешіп отырған. Одан бертінде Ілиястың, Бейімбеттің «мақтамен бауыздаған» қаншама фельетондары жарық көрді. Журналистикадағы осындай тәсілдерді ысырып қойып, бірден бас салып «сен – итсің!» деп тікелей шабуылға көшсек, одан әрі шарамыз таусылады. Соңғы сөзімізді айтып салып қарап отырғанымыз дәрменсіздік, бейшаралық болар еді. Қазақ журналистикасының шоқтығын биіктететін тағы бір артықшылығы бар. Ол – қазақ журналистикасындағы шығармашылық. Орыс тілінде бұл – аз. Тек орыс тілінде ғана емес, жалпы шет ел журналистикасына тән нәрсе – олар жазғанда тілдің көркемдік сипатын аз пайдаланады. Мысалға, ағылшын тілін алайық. Бұл тілді қаншама ұлт қолданғандықтан, ол өзінің әдемі ажарынан ажыраған, көркемдігінен айырылған. Сөйтіп, ағылшын тілі тек қана «бар-кел, отыр-тұр» деген сияқты тура мағынаны беретін табиғи сипатында ғана қалды. «Қор болған қайран Шекспирдің тілі-ай» деп ағылшындардың күйзелетіні содан. Өйткені бұл тіл неғұрлым тарала түскен сайын, соғұрлым солғын тартып, ажарын жоғалтуда. Ал қазақ журналистикасында қандай жанр болсын, көркемдеп беру тәсілі міндетті түрде көрініп тұрады және астарлап айтылатын тұстары болады. Бұл біздің журналистиканың әдемі ерекшелігі. Көркемдік жағына келгенде, қазақ журналистикасы орыс басылымдарынан әлдеқайда басым. Бірақ қазақ журналистері кейбір кездерде көркемдікті қуалаймын деп, нақты айтылатын проблемалардан ауытқып кетіп жатады. Бұл енді – жекелеген тілшілерге тағылатын мін. Қалай болғанда да «қазақ журналистикасы орыс тілді ақпарат құралдарынан кемшін түсіп жатыр» деген сөзге келіспеуге болатын сияқты. Дәл қазіргі қазақ журналистикасы барлық жағынан да сапалы, сауатты.
Тағы да ауыз толтырып айта кететін жайт- журналистикада сөз бостандығы, демократия жайлы мәселелер қай уақытта болмасын негізгі бақыланатын жұмыстың өзегі.
«Сөз бостандығы шексіз емес. Ол – табындыратын да, талқандайтын да қуатты күш», — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде осылай деп еді. Ендеше, біз осы «қуатты күшті» қазақ журналистикасы дұрыс пайдаланып жатыр ма деген сұрақ туындайды. Жалпы сөз бостандығы туралы сөз қозғалған жерде сөз бостандығы бар деген сөз. «Сөз бостандығы жетпей жатыр», деп пікір айтудың өзі бостандықты көрсетеді.
Кезінде Наполеон: «Журналистер – күңкілдек, сыншы әрі кеңесші. Олар басшыларды да өз ықпалында ұстайды және халыққа да бағыт-бағдар көрсетеді. Мың жау әскерінен гөрі, жат пиғылды төрт газеттен көбірек қорқу керек», — деген екен. — Француз халқына қарап отырсаңыз бұл халықтың өзі революцияшыл ел. Наполеонның айтқаны да ұмытылмай келген қанатты сөз. Ал қазақ айтады «Сөз бас жарады, бас жармаса тас жарады». Яғани қазақ БАҚ-құралдарында да демократияның ұшқыны бар десек те болады.