Қазіргі картография – ежелгі немесе осыдан 30 жыл бұрынғы қолданылу мақсатын түбегейлі өзгертті. Ежелгі Египетте, антикалық Грекияда және Рим тәрізді басқа да өркениет ошақтарында карталар бойынша арақашықтықтар мен аудан табудың қарапайым тәсілдері қолданыла бастады. Алғашқы адамдар өздерінің жүріп өткен жолында мол азық қорлары бар аумақтарды байқаса, келесі жолы осы орынды адаспай табу мақсатында ағаштардың қабықтарына әр түрлі таңбалармен шартты белгілер тастап отырған. Алғашқы қолданысы жол бағдарлаудан басталған карта тарихы орта ғасырларда, әсіресе Ұлы географиялық ашулар кезеңінде жиһангез-саяхатшылар үшін жаңа жерлер мен байлықтарды игеруде таптырмас құрал болды.
Қазір картография ғылымы жаңа заманауи технологиялар мен бағдарламалардың пайда болуымен өзінің зерттеулеріне ғарыштан түсірілген әуесуреттерді, сондай-ақ сандық карталар жасуға мүмкіндік ашқан әртүрлі компьютерлік бағдарламаларды қолдануда.
Осы жұмыста картография ұғымы мен оның қалыптасу тарихына, картография ғылымының бүгінгі міндеті мен іске асыру тетіктері қарастырылған. Сондай-ақ, тақырыпқа сай, өз еліміздегі картография ілімінің тарихы мен қалыптасу жолы сипатталып, оның даму мүмкіндіктері мен осы саладағы кейбір мәселелерді шешу жолдары көрсетіледі.
Курстық жұмысты жазу барысында әр түрлі әдебиеттер мен әлемдік ғаламтор желісінің мәліметтері пайдаланылды.
“Картография” ұғымы
Картаны пайдалану – картографиялық өнімдерді (карта, глобус, атлас, т.б.) тәжірибелік, ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу салаларында, оның ерекшеліктері мен бағыттарын үйрететін картографиялық өнімдермен жұмыс істеу әдістері жасалатын, алынған нәтижелердің сенімділігі мен ықпал ету деңгейіне баға берілетін картографияның бір бөлімі.
Ерте заманнан қазіргі күнге дейін карталар жергілікті жердің бағдары мен теңіз және құрлық үсті маршрут-сызбаларын анықтауда қолданылып келсе, бүгінгі күнде карталар ғарыш пен әуе бассейніндегі навигациялық қызметті атқаруда. Карталарды Жер мен қоғам туралы білімді беруде, инженерлік құрылысты жобалау құжаттарында, өнеркәсіп, ауылшаруашылық нысандары мен қалалар және басқа да елді-мекендерді орналастыруды жоспарлауда кеңінен қолданылады. [7]
Картография – табиғат пен қоғамның құбылыстарын географиялық карта мен басқа да картографиялық өнімдерді кескіндеу және оларды құрастыру, пайдалану әдістерін зерттейтін ғылым. Әрбір географиялық картаның өзіндік атқаратын қызметі болады. Оны білім мен өндірістің белгілі бір салаларындағы мамандар, туристік-танымдық жорық жетекшілері, оқушылар білім мен маңызды ақпарат көзі ретінде қолданады. Картаны құрастырушылар кескіндейтін аумақты терең зерттеп, оқып үйренген сайын сол аумақта орналасқан нысандар мен құбылыстардың ерекшеліктерін айқындап, ашып көрсетеді. Картография құрылымы жағынан күрделі пәндер жүйесін құрайды, оның маңызды құрамды бөліктеріне – картатану, картографиялық ақпараттану, математикалық картография мен картометрия, сондай-ақ картаны жобалау мен құрастыру, безендіру, жасау және пайдалану әдістемесі кіреді. [7]
Карталардың көмегімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын, қоршаған ортаны қорғау мен қалпына келтіру іс-шараларын, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануды жобалайды. Карта әскери өмірде де қолданылады, әрі ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де маңызға ие. Картографиялау үдерісінің өзінде де карталар жаңа өнім жасаудың негізі мен бастауы болып табылады. Картографияның міндеті ретінде осыған дейін тек картаны құрастыру қарастырылып келсе, ХХ ғасырдың ортасынан бастап, оны пайдалану маңыздылыққа ие болып отыр. Мемлекеттік стандарттар мен энциклопедиялық басылымдарда, оқулықтар мен сөздіктерде «Картография –карта жасау мен пайдаланудың өндірісі мен ғылыми саласы»,-деген ұғыммен түсіндіріледі. Ғылым мен тәжірибеде картографиялық зерттеу әдістері алуан түрлі. Ол көптеген теориялық ізденістердің ажырамас бөлігі. Тіпті карталар Жер мен қоғам туралы ілімдердің тірек негізіне айналып үлгерді. Картографиялық әдістер физикалық география, геология, геофизика, әлеуметтану, экономика және тарих ғылымдарында кеңінен қолданыс табуда.
Карталарды таным құралы ретінде пайдалану жаңа экология, медициналық география, салыстырмалы ғаламтану (планетология) тәрізді ғылым салалаларының дамуына мүмкіндік берді. Картографиялық әдістер халық шаруашылығының нысандарын жобалау-жоспарлау жұмыстарына қатысты маңызды шешім шығаруда, аумақтық-өндірістік кешенді дамытуда, табиғатты қорғауда қызмет етуде. [7]
Картографиялық зерттеу әдістерін қолданушы маман картограф картаны еркін «оқуға», құрастыру ұстанымдары мен бейнелеу және әзірлеу технологияларының тәсілдерін білуге міндетті. Сонымен қатар, ол модель түрінде карта бетіндегі бар дүниені ұсына білуі әрі осы туралы ақпарат бере білуі тиіс. Ең маңыздысы, картограф өнімін тұтынушының картаны пайдалана отырып, картографиялық бейнені өңдеуде қолданған амалдардан адаспай, жақсы бағдар алуы, оның мүмкіншіліктері мен шектерін айыра білуі, картадан алынған мәліметтердің сенімділігіне қатысты түсінігінің болуы тиіс. [5]
Картатану – географиялық карта мен оның түрлері, қасиеті мен элементтері, даму тарихы пайдалану әдістемелерін зерттейді. Математикалық картография – жер беті мен ғылымдағы аспан денелерін жазықтықта кескіндеудің математикалық әдістерін зерттейді. Картографиялық ақпараттану – картаны жүйелеу және оларды талдау, бағалау, сақтау тарату мәселелерін қарастырады. Картометрия – картадағы әр түрлі географиялық нысандардың сандық сипатының мазмұнын айқындайтын картографияның құрамдас бөлігі. Картаны безендіру – картаны көркем және графиктік безендірудің әдістері мен құралдарын жасап, оны басып шығаруға әзірлеуді оқып үйретеді. Топография – географиялық және геометриялық әдістерді пайдалана отырып, жергілікті жерді оқып үйрену негізінде ірі масштабты карталарды құру жолдарын зерттейді.
Картографияның басқа ғылымдармен байланысы өте кең. Мәселен, қоғамдық ғылымдар ішінде, тарих, экономикалық география; жаратылыстану ғылымдарының ішінде, физикалық география, ландшафтану, геология, климатология, топырақтану, өсімдіктану, жануартану салаларымен байланысты. Астрономиялық, геодезиялық өлшеу жұмыстарының нәтижесінде картография жердің пішіні мен мөлшері, ауданы, белгілі бір нүктенің географиялық орны туралы ақпарат алу мүмкіндігіне ие болды.
Картографияның міндеті – халықты шаруашылық пен мәдени қажеттілігін өтейтін заман талабына сай, сапасы жоғары географиялық карталар мен атластар, глобустар және басқа да картографиялық өнімдермен қамтамасыз ету.
Географиялық карталар еліміздің аумағын қамтып,табиғатын қайта түлетіп, шаруашылықты дамытуға қажетті ақпараттар сақтаған қуатты құрал болып табылады. Картография және топография негіздері курсын оқытудың мақсаты картографияның ғылыми негізі болып саналатын картатану, математикалық картография, картометрия және топографияның теориялық негіздерімен таныстыру арқылы студенттердің географиялық картаны біліп, түсініп оқи білу дағдыларын қалыптастыру.
Карта пайдаланудың қысқаша тарихы
Алғашқы қауымдық құрылыс қоғамында-ақ, картографиялық суреттер жазу пайда болғанға дейінгі ұзақ уақытта кеңістікті бағдарлау және нысандар мен заттардың қоршаған ортада орналасуын түсіну үшін қызмет етті. Ежелгі Египетте, антикалық Грекия мен Рим тәрізді басқа да өркениет ошақтарында карталар бойынша арақашықтықтар мен аудан табудың қарапайым тәсілдері қолданыла бастады. Картада бейнеленген нысандардың пішіндері мен бағдарлауы бағаланды, өлшемдері табылды. Орта ғасырларда, әсіресе, Ұлы географиялық ашылулар дәуірінде, карталар теңізде жүзушілердің, жер кезген жиһангездердің, байлық іздеген көпестердің қажетті дүниесіне айналды. Теңіз жолдарының ашылып, теңіз арқылы байланыстардың дамуы сол кезең үшін жаңалық болып көрінетін карталарды пайдалану әдістерін өмірде қолданудың толық жүйесіне көшуге ықпал етті. Орта ғасырдың географы Герард Меркатор (1512-1594) өзі құрастырған картографиялық өнімдердің тәжірибе жүзінде қолдану қажеттілігін ескере отырып, қосымша сілтемелер мен нұсқаулықтар беріп отырды. Мәселен, 1541 жылы даярлаған глобусын арнайы «Глобусты пайдалану туралы кітап» аталатын нұсқаулықпен толықтырды. 1569 жылы жарық көрген бірінші рет цилиндрлік проекциялау қолданылған, 18 беттік картасына Меркатор «Жергілікті жерде арақашықтықты өлшеу әдістері» аталған ақпараттық бет енгізді, сонымен бірге, навигациялық сұрақтарды шешу үшін пайдаланылатын «Бағыттар көрсеткіштерін пайдаланудың қысқаша сілтемелері» деген сызба қоса берілген. Алғашқы ғылыми зерттеулер үшін карталар пайдалану тәжірибесі XVIII-XIX ғасырларға жатады, осы кезеңдегі ғылым (атап айтқанда, геология, география, климатология) көмегімен алынған ақпарттар мен мәліметтердің жүйеленуі – алғашқы ғылыми карталардың жасалуына оң ықпалын тигізді. Өз кезегінде мәліметтердің картографиялық түрде үлкен аумақты қамтып таралуы жаңа саналуан салыстырмалы географиялық зерттеулердің жасалуына түрткі болды. Ал карталардың өзі осындай зерттеулердің құралы болып, адамдарға көбірек қызмет ете бастады. [7]
Көптеген табиғи және ғаламдық заңдылықтар карталар көмегімен айқындалды. Бір құбылыстың екінші бір құбылыспен байланыстары анықталды, тіпті әлі ашылмаған ойкумендер турасында болжамдар жасала бастады. Мәселен, Ф. Бюаштың 1753 жылы карта арқылы Жер шарындағы тау тізбектері мен өзендердің орналасуын зерттеген еңбегін атап өтуге болады. 1817 жылы А. Гумбольдт Жер шарындағы жылудың таралу заңдылықтарын анықтауға ұмтылып отырып, бірінші рет изотермдік карта жасап шығарды, оны талдай келе, климаттық зоналарды ашты. Карта көмегімен ол өсімдік жамылғысының зоналық ерекшеліктерін тапты, одан кейін осы салада еңбек еткен Докучаев та картаны сараптау нәтижесінде, географиялық ортаның белдемдігі (зона) бар екенін дәлелдеді. Вегенердің картаға сүйеніп, Бразилия мен Африканың атланттық жағалауларының ұқсастығын табуы, кейіннен «Құрлық дрейфі және қазіргі ғаламдық тектоника» теориясының пайда болуы мен дамуына жол ашты.
Баранский құбылыстың байланыстарын диалектикалық тұрғыда талдай келе, картаға өз бағамдауыңды енгізуді географиялық ойлаудың басты ерекшелігі ретінде көрді. Ол географияда картаның мәні мен рөлін анық сипаттап берді:
1) Карта – географияның «әліп-биі», яғни географиялық зерттеулердің бастапқы және соңғы сәті; 2) Карта – көру-бақылау мүмкіндігі шетеулі адам мен зор өлшемді географиялық зерттеулердің нысаны – Жер шарының беткі деңгейі арасындағы қажетті «көпір»; 3) Карта – географиялық заңдылықтарды анықтау құралы; 4) Карта – географияның екінші «тілі»; 5) Карта – географиялылық талаптарының бірі;
Картографиялық әдістің ғылыми танымға ие болуы – картограф Салищев есімімен де тығыз байланысты. Әдіс теориясының идеясы мен қолданысқа енуінің негізін қалаған дәл осы Салищев болатын. Ол географиялық карталар іс құралы ретінде маманға қызмет ете отырып, құбылыстардың жаңа байланыстары мен таралу заңдылықтарын орнататындығын бірінші рет ерекше атап өті. Сонда «Нақтылықты зерттеу мен үйретудің картографиялық әдісі» деген ұғым ең алғаш рет қолданылған болатын. Осы сәттен бастап, қазіргі зерттеулердің картографиялық әдістерінің дамуының жаңа бір парағы басталды.
Салищев картографиялық әдістер туралы түсінікті дамытты, оған толық түрде анықтама берді. Оны «жаңа білім мен түсінік алуда, сипаттау, талдау, құбылыстарды тану және болжам жасау үшін, кеңістіктегі байланысты үйрету мақсатында карталарды пайдалану»,-деп сипаттады. Және ол осы мәселе, «Зерттеулердің картографиялық әдістері туралы» (1955), «Арнайы карталар көмегімен нақты сандық анықтамалар туралы» (1963), «Карта бойынша құбылыстарды зерттеудегі талдау әдістемелері» (1968) тәрізді еңбектерінде қайта айналып келіп отырды. Картаны таным мен тәжірибелік құрал ретінде қолдану жайы Гедыминаның еңбегінде де айтылды. Ол «картаға жай еңбек заты, өндіріс өнімі сияқты қарауға болмайды, оның еңбек нәтижесі екенін ұмытпау керек»,-деп, «Картамен жұмыс» немесе «Картаны пайдалану» аталатын картографияның тарауын бөліп қарауды ұсынды. [7]
Картаны пайдалану деңгейі
Алғашында зерттеушілер картаның негізгі артықшылықтары деп оның шолу жасау мүмкіндіктерін қарастырды, яғни карта «жай көзбен көруге болмайтын нәрсені, білімді реттеу мен жүйелеуді, кеңістіктегі заңдылықтарды ашуды ұсына алады»,- деп есептеді. Картаны пайдаланудың дәл осы деңгейіне А.Гумбольдттың, В. Докучаевтың, А.Тиллоның еңбектері жатады. Карта көмегімен айқындалған барлық ғаламдық және аймақтық заңдылықтар сапалық сипатқа ие болды. Картаны талдаудың негізгі әдісі – салыстырмалы географиялық әдіс болды, ал жетекші ұстаным – оқымыстылардың шығармашылық ынтасы еді. Картаны пайдаланудың жаңа деңгейі жаратылыстану ғылымына сандық әдістердің енгізілуімен байланысты. Салыстырмалы түрде, география, геология, тарих және осы сынды ілімдер белгілі бір мағынада басқа ғылымдардан арта қалды. Көш соңында қалудың себептері әртүрлі, бірақ ең қызығы, кейде картаның артықшылығы географияға математикалық формулалар мен көрсеткіштердің енуін баяулатты деген пікірлер де айтылды. Өткен ғасырдың 60-жылдары бұл артта қалушылық азайды, сол кездері сандық заңдылықтарды жүйелеу құралы ретінде картографиялық әдістің жаңа бір қыры ашылды. Бірінше кезекке картаның өлшемдік мәні шықты, математикалық статистика талдаудың негізгі тәсіліне айналды, 60-жылдардың орта тұсындағы картаны пайдаланудың келесі деңгейі алдыңғы деңгеймен тығз байланысты болды. Сол кездің өлшемі бойынша, карталар зерттеудің логикалық негізі ретінде беки түсті. Енді карталардың математикалық дәлдігімен қалпы көбірек тиімді бола бастады. [7]
Сандық әдістен математикалық модельдеуге көшу жүзеге асты. География ғылымдарын математикаландыру картографиялық зерттеу әдістерінің көмегі мен «көпір» қызметін атқаруы арқасында іске асырылды. Ең тиімді жол – математика мен картаны біріктіру болды, картадан алынған мәліметтер негізінде математикалық модельдеу құрылды. Осылайша карта-математикалық модельдеу-карта тізбегі пайда болды. Мұндай зерттеу амалы картографиялық-математикалық модельдеу деген атауға ие болды. Ықпалдастық үдерісінде математикалық әдіс пен картографиялық талдау басқа да көптеген идеялармен, көзқарастармен толықты. Ғылымды математикалау картаны пайдаланудың келесі деңгейіне өтуге даярлады, бұл даярлық зерттеу нысанына деген жүйелі құрылымдық көзқарастан көрінді. Картаны геожүйені үйрену құралы ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырыла бастады, картографиялық өнімдердің жекелеген бөлімдерін ғана емес, бір-бірімен тығыз байланысты кешенді атластар мен тақырыптық карталардың үлкен топтамаларына назар аудару қажеттігі туындады. Карта жәрдемімен геожүйенің бөлек бөліктеріне ғана емес, сонымен қатар, олардың байланыстарына, динамикасына, атқаратын қызметіне үйрету мүмкіндігін беретін әдістер керектігі туындады. [7]
Жүйедегі логикалық түсініктің заңды жалғасы болжамдық бағыт болды. Болжамдардың мазмұны мен затына әртүрлі көзқарастағы ғалым-зерттеушілер, болжамдық бағыттың мақсаты үшін картографиялық әдістерді қолдану мәселесіне келгенде, бәрі де бірауыздан оның тиімділігін мойындады. Картаны пайдаланудың деңгейінің дамуы мен келесі жаңа деңгейлік кезеңге өтуі бұрынғы жетістіктердің құндылығын жоймайды, сандық (картометриялық, статистикалық) және сапалық талдау, математикалық модельдеу мен жүйелі-кеңістіктік қамтудың, нәтижелердің дәлдігі мен қорытындысының жалпы талапқа сай болуының мәселелерін шешуде пайдаланылады. Картаны пайдалану әдістерін өңдеуде картографтар, геодезистер, геологтар мен геофизиктер, инденерлер мен математиктер қатысады.
Картографиялық зерттеу әдістері ғылымның әртүрлі салаларында қолданыс тапты. Олармен жаңа әдістемелермен, нақты ақпартпен, нағыз қажетті шешімдермен толықтыра отырып, өзіне де жаңа идеялар мен көзқарастарды қабылдайды. Картографиялық зерттеу әдістеріне шешуші әсер ететін – географиялық көзқарастың келесі ерекшеліктері көрінеді:картаның затын бейнелік-белгілік модельдеу мен нақтылықты тану құралы ретінде түсіну; карта көмегімен зерттеліп жатқан үдерістер мен құбылыстардың мәніне терең бойлау, әрбір зерттеу нысанына жүйелі көзқарастың болуы; Картографиялық әдістің басқа да жекелеген әдістермен тығыз қарым-қатынасы, карталар мен картографиялық емес ақпаратты ұштастыру; картографиялық талдау нәтижесінде алынған нәтижелердің мазмұнды талқылануына тәжірибелік мәні мен сенімділігіне берілген бағасына ерекше назар аудару.
Қазір жалпы ғылымның математикаға бет бұруы, әсіресе, қашықтықтан зерделеу мен бажайлау, ғарыштық мүмкіндіктерді картография ғылымында кеңінен қолдану мүмкіндігі туған шақта дәлдік пен нақтылық атаулы карта үшін ең алғашқы талапқа айналды. 2006 жылдың 18 маусымы күні өзінің төл ғарыштық «ҚазСат-1» құрылғысын көк жүзіне ұшырған біздің еліміз үшін де енді ғарыштан жеткен суреттер сандық және әуеғарыштық түсірістерді зерттеу кезінде кеңінен қолданылады.