БҮгінгі әлемдегі мәселелердің ішінде Қазақстанға да қатысы бар мына бір көкейкесті проблема бой көрсетіп тұр. Мәселе адамзатты тұщы сумен қамтамасыз ету туралы. Халықаралық сарапшылардың соңы болжамдары бойынша, ХХІ ғасырдың аяғына қарай әлемде ауыз су энергетикалық және шикізат ресурстары сияқты ең құнды ресурсқа айналады. Өйткені, Жер шарындағы су қорларының 97,5 пайызы ащы су да, тек 2,5 пайызы ғана тұщы су, ал оның өзі іс жүзінде мұзарттар мен жер асты қойнауларында шоғырланған. Ал адамзатқа қолжетімді өзендерде, көлдерде, су қоймаларындағы сулар жер үстіндегі судың 0,007 пайызын ғана құрайды. Мамандардың пікірі бойынша, 2015 жылға қарай Орта және Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Солтүстік Қытай үшін ауыз суды бөлу негізгі мәселеге айналады. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, болжамалы болашақта бұл мәселе шетін сипат алып, әртүрлі шиеленістердің көзі болып, таяу арада адамзат үшін аса өзекті мәселеге айналады.
Бүгінде жаңа әлемнің қоғамдық-саяси өмірінің саяси, әскери, экономикалық, мәдени және экологиялық салаларында өзіндік ерекше ахуал қалыптасты. Және олар бір-бірімен өзара тығыз қатынастар жүйесінде. Міне, дәл осы фактор қазіргі әлем келбетінің ерекшелігін бейнелейді әрі оның дамуын ынталандырады. Сондықтан, қазіргі жаңарған әлемді капитализм дамуының экспансионистік логикасымен, америкалық бұқаралық мәдениеттің әлемге жаппай таралуымен немесе әскери экспансиямен түсіндіру біржақты, жеңіл әрі тар өрісті болып табылады. Қазіргі кезеңдегі әлем дамуының жаңа кезеңін тану және білу үшін осы заманғы жаһандық, әлемдік құбылыстардың жай-күйі, олардың өзара қимыл бірлігі мен байланыстарының динамикасын тереңнен пайымдау қажет.
ХХ ғасырдың аяқталуымен саяси басқару мен дүниежүзілік саяси ұйымның негізгі нысаны болған империялардың орнына халықаралық реттеу мен басқарудың көпсалалы, тарам-тарам аймақтық және әлемдік жүйелерімен бірге олармен көп салалы байланыстағы ұлттық мемлекеттердің де қалыптасқан жүйесі келді. Егер бұдан бұрынғы тарихи дәуірлерде дүниеде барлық, немесе көпшілік батыс елдерінің гегемониясы орын алса, бүгінгі дәуірде дара әлеуетті гегемон қалды. Ол – АҚШ. Бүкіл адамзат қауіпсіздігі үшін қолайсыздау, біржақты, бір полярлық құбылыс болса да, бұл ахуалмен халықаралық қауымдастық тұтастай алғанда санасуға мәжбүр болып отыр. Атағы әлемге мәшһүр З.Бжезинский өзінің бірнеше еңбегінде бұл идеяны нақты дәлелдеп, бүкіл әлемді иландырып-ақ келеді. Ол өзінің кейінгі “Таңдау. Жаһандық үстемдік немесе әлемдік жетекшілік” (2005 ж.) атты жаңа зерттеуінде қазіргі әлемде бұрынғы ұлы державалар – Ұлыбритания, Германия, Франция әлсіз, Ресей ендігі жерде империялық мемлекет емес, ол үшін уақыттың басты талабы – әлеуметтік-экономикалық оңалу деп есептейді. Ғалым Жапонияның экономикалық дамуы бәсеңдеді, халқы қартаюда, ал Қытай бүгінгі жоғары экономикалық даму қарқынын сақтаған күнде де әрі кеткенде аймақтық держава дәрежесіне ғана жетеді деп түйеді. Сондықтан да ол алдағы жиырма жылдықта америкалық күш-қуат жаһандық тұрақтылықтың мызғымас тірегі болып табылады деген қорытынды жасайды. Оған қарсы, осы объективті жағдайды мойындамайтын кейбір елдердің ура-патриоттары және Иран, Венесуэла, Куба, Солтүстік Корея тәрізді бірер елдердің басшылары ғана.
Қазіргі әлемдегі жағдайдың тағы бір қыры – қоғамдық қатынастардың барлық салаларындағы үдерістердің қатаң бәсеке жағдайында өтуі. Өйткені, әлемдік саясаттың инфрақұрылымдары мен институттары қызмет пен іс-қимылдардың жаңа тетіктерін қалыптастырып, ол өз кезегінде халықаралық байланыстар жүйесінде Еуропалық Комиссия дәліздеріндегі күңкіл сөздерден, Бүкіләлемдік сауда ұйымы сарапшыларының пікірталасынан бастап “үлкен сегіздіктің” саммиттеріне балама, үкіметтік емес ұйымдар мен Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) жыл сайынғы жиналыстарына дейінгі аралықта әлемдік тартыстар мен текетірестер де орын алуда.
Дүние жүзі ғалымдарының қазіргі әлем туралы пікірталастарының бел ортасында осы заманғы мемлекеттік биліктің орны мен рөлі, болашақ тағдыры, даму үрдістері туралы мәселе тұр. Бұл мәселе төңірегіндегі пікірлердің бір парасы көптеген дамыған елдерде мемлекет пен оның билік институттарының қайта өрлеуімен сипатталады десе, енді бір тобы қазіргі кездегі мелекеттік билік төңірегіндегі оның “өрісінің тарылуы”, “әлсіреуі”, “жоғалуы” немесе “көмескіленуі” деген бағамдарды қолданады.
Жаһандану жағдайында әлемде осы уақытқа дейін мойындалған, танылған, көптеген жас мемлекеттер әлі де ұмтылып отырған мемлекеттік-ұлттық егемендік мәселесінің өзі терең дағдарысқа түсіп, оған үлкен қатер төніп отырғанына әлем оқымыстылары, саясаткерлер, дипломаттар алаңдаушылық білдіруде. Олар жаһандану үдерісін тек әлемдік игілік, жатымды үдеріс деп біржақты бағалаудан бас тарта бастады.
“Әсіре жаһаншылар” деп аталатын ғалымдар тобының көзқарасы бойынша дәстүрлі ұлттық мемлекеттер табиғи бола алмайды да, олар тіпті дүниежүзілік экономиканың коммерцияық бірлігі де болып жарытып кірікпейді. Экономикалық жаһандану, сайып келгенде, өндірістің, сауданың, қаржы саласының трансұлттық желілерін құру арқылы экономиканың “ұлтсыздануына” әкеледі деп дәлелдемек болады. Бұл “шекарасыз” экономикада ұлттық үкіметтерге әлемдік капиталға қызмет ететін “жалғастырушы белдік” немесе басқарудың жергілікті, аумақтық және халықаралық тетіктері арасындағы байланыстарды қамтамасыз ететін делдалдық институттың орнына ғана ие болады деп дәлелдеуге күш салуда. Олардың пайымдауынша, ұлттық экономика әлемдік экономиканың тармақтары ғана болып отырғандықтан, ұлттық мемлекеттердің өкілеттігі мен легитимдігінің өзі күмәнді болып табылады. Ұлттық мемлекеттер өз шекарасының ішінде болып жатқан үдерістерді бақылауға және азаматтардың қажеттерін өз беттерімен қанағаттандыруға қабілетсіз. Осы факторлардың нәтижесінде ұлттық мемлекеттер күн өткен сайын экономикалық үдерістерді басқарудың өтпелі ұйымының бір түрі болып қана қалады деген тұжырымға келеді. Кейбір батыстық оқымыстылар ұлттық мемлекеттер қазіргі заманның сындарына төтеп беруде әлсіздігін таныта түсіп, өзінің мәртебелік құқықтарынан кейбір әлеуетті халықаралық ұйымдардың пайдасына бас тартады дегенді айтады. Қысқасы, мұның барлығы, түптеп келгенде, ұлттық мемлекеттер эволюцияға түсіп, жаһандану жағдайындағы саяси тәртіпке сай келетін саяси ұйым болады, олардың “мемлекет-ұлт” деген табиғаты, сапалық белгісі көмескіленіп, жойыла бастайды деген болжамды негіздемек болады. Формальді түрде халықаралық қатынастардың базалық бірлігі болып табылатын ұлт-мемлекет институты нақты трансформацияға түсіп, мемлекеттердің ішкі істеріне араласуға болмайтындығы, оның ұлттық егемендік қағидатын бұзатындығы туралы дәстүрлі көзқарас уақыт өткен сайын көмескіленіп, іс жүзінде ыдырауға түсуде. Мұндай көзқарастың институттық факторы болып әмбебап халықаралық ұйымдар, мемлекеттен үстем юрисдикциялар, әртүрлі халықаралық режімдер, әлемдік гуманитарлық құқықтар, адам құқықтарының мемлекеттің тәуелсіздігі қағидаттарынан басымдығы болып табылады.
Жаһандану үдерісінің басты дем берушілерінің бірі – АҚШ-тың Гарвард университетінің профессоры К.Омэ ұлттық мемлекеттің күні өткендігі, олардың саяси тарихының ақыры таянғандығы туралы пікірді ашық айта бастады.
Мұның бәрі Қазақстан мемлекетінің, қазақ халқының ұлттық мүдделеріне де қайшы келетін ұстанымдар. Бұл болжаулар мен көзқарастар өз тәуелсіздігіне енді ғана қол жеткізген ТМД елдерінің де терең ұлттық мүдделеріне қайшы.
Қазіргі заманғы мемлекеттік биліктің мәні мен қызмет ету, көріну тетіктерінің әлсіреуі туралы көптеген пікірлер тым қарабайыр болып табылады. Өйткені, қазіргі заман нарық пен мемлекеттің өзара қарым-қатынастарының бүкіл жүйесін қайта құруды қажет ететіндіктен де дамыған капиталистік мемлекеттер мен олардың әр түрлі институттары бұл үдерістерге терең тартылған, солардың қайнаған ортасында тұр. Қазіргі заманғы жаһандық экономикалық үдерістер әсте мемлекеттік биліктің әлсірегендігін білдірмейді. Ол, керісінше, бұл биліктің іс-қимылының өрісін кеңейтті және қызмет жасау шарттары мен жағдайын өзгертті.
Көші-қон, экология, мәдениет және білім салаларында дамыған капиталистік елдер, олардың бүкіл мемлекеттік басқару мәшинесі белсенді рөл атқарып, саясат саласында аймақтық және әлемдік басқаруды айрықша күшейтуде жетекші орын алуға жанталасуда деуге әбден болады. Бұл үрдістер мемлекеттің әлсірегендігінің немесе жойылуының көрінісі болмаса керек. Мұның барлығы қазіргі әлем елдеріндегі терең жаңару, құрылымдық қайта құру мен өзгерулердің нақты нышандары.
Халықаралық беделді сарапшылардың талдауы бойынша, қазіргі өзгерген және жаңарған әлемде ұлттық мемлекеттердің рөлі төмендейді немесе олар екінші кезекке кетеді деген пікір негізсіз.
Оның үстіне мәселенің өткірлігі мен ауқымдылығының тағы бір қыры мынада жатыр: қазіргі жаһандану, жаңару және өзгеру үрдісіндегі әлем және саясат жағдайында әр ұлттық мемлекеттің алдындағы ең күрделі міндет – өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін, тұтастығын, экономикалық дербестігін, ұлттық тақылеттестігін сақтап қалу. Әлемдік алпауыт трансұлттық компаниялардың, халықаралық экономикалық ұйымдар мен одақтардың саясаты мен мақсаты көп ретте ұлттық мүдделерге қайшы келетіні, олардың өз мүдде-міндеттерін жеке мемлекеттер мен ұлттардың мүддесінен жоғары қоятыны әлімсақтан белгілі саясат.
Ол ең алдымен жаһандану, экономикалық интернационализация үдерістерінің ұлттық мемлекеттердің билік институттары қызметіне түсірер салмағының күрделеніп, ауқымының арта түсуі және ұлттық қауіпсіздік, ұлттық терең мүдделер тұрғысынан бұрын-соңды болмаған жаңа міндеттерді қоюына байланысты.
Сондықтан жаһандану жағдайында мемлекеттік билік институттары ұлттық мемлекеттерге төнген осындай қатерлерді дер кезінде танып, табиғатын, ауқымын, келер зиянын бағамдап, болжай біліп, өз әрекетінде, іс-қимылында тиісті басымдықтарды батыл және түбегейлі қамтамасыз етуге ұмтылуға тиіс деп есептейміз.
Қазақ мемлекеттігін нығайтуда келешекте билік тармақтарының ішінде президент және парламент институттарының жауапкершілігі ерекше ауқымды және күрделі. Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістер Парламент пен оның депутаттары жауапкершілігін еселеп арттырады. Бұл жауапкершіліктің салмағы мен мәнін саралау, пайымдау және соған сәйкес ұлт мүддесіне сай қызмет жасау, әрине, уақытты және ізденіс пен біліктілікті талап етері ақиқат.
Президент институтының алдында тұрған жаңа міндеттер бұрынғыдан күрделі, ауқымды және, ең бастысы, әлеуметтік жағынан құнды және әлеуметке етене һәм түсінікті. Ол түп нәтижесінде Қазақ елінің әлеуметтік бірлігіне, әлеуметтік тұтастығына, әлеуметтік жаңаруы мен кемелденуіне, әр адам мен азаматқа қызмет ететін гуманистік кең ауқымды іс-қарекет. Өйткені, еліміздегі президенттік институттың құқықтық өрісі кең және жеткілікті. Ал кімге құқық пен билік көп берілсе – оның тарих пен ұрпақтар алдындағы жауапкершілігінің де еселеп артатыны белгілі. Бұл жауапкершілік миссиясынан да осынау мүмкіндігі мен құқы мол билік институты алда да абыроймен шығарына халқымыз сенімді.
Әрине, жаңа әлем өзгермелі, мазасыз және күрделі. Осы әлемде бүгінгі және болашақ ұрпақтар мүддесі үшін жоғарыда келтірілген өркениеттер жүйесінен өзінің лайықты орнын алу – Қазақстан үшін күрделі де ең абыройлы міндет. Осы міндетке бүкіл еліміз бет бұрып, танып, түсініп отыр деуге толық негіз және сенім бар. Оның саяси, әлеуметтік-экономикалық бастауы, негізі және әрі басты кепілі Президент Н.Назарбаевтың соңғы үш жылда елімізді жаңарту жөніндегі стратегиялық жолдауларының мазмұны мен талаптары.
Сөз соңында айтарымыз, осынау, экономикалық, технологиялық және әлеуметтік мүмкіндіктері мол һәм қайшылықты да тайталасты жаңа әлемде бүкіл билік институттарының аса абыройлы міндеті – ұлт мүддесі үшін ұлы күрескер Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, Қазақ елін “олжалы жерде үлестен, ордалы жерде орыннан, жоралы жерде жолдан” қалдырмау.