Тұңғыш рет Қазыбек би 13—14 жасқа толған шағында Жоңғар хандығына Тайкелтір бастаған елшіліктің қосшысы болып барады. Осы сапар барысын-да болған бізге белгісіз мынандай бір оқиға бар. «Ұзак жол қысқарсын» деп, жас Қазыбек Тайкелтірге жақындай келе, атын теңестіріп: «Алдияр, жоңғар ханының алдына барғанда сөзімізді неден бастағанымыз дұрыс, соны ойлансақ қалай болады», — дейді. Сонда Тайкелтір бұғанасы әлі қатпаған баланың бұлай сөйлеуіне разы болмай: «Оған ойланудың қажеті не, аузымызға қандай сөз түссе, содан бастаймыз да», — деп атына қамшы басып, желе жөнелген екен.
Бала… бала болса да—дана…
Жоңғар ханының ордасына келген соң Тайкелтірдің аузына сез түспей, тұтығып: «Өгізімді өлеңді жерге қойыппын, өз алдыңа келіппін» деп міңгірлеп, тоқтап калган көрінеді. Тақ үстінде отырған жоңғар ханы сөздің мәнін түсінбей, «өгізі кім» дегендей жан-жағына қарап, ешкім үн қатпаған соң, бес тал мұртын тікірейтіп, ашу шакыра бастайды.
Дәл сол сәтте қазақ елшілігінің арасынан ең төмен отырған жас Қазыбек орнынан атып тұрып, төсін оң колымен басып, бір иіле:
Ордың жалгыз ағашына таңба салғыздың,
Ол да сенің өнерің
Мұғалжардан тас алғыздың,
Ол да сенің өнерің.
Ертістен арық тартып ат суғарттың,
Ол да сенің өнерің.
Айналада алты хан бар еді,
Өзіңнен артық кім бар еді.
Қатты қарғысың болса,
Қайырлы жарылғасының бар еді,
Сол жарылғасыннан үміт қылып келдік, — деген екен.
Сол сәтте хан күлімсіреп «олай болса, шаруаларыңды айтыңдар», —дейді. Тоқтап қалған Тайкелтірге Қазыбек бір қарап, сөзін одан әрі батылырақ өрбіте келе ханнан шапқыншылықта қолға түскен тоқсан жесірді қайтаруға келгенін баяндайды. Жоңғарлықтардың ханы алғыр жігіттің иығынан кағып: «Елің үшін туған ұл екенсің, дана болуға лайықсың, сен сияқты ерлері бар елді тәуелді ету маған оңайға соқпас»,—деп күң болып жүрген жесірлерді босаткан екен.
«Бір дауда екі жан жоқ…»
Есейген шағында Қазыбек би тұтқынға түскен Абылайды босатып алады. Бірақ жоңғарлар Абылаймен бірге тұтқынға түскен Жәпек батырды аманатқа ұстап беруден бас тартады. Қазыбек би бастаған қазақ елшілері мұнымен келіспейді, бар шешендік өнерлерін көрсете дауласып, айтыс-тартысқа түседі. Қазыбек бидің сол сәтте айтқан сөздері барлық басылымдарда жарық көрді. Бірақ, бізге жетпеген, беймәлім қырлары да бар екен. Оның мазмүны:
Ежелден ерке елшімін,
Елдескелі отырмын.
Өрлесем қанша өлім жоқ,
Белдескелі отырмын.
Алыс кетсе арамыз,
Шендескелі отырмын.
Өршелеген өр болса,
Келдескелі отырмын.
Жазылмайтын жара жоқ,
Жаласқалы отырмын.
Жолсыз айтқан жобаңа,
Таласқалы отырмын.
Жага болса жыртылған,
Жамасқалы отырмын.
Қала болса бұзылған,
Қаласқалы отырмын.
Құлдыққа көнген ел жоқ,
Құрағалы отырмын.
Бір дауда екі жан жоқ,
Сұрағалы отырмын.
Екеуін бірдей бермесең,
Қағысқалы отырмын.
Әлемге бірдей жора бар,
Салысқалы отырмын.
Ордаңда бар төрт жайсаң,
Мен де сондай елімде.
Уәдеңнен сен тайсаң,
Қасірет келер жеріңе.
Осы шумақтардан кейін сөзден ұтылған қоңтайшы Жәпек батырды да босатқан екен.
«Айтар сөздің мәнісі…»
Бірде Қаздауысты Қазыбек би жол жүріп келе жатып, шаршаған соң жақын ауылға атының басын бұрады. Үйде отағасы жоқ екен, бірақ үй иесінің әйелі оны жақсы инабаттылықпен карсы алады, алдына бар асын тартады. Әйелдің осындай кішіпейіл, қарапайым жүріс-тұрысына би өте риза болады. Біраз уақыт өткен соң үйге әйелдің күйеуі келеді. Ол бет-әлпеті өңсіз, қаба сақалды, егде тартқан, бойы тым аласа адам болса керек. Қаздауысты Қазыбек би «мына сұлу әйелді мынаған қимаймын дегендей біршама сезімін білдіріп, қасындағы бірге келген кісілерге былай депті:
Жігіттер айтар сөздің мәнісі бар,
Мәндінің мәнсізбенен не ісі бар!
Надандық құдіретіне қарап тұрсам
Жапалақ үйрек ілген бір ісі бар…
Бүл сөзді естіген әйел біршама ойланған соң өз жайын мынандай сөздермен білдірген екен:
Әрине, айтар сөздің мәнісі бар,
Мәндінің мәнсізбенен не ісі бар?
Ақ сұңар алган құсқа тоят қылмай,
Тағы да қоңыр қаздан үміті бар…
Осы сөздерден кейін Қаздауысты Қазыбек бұл жанұяның мән-жайын түсініп, әйелден кешірім сұраған көрінеді.
«Би—ханға да, елге де би…»
Қартайған шағында Қаздауысты Қазыбек пен Жәнібек би екеуінің арасында жерге, қонысқа талас болған екен. Екеуі татуласу мақсатында бір-бірімен келісімге жету үшін Абылай ханның алдына барады, дауласудың себептерін, мәнін толығынан баяндайды. Жәнібек би Абылай хан дау пайдасын Қаздауысты Қазыбек биге бұрып жіберер деген оймен біршама кауіптене, ханға былай дейді:
Ырайымнан қайтарма,
Хан өмірін айтар ма ?
Келіп турмын алдыңа,
Меселімді қайтарма.
Сонда Қаздауысты Қазыбек би:
Шешен сөйлер әр жерде,
Әділеттік бір жерде…
Ақ пен қара айқасса,
Құдай шешер тар жерде, — деп сөзін аяқтаған екен.
Абылай хан екеуінің де сөздерін тыңдаган соң олардың есімдерінің елге жайылғанын, аса құрметті адамдар екенін атап көрсетіп, сөзін былай деп қорытындылайды: «Мен ханмын, бірақ дау болған жағдайда мен сіздердің алдыларыңызға келіп жүгінуім керек, менің билерге төрелік айтуым ұят, данышпан әз Тәуке ханның өсиеті «Жеті жарғы» «Би ханға да — би, елге де — би» деген еді ғой. Бір-біріңізге деген төрелік сөздеріңізді өздеріңіз айтыңыздар». Екеуі де Абылай ханның бұл сөзіне құлап, төс қағыстырып татуласып тараған екен. ]
Маржан сөз, орман ой…
Қаздауысты Қазыбек би — шешендік өнер мен нақыл сөздердің мазмұнын терең меңгерген дарынды кайраткер. Қысқа, ұйқасы үйлескен терең мағыналы сөздері арқылы ой-санамызға даналы, ұлағатты, тәрбиелік өсиет сіңеді. Сондай нақыл сөздерінің бір қатары темендегідей:
Бала жақсы болса, екі көздің шырағы,
Мінген атың жақсы болса, бұл жалғанның пырагы.
Әйелің жақсы болса, мейманыңның тұрағы,
Балаң жаман болса, көрінгеннің мазағы,
Атың жаман болса, шыбын жанның азабы.
Әйелің жаман болса, бұл жалғанныц тұзағы.
* * *
Көлде жүрген қоңыр қаз,
Шөл қадірін білмейді.
Шөлде жүрген дуадақ,
Көл қадірін білмейді.
Көшсе қоныс білмейтін,
Жер қадірін білмейді,
Түн қатып, түсі қашпаған,
Ат қадірін білмейді.
Таңдайы шөлдеп қатпаған,
Ақ қадірін білмейді.
Жоқшылық дәмін татпаған,
Бар қадірін білмейді.
Ғашықтың дәмін татпаған,
Жар қадірін білмейді.
Жаттың зарын тартпаған,
Ел қадірін білмеймі.
Жаудың зарын тартпаған,
Ер қадірін білмейді.
* * *
Мал жақсысы ешкі болар,
Екі ешкі бір бесті болар.
Ойнап жүрген жас бала,
Заң білетін есті болар…