Кенесары Қасымұлы көтерілісінің зерттелу тарихынан

Кенесары Қасымұлы бастаған 1837–1847 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің қазақ халқы тарихындағы мәні мен маңызын ашық түрде талқылауға жазушы Мұхтар Мағауиннің тікелей жетекшілік етуімен 1990 жылдың көктемінде өткізілген «Жұлдыз» журналы редакциясының кеңейтілген «дөңгелек үстел» мәслихатынан кейін ғана жол ашылды. Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің себеп-салдары мен мән-мағынасын ашып, қалың көпшілікке ұсыну, оған ғылыми-теориялық тұрғыдан баға беруге, сондай-ақ, ол бастаған көтерілістің бүкіл қазақ халқының қозғалысы ретіндегі тарихи мән-маңызын айқындауға арналған «дөңгелек үстел» мәжілісіне академиктер М. Қозыбаев, Р. Бердібаев, тарихшы-ғалым Жанұзақ Қасымбаев, зерттеушілер М. Абсеметов,Ғ. Ахмедов, жазушы Т. Жұртбаев қатысып, өздерінің ойларын ортаға салды [1].

Қазақ тарихындағы «ақтаңдақтардың» ашылуына кезінде қоғамдық ортада үлкен пікірталас тудырып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген жазушы І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы жалпы жұртшылықтың ғана емес, арнайы зерттеуші, мамандардың да тарихи ой-санасының оянуында ерекше қозғалыс тудырған туынды болды. Аталған автордың «Хан Кене» және басқа да романдарының төңірегінде өрістеген қарама-қайшы пікірлер сол кезеңдегі көшпелі халықтың тарихындағы өзекті мәселелерді дұрыс танып-білуге бағыт-бағдар берген алғашқы талпыныс болатын.

Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін патшалық Ресейдің әскери-отарлау басқыншылық саясатына қарсы қазақтардың 1837–1847 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушы, көрнекті қолбасшы Кенесары Қасымұлының қызметі біржақты жазылып, тарихқа қиянат жасалып келді. Бұл тақырыпқа еңбек жазған авторлар көп жағдайда қазақ халқының осынау ұлт-азаттық қозғалысын патшалық Ресей билігінің жалпы қоғамдық-саяси ұстанымы тұрғысындағы дворяндық-буржуазиялық тарихнамаға сүйене отырып сипаттап келді.

Қазақ тарихнамасында Кенесары көтерілісі туралы алғаш рет өз ой-пікірін баспа бетінде ашық білдірген Шоқан Уәлиханов болатын. Ол орыс әскерінің офицері болғандықтан, алғашқыда бұл ұлт-азаттық қозғалысқа империялық саясат ықпалымен баға берді: «Бүлікші сұлтан Кенесары –феодалдық-монархиялық қозғалысқа бас болып, хандық билікті қалпына келтіруге тырысты, Орта Азия феодалдық мемлекеттеріне ұқсас қазақ хандығын құрғысы келді», – деп жазды. Кенесары басқарған қозғалысқа орыстың отаршылдық пиғылы әсерімен ой қосқан Шоқан келесі бір еңбегінің түсіндірмесінде «осы кезеңде ескі мен жаңашылдық», яғни «мұсылмандық шығыс және орыстық құбылыстар» бір-бірімен теке-тіреске түскенін айтып, Кенесарыға оң баға береді [2].

Шоқан Уәлихановтың Кенесарыға алғашқы берген біржақты бағасы кейінгі орыс тарихшыларына сілтеме жасар мықты бір дерек болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында жарық көрген еңбектердің ішінен Кенесары көтерілісін арнайы зерттеген М. Красовский мен И. Завалишиннің еңбектерін ерекше бөліп қарауға болады. Әсіресе, М. Красовский көтерілісті патша үкіметінің жүргізіп отырған сыртқы саясатымен байланыстыра талдайды. Аталған автордың зерттеуі жалпы «Сібір қырғыздарының облысы» тарихына арналғанымен, онда 1822 жылғы патша үкіметінің жаулап алу саясатын ақтау бағытында түсіндірме берілген. И.Завалишиннің еңбегі империяның шеткі аймақтарды басып алып, жерін кеңейту саясатын дәріптеу тұрғысында жазылған. Бұл екі еңбектің отаршылдық саясатты насихаттаудағы бағыты мен нысанасы өте ұқсас.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында жарық көрген еңбектер арасында 1870 жылы «Вестник Европы» журналының екі бірдей санында жарық көргенН. Середаның еңбегінің маңызы үлкен. Расында да, Кенесарыға берілген бағасы мен көтерілістің сипатын айқындаудағы көзқарасында орын алған қайшылықтарға, халықтық көтерілісті «бүлік», «қарақшылардың ісі» деген сипатта бағалап, ханның өзін бірде «құйын мен дауылға» теңегеніне, енді бірде «Еуропа әскерлерінің тамаша қолбасшыларына» теңегеніне қарамастан, әр түрлі деректерді мол пайдалануы жағынан, қарастырылған мәселелерінің ауқымдылығына қарай, аталған автор еңбегінің ғылыми құндылығы үлкен[3].

Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс туралы тарихнамалық материалдар қалдырған зерттеушілердің бірі А.А. Янушкевич болатын. Генерал Вишневскийдің басшылығымен 1846 жылы Ұлы жүз бен Орта жүздің шекаралық аймағында мал мен халық санының есебін жүргізген экспедициясына қатысқан А.А. Янушкевичтің Кенесары жетекшілігіндегі қазақ халқының қозғалысына бүйрегі бұрып, іштей мақұлдай жазғаны айқын. Өйткені оның өзі де мұның алдындағы, 1831–1833 жылдардағы Польша азаттық қозғалысына атсалысқан болатын. Поляктың осынау революционер-зерттеушісі А.А. Янушкевич қазақ ханы Кенесарыны бірде Рим империясына қарсы соғыс жүргізген Нумидия патшасы Югуртамен, енді бірде ХІХ ғасырдың 80-жылдарындағы Алжир халқының ұлт-азаттық күресінің жетекшісі әбд-әл-Қадермен салыстырады. Алайда, осы еңбекті француз тілінен орыс тіліне аударған орыс зерттеушісі Ф. Стеклова коммунистік партияның сол кездегі өктемдік етіп тұрған идеологиясының талаптарына сәйкес, Кенесары және ол басшылық еткен көтеріліс туралы біржақты тұжырым жасап, поляк зерттеушісі А.А. Янушкевичтің көзқарасына қарама-қарсы пікірлер білдірген [4].

Кенесары мен ол бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісіне ерекше назар аударған авторлардың бірі – ұлы саяхатшы А.П. Семенов-Тянь-Шанский. Ол ХІХ ғасырдың 50-жылдарында Верный қаласында болып, осы көтеріліс туралы көптеген мәліметтер жинастырады. Соның негізінде жазылған еңбегінде А.П. Семенов Тянь-Шанский қазақ феодалдық мемлекетін уақытша болса да қалпына келтірген Кенесары ханның еңбегін жоғары бағалап, оны біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырда Кіші Азиядағы кішкене ғана Понт патшасының билеушісі, Рим құл иеленуші мемлекетінің шапқыншылық саясатына қарсы тұра білген Митридат VІ Евпаторға теңестіреді [5].

Компартия билігіндегі кеңес үкіметі кезінде Кенесары Қасымұлы көтерілісі негізінен большевиктік идеология, тап күресі мен әлеуметтік ұстанымдар негізінде зерттеліп, қазақ халқының азаттық күресі мәселелерін талқылау мен тереңдетіп зерттеуде біржақты көзқарас үстем болғанына қарамастан бұл қозғалысқа шынайы бағасын берген ғалымдар арасында Е.Б. Бекмахановтың еңбектерін ерекше атап өтуге болады[6].

Көрнекті тарихшы Е.Б. Бекмахановтың 1947 жылы жарық көрген еңбегін Кенесары бастаған 1837–1847 жылдар аралығындағы көтерілісті зерттеу ісіндегі ерекшелік ретінде бағалауға лайық. Орта Азия мен Қазақстан аймағындағы мұрағат деректері мен әр түрлі сипаттағы құжаттар негізінде жазылған сол жылдардағы айрықша құнды еңбек ретінде аса жоғары бағаланатын осы еңбектің өзінде де Кенесары көтерілісінің қыр-сыры толық ашыла қоймағанын автордың өзі де мойындады. Монографиялар мен басқа жалпылама еңбектердің болмауы бірқатар қиындықтар тудыратыны сөзсіз. Автордың кейбір зерттеген мәселелері әлі де толық шешілмегенін жоққа шығару қиын.

Кейбір ғалымдар сол кездегі күрделі кезеңнің тұзағына түсіп қалмау үшін өздерінің бұрынғы көзқарастарын өзгертуге мәжбүр болды. Атап айтқанда, «Сырым Датов» атты монографиясы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты құрметті атағын алған В.П. Вяткин «Вопросы истории» журналында жарияланған осы журналдың редакциялық алқасына арнап жолдаған хатында өзінің теориялық тұжырымдары мен саяси көзқарасында «адасушылық» орын алғанын, оның басты себептері әріптесі А.Ф. Рязановта жатқанын айта келіп: «Буржуазиялық-ұлтшылА.Ф. Рязанов бірқатар еңбектерін қазақ халқының ұлт-азаттық күресіне арнады, оның көзқарастары кең тамырын жайып кетті, мен де біраз еңбектерімде буржуазиялық-ұлтшалдық қателіктерден арыла алмадым. Оның ішінде бір дөрекісі – Кенесары Қасымов көтерілісін сипаттаудағы қателігім…», – деп жазды [7].

Е.Б. Бекмахановтың қазақ халқының 1837–1847 жылдардағы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысын ғалымдардың барлығы бірдей біржақты сынап, тек қаралаумен болған екен деген пікір түю орынсыз болар еді. Тарихшылар Н. Тимофеев және Е. Феодоров «Большевик Казахстана» журналында жарық көрген қазақ халқының 1837–1847 жылдардағы тәуелсіздік үшін күресіне арналған мақалаларында: «Кейбір жағдайларда А. Якунин маркстік әдістен ауытқып, қозғалыстың мақсаттарын анықтауда, өзінің жасанды көзқарастарын танытуға ойы бар. 1837–1847 жылдардағы тәуелсіздік үшін күресті Кенесары мен ат төбеліндей оның серіктерінің күресі ғана ретінде көрсетуге тырысқан», – деп жазды [8].

Компартияның қатал қысымы мен біржақты саяси бағытынан тайсалмаған КСРО Ғылым академиясының аса көрнекті бір топ ғалымдары, атап айтқанда, С.В. Бахрушин, Б.Д. Греков, Н.М. Дружинин, А.П. Кучкин, М.К. Рожкова т.б. Е.Б. Бекмахановтың аталған еңбегінің талқылауына белсенді түрде атсалысып, оның тұжырымдарының дұрыс екендігін ерекше атап көрсетті. Мысалы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі С.В. Бахрушин Кенесарыны орыс феодалдық мемлекетін аяққа тұрғызған Иван ІІІ, Иван ІV, ұлы Петр патшалардың іс-әрекеттерімен салыстыра келіп, олар да мемлекеттік құрылысты нығайту мақсатында қантөгістен, күш қолданудан және т.б. «жабайы» қимылдардан бас тартпағанын мысал ретінде алға тартты [9]. АкадемикН.М. Дружининнің пікірінше, «Е. Бекмхановтың соңына түсу тоқталмады, тіпті шектен асты. Оның жаулары ғалымға буржуазиялық ұлтшыл деген күйе жағып, кітабы ғылыми басқа да қауымға теріс әсер етуде деп байбалам салды» [10]. Кенесары бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты осындай пікірталастар орын алып жатқан кезде, қырғыз ғалымдары да өздерінің шынайы зерттеулерін жариялап, бұл қозғалыстың басты мақсаты – патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсылық екенін айтудан тайсалмады. Мәселен, зерттеушіБ. Жамгерчиновтың 1945, 1963 жылғы зерттеулерінде, 1984 жылы жарық көрген «Қырғыз КСР тарихының» бірінші томында Кенесарының ұйымдастыруымен бүкіл қазақ даласын қамтыған ұлт-азаттық көтеріліске қомақты да, салмақты баға берілді [11].

ХІХ ғасырдағы ойшыл зерттеушілердің бірінен саналатын Л. Мейер ханның кең өлкенің оңтүстігіне қарай қоныс аударуын «дала қарақшысының өз жеке басының пиғылын ойлаған іс-әрекетімен» байланыстырды [12]. Ең бастысы, Л. Мейер өз зерттеуінде Кіші жүз көшпенді қазақтарының хан басқаруындағы ауқымды көтеріліске қатысуының кейбір жақтарын ғана атап көрсетті. Аталған автордың еңбегінде келтірілген кейбір деректер мен мәліметтер сол заманда өмір сүрген басқа да зерттеушілердің еңбектерінде қайталанады.

Кейіннен Батыс Сібір губернаторы болған И.Ф. Бобков осы көтеріліс туралы жинақталған материалдарын жазу барысында Кенесары ауылдарының Жетісуға қарай қоныс аударуының себептерін империялық отаршылдық пиғыл мақсатына қарай көпе-көрнеу бұрмалап көрсетті. Ол қазақ даласының оңтүстігі мен Жетісу қазақтарын «біздің Ресей бодандығын қабылдағандар» ретінде сипаттап, жағдайды көрсетуде теріс бағаға жол берді. Оған қоса ол Кенесары жасақтарының қырғыздармен арадағы қақтығысының «басты себебі» – ханның «тас дәуіріндегідей жабайы қырғыздарды өзіне бағындырғысы» келгені ретінде ой айтты [13].

Кенесары ханның қайшылығы мол күрделі тарихи тұлғасы толық зерттеліп болды деген пікір түюге әлі де ертерек. Тіпті көтерілістің әскери жағынан ұйымдастыру мәселелері, Орта Азиядағы хандық билік иелерімен саяси қарым-қатынастарының алмағайып өзгеріп отыруы, көтеріліске ағаман, би-болыстардың қатысуы, сарбаздарды қару-жарақпен қамтамасыз ету және тағы басқа да мәселелер байыпты да терең зерттеуді қажет етіп, уақытын күтіп отыр. Қазақ халқының ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық күресінің тарихы, оның ұйымдастырушысы Кенесары хан туралы мәселелер толық ашылып, тарихи деректер мен мәліметтер түгелдей қамтылды деуге әлі де болмайтынын ескергеніміз абзал.

Резюме

В этой статье дается историографический анализ национально-освободительного восстания 1837-1847 годов, который возглавлял Кенесары Касымулы.

Summary

In this article provides a historiographical analysis of the national liberation uprising 1837-1847 years who led Kenesary Kasymuly

Пайдаланылған әдебиеттер

1 «Жұлдыз» журналы, 1990. -№ 7. -153-177 бб.

2 Валиханов Ч.Ч. Собр. соч., в пяти томах. Т. 2. -Алматы: 1985. -379 с.

3 Середа Н. Бунт киргизского султана Кенесары Касымова // Вестник Европы. 1870. -№ № 8, 9.

4 Стеклова Ф. Адольф Янушкевич и его книга // Дневники и письма из путешествия по казахским степям.-Алматы: ХХХVІІІ, 1966. -1 с.

5 Семенов-Тянь-Шанский А.П. Путешествия (Мемуары). Т.2. -Москва: 1949. -48 с.

6 Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. Алматы, 1947.

7 Вяткин М.П. Письмо в редакцию // Вопросы истории, 1952. -№ 2.-158 с.

8 Тимофеев Н., Федоров Е. Борьба казахов в 1837-1847 годах за независимость // Большевик Казахстана, 1940. -№ 4. -47 с.

9 Вестник АН КазССР, 1948. -№ 3. -47 с.

10 Дружинин Н.М. Во имя научной истины // История Казахстана: Белые пятна. 1991. -33 с.

11 Жамгерчинов Б. Добровольное вхождение Киргизий в состав России.-Фрунзе: 1963. -103 с.; Жамгерчинов Б. Киргизы в эпоху Орман хана // Труды института истории, языка, литературы Киргизского филиала АН СССР. Вып. 1.-Фрунзе: 1945. -120 с.

12 Мейер Л. Киргизы Оренбургского ведомоства. -СПб., 1865. С. 57-64

13 Бабков И.Ф. Воспоминания о моей службе в Западной Сибири. Кн.1. -СПб., 1912.