“2007 жылдың осынау Дүниежүзілік почта күнінде, әлемдегі саяси жағдайлар әмбебап почта қызметі туралы көп жазуға мәжбүрлеп, осыған орай экономикалық тұрғыдан қарағанда оның мақсатқа лайықтылығын ерекше атап өткім келеді.
Әмбебап қызмет елдің және бүкіл әлемнің экономикалық тиімділігіне, ал жаңа технологиялар мен Интернет почта операторларына қолданыстағы қызметтердің сапасын көтеруге және жаңа түрлерін ұсынуға мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар әмбебап қызмет осы жаңа технологиялар ұсынатын мүмкіншіліктерге бейімдейді”.
2008 жылы қазақстандық почта ұлттық экономиканың дербес сегменті ретінде осы саланың бөлінгеніне 15 жыл толуын атап өтетін болады. Бұл Қазақстан Республикасындағы почталық аумақта мамандандырылған құқық кеңістігін қалыптастыруға және әр түрлі меншік нысандарымен почталық операторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік туғызды.
1999 жылдан бастап 2000 жылға дейінгі кезең Қазпочта үшін күрделі болды, яғни акционерлікке өту жүрді, өйткені почта саласы қызметінің барлық жақтары өзгеріске ұшырады. Мемлекеттік кәсіпорын нысанынан акционерлікке өту бюджеттен еңбекақы төлеуден өзін-өзі қаржыландыруға көшуге, материалдық-техникалық базаны жаңғырту үшін сырттан қарыз алудың дербес саясатын дайындауға, компанияның рыноктағы позициясын күшейтуге, оған қоса кең тараған қызмет түрін көбейту және жаңа түрлеріне игеруге бағытталған стратегиялық даму бағыттарын әзірлеуді талап етті.
Жаңа экономикалық жағдайға өту менеджменттен шешім қабылдауда креативтікті, барлық жұмыскерлерді алға қойылған мақсаттарға жетуге жұмылуды және компаниядағылармен қатар ауыл тұрғындары тұрпатында біздің ең көпшіл тұтынушыларымыздың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуді қажет етті. Екінші жағынан, сыртқы жағдайлар компанияның және клиенттің үміті мен сұраныстарына сәйкес келетін сапалы деңгейдегі қызметтердің кең ауқымын көрсету үшін бизнес-ортаға шоғырландыруды талап етті. Қазақстан Республикасының егемен мемлекет ретінде қалыптасу аясында халықаралық алаңда танылуға көп көңіл бөлінді, бұл халықаралық одақтар мен ұйымдардағы мүшелікке қосылуды білдіреді және барлық мемлекеттер үшін стратегиялық маңызды салаларда өзара ынтымақтастықты дамыту үшін қолданыста болатын бірыңғай ережелер жинағын қабылдау ниетін қарастырады. Қазақстан почтасы үшін мұндай сыртқы саясат бағыты: қысқа мерзім ішінде халықаралық почта кеңістігінде біздің мемлекетті толық құқылы әрі лайықты серіктес ретінде танытуды көздейді.
Байланыс желілері мен құралдарын үндестіру, почталық технологияларды нарықтық жағдайларға бейімдеу мақсатында 1991 жылғы желтоқсанда ТМД елдерінің байланыс әкімшіліктерінің басшыларымен байланыс саласындағы аймақтық достастық (әрі қарай – АБД) құрылған болатын. Оның жұмысы почта байланысын пайдалану, техникалық саясат және жаңа озық технологияларды енгізу, почта байланысын дамыту жөнінде бірлескен инвестициялық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру, мемлекетаралық почта алмасуда жаңа қызмет түрлерін енгізу мәселелеріне байланысты өзара қарым-қатынасты ұйымдастыруға бағытталған. АБД өзінің қызметімен халықаралық деңгейде кеңінен танылды, Халықаралық электр байланыс одағында және Дүниежүзілік почта одағында бақылаушы мәртебесіне ие болды. 2005 жылы Астана қаласында өткен почта байланысы жөніндегі АБД комиссиясының 19-шы мәжілісінде “Қазпочта” АҚ басқарма төрағасы АБД почта байланысы бойынша операторлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бұл халықаралық аренада Қазақстан почтасының мәртебесі мен елеулілігі ұдайы өсіп келе жатқандығының айғағы еді.
1992 жылы Қазақстан Республикасы дүниежүзілік почта желісінде еркін жұмыс істеуді және сапалы деңгейде халықаралық почта алмасуды ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін әлемнің 190 елін біріктіретін Дүниежүзілік почта одағына ресми түрде қабылданған болатын.
Почта одағын құрудың бастауы 1874 жылы Швейцарияда 22 ел өкілдерінің Берн шартына қол қоюдан басталды және содан бері барлық елдер 9 қазанда Дүниежүзілік почта күнін атап келеді. Бұл әр текті почта қызметтері мен ережелерден өзара хаттармен алмасу мақсатында бірыңғай почта ережелерін құруға мүмкіндік туғызды. Халықаралық почтаның еркін өтуіне бөгет болған кедергілер мен шектеулер алып тасталды. Үш жылда Одақ мүшелерінің саны тез өсіп, 1878 жылы Дүниежүзілік почта одағы болып қайта аталды.
Дүниежүзілік почта күнін мерекелеуге және еліміз экономикасының дербес сегменті ретінде почта байланысы саласының 15 жылдығына байланысты айрықша мәнді оқиғалар қарсаңында қазақстандықтарды соңғы жеті жыл бойы негізгі іргетасы қаланған, әрі қарай үдемелі дамуын алып жүретін почта қыметінің жетістіктерімен таныстырғым келеді.
2000 жылы почта индустриясын дамыту жөнінде ДПО ұсыныстарын алға тарта отырып, Қазақстан Республикасы почталық индустрияны дамыту жөнінде Дүниежүзілік почта одағының ұсыныстарын ұстанып, почта-жинақ моделін негізге қабылдаған, бұрынғы кеңестік елдер арасында бірінші ел болды. Почта қызметінің ауқымды әртараптандырылуы почталық қызметпен қатар қаржылық қызмет көрсету арқылы оны коммерциялауды көздейді. Қызмет түрлерін көбейтіп дамыту арқылы келесі нәтижелерге қол жеткізілді: соңғы жеті жылда Қазақстан Республикасында жазбаша хат-хабарлар көлемі 3 есе, сәлемдемелер – 75%, мерзімдік баспасөз басылымдары – 2 есе, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлеріне еңбекақы төлеу – 600 есе, зейнетақы және жәрдемақы – 5,2 есе, қабылданған коммуналдық төлемдер мен салықтар қабылдау – 47 есе, депозиттер – 50 есе, ақша аударымдары – 3 есе өсті. Мысалы, еліміздің бір тұрғынына шаққанда ақылы ақша аударымының саны жылына 6,4-тен 14,2 бірлікке дейін, қаржылық қызмет көлемі 8 есе өсті. Компанияның табысын көрсетілетін қызметтердің көлемі 4 есе өсіруге септігін тигізді, яғни 2006 жылы 12,8 млрд. теңгеден асты, таза табыс – 125 есе, яғни 2,2 млн. теңгеден 275,7 млн. теңгеге дейін жетті. Компанияның негізгі жетістіктері ретінде еңбек ресурстарын күшейтуін атап өтуге болады. Еңбек өнімділігінің 3 есе өсуі соңғы 7 жылда жұмыскерлердің еңбекақысын 2000 жылғы 8,9 мың теңгеден 2006 жылдың қорытындылары бойынша 32,8 мың теңгеге дейін немесе 3,7 рет көтеруге мүмкіндік берді. Қосымша 5 865 жаңа жұмыс орны ашылды.
Почта-қаржы қызметтерінің кең ауқымы еліміздің бүкіл аумағын қамтитын, тармақталған почталық бөлімшелердің желілері базасында олардың қолжетімді болуымен қамтамасыз етіледі, оған қоса 3 096 тұрақты бөлімшелердің 2 498-і немесе 80%-ы ауылдық жерлерде орналасқан.
Тармақталған почта желісі компанияның әлеуметтік маңызды қызметтер рыногында басым болуына мүмкіндік туғызды. Мысалы, “Қазпочта” АҚ-тың зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақы төлеу жөніндегі үлесі 50%, еңбекақы төлеу – 26%, төлемдерді қабылдау – 25%, оның ішінде республиканың ауылдық елді мекендерінде – 100%-ды құрайды. Мерзімдік басылымдарды тарату және жазылу қызметінің рыногында “Қазпочта” АҚ үлесіне республикада таратылатын және жазылатын мерзімдік баспа басылымдарының 85%-ға жуық таралымы келеді. Біздің компаниямыздың маңызды басымдылығы көрсетілетін қызмет сапасын арттыру болып табылады, оған қол жеткізуге барлық жұмыскерлер тартылған.
Бүгінгі күні қала-аудан деңгейінде почталық жөнелтімдерді тасымалдаудың орташа жиілігі аптасына 5,4 ретті, аудан-ауыл – 3,4 ретті құрайды, жеткізу мерзімі барлық бағыттар бойынша 1 күнге қысқарды және таяу жылдары әр елді мекенге хат-хабарлардың күнделікті жеткізілуіне қол жеткізуге ниеттіміз.
Почталық қызметтер бойынша еліміздің барлық облыс орталықтарында орнатылған, ІPS Lіght халықаралық қадағалау жүйесі базасында Қазақстан Республикасының аумағы бойынша ішкі және халықаралық жөнелтімдерді қадағалаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу арқылы ЕМS Kazpost курьерлік қызмет көрсету технологиясы жетілдірілді. Бұл почталық жөнелтімдердің тұрған орны туралы ақпарат алуға мүмкіндік берді, яғни оның жоғалып кетпеуін қамтамасыз етеді. Қоғам ЕМS-қызметін Қазақстан Республикасының барлық аумағындағы 334 пунктте көрсетеді. 2006 жылдың қорытындысы бойынша Дүниежүзілік Почта одағының ЕМS кооперативімен “ЕМS қызметін сертификаттау бойынша Қазпочта” АҚ-қа “қола деңгейі” берілді (196 қатысушылардың ішінен 36-шы орын).
2007 жылдың маусым айынан бастап “Қазпочта” АҚ “Сrіcket” жүйесі бойынша Интернет базасында кіріс сәлемдемелерді іздестіру жөнінде шетел почта әкімшіліктерінің салған сұрауына электронды жауап беру жүйесіне қосылды.
Ұлттық банкаралық төлем карточкалары жүйесін дамыту бағдарламасы шеңберінде қалалық жерлерде және ірі ауылдық елді мекендерде орналасқан почталық байланыс бөлімшелерінде банкоматтар мен POS-терминалдар орнату арқылы почталық төлем карточкалары жүйесін енгізу жөнінде жұмыс атқарылды. Барлығы 15 190 почталық төлем карточкасы шығарылды. Халықаралық Vіsa және Master Card жүйелеріне қосылу базасында төлемдер мен почталық аударымдар қабылдауға үстеме қосымшаларды қолдану технологиясы әзірлене бастады.
Тұтынушылық қарыздар беру және почталық байланыс бөлімшелерімен банктердің шоттарына депозиттер қабылдау жөнінде екінші деңгейлі банктермен агенттік келісімдер жасаудың арқасында берілген несиелердің көлемі 40,0 млрд. теңгеге, депозиттер – 5,1 млрд. теңгеге дейін өсті. “Қазпочта” АҚ халықтан және компаниялардан олардың пайдасына төлемдер қабылдау жөнінде көптеген банктермен ынтымақтастық қарым-қатынас жасайды. “Қазпочта” АҚ сонымен қатар төрт жыл қатарынан он бір бюджеттік жіктеу коды бойынша бюджетке салық төлемдерін тегін қабылдайды.
Азаматтарға әлеуметтік жағдайына, жасына және географиялық орналасуына қарамастан, қаржы құралдары мен қор рыногының қызметтеріне бірдей шартта қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын көтеру құралы ретінде қолданылатын трансфер-агенттік желі құрылған. Бүгінгі күні жеке және заңды тұлғаларға бағалы қағаздар бойынша мәмілелерін тіркейтін 223 пункт қызмет көрсетеді. 2006 жылы “Қазақтелеком” АҚ акциялары ойдағыдай өткізілді.
Ұялы байланыс қызметінің төлемдерін қабылау жөнінде “Kmobіle”, “Beelіne”, “Dalacom” “Pathword” сияқты ұялы байланыс операторларымен ынтымақтастық қарым-қатынас кеңейтілуде.
Барлық қазақстандықтар үшін компьютерлік сауаттылықты көтеру және Интернет-ресурстардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін “Қазпочта” АҚ ауылдық жерлерде жұртшылық Интернет желіні еркін пайдаланатын 45 пункт ашты. Ағымдағы жылдың соңына дейін қосымша 70 пункт ашу жоспарланып отыр. Енді қазір Интернет арқылы филателиялық өнімдерді сатып алуға және “Интернет-жазылым” арқылы мерзімді басылымдарға жазылуға болады.
“Қазпочта” АҚ “Посылторг”, “Katorg”, “Otto”, “Ридерз Дайжест”, “Nіckermann” компанияларымен ынтымақтастық қарым-қатынас жасау арқылы Қазақстанда каталог бойынша сауда-саттықты дамытып келеді, “оқулық-почтамен” каталогы бойынша жалпы білім беретін әдебиеттер мен оқулықтарға жазылу мүмкіндігі беріліп отыр.
Аталмыш жетістіктер почталық-қаржы инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуға негізделген, яғни 2000 жылдан қоса алғанда 2007 жылға дейінгі кезеңде 12,0 млрд. теңгеге жуық сомаға инвестициялар тартылды. Соның нәтижесінде почталық байланыс бөлімшелерінің ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу және техникалық жайластыру деңгейі көтерілді, жұмыс орындары кассалық техникамен, компьютерлік және банктік құрал-жабдықтармен жарақталды, автокөлік және почта вагондарының парктері жаңартылды, қазіргі заманға сай бағдарламалық өнімдер сатып алынды.
Жоғарыда аталған жетістіктер Қазақстан Республикасының почта-жинақ жүйесінің саласында Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясында белгіленген іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды.
Біздің компанияның стратегиялық даму жоспарларында таяудағы бес жылда негізгі күш халықаралық стандарттар деңгейінде көрсетілетін, почта-жинақ жүйесінің нақты экономикалық қызмет секторына және халыққа еркін мүмкіндік беруге жұмсалатын болады. Алға қойылған мақсаттарға жету үшін қазіргі технологияларды енгізу базасында почта-жинақ жүйесін жаңғырту үшін экономикалық және технологиялық жағдай жасау жөнінде басымдылықтар анықталған. 2011 жылға қарай нормативтік талаптарға сай келмейтін барлық ауылдық почталық бөлімшелердің техникалық және күрделі жайластыруды аяқтау, онда Интернетке көпшілік (ұжымдық) қол жеткізетін пункттерді ашуды ұйымдастыру (бұдан әрі –КҚП), сондай-ақ ауылдық жерлерде ХҚО ашу үшін жағдай жасауды қамтамасыз ету. Бюджеттік қаржыландыру есебінен 1 489 ауылдық почталық байланыс бөлімшелерін салу, сыртқы қаржыландыру есебінен – 622 ауылдық почталық байланыс бөлімшелерін салу жоспарланып отыр; Дүниежүзілік Почта одағының елдері арасында Қазақстан Республикасы почта ағындарының транзитін қамтамасыз ету үшін Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларында 3 автоматтандырылған логистикалық-сұрыптау орталығын ашу жөнінде байқау жобаларын жүзеге асыруды аяқтау; халықаралық деңгейге сәйкес келетін, “Қазпочта” АҚ толық функционалды орталықтандырылған ақпараттық-логистикалық жүйені құру; тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған жоғары технологиялық қызметтерді енгізу арқылы өнім қатарын кеңейту; 2012 жылға қарай қала мен ауыл арасында қызмет көрсету сапасына байланысты алшақтықты қысқартатын, барлық ауылдық почталық байланыс бөлімшелерінде халықаралық стандарттар деңгейінде почталық-қаржы қызметінің стандарты тізбесін көрсетуді қамтамасыз ету.
Қазақстан почтасына белгіленген жоспарларды жүзеге асыру Достастық елдері арасында көшбасшы позициясын алуға және біздің бұдан былай ниетіміз – позициямызды халықаралық деңгейде де нығайтуға мүмкіндік туғызады.
Әрине, бұл 20 мың жұмыскерден тұратын, үлкен ұжымның ерен еңбегі мен кәсіби біліктілігінің жемісі. Жұмыскерлердің келешекке нық қадаммен адымдауы, қоян-қолтық еңбек етуі осындай күрделі де маңызды жоспарларды жүзеге асыруға жол ашатындығын атап өткім келеді.
Мен өз әріптестерімді және барша қазақстандықтарды ортақ кәсіби мерекемізбен шын жүректен құттықтай отырып, барлықтарыңызға еліміздің игілігі жолындағы еңбектеріңізге зор табыстар тілеймін!
ҒЫЛЫМДЫ ӨНДІРІСПЕН ҰШТАСТЫРЫП
Елбасымыздың халыққа Жолдауында мемлекетіміздің келешектегі даму стратегиясының басты бағыттарының бірі ретінде – ғылыми жетістіктерге негізделген отандық өндіріс орындарын, оның ішінде мәшине жасау саласын дамытудың қажет екені айтылған. Осыған сәйкес, бүгінгі ел экономикасының қайнар көзі болып отырған жерасты табиғи қазба-байлықтарын іздестіру, сапалы барлау және өндіру шаруаларында ұңғы бұрғылау жұмыстарының алатын орны ерекше.
Егер КСРО кезінде елімізде ұңғы бұрғылау қондырғыларын, құрал-саймандарын жобалау, іске асыру жұмыстары мүлде болмағанын ескерсек, үстіміздегі жылы Мемлекеттік сыйлыққа “Жайлау” компаниясы” ЖШС және “Алмас” ғылыми орталығы” ЖШС бірлесе ұсынған еңбек “Тау кен және өндіру саласында ұңғы құрылысында қолданылатын құрал-саймандардың ғылыми жаңалықтарға негізделген түрлерін жобалау, жасап шығару және өндіріске енгізу” – осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған серпінді қадам.
Оның ішінде, бұрғы қондырғысының салмағының және қасиеттерінің өзара байланысын зерттеу алгоритмы бойынша жаңа тәсілмен жобаланған, отандық қондырғы УБГ–800-дің үлес салмағы үлкен. Басқару жүйесі сұйықтың қысымымен қызмет атқаратын, айналмалы, жылжымалы қозғалтқышы бар, тереңдігі 800 метрге жететін ұңғыларды бұрғылауға арналған қондырғы УБГ–800 жұмыс көрсеткіштері жағынан шетелдік қондырғылардан кем емес. Ал еңбек өнімділігін айқындайтын қасиеттері – айналмалы қозғалтқыштың жүру жолының ұзындығы, айналу жиілігі бойынша олардан көш ілгері.
Алматы және Қарағанды қаласы өндіріс орындарында дайындалған УБГ–800-дің үлгілері біраз жылдан бері Орталық Қазақстандағы кен орындарын барлау жұмыстарында пайдаланып келеді. Бақылаушы мамандардың пікірінше, қондырғының жұмыс сенімділігі, тетіктерінің үйлесімдігі және еңбек қауіпсіздігі жоғары деңгейде. Қазір бұл қондырғыларға өндіріс орындарынан сұраныстар баршылық.
Әлемдегі кен орындарын барлауда ұңғы бұрғылаудың үздік технологиясын қолдануға бейімделген ССК атты құбырлар құрамасы кеңінен пайдаланылды. Оны жетілдіру, жаңа үлгілерін жасау жолында әйгілі “Лонгиер” (АҚШ), “Кристенсен” (Швеция), “Аккема Дрилл” (Жапония), тағы басқалары ондаған жылдар бойы зерттеу, жобалау жұмыстарын жүргізгендерімен, ССК-ның қолдану аясын шектейтін шешілмей келе жатқан екі кедергі бар еді. Бірі – құраманың жер қойнауындағы қатты, аса қатты тау жыныстарын бұрғылауға жарамсыздығы, екіншісі – көлбеу ұңғыларды жүргізу мүмкіншілігі жоқтығы.
Көрсетілген кедергілерді жою үшін, ғалымдарымыздың ұзақ жылдар бойында жүргізген зерттеу жұмыстары жемісін беріп, тау жыныстарын тесудің дәлелденген тың теориясы дүниеге келді. Оның негізінде жасалынып, ССК құрамасын жасақтаған алмас қашаулардың жаңа түрлері қатты және аса қатты тау жыныстарын бұрғылауға мүмкіндік берді.
Ал ССК құрамасының көлбеу ұңғыларды бұрғылау мүмкіншілігін іздестіру үшін гидравлика ғылымында бұрын кездеспеген, цилиндр бейнелі, ұзыншақ қатты денелердің шектеулі кеңістіктегі қысымды сұйықта қозғалу құбылысын анықтайтын кешенді зерттеулер орындалды. Нәтижелері зертханалық сынақтардан өткізіліп, ғылыми тұрғыда ашылған заңдылықтары бойынша ССК құрамасының жаңа конструкциясы жасалды. Өзге құрамалардан ерекшелігі – тау жыныстарын толтырған ішкі құбырды әдеттегідей көтергіш қондырғылармен сүйреп шығару емес, су қысымымен итеріп шығаратын өте тиімді әдіс.
Сонымен елімізде тұңғыш рет ұңғы бұрғылауда қолдану аясы шексіз, ерекшелік құрылысы ғылыми жаңалықтардан туындайтын ССК құрамасы жобаланып, өндіріске еңгізілді.
Бүгінде отандық ССК құрамасы белгілі кен орындары Қызылшоқы, Қамқор, Жекедуанда қолданылуда.
“Жайлау” компаниясы” ЖШС және “Алмас” ғылыми орталығы” ЖШС және де бір жобасы – ықшам, жеңіл, геологиялық ізденіс ұңғыларын бұрғылауға арналған қондырғылар – БШ-25/1, БШ-25/2. Белгілі шетелдік “Азимут Энерджи” компаниясының тапсырысымен жасалған бұл қондырғылардың тиімді жұмыстарының нәтижесінде Солтүстік Бозашы, Құмкөл, Небит-Даг (Түркіменстан) көмірсутекті аймақтарында ондаған мың ұңғылар бұрғыланып, келешегі болуы мүмкін кен орындары анықталды.
Сонымен бірге, ғалымдарымыздың өміршең жобаларының қатарына – мемлекеттік сертификацияға ие болған аса дәл өлшеу құралдары МИГ, МИГ-47М, қызмет түрі көп, ұңғылардың бағытын жедел өзгертетін және бақылайтын аспап МФК, шетелдік фирмалардың үлкен сұранысын туғызған таңбалы тау жыныстарын алу КМ 59/76 құралын жатқызуға болады.
Жоғарыда аталған зерттеулердің нәтижелері әлемдік баспа орындарында жарық көрген – монография, 45 мақалада айтылған, ашылған жаңалықтар Қазақстанның және шетелдің 17 патентімен қорғалған.
Қортындылай айтқанда, көп жылдар бойы жүйелі түрде жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізінде елімізде тұңғыш рет әлемдік бәсекелестікке қабілетті өнім шығара алатын бұрғы мәшинелерін жасау саласы пайда болды.
Өркенді өзгерістер үшін
17-18 наурыз Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайының залында “Қазақстан экономикасының инновациялық дамуының стратегиялық бағдары” атты ІІІ Халықаралық экономикалық конгресс болды. Ол мемлекеттің экономиканы басқару саласындағы теориялық әзірлемелер мен оның түрлі салаларындағы іс жүзіндегі тәжірибенің синтезі болып табылады.
Конгресті ұйымдастыруға дәстүрлі түрде “Валют-Транзит” банктік тобы, Қазақстан экономистерінің ассоциациясы, көпсалалы Гуманитарлық-техникалық университет ұйытқы болды.
Шақырылғандардың санатына мемлекеттік органдардың, халықаралық және шетелдік ұйымдардың өкілдері, жаңашыл педагогтар, қаржы рыногына қатысушылар, белгілі экономист-ғалымдар өнеркәсіптік сектордың мамандары, Қазақстанның, ТМД елдерінің және алыс шетелдердің қоғам қайраткерлер кірді.
Конгресс алдына халықаралық маңызды мәселені қойды, өйткені Қазақстан Республикасының инновациялық қаржылық және индустриялық қайта құру аясында қойылған проблемалар мен мақсатқа жету шешімдерінің жолын пысықтау тетігі болып табылады. Ғылымды дамыту – бәсекеге қабілетті экономиканы құрудың өзекті факторы екендігі айдан анық. Себебі инновацияны қалыптастыруға арналған ғылыми-зерттеу саласының базасы екендігі шүбәсіз.
Аталған шара ғалымдардың, өнеркәсіпшілердің, кәсіпкерлер мен қаржыгерлердің күш-қуатын біріктіріп, мемлекет экономикасының дамуы үшін қажетті нақты міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Конгреске қатысқан әр адам Қазақстанның даму әлеуетін ескере отырып, барлық инновациялық жобаларға қызмет көрсету үшін бүкіл экономикалық ғылымды жетілдіру қажет екендігін пайымдады. Және де, шын мәнісінде осы тұрпатты шараға ТМД елдері мен алыс шетелдердің жетекші экономист-ғалымдарының қатысуы тегіннен тегін емес.
Қазіргі уақытта біздің елімізде инновация проблемасына қызығушылық мынадай өлшеммен айқындалады, өйткені, ХХІ ғасырда әлеуметтік-экономикалық өркендеуде бірінші кезекте, ғылыми-техникалық прогресті жеделдетуге және зияткерлік факторлардың өсуін кеңінен қолдануға байланысты.
– Елбасы Н.Ә.Назарбаев таяудағы жылдар ішінде біздің еліміз әлемдегі экономикалық ең дамыған елдер құрамына енуді міндет етіп қойып отыр. Конгресс жұмысының барысында біз Қазақстан Республикасының жаңа инновациялық даму жолдарын зерттеуіміз және пысықтауымыз қажет, – деді ІІІ Халықаралық экономикалық конгрестің бас демеушісі, экономика ғылымдарының профессоры, “Валют-Транзит” банк тобының президенті А.А. Беляев. – Біз өндірістің жоғары технологиялық салаларына ұмтылуымыз қажет. Егерде бізде экономиканың зияткерлік салаларының барынша дамыған салалары болса, онда әлемдік нарықта Қазақстанның маңызы биіктей түседі.
Конгреске қатысушылар соңынан ғылым игілігіне жемісті еңбек ету үшін өздерінің нысандарына жүріп кетті. Жұмыстар мынадай төрт секция бойынша жүргізілді: “Қазақстандағы инновация мен экономикалық өсу”, “Қазақстан Республикасындағы қаржы-кредиттік жүйедегі инновация”, “Қазақстан экономикасы салаларындағы іс жүзіндегі жетістіктер мен инновациялық даму” және “Ғылым, білім ықпалдастығының және ұлттық экономиканың инфрақұрылымын нығайтуда өндірістің проблемалары ”.
Мәжіліс барысында секцияларда экономиканың индустриялық-инновациялық өсуінің, қаржы-кредиттік тетікті дамытудың, ғылым-білім жүйесінің және тұрақты экономикалық өсудің зияткерлік факторларының теориялық және әдістемелік аспектілерін айқындайтын баяндамалар тыңдалды. Шын мәнісінде барлық еңбектер қызықты әрі мазмұнды болды. Қатысушылар пікір тартысына қатысып, тәжірибе алмасты, көкейкесті мәселелерді көтерді. Бір қуаныштысы, жылдан жылға жастардың экономикалық ғылымдарға ынтасы мен қызығушылығы артып келеді. Оның да себебі бар, өйткені, біз әлемдік экономикада қарқынды күш алып келе жатқан мемлекетте өмір сүреміз.
Келесі күні “Шағала” қонақүйінде конгрестің салтанатты жабылуы болды. Секциялардың төрағалары өздерінің бөлімшелеріндегі қызметтің қорытындысын шығарды, тиісті ұсынымдарды, экономиканы инновациялық дамытудың стратегиялық бағдарларын пысықтады. Бұл құжаттар кейіннен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне жіберілді. Әрине, көзге түскен үздік қатысушылар “Маңызды жұмыс”, “Практикалық мәнділік”, “Дәлелді сипаттау” және “Бірегей идея” атты төрт номинация бойынша құрмет грамоталарымен марапатталды. Қазақстан экономикасын реформалауға ғылымның, бизнес пен білімнің өзара қатысы жолдарын іздеу, көкейкесті мәселелерін анықтау шарасы шын мәнінде өзінің алдына қойған қызметін толық атқарды деуге болады.
Р.S. Өз үйлеріне оралған конгрессмендер секциялар мәжілісі кезінде алған тәжірибелерін іс жүзінде қолданып, инновациялық дамудың жаңа технологияларын енгізеді және өз отандастарының тіршілігін жақсартуға қол жеткізеді. Ал бір жылдан кейін олар тағы да қонақжай шахтерлер шаһары Қарағандыда бас қосады. Мұнда ІV Халықаралық экономикалық конгресс өткізіледі. Қарағандылықтар дәстүрлі түрде қатысушыларды құшақ жая қарсы алып, маңызды шараның өткізілуіне барынша үлес қосады. Ең бастысы — қатысушылар экономика салаларын басқарудың жаңа аспектілерін талдап, жақсы әсер қалдырады.