Кім болмасын әдемілікті жақсы көреді. Әсіресе, сұлулық сыйлау жолында қызмет етіп жүрген, осы жолды өмірлік ұстанымы етіп алған жандардың орны айрықша. Сондай жандардың бірі – негізі 1947 жылы қаланған, отандық сән әлемінің бастау бұлағында тұрған «Сымбат» сән академиясының арт–директоры Балнұр АСАНОВА. Ол Мәскеуде, Дубаида және Вашингтонда өткен Сән апталықтарына үнемі қатысып келеді. Сонымен қатар Б. Асанова – «Wһіte and black», «Cһіcco’s» және «Vіctorіa secrets» сауда белгілерімен танымал американдық «Mast Іndustrіes» компаниясының ресми дизайнері болып қызмет істеді. «Cһіcco’s by Balnur Assanova» белгісімен киімдерді АҚШ пен бүкіл әлемнің 500 өкілдігінде кездестіруге болады. Қазақстандық сән өнерінің әлемдегі орны қаншалықты? Осы сауалға жауап іздеп, Балнұр Асанованы әңгімеге тарттық.
– Қазақстандағы қазіргі сән өнері туралы пікіріңіз?
– Қазақстанда сән өнері жоқ деген пікірмен келіспеймін. Сән өнері сонау ерте кезден–ақ жолға қойылған. Ата–бабаларымыздың киген әрбір киімдерінің өзі қайталанбас үлгілерге жатады. Олардың тігуге пайдаланған барқыт, шибарқыт сияқты маталарының өзі қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие. Мысалы, Парижге барғанымда осыған көзім жетті. Атақты франциялық дизайнерлер өз еңбектеріне дәл осы барқытты кеңінен қолданып жүр. Сол сияқты велюр де бізден қалған десем артық болмас. Керек десеңіз қазіргі таңда сәнге айналған киім үлгісі, яғни пішу түрлері де қазақтың ұлттық киімінен қалған. Мәселен, еуропалықтар үшін енді ғана сәнге айналған киімдері, бұрынғы қазақтың камзолының үлгісі сияқты. Сондай–ақ, киізден тігілген сырт киімдер де шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Бұның барлығы қазақтың қолөнерінен шыққан дүниелер. Сондықтан, Еуропа емес, Қазақстандық сән өнері әлемді аузына қарата алады.
– Биылғы жылы Нью–Йоркте LACOSTE, DKNY, Y–3, MІSS SІXTY, CAROLІNA ҺERRERA, JІLL STUART, BETSY JOҺNSON, DІESEL, ANNA SUІ, CALVІN KLEІN, RALPҺ LAUREN, DONNA KARAN, TOMMY ҺІLFІGER сияқты әлемдік брэндтермен бірге коллекцияларыңызды ұсынбақшы едіңіздер?
– Иә, қыркүйектің 5–12–сі аралығында Нью–Йоркте Сән апталығы – ІMG Fasһіon Week (Mercedes Benz Fasһіon week New York) ашылды. Онда АҚШ пен бүкіл әлемнің талантты дизайнерлері «Көктем–жаз–2009» жаңа маусымына арналған киім үлгілерін ұсынды. Солармен бірге біз де өз коллекцияларымызбен таныстырмақшы болдық. Бірақ, оған жай қонақ ретінде барып қайттық. Себебі, басқа сән апталықтарындағыдай емес, бұл жолы жарнамалау, шақыру билеттерін тарату, коллекцияларымызды көрсететін әдемі қыздарды табу сияқты басқа да ұйымдастыру жұмыстарын өзіміз жүргізуіміз керек болды. Оған уақыт та тығыз. Сондықтан келесі жылдың ақпан айына ысыруға тура келді.
– Шетелдік дизайнерлер несімен ерекшеленеді?
– Олардың киім үлгілері өзгеше. Көбінесе қыз–келіншектерге арналған киімдері кеңдеу болып келеді. Қолпылдаған немесе рэп үлгісіндегі киімдерді көп ұсынады. Оларда толық адамдар көп болғандықтан, кейбір кемшіліктерін жасыруға тура келеді. Сондықтан соларға ыңғайлап тігіледі. Әсіресе, қара нәсілді адамдарға арналған арн–би, хип–хоп үлгісі кеңінен таралған немесе кеңсеге арналған киімдер. Біздегідей ұлттық нақыш мүлдем кездеспейді.
– Сол сән апталығына ұсынатын киім үлгісі қандай болады?
– Біздің ұсынатын киімдеріміз ұлттық нақышта болып келеді. Әрине жаңағы айтып кеткен шетелдік үлгіден тіпті басқаша. Әр киім қазақы оюлармен көмкеріледі, ертеден келе жатқан құрақ өнері де қолданылады. Бұл басқа мемлекет үшін жаңаша үлгі болмақ. Алғаш рет Мәскеуге барғанымызда «Ой, мынау Қазақстаннан ғой», – деп баға берместен кері қайтқандар да болды. Бірақ, артынан әлемдік үздік дизайнерлердің жоғары бағалауынан кейін арнайы келіп тамашалаушылар қатары көбейді. Нью–Йоркте болатын Сән апталығы әлемдік деңгейдегі дизайнерлерді жинайды. Сондықтан еліміздің намысын қорғауда ең жоғары деңгейде көрінеміз деп сенемін.
– Әр кезде әр түрлі үлгідегі киімді тігу оңай шаруа емес. Сіздің туындыларыңыз өмірге қалай келеді?
– Кейбір өнер адамдары көңіл–күйім болмаса, жұмысым өнбейді деп жатады. Менде керісінше. Әдемі заттарды, әдемі дүниелерді көргенде көңілім көтеріліп қалады. Көзіме түскен қазақтың ою–өрнектері небір үлгілердің жарыққа шығуына септігін тигізеді. Бір оюдың астарынан бірнеше үлгісін көруге болады. Әрбір ұлттық өрнектер неше түрлі қиялға жетелейді. Өзім үшін ғасырлық қор жинай аламын дер едім.
– Өзіңіз гардеробыңызды жиі ауыстырасыз ба?
– Бұрынғыдай емес, соңғы жылдары жиі ауыстырамын. Бірақ, мен өте қымбат киімге емес, өзіме жарасатын, денеме қонымды дегендеріне жүгіремін. Қымбат емес киімнің өзі үлгісі жағынан, түсі жағынан жарасып тұрса, кез–келген адамның өңін ашады. Расын айтсам, өте қымбат киімге ақша шығарғым келмейді.
– Сіздің ойыңызша, біздің қазақстандықтар сәнді киіне ме?
– Әрине. Өзіміздің жерімізде халқымыз сәнді киінеді. Олар сән өнері туралы көп нәрседен хабардар. Бұрынғыдай сәнге айналған киім 3–4 жылға кешігіп келмейді. Қазақстандықтар ненің әдемі, ненің әдемі емес екенін ажырата алады. Бұрынғыдай синтетикадан жасалған дүниелерге жүгірмейді.
Әсіресе өзіміздің қазақтың қыз–келіншектері көркем әрі дұрыс киіне алады. Бірнеше баланың анасы болса да, уақыт тауып өзін – өзі күтімелдеп жүреді. Мейлі үстіндегі көйлегі 1000 теңге тұрсын, бет–бейнесінің әдемілігімен, өзін–өзі ұстау ерекшелігімен сәнді болып көрінеді. Әлемдегі бірнеше мемлекеттерде болдым, осыған көзім әбден жетті.
– Қазіргі таңда елімізде хиджаб киіп жүрген қыздар көп. Дизайнер–модельер ретіндегі пікіріңіз?
– Әр адамның өз еркінше киінуге құқы бар. Әсіресе дін жолына түскен қыз–келіншектердің киімі белгілі бір заңдылықтармен шектеледі. Ұзын жең, ұзын етекті, ашық–шашық емес дегендей. Кейінгі кезде бізге арнайы тапсырыспен келетіндер қатары көбейді. Олардың талаптарына сәйкес, жиын–тойға, салтанатты шараларға киетін киімдер тігеміз. Мысалы, етек–жеңі ұзын, денеге жабыспаған киімдердің өзін өрнектеп, болмаса басына салатын орамалын шашақтап, оған сәйкес сөмкесіне дейін сәнді етіп жасауға болады.
– Шетелде сіздің қолыңыздан шыққан дүниелерге тұрақты сұраныс білдіріп тұратын жандар бар болар? Олардың арасында белгілі киножұлдыз Стивен Сигал да бар деп естиміз…
– Құдайға шүкір, тұрақты тұтынушылар бар деп айтуға болады. Белгілі киножұлдыздың «Сымбат» сән үйіне арнайы бас сұғып, бірнеше киім үлгілерін сатып алғаны да бар. Бұл ретте тағы бір айта кетерлігі, әйгілі жұлдыз өз тарапынан Вашингтон сән апталығына қатысуға да ұсыныс жасаған болатын. Ал бұл сән апталығының маңыздылығы айрықша. Оған қатысуға әлемнің түкпір–түкпірінен 1 мыңнан астам журналистер аккредитациядан өтеді. 40 шақты дизайнер сән көрсетілімін көпшілік назарына ұсынады. Алғаш бұл ұсынысты естігенде қатты қуандым. Жуырда Вячаслав Зайцев те келіп, өз бағасын беріп кетті. Еліміздің өнер жұлдыздары да тапсырыс береді.
– Биылғы жылы қандай және қандай түстегі киім үлгілерін таңдаған дұрыс?
– Қашанда жасанды емес, тек табиғи талшықтардан жасалған дүниелер сән әлемінен шеттетілмейді. Киім үлгілеріне ашық, қою түстер көп қолданылатын болады. Қара, ақ, қызыл, көгілдір және жасыл түсті киімдер көп сұранысқа ие болмақ
ФРАНЦИЯНЫ ТАҢ ҚАЛДЫРҒАН ҚАЗАҚ ҮЛГІСІ
Францияның Канн қаласы – өнер мен мәдениеттің, жалпы, шығармашылық адамдарының бас қосып, пікірталастырып, жұмысын жұрт назарына ұсынатын орталығы. Ол киноның ғана емес, сән әлемінің соңғы жаңалықтарын күллі дүниеге паш етеді. Канн фестивалі әлемдік деңгейдегі оқиға ретінде танылған. Дүние жүзінің ең белгілі дизайнерлері мен модельерлері осы салтанатты арнайы көру үшін әлем кеңістігін алыссынбай-ақ ұшып келіп, бағасы жоғары бес жұлдызды қонақүйлерге тоқтап, осы фестивальге сән үлгілерін ұсынуға келген меймандардың үш жүзден астам дүкендерін аралаумен күн өткізеді. Міне, енді, сол әйгілі Cannes shoppіng Festіval ұйымдастырушыларының шақыруымен белгілі модельер Құралай Даниярофф-Нұрқаділова Қазақстанның атынан қатысып қайтты. Құралайдың 2006 жылғы көктем мен жаз маусымдарына арналған киім үлгісі француздың талғамы жоғары сәнқойларына керемет әсер қалдырғанға ұқсайды. Бүкіл әлем жаңа жылды тойлаудан шаршап, мерекенің әсерінен айыға алмай жүргенде, қаңтардың 4-15-і аралығында Құралай 11 күн бойы 4,5 мың адам сыятын сән сарайында өзінің үздік дүниелерін көрсетіп жатты. Канның бір кереметі – мұндай мерекелерде ең қымбат киімнің де бағасы арзандайды. Құралай Salvatore Ferragamo, Valentіno, Chrіstіan Lacroіx, Eskada, Jіkі, Alіne, Buffet haute couture секілді сән әлемінен ойып тұрып орын алған белгілі сән брэндтерімен бірге қатысты. Құралай Канн фестиваліне әр түрлі коллекциясынан 70-ке тарта эксклюзив дүниелерін апарыпты. Оның 25-і – аса сәнді көйлек. Осы сапары жөнінде кеше ғана арнайы баспасөз конференциясын өткізген Құралай сән үлгілерінің 70 пайызының сол жерде бірінші рет көрсетіліп, тұсауы кесілгенін айтты. Ал бұл дегеніңіз әдеттегідей бір көрсетілімнің аясында ұсынылатын үлгілерден үш есе көп. Модельердің айтуына қарағанда, киім үлгісіне бүгінгі сән әлемінің, әсіресе, Еуропаның, Батыстың ең соңғы жетістігін қосалқы аксессуар ретінде пайдаланып, ең жаңасын алып жапсырғанымен де, одан бәрібір Шығыстың иісі аңқып тұратын көрінеді. Сондықтан да өз бағытыңды ұстай білген және оны жоғалтпаған абзал. «Kuralaі» Жоғарғы сән үйінің әрбір бұйымы қолмен жасалған жұмыс және декор, силуэт, құрастыру саласындағы жаңа дүниелерді пайдалануымен ерекшеленеді. «Kuralaі»-дағы бір бұйымның бағасы – 2 000 доллар. Бұл сән дүниесіндегі қарапайым әрі қалыпты баға болып есептеледі. Әр заттың, көйлектен бастап, аяқ киімге дейін бірнеше күн, бірнеше апта бойына бел жазбай, көз майын тауысып, қолмен тігілетінін ескерсек, бұл бағаның онша да қомақты емес екеніне сенуге болады. 1995 жылдан бері доллардың бағамы қанша құбылмалы болса да, Құралай қолмен орындалатын киімдердің бағасын өзгертпепті – сол 2000 доллардың айналасында. Баға тұтынушы үшін де, тапсырыс беруші үшін де, тіпті тапсырысты орындаушы үшін де бірқалыпты болуға тиіс деп есептейді Құралайдың өзі.