Қазақстан Республикасының заңдары азаматтықты азаматтардың жиынтығы арқылы емес, әр жеке адам бойынша белгілейді.
Қазақстан Республикасының азаматтығына адамның мемлекетпен арасындағы өзара құқықтар мен бостандықтар жиынтығын білдіретін тұрақты саяси-құқықтық байланыс ұғынылады.
«Азаматтық» ұғымы заң бойынша үш элементтен тұрады:
- адамның мемлекетпен байланысы уақытша емес, тұрақты болуы тиіс. Адам өз қалауы бойынша азаматтықты біресе қабылдап, біресе одан бас тарта алмайды.
- адамның мемлекетпен байланысы саяси-құқықтық сипатта болады. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын кез-келген адаммен құқықтық байланысқа түсе алады. Бірақ саяси қатынас тек мемлекет пен оның азаматы арасында ғана орнай алады.
- мемлекет пен азаматтың арасында өзара құқық пен міндеттемелер белгіленеді.
Қазақстан Республикасы өзінің органдары мен лауазымды адамдары атынан өз азаматтары алдында жауапты, ал Қазақстан Республикасы азаматтары өзінің республикасы алдында жауапты. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, оның мүдделерін, аумақтық тұтастығын қорғауға, әдет-ғұрып, дәстүрлерді, мемлекеттік тілді және оның аумағында тұратын басқа да ұлт өкілдерінің тілдерін құрметтеуге, Қазақстан Республикасының қуатының, егемендігі мен тәуелсіздігінің нығайтылуына үлес қосуға міндетті.
Қазақстан Республикасының азаматтығының негізгі мәселелері Конституциямен және Республиканың азаматтық туралы Заңымен реттеледі. Конституцияға азаматтық туралы негізгі қағидалар: барлық азаматтардың теңдігі туралы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігі туралы, құқықтар мен бостандықтардың шектелуіне жол берілмейтіндігі туралы, азаматтықтан айыруға, республика шегінен қуғындауға және басқаларына жол берілмейтіндігі туралы қағидалар енгізілген. Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы Заң: қандай адамдардың Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатынын, олардың құқықтық жағдайларын, азаматтықты алу және тоқтату тәртібін, ата-аналардың азаматтығы өзгерген және бала етіп асырап алған кездегі олардың балаларының азаматтығын, азаматтық мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттігін, азаматтық мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттігін, азаматтық мәселелер бойынша арыздар мен ұсыныстарды қарау, шешімдерді орындау тәртібін, сондай-ақ азаматтық мәселелері жөніндегі шешімдерге шағымдану тәртібін белгілейді.
Қазақстан Республикасының азаматтары азаматтыөты алу негіздеріне, шығу тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайларына, нәсілді және ұлттық сипатына, жынысына, біліміне, тіліне, дінге қатынасына, саяси және өзге де наным-сеніміне, руы мен қатынас сипатына, тұратын орнына және басқа мән жайларына қарамастан заң алдында тең.
Азаматтық туралы Заң күшіне енген күнге – 1992 жылдың 1 наурызына Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын; азаматтық туралы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адамдар Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
Қазақстан аумағында тұратын, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын және шетелдің азаматтығына жататындығына дәлелдемелері жоқ адамдар азаматтығы жоқ адамдар деп есептеледі.
Қандай да бір болсын шет мемлекетке жататындығына дәлелдемесі бар адамдар шетел азаматтары болып есептеледі.
Қазақстан Республикасының азаматтығы:
- тууы бойынша;
- Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдану нәтижесінде;
- Қазақстан Республикасының халықарлық шарттарында қарастырылған негіздер бойынша;
- Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы Заңда қарастырылған өзге де негіздер бойынша алынады.
Бала өмірге келген кезде ата-аналарының екеуі де Қазақстан Республикасының азаматтығында болса, қай жерде туғанына қарамастан, бала Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады. Егер бала өмірге келген кезде ата-аналарының екеуі де Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұрса баланың азаматтығы ата-аналарының жазбаша нысанда білдірген келісіміне орай белгіленеді. Егер ата-аналарының бірі бала өмірге келген кезде Қазақстан Республикасының азаматтығында болса, егер бала:
- Қазақстан аумағында туған;
- Қазақстаннан тыс жерде туған, бірақ ата-аналарының немесе олардың біреуінің осы кезде Қазақстан аумағында тұрақты тұратын орны болса, бала Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады. Бала өмірге келген кезде ата-аналарының біреуі Қазақстан Республикасының азаматтығында болса, ал екіншісі азаматтығы жоқ адам болса, бала қай жерде туғанына қарамастан Қазақстан азаматы болып табылады.
Басқа мемлекеттің азаматы және азаматтығы жоқ адам олардың өтініштері бойынша азаматтық туралы заңда қаралған шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануы мүмкін. Кәмелеттік жасқа толмаған қабілетсіздер, Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңіргендер, саяси себептермен Қазақстан аумағын тастап кетуге мәжбүр болғандар және олардың ұрпақтары көрсетілген шарттарсыз Қазақстан азаматтығына қабылданады. Қазақстан Республикасының Президентінің 1993 жылғы 23 желтоқсандағы Жарлығымен азматтық туралы Заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл жарлық бұрынғы Кеңес Одағының азаматтары арасындағы қатынастардың кейбір ерекшеліктерін бейнелейді. Бұрынғы КСРО азаматтары бір республикадан екіншісіне еркін қатынады. Туыс адамдардың әр түрлі республикаларда тұруларына мүмкіндіктері болды, тұрып жатты да және бір-бірімен ешқандай қиындықсыз араласты. Алайда, КСРО-ның ыдырауының және дербес мемлекеттердің құрылуының нәтижесінде жағдай өзгерді. Шекара белгіленді және соған орай шектеулер қойылды. Бұл адамдардың қатынасына, мемлекетаралық қатынастарға әсер етті. Бұрынғы КСРО республикалары азаматтарының арасындағы тарихи қалыптасқан қатынастарды одан әрі нығайту және Қазақстан азматтығын алудың жеңілдетілген тәртібін белгілеу мақсатында Жарлық Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы Заңға өзгеріс енгізді. Отбасылық қатынастарды қалпына келтіру үшін бұрынғы одақтас республикалардың Қазақстан Республикасы азаматтарына жақын туыстары (балалары, жұбайы, ата-аналары, апа-сіңлілері, аға-інілері, атасы мен әжесі) барлар Қазақстан азаматтығына қабылданатын болды. Жеңілдетілген тәртіптің мәні мынада, Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау туралы тілек білдірген адамдардың өтініштері өтініш берген күннен алты айдан асырмай қаралатын болады. Сонымен білге осы Жарлық ҚР-ның азаматтық туралы заңмен белгіленген басқа адамдардың азаматтық алуға қажетті он жылдық тұрақты тұру мерзімін бес жылға дейін кемітті.
Азаматтық туралы мәселелер Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарымен шешіледі. Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы осы мемлекеттердің азаматтығын алудың жеңілдетілген тәртібі туралы туралы келісімге осылай қол қойылды. Мұндай келісімдер аталған мемлекеттердің өздерінің азаматтығының жалпыға бірдей нормаларын, құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, адамдардың тиісті тарихи және дәстүрлі достық байланыстарын сақтау мен нығайтуға ұмтылудан туындайды. Келісімге сәйкес әр тарап басқа елден өз аумағына тұрақты тұруға келген, бұрынғы КСРО азаматы екндігін дәлелдеген азаматтарға азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібін ұсынады. Мұндай тәртіп төмендегідей шарттардың бірі орындалса:
- Егер өтініш білдіруші азаматтығын алған тараптың аумағында туған немесе тұрған болса;
- Өтініш білдірушінің біреуі болса да азаматтығын алатын тараптың аумағында тұрақты тұратын және жақын туыстары: жұбайы (зайыбы), ата-аналарының (бала етіп асырап алғандардың) біреуі, баласы (оның ішінде асырап алған баласы), апа-сіңлісі, аға-інісі, атасы және әжесі оның азаматтары болып табылса қолданылады. Ішкі істер органдары тараптардың бірінің азаматтық алуын тіркеуді үш айдан асырылмайтын мерзімге жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырады.
Келісімде ата-аналары азаматтығының өзгерілгеніне байланысты балалардың азаматтығы өзгеруінің ерекше тәртібі қарастырылған. Ата-аналарының азаматтығы өзгерген кезде, соған орай екеуі де басқа тараптың азаматы болады не екеуі де тараптардың бірінің азаматтығынан шығады, тиісінше олардың кәмелетке толмаған балаларының да азаматығы өзгереді.
Азаматтыққа қабылдау және азаматтықтың тоқтатылуы.
Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың дәстүрлі де жеңілдетілген тәртібі кезінде қабылдауға қарсылық білдіру негізі қолданылады. Азаматтыққа қабылдау туралы өтініш, егер адам:
Адамзатқа, Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігіне қарсы қылмыс жасаса;
Қазақстан Республикасы аумағының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақырса;
Мемлекеттік тәуелсіздікке, халықтың денсаулығына нұқсан келтіретін заңға қарсы қызметті жүзеге асырса;
Мемлекетаралық, ұлтаралық және діни өшпенділікті тұтатса, мемлекеттік тілдің қызметіне қарсы әрекет етсе;
Террорлық әрекеті үшін сотталған болса;
Сотпен аса қауіпті қылмескер деп танылса;
Басқа мемлекеттің азаматы болса қабылданбайды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша басқа мемлекеттің азаматы Республика азаматы болып танылмайды, яғни, қос азаматтық танылмайды.
Жалпы, әлемдегі көптеген елдердің заңдары қос азаматтыққа рүқсат етпейді. Қос азаматтық институты мемлекеттің мазмұнының өзіне қайшы келеді. Өйткені мемлекеттің әлеуметтік негізі, мемлекеттік биліктің қайнар көзі халық, ол мемлекетпен саяси байланыста болады. Қос азаматтық алған адамдар санының көбеюі саяси себептер бойынша халықты тек бөлшектеуі мүмкін.
Егемендік, тәуелсіздік кез келген мемлекеттің бөлінбейтін қасиеті болып табылады. Егемендік пен тәуелсіздік мемлекеттің бүкіл қуатымен, оның осы мемлекеттің азаматтарына қызмет ететін Қарулы Күштерімен қорғалады. Қос азаматтығы бар адамның, егер ол сонымен бір мезгілде дауласушы мемлекеттің де азаматы болса, өзі тұратын мемлекетті жан-тәнімен қорғайды деп толық сеніммен айтуға бола ма? Әрине, жоқ. Адамның патриоттық сезімі бір елге, бір мемлекетке ғана арналады. Одан әрі, кез келген мемлекеттің өзінің мемлекеттік құпиясы, жасырын: әскери, ғылыми, техникалық, қызметтік және басқа құпиялары болады. Бір елдің азаматы ретінде елдің құпиясын білуге мүмкіндігі болған адамның, оны тап сондай азаматы болған екінші бір елге таратып жібермейтіндігіне шексіз кепілдік жоқ. Бұл құпиялардың «тонның ішкі бауындай» сақталатынына 99,9 пайыз сенуге бола ма? Мұны Қазақстан Республикасының «Азаматтық туралы» Заңы да жанамалап таниды.
Жеке адамға қатысты алғанда қос азаматтық адамдар арасындағы теңсіздікті білдіреді. Халықаралық құқық нормалары ретінде де, ұлттық заң нормалары ретінде де барлық адамдар үшін бірдей тең құқықтар мен бостандық тар белгілейді. Алайда, қос азаматтығы бар адамдар азаматтығына қарай екі ел тарапынан да қорғалуға құқылы. Мұндай кепілдік кез келген елдің Конституциялық заңдарында қарастырылған. Тиісінше, бір елдің азаматтығын алғандар мен қос азаматтық алғандар арасында тепе-теңдік болуы мүмкін емес. Жаппай қос азаматтық кезінде ол бір елдің азаматтығын алғандар санасына теріс әсер ететін болады. Екінші жағынан, азаматы болып табылатын бірінші ел тарапынан басқа елге қысым жасаудың тұрақты факторы болады.
Осы айтылғандар жеке азаматтықтың дұрыстығы және қос азаматтық ерекше жағдайда ғана танылуы керектігін көрсетеді. Дегенмен, қос азаматтыққа барлық мемлекеттің заңдары рұқсат етеді. Мемлекеттердің азаматтық туралзаңдарындайырмашылық қос азаматтылықтың пайда болуының бір себебі болып табылады. Әр мемлекетте азаматтық мәселесін реттейтін нормалар қайшылығыныі нәтижесінде азаматтың екі немесе одан да көп мемлекеттің азаматы болып танылатын жағдайлардың тууы мүмкін. Қос азаматтық көп жағдайда халықаралық шарттар негізінде пайда болады.Азаматтылықтың тоқтатылуы.
Қазақстан Республикасының азаматтығы Азаматтық туралы Заңда қарастырылған жағдайда тоқтатылады.
Оған Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығу жатады. Азаматтықтан шығуға Азаматтық туралы Заңда белгіленген тәртіппен берілген өтініш негізінде рұқсат етіледі. Азаматтықтан шығу жөнінде арыз Ішкі істер министрлігі және сыртқы істер министрлігі арқылы Президенттің атына беріледі. Жасы он төртке толмаған бала Қазақстанның азаматтығынан шығуға өтініш берген кезде, ата-аналарының бірі Қазақстанның азаматтығында қалатын болса, осы ата-анасының баланың Қазақстан азаматтығынан шығуына өзінің қатынасы білдірілген арызы берілуі тиіс.
Заңмен белгіленген жағдайларда азаматтықтан шығуға рұқсат берілмеуі де мүмкін. Егер азамат мемлекет алдындағы міндеттемесін немесе Қазақстан аумағында орналасқан азаматтардың немесе ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің елеулі мүдделерімен байланысты мүліктік міндеттемелерін орындамаған болса оған Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға, егер шығу туралы өтініш білдірген адам айыпталушы ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылған болса немесе сот үкімімен жазасын өтеп жатса; егер адамның азаматтықтан шығуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қауіпсіздік мүддесіне қайшы келсе де рұқсат етілмейді.
Қазақстан Республикасының азаматтығы:
- Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен қарастырылған жағдайларды есептемегенде, адам басқа мемлекеттің қауіпсіздік қызметіне, полицияға, әділет немесе өзге де мемлекеттік билік және басқару органдарына қызметке орналасуына байланысты
- егер Қазақстан Республикасының азаматтығы көрінеу өтірік мәліметтер немесе жалған құжаттар ұсыну нәтижесінде алынған болса;
- Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен қарастырылған негіздер бойынша тоқтатылады.
Ата-аналардың екеуінің де Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуына орай олардың азаматтығы да өзгереді.
Азаматтық мәселесі бойынша шешім шығарушы лауазымды тұлға – Қазақстан Республикасының Президенті. Тұратын жеріне қарамастан басқа елдің азаматын және азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау, Қазақстан Республикасына азаматтығын қалпына келтіру; Азаматтық туралы Заңда қарастырылған, Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын жағдайда Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығару; ерекше жағдайларда басқа мемлекеттердің азаматтарына Қазақстан Республикасының азаматтығын беру туралы шешімді Президент қабылдайды.
Қазақстан Республикасындағы шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайлары.
Қазақстан Республикасының Конституциясы Республика аумағына келген шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтық мәртебесін белгілейтін негізгі принциптерді бекітті. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Шетелдік азаматтың құқықтық жағдайлары туралы» Жарлығында шетелдіктердің конституциялық мәртебесі нақтыланды. Онда шетелдік азаматтардың республикадағы мәртебесі туралы халықаралық шарт нормаларының басымдығы орнықтырылды. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайлары туралы жарғыдағыдан өзгеше ереже белгіленсе, халықаралық шарттағы ереже қолданылады. Жарлық шетел азаматы және азаматтығы жоқ адам ұғымына түсінік береді. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын, өзге мемлекеттің азаматы екендігі дәлелденген адамдар Қазақстан Республикасындағы шетел азаматы деп танылады. Қазақстан республикасының азаматы болып табылмайтын және өзге мемлекеттің азаматы екендігіне дәлелдемесі жоқ адамдар азаматтығы жоқ адамдар деп танылады.
Президент Жарлығында Қазақстан Республикасындағы шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайының принциптері берілді. Олар мыналар болып табылады:
- Қазақстан Республикасындағы шетелдік азаматтар да Конституцияда және заңдарда белгіленген барлық құқықтар мен бостандықтарға ие және барлық міндеттерді атқарады. Қазақстан Республикасы Конституциясының II бөлімінде 31-бап бар. Оның 17-бабында Қазақстан Республикасы азаматтары мен шетел азаматтарына бірдей берілген құқықтар мен бостандықтар, атқарылатын міндеттер туралы айтылады. Бұл – берілетін құқықтар мен бостандықтар, атқарылатын міндеттер туралы баптар. Бұл баптарда «шетелдік азамат» термині қолданылмайды, «әркім», «барлығы», «ешкім» деген сөздер пайдаланылады.
- Шетелдік азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен белгіленуі мүмкін. Халықаралық шарттар Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарынан туындайтын ережелер белгілеуі мүмкін. Халықаралық шарттарда Қазақстан республикасы заңдарында қарастырылғаннан өзге ережелер болуы мүмкін. Егер мұндай шарттар Парламентте бекітілетін болса, ондағы ережелердің Қазақстан Республикасы заңдарындағы ережелерден басымдығы болады.
- Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары шығу тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайларына, нәсілдік және ұлттық белгісіне, жынысына, біліміне, тіліне, дінге қатысына, руына және қызмет сипатына қарамастан заң алдында тең. Бұл жалпы ереже, алайда, Қазақстан Республикасында танылған халықаралық шарттарда, халықаралық құқықтық актілерде жекелеген топтарға орай нақтылануы мүмкін. Демек, дипломатиялық қатынастағы шетелдік азаматтардың құқықтық мәртебесі қатардағы шетелдік азаматтарға қарағанда біраз өзгелеу.
- Шетелдік азаматтар өздеріне берілген құқықтары мен бостандықтарын Қазақстан Республикасының мүддесіне, Қазақстан азаматтарының және оның аумағында тұратын басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарына және заңды мүдделеріне зиян келтірмейтіндей етіп пайдаланулары тиіс. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары шетелдік азаматтарға олар абыроймен орындауға тиіс міндеттер жүктейді. Заңды бұзған жағдайда шетелдік азаматтар тең құқықтық негізде заңдық жауаптылыққа тартылады. Бұл туралы тиісті заңдарда анық айтылған.
Шетелдік азаматтар: 1) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын жерде және 2) Қазақстан Республикасында уақытша тұратын болып екі топқа бөлінеді. Ішкі істер органдары тұрақты тұруға рұқсат берген шетелдік азаматтар тұрақты тұратындар деп танылады. Қазақстан Республикасында өзге заңдық негізде тұратындар Қазақстан Республикасына уақытша келгендер деп танылады. Олар Қазақстан Республикасына келуге рұқсат етілген белгілі бір мерзімі өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетуі тиіс.
Президенттің «Шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайлары туралы» Жарлығы белгілі бір жағдайларда шетелдік азаматқа Қазақстан Республикасынан кетуге рұқсат етілмеуі мүмкін. Кетуге:
- Мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті немесе халықтыың денсаулығын сақтау мүддесінде;
- Қазақстан азаматтарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында
- Егер шетелдік азамат Қазақстан Республикасының егемендігіне қарсы шығып, Қазақстан Республикасының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақырса;
- Егер мемлекетаралық, ұлтаралық және діни алауыздық отын қоздырса;
- Егер террорлық әрекеті үшін сотталаса және т.б. жағдайларда рұқсат етілмейді.
Шетел азаматы Қазақстан Республикасының бұған өкілеттілігі бар мемлекеттік органдардың басқа мемлекетке баруға рұқсат еткендігі туралы төлқұжатқа соққан белгісі бойынша еркін шыға алады. Шетелдік азаматтың елінің келісімі негізінде шығуының басқа да тәртібі белгіленуі мүмкін. Белгілі бір жағдайларда шетелдік азаматқа Қазақстаннан шығуғу рұқсат етілмейді. Рұқсат етпеу: а) егер шетелдікті қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін негіз болса – істі жүргізу аяқталғанша; ә) егер қылмысы үшін сотталса – жазасын өтегенге дейін; б) егер сот жүктеген міндеттемені орындаудан жалтарса – міндеттеме орындалғанға дейін және т.б. жағдайларда белгіленеді.
Көрсетілген тыйымдар шетелдік азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу болып табылмайды. Олар адам құқығы туралы халықаралық актілерге қайшы келмейді.
Олар Қазақстан мемлекеті органдарының жалпыға бірдей белгіленген заң нормаларына негізделген.