Бүгінгі білім берудің өтпелі кезеңінің талабына сәйкес «Сырдария» университеті де өзінің алдына жаңа міндеттер қойып, оны неғұрлым үйлесімді шешуге ұмтылыс жасауда.
Мамандықтарды даярлауға арналған университет қызметінің негізгі бағыттары:
- кредиттік оқу жүйесіне көшу;
- оқу үрдісін ақпараттандыру;
- қашықтан оқыту әдістерін қолдану;
- екі деңгейде мамандар даярлау жүйесін енгізу;
- Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру.
Осы бағыттардың ең күрделісі, жауаптысы – оқу жүйесін кредиттік технологияға көшіру мәселесі.
Кредиттік оқу жүйесіне көшудегі басты мақсат – білім жүйесін әлемдік білім кеңістігімен кіріктіру және өндіріс пен нарықтық жағдайдың өзгеріп тұратын заманында кәсіби мамандардың әлемдік сұранысқа, бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік жасау болып табылады.
Кредиттік оқыту жүйесі – студенттердің жоғары оқу орыны қабырғасында білім алуын жеке жоспарлауына беріліп отырған мүмкіндік. Ол білім берудің демократиялығымен сипатталып, әр студенттің жеке ерекшелігі мен қабілеттерін дамытуға жағдай жасайды. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – студенттердің білім кеңістігін қалыптастыру еркіндігі, яғни, жалпыға міндетті мемлекеттік білім стандарттарының мамандар дайындаудың сапасына қоятын талаптарға сәйкес, білім алудағы өзінің ерекшелігі мен қалауына сай қалыптастыра алады.
Кредиттік оқыту жүйесі – оқу үрдісін ұйымдастыруда жаңа ізденістерге мүмкіндік ашып, «жалпыға ортақ білім» парадигмасынан «әркімге арналған білім» парадигмасына қадам жасатады.
Университетте кредиттік технология жүйесі отандық Ұлттық университеттердің — Әл – Фарабиатындағы ҚҰУ., Қ. Сәтбаев атындағы ҚҰТУ., Т. Рысқұлов атындағы ҚЭУ., Абай атындағы ҚҰПУ – тәжірибелеріне сүйене отырып жүргізіледі.
Осы мақсатта университеттің профессор – оқытушылары жоғарыда аталған университеттердегі біліктілікті арттыру курстарына жіберілуде.
Білім берудің кредиттік жүйесі 2004 – 2005 оқу жылында экономика мамандықтарына, 2005 – 2006 оқу жылында күндізгі бөлімнің барлық мамандықтарына, ал 2007 – 2008 оқу жылынан сыртқы бөлім мамандықтарына енгізілді. Студенттердің оқудағы жетістіктерін бақылап отыратын тіркеу – қызметі ұйымдастырылды. Оқу үрдісін ұйымдастыруға арналған, пәндердің оқу әдістемелік кешендерін, жұмыс бағдарламаларын, силлабустарды жазу, рәсімдеу ережелері дайындалды. Бүгінгі күні барлық пәндер бойынша силлабустар университет баспаханасынан шығарылып, кітапхана арқылы студенттерге әр семестрдің басында таратылады. Силлабустардың, ОБСӨЖ тапсырмаларының электрондық нұсқалары кітапханадағы, қашықтан оқыту және мультимедиялық орталықтардағы компьютерлерге енгізілген.
Кредиттік жүйеге өтуде байқалған қиыншылықтар да жоқ емес. Маңыздымәселеніңбірі – студенттерменмагистранттарды оқу-әдістемелік кешендермен қамтылуы. Жасыратыны жоқ, мамандықтарға сәйкес базалық және кәсіптендіру пәндері бойынша оқулықтардың аздығынемесе мүлдем жоқтығы оқу-әдістемелік кешендерді дайындауға тұсау болып тұр.
Студент білімін бақылау және тексеру кредиттік оқыту жүйесінің негізгі және ажырамас бөлігі болып табылады.
Жоғары оқу орындарындағы білімді бақылау және бағалау тәртібін ҚР МЖБС-5.03.006-2006 анықтайды.
Студенттердің оқудағы жетістіктерін бағалау рейтинг жүйесі бойынша: ағымдағы, аралық және қорытынды бақылаулар арқылы есептелінеді.
Рейтинг жүйесі — білімді бағалаудың жаңа көрсеткіші. Бұл жүйе арқылы оқытушы студенттердің дара қабілеттерін, мүмкіндіктерін және жеке тақырыптарды игерудегі кемшіліктерін нақты анықтай алады. Рейтинг жүйесін қолдану оқытудың барлық кезеңі аралығында студенттердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді, материалды терең және сапалы игеруге ықпал етеді.
Ағымдағы бақылау – пәннің оқу бағдарламаларына сәйкес оқытушылардың күнделікті жүргізетін сабақтарын студенттің меңгеруін тексеру.
Студенттің пәнді игеру дәрежесін және білімін тексеру үшін күнделікті бақылаудың келесі түрлері қолданылуы мүмкін:
- бақылаудың ауызша түрі, (тараудың бір немесе бірнеше тақырыптарын өткен соң, оның меңгерілуін тексеру мақсатында сұрақтарға жауап немесе ситуациялық талдау түрінде өткізілуі мүмкін);
- жазбаша бақылау, (курстың белгілі бір тарауын өткен соң, оның меңгерілуін тексеру мақсатында есеп шығару, ситуацияны талдау, практикалык тапсырманы орындау немесе бақылау сұрақтарына жазбаша түрде жауап беру арқылы жүргізіледі);
- ауызша және жазбаша бақылау (бір немесе бірнеше модуль бойынша ауызша және жазбаша түрде жауап беру түрінде жүргізіледі);
- үй тапсырмасын қорғау және презентациялау (үй тапсырмасының меңгерілуінің дұрыстығын, өткізілген тақырыптарды қорыта алуын, олардың арасындағы логикалық байланыстарды анықтап, оны көпшілік алдында дәлелдей алуын тексеру мақсатында жеке не топ болып орындау);
- дискуссия, тренинг, дөңгелек стол т.б. (студенттің жеке көпшілік жағдайында немесе ойын түрінде проблемалық сұрақтарды талдай, ойлай және шешім қабылдай алуын, сонымен қатар, оның меңгерген дағдыларын тексеру мақсатында өткізіледі);
- тест (пәннің жеке не бірнеше немесе бүкіл тарауы бойынша тест сұрақтары түрінде құралған тапсырмаға берген жауабы арқылы білімін тексеру және бағалау)
Білімді тексеруге дайындалған құжаттар алдын – ала сараптан өтіп, мазмұны пәннің бағдарламасына сәйкес болуы керек.
Студенттердің пәндер бойынша ағымдағы бақылаудан жинақталған ұпайлары әр аптаның соңында тіркеу бөліміндегі компьютерлерге енгізіледі.
Аралық бақылау оқу үрдісінің академиялық күнтізбесіне сәйкес жетінші және он төртінші апталарда өткізіледі. Семестрдегі аралық бақылаудан (САБ) студенттер әр пән бойынша 60 ұпайдан жинай алады. САБ-дан студент 50%- данкем ұпай жинағанда, емтиханға жіберілмейді.
Білімді қорытынды бақылау теориялық оқу аяқталғаннан кейін емтихан тапсыру арқылы жүзеге асырылады. Қорытынды бақылауға 40 ұпай бөлінген. Пән бойынша қорытынды бағаға аралық (60 ұпай) және емтихан(40 ұпай) ұпайлары кіреді.
Студенттердің курстан-курсқа көшуіне негіз — үлгерімнің орташа ұпайы (GPA). GPA пәндер бойынша қорытынды ұпайлардың сандық баламасының кредиттерді көбейтуден шыққан нәтижелерді оқытудың бір курсындағы студенттердің жалпы санына бөлу арқылы анықталады. Университетте GPA ұпайы: 2 — курсқа көшу-1,33; 3 — курсқа көшу-1,67;4 — курсқа көшу-2,00 болып бекітілген.
Студент бағдарламалық материалды толық игеріп, қатесіз орындағанда, зертханалық және бақылау жұмыстарын уақтылы, әрі дұрыс орындап өзіндік бірегей ойлау танытқанда, ғылыми — зерттеу жұмыстарымен айналысып, бағдарламалық материалдарды өз бетінше иегере білген жағдайда, студенттің білімі 95-100% (4,0), А және 90-94 (3,67) А- бойынша бағаланады.
Студент бағдарламалық материалдарды 75%-дан кем игермесе, жауаптарында айтарлықтай қателіктер жіберілмесе, зертханалық және бақылау жұмыстарын уақтылы орындап, оқытушының нұсқауымен қосымша әдебиеттер пайдаланып, ескертулер мен қателіктерін өз бетінше түзей алғанда, студенттің білімі 85-89% (3,33) В+; 80-84% (3,0) В; 75-79% (2,67) В- бойынша бағаланады.
Студент бағдарламалық материалдарды 50%-дан кем игермесе зертханалық және бақылау жұмыстарын оқытушының көмегімен орындап, жауаптары толық болмағанда, бағдарламалық материалдарды жүйелі игере алмағанда, студенттің білімі 70-74% (2,33) С+; 65-69% (2,0) С; 60-67% (1,67) С-; 55-59 % (1,33) Д+ және 50-54% (1,0) Д бойынша бағаланады.
Студент бағдарламалық материалдардың 50%-ын игермесе, ағымдағы аралық бақылау тапсырмаларын орындамаса, студенттің білімі 0-49% (0) Ғ бойынша бағаланады.
Университетте қорытында бақылаудың, емтихандардың 60%-ы компьютерлік тест бойынша қабылданады. Тестілік тапсырмалар ағымдағы, аралық бақылауларға да дайындалады және қорытынды бақылауда сол тестілік тапсырмалардың мазмұны, бағыты ескеріледі. Білімді тексеруде тестілік тапсырмаларды 1864ж. Ұлыбританияда Дж. Фишер қолданды. Тестілеудің теориялық негізін ағылшын психологы Ф. Гальтон 1883ж. қалады. «Тест» терминін алғаш 1890ж. американдық психолог ДЖ. Кеттелл енгізді. Тестілік тапсырмалардың басқа бақылау түрлерінен ( ауызша-жазбаша) артықшылығы оның оқу материалдарының көп бөлігін қамтитындығы, тексеруге кететін уақытты үнемдеуі, бағалаудағы тәуелсіздігі, объективтілігі, жоғары дәрежедегі сенімділігі.
Көбіне тестілік тапсырмалардың келесі түрлері жиі қолданылады:
— бірнеше жауаптан дұрысын табу;
— толықтыру;
— ретімен орналастыру;
— сәйкестендіру;
— тақырыптық.
Қорытынды бақылауда дұрыс жауабын табу тестілері қолданылады. Тестілік тапсырмаларды білімді бекіту, қайталау, жүйелеу, яғни білім беру әдісі ретінде пайдалану да тиімді.
Тестілік тапсырмалардың сапасы келесі мәселелердің қамтылуымен анықталады:
— тест сұрақтарының, жауаптарының нақты, түсінікті болуы;
— тест сұрақтарында оқу материалдарының толық қамтылуы;
— тест сұрақтарының қойылған мақсатқа сәйкестігі.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты 5.03.006-2006.- Астана,2006
- Основы кредитной системы обучения в Казахстане.- Алматы: Қазақ университеті, 2004.
- Внедрение кредитной технологии подготовки специалистов в Университете «Мирас».- Шымкент, 2003
- Аванесов В.С. Тесты в социологическом иследовании.- М.: Наука, 1982.