Әлемнің әлеуетті алып ұйымдары Қазақстанмен қатынастар көкжиегін кеңейтуге ықылас танытуда. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс бабындағы сапармен келген Бельгия Корольдігінің астанасы Брюссельдегі Еуроодақ және НАТО басшылығымен кездесуі кезінде айқын аңғарылды.
Брюссельді Еуропаның орталығы деуге де болады. Өйткені, мұнда Еуропалық Одақтың негізгі басқару органдары және НАТО-ның штаб-пәтері орналасқан. Қалада мыңдаған халықаралық ұйымдар жұмыс істейді. Сондықтан Елбасы сапары тек Бельгия Корольдігі аясында шектеліп қалған жоқ. Сапар жөнінде мағлұматтар беретін бағдарламаға қарап, оның кең ауқымда болатындығын аңғарған едік.
Күткендегідей Елбасы өзінің алғашқы кездесуін Еуропалық Одақтың атқару органы болып табылатын Еуропалық комиссияның төрағасы Жозе Мануэл Баррозумен кездесуден бастады. Бұл кездесу Еуропалық комиссия орналасқан “Берлемон” ғимаратында өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы 2 наурызда вице-президент Ф.Андрияссен бастаған Еуропалық комиссияның делегациясын қабылдады. Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы саяси байланыс міне, осы кезден бастап орнықты. 1993 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы өкілдігі ашылды. Қазақстанның Бельгиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Константин Жигалов қазір осы өкілдіктің басшысы қызметін қоса атқаруда. Ал 1994 жылы Алматыда Еуропалық комиссияның өкілдігі ашылды. Оны А. Вандер Меер басқарады.
Елбасының Еуропалық Одақтың өкілетті және атқару органдарының басшыларымен әрбір кездесуі ықпалдастыққа жақсы әсерін тигізіп, еліміз экономикасы үшін осындағы үлкен рыноктың есігі ашыла түсуіне қызмет етіп келеді. Мемлекет басшысы 1995 жылы қаңтар айында Брюссельде ЕО кеңесінің төрағасы А.Жюппемен кездесіп, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім жасасса, 2000 жылғы маусым мен 2002 жылғы қараша айындағы ЕО-ның жалпы сыртқы саясат пен қауіпсіздік саласындағы Жоғарғы өкілі – ЕО кеңесінің бас хатшысы Х.Соланамен және Еуропалық комиссияның басшысы Р.Продимен кездесулері екі жақты қатынастарды одан әрі өрістете түсті
Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қауымдастық арасындағы қарым-қатынастары
2002 жылғы қарашада Қазақстан Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қауымдастық арасындағы термо-ядролық синтезді басқару мәселесіндегі ынтымақтастық келісіміне қол қойылды.
Қазіргі күні Қазақстанда уран шикізатының бай қоры негізінде “Қазатомпром” ұлттық компаниясын уранды өндіру мен өңдеу бойынша әлемдегі жетекші компанияға айналдыру жөніндегі өршіл жоспардың қолға алынғаны белгілі. Мұның өзі таяудағы 4-5 жылдың айналасында еліміздегі уран өндірісін еселеп арттыруға және оны өңдеудің жаңа сапалық деңгейіне шығуға мүмкіндік бермек.
Екінші жақтан алғанда, мұнай-газ қорының шектеулілігіне байланысты атом энергетикасына деген қажеттіліктің күшеюімен қатар өндірістік тұрғыдан игеру мәселесіне адамзат қолы әлі жете қоймаған энергияның жаңа көзі – сутегін алу жөніндегі ынта-ықылас та барған сайын артып келеді. Осыған байланысты әлемнің дамыған ірі елдері (әсіресе, табиғи энергия көздеріне зәрулікті сезіне бастаған Еуропа елдері) термо—ядролық реакцияларды синтездеу арқылы басқаруға мүмкіндік береді деп есептеліп отырған халықаралық эксперименттік «ТОКАМАК» реакторын салудың жобасын қолға алуға белсенділікпен кірісіп кеткені белгілі. Болашақта бұл жобаға Қазақстан да қатысуы мүмкін. Өйткені, Курчатов қаласындағы ядролық орталықта материал тану мақсатындағы «ТОКАМАК» реакторын Ресей ғалымдарының көмегіне сүйене отырып салу жөнінде әңгіме қозғалып, осы мақсатта халықаралық ғылыми-теориялық конференция да өткізілген болатын.
Екіншіден, халықаралық эксперименттік термо—ядролық реактор жобасы жүзеге асқан жағдайда оның сыртқы бетін қаптауға берилий металы пайдаланылуы мүмкін. Ал ол металл Америка мен Қазақстанда ғана өндіріледі.
Үшіншіден, қазіргі қолданыстағы атом энергетикасына деген сұраныс артқан жағдайда Қазақстанның әлемдік энергетика нарығындағы рөлі қазіргіден де күшейе түсуі мүмкін.
Міне, осы жағдайлардың барлығы қосыла келе Еуропалық Одақтың атом энергетикасы мен термо—ядролық реакцияларды синтездеу мәселесінде Қазақстанмен ынтымақтастық құруға ниетті екендігін байқатып отыр.
Елбасының Еуропалық Одақ органдарының басшыларымен кездесуі басталардан бір күн бұрын Брюссельдегі “Конрад” қонақүйінде Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қоғамдастық арасында Ядролық энергияны бейбіт мақсатқа пайдалану жөніндегі келісім дәйектелді. Оған Қазақстан жағынан Энергетика және минералдық ресурстар министрі Б.Ізмұхамбетов, Еуропалық Одақ жағынан Энергетика жөніндегі комиссар А.Пиебалгс қол қойды.
«Біз бүгін жоғарыдағы құжатқа қол қою арқылы Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы атом энергетикасы мен термоядролық реакцияларды синтездеуге қатысты келісімге өзіміздің ниетті екендігімізді бекіттік. Қазақстан осы уақытқа дейін көбінесе Ресейді уран таблеткаларымен қамтамасыз етіп келді. Бұл таблеткалар Ресейдегі атом реакторларының технологияларына сәйкес әзірленген. Енді өзіміздің атом энергетикасын дамыту жөніндегі бағдарламамызға сәйкес Еуропадағы атом реакторының технологиясына сәйкес уран өнімдерін әзірлейтін боламыз. Сонымен қатар әңгіме ядролық отынды бейбіт мақсатта тереңдетіп өңдеу мәселесіне де қатысты болып отыр. Еуропа Одағымен атом энергетикасы жөніндегі ынтымақтастықтың артуы бізге жаңа рыноктағы орнымызды кеңітуге мүмкіндік береді», – деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Ал А.Пиебалгс Қазақстанның әлемдік уран өндірісіндегі ықпалын арттыру жөніндегі жоспарына Еуропалық Одақ елдері назар аударғандығын, өйткені бұл мәселенің маңызды екендігін айта келе:
«Еуропа атом энергетикасы рыногындағы Қазақстан уранының үлесі әзірге 3 пайыз ғана. Болашақта Қазақстан Үкіметінің өршіл жоспарды қолға алуы арқылы бұл үлес артуы тиіс деп ойлаймыз. Себебі, Қазақстан уран қорына өте бай. Бұл мәселедегі ынтымақтастықты дамыту Еуропалық Одақ үшін де пайдалы болады деп ойлаймын», – деді.
Қазақстан Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық әріптесі болып табылады. 2005 жылы Қазақстанның Еуроодақ елдерімен тауар айналымы 15,3 миллиард АҚШ долларын құрады, соның ішінде экспорт – 11 миллиард доллар, импорт 4,3 миллиард доллар болды.
Ал 2006 жылдың бірінші жартысындағы тауар айналымының көлемі 9,9 миллиард долларды құрады. Мұның 7,3 миллиард доллары экспорт үлесінде.
Еуропалық Одақ елдері Қазақстан экономикасына 24 миллиард доллардың инвестициясын салып отыр. Бұл – Қазақстанға салынған шетелдік тікелей инвестицияның шамамен екіден бір бөлігі. Негізгі инвесторлар Ұлыбритания (жалпы көлемінің 13,7 пайызы), Италия (7,1), Нидерланды (5,5), Франция (1,7), Германия (1,5 пайыз) болып табылады.
Ал Еуропалық комиссия немесе Еуропалық қоғамдастықтың комиссиясы – Еуропа Одағының атқару органы. Еуропалық Одақты құруға негіз болған Еуропалық экономикалық қоғамдастық пен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық осы комиссия арқылы басқарылады. Одақтың дүниеге келуіне әсер еткен үшінші бір қоғамдастық – «Көмір мен болат» жөніндегі еуропалық бірлестік Одақ құрылысымен таратылған болатын.
Еуропалық комиссия 1967 жылдың 1 шілдесінде құрылды. Еуропалық Одаққа мүше ретінде жаңа елдердің қабылдануына байланысты оның құрамы да өсе түсуде. 2004 жылғы Еуропарламент сайлауынан кейін ол 25 комиссардан тұратын болды (әрбір мүше мемлекеттен 1 адамнан). Комиссия мүшесін әр елдің үкіметі 5 жыл мерзімге тағайындайды. Ал комиссия президентін Еуроодақ елдерінің үкіметтері бірлескен шешім арқылы тағайындап, ол шешімді Еуропалық Парламент бекітеді.
Комиссия Еуроодақтың негізгі келісім-шарттарының дұрыс сақталып, орындалуын қамтамасыз етеді. Ол қажетті мөлшерде заң белсенділігіне де ие (регламенттер мен директивалардың жобаларын жасайды). Құжаттар бекігеннен кейін олардың орындалуына бақылауды жүзеге асырады. Қатысушы елдер Еуропалық Одақ заңдарын бұзған жағдайда санкция қолдануға да құқығы бар. Сондай-ақ Еуропалық Сотқа жүгіне алады. Комиссия Еуропалық Кеңестің (Еуропалық елдердің Үкімет басшыларының кеңесі) тапсырмаларын да мүлтіксіз орындап отырады.
Комиссияның штаб-пәтері Брюссель қаласында орналасқан. Ол 26 бас директор мен комиссия мүшелерінің арасында бөлінген міндеттерді жүзеге асыратын арнаулы қызметтерден тұрады.
2004 жылдың 20 шілдесінде Еуропарламент Еуропалық комиссия президенті қызметіне Португалияның бұрынғы Премьер-министрі Жозе Мануэл Дуару Баррозуды бекітті.
Елбасының Баррозумен кездесуі барысында екі жақты қатынастар, соның ішінде сауда-экономикалық байланыстар кең көлемде талқыланды. Нәтижесінде Еуропалық Одақ пен Қазақстанның өзара қатынасын тиімді жағдайда дамытуға негізделген Бірлескен мәлімдеме қабылдауға қол жеткізілді. Мәлімдемеде былай делінген:
“Әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асырудың жеті жылы Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы үнқатысудың деңгейі мен сапасы жоғары екендігін көрсетіп отыр. Біз күшті әріптестігімізді жалпыға ортақ игіліктер негізінде дамытудағы алға басушылыққа, сауда-экономикалық ынтымақтастықтағы қол жеткен жетістіктерімізге, жаңа жаһандық қыр көрсетулерге жауап берудегі, энергетикалық қауіпсіздік пен өркениеттердің тиімді үнқатысуын қамтамасыз етудегі бірлескен әрекеттерімізге қанағаттанғандық білдіреміз. Біздің берік әріптестігіміз екі жақты экономикалық байланыстардың тұрақты түрде кеңеюіне ықпал етіп отырғандығын, 2002 жылдан бері тауар айналымының үш есе өскендігін қанағаттандықпен атап көрсетеміз”.
Сондай-ақ мәлімдемеде қуат көздерін жеткізуді әртараптандыру жөніндегі Еуроодақ саясатына ықпал етуде Қазақстанның маңызды рөлі атап көрсетілген.
Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэл Баррозу Қазақстан Президентінен Каспийден Қара теңіз арқылы өтетін энергетикалық дәлізді дамытуға қолдау білдіруін өтінді. Мұндай жағдайда Қазақстаннан, Орталық Азия мен Кавказдан мұнай-газ ресурстарын Еуропалық Одаққа мультимодельдік тасымал жүйесі, соның ішінде газ құбырлары мен мұнай құбырлары арқылы жеткізудің мүмкіндігі пайда болмақ. Өз кезегінде Қазақстан Президенті бұл жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиісті жағдайларды қалыптастыру үшін Қазақстан мен Еуропа Одағына бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. ЕО мен Қазақстан оны жүзеге асыруға Ресейдің қатысуын қош көрген болар еді.
Төраға Баррозу Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Еуропалық комиссияның Бакудегі белсенділігі аясындағы ЕО мен Қара теңіз және Каспий өңірі елдерінің энергетикасы жөніндегі Министрлік конференцияда Қазақстанның қабылдаушы ел болуына келіскендігі үшін алғысын білдірді. Бұл конференция қараша айында Астанада ойдағыдай өткен болатын. Ондағы қабылданған қорытынды мен жол картасы Каспий бассейніндегі мұнай мен газ өндіруші елдер мен Еуропалық Одақ арасындағы байланысты нығайта түспек.
“Қазірдің өзінде біз энергетика саласындағы жекелеген стратегиялық үнқатысуымызды жалғастыру үстіндеміз және оның белгілерін байқап отырмыз.
Қазақстанның Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен Еуропалық комиссия ЕО мен Қазақстан арасындағы энергетика саласы бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Оған Қазақстан жағынан Энергетика және минералдық ресурстар министрі Бақытқожа Ізмұханбетов және Еуропалық Одақтың өкілі қол қойды. Бұл меморандум Каспий өңіріндегі табиғи газ бен мұнайды ірі өндіруші ретіндегі Қазақстанның маңызды рөлін және ЕО мен Қазақстанның энергетикалық сектордағы ынтымақтастықты нығайтуға деген өзара ықыласын мойындайды”—, делінген мәлімдемеде. Қазақстанның әлемдегі 50 мемлекетпен бәсекеге қабілеттігі
Екі басшы да Қазақстанның соңғы жылдардағы жоғары экономикалық көрсеткіштерін атап өтті. Еуропалық Одақ Қазақстанның әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекетінің қатарына қосылу жөніндегі бағдарламасын қолдайтындығы, Қазақстанның индустрияландыру жөніндегі бағдарламасына қолдау білдіріп, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал жасайтындығы, 2007 жылы Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруіне де толық қолдау көрсетілетіндігі мәлімделді.
“Қазақстан өңірлік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде негізгі елдің бірі және Орталық Азия мен Кавказ елдеріне елеулі инвестиция салып отыр”, делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу секілді бастамаларын Еуроодақтың мақұлдайтындығы айтылған.
Еуроодақтың Бәсекелік қабілеттілік және инновация жөніндегі аралық бағдарламасына Қазақстанның қосылуын екі жақ та қолдады. Сондай-ақ спутниктік навигация жөніндегі “Галилео” еуропалық бағдарламасына Қазақстанның қосылу мүмкіндігі қарастырылатын болды.
Кездесу соңынан Елбасы мен Ж.М.Баррозу журналистер алдына шығып, қаралған мәселелер жайында айтып берді.
Қазақстанның Еуропалық Одақпен сауда айналымы биылғы жылы 20 миллиард долларға жуық. Қазақстанның мұнайы Ресей арқылы Еуропаға жеткізілді. Ол Новороссийск және Баку-Тбилиси-Жейһан бағыты. Енді Еуропалық Одақ Кавказ арқылы газ құбыры маршрутының ашылуын қалап отыр. Бұл ұсыныс біздер үшін қызықты. Бірақ оны анықтай түсетін мәселелер де баршылық. Сондай-ақ, «бүгін тек мұнай мен атом энергиясы мәселесі ғана емес, әріптестік байланыстарды неғұрлым кең арнада дамыту жөнінде де әңгіме болды», – деді Елбасы. Еуропалық комиссия төрағасы өз сөзінде Еуроодақтың Қазақстанмен байланыстарды дамытуға мүдделілік танытып отырғандығын, Елбасы шақыруы арқылы Қазақстанға келіп қайту мүмкіндігі ашылғандығын жеткізді.
Жозе Мануэл Баррозу 1956 жылы 23 наурызда Лиссабон қаласында (Португалия) туған. Осындағы заң университетін, одан кейін Женева университетінің экономикалық және әлеуметтік ғылымдар факультетін өте жақсы бітіргеннен кейін «Еуропалық интеграция үрдісіндегі Португалияның саяси жүйесі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Университеттерде сабақ берді.
1980 жылы Социал-демократтық партияға мүше болып кіріп, 1999 жылы оның төрағалығына сайланды.
1985 жылдан бастап Португалия Парламенті депутаттығына 6 рет сайланды. 1995-1996 жылдары оның халықаралық істер жөніндегі комитетін басқарды.
Португалияның конституциялық үкіметінде ішкі саясат жөніндегі мемлекеттік хатшысы, халықаралық істер мен ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік хатшы, Сыртқы істер министрі міндеттерін атқарды. 2002 жылы елдің Премьер-министрі болды. 2004 жылдың қараша айында Еуропалық комиссия төрағасы болып сайланды. Қазір Еуропадағы беделді саясаткердің бірі.
Қазақстан мен НАТО қатынастары
Солтүстік Атлантика шартына 1949 жылы Вашингтонда қол қойылды. Сөйтіп Еуропа, АҚШ және Канада елдерінің әскери-саяси одағы (альянсы) – НАТО құрылды.
Алғашқы кезде альянсқа 12 ел: Бельгия, Канада, Дания, Франция, Испания, Италия, Люксембург, Голландия, Норвегия, Португалия, Ұлыбритания және Америка Құрама Штаттары кірді. 1952 жылы Грекия мен Түркия, 1955 жылы – ГФР, 1982 жылы Испания, 1999 жылы Венгрия, Польша, Чехия қосылды. НАТО өз мүшелігіне соңғы рет 2004 жылы наурызда Литва, Латвия, Эстония, Румыния, Болгария, Словения және Словакияны қабылдады. Сөйтіп оған мүше елдердің саны 26-ға жетті.
НАТО-ның негізгі мақсаты 1949 жылғы Вашингтон шартында айтылып, 1990 жылғы Лондон декларациясында бекітілген. Шартқа қатысушы мемлекеттердің тәуелсіздігі мен егемендігін және демократиялық құрылысын саяси ынтымақтастық пен ұжымдық қорғаныс негізінде сыртқы агрессиядан қорғау болып табылады.
Соғыстың алдын алуға мүмкіндік беріп, тиімді қорғаныс жүйесін қамтамасыз етуге жеткілікті дәрежедегі әскери әлеуетті нығайту, мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне әсер ететін дағдарыстарды болдырмаудың жолдарын қарастыру, басқа елдермен саяси үнқатысу жүргізу, еуропалық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін қарастыру – альянстың алдындағы басты міндеттер қатарына жатқызылған.
НАТО мен Қазақстан арасындағы қатынас Солтүстік Атлантикалық шарт ұйымының сол кездегі бас хатшысы М.Вернердің 1992 жылғы қарашада Алматыға келуі мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы ақпанда НАТО-ның Брюссельдегі штаб-пәтеріне жасаған жауап сапары кезінде қаланды.
1992 жылы Қазақстан Солтүстік—атлантикалық ынтымақтастық кеңесіне қатысушы болды. 1997 жылы бұл ұйым Еуропа-Атлантикалық әріптестік кеңесі деп өзгертілді.
1994 жылғы 27 мамырда Қазақстан “Бейбітшілік үшін әріптестік” бағдарламасына қосылды. Бұл осы бағдарламаның аралық құжатына қол қою арқылы жүзеге асты.
1996 жылы Қазақстан мен НАТО арасындағы қауіпсіздік туралы келісімге қол қойылды. Осы жылы Қарулы Күштердің мәртебесі туралы келісім жасалды. Бұл құжаттар берілген ақпараттарды қорғау жөніндегі екі жақтың өзара міндеттемесін айқындап, әскери жаттығулар мен басқа да шаралар өткізген кезде “Бейбітшілік үшін әріптестік” бағдарламасы бойынша әріптес елдер әскери бөлімшелерінің мәртебесін айқындауға қызмет етеді.
1998 жылдың 18 наурызынан бастап НАТО қасынан Қазақстан Республикасының миссиясы ашылды. 2001 жылдың қарашасынан бері миссия құрамында Қазақстанның НАТО қасындағы әскери өкілдігі жұмыс істеп келеді.
Елбасының НАТО бас хатшысы Я де Х.Схеффермен 2004 жылғы қазанда Алматыдағы кездесуінде қол жеткен келісімдер мен Қазақстан Республикасы әлеуетінің өсуі негізінде мұнан кейінгі ынтымақтастықтың маңызды бағыттары айқындалды. Қауіпсіздік саласындағы практикалық өзара іс-қимылды қалыптастыру мен жеке негіздегі ынтымақтастықты кеңейтудің жолдары қарастырылды. Осыған сәйкес Қазақстан мен НАТО арасындағы әріптестік іс-қимылдың жеке жоспары жасалып, 2006 жылдың 31 қаңтарынан бастап ол жоспар әрекет ете бастады.
Елбасы мен НАТО бас хатшысының кездесуі барысында Қазақстан мен Солтүстік Атлантика альянсының арасындағы қарым-қатынастар жан-жақты талқыланып, оларды кеңейтудің мүмкіндіктері қарастырылды.
«Мен Қазақстан Президентімен бұл жолғы кездесуіміздің өзін алға қарай қадам басу»,- деп есептеймін. Қазақстан НАТО-ның жеке негіздегі ынтымақтастық бағдарламасының ең белсенді әріптестерінің бірі. Біз көп мәселені талқыладық. Соның ішінде Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалпына келтіруге Қазақстанның қатысу мәселесі де бар. Қазақстан өз өңіріндегі экономикасы алға басқан әлеуеті күшті мемлекет. «Біз әріптестік ынтымақтастығымыздың өзара тиімді жағдайда өрбитіндігіне үміттіміз»,– деді НАТО бас хатшысы журналистермен болған шағын баспасөз мәслихатында.
Ал Елбасы өз сөзінде НАТО секілді қанатын кең жайған алып әскери ұйыммен әріптестік қатынас жасау жас тәуелсіз мемлекетіміздің қауіпсіздігін қаматамасыз етуде маңызды екендігін атап көрсетті.
15 жыл ішінде НАТО-мен белсенді әріптестік қатынас орнатуға қол жеткізілді. «Қазбат» атты батальонды осы альянстың көмегіне сүйеніп, НАТО қағидаттары бойынша дайындалды. Бұл ұйымның әскери кадрлар, офицерлер дайындауға да көмегі бар. Сондай-ақ осы күні НАТО-ның штаб-пәтерінде Семейдегі ядролық полигонның жабылуының 15 жылдығына арналған фотокөрме ашылды. Бұл көрменің өзі Қазақстанның бейбіт сүйгіш мақсатын, азаматқа үрей сепкен ядролық сынақтарға тежеу салудағы ерлігін паш етті.