Қазақ халқының салт дәстүрілері

Ай санау.
«Жылым — қой, жұлдызым — июль» (Шәкәрім). Халық жылды он екі айға бөледі де оны «ай санау» — деп атайды. Бұл тым ертеде қалыптасқан дәстүр. Әр айдың атаулары жыл мезгіліне, табиғат құбылыстарына, халықтың ұғымы мен салт санасына сай белгіленген. Мұның шаруашылық, экономикалық, астрологиялық жағынан да маңызы бар екенін дала ғұламалары тағы ескерген.
Ежелгі астрономиялық бағдарда әр айға сәйкес жұлдыз аттары да бар. Ол «Жұлдыз, ай» деп аталады. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қазіргі айларды жұлдыз, ай атымен де атай береді. Әр айда табиғат құбылыстары мен өзгерістері де жиі болады. Халық оны «ай амалдары» немесе «амал» деп атап, желді, суық айларда қауіптеніп, оған қарсы күтініп отырады. Оны білетін халық есепшілері болған. Олар ауа райын дәл болжап, біліп, хабарлап отырған.
Елімізде ай да, жыл да наурыз айынан басталады. Қазақтар қыркүйек, тамыз, желтоқсан, мамыр т.б. ай аттары сол мезгілдердің өзіндік қасиеттеріне сай келеді. Халық әр айға сәйкес ұлттық ұғымдар, наным сенімдер, мақал мәтелдер қалдырған. Мысалы « сәуір болмай — тәуір болмас», «қараша — қауыс, кәрі құртаңды тауыс», «күн қаңтарда қарға адым, ақпанда ат адым ұзарады», « сүмбіле туса — су суыр».
Артынан топырақ шашу
Артынан топырақ шашу (дәстүр). «Кесепатты адамның артынан бір уыс топырақ шашу – пәле-жаланы аластау» («Ана тілі» газетінен). Халықта ел қатты жек көрген қылмыскерлер мен опасыздарға, қарғыс алғандарға немесе өзі кінәлі бола тұра ел-жұртын кінәлап ат құйрығын кесіп кетіп бара жатқандарға әбден көңілі қалып, қаны қарайған кездерде көпшілік олардың артынан топырақ шашатын әдеті бар. Бұл — әрі жаза, әрі «қараң батсын» деген қарғыстың, «енді көзге көрінбе» деген аса қатты айыптаудың ауыр сабағы. Мұндай адамдардың елі атын атамаған, есімін еске алмаған.

Ат майы
Ат майы (дәстүр). «Ат майы» қайтты. Тигені ала бие (І.Жансүгіров). Халық дәстүрі ел арасында отырған адамдарды ешқашан ескерусіз қалдырмаған. Оның мұң мұқтажы мен әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына құлақ асқан. Мысалы, тұрмысы нашар, жоқ жітік, жетім-жесірлерге көмек көрсетіп, қол ұшын созып отырған. Соның бірі – ат майы. Мінер аты жоқ кедейлер бұрын байлар мен ауқатты кісілерге немесе көрші-көлем, туған-туысқандарына келіп «ат майын» сұрайды. Яғни бір жаққа барып келуге немесе бірер ай мініске ат сұрайды деген сөз. Мұның мағынасы алыс жолға мінген ат ариды, күйін жоғалтады. Ат сұраушы осыны меңзеп отыр. Мұндай жағдайда әр адам сұраушының көңілін қалдырмаған. Бұл да қазақтың қайырымдылық ғұрпының бір белгісі.

Ат тергеу
Ат тергеу (дәстүр) – «Тентегім, сен теріс айтып жатырсың» (М.Әуезов). Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі – ат тергеу. Ұлт дәстүрі бойынша әйелдер атасының, қайнаға, қайынсіңілісінің атын атамай, өзіне лайықты ат қойып «мырза қайнаға», «бай атам», «би атам», «жалқы бала», «тентегім», «еркем», әйел болса «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөзім» деп атайды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қоя береді. Мысалы: тапалды «сұңғағым», жайбасарды «жүйрігім» дейді. Мұның бәрі шын мәнінде сыыйластық пн құрметтің ерекше белгісі болып табылады. Ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді «ата», «әке» , Ереке, Аха, Жәке, Сәке деп құрметтеген. Бұл да осы ғұрыптың бір түрі. Ат тергеу – біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргендік, кішіпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі. ӨЗінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып табылады.
Халық аузында мынадай қызықты әңгіме бар: Бір келіншек «сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіңдер!» — депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны, қайнағаларының атын атай алмай тұр екен!
Жолаушылар су әкеле жатқан әйелден: «бұл кімнің ауылы» деп жөн сұрапты. Сонда келіншек «өзінде ғана бардай, өзгеде жоқтай атамның ауылы» депті. Сөйтсе бұл Көтібар ауылы екен.
«Ат тергеу» басқа жағдайларда да қолданылады. Мысалы, халық қасқырды «ит-құс» деп, қорасан, шешек,қызылша сияқты ауруларды «әулие» деп атайды. Ол осындай пәле-жала бізден аулақ болсын деген ырым.

Деңгене
Деңгене (дәстүр). Соңғы жылдарда ұмытылып бара жатқан дәстүрдің бірі — осы деңгене. Екі немесе үш жігіт басын қосып ауқатты үйге «деңгене» жеуге келдік дейді. Оның шарты мынадай: үй иесі бір семіз қойды сояды да әлгі екі не үш жігіттің алдына қояды. Олар бір қойдың етін сорпасымен ішіп, жеп кетуі керек. Егер олар қойды жеп кетсе, қойдың құны сұраусыз, егер етті тауыса алмаса, олар үй иесіне екі қой төлеуге тиіс. Кей жерлерде мұны «сірне» деп те атайды. Тағы бір қызығы ел арасында бұрын бір қойды бір өзі жеп кететін мешкейлер көп болған. ХІХ ғасырдың соңында Арғын ішінде Тінет руында Шінтән деген атақты мешкей болыпты. Бір қой оның жұмырына жұқ болмайтын көрінеді.
Қазақстанның оңтүстік жағында «деңгенені» қолданылуы басқаша. Бұл жақта 4-5 үй бірігіп бір малды ортақтасып сойып алады. Ол біткен соң тағы бір малды ортақтасып сояды. Сөйтіп кезектесе береді. Бұл негізінен қыста күн жылы болғандықтан соғым еті көп сақтауға келмейтіндіктен болар.