Химия тілі тек заттардың бір-бірімен әрекеттесіп реакцияға түсуін және жүру жағдайының механизмін түсіндірудің құралы ғана болып қоймай, ол оқушының қоршаған дүниені тануына негіз болатын басты құрал. Өйткені химия-бүкіл жаратылыстану ілімдерінің арасында зат пен заттың, зат пен құбылыстың арақатынасын ұғындыратын, оларға байланысты заңдылықтар мен ұғымдар жайында білім беретін бірден-бір пән.
Химия-заттардың сан алуан сапалық өзгерістерін зерттейтін ғылым. Заттардың тәжірибелік зерттеуден алынған нәтижелері алдымен ғылым саласына орнайды, одан екінші салаға ауысу немесе қоғамдық сана қорына құйылу үшін білім естілетін немесе көрінетін материяға айналуы қажет. Тіл осындай дыбыстан тұратын материя. Ал химияның обьектісі-зат. Ол да материяның нақты бір түрі. Химиялық білім мен тіл –химиялық дүниетанымның жемісі. Бұл үшеуінің арасында химиялық байланысты көрсетуге болады.
Химия тілі ғылыми негізде құрылады да , білім мен тәрбие құралы ретінде оқыту жүйесінің құрамдас бөлігі, химиялық білімнің берілу формасы және көзі болып табылады.
Химия тілі химия ғылымының бір бөлігі ретінде қаралады. Әр ғылымның зерттейтін обьектісі, зерттеу нәтижесінде алынған білім жүйесі, оны тіркеп заттандыратын таңбалар жүйесі-ғылым тілі болады.
Химиялық тілдің маңызын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берген көрнекті әдіскер И. Нұғманұлы өз еңбегінде былай дейді.
«Химический язык- один из искусственных языков, созданных для решения специфических задач профессионального общения, научного и учебного познания».
Ғылым тіліне қарағанда мектептік химия тілі аса қарапайым, оқушылардың түсінуіне жеңіл, күрделі тілдік терминдер мен бинарлық ескертпелер мен құрастырмалардан арылған. Қиын номенклатура мен терминологиялар жеңілдетілген.
Мектептік химия тілі- оқытудың мазмұны мен мақсаттарына сәйкес дидактикалық өңделген, онда оқушылардың жас ерекшеліктері мен психологиялық даму заңдылықтары ескерілген. Ол орта мектепте химия курсын меңгеру мен дамытуға және тәрбиелеуге бағытталған.
Химиялық тіл химияны оқытудың барлық көздерінде қолданылады, осы кездерде әр түрлі үрдістік қызметтер орындалады. Олардың көмегімен бағдарламалық білім меңгеріліп, химиялық ұғымдар қалыптасады, әр түрлі білімдік қызметтер, оқушылардың ойлау қызметі дамып, дүниетанымдық көзқарастары кеңейеді.
Химиялық тіл тәжірибеге негізделген, танымға сай білім нәтижесін жинақтап, жүйелеп қорытындылайды. Әсіресе, оның теориялық, танымдық мәні өте зор. Білімді теориялық жинақтап қорытуда нышандама кестелер, химиялық реакциялардың жүруі, оның түзілу механизмдері, реакцияласушы субстрат пен реагент арасындағы өзара байланыс, сондай-ақ көмірсутекпен оның туындыларын көрсететін сызбанұсқалар, олардың химиялық қасиеттерін салыстыратын формулалар, иондық теңдеулер елеулі рол атқарады.
Мектеп химиясында химиялық тілді игеруге қойылатын бірнеше талаптар бар. Мәселен 11-сыныптағы органикалық химияны оқытуда қолданылатын химиялық тілдің әдістемелік нұсқауы төмендегідей:
- Оқушылардың органикалық химияның даму тарихын білуі;
- Оқушылардың органикалық заттардың номенклатурасын, изомериясын құрастыра білуі;
- Валенттілікке сәйкес, көмірсутектердің формулаларын құрастыра білуі;
- Көмірсутектердің формуласын, химиялық қасиеттерін, олардың алыну тәсілдерін, қолданылуын меңгере білуі;
- Электрондық формулаларын, гибридтенуін, көмірсутек құрылысының сызбанұсқасын сыза білуі;
- Субстрат пен реагентті ажырата алуы;
- Реакцияның жүру жағдайы мен механизмін анықтай алуы;
- Осы талаптарға сәйкес оқушылар химиялық тіл туралы алған білімін ары қарай нығайта түсуі керек.
Әр сыныптағы химия курсының теориялық негізін құрайтын маңызды тақырыптарды өткенде химиялық тілді қолдану-оның мағынасын түсіндіріп, кеңейте түседі. Әрбір жаңа тақырыпты өткенде оқушының назарын химиялық тілге енетін өзгерістерге аудару керек.