Депозиттік операциялар туралы түсінік.
Банктер өзінің активті операцияларын жүргізу үшін пассивті операцияларды өткізу нәтижесінде пайда болатын тартылған қаржыларды қолданады.
Коммерциялық банктің пассивті операциялары келесі нысанда жүзеге асырылуы мүмкін:
- банк қорын қалыптастыру және ұлғайту үшін банктердің пайдасы есебінен аударулар;
- басқа заңды тұлғалардан алынған несиелер;
- депозиттік операциялар;
Депозиттік операциялар – бұл заңды және жеке тұлғалардың тартылған қаржылары бойынша белгілі бір мерзімге немесе талап ету салымы бойынша банктердің операциялары.
Депозиттік операцияларды жүргізу кезінде кез келген банк өздері дайындаған депозиттік саясатты ұстанады және олар өз кезегінде келесі ережелерге негізделеді:
- депозиттік операциялар банктің пайда табуына немесе болашақта пайда табуға мүмкіндік жасауға негізделіп ұсынылады;
- депозиттік операцияларды ұйымдастыру үдерісінде депозиттік операциялар субъектісінің әр түрлілігіне және депозиттердің әр түрлі нысандарының үйлесімділігіне ұмтылыс болады:
- депозиттік операцияларды жүзеге асыру барысында осы және депозиттер мен несиелік салымдардың мерзімдері мен сомалары бойынша несие ұсыну операциялары арасындағы өзара байланыс пен өзара келісімділіктің болуын қамтамасыз ету қажет;
- депозиттік операцияларды ұйымдастыру үдерісінде банк балансының өтімділігін жоары деңгейде қамтамасыз ететін мерзімдік депозиттерге ерекше назар аударған жөн;
- депозиттік операцияларды ұйымдастыра отырып, банк депозиттік шоттардағы бос қаржы резервтерінің (активті операцияға тартылмаған) ең аз болуына талпынуы керек;
- депозиттерді тартуға әсер ететін банктік қызметтерді дамыту және қызмет көрсету сапасы мен мәдениетін жоғарылату шараларын қарастырған жөн;
Көптеген ұсақ және шағын банктер үшін депозиттер ақша қаржыларының басты көзі болып табылады. Банктер қаржы нарығында қаржылық делдал ретінде басқа кәсіпорындар мен ұйымдардың, тұрғындардың уақытша бос ақша қаражаттарының ірі сомасын орналастырады. Банктер бұл қаржыларды тиімді пайдаланып, олардың сақталуын қамтамасыз етеді және қарыз алушыларға табысты негізде ұсынады. Көптеген жеке тұлғалар, іскер фирмалар, акционерлік компаниялар, жеке кәсіпорындар, коммерциялық емес ұйымдар, үкімет мекемелері, мемлекеттік кәсіпорындар, жергілікті органдар өз қаржыларын коммерциялық банктерге салады.
Депозиттердің түрлері.
Халықаралық банктік тәжірибеде барлық депозиттер төрт топқа бөлінеді:
- мерзімді депозиттер;
- талап етілмелі депозиттер;
- жинақ салымдары;
- бағалы қағаздар;
Бірінші топ – талап етілмелі депозиттер. Олар сондай-ақ чектік депозиттер деп те аталады. Талап ету депозиті түрінде қаржы тарту кезінде банк пен салымшы арасында келісім-шарт жасалады. Чектік депозит – бұл міндетті түрде өтелуге тиісті, салымшыға чек жазуға құқы беретін шот. Чектік депозиттердің ыңғайлылығы олардың қауіпсіздігімен және чек жазу арқылы төлем жүргізу қарапайымдылығымен түсіндіріледі. Сонымен қатар олар бірінші талап бойынша нақты ақша алуға мүмкіндік береді. Чектік депозиттерді жүзеге асыру үшін есеп операциялары мен өткізбелерінің айтарлықтай көлемі керек, көптеген банктер осы шарттарды қолданғаны үшін төлем белгілейді. Бұл кезде төлем мөлшері бір ай көлемінде жазылатын чектер саны мен депозиттер мөлшерінің өзгеруімен өзгертіледі. Егер салымшы бір ай көлемінде шотта банктің өзінің коммерциялық мақсаттары үшін қолданылатын жеткілікті баланстық қалдықты сақтаса, банктер кейбір кездерде бұл төлемдерді алудан бас тартады.
Талап ету депозиттік шотының ерекшеліктеріне мыналарды жатқызуға болады:
- ақшаны салуға немесе алуға шектеудің болмауы;
- ақша шоттан қолма-қол түрде, сондай-ақ чектер көмегімен алынуы мүмкін;
- шот иесі банкке тұрақты айлық мөлшерде немесе әрбір жазылған чек үшін коммиссия төлеуі;
- Ұлттық банкке ең аз резервтің мерзімдік депозиттермен салыстырғанда үлкен үлесінің сақталуы;
Талап ету депозитінің бір түрі банктің клиентпен барлық операциялары есептелетін контокоррент – бірыңғай шт болып табылады. Контокоррентте банк қарыздары, сондай-ақ шоттан клиент тапсырысы бойынша барлық төлемдер және де шотқа салым, аударым және тағыда басқа түрде түсетін барлық қаржы көрсетіледі. Контокоррентті шот ерекше сенімділік белгісі ретінде тек сенімді клиенттерге және бірінші сыныпты қарызшыларға ашылады. Шот иесі шығындардың түсімдерден артуы кезінде әрбір жеке жағдайда, арнайы рәсімдеусіз-ақ банктен жасалған келісімге сәйкес анықталған сома шегінде несие алуға мүмкіндігі бар.
Талап ету депозитіне сондай-ақ овердрафт шотын жатқызуға болады. Овердрафт – банк пен клиент арасындағы келісімге сәйкес, банк анықтаған мөлшерде шотта бар қаржы көлемінен артық соманы алуға мүмкіндік беретін шот. Бұл да несие алмасуды білдіреді. Овердрафттың контокорренттен айырмашылығы кездейсоқ сипатты болуында. Атап өткенде, овердрафт шоты қосымша депозиттік шоттар ашу мүмкіндігін шектемейді. Овердрафт ағымды шоты жеке және заңды тұлғалардың уақытша шығындарын жабу үшін ашылады.
Талап ету депозиттің басқа түрі – нау-шоттар – пайыздық мөлшерінің жоғары шегі жоқ шоттар, яғни ол қалқымалы болуы мүмкін. Супернау-шоттар – бұл қолма-қол ақшаны қолдану шоттары, оларды ашу қызметтер кешенін ұсынады.
Депозиттік шоттардың келесі түрі – автоматтық аудару шоттары(АТS шоттар). Жинақ шоттарынан ақша қаржыларын автоматты түрде аударуға мүмкіндік беретін, чектерді жабу үшін чектік депозиттерге пайыз әкелетін депозиттің түрі. Банктер салымшының келісімін жетекшілікке ала отырып, пайыз әкелетін шоттарды талап етуге несиенің артуын жабу немесе чектік шоттардағы ең аз балансты көтеру талабы туындаған кезде автоматты түрде қосады. Мұндай тәжірибе салымшыға өте аз соманы салымда талап етуге дейін сақтауға және бір мезетте шоттар бойынша автоматты түрде аударылған пайыздар алуға мүмкіндік береді. Бұл депозиттерден тыс көптеген банктердің баланстық есеп берулеріне «банк қызметкері жазған чектер және куәландыратын чектер» деп аталатын шағын баптар енгізіліп жүр. Куәландырылған чектер – банк қызметкерлері беретін төлемі кепілденген чектер. Банктер чекті куәландыру кезінде, куәландырылған чекте көрсетілген соманы салымшы шотынан алады және оны жеке шотта ұстайды. Сонымен қатар, чекті банк қызметкерлерінің бірі немесе банктің меншікті шығындарын төлеу үшін кассир жазған жағдайда, соңғысы ол бойынша төлемдердің жүргізілуін күте отырып, қызметкерлер жазған чек сомасына теңестіріп депозит құрайды. Талап ету депозиттері бойынша эксплициттік (анық түрде белгіленген) пайыздық кірістер төленбеуіне байланысты банктің көптеген клиенттері осы типтес депозиттердегі қаржыларының мөлшерін төмендетуге тырысады. Шығынды азайтудың осы тұрғыдағы әдістерінің бірі автоматты тазалау шоттары қолданылатын мүмкіндіктерді пайдалану. Мұндай шоттармен ағымды операцияларды жүргізе отырып, банк клиентпен келісілген аз шекпен асатын кез-келген ақша сомасынан шотты «тазартады» (немесе оларды аударады) , оларды пайыздық кіріс әкелетін қаржылық құралдарға орналастырады.
Көптеген банктер өзінің клиенттерінен компенсациялық балансты ұстануды талап етеді, бұл талап ету салымдары бойынша пайыздық кіріс әкелмейтін нысанды, яғни банктерге банктік қызметтерді төлеу үшін қажет. Компенсациялық баланс яғни ақша қорларын тартуға орташа шығындарды азайту жолымен қорлардың орташа құнын төмендету тиімді болып табылады. Кейбір жағдайларда компенсациялық баланс несие ұсыну, сондай-ақ банктік қарыз бойынша пайыздық төлемдер туралы келісімді ұстану қызметтері үшін төлемді ұсынады.
Депозиттің келесі тобы – жинақ салымдары. Жинақ депозит туралы келісім негізінде ашылады. Қазіргі кезде жинақ депозиттерінің басты типі жинақ кітапшаларындағы шоттар, жинақ салымының жағдайы туралы жазбасы бар шоттар, сондай-ақ ақша нарығының депозиттік шоттары болып табылады.
Жинақ кітапшаларындағы шоттар – бұл жедел алуға болатын, пайыз әкелетін чектік емес депозиттер. Олардың ерекшеліктеріне мыналар жатады:
- кітапшалы жинақ салымында тұрақты мерзімінің болмауы;
- банктер салымшылардан ақша қаржысын алу туралы алдын ала хабарлауды талап етуге құқылы болса да, бұл шоттардан ақша қаржыларын алуда бпнктер ол талапты аз қояды:
- шоттың жоғары шегін белгілеу мүмкіндігі;
- салым иесінің шоттан ақша алу немесе салу үшін жүргізілген операциялардың барысы жазылатын жинақ кітапшасын ұсыну міндеттемесі;
- шоттағы міндетті аз баланстық қалдық мазмұны туралы талаптардың болмауы;
Жинақ салымының жағдайы туралы жазбасы бар шоттар жинақ кітапшаларындағы щоттарға ұқсас, алайда олар үшін шот жағдайы туралы кезеңдік жазбалар жазбаның жүргізілу тұрғысынан жинақ кітапшаны ауыстырады. Олар бойынша осындай пайыз төленеді және олар осындай функцияны орындайды.
Ақша нарығының депозиттік шоттары алғаш рет 1982 жылы енгізілген жинақ салымдарының бір түрін ұсынады. Қазіргі кезде оларда жинақ кітапшасындағы шоттармен салыстырғанда, ол бойынша пайыз мөлшері нарықтық пайыздық мөлшерлерінің өзгеруімен реттеленетіндігін және бұл шоттарды қолдану кезінде операцияларды тіркеу үшін жинақ кітапшасының қосылмайтындығын есептемегенде, көптеген ұқсас сипаттары бар.
Жинақ салымдарының ерекшелігі мынадай:
- бұл шоттардың анықталған мерзімдері жоқ;
- салымда ақша нарығының депозиттік шотынан қаржыларды бірдей ала алады;
- бастапқыда бұл шоттар бойынша ең аз баланстық қалдық талап етілген, қазір банктер оны сақтауды талап етпеуге құқылы;
- осы шоттар бойынша салымшы чектердің тек санаулы шектелген санын жазуға құқылы;
- бұл шоттар қызмет жасау мақсатында емес, жинақ мақсатында қолданылады;
- банк шығындарын өтеу мақсатында шот иесінен белгіленген төлем алынады;
- егер салымшылар – корпорация болса, банктер осы шоттар бойынша белгіленген резервті сақтауға міндетті;
Кең тараған топтардың бірі – мерзімдік салымдар, оған мерзімдік салымдар және салымды алу туралы алдын ала хабарлауы бар салымдар кіреді. Бұл салымдар неғұрлым ұзақ мерзімге, яғни бір айдан кем емес мерзімге салынады. Салымшылар басқа депозиттерге қарағанда неғұрлым үлкен пайыз алады және салым салымшыға алдын ала келісімде көрсетілген мерзімде қайтарылады. Банктер салымды өз қарауы бойынша келіскен мерзім ағымында толық пайдалана алады. Депозиттің бұл типін ашу үшін мерзімдік депозит туралы келісім жасалынады. Бұл салымдар қабылданатын мерзім 4 топқа бөлінеді:
- 30 күннен 89 күнге дейін;
- 90 күннен 179 күнге дейін;
- 180 күннен 359 күнге дейін;
- 360 күннен жоғары;
Мерзімді салымнан қаржы алу үшін банкке күні бұрын хабарланған салымшының арнайы өтінішінің түсуі талап етіледі, оның мерзімі белгіленеді. Егер клиент банкті қаржы алу туралы хабардар етсе, банк болатын өзгерістерді ескере отырып, өзінің активті операцияларын басқа көз есебінен қайта қаржыландырады, қаржыларды алу кейбір шығындармен байланысты, сол себепті банк клиент кірісін азайтуға құқылы.
Депозиттердің төртінші тобы – бағалы қағаздар, депозиттер түрі ретінде былайша бөлінеді:
- аталған банкке тиесілі кәсіпорындар мен ұйымдардың, кооперативтің, акционерлік қоғамдар мен компаниялардың акциялары және облигациялары;
- сақтаудағы және қарызды қамтуға қабылданған акциялар мен облигациялар;
- шетел операциялары бойынша құндылықтар мен құжаттар (шетел валютасындағы аккредитивтер);
- депозиттік сертификаттар;
Депозиттік сертификаттар қаржылық құралдардың ең бір кең тараған түрі. Депозиттік сертификат – эмитент банктің ақша қаржыларының салымы туралы, салымшы немесе оның құқық қабылдаушының мерзімі аяқталғанда салым бойынша салым сомасын және ол бойынша пайыз алу құқын куәландыратын жазбаша куәлік.
Депозиттік сертификат – кірісті бағалы қағаздың бір түрі, сол себепті ол сатылған тауар немесе көрсетілген қызмет үшін есеп айырысу немесе төлем құжаты болып саналмайды. Сондай-ақ оларды бір заңды тұлғадан екіншісіне жолдауда шектеулер болады. Талап ету құқын ұсыну – цессия, ол депозиттік сертификаттың сыртқы бетінде екі жақта мәмілемен рәсімделеді: өз құқын ұсынушы тұлға – цедент пен құқық алушы цессионарий. Сертификатты қайтару мерзімі жеткенде, банк сертификатты және қаржы түсетін шот көрсетілген салымшы өтінішіне қарсы төлем жасайды. Банк талап ету құқын ұсыну туралы келісімнің үздіксіз орындалуын, сондай-ақ өкілетті тұлғалар аты-жөнін, мөрінің және қолдарының сәйкестігін тексереді.
Депозиттік сертификаттың екі түрі болады:
- жолданбайтын – салымшыда сақталадыжәне төлем мерзімі жеткенде банкке ұсынылады;
- жолданатын – екінші нарықта сатылуы немесе басқа тұлғаға өтуі мүмкін;
Жолданатын депозиттік сертификаттар капиталды кез – келген мерзімге тиімді инвестициялауға көмектеседі, ал қажет болған жағдайда сертификаттарды тез қолма-қол ауыстыруға болады.
Сертификаттар келесі белгілер бойынша бөлінеді:
Шығарылуы бойынша:
- бір рет;
- сериямен шығарылатын;
Рәсімдеу тәсілі бойынша:
- арнайы;
- ұсынушыға;
Төлеу шарттары бойынша:
- анықталған есеп айырысу кезеңі аяқталғанға дейін пайыздық мөлшері үнемі төленіп тұратын сертификаттар;
- сертификатты өтеу күні пайызы төленетін сертификаттар;
Депозиттік сертификаттар жаңа шығарымдармен, салымның басқа түрлеріне немесе талап етілмелі депозиттеріне қолма-қол емес аударымдармен және нақты ақшалармен (жеке тұлғалар үшін) өтеле алады. Банкте шығарылатын сертификаттар баспалық тәсілмен шығарылуы және осы сияқты бағалы қағаздарға қойылатын талаптарға жауап беруі тиіс.
Сертификаттарда міндетті түрде келесі деректемелер болуы тиіс:
- аты;
- сертификатты ұсыну себебі;
- ұсыну күні;
- салым сомасы;
- депозитке енгізілген соманы қайтаруға банктің сөзсіз міндеттемесі;
- сертификат сомасын талап ету күні;
- пайыз мөлшері және есептелетін пайыз сомасы;
- эмитент банктің аты және мекен-жайы (иеленушінің арнайы сертификаты үшін);
- банк мөрімен бекітілген, осындай міндеттемелерге қол қоюға өкілетті екі тұлғаның қолы;
Банк сертификаттар шығарады және меншікті сертификаттарды шығару мен орналастыру шарттарын еркін дайындайды. Өз сертификаттарын тиімді орналастыру үшін банктер келесі міндеттемелерді назарға алады:
- инвесторлар үшін тартымды пайыздық мөлшерлеме деңгейі;
- салымшыға ыңғайлы сертификаттың ең аз шегін;
- пайыздық мөлшер қайта қараудың икемді механизімін;
- шығарымды стандартты шарттарын (еселік, номинал және т.б.);
- номинал құны қосылған пайыздарды төлеудің сенімді кепілдігі;
- кең жарнаманы;
Жай депозиттік сертификаттармен рәсімделген мерзімдік салымдармен салыстырғанда, сертификаттар бірнеше артықшылықтарға ие:
- сертификаттарды тарату айналымындағы мүмкіндік қаржылық делдалдардың үлкен санына сәйкес әлеуетті инвесторлар ауқымы кеңейді;
- екінші нарық арқылы сертификат иесі үшінші тұлғаға, сақтаған мерзімі үшін кіріс ала отырып, банк ресурстарының көлемін өзгертпей-ақ жедел сатуы мүмкін;
Сертификаттап бойынша табыстарға, азаматтардың талап етілмелі шоттары мен мерзімдік салымдардағы кірістерге сияқты табыс салығы салынбайды. Мерзімдік салымдармен салыстырғанда сертификаттардың жетіспеушілігі оның эмиссиясымен байланысты банктің жоғары шығындарының болуы.
Депозиттерді сақтандыру қорлары. Депозиттерді сақтандыру жүйесі.
Депозиттерді қорғау жүйесі Ұлттық банк тарапынан коммерциялық банктердің қызметін лицензиялау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Ол мемлекеттік жеке сақтандырулармен толықтырылуы мүмкін. Жалпы әлемдік тәжірибедегі сақтандыру институттарына 60 жыл. Салымдарды кепілдеу қоры әлемнің 70 елінде, соның ішінде АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Ұлыбритания елдерінде табысты жұмыс істейді.
Салымдарды сақтандыру негізінде банктердің депозиттерді жалпылама қайтарып алуға байланысты қорғау қағидасы жатыр. Яғни, егер депозиттер сақтандырылса, онда салымшыларда өздерінің ақша қаржыларын қайтарып алуларына себеп болмайды. Тіптен банк күйзеліске ұшыраған жағдайда да, үкімет клиенттерге олардың ақшаларын қайтарады немесе клиенттермен олардың салымдарын басқа төлем қабілеттілігі жоғары банкке аудару туралы келіседі. Осындай жолмен депозиттерді жалпылама қайтарудан құтылуға болады, бір немесе бірнеше банктерде проблемалық жағдай болғанның өзінде, банктік жүйеге түгелдей қауіпті жағдайдан құтылуға болады. Бұл кезде банктердің міндетіне сақтандыру қорларында белгіленген көлемдегі депозиттерді сақтау бойынша төлемдерді жасау кіреді. Шығындарды жабу үшін сақтандыру жарналары жетіспеген жағдайда мемлекеттік бюджет қаржылары қолданылады. Салымшыларға банктерде орналастырылған депозиттерін қайтару кепілдігін беру банктік жүйе тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты әдістерінің бірі болып табылады. Банк жүйесіне деген сенімді арттыру мақсатында Қазақстанда депозиттерді міндетті сақтандыру жүйесін енгізу жұмысы жүргізілді. 1999 жылы қараша айында екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың салымдарына міндетті ұжымдық кепілдік беру немесе сақтандыру ережесі, ал 1999 жылы ЖАҚ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі» банктеріндегі жеке тұлғалардың салымдарына міндетті ұжымдық кепілдік берудің (сақтандыру) Қазақстандық қоры құрылды. Жарғылық капиталы 1 миллиард теңге құрайтын бұл қор коммерциялық емес ұйым болып табылады. Қор құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі, ал оның мақсаты – депозиттерді сақтандыру жүйесіне қатысатын екінші деңгейлі банктерге салынған жеке тұлғалардың мерзімдік салымдарының қайтаруын қамтамасыз ету. Қор жұмысының ең басында қатысушылап болып Қазақстанның ең ірі және тұрақты банктері тұрды. Бұл халықаралық стандартқа өткен 16 банк, қаржылық жағдайы қауіп тудырмайтын, активтері күн сайын Ұлттық банктің банктік қадағалауымен бақыланатын жүйелі банктер.
Қор ұлттық банк атынан, мемлекет атынан салымдарды орналастыруға негізгі кепілші болып табылады және егер банктердің қызметі өзінің жақсы гуманитарлық қағидаларын ұстанғаны. Осы қағидалар басында Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың салымдарына міндетті ұжымдық кепілдік беру ережесіне негіз болған. Қор қаржылары ұжымдық сақтандыру жүйесінің салымдарынан жинақталады. Салым үш валютаның бірінде жүзеге асырылуы мүмкін: теңгеде, АҚШ долларында және еурода. Кепілдеу лбъектісі болып, сыйақы мөлшері (сыйақы пайызы) бекітілген, мөлшерден артық емес салымдар бойынша келесі сыйақы мөлшері белгіленіп, қайтару міндеттемесін қор кепілденген:
2001 жылдың 1 шілдесінен:
— теңгеде жылдық есеппен 16 пайыз;
— доллар және еурода жылдық есеппен 6 пайыз;
2001 жылдың 1 қазанынан:
— теңгеде жылдық есеппен 14 пайыз;
— доллар және еурода жылдық есеппен 8 пайыз;
Салымдар (депозиттер) және олар бойынша есептелген сыйақы сомалары міндетті түрде салым қай валютада болса, сол валютада толық қайтарылады. Қор әрбір салымшыға қайтарылуы міндетті салым мөлшерін төлеп отырады, олар келесідей көлемде:
Мерзімді салымдар (депозиттер) бойынша:
Теңгеде – салынған салым (депозит) сомасы, бірақ 400 мың теңгеден артық емес, сондай-ақ қатысушы банктің Ұлттық банктің ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 50% шегінде банктік операцияны жүргізуге лицензияны қайтарып алғанға дейін есептелген сыйақы мөлшері.
АҚШ доллары және еурода – салынған салымның (депозиттің) 90% сыйақысыз, бірақ 360 мың теңге шетел валютасына балама сомасынан артық болса.
Талап ету салымы бойынша теңгеде – салынған салым сомасы қайтарылады.
Бір салымшы әр түрлі валютада салынған мерзімді салымдар бір салым түрі ретінде қарастырылып, анықталған ережелерге сәйкес төленеді. Сонымен қатар, қайтару есебі салынған мерзімді салым сомасының 400 мың теңгеден аспайтын көлемінде жүзеге асырылады. Салымшы өзінің әр түрлі валютада салған мерзімді салымы бойынша төлемдерді қайтару кезегін өзі анықтауға құқылы. Жиналған резервтер салымдар бойынша жетіспеген соманы қалпына келтіруге жеткіліксіз болса, қатысушы банктердің қосымша жарнасы есебінен төленеді, ал қалғаны қор есебінен қарызға алынады. Қор өз несиесін таратылушы банкке қойылатын регрестік талаптар арқылы, қатысушылардың шектен тыс жарнасы есебінен қайтарып алады. Қор мен қатысушы банк міндетті күнтізбелік және басқа да жарналар енгізу тәртібі мен мерзімдері және негізгі ережеге сәйкес банк төлемдері туралы келісім жасауы тиіс. Сондай-ақ аталған келісімшарттарының орындалуы үшін жауаптылық, соның ішінде қордың күнтізбелік мерзімде төленбеген ақша сомасын, басқа да жарналарды және төлемдерді банк келісімінсіз алу құқығы қарастырылған. Міндетті күнтізбелік жарна мөлшері әр қатысшы банк үшін олардың қаржылық жағдайына Ұлттық банк бекіткен әдіспен жеке бекітіледі және салымдар (депозиттер) мен ол бойынша қосылған сыйақы бойынша міндетті күнтізбелік жарнаны енгізу алдындағы есептік тоқсанның соңғы күніне 0,125 пен 0,375 пайызға дейінгі мөлшерді құрайды, оларды қайтару 13 сәуірдегі 2002 жылы №136 ҚР екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың салымдарына міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) ережесімен кепілденеді.
Қордың 80 пайыздан кем емес бөлігін Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына қосу қарастырылған, оның міндеттемесі – бүгінгі күні Қазақстанда резерв қаржыларын инвестициялау үшін ең сенімді құрал. Сонымен қатар құралдар тізімі, қорға инвестициялауға болатын ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.
Пайыздарды есептеу есебі.
Қарыздық пайыз – ақша қаражаттарын қарыздық құн үшін қарыз алушыға, сондай-ақ ақша қаржыларын, несие және қаржы нарықтарында орналастырушы делдал – кредиторға (банкке) уақытша пайдалануға беруін білдіреді.
Банктік пайыз өлшемі уақытша бос ақша қаржыларын орналастыру және кіріс алу тәуекелімен байланысты, ақша және несие ресурстарына деген сұраныс пен ұсыныстар пайда болатын сандық шектеуге ие. Бос ақша қаржыларының иесі пайыздың жоғары деңгейін және аз тәуекелділікті таңдай отырып, орналастырудың оңтайлы нұсқаларын іздейді. Ақша қаржыларын тарту кезінде банктер салыстырмалы қаржы тарут сипатына байланысты жеке кредиторларға қолданылмайтын сараланған пайыздық мөлшерлермен белгілейді. Банктік пайыз мөлшері депозиттік келісім-шартта белгіленеді.
Банк тартылған ақша қаражаттарына пайыздарды берешек қалдығына есептеп, есептеу әдісіне сәйкес банк шығындарына жатқызады. Есептеу әдісіне, ағымды айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей, ағымды айда қосылған пайыздар, тартылған ақша қаржылары бойынша оның шығындарына жатқызылады. Пайыздарды есептеу келесі тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады:
- жай пайыздар формуласымен;
- күрделі пайыздар формуласымен;
Банктердің қосылған пайыздар сомасына ұлғайған негізгі борыштың өскен сомасын тартылған қаржылар бойынша білдіреді. Өскен сома, банктік пайыздардың капиталданғандығын білдіреді, яғни депозиттің жалпы сомасын ұлғайтады. Банктердің тартылған қаржылары бойынша мына формулалар қолданылады.
- Жай пайыз формуласы:
S = P * (1 + I * t / K)
Мұнда: I – жылдық пайыздық мөлшерлеме;
t – тартылған ақша қаржылары бойынша пайыз қосылатын күн саны;
K – күнтізбелік жылдағы күн саны;
P – тартылған ақша қаржыларының бастапқы сомасы;
S – қайтарылуға жататын ақша қаржыларының бастапқы сомасы және оған қосылған пайыздар
- Күрделі пайыз формуласы:
S = P * (1 + I * j / K) * n
Мұнда: I – жылдық пайыздық мөлшерлеме;
J – қосылған пайыздарды капиталдандыруды жүргізетін кезеңдегі күнтізбелік күн саны;
K – күнтізбелік жылдағы күн саны;
N – ақша қаржыларын тартудың жалпы мерзімі ағымында қосылған пайыздарды капиталдан – дыру бойынша операциялар саны;
P – тартылған ақша қаржыларының бастапқы сомасы;
S – қайтарылуға жататын ақша қаржыларының сомасы, тартылған ақша қаржыларының бастапқы сомасы және оған қосылған пайызға тең.
Депозиттерді тарту және қайтару есебі.
Салымшы депозиттік шотты ашпас бұрын, банк пен салымшы депозитті ашуға қатысты екі серіктес құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Банк пен салымшы арасындағы келісім – салымшы жарна енгізіп, банк өз кезегінде оған шот ашып, енгізілген сома туралы белгі қойылатын арнайы кітапшаны жүргізуіне негізделеді. Бұл кітапша клиентке жазба жасалған соң беріледі. Сонымен қатар клиент ақша сомасын жаңадан ашатын шотқа аударады немесе банкпен өз атына түсетін сома немесе сома болашақта ашылатын депозиттік шотқа жазылуы жөнінде келіседі. Клиент пен банк арасында шартты қатынас туындайды ол бойынша, клиент банкке уақытша пайдалануға ақшасын жолдайды, ал банк өз кезегінде пайыз қосуға және клиентке ол ақшаны мерзімі жеткенде немесе хабарлау алған соң қайтаруға міндеттенеді. Заңды түрде мұндай шартты қатынас қарызды білдіреді, ол бойынша клиент – кредитор, ал банк – дебитор болып табылады. Келісім жинақ шотына депозит салынағн соң күшіне енеді.
Депозиттер тарту банк үшін маңызды міндет, сондай-ақ депозиттік операциялардың дұрыс бухгалтерлік есебін ұйымдастыру маңызды. Салым операцияларының бухгалтерлік есебін ұйымдастырудағы міндет әр салым бойынша ақша қаржыларының дәл есебін қамтамасыз ету және банк мекемесінің қызметін басқару үшін қажетті ақпаратты алу. Бұл міндетті орындауға депозиттікоперациялардың тиісті синтетикалық және аналитикалық есебін ұйымдастыру арқылы қол жеткізіледі. Аналитикалық есептің мәні – нақты салымшы депозиттері, ал синтетикалық есептің мәні – депозиттердің анықталған түріне жататын депозиттер.
Қолданылған әдебиеттер:
- Міржақыпова С.Т. «Банктегі бухгалтерлік есеп» Алматы қаласы — 2004 жыл.
- Көшенова Б.А. «Ақша, несие, банктер, валюта қатынастары» «Экономика» баспасы,Алматы – 2000 жыл.