В.В. Радлов – қазақ фольклорын зерттеуші

ХХ ғасырдың басында академик Штернберг «қазіргі заманның бас түркологі, түркі және Орта Азия халықтарының тілі туралы ғылымның Колумбы» деп бағалаған Василий Васильевич Радлов түркология ғылымының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты. Түркі тектес халықтардың тілі мен фольклоры, тарихы мен этнографиясы жөнінде өлшеусіз мұра қалдырды.

Радлов Василий Васильевич (Фридрих Вильгелм) 1837 жылы 5 қаңтарда Берлинде полиция қызметкерінің отбасында дүниеге келіп, 1918 жылы 12 мамырда Петербургте қайтыс болған. 1854 жылы гимназияны бітіргеннен кейін Берлин университетінің философия факультетіне оқуға түседі. Университет қабырғасында оқып жүріп араб, парсы, түрік, татар, моңғол, маньчжур, қытай және т.б. тілдерді үйренеді. 1858 жылы жолдамаман Барнауылға жұмысқа келеді.

В.В. Радловтың ғылыми өмірі үш кезеңге бөлінеді.

Бірінші кезеңі – Алтай кезеңі (1859-1871 жж.). Бұл кезеңде Батыс Сібір, Қырғыз даласы, Хакасия, Жетісу аймақтарында тіл, фольклор, этнография материалдарын жинаумен айналысты.

Екінші кезеңі – Қазан кезеңі (1871-1884 жж.). Бұл жылдары В.В Радлов негізінен педагогикалық, әкімшілік қызметтермен айналысады. 1872 жылы ол Қазан губерниясындағы татар, башқұрт, қазақ мектептеріне инспектор болып тағайындалады. Осы жылы оның «Образцы народной литературы…» атты еңбегінің 4 томы жарық көреді. Ал 1883 жылы «Батыс Сібірдің энциклопедиясы» деген баға алған «Сібірден» (екеуі де неміс тілінде) атты екі еңбегі баспадан шығады.

В.В. Радловтың ең өнімді және көп еңбек тудырған тұсы өмірінің үшінші кезеңі – Петербургтегі кезі (1884-1918 жж.). Ол 1884 жылы Азия халықтарының тарихы мен көне дәуірі бойынша академик болып сайланады.

В.В. Радловты аса көрнекті фольклортанушы ретінде танытқан «Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері» атты 10 томдық еңбегі болды. Бұл көптомдықтың әр кітабы әр түрлі халықтардың фольклорына арналған-ды [1]. Оның 1-кітабы (1886) – алтай, құманды татарлары, шор, саян; 2-кітабы (1868) – шұлым, түрік, хакас; 3-кітабы (1870) – қазақ; 4-кітабы (1872) – барабы, тобыл, түмен татарларының фольклорына айналды.

Қазақ фольклоры үшін аса қымбат қазына болып табылатын 3-томдағы ел аузынан дәлме-дәл жазып алған шығармалар, ақын-жыршыларға берген мінездеме, халық ауыз әдебиетінің жанрлық құрамын белгілеуі, халық шығармаларының тіл және стиль ерекшеліктерін анықтауы бүгінгі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Радлов жинаған фольклор үлгілері «халық өлеңдері» (жеке шумақтар, бата сөз, жоқтау, бақсы сөз, өтірік өлең), «Ертегілер», «Батырлар жыры» («Ер Көкше», «Ер Тарғын», «Сайын батыр») болып жіктелген. Сонымен бірге ғашықтық, тарихи жырлар, аңыз, қисса-дастан, айтыс үлгілері мен ақын-жыраулар мұрасы да қамтылған [2].

В.В. Радлов қазақ жеріне сапарын 1862 жылы бастайды. Ол шығыс Қазақстанда, Іле өңірінде болып, Ыстықкөлге жетеді. Осы экспедицияның негізінде қазақ тілі мен әдебиетіне ғана емес, тарихына, археологиясына да байланысты көп материалдар жинайды. 1868 жылы ол қазақ даласына арнайы үлкен экспедиция ұйымдастырып, сахараны жаз бойы аралап, Сырдария облысына дейін барады. Зеравшан алқабында болады. 1869 жылдың жазын ғалым қазақ даласында өткізген. Бұл жылы Қапалдан поштабайлардың жолымен Алтын Емел пикетіне жетеді де, Тегерек арқылы Түргенге келеді. Ол жерде жергілікті қазақтармен кездесіп, мол тілдік материал жинайды. Қайтадан Алтын Емел арқылы Верный қаласына келеді. Верныйдан Қастек шатқалы арқылы Шу алқабында, Тоқмақ қаласына барады. Осы жерде қазақы үй тіктіріп, бір айда тілге, ауыз әдебиетіне этнографияға байланысты бай деректер жинаған. В.В. Радлов Ыстықкөлге жетеді. Онан Ақсуға, Верныйға соғып, қайтадан Барнауылға қайтады. Осы уақытта В.В. Радловтың «Краткий отчет о поездке в Семиреченскую область на Ыссык-куль летом 1869 г.» еңбегі жазылды, онда ол: «Халықтың бай эпикалық поэзиясы мені ұлан асыр олжаға кенелтті. Бұл тек лингвистер үшін ғана емес, халық поэзиясын зерттеушілер үшін де аса бағалы материал болып есептеледі»,- деп жазады [3].

«Терістік Алтайдан Орал өзеніне, Омбыдан Зеравшан өлкесінің батыс аймағына ұлан ғайыр даланы өздері «қазақ» деп, орыстар мен басқа батыс елдері қателесетін «киргиз» немесе «киргиз-кайсак» деп атайтын халық мекендейтіндігін» айта келіп, В.В. Радлов алғашқылардың бірі болып қазақ халқын өз атымен атайды. В.В. Радлов халықтық шағармалардың рухы таза, ойы анық, тілі көркем деп есептейді. Кітаби өлеңдерінің сөз оралымдарында исламның, кітаби тілдің әсері сезілетінін айта келіп, «бұл кітаби өлеңдерді мен қазақ тілінің табиғатына жат грамматикалық формалары мен сөздерден сақтана отырып, сауатсыз қазақтардың көмегімен көшірдім, араб және парсы тілдерінен енген сөздерді қолжазбада өте дұрыс жазғанына қарамастан, сол қарапайым халықтың ауызша айту формасында беруге тырыстым. Осылайша бұл жазбалар түпнұсқадағыға қарағанда әлдеқайда қазақы сипат алды».

Өмірін Орта Азия халықтарының тілі мен әдебиетін зерттеуге арнаған әлемге әйгілі ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпеевпен, Марабай ақынмен кездеседі. Қазақ, Ноғай әдебиетін зерттеп, Едіге, Шора батыр, Қобыланды, Орақ-Мамай жырларын, Жиренше шешеннің әңгімелерін, Шалкиіз, Доспамбет сияқты ақындардың өлеңдерін жазып алады. Қазақ, өзбек, ноғай, қыпшақ, қырғыз, якут, қарақалпақ тілдерін зерттейді.

Қазақтың шешендік сөздері мен ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинап, кітап құрастырған белгілі түрколог ғалым В.В. Радлов: «Қазақ тілі – ісламның бүлдіргіштік әсеріне ұшырамай түпкі таза түрін – түркі сыйпатын сақтап қалған тіл. Рас, мұнда да бірен-саран жат сөздердің енгені байқалады. Бірақ ол сөздер…қазақ тілінің үндестік заңына бағынып, бірыңғай халық тілінің қорына қосылған. Қазақ тілінің осы тазалығы мен табиғилығы, сондай-ақ көп таралғандығы бұл тілдегі мұраларды менің көбірек жинап, оған әдебиет нұсқаларын құрастырған жинақтардың толық бір томын арнауыма себеп болды. Оның үстіне қазақтың басқа бауырластарына қарағанда сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған әсер етті», — деп қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғара білген [4].

Көп уақыт қазақтардың арасында өмір сүрген В.В. Радлов жоғарыдағы ойларын одан әрі тереңдете түсіп: «Барлық көпшілік мерекелерде, халық өте көп жиналған кезде, айтыскер ақындар өнерлерін көрсетіп, тарихи әндермен, айтыста өзіндік импровизациялармен және мадақтама әндермен халықтардың көңілін көтеретін. Осындай айтыскерлер мен әншілер өте көп. Оларды барлық жерде құшақ жая қарсы алып, қонақ етеді. Қырғыздар жалпы алғанда сөйлеу өнерін өте жақсы меңгерген, әңгімелесуді жақсы көреді. Сонымен қатар қатты әзілдесетін. Олардың әңгімелері өте ақылды және бір-бірімен қатты қалжыңдасатын. Оларда өте бай халық поэзиясы пайда болған. Қырғыздар өздерінің халық поэзиясының туындыларын екі түрге бөледі: халықтық немесе қара-сөз және кітаптық сөз. Біріншісіне жазылмайтын туындылар жатады, яғни ауыз әдебиеті. Қырғыздар өздерінің көршілерінен шешен сөйлеуімен ерекшеленеді. Кез-келген қырғыздың сөйлеу өнері өте жатық және еркін. Қырғыздар сөйлеу өнерін (шешендік сөздерді) жақсы меңгерген. Олар өте ұзақ өлеңдерді оқи алады, сонымен қатар олардың қарапайым сөйлеуі де белгілі ритммен құрылған және олар көбінесе өлеңдерге ұқсастығымен ерекшеленеді. Ойлары ашық және нақты, сондықтан қырғыздарды толық негізде Батыс Азияның француздары деп атауға да болады. Осындай халықтың, мен алдында жазғандай, өте бай халық әдебиеті туындысына таң қалуға болады», — деп айтады.

В.В. Радловтың түркі тілдерінің материалдарын жазып алып, жинаған кезеңдері түркі тілдерінің гүлденген дәуірлері болатын. Бұл жағынан қарғанда, академиктің жинап-теріп, бастырып қалдырған еңбектері көненің көзі іспеттес бай рухани қазына деп айтуға болады.

Резюме

В статье рассматривается научное наследие видного ученого, крупного лингвиста, фольклориста, этнографа, археолога В.В. Радлова, внесшего большой вклад в создание и развитие тюркологии и востоковедения.

Summary

In the article discusses the scientific legacy of a prominent scientist, a great linguist, folklorist, ethnographer and archaeologist V. Radlov, who made a great contribution to the establishment and development of Turkic and Oriental Studies.

Пайдаланған әдебиеттер

1 Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. – Алматы, 1991. – 30 б.

2 Қайдар Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспе. – Алматы, 2004. – 42 б.

3 Радлов В.В. Краткий отчет о поездке в Семиреченскую область летом 1869 г. // Известия РГО. Т.6. №3, с. 99.

4 Шешендік сөздер. – Алматы, 1967. – 7 б.