Мектеп бағдарламасындағы жаттығулар арқылы оқушылардың дене қабілеттерін дамыту әдістемесі

Мектепте оқушылардың дене қабілеттерін дамытуда болашақ мұғалімдердің дидактикалық іскерлікті меңгеруі өте күрделі және қиын жұмыс. Мұғалім бақылау жаттығуларындағы қозғалыстың мөлшерленген көрсеткіштері мен денсаулықты нығайту міндеттерін шешу және дене қабілеттерін дамытудағы дидактикалық іскерлікті анықтау үшін жан-жақты және білімді болуы тиіс. Өйткені оқушылардың дене дайындығының жеткіліксіз деңгейі түрлі (қозғалыс-тірек аппараты, жүрек-қан тамырларының жүйесі, семіздік, қант диабеті және т.б.) аурулардың дамуына жол береді [1].

Дене қабілеттерінің дамуындағы дидактикалық іскерлікті екі топқа бөліп қарадық: 1) Бағытталған жүктемені мөлшерлеу іскерлігі; 2) Оқушылардың дене дайындығы мен дене бітімі дамуын бақылау және оларды түзетудің дидактикалық іскерлігі.

Жеке дидактикалық іскерліктің бірінші тобына:

— дене қабілетттерін дамытуға бағытталған жаттығулардың түрлері, олардың денсаулықты нығайтудағы маңыздылығы және оқушыларға осы білім негізін беру іскерлігі;

— оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, зал, спорт алаңы, жергілікті табиғат жағдайындағы әртүрлі сабақтарда (сабақта, үзілісте, сыныптан тыс жұмыста, спорт сағатында), әр түрлі әдістерді (қалыпты, ауыспалы т.б.) қолдану барысында бағытталған жүктемелерді мөлшерлеу іскерлігі;

— пәрмен беру (команда), спорт терминдерін меңгеруі, оқушылардың дене қабілеттерін дамытуды ұйымдастыру және белсенділендіру, логикалық дәлелді пайдалану, мадақтау, мәжбүрлеу, жазалау, әуен ырғағымен сүйемелдеу, ойын және жарыс әдістерін қолдану арқылы көңілін көтеру іскерлігі.

Жүктемені тиімді мөлшерлеуде, дене қабілеттерінің тиімді дамуында дидактикалық іскерліктің елеулі көмегі бар [1, 2, 3]. Өйткені дене шынықтыру мұғалімдеріне арналған оқулықтарда жүктемелер мөлшері жеткілікті деңгейде ашылмаған.

Дене қабілеттерінің дамуын бақылау және басқару дидактикалық іскерліктің екінші тобына жатады. Олар:

— дене дайындығы және дене бітімі дамуының деңгейін анықтау іскерлігі;

— дене бітімі дамуындағы және дене дайындығындағы қозғалу және ол үшін қажетті тәсілдерді жоспарлау іскерлігі;

— жүктемені бақылау және түзету іскерлігі.

Дене шынықтыру мұғаліміне дене қабілеттерінің дамуын бақылау және басқару бойынша дидактикалық іскерлікті меңгеру, өз кезегінде дене бітімі дамуына дұрыс педагогикалық ықпал жасауға мүмкіндік береді.

Дене шынықтыру мұғалімдерінің, оқушылардың дене қабілеттерін дамытатын білімі мен іскерлігін қандай деңгейде меңгергенін анықтау үшін, төрт жеке іскерлік топтары белгіленді (1-кесте). Білім деңгейі мен іскерлік сауалнама арқылы бес балдық жүйемен сараптау бойынша бағаланды. Сауалнамаға жұмыс тәжірибелері үш жылдан он жыл аралығындағы 24 мұғалім қатысты. Нәтижелері 1-кестеде көрсетілген.

Кесте 1 — Дене шынықтыру мұғалімдерінің оқушылардың дене қабілеттерін

дамыту іскерлігі бойынша бағалануы (n=24)

Дидактикалық іскерлік түрлері Баға алған мұғалімдер саны
Қанағаттанар-лықсыз Қанағаттанар-лық Жақсы Барлығы
1 Дене қабілеттерінің даму, қалыптастыру теориясын білу  

18/75%

 

6/25%

 

 

24/100%

2 Дене қабілеттерін дамытуға арналған жаттығуларды білу, қимыл дағдысын қалыптастыру  

 

 

 

19/79%

 

 

5/21%

 

 

24/100%

3 Жүктемелерді мөлшерлей білу іскерлігі  

20/83%

 

4/17%

 

 

24/100%

4 Дене қабілеттерінің дамуын басқару және бақылау іскерлігі  

3/13%

 

21/87%

 

 

24/100%

Дене шынықтыру мұғалімдері оқушылардың дене қабілеттерін дамытуда жеке іскерліктерді әртүрлі дәрежеде меңгергені зерттеулерден көрінеді. Дене қабілеттерінің даму теориясы бойынша білім деңгейінің төмендігі байқалады (75%-ы қанағаттанарлықсыз баға).

Мұғалімдердің дене қабілеттерінің (күш, төзімділік, ептілік, икемділік, жылдамдық) анатомиялық-физиологиялық даму механизмдері жайлы түсініктері төмен болды. Мұғалімдер осы қабілеттердің адам денсаулығына қалай әсер ететіндігіне жауап бере алмады.

Екінші сұрақ бойынша мұғалімнің 79%-ың білімі қанағаттанарлық және

21%-ы жақсы деп бағаланды. Қанағаттанарлық баға алған мұғалімдер дене қабілеттерін дамытатын жаттығу түрлерін толық білмеген. Мұғалімдер жүктемені мөлшерлеу іскерлігін меңгермеген (мұғалімдердің 83%-ы қанағаттанарлықсыз баға алған). Олар жүктеме мөлшері көрсеткішінің «ішкі» (ағзаның дене жаттығуларына реакциясы) және «сыртқы» (орындалған жұмыстың қуаты мен көлемі) болып бөлінуі қажеттілігін білмеген. Бұл жағдай сабақтардағы жеке қарқындылық пен жүктеменің көлемін таңдауда қиындық келтіреді, ал бұл өз кезегінде шағын кешенді ауыл мектептері үшін өте маңызды.

Дене дайындығын басқару және бақылауда дидактикалық іскерлік бойынша білім көрсеткіштерінің өте нашар екендігі анықталды (87% мұғалім қанағаттанарлық және 13%-ы қанағаттанарлықсыз баға алды).

Салыстырмалытүрде дене қабілеттерінің әдістемесі бойынша жақсы білім байқалды, бірақ мұғалімдерге берілген бақылау жаттығуларының жинағы ертеректе мұғалімнің өзі маманданған кезіндегі мектеп бағдарламасында келтірілген мөлшерлер және спорт түрлері бойынша сынақпен ғана шектелген.

Сұрақтың түпнұсқасы (хабарландырылуы, сенімділігі, объективтілігі), нәтижелердің статистикалық талдануы тест тапсырушы-мұғалімдерге жарияланған жоқ. Олар басқару теориясының негізгі қағидаларын, атап айтқанда, оқушылардың (көрсеткіштерді кезеңдер бойынша жоспарлау, нақты нәтижелерді жоспарлы нәтижемен салыстыру, кезеңдік бақылау және педагогтік әсерді түзету) дене дайындығын басқару негіздерін білмеген. Мұғалімдердің берілген сұрақтар бойынша білімі мен іскерлігі олардың еңбек өтіліне тәуелді болмады.

Зерттеу нәтижелерін талдау барысында мынандай қорытындыға келуге болады: мұғалімдердің көпшілігі дене қабілеттерін дамыту бойынша дидактикалық іскерліктің шектелген көлемін, атап айтқанда мектептегі дене шынықтыру сабақтарында қолданылатын жаттығулар мен сынақтардың көлемінде ғана қанағаттанарлық деңгейде меңгерген. Олар дене қабілеттерінің даму теориясының негізін білмейді және сондықтан оны оқушыларға түсіндіре алмайды. Оларды «не істеу керек және не үшін» деген сұрақ ойландырмаған. Мұғалімдер жекелеген дене қабілеттерін дамытуда күштің қозғалыс параметрлерін басқару тәсілдерін қалыптастыруға арналған жаттығуларды нашар біледі. Олар оқушылардың дене дайындығын басқару іскерліктерін жеткіліксіз меңгерген, бұл әсіресе, шағын кешенді ауыл мектептерінде мұғалімге оқушымен жеке жұмыс істегенде маңызды. Жүргізілген зерттеулер оқушылардың дене қабілеттерін дамытуда ұсынылған дидактикалық іскерлік құрылымын негіздеді. Болашақ дене шынықтыру мұғалімдерін оқыту үшін оқушылардың дене қабілеттерін дамыту және дидактикалық іскерлікке үйретуде келесі оқу тақырыптары белгіленді:

  • Дене қабілеттерін дамытудың әдістемелік негізі; жүктемелердің бағытталуы және мөлшері.
  • Мектеп бағдарламасындағы жаттығулар мен дене қабілеттерін дамыту және дене бітімінің дамуы мен дене дайындығын қалыптастыру әдістемесі.

Дидактикалық іскерліктің дене қабілеттерін дамыту бойынша анықталған түрлері дене тәрбиесі факультетіндегі дене шынықтыру мұғалімін дайындауға арналған бағдарламада көрсетілген іскерлікпен өзгешеленеді. Бұл өзгешелік оның дене тәрбиесінің дене қабілеттерін дамытудың негізгі мәселелерін шешуге бағытталғандығымен анықталады, ал қалыптасқан бағдарламадағы дидактикалық іскерлік спорт құралдарының түрлері бойынша топтастырылады. Мысалы, «Жеңіл атлетиканы оқыту әдістемесі» сабағы болашақ мұғалімдерді жеңіл атлетиканы оқытудың дидактикалық іскерлігіне үйретеді, ал жеңіл атлетика жаттықтырушысы үшін бұл пән педагогикалық мәселені шешу құралы, дербес жағдайда дене қабілеттерін дамыту үшін қолданылады.

Берілген жұмыстағы болашақ мұғалімдерде қалыптасуға тиіс дидактикалық іскерліктің топтастырылуы жалпы қабылданған бағдарламадағы іскерлікпен өзгешеленеді. Бұл өзгешелік іскерліктің дене қабілеттерін дамытуға негізделуі, яғни дене тәрбиесінің негізгі мәселесін шешуге бағытталуымен анықталады. Ал, мәселенің шешімі — дидактикалық іскерліктің құралы әртүрлі болуы мүмкін, мысалы, жеңіл атлетика немесе ырғақты гимнастика, ұлттық ойындар немесе билер, сондай-ақ әртүрлі жаттығуларды үйлестіріп қолдану. Дене тәрбиесінің тиімділігі оқушылардың дене дайындығының белгіленген талап деңгейіне жетуімен анықталады. Мұндай мақсатқа жету тәсілі экономикаға, ауа-райына, мектептің ұлттық ерекшелігіне, оқушылардың қызығушылығына, мұғалімнің іскерлігіне байланысты шешіледі.

Дене қабілеттерін дамыту бойынша дидактикалық іскерліктің ұсынылған топтастыру белгілері, болашақ дене шынықтыру мұғалімін дайындау (қосымша мамандандыру) барысында, сондай-ақ шағын кешенді мектептердегі оқу үрдісінде әр сабақтың құрылымына қарай үнемі өзгеріп отырады. Мысалы, жеңіл атлетика немесе ойын бөлімі бойынша сабақ жоспарланбайды, ал анықталған қозғалыс іскерлігін қалыптастыру (сабақтың жалпы бөлімі), спорт түріне емес әсердің бағытына байланысты таңдап алынатын бір, екі немесе бірнеше спорт түрінің жиынтығынан құралатын тәсілдерді (жаттығуларды) пайдаланып, анықталған дене қабілеттерін дамыту (сабақтың дамыту бөлімі) жоспарланады. Атап айтқанда сабақтың түрінде ұзындыққа секіруді (жеңіл атлетика), серіппеде секіруді (гимнастика) пайдалану арқылы секіргіштікті дамыту; немесе сабақта секіртпемен секіру, көп секіру (жалпы дене дайындығы), отырып-тұру арқылы орындалатын жаттығулар көмегімен секіруге төзімділікті дамытуға болады. Секіргіштікті немесе секіргіштікке төзімділікті дамыту үшін басқа да жаттығулардың түрлері жоспарлануы мүмкін.

Сабақтың кейбір түрлерінде спорттың тек бір түрінен тұратын, мысалы шаңғы, спорттық немесе қозғалмалы ойындар және т.б. жаттығулар пайдаланылуы мүмкін. Дегенмен, мұндай сабақтардың өзін оқыту және дамыту бөлімдеріне бөліп берілген спорт түрінде әлсіз дамытылатын дене қабілеттеріне әсер ететін жаттығуларды үйлесімді қолдануға болады [4].

Шағын кешенді ауыл мектебі жағдайында спорт залдың, спорт алаңының, стадионның, құрал-жабдықтардың және мұғалімдер дайындығының өз деңгейінде болмауынан жеке немесе жұптасып (топтағы оқушы санының аздығынан) орындалатын жаттығуларды (бадминтон, үстел теннисі, ырғақты гимнастика ) таңдау тиімділік көрсетті. Дегенмен, дене қабілеттерін дамыту мәселелері толық кешенді мектептегі мәселелермен бірдей шешілетін барлық мүмкіндікті пайдалану басты шарт болып табылады.

Әдебиеттер

  1. Сульдин В.И. Формирование дидактических умений преподавания физической культуры в малокомплектной школе //Человек, здоровье, физическая культура и спорт изменяющемся мире: Тез. Докл. 5 научно-практич. Конф. — Коломна, 1995.-С. 97-98.
  2. Горчакова Л.П. Физическое воспитание в малокомплектной школе. — Москва., Просвещение, 1983.
  3. Петров Н.В. Обьязательной курс физического воспитания студентов в условиях открытого воздуха //Научные основы физичкского воспитания и спорта. — Москва., 1962. — С.201-203.
  4. Вилинский М.Я. Формирование физической культуры личности учителя в процессе его профессиональной подготовки: В форме науч. докл. — 1990. — 84 с.