ӘЛЕУМЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ

Әлеуметтанудың объектісі мен пәні

Кез келген ғылымды зерделеу алдымен оның объектісін, пәнін, басқа ғылымдар жүйесіндегі және қоғам өміріндегі орны мен рөлін айқындаудан басталады. Әлеуметтану ғылымының осынау белгілерін ол жайындағы түсініктің қазіргі кездегі пікірталасына және әлеуметтанушы мектепке тәуелділігіне назар аудара отырып қарастырамыз.

“Әлеуметтану” термині екі сөзден құралған: латынның socіetas — қоғам және гректің logos — сөз, түсінік, ілім деген сөздерінен. Демек, этимологиялық тұрғыдан алғанда әлеуметтану “қоғам туралы ғылым” немесе “қоғам туралы ілім” дегенді білдіреді. Бірақ бұл біршама абстрактілі ой, өйткені адамзат қоғамы өзінің заңды көріністерімен көптеген қоғамдық ғылымдардың пәні болып табылады. Сондықтан да әлеуметтану пәнін қандай да бір басқа қоғамдық ғылым пәнінен бөлек қарауға болмайды. Ол үшін ең алдымен әлеуметтанудың объектісі мен пәнінің ара жігін ажыратып алған жөн.

Ғылыми таным объектісіне зерттеу қызметі бағытталатынның бәрі, оған объективті шынайылық ретіндегі қарсы тұратын нәрсенің бәрі жатады. Нақты ғылымның зерттеу объектісі туралы әңгіме болғанда объективті шынайылықтың қандай да бір бөлігі тұтас зерттелмейді, сол ғылымның ерекшелігімен анықталатын жағынан бастап қана зерттеледі. Объективті шынайылықтың нақты бөлігінің басқа жақтары бұл жағдайда қосалқы нәрсе ретінде немесе берілген объектінің міндетті шарты ретінде қарастырылады.

Объект дегеніміз белгілі бір немесе ерекше қасиеті бар объективті шынайылықтың жеке бір бөлігі немесе элементтерінің жиынтығы. Және де объективті шынайылықтың бір саласының өзі көптеген ғылымның зерттеу объектісі бола алады. Мысалы, физикалық шынайылық — көптеген жаратылыстану және техникалық ғылымдардың, ал әлеуметтік шынайылық — қоғамдық және гуманитарлық ғылымдардың зерттеу объектісі. Қоғам адамдардың өзара әрекетінің өнімі ретінде саналы, күрделі құбылыс және барлық қоғамдық ғылымдар үшін ортақ зерттеу объектісі болып табылады. Алайда осы ғылымдардың әрқайсысының өзіндік ерекшеленген зерделеу объектісі бар. Сондықтан көптеген қоғамдық ғылымдардың объектісі тұтас қоғам емес, оның қандай да бір жағы немесе көрінісі. Экономика ғылымдарының ерекшеленген объектісі – қоғамдық өмірдің материалдық игіліктерді өндіру, бөлу, алмасу және тұтыну сияқты өзіне тән жақтары. Қоғам өмірінің экономикалық саласынан едәуір өзгеше жағы – саяси биліктің ұйымдастырылуына, қызмет етуіне және дамуына байланысты саясат саласы болып табылады. Және де ол саяси ғылымдардың ерекшеленген объектісі болып табылады. Бірқатар ғылымдар — мәдениеттану, әлеуметтік психология, педагогика және басқалар — қоғамның рухани өмірін, рухани құндылықтарды өндіру және бөлу, адамдардың рухани сұраныстарын қанағаттандыру жолдарын, нысандары мен әдістерін зерделеуге арналған [1].

Ғылыми білімнің объектісі мен пәні бір-біріне дәл келе ме? Жоқ, дәл келмейді, өйткені кез келген ғылымның объектісі таным процесінің бағытталған нәрсесі болып табылады, ал пән қызметін тікелей зерделенуге жататын объектіні құрайтын тараптарға, байланыстарға, қарым-қатынастарға қызмет етеді [2]. Егер де ғылым объектісі — объективті дүниенің қандай да бір бөлігін танытатын шынайылық дейтін болсақ, ал ғылымның пәні — осы шынайылықтың ғылыми және тәжірибелік көзқарас тұрғысынан неғұрлым маңызды заңды байланыстары мен қарым-қатынастарын анықтау жолымен, сол шынайылықты абстрактілі деңгейде қайта тудыру. Кез келген ғылымның пәні объективті дүниенің жай ғана бір құбылысы немесе процесі емес, оның зерделенетін объектісінің дамуы мен қызмет етуінің басқа ғылым емес, тек қана осы ғылым үшін ерекшеленген белгілі бір заңдылықтарын бөліп қарауға мүмкіндік беретін теориялық абстрактілеу нәтижесі болып табылады. Мұндай абстрактілеу (зерделенетін объектінің үлгісін жасау) әлеуметтік шынайылылықтың әллеуметтанушы қызметі бағытталған “бөлігін”, “саласын”, “қырларын” анықтайды.

Сонымен, ғылымның пәні ол зерделейтін объектіге тепе-тең емес. Ғылымның пәні тұрақты бола алмайды және таным процесінің өзі сияқты үнемі қозғалыс, даму, қалыптасу үстінде болады. Ғылымның пәндік саласының қозғалысы екі шешуші факторға: бір жағынан ғылыми білімнің прогресіне, екінші жағынан қоғамның өзгермелі сұранысына, әлеуметтік сұранымға тәуелді [3]. Әлеуметтанудың пәндік саласы аталған факторлардың ықпалымен қалыптасқандықтан және қалыптасып жатқандықтан, әлеуметтану өз пәнін анықтауда өзгеріске ұшырамай тұра алмайды. Енді біз әлеуметтану тарихының ішінен оның пәні туралы ұғымның қалай өзгергенін қарастырамыз.

Әлеуметтанудың негізін қалаушы О.Конт әлеуметтану пәнін жалпыға ортақ келісім негізін құрайтын тұтас алынған қоғам деп түсінді. Бұл келісім өз кезегінде адамзат тарихының және адамның өз табиғатының бірлігіне сүйенеді. О.Конт оң әлеуметтанушылық білімді табиғи-физикалық процестерге ұқсатып құрды. Әлеуметтануды әлеуметтік физика деп түсіну, оның пәндік саласын әлеуметтік статикаға және әлеуметтік серпінге бөлу осыдан келіп шыққан.

Ағылшын философы әрі ғалымы Г.Спенсер әлеуметтануды әлеуметтік институттардың табиғи эволюциясы нәтижесінде ондағы жіктелу тұтасумен ұштасатын әлеуметтік организм ретіндегі қоғам туралы ғылым деп білді.

Неміс кәсіби әлеуметтануының атасы Ф.Теннис әлеуметтанудың өзі жасаған тұжырымдамасы шеңберінде теориялық және қолданбалы әлеуметтанумен қатар салыстырмалы оқу пәні ретінде эмпирикалық әлеуметтануды бөліп қарайды. Ол индуктивтік әдіске сүйенеді және жалпы ұстанымдар ретінде теориялық әлеуметтану ұғымдарын пайдаланады. Теннистің ойынша, әлеуметтану пәнін әлеуметтіліктің, қоғамдастықтың барлық түрлері және олардың негізін адамдардың өзара әрекеті құрайды.

Француз әлеуметтану мектебінің негізін қалаушы Э.Дюркгейм үшін дербес және ерекшеленген ғылым ретіндегі әлеуметтанудың пәні әлеуметтік фактілерді зерделеу болды, оларды “заттар ретінде”, қоғамдық тұтастықты нығайтатын наным, ұжымдық сана жүйесіне қатысты функционалдылық көзқарасы тұрғысынан түсіндірілуге тиіс нәрсе ретінде қарастыру қажет. Осы тұжырымдамаға сәйкес, әлеуметтану “олардың мүшелері оқшауланған кездегі әрекетінен гөрі мүлде өзгеше ойлайтын, әрекет ететін және сезінетін” [4] әлеуметтік топтарды зерделеуге тиіс. Басқаша айтқанда, оның түсінігінде әлеуметтану дегеніміз әлеуметтік институттар, олардың генезисі және жұмыс істеуі туралы ғылым.

Неміс әлеуметтанушысы М.Вебердің көзқарасы бойынша, әлеуметтану пәнін анықтау әлеуметтік мінез-құлықты түсінумен тығыз байланысты. М.Вебер үшін әлеуметтану пәні дегеніміз әлеуметтік іс-әрекеттердің мән-мағынасының, әлеуметтік қарым-қатынастар мәнінің және олардың әрекет субъектісіне арналған құрылым-дарының тұтас жиынтығы. Бұл позитивтік-баяндаушы емес, түсінікті әлеуметтану болуға тиіс.

Әлеуметтану пәні туралы американ әлеуметтанушысы П.Сорокиннің түсініктері қызықты. Ол барлық ғылымдарды үш топқа — объективті нақты өмірдің органикалық бөлігін зерделеумен шұғылданатын ғылымдарға, органикалық емес бөлігі және “органика үстілік” немесе әлеуметтік мәдени бөлігін зерделейтін ғылымдарға бөледі. Объективті шынайылықтағы органикалықтан тыс феномендер саласын адамның ментальдік, ойлау қызметінде көрініс табатын әлеуметтік феномендер құрайды. Бұл салаға тіл, ғылым мен техника, дін, философия, өнер, құқық, этика, адамдардың әдет-ғұрыптары мен мінез-құлықтары жатады. Әлеуметтану ғылымдардың үшінші тобына кіреді және органикалықтан тыс феномендер үшін ортақ нәрселерді зерделейді. Сонымен әлеуметтану барлық санаттағы әлеуметтік феномендер, сондай-ақ оларды біріктіретін қарым-қатынастар мен өзара байланыстар туралы жалпы ғылым болып табылады.

Американ әлеуметтануының классигі Т.Парсонс әлеуметтануды мінез-құлықтардың өзара іс-әрекеттері мен атқаратын рөлдерінен — құндылықтардың жалпы иерархиясына бағытталған өзара іс-қимылдардан тұратын, мәдени үлгілер, ережелер мен мәртебелердің институциялануына негізделетін құрылымдарға сүйенетін, әлеумет-тік жүйелерді зерделейтін ғылым деп біледі.

Символикалық интеракционизмнің негізін қалаушы Дж. Г.Мид әлеуметтану жануарлардың мінез-құлқынан принципті түрде өзгеше болатын адам мінез-құлқының механизмін түсінуге тырысуы тиіс деп есептейді. Әлеуметтік өзара әрекет механизмін оның барлық деңгейлері мен мән-мағынасы бойынша барабар түсіну міндетін жеке тұлғаның ішкі дүниесі мен оған себепші болатын факторларды түсінген жағдайда ғана шешуге болады. А.Шюцтің пайымдауы бойынша, әлеуметтану пәні “интерсубъективтіліктің”, яғни жеке адамдар бірін-бірі қалай түсінетіндігінің, дүние туралы жалпы қабылдау мен жалпы түсінік қалай қалыптасатындығының проблемасы болып табылады. Шюцтің интерсубъективтілікті талдаулары кәдуілгі білімнің әлеуметтанушылық іргетасын — феноменальді әлеуметтанудың бүгінгі таңдағы неғұрлым толық жасалған тұжырымдамаларының бірінің іргетасын қалады.

Қазіргі заманғы ресейлік әлеуметтанушы-ғалымдар қалыптасқан дәстүрге сәйкес әлеуметтанушылық білім пәнін анықтаған кезде қандай да бір әлеуметтік құбылысты шешуші нәрсе ретінде бөліп қарайды. Ондай құбылыстардың қатарына топтық өзара әрекет, әлеуметтік қатынастар, әлеуметтік ұйымдар, әлеуметтік әрекет жүйелері, әлеуметтік мінез-құлық, әлеуметтік топтар, адамзат қауымдасты-ғының нысандары, әлеуметтік процестер, әлеуметтік өмір, қоғам, әлеуметтік құрылымдар жатады.

Қазіргі көзқарастарды, тұжырымдамалар мен теорияларды талдау әлеуметтану пәні анықтамаларын үш негізгі топқа бөлуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтану пәні ретінде бірінші топты әлеуметтану пәнінің қалай болған күнде де қоғамды қарастыратын анықтамалары құрайды. Мысалы, Э.В.Тадевосян жетекшілік еткен авторлар ұжымы мынадай анықтама береді: әлеуметтану — қоғамның ұйымдастырылу­ының, қызмет етуінің және дамуының жалпы және ерекшеленген әлеуметтік заңдылықтары, адамдардың, олардың қауымдастық-тарының және жалпы қоғамның әрекеттері мен өзара іс-қимылдарында жүзеге асуының жолдары, нысандары мен әдістері туралы ғылым [5].

Екінші топта — функционалдық анықтамалар, оларға сәйкес сан қырлы әлеуметтік жүйелер, яғни адамдардың өзара қарым-қатынасының қандай да бір реттелген жиынтықтары әлеуметтану объектісі деп жарияланады.

Мәселен, В.А.Ядов әлеуметтану пәнін былай тұжырымдайды: әлеуметтану — әлеуметтік қауымдастықтар мен олардың өзін-өзі ұйымдастыру нысандары: әлеуметтік жүйелердің, әлеуметтік құрылымдар мен институттардың қалыптасуы, дамуы және қызмет етуі туралы ғылым. Бұл әлеуметтік субъект – қауымдас-тықтардың белсенділігінен болатын әлеуметтік өзгерістер туралы ғылым; алуан түрлі әлеуметтік қауымдастықтардың арасындағы өзара байланыс және өзара әрекет механизмдері ретіндегі әлеуметтік қарым-қатынастар туралы ғылым; әлеуметтік іс-әрекеттер мен бұқаралық мінез-құлықтың заңдылықтары туралы ғылым [6].

С.С.Фроловтың пікірінше, әлеуметтану — қоғамның құрылым-дарын, олардың элементтері мен өмір сүру шарттарын, сондай-ақ сол құрылымдардағы әлеуметтік процестерді зерделейтін ғылым [7].

Үшінші топтағы әлеуметтану пәнін түсіндіруде антропоорталықтық көзқарас жатыр, оған сәйкес адам компоненті әлеуметтану пәнін анықтауда негізгі компонент болады. Ю.Г.Волков, В.Н.Нечипуренко және басқалар “әлеуметтану — адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастар процесінде, жеке адамдар мен топтар арасындағы өзара әрекет пен өзара байланыс процестерінде пайда болатын себеп-салдар байланыстарын ашып көрсетуді алдына мақсат етіп қоятын адамның мінез-құлқы туралы ғылымның саласы” деген қорытынды жасайды [8].

Адамтану аспектісі А.И.Кравченконың оқулықтарындағы зерттеу проблемаларын талдаған кезде байқалады. Оның тұжырымдауынша, әлеуметтанудың негізгі пәні оның мәртебесі мен рөлі болып табылады, мәртебесі – пәннің статистикалық бейнесін, ал рөлі серпінділік бейнесін береді [9].

Ж.Т.Тощенконың анықтамасы бойынша, әлеуметтану — азаматтық қоғам мүшелері ретіндегі адамдардың санасы мен мінез-құлықтарының қозғаушы күштері туралы ғылым. Әлеуметтану пәні мыналарды қамтиды: өзінің барлық қарама-қайшы дамуындағы шынайы қоғамдық сана; санада қалыптасатын білімдердің, ұстанымдардың, құндылық бағыт-бағдарлардың, сұраныстар мен мүдделердің пәндік көрініс табуы (нысаны мен мазмұны бойынша) ретіндегі адамдардың қызметі, шынайы мінез-құлқы; адамдардың шынайы санасы мен қызметі, шынайы мінез-құлқы дамитын және жүзеге асатын жағдайлар [10].

Жоғарыда аталған анықтамаларға жасалған қысқаша шолу барлық көзқарастардың макро- не микроәлеуметтанушылық парадигмалармен арақатынаста болатынын көрсетеді. Макро-теоретиктер қоғамның ғаламдық заңдарын ашып көрсетуге талпына отырып қоғамның, мәдениеттің, әлеуметтік институттардың, әлеуметтік жүйелер мен құрылымдардың, ғаламдық әлеуметтік процестердің ұғымдарын пайдаланады. Микротеоретиктер қоғам туралы философияшыл болудан бас тарта отырып, жалпы жеке адамдардың түрлі әлеуметтік жағдайлардағы мінез-құлқын, олардың әрекеттерінің себеп-салдарын, жеке тұлғалар арасындағы өзара әрекет механизмдерін және басқа да нақты мәселелерді зерделеумен шұғылданады.

Осыдан барып әлеуметтануды анықтаған кезде бір-бірінен мүлде бөлек екі көзқарас келіп шығады: бірі — оның пәнін қоғамдық организмнің тұтастығы, әлеуметтік ұйымдар мен жүйелер туралы ғылым ретінде өрістету бағытында анықтау болса, екіншісі — әлеуметтік процестер мен бұқаралық мінез-құлықтар туралы ғылым ретінде анықтау. Бірінші көзқараста әлеуметтану демографиялық, экономикалық және саяси ғылымдармен ұштасса, екіншісінде әлеуметтік психологиямен ұштасады.

Макроәлеуметтанудың дамуы қазіргі заманғы теориялық әлеуметтанудың қалыптасуына, ал микроәлеуметтанудың дамуы эмпирикалық (қолданбалы) әлеуметтанудың қалыптасуына алып келді деген түсінік бар. Мұндай баға негізсіз емес, бірақ оны толық мәніндегі ақиқат нәрсе деп мойындауға болмайды. Макроәлеуметтануда да, микроәлеуметтануда да теориялық және эмпирикалық деңгей бар. Макроәлеуметтанушылар (Э.Дюркгейм, М.Вебер, Ф.Теннис, П.Сорокин, т.б.) эмпирикалық әлеуметанушылық зерттеулермен белсене айналысқан, ал микроәлеуметтанушылар (мысалы, американ әлеуметтану мектебінің өкілдері) маңызды әлеуметтану­шылық теориялардың негізін қалаған.

Қазіргі микро- және макроәлеуметтанудың жақындасуы оның объектісі мен пәнін қазіргі заман тұрғысынан түсіну үшін аса маңызды. Бұл жақындасу макротеоретиктер де, микротеоретиктер де материяның әлеуметтік нысанының алғашқы “клеткасы” болатынын және қоғамды да, нақты адамдардың мінез-құлқын да әлеуметтанушылық талдау ісін содан бастау қажеттігін мойындауда бір-бірімен үндес екендігінен көрінеді.

В.А.Ядовтың пікірі бойынша, қазіргі заманғы әлеуметтанудың пәндік саласы іс жүзінде екі бағытта қайта қаралуда. Біріншіден, әлеуметтік кеңістіктің ауқымы мен сапасын басқаша көру тұрғысынан оның жаһандануы бағытында (оның негізінде жалпыадамзаттық проблемаларды шешу үшін барлық мектептердің, бағыттардың әлеуметтанушылардың күш-жігерін, теориялық-әдістемелік көзқарастарын біріктіруге ұмтылыс жатыр). Екіншіден, “әлеуметтіктің” өзге талдамалық бірлігін іздеу тұрғысынан. Егер де классикалық әлеуметтануда мұндай бірлікті қоғамдық тұтастықтың құрылымдық нысандары (әлеуметтік институттар, қауымдастықтар, мәдениеттің нормативтік үлгілері және т.б.) деп түсінетін болса, ал модернистік кейінгі көзқараста әлеуметтіктің бұл “клеткасы” болатын нәрсе қоғамдық субъектінің немесе әлеуметтік агенттің іс-әрекеті ретінде әлеуметтік өзара байланыстардың күрделі жүйесіне енген әрекетшіл, шығармашыл бастамасы мағынасындағы құбылыс болып табылады [11].

Әлеуметтану оқшауланбай, басқа қоғамдық ғылымдармен тығыз қарым-қатынаста дамып келеді. Әлеуметтану пәнінің анықтамасы ғылым ретінде оның басқа қоғамдық ғылымдардан өзгешелігі неде екендігін көрсетіп қана қоймай, қоғамдық ғылымдар жүйесіндегі орнын неғұрлым дәл анықтауға, сондай-ақ олардың жеке түрлерімен қаншалықты тығыз байланысты екендігін айқындауға мүмкіндік береді. Қоғамды зерделеуге деген әлеуметтанушылық көзқарастың ерекшелігін нақты анықтап алу үшін әлеуметтанудың әлеуметтік философиямен, тарихпен, саясаттанумен, экономикалық ғылыммен және басқа қоғамдық ғылымдармен арақатынасын және өзара әрекетін қарастырудың маңызы зор.

Әлеуметтану және әлеуметтік философия. Әлеуметтік философия дегеніміз философияның қоғамның сапалық өзіндік ерекшеліктерін және оның табиғаттан өзгешеліктерін ұғынуға арналған бөлімі. Ол қоғамның өмір сүруінің мәні мен мақсатының, оның дамуының, тағдыры мен перспективаларының, бағыттылығының, қозғаушы күштерінің және оның дамуының проблемаларын талдайды. Әлеуметтік-философиялық ой-толғанымдардың пәндік саласы қоғам өмірін зерттеу, ең алдымен олардың бел ортасында өмірдің маңызды проблемалары тұратын дүниетанымдық мәселелерді шешу тұрғысынан зерттеу болып табылады.

Әлеуметтік философия мен әлеуметтанудың зерттеу объекті-лерінің бір-біріне дәл келетін тұстары өте көп. Әлеуметтік философия да, әлеуметтану да қоғамды тұтас, жүйелі түрде, оған енетін бірліктерін интегралдық құрылым ретінде қарастырады. Бұл осы ғылымдардың бір-бірімен ерекше тығыз байланысын анықтайтын ортақ сипаты. Алайда әлеуметтанудың объектісі мен пәні нақтырақ, қоғамның дамуын аса жоғары деңгейдегі абстракциямен сипаттайтын әлеуметтік философияның объектісімен және пәнімен салыстырғанда абстрактілігі аз. Әлеуметтік философия қоғамдық проблемаларды қисынды ой-толғаныс тізбегінде дамитын белгілі бір ұстанымдарды басшылыққа ала отырып шешеді. Әлеуметтану болса басқа қоғамдық ғылымдардың нәтижелерін пайдалана отырып эмпирикалық тексерілетін әлеуметтік фактілерді жинауға және талдауға, осы ғылымның шеңберінде алынған тиісті эмпирикалық мәліметтерді тұжырымдауға сүйенеді.

Неғұрлым көбірек тұжырымдалған заңдар мен санаттарды білу әрқашан да азырақ тұжырымдалған заңдар мен санаттарды зерделеуге дұрыс жол табудың қаншалықты қажетті алғышарты болса, әлеуметтік философия әлеуметтанудың соншалық жалпы теориялық және әдістемелік негізі болады. Қоғамның әлеуметтік құрылымы да, оның жеке элементтері де тұтас нәрсенің бір бөлігін сол нәрседен тыс түсінуге болмайтындығы сияқты, тұтас қоғамның мәнін, оның әр түрлі салаларының өзара әрекетін және т.б. түсінуден тыс терең әрі ойдағыдай зерделене алмайды. Екінші жағын алар болсақ, әлеуметтану қоғамдық өмірдің бар күрделі сан қырлылығын нақты талдай отырып, әлеуметтік философияның ұғымдық аппаратын және пәндік мазмұнын байытуға, олардың шынайы өмірмен, тәжірибемен байланысын кеңейту және тереңдету негізінде оның ережелері мен қорытындыларын айқындауға және нақтылауға ықпал етеді.

Әлеуметтану және тарих. Тарих — ежелгі қоғамдық ғылымдардың бірі. Тарих қоғамды хронологиялық жүйемен нақты зерттейді. Ол бұрынғы өткен әлеуметтік оқиғаларды зерделеуге бағытталған, әр түрлі дәуірлер туралы олардың оқиғаларын қадағалай және оларды кеңістіктік-уақыттық тұтастық ретінде сипаттай отырып, мәліметтер жинайды. Осылайша ол әр түрлі әлеуметтік құбылыстар мен қоғамның даму кезеңдері туралы нақты материал жинақтайды. Бір айырмашылығы, ғылым ретінде әлеуметтанудағы ең басты нәрсе — өткен және осы шақтағы әлеуметтік тәжірибені жалпыландыру, берілген әлеуметтік құбылыстардың, оқиғалардың, процестердің қайталанатындарын, тұрпаттыларын, мән-мағыналық заңдылық­тарын бөліп қарау. Сонымен әлеуметтану тарихқа қарағанда неғұрлым жоғары абстракциялық деңгейдегі ғылым болып табылады. Іс жүзінде әлеуметтану тарих (сондай-ақ басқа ғылым да) беретін мәліметтерді пайдаланады, әлеуметтік құбылыстардың жеке түрлерінің ортақ қасиеттерін атап өтеді және олардың типологиялық бейнесін береді.

Егер тарих қоғамдық өмірдің барлық салаларын, жақтарын, пайда болу нысандарын зерттейтін болса, ал әлеуметтану қоғамдағы “әлеуметтікті” ғана зерделейді. Тағы бір атап өтетініміз, тарих ғылымы тек болған және тарихқа енгендерді ғана зерделейтін болса, әлеуметтану өз ізденістерін қазіргі заманға көбірек бағыттап, өзіне қажетті элемент ретінде әлеуметтік болжам жасап отырады. Әлеуметтану мен тарихтың өзара қарым-қатынасы ең алдымен әлеуметтік ережелер мен қорытындылар тікелей тарихи фактілерді, тарихи тәжірибені тұжырымдауға сүйенетіндігімен айқындалады. Екінші жағынан алғанда, әлеуметтік философиямен бірге әлеуметтану тарих ғылымының жалпы теориялық және әдістемелік негізі болады.

Әлеуметтану және саясаттану. Әлеуметтану пәні мен саясаттану арасында өзара тығыз байланыс бар. Олар:

әлеуметтік қауымдастықтар, әлеуметтік ұйымдар мен институттар саясаттың маңызды субъектілері және объектілері болып табылады;

саяси қызмет жеке тұлғаның және олардың қауымдастығының өмірлік қызметінің қоғамдағы өзгерістерге тікелей ықпал ететін негізгі нысандарының бірі болып табылады;

саясат өте кең ауқымды, күрделі және көп қырлы құбылыс ретінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында көрініс табады және көбіне қоғамның жалпы дамуын айқындайды.

Саясаттану ғаламдық қоғам құрылымының бір ғана саласын, яғни биліктің ұйымдастырылуын зерттейді. Бірақ саясаттану бұл саланы қатаң ғылыми әдістермен осы құрылымның басқа бөліктерімен байланыстыра қарастырғанда ғана зерделей алады. Бұл саясат-танудың саяси құрылым мен саяси институттарды, саяси биліктің құрылымдары мен ұйымдастырылуы сипаттамаларын зерделегенде, әлеуметтану ашатын ғаламдық қоғамның құрылымына жататын заңдарды ескеруге тиіс екенін білдіреді. Әлеуметтану да жеке топтар мен жалпы қоғамның саяси қарым-қатынастарын және саяси құрылымын зерделей алады, бірақ ол мұны олардың қоғамдық құбылыстар ретіндегі мән-мағынасын айқындау мақсатында жасайды.

Азаматтық қоғамды зерттеуде саясаттануды қызықтыратыны ең алдымен азаматтың құқықтары мен міндеттері, саяси жүйенің құрылымы мен саяси билікке қатысты (саяси) қарым-қатынастар, саяси институттар мен ұйымдардың орны, рөлі және қызметтері. Ал әлеуметтану азаматтық қоғамға оның әлеуметтік құрылымын талдау, жеке тұлғаның мәртебесі, таптар және басқа да әлеуметтік топтар, ұлттар мен ұлыстар, олардың өзара әрекеті және т.б. тұрғысынан қарайды.

Әлеуметтану және психология. Егер әлеуметтану өзінің пәні ретінде тұтас қоғамды зерттеуге және оның неғұрлым жалпыға ортақ заңдарын ашуға тырысатын болса, психология психикалық құбылыстарды, яғни мінез-құлықтың белгілі бір түрі тудыратын ішкі субъективті күйзелісті зерделейді. Психологияның пәні болып табылатындар — адамның мінез-құлқының ішкі қырлары, оның субъективті күйзелістері. Дей тұрғанмен де, адамдар арасындағы қарым-қатынастарда, олардың бір-біріне қатысты мінез-құлықтарын­да бұл қатынастардың құрамдас бөлігі болып табылатын психологиялық элемент те бар. Сондықтан да әлеуметтану қоғамдық қатынастарды зерделей отырып, адамдардың себептерінің, сезімдері­нің және көңіл-күйлерінің психикалық элементтерін назарға алуы тиіс. Бірақ та қоғамдық құбылыстарды тек қана психикалық құбылыстарға телу дұрыс болмас еді. Сөйтіп, әлеуметтану мен психологияның байланысы олардың пәндерінің байланысынан туындайды. Ал олардың пәндерінің байланысы қоғамдық құбылыстарды зерделеген кезде психикалық элементтерді назарға алу қажеттігін ғана емес, психикалық құбылыстарды зерделеген кезде олардың әлеуметтік шарттылықтарын, әлеуметтік ортамен байланысын ескеру қажеттігін де көрсететіндігінде.

Әлеуметтану да, психология да адамды және оның мінез-құлқын зерделейді. Алайда олар мұны өз пәндерінің ерекшеліктері тұрғысынан әр түрлі жасайды. Дегенмен де олар өз пәндерін зерделеген кезде үйлесімді бағыт ұстанады және олардың арасында ынтымақтастық қарым-қатынасы бар деп айтуға болады.

Әлеуметтану және экономика ғылымы. Экономика ғылымы өз күш-жігерін материалдық өндірісті, адамдардың экономикалық қызметін зерттеуге шоғырландырады, олардағы өзгерістер әлеуметтік процестерге әсерін тигізеді. Сондықтан әлеуметтану экономикалық теорияға сүйенбей, онымен өзара әрекетке бармай тұра алмайды. Екінші жағынан алғанда, өмір көрсетіп отырғанындай, экономикалық процестердің өзі өндірісте, бөлуде, алмасуда және тұтынуда әлеуметтік шарттар мен факторлардың және оларды пайдаланудың ықпалына барған сайын тәуелді бола түседі. Бұл да экономикалық және әлеуметтік ғылымдардың өзара әрекетін нығайта түсуді талап етеді.

Егер де экономика ғылымы қоғамдық өмірдің бір ғана, мейлі өте маңызды саласының заңдылықтарын зерттейтін болса, әлеуметтану қоғамның тұтас дамуының негізінде жататын және оның барлық, соның ішінде экономика салаларында ерекше көрініс табатын неғұрлым жалпы және кең ауқымды заңдылықтарын зерттейді.

Сонымен әлеуметтану мен өзге қоғамдық ғылымдардың арақатынасы туралы мәселеде, солардың өзара тығыз байланысы, қоғамдық өмірді шынайы зерттеуде бұл ғылымдардың пәндік шекаралары сақталумен бірге, бір-бірімен қабысуы, бірақ әлеуметтанудың бұл ғылымдарды жұтып қоймайтыны сөз болуы керек және солай болуға тиіс те.

Әлеуметтану білімінің құрылымы

Әлеуметтанудың ғылым ретінде айтарлықтай күрделі, көп деңгейлі құрылымы бар. Кез келген ғылымдағыдай оның негізгі құрамдас бөліктерін атауға болады [12]:

Бірінші құрамдас бөлігі — білім — өзіне әдістемелік және дүниетанымдық принциптерді; жалпы, арнайы және салалық теорияларды, іргелі және қолданбалы теорияларды; әлеуметтану пәні туралы ілімді, әдістер, оларды жасау және қолдану туралы білімді; әлеуметтану білімінің нысандары, тұрпаттары мен деңгейлері туралы ілімді, арнайы түзілген жіктелімдерді немесе типоло-гияларды; тұжырымдамалық үлгілер мен болжамдарды қамтиды.

Екінші құрамдас бөлігі — білім алу құралдары — бұл жеке әдістер мен әлеуметтану зерттеулерінің өзі.

Білімнің деңгейіне қарай әлеуметтану теориялық және эмпирикалық болып бөлінеді.

Ғылыми танымдағы теориялық пен эмпирикалық арақатынастың проблемасы екі аспекиіні: функционалдық және генетикалық аспектіні қамтиды.

Функционалдық аспекті ғылымның дамыған теориялық аппараты мен оның эмпирикалық базисінің арақатынасына қатысты. Мәселені мұндай қырынан алып қарау теорияның аппараты мен бақылау-лардың және эксперименттердің мәліметтері арасындағы байланыс-тырушы буындарды табуды, теориялық ережелерді эмпирикалық тексеру әдістерін анықтауды көздейді, ол ғылыми білімнің теориялық деңгейі қалыптасқан және мәселе оның эмпирикалық деңгеймен арақатынасын негіздеу туралы болған жағдайда ғана мүмкін болады. Бұл ретте теорияның эмпириямен “кері байланысы” ғылымның өзінің теориялық аппаратының одан әрі жетілуі мен дамуының маңызды қозғаушы күшіне айналады.

Ғылымдағы теориялық және эмпирикалық білімнің арақатынасы проблемасының генетикалық қыры теориялық аппаратты, оның ішінде ғылыми теорияны қалыптастыруға, ғылымның эмпирикалық сатысынан оның теориялық сатысына көшуіне қатысты.

Теориялық білім — теориялық білімнің әлеуметтанушылық теориялары, болжамдары, типологиялары және т.б. нысандары.

Эмпирикалық білім — эмпирикалық білімнің статистикалық мәліметтері, фактілері, жіктелуі және басқа да нысандары.

Егер де әлеуметтануды “теориялық” және “эмпирикалық” деп бөлу білімнің деңгейімен (теориялық және эмпирикалық) байланысты болса, әлеуметтануды “іргелі” және “қолданбалы” деп бөлу — әлеуметтанудың өзінің ғылыми немесе қолданбалы бағдарларына (функциясына) байланысты. Эмпирикалық зерттеу іргелі әлеуметтанудың да, қолданбалы әлеуметтанудың да шеңберінде жүргізілуі мүмкін. Егер оның мақсаты — теория жасау болса, онда ол іргелі әлеуметтануға (бағыты бойынша) жатады. Егер де оның мақсаты — тәжірибелік ұсынымдар жасау болса, онда ол қолданбалы әлеуметтануға жатады. Алатын білімнің деңгейіне қарай эмпирикалық зерттеу шешетін есебінің сипаты бойынша қолданбалы болуы мүмкін — шынайылықтың түрленуі. Бұл теориялық зерттеулерге (білім деңгейі бойынша) қатысты. Сөйтіп қолданбалы зерттеулер ерекше деңгей жасамайды. Бұл эмпирикалық және теориялық зерттеулердің өзі (білім деңгейі бойынша), бірақ қолданбалы бағытта болады.

Әлеуметтану білімі тұжырымдаудың түрлі деңгейдегі теорияларын қамтиды.

Ең алдымен тұтас қоғам өмірін сипаттауға және түсіндіруге тырысатын жалпы әлеуметтану теорияларын бөліп қараған жөн. Әлеуметтануда өзара бәсекелес болатын көптеген жалпы теориялар бар. Бұл — К.Маркстің қоғамдық формациялар теориясы, М.Вебердің әлеуметтік іс-әрекет теориясы, Т.Парсонстың құрылымдық-функционалдық теориясы, Дж.Александердің және басқа әлеуметтану классиктерінің “көп өлшемді” теориялары. Алайда бұрын-соңды болған жалпы әлеуметтану теорияларының ешқайсысы да “үлкен” теорияның талаптарына мейлінше сәйкес келеді деуге болмайды. Олардың барлығына тән нәрсе — әлеуметтік өмірді түсіндірудегі біржақтылық, оның қандай да бір қырлары мен заңдылықтарын жете бағаламау. Бірақ әлеуметтік материя туралы қолда бар барлық жалпы әлеуметтану теорияларын зерделеген кезде толық түсінік алуға болады, өйткені олардың әрқайсысы әлеуметтік өмірді қандай да бір қырынан түсіндіреді.

Бұдан әрі арнайы әлеуметтану теорияларын немесе орта деңгей теорияларын бөліп қараған жөн. Олар жалпы алғанда байланыстардың екі негізгі түрін: тұтас қоғамдық жүйе мен қоғамдық өмірдің осы саласы арасындағы, сондай-ақ қоғамдық өмірге тән ішкі өзара байланыстарды ашып көрсетеді. Демек, олардың жалпы әлеуметтану теориясымен салыстырғандағы қолданылу аясы неғұрлым тар, олардың пәндік саласы салыстырмалы дербес құрамдас бөліктермен және тұтас қоғамдық процестермен шектелген. Д.Марковичтің анықтамасы бойынша, арнайы әлеуметтік теориялар — жеке қоғамдық құбылыстарды өзінің зерделеу пәні ретінде алып қарайтын және олардың құрылымын, дамуының ерекшелік заңдарын және басқа қоғамдық құбылыстармен байланыстарының ерекшеліктерін зерттейтін теориялар [13]. Жалпы әлеуметтану теориясынан өзгеше олар барлық қоғамдық құбылыстардың өзара әрекеті емес, бірақ қандай да бір қоғамдық құбылыстың (әлеуметтанудың пәні болатын) және барлық өзге қоғамдық құбылыстардың ерекше байланыстарын зерделейді.

Барлық арнайы әлеуметтану теорияларын (орта деңгей теорияларын) шартты түрде үш топқа бөлуге болады [14]:

1) әлеуметтік институттар теориялары күрделі әлеуметтік өзара байланыстар мен қарым-қатынастарды зерттейді (отбасы әлеуметтануы, білім беру әлеуметтануы, ғылым әлеуметтануы, дін әлеуметтануы, өнер әлеуметтануы, әскер әлеуметтануы, саясат әлеуметтануы, еңбек әлеуметтануы және т.б.);

2) әлеуметтік қауымдастықтар теориялары қоғамның кіші топтан бастап әлеуметтік тапқа дейінгі құрылымдық бірліктерін зерттейді (кіші топтар әлеуметтануы, ұйымдар әлеуметтануы, топтар, страталар, таптар әлеуметтануы, аумақтық принциптер бойынша қауымдастықтар әлеуметтануы және т.б.);

3) мамандандырылған әлеуметтік процестер теориялары әлеуметтік өзгерістер мен процестерді зерттейді (қоғамның бүлінуінің әлеуметтік процестері — қылмыс, нашақорлық, маскүнемдік әлеуметтануы, жанжалдар әлеуметтануы, жинақылық және көші-қон әлеуметтануы, кенттену әлеуметтануы, коммуникациялық процестердің әлеуметтануы, қоғамдық қозғалыстар әлеуметтануы және т.б.).

Әлеуметтанудың басқа ғылымдармен — экономикамен, саясат-танумен, этнографиямен және т.б. байланыс теориялары салалық деп аталады. Бұл теориялар қоғам өмірінің әр түрлі салаларындағы әлеуметтік заңдар мен заңдылықтардың көрініс табу нысандары мен әрекет ету механизмдерін зерделейді. Олардың объектісі болып табылатындар: экономика, саясат, құқық және т.с.с. қоғамның жеке “бөліктері”, олар әлеуметтанудың басқа ғылымдармен байланысын жалғастырады. Олардың айырмашылығының негізін зерттеу объектісі атқарады, ол әлеуметтанушылық оқу пәнінің атауында көрсетіледі: “экономикалық әлеуметтану”, “саяси әлеуметтану”, “құқық әлеуметтануы”. Бұл теориялар ерекшеленген әлеуметтанушылық санаттарды: әлеуметтік топ, әлеуметтік институт, әлеуметтік ұйым және т.б. пайдалана отырып, қоғамдық өмірдің әр түрлі салаларын олардың әлеуметтік қарым-қатынастары тұрғысынан зерделейді. Аталған оқу пәндеріндегі “әлеуметтану” термині қоғам өмірінің әлеуметтану пәнімен және әдісімен шарттастырылған тиісті салаларына ерекше көзқарастарды көрсетеді.

Арнайы әлеуметтану теориялары салалық теорияларға қарағанда неғұрлым жоғары абстракция деңгейімен сипатталады және бір объектінің өзін қандай да бір әлеуметтік қауымдастықты белгілі бір көзқарас тұрғысынан қарауға, зерделенетін объектінің қандай да бір қызықтыратын “кесіндісін” бөліп қарауға мүмкіндік береді.

Арнайы әлеуметтану теориялары жалпы және салалық теориялардың байланысын жалғастыра отырып, әлеуметтану білімінің тұжырымдамалық ұйтқысы болады. Біріншіден, оларда әлеуметтанудың санаттық-ұғымдық аппаратының өзіндік бір негізін құрайтын әлеуметтан санаттары жасалады. Екіншіден, осының салдары ретінде арнайы теорияларда әлеуметтану пәні қалыптасады. Үшіншіден, оларда әлеуметтану білімінің басқа білімнің ешқайсысына қосылмайтын айрықша түрі ретіндегі ерекшеліктері көрініс табады. Осыған байланысты арнайы әлеуметтану теориялары әлеуметтану білімінің барлық салаларын оның объектісіне, функциясы мен деңгейіне қарамай біртұтас етіп біріктіреді, ал жалпы, арнайы және салалық теориялардың бір-бірімен қарым-қатынастары кері байланыс түрінде болады.

Білімнің біртұтас және тармақталған жүйесі ретіндегі әлеуметтану ғылымының бұдан былайғы прогресі жалпы әлеуметтану теориясының дамуымен де, салыстырмалы дербес теориялық ішкі жүйелерді құрумен де байланысты. Жалпы әлеуметтану теориясы білім жүйесі ғана емес, жаңа білім алудың үлгі әдісін сипаттау да болып табылады. Теориялық тұжырымдаудың неғұрлым жоғары деңгейлері — одан төмендеу жоғары деңгейдегі теорияларды — салалық және арнайы теорияларды құру үшін әдістемелік негіз болады. Бұлар эмпирикалық әлеуметтану зерттеулерінің мәліметтерінен нәр алады.

Жоғарыда көрсетілгендей, әлеуметтану ғылымы өзі зерделейтін пәнді ғана емес, өз пәнін тануда және алынған білімді тексеруде пайдаланатын әдістерді де қамтиды.

Әдіс — ғылымның ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда ғылымды әдіс пен теорияның диалектикалық бірлігін білдіреді деп айтуға болады. Әдісті білім жүйесі ретінде ғылымнан бөліп алуға болмайды, өйткені әдістің өзі шындыққа қалай келу керектігі туралы білім болып табылады.

Әлеуметтану әдісінің өзгешелігі ең алдымен осы ғылым пәнінің ерекшелігімен айқындалады. Ғылым ретінде әлеуметтану пәні туралы әр түрлі және қарама-қайшы түсініктер болатындығы сияқты оның әдісін түсінуде де алшақтықтар бар. Әлеуметтану әдісін түсінудегі алшақтық, Марковичтің пікірінше, бірқатар факторларға байланысты. Әлеуметтану әдісі туралы түсінікке ең алдымен ғалымға тән қоғамды түсіну ықпал етеді. Әлеуметтанудың дамуы барысында қоғамның мәні жөнінде бір-біріне қарама-қайшы бірнеше көзқарас қалыптасқан және олардың әрқайсысы әлеуметтану әдісін түсінуге ықпал еткен.

Екінші фактор ғылымның әлеуметтік рөлі туралы ұғым болып табылады. Бір көзқарасқа сәйкес ғылым не болғанын, осы шақта не болып жатқанын зерделейді, ал болашақ туралы ештеңе айта алмайды. Екінші бір көзқарасқа сәйкес ғылым тарихтың барысына және қоғамның жай-күйіне түбегейлі ықпал етуге, ахуалды өзгертуге қабілетсіз, бірақ қоғамның құрылымы мен ұйымындағы жекелеген кемшіліктерді жоюға мүмкіндік туғыза алады. Үшінші бір көзқарасқа сәйкес ғылым қоғамда түрлендіру рөлін атқарады. Атап айтқанда: қоғамды зерделейтін ғылым оны сын көзімен талдайды және қоғамдық қатынастарды түрлендірудің қаруы болады.

Әлеуметтану әдісі туралы ұғымның сипатына ықпал ететін үшінші фактор зерттеу техникасының деңгейі және жекелеген, неғұрлым ықпалды әлеуметтанушы-ғалымдардың зерттеушілік қасиеттері мен бейімділіктері болып табылады.

Әлеуметтану әдісінің өзіндік ерекшеліктерін түсіну үшін бірқатар жалпылама ережелерді бөліп қараған жөн:

  1. Әлеуметтану әдісін әлеуметтік философияның әлеуметтануға және басқа да қоғамдық ғылымдарға қатысты әдістемелік рөлін мойындамайынша дұрыс түсіну мүмкін емес. Бірақ әлеуметтік-философиялық әдіс әр түрлі көрініс табады, қандай да бір қоғамдық ғылымның объектісі мен пәні өздерінің ерекшеліктеріне қарай жаңғырып отырады. Және бұл орайда әлеуметтану — ең алдымен тұтас әлеуметтік жүйе ретінде қоғамды жан-жақты зерделеудің әлеуметтік-философиялық әдісінің ерекше көрінісі, нақтылануы.
  2. Әлеуметтануда қоғамды тұтас әлеуметтік жүйе ретінде және оны субъектілік-қызметтік жағы тұрғысынан зерделеу осы ғылымның құрылымдық-функционалдық талдау әдісін кеңінен пайдалануға болатынын алдын ала анықтайды, соған сәйкес қоғам өмірінің әрбір саласы мен оның әрбір субъектісі тиісті ішкі жүйелер деп қарастырылады және оның жүйе ретіндегі қоғамдағы орны мен рөлі, олардың іс-қимылы мен өзара әрекеттестігі айқындалады. Әлеуметтану әдісі қоғамды оның құрылымы, қызмет атқаруы және дамуы тұрғысынан зерделеуді талап етеді.
  3. Нақты айтқанда, әңгіме әдіс туралы емес, әлеуметтанудың әдістері туралы болуға тиіс. “Әлеуметтану әдісі” ұғымы жинақтаушы, тұжырымдаушы мағынасында қолданылады. Әлеуметтану әдісінің құрылымына қоғамды макродеңгейдегі, яғни тұтас әлеуметтік жүйе ретіндегі және орта деңгейлердегі, яғни олардың жеке элементтері, ішкі жүйелері деңгейіндегі және микродеңгейдегі, яғни тұлғааралық өзара әрекет деңгейіндегі әлеуметтік зерттеудің әдістемелік принциптері кіреді.
  4. Әлеуметтану әдісінің маңызды сипаттамаларының бірі – әлеуметтанудың әлеуметтік шынайылықты зерттеуде эмпирикалық зерттеуге сүйенетіндігінде. Мұндай зерттеу шеңберінде әр түрлі әдістер пайдаланылады: бақылау, сұрау, құжаттарды талдау, эксперимент және т.б. Қалай болған күнде де эмпирикалық жолмен тексерілетін әлеуметтік фактілерді зерделеуге және олардың өлшемдеріне тікелей немесе жанама түрде сүйенетін әлеуметтану зерттеуі ғана нағыз және толыққанды болып танылады.
  5. Әлеуметтану білімі мынадай құрамдас бөліктерді қамтиды: фактілер, болжамдар және теориялар. Және де әлеуметтану әдістері ережелер мен амалдар ретінде қарастырылады, олардың көмегімен фактілер, болжамдар және теориялар өзара ұштасады.

Әлеуметтану әдісі проблемасының маңызы ең алдымен дәл осы әдістің талаптарын қатаң сақтау негізінде алынған әлеуметтану білімінің нағыз ғылыми білім болып танылуында.

Әлеуметтанудың функциялары

Әрбір ғылымның атқаратын қызметі қоғамның күнделікті өмірімен өзара әрекеті және байланыстарының сан қырлылығын көрсетеді. Мұнда қоғамның сол ғылымның нақты танымдық немесе түрлендіруші әрекеттеріне деген сұранысы қамтылады. Әлеуметтанудың қоғам өмірімен байланысының алуан түрлілігі, қоғамдық мақсаты бірінші кезекте оның ерекше әлеуметтік ғылым ретінде атқаратын қызметімен айқындалады. Әлеуметтану әлеуметтік шынайылықты зерделей отырып, біріншіден, әлеуметтік шынайылық туралы білімді қалыптастырумен, әлеуметтік дамудың процестерін сипаттаумен, түсіндірумен және ұғынумен, әлеуметтанудың тұжырымдамалық аппаратын, әлеуметтану зерттеуінің әдістемесі мен әдістерін жасаумен байланысты ғылыми проблемаларды шешеді. Екіншіден, әлеуметтік шынайылықты түрлендірумен, әлеуметтік процестерге жоспарлы түрде, мақсат көздей отырып, ықпал етудің жолдары мен құралдарын талдаумен байланысты проблемаларды зерделейді. Осы екі қырын ескере отырып, неғұрлым маңызды міндет ретінде танымдық (дескриптивтік және диагностикалық міндеттер) және тәжірибелік (болжамдық, әлеуметтік жобалау мен құрастыру және басқару) міндеттерін бөліп қарауға болады.

Танымдық функция, ең алдымен, әлеуметтік даму заңдылық-тарын зерттеумен, әр түрлі әлеуметтік құбылыстар мен процестердің өзгеру үрдістерімен байланысты.

Теориялық-танымдық функцияны жүзеге асыру әлеуметтануға қоғамның мәні, оның құрылымы, заңдылықтары, негізгі бағыттары мен үрдістері, жолдары, оның қызмет атқаруының және дамуының нысандары мен тетіктері туралы білімді кеңейтуге және нақтылауға мүмкіндік береді. Ғылыми әлеуметтану білімі теориялық әлеуметтанудың ішкі жетілуінің негізінде де, танымның объектісі — әлеуметтік шынайылықтың қарқынды дамуының нәтижесінде де байиды. Әлеуметтанудың танымдық функциясы барлық деңгейде жүзеге асырылады. Адамзат қоғамының әлеуметтік дамуының заңдылықтары мен келешегін ашып көрсететін арнайы әлеуметтану теорияларының маңызы ерекше. Әлеуметтану теориялары қазіргі заманғы күрделі проблемаларға ғылыми жауаптар береді, дүниені әлеуметтік түрлендірудің шынайы жолдары мен әдістерін көрсетеді.

Әлеуметтік теориялармен тығыз байланыста дамитын эмпири-калық әлеуметтік зерттеулер де әлеуметтік дамудың заңдылықтарын ғылыми танып-білуге белсене ат салысады. Олар қоғам өмірінің жекелеген салаларының жаңа фактілері мен өзгеру үрдістерін айқындау жолымен әлеуметтік шынайылық туралы жаңа эмпирикалық мәліметтердің өсуін қамтамасыз етеді, ол тұтас әлеуметтік дамуды түсінуге және түсіндіруге қажетті алғышарт болады. Бұл рөлді қоғамдық өмірдің нақты құбылыстары мен процестері туралы орасан ақпараттарды тұжырымдайтын зерттеулер атқарады. Жаңа ілімдердің өсуі де ірі ауқымдағы өзгерістер мен заңдылықтарды зерделеумен байланысты емес тар өрісті эмпирикалық зерттеулер барысындағы объективті әлеуметтік ақпарат есебінен жүзеге асады. Әдетте бұл ақпарат объективті және субъективті көрсеткіштермен баяндалады. Алғашқысы статистика мәліметтерін толықтырады және нақтылайды, ал екіншісі әр түрлі әлеуметтік топтардың емеуріндері, қызметінің себептері, мақсаттары туралы ақпаратты білдіреді. Мұндай зерттеулердің танымдық маңызы қоғамдық өмірдегі адам факторының рөлін ашып көрсететіндігінде, бұқаралық әлеуметтік процестердің субъективті жақтарына назар аударуында. Бұл осы салада дамудың объективті үрдістерінің бірдей болмайтындығының және олардың әр түрлі әлеуметтік топтардың санасындағы субъективті бейнеленуінің нәтижесін білдіретін әлеуметтік проблеманың бар екендігін белгілеуге мүмкіндік береді.

Сөйтіп, әлеуметтік процесс субъект туралы іргелі білімдерге сүйене отырып әлеуметтік құбылыстың нақты ахуалының табиғаты, оның түрленуі және сол құбылыстың дамуының шынайы нәтижелері туралы білім жинақтайды. Яғни, бұл жағдайда танымдық функция дескриптивтік (сипаттаушылық) және диагностикалық рөлдерін қоса атқарады.

Тәжірибелік функция әлеуметтанудың әр түрлі әлеуметтік процестерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі тәжірибелік ұсынымдар мен ұсыныстар жасауға ат салысуымен айқындалады.

Әлеуметтанудың тәжірибелік функциясы танымдық функ-циясымен тығыз байланысты. Әлеуметтану зерттеулері қоғамның түрлі салаларының даму заңдылықтарын ашып көрсете отырып, әлеуметтік процестерге пәрменді әлеуметтік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті нақты ақпарат береді. Әлеуметтанудың тәжірибелік функциялары ең алдымен қоғамның болашақ дамуына қатысты ғылыми негізделген болжамдар ұсынатындығынан көрініс табады. Әлеуметтану шынайылықтың сапасы мен мәнісін, сондай-ақ осы шынайылықтың қызмет атқаруы мен даму заңдарын білу негізінде қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болжам жасай алады. Әлеуметтік құбылыстар туралы сөз болғанда болжам жасаудың маңызы зор, өйткені ол белгілі бір өзгерістердің қажеттігін ғана емес, сол өзгерістерді жүзеге асырудың мүмкіндіктерін де көрсетіп береді. Әлеуметтану бұл жағдайда бір жағынан зерделенетін қоғам дамуының жалпы негіздерін, оның жалпы келешегін білуге, екінші жағынан жеке әлеуметтік субъектінің нақты мүмкіндіктерін білуге сүйенеді.

Әлеуметтанудың болжамдық функциясы қоғамның әрбір әлеуметтік бөлімшесінің ғылыми негізделген даму келешегін саналы түрде жүзеге асыру шарттарын жасауға деген сұранысының көрінісі болып табылады. Әлеуметтік болжам адамдардың санасы мен олардың қызметіне болжамның кері әсерін ескеруге тиіс, ол оның “өз-өзінен жүзеге асуына” (немесе “өз-өзінен күйреуіне”) әкеп соғуы мүмкін. Болжаудың бұл ерекшелігі ғылыми болжамды басқарушы ықпалдарды, сондай-ақ олардың сапалық өзгерістерін ескере отырып, процестердің ықтимал нысандары мен көріністерін, жүзеге асырылу қарқынын сипаттайтын дамудың нұсқалары, баламалары түрінде жасауды талап етеді. Болжам жасау әлеуметтік жобалау мен құрастыруды жүзеге асыруға арналған база болып табылады.

Әлеуметтік жобалау — болашақ объектінің өлшем жүйесін немесе бар объектінің сапалық жаңа күйін ғылыми негіздеп құрастыру. Әлеуметтік жобалау жаңа әлеуметтік проблемаларды шешудің әр түрлі нұсқалары жасалынған кезде мақсатты көздей отырып, қызмет етудің құрамдас бөліктерінің бірі ретінде пайдаланылады және басқарудың маңызды элементі ретіндегі нысаны болады. Әлеуметтанудың басшылық функциясы — нақты қоғамдық проблемаларды шешу жөнінде ұсынымдар жасау.

Сонымен, әлеуметтанудың қолданбалы функциясы оның әлеуметтік өмірдің: тұтас қоғам мен шағын фирмалар және отбасына дейінгі тәжірибелік проблемалары мен міндеттерін шешуге атсалысуын білдіреді. Бұған қолданбалы оқу пәндері арнайы бағытталған, бірақ бұл процеске әлеуметтану білімінің басқа да деңгейлері мен қабаттары жұмылдырылған. Мұндай атсалысудың бірнеше нысандары бар: қолданбалы зерттеу; әлеуметтану сараптамасы; әлеуметтану кеңесін беру; стратегиялық әлеуметтану талдауы. Сонымен қатар әлеуметтану оқулықтары, кітаптары, мақалалары, баяндамалары, дәрістері оған қызығушылық танытатын кез келген азамат үшін қажет. Ол халықтың әлеуметтану сауаттылығына, оның азаматтық мәдениетін көтеруге мүмкіндік туғызады.

Әлеуметтанудың қоғамдық дамуға ықпалы кең және сан қырлы. Қазіргі жағдайда әлеуметтану ғылымының рөлі мен маңызы артып келеді. Маңызды және шұғыл әлеуметтік-саяси өзгерістер бүгінгі таңда көптеген елдерде, соның ішінде біздің елімізде жүріп жатыр. Қоғамды реформалау жағдайында тұтас организм ретіндегі қоғамның дамуы мен қызмет атқаруының үрдістері мен заңдылықтарын мұқият зерделеу және пайдалану ерекше өзекті, теориялық және тәжірибелік тұрғыдан маңызды, бұл ең алдымен әлеуметтанумен байланысты. Біздің қоғамның және өзге қоғамдардың дамуының қазіргі кезеңі қоғамдық өмірдің әлеуметтік факторлары мен әлеуметтік саласының рөлі мен маңызы арта түскенінің бұлтартпас дәлелі. Әлеуметтік факторлар мен реформалардың әлеуметтік салдарларының рөлі мен маңызын елемеудің немесе байыпты түрде жете бағаламаудың жалпы қоғамдағы және оның жекелеген салаларындағы реформалардың сәтті жүруіне нақты қатер төндіретінін өмір айқын дәлелдеп отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Социология. Основы общей теории: Учебное пособие / Под ред. Г.В.Осипова, Л.Н.Москвичева. — М.: «Аспект-Пресс», 1998.
  2. Ядов В.А. Социологическое исследование: методология, программа, методы.- Самара: Изд-во «Самарский университет», 1995. – С. 6.
  3. Ядов В.А. Социологическое исследование: методология, программа, методы.- Самара, Изд-во «Самарский университет», 1995. – С. 6.
  4. Цит. по: Маркович Д. Общая социология: Учебник для вузов. – Ростов-на-Дону: Изд-во Ростовского университета, 1993. – С. 36
  5. Социология: Учебное пособие. – М.: Изд-во «Знание», 1995. – С. 7.
  6. Ядов В.А. Социологическое исследование: методология, программа, методы.- Самара. Изд-во «Самарский университет», 1995. С. 19-20.
  7. Фролов С.С. Социология: Учебник для высших учебных заведений. – М.: Издательская корпорация «Логос», 1998. — С.23.
  8. Волков Ю.Г., Нечипуренко В.Н., Попов А.В., Самыгин С.И. Социология. Курс лекций: Учебное пособие. – Ростов-на-Дону, 1999. – С.12.
  9. Кравченко А.И. Социология: Учебное пособие для студентов высших заведений. – Екатеринбург: Деловая книга, 1998. – С.22.
  10. Тощенко Ж.Т. Социология жизни как концепция исследования социальной реальности // Социологические исследования. – 2000. – №2. – С. 12.
  11. Ядов В.А. Социологическое исследование: методология, программа, методы.- Самара: Изд-во «Самарский университет», 1995.- С.14.
  12. Социология. Основы общей теории: Учебное пособие / Под ред. Г.В.Осипова, Л.Н.Москвичева. — М.: «Аспект-Пресс», 1998. – С. 85-95.