Aлпысыншы жылдарғы Алматы. Жасыл мәуеге малынған маужыр қала. Соғыс кезінде азды кем тұрып, дәмін татып, көзі жұмылғанша тамсана мадақтап өткен ақын Владимир Луговской тауып айтқандай – “Город вещих снов”. Жайраңдаған жайдарман ортадағы жадыра думаннан соң жайлы төсекте жатып, таң алдында тамсана көрген тамаша түстей жайсаң шаһар. Күн сайын түс ауа ағыл-тегіл құйып өтетін ақ нөсерден кейін күміс бауыр жапырақтарын жарқ-жұрқ жалтылдатып, жамыраса сыбдырласқан ақ балтыр қайыңдар арасында мың сан періште бір-бірімен үздіге сыбырласып тұрғандай. Мұзарт құздардан мөлтеңдей құлап, көше сайын мөлдірей шапқыласқан меруерт моншақ тау суын жағалап, қырық сан қызыр серуендеп жүргендей. Аттаған сайын амалсыз кідіріп, бас киіміңді қалай жұлып алғаныңды білмейсің. Өйткені, қарсы алдыңнан ол кездегі исі қазақтың бәрі де: “Шіркін-ай, бір көрсем-ау?” – деп жүретін аты әйгілілердің біреуімен қалай да ұшырасып қаласың.
Ол кездегі сондай жаппай аңсарымызды аударатын жайсаңдарымыздың бірі Ахмет Қуанұлы Жұбанов еді. Көзқарақты қазақтың қай-қайсысы да ғылым десе – Қаныш Сәтбаевты, әдебиет десе – Мұхтар Әуезовті, батырлық десе — Бауыржан Момышұлын еске алатын. Ал саз өнері дегенде көз алдына төбесіндегі туырылып тұрған тұнық ауада әуелей самғап жүрген әдемі әуенді қармап алғысы келгендей, салалы саусақтарының арасындағы ақ сүйір сиқыр таяқшасын ойнақшыта сермелеп, көк бурыл бұйра шашы желді күнгі толқындай дудырап Ахаң, Ахмет Жұбанов, тұра қалатын. Ол лекция оқиды, дирижерлік етеді дейтін жерге тайлы-таяғымыз қалмай тегіс ағылатынбыз. Қырау көмген қылаң шашына лайық киім киісі, тіп-тік еңсесі мен шалқақ басына лайық жүріс-тұрысы, кеңірдегіне күш салмай, естір құлаққа ғана еншілеп, ерінінің ұшымен емескілеу тіл қататын биязы дауысы – бәрі-бәрі терең парасат пен биік талғамнан тағылым танытқандай. Қол созым жерде тұрып, ұшар шыңның басынан тіл қатқандай. Көз жетпестей алыс, қол жетпестей биік көрінетін. Сондай қиялыңмен ғана аймалай алатындай арман тұлғамен көзі мен көзің, сөзі мен сөзің тоғысатындай жерден бетпе-бет жүздесіп, емен-жарқын тілдесе қоямын деп кім ойлаған?!.
Қайран жастық албырттық-ай! Өз жүрегің өз кеудеңе симай, өрекписің де жүресің. Қараптан қарап тілің қышиды. Дүниенің барлық кетік-кемшіні баяғыдан бері сені күтіп жатқандай. Сен айтсаң, бәрі де өзгеріліп, жөнге басып кете қоятындай. Университет бітірмей жатып, “Қазақ әдебиетінде” қазақ фильмдерін сынап “Ниет пен нәтиже” дейтін мақала жазып киногерлерді, “Лениншіл жаста” Алматы архитектурасын сынап “Телмірген терезелер, қағанақ қабырғалар” деген мақала жариялатып, сәулетшілерді бөрі тигендей бөрліктіріп дәндеп алған басым “Күйдің де күйін ойлайық!” деп дабыл қағайын. Редакция телефондары тағы да безгек тигендей безілдей жөнелсін… Біреуін көтеріп қалып ем, көзім атыздай болды: “Бұл — “Лениншіл жас па? “Иә”. “Әбіш бар ма екен?” “Тыңдап тұр”. “Бұл — Ахмет Жұбанов қой”. “Саламатсыз ба, Ахмет Қуанұлы?!” “Қалқам, мақалаңды оқып жатырмыз. Кафедра отырысында талқыламақпыз. Ертең сағат он бірде, консерваторияда. Қолыңыз тисе, қатысқаныңызды қалаймыз”. Мә, саған безгелдек! Қуанғанымды да, қобалжығанымды да білмеймін.
Айтылған уақытта консерваторияға бардым. Өңшең сахнада ғана көретін ығай мен сығай. Ахаң қақ төрді емес, қапталдағы қабырғаны бойлап жапсарлас қойған орындықтардың ең түпкісін иемденіпті. Қасында бір орын бос тұр. “Келіңіз, келіңіз!”— деп, мені соған отырғызды. Қызу талқы басталды да кетті. Ешкім мақалаға тиіскен жоқ. Қайта онда сөз болмаған соны мәселелер көтерілді. Газет бетінде оларға да орын беруге уағдаластық. Тіл табысып, тарастық. Қоштасқалы қолымды созып ем, Ахаң сағатына үңілді. “Түскі үзіліс болыпты. Сосын өзім апарып салармын”,— деп, есікке қарай бастай жөнелді. Көкшіл ме, сұрғылт па — әйтеуір бозғылт киінетін академиктің үстіндегі киіміне өңдес мәшинеге жайғасып жатып жұрт білетін бір оқиға ойыма түсті. “Әлгі Хамаң отыратын мәшине осы ма?”— деп едім, Ахаңның оң жақ иығы бүлк ете қалды. “Иә, сол, қалқам. Хамаң ол күні әлденеге буырқанып, қошқар тұмсығын қолақпандай қылып, әнтек әуелетіп, қой түнеткен жердің иісін сезген арлан бөрідей, құлағын тікірейтіп, едірейіп отыр екен. Орнымыздан қозғала бергенде, ігір де жоқ, мігір де жоқ: “Аха, сіз осы, өлең танисыз ғой. Құдайы шыныңызды айтыңызшы, қазіргі ақындардың қайсысы мықты деп санайсыз?”— деп салғаны. Әрірек кетсем, бір пәлеге ұшырарымды білдім. Беріден оралып: “Өзіңді ғой, Хамитжан!”— дедім. Батырың қапелімде мүдіріп қалды. Соны пайдаланып: “Расында да, сенен басқа қайсысының шофері академик?!”— дедім. Сол-ақ екен, мәшинемнің бөксе тұсы бүлкілдеп қоя берді. Рахаттана бір күліп алған ақын: “Аха, Алла риза болсын!”— деп, алғыс айтты”.
Ахаңның жымиып қойып, жайбарақат баяндай салған әлгі әңгімесіне мәз болып отырып, жетер жерімізге қалай жетіп қалғанымызды да байқамаппыз. Хайуанаттар бағының құбыла бетіндегі тұйық көшеге келіп тоқтадық. Қақ маңдайдағы көк шарбақта суретші Әбілхан Қастеев, ал күн батыс қапталдағы есік-терезесін көкпен бояған тәпене үйде Ахаң тұрады екен. Атақты адамның қаралай пысы басып, үй ішіне дұрыстап көзім де түспеді. “Жеңгең балаларына кеткен болды”,— деп Ахаң өзі шәй қойды. Дастархан үстінде не әңгімелескеніміз анық есімде қалмапты. Әйтеуір, түскі үзілістен соң Ахаң қызметіме өзі жеткізіп салды. Ол күні менің де “шоферім академик” болып, өзімді редакциядағы “ең мықты” қызметкер сезініп, қомпиып жүрдім. Бірақ, жұрт мақтаншақ екен дер деп, ол күні түскі шәйді қайдан ішкенім жайында ешкімге тіс жарғаным жоқ. Бір күні жігіттер сеңдей сығысып отырған біздің бөлмеге қыз көре келген күйеудей сызданып Ахаң кіріп келгені. Көбелек қуалап жүрген кісідей аяғын еппен басып, ерінін болар-болмас қимылдатып, бәрімізге жағалата бас изеді. Біз орнымыздан атып-атып тұрдық. “Әбішжан, мынау әнеукүнгі күй туралы пікір алысуыңызға жазылған нәрсе еді”,— деп, папкасынан қағаз суырды. Ол — кейін кітаптарына енген “Сөз күй жөнінде” дейтін мақаласы еді. Әйгілі ғалымның қолжазбасын көмекшілерінің бірін жұмсамай, өз аяғынан әкеліп тапсырған қарапайымдығына қайран қалыстық.
Кейін сазгер алпысқа толғанда, сол оқиға естеріне түсті ме, редакция басқа қызметте жүрген менің мақала жазып беруімді қолқалады. Бұл жолы Ғылым академиясына іздеп бардым. Терезесі терістікке қараған аядай бөлме. Иін тірестіріп қойылған үстелдер. Аяқ басар жер жоқ. Босағаның қыр көзінде қобыраған қалың бума қағаздардың арасында басы ағараңдап Ахаң отыр. Әңгімесін тыңдап, мерейім өссе де, жұмыс орнын көріп, көңілім құлазып қалды. Бірақ, мұнысын да ұлы адамның кішіпейілдігіне жорыдым. Мүшелтой күндері сала құлаш мақалалар жарияланып жатты. Кешқұрым телефон шылдыр ете қалды. Көтерсем — таныс дауыс. Әдеттегідей мығым емес, әлденеге жүрексініп тұрғандай. “Қалқам, жақсы лебіздер аз айтылып жатқан жоқ қой. Бірақ, сен көйлектің ішкі бауындай өнердің өз адамының сөзін айтыпсың. Рахмет. Амандық болса, хабарласамыз ғой!”— деді. Бір жағынан масаттансам да, бір жағынан көкірек тұсым шым ете қалды. Жұрттың көпшілігі төбесімен көк тіреп тұр ғой деп ойлайтын асқаралы тұлғаның әлгі бір жасқаншақ сөз ләмі мен қажыңқы үнінен арасында не жүргені белгісіз бейтаныс орманға енді аяқ басқан бейсауат адамдай қаралай жүрегім лоблып, қобалжып қоя бердім.
Көп ұзамай Ахаңның зайыбы – Науат жеңгей дүние салды. Бір топ кісі болып кіріп шықтық. Қатты қимастығы көрініп тұрса да, отырысы нық, әңгімесі ширақ еді. Арада аз уақыт өте өзі төсек тартып қалды. Ауруханадан санаторияға шығыпты дегесін, іздеп бардық. Сүйек-сүйегі арса-арса болып, сылынып қалыпты. Жанары тұңғиықтанып, бет алды көгіс тартқан. Жұрттың жасқана қойған сыпайы сауалдарына тек жауап, мезірет қана жасап, ағыл-тегіл ақтарылып кетпей, кібіртіктеп, іркіле сөйлеп отыр. Өзін емес, естір құлақтарды аяғандай, көкірегіндегі айтып тауыса алмас лек-лек сырды көмейіне тұншықтырғандай, бәрімізді көзімен шолып, еміренгені де, мүсіркегені де белгісіз, иегін болар-болмас қимылдатып, қайта-қайта мүдіріп, үн-түнсіз қалады. Сол жылы сары күзде мен әскерге кеттім. Бықсыған қоңыр күзде Алматы Ахаңмен қоштасыпты. Әлгіндей-әлгіндей санаулы мезеттер, енді құдайдан қанша тілесең де қайтып оралмас тылсым сағынышқа айналды. Аяулы Ахаңның өз аузынан ести алмай қалғандарымызды білмек болып, көзқарақты адамдардың аузына үңіліп, арғы-бергі кітаптарды ақтармалаудан басқа амал қалмады. Сөйтсе, пайғамбар жасына жетер-жетпесте көз жұмған оның өмір жолы, расында да, екінің бірі тұмсық батыра бермейтін, ат көпір айдау жолдан бір бүйір бұрыс жатқан оқшау орман сияқты екен. Оның қатпар-қатпар қалың жынысын әлі ешкім жүрегі дауалап түгел аралап, толық сүзіп шыға қоймағандай.
Сонау Мұзды мұхиттан Арал теңізіне дейін бірде кілт үзіліп, жайдақ жазықпен алмасып, бірде қайтадан еңсе көтеріп, үздік-создық созылып жатқан жақпар-жақпар жапырық таулар сілемінің арасында жеке жайылған нарқоспақтай Орқаш атты оңаша жота бар. Сол маңайды баяғыдан жайлап жүретін Назар, Шүрен ауылдары бұрындары Темір уезіне қарапты. Соған кіретін Темірорқаш болысының тоғызыншы ауылы болып есептелетін Қосуақтамның төңірегін ағайынға сыйлы, айналаға абыройлы, өз шаруасына мығым Жұбан ақсақалдың қол астындағы шаңырақтар мекендепті. Оның өзі де, үлкен ұлы Қуан да байығанның жөні осы екен деп, қауға санап, құмалақ теріп қалмаған, төңіректе не болып, не қойып жатқанына енжар қарамайтын, көңілі ояу, көзі ашық кісілер болыпты. Арабша, парсыша, түрікше білетін, усул жадид жолын қуған Оспан ишан деген молда ұстап, балаларына тарих, математика, жағрапиядан мәлімет бергізіпті. Оны да місе тұтпай, жақын маңайға кеп жайғасқан орыс, немістердің тілдерін үйреніп, олардың көрер көзге таңсық тіршілігіне біртіндеп қаныға бастапты.
1913 жылы Темір уезіне тиесілі екі орыс мектебінің біреуін өз ауылына сұрап алып, Сатыбалды дейтін қайратты жігітке шымнан кірпіш ойдырып, үй қалатып, екі жылдық мұғалімдік оқу тауысқан Хұсайын Ашығалиев дейтін ұстазды шақырып, Қосуақтамда “Уркачевское однокласное русско-киргизское училище” деген оқу орнын аштырыпты. Ол еңбектері ақталып, Қуанның 1899 жылы туған тұла бойы тұңғышы Құдайберген әп дегеннен зеректігімен көзге түседі. Қосуақтамдағы, Електегі, Уфадағы орысша-мұсылманша оқу атаулының бәрін мерзімінен бұрын үздік бітіріп, сүзектен дүние салған Қуан мен інісі Тәкеннен қалған екі үйлі жанды асыраймын деп ауылға келеді. Әлеуметтік іске араласып, әуелі Жұрындағы уезд, Ақтөбедегі губерния, сосын Қызылордадағы республика орталықтарына қызметке шақырылады. Жұмысбасты жүрсе де, қиян түкпірде жатып, өз бетімен оқып, бірден емтихан тапсырып, Ленинградтағы А.С.Енукидзе атындағы Шығыс тілдері институтының дипломын алып, аспирантураға шақырылады. Сол тұстағы шығыстанушы ғалымдардан дәріс алып, көп ұзамай Н.Я.Марр, С.Е.Малов, И.И.Мещаннинов, В.А.Богородицкий, Е.Д.Поливанов сынды әйгілі яфетолог, түркітанушы оқымыстылардың санатына өзі де қосылады.
Күллі қазақ ағарту майданының жаңа шамшырағына айналған Құдайберген Қуанұлының шарапатты жарығынан 1906 жылы туған інісі Ахмет те құр қалмайды. Бес жасынан бастап қазақша әріп танып, өлең, тақпақ жаттайды. Ағасымен жолдас Жиенғали Тілепбергенов, Абдолла Беркінов сынды оқығандардың, ауыл аралап жүрген Науаш, Жұмабек, Тоғыс, Барлыбай сынды жыршылардың әңгіме-хиссаларын тыңдайды. Аймаққа аян қарт домбырашы Талым, нағашысы Әлдеберген, жездесі Ырзағұлдар тартқан күйлерге құлақ түреді. Оның үстіне Қосуақтамдағы мектепті басқарған Құсайын Ашығалиев та домбыра, гитара, скрипка, мандолинада бірдей ойнап, нота білетін өнерпаз кісі болып шығады. Ол кішкентай Ахметті көрер көзге саз өнеріне баулып, аспаптарға үйретіп, ән салғызады. 1916 жылы Ахмет ауыл мектебін тауысып, Жұрындағы екі кластық мектепке түсіп, бітіреді. 1919 жылы әкесі өлген соң, ағасына болысып, жұмысқа кіріседі. Бірақ, музыкадан қол үзбейді. Мәскеуден нота оқулығын алдырып, мандолина ойнауға жетіледі. 1927-1928 жылдары Темірде, Ақтөбеде мұғалім болып жүріп, орыс халық оркестріне қатысады. 1929 жылы аспирантураға бара жатқан Құдайберген талабы таудай інісін Ленинградқа ертіп әкетеді. Әуелі музыка техникумында А.А.Этигонның скрипка, кейін консерваторияда Ф.А.Неманның гобой класында оқиды. 1930 жылы Ленинградтың “Рабочий и театр” журналында тұңғыш мақаласын жариялатқан А.Жұбанов 1932 жылы Ленинград консерваториясының тарих-теория факультетін бітіріп, өнертану академиясына аспирант болып кетеді. “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан”,— деп Абай айтқан қағиданы бұлжымас заң еткен жас музыкант ұлттық саз өнерінің қай жыртығына да жамау болуға пейіл тұрады.
Арманшыл жастың өз айтуынша, “мамандық таңдауда ат басын ақырғы көмбеге тіреуі А.В.Затаевич есімімен тығыз байланысты” еді. Ол 1928 жылы Ақтөбеге бір айлық курсқа барады. Кинотеатрлардың бірінде экрандағы мылқау фильмді скрипкамен әуездеп отырған бейтаныс кісіні көреді. Ертесіне оның пәтеріне іздеп барады. Сөйтсе ол Варшава консерваториясын бітірген соң, тағдыр айдап, Ақтөбеге келіп, әлгіндей кәсіппен күн көріп жүр екен. Жас курсанттың музыкаға әуестігін губерниялық оқу бөлімінің бастығы Решетняк та байқап қалады. Ол Ахметке А.В.Затаевичтің “Қазақ халқының 1000 әні” кітабын сыйлайды.Оның мазмұнымен толығырақ танысқысы келген Ахмет оны баяғы таныс скрипкашысына апарып көрсетеді. Таң қаларлығы, ол А.В.Затаевичті Варшава консерваториясынан біледі екен. Мынау еңбекке қатты таңғалып, ондағы бір-екі шығарманы сол арада сольфеджиоға түсіреді. Затаевич жинаған бірнеше әнді ойнап береді. Скрипкадан, музыка теориясынан, сольфеджиодан сабақ алу үшін Ақтөбеге көшіп келуге кеңес етеді. Ахмет татар махалласындағы қазақ мектебіне мұғалім болып орналасады. Таныс скрипкашы П.Чернюкке ай сайын 8 сом төлеп, сабақ алады. Сол күндері-ақ ол А.В.Затаевич жүрген жолмен жүруге бел байлайды. Бұл шешімі консерваторияда оқып жүргенде одан сайын бекемдене түседі.
1931 жылы маусымда Ленинградтан келе жатып, Мәскеудегі қазақ өкілдігіне тоқтайды. Солардан адрес алып, әйгілі ғалымның пәтеріне іздеп барады. Өзі үйде жоқ екен. “Әйелі тұрмыстарының қиындығын, бөлмелерінің тарлығын, Александр Викторовичтің денсаулығының онша еместігін айтып шағына бастайды”. Бөлме жиһаздары, шынында да, Александр Викторовичтің “шықпа, жаным, шықпалап” өмір сүріп жатқандығын байқатады. “Сыңайына қарағанда прокатқа алынған ескі рояль, лақсасы шыққан диваннан өзге іліп алар ештеңе жоқ екен”. Шешесінің әңгімесіне араласпай, шеттеу отырған бойжеткен Ольганы көрген Ахмет, жұртқа айтқызсаң, ән-күйге құмар “әңгүдіктеу ауылдың әңгүдік баласы” екендігі есіне түсіп, ескі рояльге отырып, салдырып желіп келе жатқан салт аттыны бейнелейтін “Екі жирен” әнін орындап отырған кезде “үстінде түсі оңған сұр кителі, сол түстес жартылай галифесі, аяғынан тастамайтын етігі бар” Затаевич кіріп келеді. Бейтаныс жігітпен құшақтасып, Ақтөбе губерниясының әндерін жазып алуға бара жатқанын, КСРО Ғылым академиясының жаңадан жазу мұрағаты берген фонографтың отыз ұршығымен бірге Қазан вокзалының жүк сақтайтын ұяшығында жатқанын естіп, балаша қуанады. Жас зерттеушіге халық арасындағы шығармаларды қалай жинап, қалай жазып алудың шарттары мен жолдарын үйретеді. “Әсіресе, орындаушыларға өз дауыстарын қайта естірткенде, олар қызығып, өз репертуарларындағы барды түбіне дейін сарқып беретінін” түсіндіреді. Әрине, мұндай кеңестер Ахметке “халық әндерін жазу кездерінде көмегін тигізгені сөзсіз”.
1933 жылдың ақпан айында Қазақ үкіметі алғашқы музыка техникумын ашып, оның жұмысын жолға қоюға Ленинградта оқып жүрген Ахметті шақыртады. Бір жылға демалыс алып келген аспирант біржолата Алматыда қалып қояды. Техникум жанынан халық музыкасын зерттейтін кабинет ашылды. Кабинеттің жанынан халықтың музыка аспаптарын қайта жасау, жаңарту, жетілдіру жөніндегі шеберхана ұйымдастырылды. Онда бұрын да домбыра жасап жүрген Қамар Қасымұлы мен скрипка жасап жүрген шеберлер Борис және Маниул Романенколар іске кірісті. Алғашқы жасағандары Арқаның қысқа мойын қалақ бас, батыстың ұзын сапты қозы құйрық альт домбыралары болды. Оларға қолдан иірілген қой ішегі емес, дәрігерлер пайдаланатын иірген тарамыс тағылды. Ол қатты бұрауға, дыбыстың күшті шығуына қолайлы еді. Қосарлап сым ішек таққан прима домбыралар да жасалды.Техникум оқушылары мен Оралдан шақыртылған әйгілі күйші Лұқпан Мұхитов бастаған он бір кісіден ансамбль құрылды. Ол кейін он жеті кісіге жетті. Бірігіп ойнауға айлап машықтанып жүргенімен, көпшілік алдына шығуға асыға қоймады. Сөйтіп, 1934 жылғы маусым айы да жетті. Алматының Дзержинский көшесіндегі Қазақ драма театрының іші-сыртына құжынаған халық қаптап кетті. Дәл бірінші маусым күні кешкі сағат сегізде Бірінші Бүкілқазақстандық халық өнері қайраткерлерінің слеті ашылды. Қазылар алқасында Мәскеуден жеті тәулік жол жүріп, пойыздан ауырып түскен А.В.Затаевич те отырды. Ол бұрынғы Гоголь мен Ленин көшелерінің қиылысындағы, бір кезде Троцкий тұрған, “Жетісу” мейманханасынан әзірленген бөлмесіне тек тұмсығын сұғып, дереу абыр-сабыр болып жатқан театрға тартты. Шартараптан келген сан алуан өнерпаздарды көз айырмай қадағалап бақты. Нота дәптерін тізесінің үстіне қойып, бұрын естімеген шығармаларын жан ұшыра жазып алып жатты. Үзілісте өнерпаздарға барып жолықты. Естіп-көргендеріне таңдайын қағып, үсті-үстіне қайран қалумен болды. Жұрттың бәріне ұзақ қол соғып, ауызы жалпылдап сөйлеп, оң-солына тістерін ақсита күліп, масаттанып қояды. Слеттің ақырғы күні тіптен есі шығып кете жаздады. Сахнаға ойда жоқ жерден домбырашылар ансамблі шықты. “Айжан қыз” бен “Кеңес” күйін, “Дударай” әні мен “Келіншек” биін құйқылжыта орындады. Затаевич жанарына лық ете қалған ыстық жасты жасыра алмай, иықтасып қатар отырған Ахмет Жұбановты айқара құшақтап, ернінен қадала ұзақ сүйді. Өзінің көптен күткен арманына жақсы көретін шәкірті жеткеніне төбесі көкке тигендей қуанып, Қазнаркомпросқа “халық музыкасын насихаттау үшін әлгі ансамбльді негізге ала отырып, қазақ музыканттар тобының турнесін құруды” ұсынды. Сол күнгі кешкі жиын әйгілі ғалымды ұлықтаған мүшелтойға ұласты. Ол өз ғұмырын арнаған қазақ өнеріне деген ыстық сүйіспеншілігі мен еңбегін бағалаған ақпейіл халыққа деген шексіз ризашылығын ағыл-тегіл ақтарып бақты.
Аталмыш байқау қазақ музыкасындағы жаңа кезеңді бастап берді. Бұрын әлемет әншілігімен аты шыққан далалықтар енді жұртты ерен күйшілігімен таңғалдырды. Мұны теория жүзінде алғаш дәлелдеген Құдайберген Жұбанов еді. “Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы” деген еңбегінде ол: “Қазақта ән мен күйдің екі басқа болушылығының өзі халық музыкасының жетіскен сатыда тұратындығын көрсетеді. Өйткені, бұлар әуелден айырылып туған емес, ән мен күй әуелде бір болып, бара-бара бірінен бірі айырылып, вокал музыка, инструментал музыка болып, егізделіп шыққан. Халық музыкасының көпшілігі мұндай екі айрылуды әлі күнге дейін білмейді. Музыкалық шығармаларының барлығы да тек әндер ғана болып, күй сияқты жанрды атымен білмейтін елдер де бар; немесе ән мен музыка аспаптарын қоса отырып, бір жағынан биді де араластыратын, музыкасы синкретизм деңгейінен асып болмаған бірқатар елдер және бар”,—дей келе, татар тілінде әнді де, сазды да “күй” дейтінін, онда ән салмай, тек аспапта ойнайтын саз тіптен болмайтынын, ал өзбек музыкасында ән, күй, би үшеуі бір-бірімен қой қосақ араласып жүретінін айтады. Олай болуының себебін әуелде ән, өлең, би адамдардың жаратылыспен әлі ірге ажыраспаған балаң шағында сырына қанығып болмаған табиғатты өз дегендеріне ылықтырып алудың магиялық тәсілі — айла-амалы ретінде қалыптасуымен түсіндіреді. Келе-келе мұндай еліктірме өнердің өзі де жіктеледі. Әр саласымен әр қилы кісілер шұғылданатын болып, әр тарап салаларға сараланады. Бұрын бәрімен шұғылданатын абыздар енді есепшілерге, жұлдызшыларға, бақсыларға, тамыршыларға бөлініп, әрқайсысы әр кәсіпке машықтанатын болады. Соған орай, олардың өз кәсібін сүйемелдейтін магиялық тәсілдері де әралуанданады. Ол әкеден бала үйреніп, тұқым қуалап, кәсібилене түсті. Бұл үдеріс әр халықта әр қилы өрбіді. Қазақта бақсы “ауруды бағатын” емшілікті ғана білдірсе, көптеген жұрттарда ол науқас адамның көңілін аулап, көзін арбауды көздейтін әншілікті де, ақындықты да, күйшілікті де білдіреді. Музыка терминдерінің семантикасы да соған айғақ болғандай. “Қобыз” сөзі ежелгі “абыз” деген, “сыбызғы” “сыбыс”, қазақтың “домбыра”, арабтың “тамбур”, бенгалдың “тапыр”, гректің “тамир” сөздері әуелде үн шығаратын белгілі бір нәрсені білдіретін ең бір түпкі ұғымнан тараса керек-ті. “Күй” сөзін әуелгі “көк” дейтін ұғымнан шығарып, Қ.Жұбанов музыкалық терминдер әралуандығын адамзат қоғамының айналадағы дүниені тануы барысында қалыптасқан кәсіби жіктелу эволюциясымен түсіндіреді. Қазақ күйлерін халық музыкасы тәжірибесінде атымен сирек кездесетін айрықша тосын құбылыс ретінде қарастырады. “Бұл — осы күнгі Еуропаның симфониясы тәрізді. Мұндай дәрежеге жетісу үшін халық музыкасы жақсы дамыған болуы керек. Сондықтан күйлерді қазақ музыкасының ең жоғарғы түрінің үлгілері деп білуіміз керек”,— деп түйіндейді.
Солай бола тұра аталмыш кезеңге дейін Құрманғазының генерал В.Перовскийді, жорналшы Н.Савичевті, Дәулеткерейдің жат жерлік мәртебелі меймандарды, Тәттімбеттің де көлденең көк етікті қонақтарды оңаша тамсандырғандары болмаса, халық күйлері бейтаныс аудиторияларда, көп халық бас қосқан үлкен жиындарда орындала бермейтін-ді. Тек әйгілі сазгер Сейтек Оразалиев 1923 жылғы тамызда бүкілресейлік ауылшаруашылық көрмесінде әлденеше күй орындап, мәскеуліктерді әбден тәнті еткен-ді. Алайда, қазақ астанасындағы “өз білгіштеріміз” 1936 жылы тұңғыш рет драма театрының сахнасында Құрманғазының не бір саңлақ шығармаларын орындаған Уақап Қабиғожинді іш пыстыратын “мәнсіз ұзақ тартыс” деп қызметтен қуып жібереді. Сөйтіп, күй 1934 жылдың маусымына дейін сүтке тиген күшіктің халін кешіп, сахнадан өгейлік көріп, көрепара қақпайланып келді. Ленинград аспиранты Ахмет Жұбанов бұл өкінішті түсінікті түзетуге күш салады. Ол да ағасы Құдайберген Жұбановтың “Бұрыннан бар музыка мұраларын жетілдіріп, толықтырып, көркейтіп, көркемдік жағын күшейтіп, примитив түрлерін гармониялап, халық музыкасындағы өмірге, тіршілікке шақыратын ерлік, талап, жігер тудыратын элементтерін саралап алып, кертартпа, сары уайым, жасықтық туғызатын жағын жойып, — осы ретпен ғана қазақ ұлтының қазіргі музыкасын дамытуға болады. Халық музыкасы мұраларын зерттеудің маңызы зор болатыны осы жағынан” дейтін қағидасын ұстанды. Ұстазы А.В.Затаевичпен тізе қосысып, жоғарыда айтылған жаңаша өнер көрсеткен шағын ансамбльді байқауға жер-жерден келген дәулескер домбырашылар, қобызшылар, сыбызғышы-сырнайшылармен толықтырып, ұлт аспаптары оркестрін құруға күш салады. Ол талпыныстары үкімет тарапынан қолдау табады. Оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып Ахмет Жұбанов тағайындалады.
1935 жылғы қаңтардың екісі күні. Кешкі сағат 8. Дзержинский атындағы клубтың шымылдығы сырғып ашылды. Жиналған жұрт әуелі сахнаны лық толтыра жайғасқан өзбектің ала жолақ биқасап матасынан тігілген сырма шапан киген бейтаныс адамдарды көріп, қапелімде, аңтарылып қалды. Сосын олардың қолдарындағы қазақы домбыраларын танып, дуылдата қол соқты. Алдыңғы жақтағы аузы-басы сүйреңдеген бір жеңгей: “Мына неменің қақ алдымызға келіп, қаздиып тұрып алғаны несі!?”— деп, дирижерге тиісті. Алты ай бойы дайындалған оркестр Қали Жантілеуов алып келіп үйреткен “Адайды” бәйге төбеге жетіп қалған желаяқтардай желпініп, аласұра арындатты. Зал дуылдата жаңғырықты. Шарт-шұрт шапалақ басылмай тұрып алды. “Бис,бис” деудің орнына, “бас,бас” деп кеңірдек жыртқан көпшіліктің сұрауымен күй қайта-қайта орындалды. Залдағылар да, сахнадағылар да жаппай көздеріне жас алып, мәре-сәре боп жатты. “Құрманғазы тіріліп келсе, қандай қуанған болар еді?!”,— деп қиялдады жас дирижер.
Сол жылғы жазда оркестр облыстарды аралады. Қай тарапқа барса да, халықтың қуанышында шек жоқ. Оркестрдің қатары көбейді. Бұрынғы альт домбыраларының үстіне шанағы үлкен, дыбысы қоңыр тенор домбыралар қосылды. Қақ төрге ата қаздай алшайып, бас домбыра жайғасты. Созақтан келген жалғыз қобызшы Жаппас Қаламбаевқа Қараталдан келген Жұмағали Қасымов қосылды. Ұжымның көлемі кеңіп, дыбысы байыды. Орындалатын күй саны да өсті. Күздігүні Алматыға күйтабақ жазатын бригада келіп, оркестрдің орындауында он бес күй жазып алды. Оны естіген жер-жердегі жастар шағын оркестрлер ұйымдастырды. Қыс бойы қазақ өнерінің Мәскеуде болатын он күндігіне дайындық басталды. Ұлт оркестрі үлкен концерттің шымылдығын ашатын болды. Алматы оқу орындарындарында домбыра үйірмелері құрылып, талантты-талантты дегендері таңдап алынып, бұрынғы отыз кісіге тағы да отыз кісі қосылды. Мамырдың басында Мәскеуге аттанған екі жүз елу адамның алпысы оркестрде ойнады. Олар Үлкен театрда қойылған қорытынды концерттің шымылдығын ашты. Мәскеуліктердің аузынан “Жамбыл”, ”Күләш”, “Қазақ оркестрі” деген сөздер түспей қойды. Сол жалғыз оркестрдің кезінде Жамбыл атындағы ұлттық филармония құрылып, оған да Ахмет Жұбанов жетекшілік етті. “Домбыра, қобыздан ештеңе шықпайды, оларды жиып қойып, балалайка, мандолинаға көшу керек” дейтіндердің ауыздарына құм құйылды.1935 жылдан бастап, оркестрге нота сабағы жүргізілді. Нотамен ойнау үшін оркестр құрамы, аспаптардың бұрауы, пернесі өзгертілді. 1937 жылы музыка аспаптары әуездеріне қарап, дауысқа жіктеле бастады. Қобыздар бірінші, екінші, альт, бас, контрабас қобыз болып, домбыралар бірінші, екінші прима, альт, бірінші, екінші тенор, бас, контрабас домбыралар болып бөлек-бөлек сұрыпталды.
1937 жылдың 7 қарашасындағы дәстүрлі мерекелік концертте оркестр Ф.Шуберттің “Музыкалық мезеті” мен М.Глинканың “Руслан мен Людмиласындағы” “Черногор маршын” бастан-аяқ нотамен ойнап шықты. 1938 жылы оның құрамына флейта, гобой, кларнет енгізілді. 1938 жылы оркестр “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” спектаклін, “Амангелді”, “Райхан” фильмдерін әуездеді. 1941 жылы Моцарттың “Түрік маршы”, З.Компанеецтің “Қазақ рапсодиясы” сияқты кең қарымды орындаушылық құлашты, шеберлікті талап ететін симфониялық кейіптегі кесек шығармаларды орындай бастады. 1944 жылы Ташкенттегі он күндікте “Қазақтың ұлттық оркестрі басқа Орта Азия елдеріне үлгі боларлық дәрежеде” деген жоғары баға алды. Сол жылғы тамыз айында құрылғанына он жыл толып, осыған орай оған ұлы Құрманғазының аты берілді. 1949 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті күндеріне қатысты.
Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің мұншалық биік самғауы Ахмет Жұбановтың саналы ғұмырының ең басты мазмұны болды. Ағайынды Романенколарды ертіп жүріп, ескі Верныйдың құлағалы тұрған қарағай үйлерінің бөренелерінен домбыра жасауға қолайлы ағаштар сұрыптады. Тек оқу орындарына ғана емес, салынып жатқан құрылыстарға барып, ел арасынан келген жұмысшы қазақтарға домбыра тартқызып көріп, күйшілер іздеді. Ақтық демі таусылғанша атақты оркестрдің қақ төрінде контрабаста ойнап өткен марқұм Самиғолла Андарбаев 1938 жылы Фурманов, Киров көшелерінің бұрышындағы төрт қабатты тұрғын үйді салып жатқан бригаданы басқарып жүрген кезінде Ахметтің қалай іздеп тауып, үгіттеп, оркестрге алып кеткенін майын тамыза әңгімелеп отырушы еді. Базардан базар қоймай аралап, шартараптан ағылып келіп жатқан ауыл адамдарының үсті-бастарына қарап, оркестрді қалай киіндіруді ақылдасатын. Өңшең екі иығына екі адам мінгендей ат басты, атан жілікті атпал азаматтардан құралса, оркестрдің барымтаға бара жатқан нояндардың тобына ұқсаңқырап кететінін ойлап, өңі әдемі қыз-келіншек көрсе, бүр жарып тұрған бұтақты айналсоқтаған бал арадай шыр айналып шықпайды екен.
Ол ұжымның аспаптық құрамында да, орындаушылардың жасы мен жынысында, түр-сипатында да, ойналатын шығармалар ауқымында да біркелкіліктен қашып, әралуандылыққа ұмтылды. Сондай әралуандылықты қолдан жасауға емес, қазақ саздарының өз бойынан табуға тырысты. Қазіргі еуропалық музыканы адам таңғаларлықтай құлпыртып тұрған симфонизм мен полифонизмді қалыптастырып жүрген дыбыс байлығын ең алдымен аспаптардан қарастырды. Ондай дыбыс гаммаларын бере алатын төл аспаптарды іздестірді. Олардың ұмыт болғандарын қайтадан қолданысқа кіргізіп, қолданыстағыларын әуез жағынан жетілдірді. Әрқилы дауылпаздар, шақша-мүйіз, тас сырнай, шаң қобыз сынды сирек аспаптар солай табылып, үнді молайтатын және әралуандандыратын сым ішекті пиккола домбыра, альт домбыраның жаңа түрі, көптен қазақыланып кеткен тиекті сырнай (гармонь) оркестр құрамына солай енді.
Ахмет халық музыкасын кәсібилендіруді оның етене сипаттарын өз болмысында жетілдіріп, байыту арқылы жүзеге асыруға күш салды. Сонда ғана ұлттық өнер өзіндік даму арқылы өсе алады. Әйтпесе, біреудікін тарпа бас салып малданғаннан төл өнер өрбімейді, қайта көшірме өнерге айналып, өз ғұмырын өзі қысқартады деп санады.Ағасы Құдайберген айтқандай, бір кездегі синкретті өнер тарамданып жіктелу арқылы кәсібиленсе, Ахмет ондай кәсібиленген саз өнерінің әуен алуандығы мен әуез байлығына – симфонизм мен полифонизмге ұмтылмай тұра алмайтындығын жақсы түсінді. Содан туындаған жаңартуларды жатсынғандар мен оларды жәй әшейін бос ермек санап менсінбегендер де табылды. Кәрі буын күйшілер, мәселен, Дина Нұрпейісова, ішекті жаңартуға қарсы шықты. Өле-өлгенше өз домбырасына қой ішегін тағып өтті. Бірақ, бір аспаппен шектелмей, көп аспаптан тұратын оркестрді ешқашан жатсынған емес. Өйткені, бір кезде А.В.Затаевич: “Домбыраны тыңдағанда, оның үнін жақыннан естіліп отырған әлсіз дыбыс деп емес, оны алыстан шығып жатқан ұлы дүрсілдің талықсып жетіп отырған тамаша әуені деп түсіну керек”,—деп еді. Ахмет Жұбанов оны ойдағыдай жүзеге асырудың бірден бір жолы қазақ күйлерін оркестрге түсіру деп есептеді. Оның пайымдауынша, “оркестр әлгіндей замана арманын шындыққа айналдырады. Қазақтың күйлерін семіртіп, кеңейтіп, өрістетіп, шалқытып жібереді”. Бұл ақиқатты өз айтқанынан басқаға көп көне бермейтін қиқар Дина да мойындады.
Ол турасында А.Жұбанов: “Оркестрге “Әсем қоңырды” түсіріп, ұлы ананы шақырып алып келіп тыңдатқанда, ол алабұртып отыра алмады. Күй аяқталған кезде тек маған қарап: “Ой, шайтан бала-ай!”— деп, бетімнен сүйді. Жеке орындағанда “Әсем қоңырды” ешкім де Динаның өз орындауындағыдай шығара алмайды. Ол мұны біледі. Бірақ, мына оркестрдің орындауында күйдің шоқтығы өсіп, үлкейтілген фотодай, бұрын елене бермейтін “бұдырларының” бәрі айқындалғанын қарт суреткер сезе қойды”,— деп жазады. Бұрын ішекті, пернені, бұрауды өзгертуге, жаңа аспаптар қосуға сескене қараған төл музыканттар ол райларынан тез қайтты.
Алайда Ахмет Жұбановтың мұншама “оркестр құмарлығына” “артық романтика” деп қараған, көбіне-көп, еуропалық білім алған сауатты әріптестері болды. Олар халықтың ежелгі саздары алдындағы парыз оларды нотаға көшіріп, сольфеджиолап, фортепьяно, скрипка, виолончель, баян, аккордеон сияқты еуропалық аспаптар мен симфониялық оркестрге түсіріп, дыбыстық бейнелеумен, қуаттандырумен, немесе жаңаша аранжировка жасап, осы заманғы кең таралған жанрларда жазылатын жаңа шығармаларда молынан пайдаланумен бітіруге болады”,— деп санады. Ахмет Жұбанов мұндай жүрдім-бардым көзқараспен мүлдем келіспеді. Ұлт аспаптарын жетілдіру арқылы еуропалық симфонизм мен полифонизмге жақындай түсу бағытын ұстанды. Бір кезде Абай ауылдарында сым ішек тағылған домбыралар болғанына сүйеніп, тұсында “Темірбековтің домбырасы” аталған прима-домбыралар барған сайын жаңартылды. Әуелде сол ұғыммен қолданысқа енген бас домбыра (1953), контрабас домбыра (1936), бас қобыз(1936), контрабас қобыз (1957), дауылпаз (1936), келе-келе оркестрмен біте қайнасып кетті. Таза еуропалық аспаптар саналып келген көптеген шекті, үрмелі, ыспалы, соқпалы, дабылдамалы аспаптардың ежелгі шығыстық, тіпті түркілік баламалары табылды. Бұл ұлттық оркестрдің үнін байытып, дауысын зорайта түсуге даусыз негіз жасады. Бір кезде Ахмет Жұбанов бастап берген бұл бастаманы кейін сәл нәрсеге ескішілдік деп дүрсе қоя беретін дүмшелік біраз әлсіреген тұста Болат Сарыбаев, Нұрғиса Тілендиев, Өзбекәлі Жәнібековтер жемісті жалғастырды. Сондай-ақ тренола қағысын домбыраға, тиекті аспаптар квартетінің ойнау қағидаттарын қобызға қолданып, оркестрдің репертуарына орыстың, Батыс Еуропа классиктерінің, кеңес композиторларының шығармаларын енгізу арқасында оркестрдің орындаушылық деңгейі жоғарылай түсті. Әлденеше декадаларға, халықаралық, бүкілодақтық фестивальдерге қатысу, Кеңес Одағын, шетелдерді аралап, гастроль сапарларына шығу нәтижесінде оркестр өзінің жемісті жолда келе жатқандығын, қазақ халқының аспапты музыка мәдениетінің бірден бір мұрагері өзі екенін танытты”,—дейді академик ғалым.
Біздің айтарымыз, осындай тамаша өнер ұжымын ұйымдастырып, жетілдіру арқылы Ахмет Жұбанов ұлттық музыка өнерінің тарих талап етіп отырған қайта құрылуы мен жаңаша дамуының заманалық аса күрделі үдерістерін ойдағыдай өрістетудің бірден бір мұрындығы және ең бас қолбасшысы болды.1933 жылы Алматыда музыка-драма техникумын ашып, негізінен ұлттық оркестр мен музыкалы драма театрына мамандар даярлауды қолға алған, 1944 жылғы тұңғыш жоғары өнер оқу орны — Алматы консерваториясын ұйымдастырып, көп салалы және көп жанрлы кәсіби өнерді дамытуға қажетті мамандар әзірлеуге кірісті. Бұл бүгінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі әлемге аты әйгілі орындаушыларды көп түлеткен беделді жоғары мектепке айналып отыр. Аса ірі ұйымдастырушы және педагог А.Жұбанов тек орындаушы мамандар әзірлеумен қанағаттанбай, ұлттық өнерді жаңаша дамытатын шығармашыл күштерді тәрбиелеуге де ерекше мән берді. Ол 1939 жылы Қазақстан Композиторлар одағының тұңғыш төрағасы болып сайланып, оны ондаған жылдар бойы үздіксіз басқарды. Алматы консерваториясы жанынан композиторлық бөлім ашып, М.Төлебаев, Қ.Қожамьяров, Е.Рахмадиев, Н.Тілендиев, Қ.Мусин, С.Мұхамеджанов, М.Қойшыбаев, Н.Меңдіғалиев, М.Маңғытаев, К.Күмісбеков, Б.Баяхунов, Ш.Қалдаяқов, М.Сағатов сынды айқын дара талант иелерін өсіріп шығарды.
Ол дарынды жастарды іздеп табуға аса ықыласты еді. Бір кезде ол Екінші Алматы вокзалынан қала орталығындағы үйіне жаяу қайтып келе жатады. Кенет әлдеқайдан құйқылжыта шертілген домбыра үнін естиді. Кілт тоқтай қалып, төңірегіне қарайды. Тұсындағы аулаға кіріп, маңайына құлақ тосады. Төбесіне маялап пішен үйген тәпене үйдің төбесінде бір қиық құлақ қара бала тыр жалаңаш кеудесін күнге тосып, бір аяғын бір аяғының үстіне шалғыластырып қойып, шалқасынан түсіп, қара домбыраны безілдетіп жатқанын көреді. Кәнігі ұстаз күй біткенше дыбысын шығармай, тыңдап тұрады. Бала күйін бітіріп, енді қырылдақ дауыспен күжілдетіп ән бастай жөнелгенде, жөткірініп дыбыс береді. Сақ құлақ бала шошаң еткізіп, басын көтеріп алады. Ирелеңдеген ұзын мойыны сорайып, бұлтыңдаған жұтқыншағы күдірейіп, қалқайған құлағы тікірейіп, бейтаныс кісіге сығырая қарап алады. Сосын кенет тісін ақситып: “Ассалаумағалейкум, Ахмет көке!”— деп, екі қолын бірдей созып төбеден қарғып түседі. Сөйтіп, ешқандай теңдесі жоқ шексіз талантты шәкірті айтулы ұстаздың қолына ілігеді. Ахаң өле-өлгенше: “Нұрғисаның тұла бойын түгел құрсап тұрған ақ сайтаны бар. Егер оның анау қураған сексеуілдің бұтақтарындай сояу-сояу саусақтарын бір жендет айбалтамен қырқып жіберсе, ол шырпыдай шашылып жерге түспес еді. Әуеге ілініп, өздерімен өздері әлдебір құйқылжыған ырғаққа басып, билеп кетер еді”,— дейтін. Шын таланттың шын талантқа шындап масаттанғаны осындай-ақ болар!
Жеткіншектеріне осынша қайырымды естияр ұстаз замандас әріптестеріне де соншалық үйірімді болыпты. Тілінің күйдіргісі де, күлдіргісі де мол Ахаңның өз қалжыңымен халық арасында “екі кекеш, бір соқыр, бір кемпір, бір шалдың одағы” атандырылып жіберілген композиторлар ұйымы әп дегеннен жаңаша қалыптасып жатқан қазақ өнерінің дамуына белсене ат салысты. Музыка тарихы мен теориясына жетік, шебер ұйымдастырушы, тумысынан дирижер, тамаша педагог кешегі көк майса тау баурайында көк шолақ тұғырымен “әйтшулеп”, қой баққан Кенен ақсақалдың да, Нарын құмында көзін ашар-ашпаста Құрманғазыдан бата алып, өзінен басқа неме жоқ деп кеуде керіп қалған адуын Дина әжейдің де, Еуропаның ең атақты мектептерінде тәрбиеленген үздік музыкант атанып, шамалыға пысқыра қоймайтын Евгений Григорьевич Брусиловскийдің де тілін таба білген Ахаңа табиғатынан жібек орамалдай есіліп тұрған жұмсақ мінезді Латиф Хамидимен майлы қасықтай араласып кету онша қиынға түспесе керек. Ол сонау отызыншы жылдары Қазақстанға келген Л.Шаргородский, С.Шабельский, В.Великанов, А.Надиров, А.Зильбер. Б.Ерзакович, В.Коцыктарды жаңа көтеріліп келе жатқан ұлттық музыка шаңырағының уығын қадасуға шақыра білді. Ахаң соғыс жылдарында Қазақстанға келіп уақытша пана тапқан С.Прокофьев, Э.Гилельс, Р.Л.Тамаркина, Г.Гинзбург, Л.Александровская, В.Пиродов, И.Лесман, З.Пикайзен, А.Островский, А.С.Алексеев, П.Гурьевич, Р.Михайлов, Ю.Бирюков, С.Туликов, М.Скорульский, З.Компанеец, Н.Финдейзен сынды музыка жұлдыздарымен де көйлектің ішкі бауындай дос, жолдас, өз адамы болып кетті. Оларды қазақ музыка өнерін насихаттау мен дамытуға белсене араластыра алды. Әйгілі композитор Сергей Прокофьев қазақ тақырыбына “Бозай хан” атты күлдіргі опера жазуға кірісті. Ол, бірақ, аяқталмай қалды. Дирижер В.Пирадов өзі басқаратын оркестрмен Е.Брусиловскийдің “Сарыарқа” симфониялық сюитасын, М.Төлебаевтың “Қобыланды” атты симфониялық увертюрасын орындады. Атышулы скрипкашы В.Пикайзен М.Төлебаевтың скрипкаға арнап жазылған поэмасын өз репертуарына тұрақты кіргізді. Аса белгілі музыка маманы А.Островский Дина Нұрпейісованың орындаушылық өнерін тамсана насихаттады. Қазақ әуендерін құлпырта пайдаланып, атақты композитор Ю.Бирюков фортепьяноға арналған рапсодия, С.Туликов Аманкелді Имановқа арналған “Атты әскер маршын”, М.Скорульский Абай тақырыбында бір бөлімді квинтет, З.Компанеец “Қазақ рапсодиясын” жазды. Ахмет Жұбановтың мұрындық болуымен меймандар арасында кеңінен өрістеген мұндай шығармашылық жарыс республиканың төл композиторлық мектебінде де үлкен желпініс туғызды. 1942 жылы Е.Брусиловскийдің майдан өмірінен жазылған “Гвардия, алға!”, 1945 жылы Е.Брусиловский мен М.Төлебаевтың “Аманкелді” операсы қойылды.
Бұл жылдары Ахмет Жұбанов тамаша музыка ұйымдастырушысы болумен қоса, аса ірі композитор екендігін де танытты. Ол 1944 жылы Л.А.Хамидимен бірігіп жазған “Абай” операсын аяқтады. Ол, шын мәнінде, кәсіби кемеліне әбден келген тұңғыш қазақ операсы еді. Оған дейін қойылып жүрген “Қыз Жібек”, “Жалбыр”, “Ер Тарғын” сынды сахналық туындылар халық әндері мен күйлерін қапысыз сұрыптап, жан-жақты сараптап, жеткізе пайымдап, қайта қорытып әуре болып жатпай, жілік-жілігін бұзбай, ұшасын ұшалай, мүшесін мүшелей, қазанға тоғыта салғандай, мұрты шағылмаған “цитата қалпында”, түгелімен “бір әннен соң бір ән” қағидасы бойынша бастан-аяқ қосақталған қойдай көзінен тізіліп шыққан, шындап келгенде, біртұтас шығармадан гөрі құрақ көрпедей алабажақ “музыкалық монтаждар” еді. Ал Жұбанов пен Хамидидің “Абайының” әдеби сүйегі де, әуендік төсегі де мейлінше шынайы, мейлінше сом туынды еді. Онда қазақ мәдениеті үшін атымен соны опера өнерінің ария, желдірме (речитатив), ансамбль, хор пішімдері орын-орнымен кәсіби дәрежеде пайдаланылды. Классикалық жанрдың биік талаптары мен нәзік шарттары ұлттық бояуды жоймай, жіті сақталынды. Көпшілікке түсінікті әуен мен әуезде замана трагедиясын арқалаған тарихи тұлғаның күрделі бейнесі келістіре мүсінделді. Оның тұңғиық рухани дүниесін мөлдіретіп терең аша білген саф музыка құлақ құрышын қандырып, сара драматургия көрермен санасын адам болмысының ұңғыл-шұңғылына терең бойлата білді. “Абай” мен одан сәл кейін жарыққа келген Мұқан Төлебаевтың “Біржан-Сарасы” қазақ операсы сахнасының әлі талай таңдай қақтыра беретін ең асыл інжу-маржандары, кәсіби ұлттық музыкамыздың ең саңлақ туындылары болып табылады. Бұл авторлық қосақ бірігіп жазған “Төлеген Тоқтаров” та өз тұсындағы репертуардан елеулі орын иемденді. Сахна тілін жетік білетін Ахмет Жұбанов күрескер-сазгер Сары Батақұлының өмірінен “Сары” (1948) атты бір актылы музыкалы пьеса жазып, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” (1938),М.М.Иванов-Сокольскиймен бірге М.Ақынжановтың “Исатай-Махамбет” (1938) спектакліне, М.Ф.Гнесинмен бірге “Аманкелді” фильміне (1938) музыка жазды. Жұртшылық арасына кең тараған “Отаным”, “Ақтамақ”, “Ақ Шолпан”, “Біздің ел”, “Ақ көгершін”, “Жылқышы”, “Лирикалық ән”, “Қарлығаш”, “Серт” тәрізді әндер мен романстар туды. Ұлттық музыкамыздың қорын “Тәжік биі”, “Қазақ билері”, “Төлеген Тоқтаров”, “Ария”, “Вокальдық сюита”, “Абай” поэмасы сияқты күрделі аспаптық, симфониялық шығармаларымен байытты. Бітіре алмай кеткен “Құрманғазы” радиооперасы қазақ саз өнеріндегі жаңа жанрдың бастауы болды. Аз жазса да саз жазатын талғампаз композитордың бұл туындылары жаңадан түлеген төл кәсіби музыкамыздың хрестоматиялық үлгілеріне айналды. Ұлттық кәсіби композиторлық мектептің негізін қалаған Ахмет Жұбанов осы заманғы көп жанрлы саз өнеріміздің қай саласында да тыңнан із сала білді.
Оның сонау отызыншы жылдары Алматы драма және музыка техникумының жанынан ашқан ғылыми кабинеті мен зерттеуші шеберханасы соғыс жылдарында КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімінің арнайы секторына ұлғайтылды. Ол шағын сектор келе-келе ғылыми бөлімге, кейін іргелі ғылыми-зерттеу институтына айналды. Соғыстан кейін Ұлттық ғылым академиясы құрылғанда Ахмет Жұбанов оның толық мүшесі және Президиум мүшесіне сайланып, құрылтайшыларының бірі болды. Оның ұлттық музыка тарихы мен теориясын зерттеудегі ерен еңбегіне кім-кім де таңдана қарайды. Әсіресе, етене музыкалық дамуымыздың елден ерек биік деңгейі болып табылатын күй өнерін зерттеудегі үлесі тіптен орасан. Қазақтың музыкалық мұраларын жинап зерттеген А.В.Затаевичтің 1925 және 1931 жылдары бастырған екі томына кіретін 1500 шығарманың тек сексендейі ғана күйлер еді. Ал Ахмет Жұбанов зерттеген сан алуан саңлақ күйшілердің біреуі Мұрат Өскенбаевтың ғана жеке репертуарында, ғалымның өз аузымен айтуынша, үш жүзден астам күй болғанын ескерсек, ақ бас академиктің қандай шалқар күй мұхитын шағаладай шүйіліп шарлағанын көзге айқын елестете беруге болғандай. Оның бұл майдандағы ересен еңбегін табиғи қазба байлықтарға аса бай қазақ даласының металлогендік картасын жасаған ұлы Қаныш Сәтбаевтың әлемдік ғылыми тәжірибеде аса сирек кездесетін бірегей ерлігімен ғана салыстыруға болатын шығар.
Ол тек бір ғана Нарын құмынан ақсүйектерге тән сылқым сырбаз Дәулеткерей мектебі мен арнасынан асқан Атыраудай алапат Құрманғазы мектебін, Жайық бойынан Мәмен мен Баламайсаң, Қызылқоға, Ойылдан Түркеш, Тазбала, Жем сағасынан Абыл мен Қошқар, Маңғыстаудан Есір мен Өскінбай, Еділ сағасынан Боғда мен Байжұма, Үстірт пен Самнан Құлшар мен Сәулебай, Арал маңынан Үсен төре мен Қазанғап, Қаратау бойынан Ықылас пен Сүгір, Бетпақдаладан Тоқа мен Дайрабай, Қарқаралы мен Далбадан Тәттімбет, Шыңғыстаудан Абай, Жетісудан Байсерке мен Әшімтай мектептерін тапты. Сазгерлік мектептер орындаушылық үрдістерге тап болып күйшілік өнер одан әрмен құбылып, одан әрмен күрделілене түседі. Оны Ахмет Жұбанов бірінші рет ұлт аспаптар оркестрін құрып, оған жан-жақтан келген біріне бірі ұқсамайтын, бірінен бірі өткен шандоз орындаушылармен кездескенде байқаса, кейін халық арасындағы күйлерді жинап, зерттей бастағанда, тіптен қаныға түсті. Бұл дирижер Жұбановтың ұйымдастырушылық, ұстаздық қызметін оқымыстылық қызметпен ұштастыруға мәжбүр етті.
Ол 1942 жылдың аяғында “ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтың халық композиторлары” атты кітабын шығарды. Аталмыш еңбек “Ғасырлар пернесі” (1958,1975), “Қазақстан халық композиторлары” (1962), “Мұқан Төлебаев” (1963), “Замана бұлбұлдары” (1963, 1975), автор қайтыс болғаннан кейін жарық көрген “Ән-күй сапары” (1976), “Өскен өнер” (1985) кітаптары сынды ұлттық музыка өнері дамуының кезең-кезеңдерін зерделейтін іргелі зерттеулерге ұласты. Олардың әрқайсысы жеке-жеке сараптауды қажет ететін сүбелі еңбектер. Біз, солардың арасынан ерекше ұлттық сазгерлік өнеріміздің түп қайнары болып табылатын Құрманғазы (1936, 1958) мен бүгінгі қайта түлеуінің ең заңғар биігі болып табылатын Мұқан Төлебаев (1963) шығармашылығына бағышталған монографиялық портреттеріне ғана тоқталмақпыз.
ҚҰРМАНҒАЗЫ – А.Жұбановтың сазгерлік те, зерттеушілік те жүрегін біржолата иемденіп алған біртуар тұлға. Ақтық күндеріне дейін ол туралы радиоопера, екі дүркін қайталап арнайы монография жазуымен шектелмей, түгел дерлік кітаптарының орталық кейіпкері етуі — соның айғағы. Тіпті ол жүріп өткен жер-суды түгел аралап өтіп, оны көрген кісілермен тегіс кездесіп, ол жайында азды-көпті мәлімет білген адамдардан ешкімді тастамай, тегіс сұхбаттасыпты. Ғылыми-монографиялық зерттеулерді былай қойғанда, жәй әншейін жолсапар хикаяттарының өзінен халықтық данышпандық пен рухани қайсарлықтың асқақ символына айналған алып тұлғаға деген шынайы ізет пен ыстық махаббат жалыны от шарпиды.
Құрманғазы тағдырын ежіктей зерделеу арқылы халық тарихының дүниетанытқыш, сезім түзілткіш, сана қалыптастырушы құдіретін жіті пайымдайды. Ұлттың рухани өміршеңдігінің тылсым сырларын ашады. Алуан бағдарлы, санқилы сипатты және көп жанрлы сазгерлік өнердің табиғатына үңілу арқылы азаматтық және әлеуметтік даралық пен суреткерлік өзгешеліктің қиямет-қайым төркіндерін жан-жақты қарастырады. Азаматтық намыс қана адамдарды пенделіктен құтқарып, кемелдікке жеткізсе, ұлттық намыс қана халықтарды қарабайыр тобырлықтан әлеуметтік кемелділік пен келешегі жарқын салауатты қауымдастыққа жетелейтінін түсіндіреді.
Құрманғазының теңіздей тұнық, мұхиттай тұңғиық күйлері қазақ ұлтының кер тағдырдың талай тауқыметті өткелегінен аман сақтап қала алған қайсар қаһармандығын айқын сипаттаса, біздің заманымыздың абзал ұмтылыстары мен жарқын жасампаздығын бейнелеген Мұқан Төлебаев шығармалары талант табиғаттастығы мен мұрат төркіндестігін жеріне жеткізе зерделейді. Ғалым аға жеткіншек әріптесінің шығармашылық жеңістерінің шынайы намысшылдықтан, бір басының ғана емес, бүкіл ұлт абыройын ойлаған асау аршылдығынан өрбіп жатқандығын мейлінше дәл байқап, аса нәзік жеткізеді. Сонау 1939 жылы Мәскеу консерваториясының жатахқанасына іздеп барып танысқанында қағаздан басын алмай, біресе нота дәптеріне, біресе есейіп барып үйренген пианиноға алма-кезек шұқшиған бейнетқор жігіттің әнді місе тұтпай, жығылсаң нардан жығыл деп, бірден ірі жанрларға өршелене ұмтылғанына қарап, оның алысқа сілтейтін арынына шексіз сенгенін үлкен тебіреніспен суреттейді.
Мұқан сол өзі көп менсіне қоймайтын ән жанрының өзінде “Бесік жыры”, “Тос мені тос”, “Кестелі орамал”, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, “Ақ марал” сынды терең философиялық мән мен биік эстетикалық өрені қиыннан қиыстырып, шебер үйлестірген шедеврлар туғызды. Аспаптық музыкада скрипкаға арналған “Лирикалық биіне”, “Бесік жырына”, концерттік поэмасына, симфониялық оркестрге арналған “Қазақстан” атты поэмасы мен “Қобыланды” увертюрасына, хорға арнап жазылған “Отан даңқы”, “Жастық” сютасы мен “Желкілдек” атты кантатасына аузының суы құрып аса жоғары баға берген Ахмет Жұбанов жеделдес әріптесі Мұқанның басты туындысы “Біржан-Сараға” әбден қапысыз шыңдалып, кемеліне келіп жеткендігін баса көрсетеді.
Әлі сары тіс тартпай тұрып, қырық жеті жасында, дүние салған есіл ердің әу бастан-ақ өз мәресін өзі аласартпай, дәйім биіктен үңіліп, ХХ ғасырда әлемдік танымалдыққа ие болған не бір сүлей сазгерлермен іштей жарысып өткенін сүйсіне әңгімелейді. Оның төл музыкамызды осы заманға кәсіби сазгерлік дамудың шырқау биігіне самғата көтеруінің басты сыры – осы кемел талант пен биік талапты тығыз ұштастыра білгендігінде деп санайды. Мұқан туралы жазған Жұбановтың әр сөйлемінен өз әріптесіне таусыла тамсанған мақтаныштың лебі еседі. Өйткені, композитор М.Төлебаевтың мұндай шығармашылық даусыз жеңісі – музыканың ғұлама тарихшысы, сұңғыла теоретигі, өнердегі қай істің де қиыннан қиюын тапқан аса кемел ұйымдастырушы, академик А.Жұбанов үшін өзінің төл жеңісі еді. Өйткені, ол етене музыкамызды аса бай “шикізат көзі” ғана деп есептеген астамшыл көзқарасқа әуелден қарсы болды. Ол халқымыздың ғасырлар бойы тудырған бай мұрасы – ұлттық музыкамыздың бүгінгі және ертеңгі кәсіби дамуының ең басты сарқылмас қуаты, таусылмас мүмкіндігі деп түсінді. Ол “Абайды” сондай нық сенімнің ойдағыдай жүзеге асуының сәтті беташары деп білді. Ал “Біржан-Сараны” мұндай асқақ мақсаттың ақиқатқа айналуының асқар шыңы деп бағалады. Бұл тек асқан таланттарға ғана тән шын әділдік еді. Екінің бірінің қолынан келе қоймайтын ерлік еді.
Осындай азаматтық мәрттік пен рухани сахилық А.Жұбановтың Құрманғазы, Абыл, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Қазанғап, Түркеш, Байжұма, Соқыр Ещан, Боғда, Мәмен, Сейтек, Қауен, Баламайсаң, Есір, Өскенбай, Ықылас, Сүгір, Дайрабай, Байсерке, Тоқа, Әшімтай сынды сазгерлерге, Науша, Махамбет, Лұқпан, Оқап, Қали, Мұрат, Жаппас, Қамбар, Ысқақ, Дәулет, Жәлекеш, Ығылман, Мағауия, Рүстембек, Фатима, Гүлнафис сынды орындаушыларға, Ғ.Дуғашев, Ш.Қажығалиев, Ф.Мансұров, Н.Тілендиев, Л.Шаргородский, С.Шабельский сынды дирижерларға берген риясыз бағаларынан да молынан сезіледі. Ол өз замандастары Қ. Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Т.Жүргенов, К.Байсейітова, Қ.Жандарбеков, Ж.Елебеков, Р.Бағланова, Ж.Омарова, ағайынды Абдулиндер, А.Тоқпанов, Қ.Қожамияров, Р. Елебаев туралы да дәл осындай ақ та төк пікір айтты. Түптеп келгенде, бұлардың көпшілігі сазгер, дирижер, ғалым, ұйымдастырушы, қайраткер А. Жұбановтың үзеңгі қағысып, ауыздық шайнасқан тікелей әріптестері, өнер салыстырып, бақ сынасқан замандас бәсекелестері еді. Сүйте тұра, ол бір етікші бір етікшінің тіккен етігін көргенде қағып отырған шегесін қисайтып, тігіп отырған тарамысын түйілтіп алады дейтіннің кебін кимей, мейлінше шынайы толғанып, әділ сараптайды. Өзгенің табысына тарылмайтын кеңпейілдік бар жерде ғана ел қамын жейтін кемелділік өрістеп, ұлт мүддесі үстем түсе алатынын бір сәт ұмытпайды.
Ол тек сазгерлік пен күйшілікке ғана емес, күллі өнер дүниесіне, жалпының көңілін тауып, көптің мүддесін қамдауға тырысқан әлеуметтік қызметтің қай-қайсысына да жатсынып-жатырқаусыз зор құрметпен қарайды. Өнерді шынайы адамгершілік пен мейірбандықтың нұры төгілген шуақты өлке ретінде шабытпен әспеттеді. Өнерпаздарды тағдыры жағынан жұмыр басты пенде, ниет-пиғылы мен ой-сезімі жағынан нағыз ақ періште жандар қып сипаттады. Оларда тек абзалдық пен мәрттік, рахым мен сүйіспеншілік үстемдік құруға тиісті деп есептеді. Соған қарап, оқырмандары мен тыңдармандары Ахаңды жер үсті тіршіліктің иіс-қоңысы мұрнына бармайтын, пейіш гүлзарының жұпарына елтіп өткен романтик біреу екен деп қалулары да мүмкін. Алайда, ол адамдарға адамша өмір сүрудің ешқашан жеңіл болмағандығын, қайта ауыр тиетінін кім-кімнен де көбірек көріп, көбірек түйсінгендіктен де, жан-жағын саналы түрде жарастық пен татулыққа шақырып өткен шынайы гуманист еді. Өз маңдайы талай жерде тасқа тигендіктен де, жұрттың маңдайын шыбынға шерткізбейтін мейірбандыққа үндеп бақты. Адам адамға кіжінгеннен қоғам да, заман да жақсармайтынын өзі де жете түсінді, өзгелерге де жете түсіндіруге тырысты. Өйткені, тұтас бір ғасыр үміт пен үрей арбасып, бірін-бірі алма-кезек ықтырып, итжығыс түсіп жатқан алмағайып кезеңде, алапат әлеуметтік катаклизмдер заманында өмір сүрді. Оның өз арманыма жетсем, енді жеттім бе деген кезеңі сондай текетіресті көкке көтере дәріптеген қызыл тоталитаризмнің күшәла жеген иттей құтырынып, әбден асқынып, аспанды алақандай, жерді тебінгідей еткен тұсына тап келді.
Сол бір сәт ешқашан естен шыққан емес. 1936 жыл. Ақпан айының аяқ кезі. Филармонияның әуелгі залы. Іште ұлы күйшіге арналған бірінші концерт жүріп жатты. Фойеде әлі бояуы кеуіп үлгермеген “Құрманғазы” атты кітапша сатылды. Ұлт аспаптар оркестрі дауылпаз сазгердің оннан астам күйін орындады. Залды лық кернеген халық әрқайсысын сілтідей тынып тыңдап, артынан ұзақ қол шапалақтап, қошеметтеді. Көпшілігі бұған дейін біздің жұртымызда мұндай сазгер, оның осыншама мол, осыншалық құдіретті шығармалары барын білмек түгілі естімеген де еді. Қанша тыңдаса да, құмарларынан шығар емес. “Тағы да! Тағы да!” деп екілене қолқалайды. Әрқайсысының көкірегін бағзы бабаға деген құрмет пен өз халқына деген мақтаныш кернеп алған. Бұл – қазақ музыкасының ең зор салтанат құрған күні еді. Америка ашқандай әбден масаттанған жас дирижер бірінші бөлімнен соң сәл дем алайын деп, сахна сыртына беттей берген-ді. Біреу асығып-үсігіп құлағына аузын тақады: “Жоғарыдағы директордың кеңсесінде ең үлкен кісі сізді шақырып жатқан көрінеді”. Алабұртып келе жатқан асқақ көңіл аяқ астында сап болды. Тұла бойын: “Бір нәрсені бүлдіріп алған жоқ па екем?” деген қауіп билей жөнелді. Сол бір таң атпастан мұрындарынан шаншылып, екі етек боп, табандарынан таусылған абыр-сабыр күнгі тап болған барлық “әттеген-айлар” есіне сап ете қалды. Афишалар реперткомның рұқсатынсыз таратылыпты. Министр ит сілікпесін шығарып ұрысқан. Жаңа сауық басталарда қалалық қаржы бөлімінің нұсқаушысы кеп қақшаңдаған. Кітапшаны сатуға арнайы рұқсат алынбапты.
“Дөкейлер тағы қандай заңсыздық тауып алды екен?” деп зәресі ұшып келген Ахметтің директор табалдырығынан аттауы мұң екен, жұрттың бәрі қоғадай жапырыла қалды. Мана күндіз: “Көздеріңе қарамайсыңдар ма, түге? Рұқсатсыз афиша таратып, өле алмай жүрсіздер ме?” деп мұны да өлердей қысылтып, өзі де өрттей боп қызарып кеткен Темірбек Жүргенов күлімдеп алдынан шықты. Ораз Исаев ұшып тұрып құшақтап арқасынан қақты. Левон Исаевич Мирзоян: “Мұндай оркестрді енді шетелге жіберу керек. Ұлт саясатының әділ жүріп жатқанын бұдан артық тартымды дәлелдей алатын үгіт табылмайды. Жолдарың болсын, ұжым мүшелеріне менен сәлем деңіз, рахмет айтыңыз”,— деп ағынан жарыла ақтарыла сөйлеп, құшырлана қолын қысты.
Бірақ, ондай салтанатты сапарды оркестрге тағы да аттай он жеті жыл, ал дирижерге өмір бойы күте тұруға тура келді. Бәрі де көз тигендей аяқ астында бұзылды. Әлеумет аспанын теріскей батыстан көшкен қорғасын бұлттар құрсап алды. Саясаттағы асыра сілтеу тұрмыстағы бықсық бақастықпен жең ұшынан жалғасып, ең алдымен азды-көпті ісі оңғарыла бастағандарға құзғындай шүйлікті. Астанадан ауылдарға дейін азу тістерін шықырлатысып, бірінің-бірі шекесін мұжыған шайқасулар мен шайнасулар басталды. Мұндай аламан-асырда оркестр басқаратын Ахмет Жұбанов түгілі республика басқаратын Левон Мирзоянның өзі желге ұшқан қалпақтай домалады. Ол аз болғандай, сол кездегі кеңес шығыстанушыларының бәрінің мақтауына ілігіп, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімінің Президиум мүшелігіне сайланғанына төрт күн болған, кеңінен мәшһүр лингвист ғалым Құдайберген Жұбанов 1937 жылы 14 қарашада аяқ астынан қамауға алынды. Оған “жапон жансызы” деген айып тағылып, үш айдан соң астыртын атылды. Бір кезде Ахмет оркестр құрамын деп, кеңседен кеңсе қоймай аралап, келісім сұрап жүргенде: “Қайдағыны қайдан шығарасыңдар осы? Бүйтіп феодал дәуірінің қалған-құтқан жұрнақтарын социализмге сүйремей-ақ, Еуропаның дайын, дамыған аспаптарына бірден көшпейміз бе? Феодалдық заманның мәдениетін қанша әлекей-күлекейлегенмен, ол біздің көшке бәрібір ілесе алмайды!”— деп кекірейе кемеңгерсігендер мына хабарды естіп, аяқ астынан қайта едіреңдеп шыға келді.
Жалғыз ол ғана емес, кеше жұрт беттеріне күле қарағандардың бәрінің де екі аяқтары бір етікке тығылды. Әдетте мұндай кесапатты келеңсіздікті елдің келешегін кеңінен ойламайтын, тұмсығының астындағыдан әріні көре алмайтын дүмбілездер мен ішегіне ине айналмайтын іштарлар, баққұмарлықтың бақай есебіне шырмалған ұрдажықтар мен даңғаза ұрандарға оңай желігетін желөкпе шолақ белсенділер қоздатады. Бірақ бар тауқыметті әлгіндей солақайлықты суқандары сүймей, ақылға сиымдылық ауқымынан ауытқымауды діттеген аздаған естиярлар тартатын. Отызыншы жылдарғы шектен аса қордаланған әлеуметтік құштарлықтарды жаппай таптық қырқысуларға емес, көп уақыт кенделік көріп келген ұлттың ес біліп, етек жабуына жұмсауды жақтаған салиқалы күштер дәл соның кебін киді. Олардың басы қарт ағартушы Ахмет Байтұрсыновтан, жасы жаңа көрініп келе жатқан музыка зерттеушісі Ахмет Жұбановқа дейінгі екі аралықтағы көзқарақты дегдар дегендердің бәрі жататын. Олардың бірқатары қосақ арасында бос кетіп, қандықол жендеттің оғынан жер құшса, бірқатары қысқа күнде қырық құбылып, қай істі де насырға шаптырып бағатын әлеуметтік әпербақандықтың түртпегіне ұшырап, отырса опақ, тұрса сопақ болып, пұшайман хал кешкен күйлері дүниеден өтті. Сондай көз аштырмас қоғамдық зілзалалардың қыспағында күллі ғұмырын сарп еткен аяулы арыстарымыздың бірі – Ахаң еді.
Оның қол астында отыз жылдай еңбек еткен бір домбырашы ақсақал бұл жайында көзіне жас ала отырып әңгімелеп еді: “Құдайберген ұсталғаннан кейін бұрын сүттей ұйып отырған оркестр ұжымы да бүйі тигендей бүліне бастады. Әшейінде ерқара боп, топқа әзер ілесіп жүрген құба төбел біреулер ешкім қия басып алдынан өтіп көрмеген ардақты адамның жағасына жармасатынды шығарды. Бірнеше күнге созылған кергіме талқылауда ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Ақырында, айтатын ештеңе таба алмағасын, өкпе ауруына ұшыраған бір-екі келіншектің обалын да Ахаңа артпақшы болды. “Олар осымен оңаша жолығуға құмар еді” деп өзеуресті. Сонда сағаттар бойғы салғыласта сабадан аспай, сабырын шашпай, талай нақақты қасқая тойтарып баққан сабаз: “Бізде өкпе дертінен азап көріп жүрген еркектер де бар ғой. Сонда олар да менімен оңаша жолыққаннан осындай күйге ұшырап жүр ме екен?”— деп күйіп-пісуге мәжбүр болды. Талайымыз оны іштей аяп, шығарға жанымыз басқа болып отырса да, ауыз ашарға дәрмен таппай, көзімізбен жер шұқып қалдық. Қорлықтың ең үлкені сол екен! Құрысын, әлеуметті әзәзілдік дендейін десе, бір-екі есерсоқтың өзі-ақ бүкіл елді құтырынған ала тайыншаға ерген алаөкпе табындай дүрліктіреді екен…”
Мұндай жаппай алжасу тұсында ауызы әбден күйген есіл ер сол бір есалаң заманды көп сөз ете бермепті. Бірақ, бір сәт те есінен шығармапты. Әлгі оқиғалардан көп кейін, алпысыншы жылдары айтулы оркестрге “Республикаға еңбегі сіңген коллектив” дейтін құрметті атақ берілген тұста жазылған бір мақаласында кейбір басшылардың тұңғыш дирижерды “бұрынғыны көп айтады” деп жазғырғанына қатты қынжылғаны бар. Сонда ол: “Мәдениет тарихында жер астынан жік шыға, екі құлағы тік шыға салмайды. Әр құбылыстың өзінше өтетін жолы болады. Оның бәрі бірдей айнадай асфальт, тегіс жол емес. Кедір-бұдырлары да жеткілікті. Бірақ, тарихтың керуені соның бәрінен де өтуге тиісті. Оның үстіне осы бір жарты ғасыр көлеміндегі мәдени аттаныстардың бәрі де маңдай түзеген бағыттарынан қайтпаған қайсарлық жорықтары болды”,— деп еді.
Бұл сөздерді оқығанда мен Ахаңның туғанына алпыс жыл толған кезде аяқ астынан телефон соғып айтқан астарлы сөзі мен ақырғы кездесудегі үнсіз күрсінісіне түпкілікті түсінгендей болдым. Оның елім деп елжіреген сезімтал жанына отызыншы жылдардың аяусыз озбырлығы ай тыртық жара салып кетсе керек. Уақыт оны емдеп жазудың орнына, қазақ қауымын ғасырлар бойы қан жылатып келген көркеуде қызғаныш пен әлеуметтік әңгүдіктіктің әуре-сарсаңына қайта-қайта салып, үсті-үстіне тырнақ батыра осқылап, қанталатқанның үстіне қанталатып бағыпты. Ғұлама ғалым, сұңғыла суреткер, кемел ұстаз, көреген басшының алғашқы адымдарынан бастап, жолын оңды-солды кескестеп келген тұрпайы социологияның тұғыжым тұғырына қосарлана мінгескен дүмшелік пен көре алмастық көзі жұмылғанша алды-артын орағыштап, тірсегінен тістелеп бағыпты. Жүрегін үңгіп, жүйкесін жидітумен болыпты. Бірақ, ол бәрібір беріспепті.
Марқұм Асқар Тоқпанов ылғи еске алып отырушы еді: “Мәскеуден оқып келген кезім. Қайда жиын болып жатса, сонда қойып кетем. Мінбе көрсем, мініп алам. Аузым талғанша ақыл үйретем. Арасында талайларға тілім де тиіп кетеді. Бірде залдан қос қолын кеудесіне айқастырып, шәкірт баладай міз бақпай тыңдап отырған Ахмет Жұбановты көрдім. Ондай сұңғыла құлаққа да назар аудартқаныма іштей масаттанып тұрдым. Ол шаңырақты әуелден әз әулие тұтатынмын. Марқұм Құдайбергеннің көп жақсылығын көріп ем. Оқуға да соның көмегімен барып ем. “Әлгі сөзіме не дер екен деп!”— деп үзіліс кезінде бір жақ шеттте оқшау тұрған Ахаңның қасына ентелеп жетіп бардым. Ол бұрылып та қарамастан: “Асқар, сен осы әскерде болып па ең?”,— деп сұрады. “Жоға, тәйірі!” “Мен де болған жоқпын. Минометті көрдің бе?” “Жоға, тіпті де!” “Мен де көрген жоқпын. Гаубицаны білесің бе?” “Естуім бар”. “Ол қақ маңдайдан прямая наводкамен төпеп бергенде, қайдан атып тұрғанын бірден біліп қойған қарсы жақ төбесінен бір-ақ бұрқ еткізіп, сазайын тартқыза қояды екен. Ал миномет тасадан бір тарс еткізіп, лезде ізінен жаңылтып, тайып тұратын көрінеді. Сөйтіп жүріп те талай шаруаны тындырады екен”. Ахаң әлгідей депті де, бұрылмаған қалпы, көппен бірге залға кіріп кетіпті. Сөйтсем, істен шыққан қолапайсыз гаубицадай ошарылып фойеде жалғыз қалыппын”.
Бұл әңгіме сол бір жылдардағы қауым мен тұлғалардың басындағы тығырық ахуалды түгел түсіндіріп тұрғандай. Алайда соншалықты қырық құбылған құйқылжыма заманның қыбын әріден аңғарып, қытыңқы қылығы мен сайқал қулығын бес саусағындай білсе де, ақылына найза бойламаған Ахмет ағамыз, бірақ ондай-ондайға оңай ылықпай, отқа да түсіп кетпей, күлге де аунап қалмай, өзі жоғарыда айтқандай, бүкіл саналы ғұмырын түгелдей қамтыған “жарты ғасырдың көлеміндегі мәдени аттаныстардың бәрінде де маңдайға алған бағытынан қайтпайтын қайсарлық” танытып өткен түрі бар. Олай дейтініміз, әйгілі ғалым ол кезде біреу ұғып, біреу ұқпаған бұл ақиқатты, сұңғұланы да, миғұланы да “ешкіні апалап, текені көкелеп” өмір сүруге мәжбүр еткен кер заман туралы астарлы ащы сөзді әлдеқашан өтіп кеткендерді емес, өз тұсында өмір сүріп жатқандарды меңзеп, өз ғұмырының соңғы он жылдығының ішінде, сонау алпысыншы жылдары айтып отыр.
Соған қарағанда, оның отызыншы жылдары тірсегіне шапқан қырсық қақпаны алпысыншы жылдары да аяғынан аз шалмаса керек. Күн көсемнің өзі өлгенмен, ол мәңгүрттендіріп кеткен “милау” қоғамның санасын қапысыз улап алған “тұрпайы социология” мен саяси әпербақандықтың әлі міні құрый қойған жоқ еді. Атадан әкеге, әкеден балаға жұғатын бұл індет заманнан заман ауса да, тайыз ойлы тоғышарлық пен желімдей жабысқақ бақастық болып, сан рет қайта тіріле беруші еді. 1958 жылғы Мәскеудегі он күндікке әзірлік барысындағы бір талқылауда сол кездегі қазақ өнерін өз қолынан тұрғызып, сол кездегі қазақ өнерпаздарының үлкен-кішісін сахнаға өз қолынан жетелеп кіргізген қадірменді ұстаздың осы заманғы салалармен қоса ұлттық өнердің дәстүрлі салаларына да жеткілікті маңыз беру керектігі жайындағы ұсыныстарын қырық саққа жүгіртіп, “күн өткенді көксеушілік” деп көкіген көр кеуде күңкіл көпке дейін үстемдік құрған-ды. Бұл жекелеген өнерпаздар мен ұжымдардың шығармашылық тағдырына өз салқынын тигізген-ді. Жоғарыдағы “күйдің де күйін ойласқан” пікір таласы да сондай солақай жаңашылдықты желеулетіп, көрер көзге баса-көктеуді көздейтін кеудемсоқтыққа қарсылықтан өрбіп еді. Сол кездің де асатпай жатып, құлдық ұруға асыққан жандайшаптары мен жайдақшаптары: “Қуатты элеваторлар мен жер серіктерінің заманында қаңсыған қарағай домбыра мен қыл қобызды қашанғы қыңсылата береміз?” дейтін кергімеліктері қайта бас көтеріп алып еді. Лауазымның ең жоғарғы сатыларына ие болғандарын кейбірі жөнді-жөнсіз Ахмет Жұбановты да шетқақпайлай бастап еді. Ондай солақайлық тек аталмыш онкүндік тұсында ғана емес,алпыс жылдық мүшелтой тұсында да қылаң бермей қалмаған сынды.
Aлайда, кімді көріп, нені бастан кешпеген Ахаң?! Таланса да, талықсығанын көрсетпейтін сырттандай, жалын жықпай баққан-ды. Маңдайға алған бағытынан сынық сүйем ауытқып көрген жоқ-ты. Ол ұстанған бағыт – туған ұлтының рухани әлеуетін нығайтып, төл мәдениетінің көсегесінің көгере түсуіне, тарих тепкісін көп көрген халқының заманалық аусарлықтардың аламан-асырымен шайылып кетпей, дәйім алға баса беруіне қалтқысыз қызмет ету еді.
Ол өмірде де, өнерде де сол сертінде тұра білді. Ата жұртына сіңірген айтса тауыстырмас, аса мол қызметін былай қойғанда, ұлттық санамыздың екі бірдей корифейін бергені үшін аяусыз соққыға ұшыраған ата шаңырағын шайқалтпаймын деп істеген перзенттік, ағалық, аталық, паналық еңбегінің өзі неге тұрады?! Ұлттық энциклопедияға тек ғылым докторы, профессор, академик ретінде енген Жұбановтардың санының өзі жетеу екен. Кішігірім академия десе де болғандай. Ал оларға ілесіп ғылым мен өнердің осы заманғы шырқау шыңдарын бағындырған жеңімпаз жеткіншектері қаншама?! Бәрінің ар жағында ақыр заманға бергісіз алағай-бұлағайлар тұсында да шалқақ басын имей, адамгершілік абыройдың ақ туын аса таяқтай асқақ ұстаған ардақ арыстың, абзал азаматтың ақ алмастай саф, ақықтай асыл өнегесі тұр. Ол өнегеден бір әулет қана емес, бүкіл өнер қауымы үлгі алды.
Ондай ұлылық тағылымының тәрбиесін бүкіл ұрпақ сіңіріп, кемелдікке жетелеген кемел өнердің кәусар қайнарынан бүкіл ұлт нәр алды. Елінің басын қанша жерден қырсық шалып, қар емес, қара қан жауса да , қиында пана, қияда тірек бола білген, ерен туған ер деп, міне, осындай жанқияр жандарды айтса керек.
Рух аспанының самалалары ұрпақтарының ұлттық, кісілік саналары неғұрлым биіктей түскен сайын солғұрлым нұрлана түспекші. Ахаңның адамгершілік пен абзалдыққа толы ай дидары да азат елінің тәуелсіз түлектерімен бірге кемелденіп, бірге көркейе бермекші.
Жарқырай түс, жарық жұлдыз!
Авторы: Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.