Аудиттің пайда болуы мен қалыптасуы

Жоспар

1.1. Аудиттің пайда болуы мен қалыптасуы

1.2. Аудит ұғымы және оның даму кезеңдері

1.3. Аудиттің мәні, қажеттілігі және зерделеу аспектілері

1.1. Аудиттің пайда болуы мен қалыптасуы

Ел Президентінің Қазақстан халқына «Қазақстан -2030» барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» Жолдауында ХХ ғасырдың 90-ыншы жылдары республика экономикасында орын алған дағдарыстың себептері ашылып, оны жеңудің жолдары айтылған. Радикалдық саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру, КСРО-ның құлауы және қазақстандық экономиканың әлемдік шаруашылық қатынас жүйесіне енуі дағдарыстың болуына, өндіріс көлемі мен өнімдердің, жұмыс, қызметтің бәсекеге қабілеттілігін күрт төмендетуге объективті жағдайлар тудырады. Бұл дәстүрлі нарықтың ығысуына, төлемге қабілетсіздік тудыруға, шектен тыс инфляцияға және көптеген шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметінің тоқтауына әкеп соқтырады. Қалыптасқан жағдайды ескеру арқылы ұзақ мерзімді жеті артықшылықтың бірі ретінде жоғары шетелдік инвестиция мен ішкі жинақ ақша деңгейіндегі ақша нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу анықталады. Экономикалық өсу қаржы тұрақтылығына, өндірісті әртараптандыруды қамтамасыз етуге, аса маңызды салаларға инвесторларды тартуға, шешуші бизнес салаларының іскерлігін арттыруға, белсенді өндіріс саясатын енгізуге және акценттерді шаруашылық жүргізудің макро-дан микродеңгейіне жылжытуға септігін тигізеді.

Қазақстан Республикасында радикалдық реформалардың стратегиялық курсы нарықтың рөлі мен барлық тауар-ақша қатынас жүйесін күшейтуге бағытталған. Нарықтық экономиканың тиімділігін, оның ғылыми-техникалық жетістіктерді жылдам енгізетінін, адамның қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыруға мақсаттылығын әлемдік тәжірибе көрсетіп берді. Нарықтық қатынасқа тауар өндірушілердің экономикалық тәуелсіздігі, субъектілердің шаруашылық қызметіне әкімшіліктің араласуын болдырмаушылық, өндіріс саласындағы еркін экономикалық байланыстар және қоғамдық өнім айналымы және оны тұтыну тән. Қазақстандық экономиканы сәтті функциялау үшін оны ұйымдастырудың озық құралдары мен нақты тетіктерін, оның ішінде мақсатты-бағдарламалық әдісті көптеген факторлар бойынша талдауды, жүйелі бақылауды және оңтайлы шешімдерді қабылдауды қолдану аса қажет. Барлық ресурс түрлерінің аса өткір сезілген тапшылық жағдайында ұлттық экономиканың қозғаушы күші кәсіпкерлікке айрықша назар аудару керек. Мемлекеттік меншіктерді жекешелендіруді тездету, өндіріс тиімділігін арттыру, бәсекелестік ортаны дамыту, қаржылық бақылауды жақсарту және осы заманғы нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру сияқты факторлардың маңызы зор. Бір жағынан, шегі жоқ тұтынушылық, екінші жағынан ресурстардың шектеулі болуы шаруашылық жүргізудің қажеттілігін тудырады. Шаруашылық ресурстардың жетіспеушілігін терең сезінбес үшін адамдар барлық іс-әрекетін жоспарға құратын болса, адамдар экономиканың көмегімен тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағттандыру үшін өнім, қызмет түрлерін өндірудің барлық мекемелері мен әдістерін қамтиды. Шешім қабылдаушы, шарушылық жоспарын дербес жасайтын әрі осыларға сәйкес әрекет ететін барлық экономика бірліктері шаруашылық жүргізуші субъектілер деп аталады.

ҚР «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп берушілер туралы» заңда «жеке кәсіпкер» және «ұйым» терминдерінің мәні мен айырмашылығы ашып көрсетіледі. Ал, бұл терминдердің мағынасы республика резиденттері болып табылатын кәсіпкерлік қызметпен айналысатын барлық заңи тұлғаларды, сондай-ақ ел аумағында (территориясында) тіркелген бейрезидент өкілдіктер мен филиалдарды білдіреді.

Ұлттық экономиканы реформалау бойынша түбегейлі процестер шаруашылық қызметті басқаруда жаңа ұйымдық және бақылаушы –талдамалы құрылымның пайда болуының объективті қажеттілігімен шарттастырылған. Халық шаруашылығын басқару жүйесін қайта құрудың алғашқы жылдарында-ақ жоспарлы экономиканың дәстүрлі бақылау органдары өсу үстіндегі, яғни арта түскен қажеттіліктерді қанағаттандыру мен барлық мүдделі тұтынушыларды объективті ақпаратпен қамтамасыз ету бойынша пайда болған проблемаларды кешенді шешуде өзінің қабілетсіздігін көрсетті.

      Әміршіл-әкімшілік жүйеде төменгі басқару буынының жоғарыға қатаң бағынуы тек жоспарланған тапсырмалардың орындалуын, шаруашылық операциялардың заңдылығын сақтау, яғни оның заңға сәйкес болуын және мемлекет қарауындағы жалпы ресурстардың сақталуын тексеру бойынша тиісті ревизиялық қызметтерді талап етті. Ал, нарықтық экономика жағдайында шаруашылық жүргізуші субъектілердің серіктестермен, инвесторлармен, кредит берушілермен, меншік иелерімен, акционерлермен және басқа да пайдаланушылармен деңгейлес байланыстары бойынша шындыққа жанасымды ақпараттарға қажеттілік бірден артады. Бұл арада тек белгіленген параметрлердің сәйкесетіндігін тексеру ғана емес, сонымен қатар шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметтерін жақсарту бойынша ғылыми негізделген ұсынысын әзірлеуді, оларға кеңес беруді және басқадай да жоғары кәсіби деңгейде тиісті аудиторлық қызмет көрсетуді талап етеді.

     Кәсіби аудиттің пайда болуы мен қалыптасуы – бұл бүгінгі таңда да жалғасын тапқан айтарлықтай ұзақ процесс. Аудиттің қоғамдық рөлін түсінуі үшін оны ұйымдастырудың әдістемесін, теориялық негізін және мәнін ашу керек.

      Нарықтық экономикаға өтпелі кезеңде шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметін басқарудың маңызды құралдарының бірі қаржылық бақылау болды. ТМД елдеріндегі нарықтық қатынастың дамуы өндіріс саласындағы бизнестің жаңа қаржылық бақылау жүйесін қалыптастыратын алғышарттарды тудырды.

      Қаржылық-шаруашылық бақылау жүйесін түбегейлі қайта өзгерту, енгізу және тәуелсіз аудиттің посткеңестік өңірде «қарқынды» дамыту негізінде мына принциптер жатқызылады:

  1. Меншік түрлері және қаржы көздері бойынша бақылау объектілерін дәл оқшаулар;
  2. Бақылау субъектілерін мемлекеттік, қоғамдық, аудиторлық (тәуелсіз), ведмоствалық (фирмалық) және іштей (ішкі шаруашылықтық) ден болу;
  3. Бақылау мәселелерін шектеу, оның ішінде бюджеттің кірісі мен шығысын дұрыс қалыптасытру, есеп берулердің анықтығы, өндіріс әлеуетін пайдаланудың тиімділігін арттыратын резервтерді анықтау және бағалау;
  4. Мемлекеттік, жергілікті, қоғамдық, ішкі шаруашылық, тәуелсіз аудиторлық ұйымдар мен жекелеген аудиторлардың әрекет ету салдарын анықтау.

      Аудит тарихы көрсеткендей, оның дамуы әкімшілік пен инвесторлар арасындағы мүдделердің бөлінуінен болды.

      Америкалық бухгалтерлер ассоциациясының зерттеуіне сәйкес аудитке қажеттілік мына негізгі шарттарды тудырады:

  • ақпарат жасаушылардың (әкімшілікпен) және пайдаланушылардың (акцияны иеленушілер, кредит берушілер және басқа тұлғалар) мүдделерінің қабыспауы, яғни сәйкеспеуі ақпараттың объективті болмауына әкеп соқтыруы мүмкін;
  • объективті емес ақпараттарға негізделген шаруашылық шешімдерді қабылдау жағымсыз экономикалық салдарды тудыруы ықтимал;
  • алынған ақпараттың шындыққа жанасымдылығын бағалау немесе тексеру үшін фирманың пайдаланушыларында жоқ арнайы білім болуы қажет;
  • ақпаратты пайдаланушының оның сапасын тікелей бағалау үшін уақыты мен материалы әрдайым бола бермейді.

Қажетті ақпаратты алу мен бағалаудағы пайда болатын қиындықтар аудиторлық қызметтің аясын тарылтады. Оның негізгі міндеті – есеп берулерді анық күмәнсіз ету; тұтынушыға ақпаратты маманның пікірін араластырмай жеткізу.

1.2. Аудит ұғымы және оның даму кезеңдері

Аудит термині осыдан екі мың жыл бұрын «аudio» деген латын сөзінен шыққан, аудармадағы мағынасы «ол естиді» немесе «естуші» дегенді білдіреді.

Рухани оқу орындарында озат оқушыны аудитор (тыңдаушы) деп атаған. Оған оқытушы басқа оқытушылардың сабақта өткен материалды қалай меңгергенін, тапсырманы қалай орындағанын, яғни оқу үлгерімдерін тексеріп отыруды сеніп тапсыратын болған. Еуропаның көптеген елдеріндегі мемлекеттік басқару мен шаруашылық қызмет салаларында лауазымды тұлғалардың ауызша есеп беруін тыңдаушы қызметкерді аудитор деп атаған. Есеп берудің бастапқы ауызша түрі көптеген адамдардың сауатсыз болуына байланысты қолданылған, сөйтсе де орта ғасырдағы адамдар есеп берудің ауызша түрі жазбашадан да жақсы болады деп есептеген. Олардың ойынша кез-келген құжатты қолдан оңай түзей салуға болады, ал бақылаушы-аудитордың көзіне тура, тіке қарап тұрып өтірік айту мүмкін емес немесе өте қиын, деп санаған.

Арнайы әдебиеттерде аудиттің пайда болу кезеңі өзгеше әрі қарама-қайшылыққа толы. Бір авторлардың айтуынша, есеп берудегі мәліметтердің дұрыс көрініс табуын жасау және бақылау біздің дәуірімізге дейінгі ІV мыңжылдығынан басталады. Сонымен бірге, Ніл, Тигр және Евфрат өзендерінің жазықтарындағы Таяу Шығыстағы ежелгі өркениетте жоғары дәрежеде ұйымдастырылған мемлекет құрылып, шаруашылық қызмет жүргізілді, үкімет өнім, мүлік, салық жинау, орындалған жұмыс қазынаны толтыру және кіріс пен шығыс есептерімен айналысты. Бақылаудың әр түрі жүзеге асырылды, оның ішінде аудит те бар. Мұндағы мақсат – қателіктерді азайту және шенеуніктер тарапынан алдау әрекеттеріне жол бермеу. Бірқатар бақылау түрлері сол уақытта Библияда (Інжілде) да суреттеледі. Онда мүлікті екі жақты күзету, адал қызметкерлерді жалдау, міндеттерді бөлісу мәселелері баяндалады.

Ревизиялық қызмет Вавилон, Мысыр, Рим, Қытай және Греция сияқты антикалық елдерде де болған. Мысалы, ежелгі Мысырда (біздің дәуірімізге дейінгі 3400-2400 жж.) мүлікті түгендеу кезең сайын, ал шаруашылық операцияларын бақылауды үш адам жүзеге асырған. Оның біреуі не нәрсе берілді, соның санын папирусқа белгілеп отырса, екіншісі нақты босатуларды жүзеге асырған, ал үшіншісі ауытқуды анықтау үшін берілген мүліктердің немесе өнімдердің санын нормамен салыстырып отырған. Ресурстардың қозғалысы мен болған оқиғалар бойынша операциялар қатаң тәртіппен құжатталып отырған, тікелей орындаушылар мен қатысушылардан тәуелсіз жүзеге асырылатын шаруашылық процестерін бақылау осылай пайда болған.

      Есепті жүргізу бойынша арнайы заңнама алғаш рет Вавилон мемлекетінде пайда болған. Хаммурани заңы (біздің дәуірімізге дейінгі 2200-2150 жж.) конгрестерге дербес есеп жүргізуді, ал храмға – мемлекеттік есепшілікті жүргізуді әмір етті, ақшаны қолхатсыз беру жарамсыз деп саналған.

      Чжоу династиясы басқарған уақыттағы көне Қытайда (біздің дәуірімізге дейінгі 1122-256 жж.) есептің мемлекеттік жүйесі, оның ішінде барлық үкімет департаменттерінің мұқият әзірленген бюджеті мен аудиті жүзеге асырылды. Ал, біздің дәуірімізге дейінгі 700 жылы ол жақта негізгі міндеті мемлекеттік ақша мен мүлікті пайдалануға құқығы бар үкімет шенеуніктерінің адалдығына кепілдік беру болып табылатын Бас аудиторлық қызметі болған.

      Афинада біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда Халық жиналысы мемлекеттің кірісі мен шығысын бақылады, ал оның қаржылық жүйесі барлық лауазымды тұлғалардың өкілеттілігі біткенше құжаттарын тексертіп үкімет аудиторларын қамтыды.

Басқа авторлардың айтуынша, аудиттің пайда болуы арнайы ғылыми білімнің саласы ретінде бухгалтерлік есептің қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Бухгалтерлік есеп туралы алғаш рет ғылыми кітап жазған италияндық ұлы математик Лука Пачоли (1445-1517 жж) арнайы бюрода тексеріп және тіркеп отыратын көпес кітабының іс жүзіндегі пайдалылығын атап кеткен болатын.

      Шаруашылық қызметтің дамуы есептің саапсы мен есеп берудің шындыққа жанасымды болуының жаңа бақылау формасын талап етеді. Англияда аудиторлық алғаш рет 1299 жылы пайда болды, ал 1324 жылдың 24-інші наурызында король Эдуард ІІ, үш мемлекеттік аудиторды тағайындады. Тағайындау туралы жарлықта аудиторды Оксфорд, Беркенхед, Уэльс провинцияларындағы барлық есепшотты тексеруге, оларды тыңдауға, олардан сұрауға және есепшоттарды жүргізуде барлық кемшіліктерді белгілеп отыруға міндеттейді.

      ХІІ ғасырдан бастап Англия мен Шотландия, Италия, Франция және Еуропаның басқа елдерінің Қазынашылық мұрағаттарында (архив) аудиторлық қызмет туралы мағлұмат жиі ұшырасады. Мысалы, Ұлыбританияда екі типті аудит жүргізілген:

      1) аудит қалаларда елдің көзінше, яғни жария түрде – билеп төстеуші лауазымды тұлғалардың қатысуымен жүзеге асырылған, қазынашы аудиторлық есеп беруді ауызша, яғни елге естірте оқитын болған;

      2) ірі поместьенің қаржылық басқарушының төлем шотын «аудиторлық декларацияға» орай «дебет және кредит» бойынша егжей-тегжейін тексеру, яғни оны поместьенің қожайыны мен басқарушылар кеңесінің алдында ауызша есеп берген.

      Қалалардың, фабрикалардың өсуімен және сауда-саттықтың кеңеюімен сипатталатын ХVІ-ХVІІ ғасырлар кезеңіндегі экономикалық өзгерістер есеп пен аудиттің жаңа тәсілдемесінің пайда болуына итермеледі, яғни себепші болды. Бұрыштың басына мүлікке деген меншік құқығы мен пайда және залалдың қатаң калькуляциясы қойылатын болды. Аудит тыңдау процесінен жазбаша құжатты және растаушы куәні зерттеуді ретімен талдаушыға айналды. ХVІІ ғасырдың аяғында Шотландияда белгілі бір лауазымды тұлғаға қалалық аудитор ретінде қызмет етуіне тыйым салу туралы алғаш рет заң қабылданды, осылай ету арқылы батыс әлемінде сол уақыттан бері осы заманғы аудитордың тәуелсіздігі деген ұғым енгізілді.

      Мұндай аудиторлық озық тәжірибеге қарамастан, тек ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана кәсіби аудит тұтас іскерлік әлем мен кәсіпкерлік қызметтің маңызды құрамдық бөлігі болды. Бұл темір жолдарын салу мен сақтандыру компанияларының, банктердің, акционерлік қоғамдардың өсуімен байланысты. Ағылшындық темір жол және сақтандыру компаниялары мен басқа да инвесторлар Солтүстік Америкаға аттанғанда, яғни бағыт алғанда олармен бірге аса ірі ағылшын кредиторларының мүддесін қорғау үшін тәуекелсіз аудиторлар да барды.

      Осыған байланысты солтүстік америкалық аудиттің шығу тегі «ағылшындық» болып табылады және ХХ ғасырға дейін АҚШ-тың тәуелсіз аудиті ағылшындық үлгімен құрылып келді. Ол балансқа қатысты мәліметтерді егжей-тегжейлі зерттеуді ұйғарды. Роберт Х. Монттомери американдық аудиттің сол кезеңін «есепшоттық аудит» деп атаған, өйткені аудитордың жұмыс уақытының төрттен үш бөлігі есептеу және бухгалтерлік кітапты жасауға кетті. Аудит рәсімі (процедурасы) жылдам ұлғайған американдық бизнеске бейімделе бастағанда шектен тыс қаражатты талап ететін есептеу мен көшіруді тексеретін британдық стиль біртіндеп американдық «тестілік аудитке» өзгеріп, ауысады (трансформацияланады). Сонымен қатар аудиторлар тестілеу әдісінен басқа операцияларды тексеру мақсатында бизнес бойынша серіктестен фирманың қызметі туралы мәлімет жинауды іс жүзіне асыруға кірісті. Инвесторлардың мүдделерін ескеру арқылы олар баланстың белсенділігі мен бәсеңдігін бағалауға, сондай-ақ пайда мен залал туралы есеп берулерде және есепшоттарда көрініс табатын шаруашылық операцияларының нәтижелеріне де көп назар аударатын болды.

      ХХ ғасырда бухгалтерлер мен аудиторлардың аса ірі трансұлттық ұйымдардың құрылуына әкеп соқтырған әлемдік экономика мен бизнестің ғаламдау (глобализация) тенденциясы біршама тереңдей түсті. Кәсіби аудиттің дамуы үшін Халықаралық есеп стандарттары бойынша Комитет (LASC – 1973ж. негізі қаланған), Жоғары бақылау органдарының халықаралық ұйымы (NHTOCAN – 1953 ж.), Халықаралық бухгалтерлер федерациясы (IFAC – 1977ж. құрылған), БҰҰ-да 1979 жылы құрылған Есеп пен есеп берудің халықаралық стандарттары бойынша үкіметаралық сарапшылардың жұмысшы тобы (ISAR) сияқты халықаралық және аймақтық ұйымдар қызметіінң маңызы айрықша. Осы жаңашылдықтардың барлығы ендігі жерде аудиттің бухгалтерлік жазбалардың кеңселік нақтылығын тексерумен ғана шектелмей, салалары мен ауқымының біртіндеп кең өріс алуын көрсетеді. АҚШ және Ұлыбритания сияқты дамыған елдерде тәуелсіз аудиттің өзгеше жүйесі қалыптасқан. Оларды жетілдірудің қажеттілігі көптеген кридиторлар, инвесторлар және басқа да мүдделі пайдаланушылар тарапынан шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметі туралы сенімді қаржылық ақпаратқа сұраныстың өсуінен туындап отыр.

1.3. Аудиттің мәні, қажеттілігі және зерделеу аспектілері

      Американдық бухгалтерлер ассоциациясы комитеті бухгалтерлік есептің негізгі тұжырымдамасы бойынша (ААА) аудитке мынадай анықтама берді: «Аудит – бұл экономикалық іс-әрекеттер мен оқиғалар туралы объективті деректердің бағалауын, оның деңгейінің белгілі бір өлшемге (критерийге) сәйкестігін алудың және мүдделі пайдаланушылардың нәтижелерін ұсынатын процесі».

      Классикалық ұғымда аудит – кәсіпорында жұмыс істемейтін маманданған тәуелсіз аудитор жүзеге асыратын ешкімге тәуелсіз сырттай қаржылық бақылау.

      Мұндай кәсіби бақылау аудитке деген қажеттілік көптеген жағдайларға байланысты артып отыр:

  1. Кәсіпкерліктің дамуы мен капитал өсуінің әсері;
  2. ӨЗін-өзі реттеуге ұмтылатын ұйымдар санының арта түсуі;
  3. Экономикалық тұрақтылықты, меншік иеленушілерге және кредиторларға олардың салған ақшаларының сақталуына кепілдік беруді қамтаамсыз ететін жағдай тудырудың қажеттілігі;
  4. Компаниялардың операциясы көп әрі күрделі болуы мүмкін, пайдаланушылар ол туралы ақпаратты дербес алуға ммүкіндігі болмағандықтан аудиторлардың қызметіне мұқтаж;
  5. Қаржылық ақпаратты пайдаланушылар компанияның есептік жазбаларына әдетте қолдары жете бермейді және олардың тиісті тәжірибелері жиі бола бермейді;
  6. Пайдаланушылар қабылдайтын шешімнің салдары өздері үшін өте маңызды болуы мүмкін, сондықтан да аудиттер арқылы алатын ақпараттың толық болуы мен анықтығы оларға ауадай қажет.

      Аудит – бұл біздің еліміздегі акционерлік қоғамдардың, серіктестіктердің және басқа да шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметін экономикалық талдаудың және қаржылық бақылаудың салыстырмалы түрдегі жаңа бағыты. Бұрын бақылау мен тексеру қызметі жүзеге асырылмаған деп, айтуға болмайды. Алайда көптеген операциялық мазмұны жағынан бір-біріне жақын болса да, ревизия мен аудит екеуі бір ұғымды білдірмейді. Аудит бақылаудың шығармашылық (творчестволық) дамуын білдіреді. Ол экономикалық бақылаудың формалары мен түрлерін кемітпей, керісінше толықтырады.

      Аудиторлық іс экономикалық талдау, кешенді құжаттық тексеру, балансты немесе сот-бухгалтерлік сараптаманы есеппен тексеру біздің ұғымымыздан бөлек болса да аудитор өзінің міндетін жүзеге асыру барысында аты аталғандардың және есептік, бақылаушы-талдамалы тәжірибе салаларының рәсімдерін (процедураларын) пайдаланады. Белгілі ғалым Я.В.Соколовтың айтуынша, тексерудің мақсаты кемшіліктерді құрту және жамандықты жою, ал аудиттің мақсаты – кемшіліктерді кеміту және қастықты шектеу.

      Әкімшілікті құқы бар және сатылас байланысты ұстанатын тексерушіні клиент өз қалауымен таңдамайды. Бұған керісінше, аудиторды клиент өз қалауымен таңдайды және олардың аарсындағы қарым-қатынас деңгейлес байланысқа жол ашатын азаматтық құқықпен реттеледі.

      Тексеру және бақылау түсініктеріне қарағанда, аудит ұғымының аясы кең, өйткені бұл ұғым қаржылық көрсеткіштердің шындыққа жанасымдылығын тексеруді ғана білдірмей ғылыми негізде шығындарды ұтымды ету мен табысты оңтайландыру үшін шаруашылық қызметін жақсарту бойынша ұсыныстарды да әзірлеу ісін қамтиды. Аудитке келісімшарт негізінде жүзеге асырылатын, оның ішінде, бухгалтерлік есеп, ішкі бақылау және қаржылық есеп берудіңлердің жағдайын тексеретін, сондай-ақ артық шығындарды болдырмау, ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру және шаруашылық жүргізуші субъектілердің табысын өсіру мақсатында кеңес беретін бизнес сараптамасының өзінше бір түрі ретінде анықтама беруге болады.

      Бизнес аудитін жүргізу үшін белгілі бір салалар мен компаниялар іс-әрекеттің жағдайы туралы шындыққа жанасымды ақпарат алудың кең ауқымды мәселелерін жан-жақты зерделеу қажет.

      Мемлекеттің, аймақтың экономикалық жағдайы белгілі бір салалар мен шаруашылық жүргізуші субъектілер іс-әрекетінің жағдайы туралы мәліметтерді алу бойынша бірқатар әдістемелік тәсілдемелер мен нұсқамалар 310 «Бизнесті білу» атты аудиттің халықаралық стандартында ашып көрсетілген. Алайды бұл стандарт қаржылық есеп берулердің аудитін ұйымдастырудақолданылады, ал аудиттің басқа түрлері әдетте экономиканың әр түрлі салаларында оқиғаларды, процестерді және құбылыстарды бағалауда өзіндік ерекшелігі бар тәсілдемелерге, әдістерге және өлшемдерге ие. Осы арада бизнес аудитінің озық түрін ұйымдастыруды жетілдірумен байланысты теориялық және іс-тәжірибе сипаттарындағы бірқатар мәселелер пайда болады.

      Тұтастай алғанда аудитті және талдауды уақытылы жүзеге асыру шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметін қаржылық-кредиттік, материалдық-техникалық қамтамасыз етудің, өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін және жоспардың баланстылығын арттыруға ықпалын тигізеді. Бүгінгі таңда бизнестің жағдайы мен дамуына субъектілердің өзінен басқа мемлекеттік, қаржылық, кредиттік, ведомствалық, салықтық және басқа да органдар белсенді әсер етуі ммүкін. Бірақ осы буындардың бірде-біреуі салықтық жеңілдіктер беру, кредит және баға саясатын жақсарту, өндірісті, отандық өнімдердің, жұмыс, қызметті өткізуді ынталандыру есебінен бизнесті басқарудың тиімділігін арттыру үшін қолайлы экономикалық жағдай тудыратын мүмкіндіктері мен белгілі бір өкілеттіліктері болса да еелулі көмек көрсете алмайды әрі материалдық өндіріс салаларындағы бизнесті ұйымдастыруды жақсартуға ықпалын тигізбейді.

      Бизнесті басқару жүйесін нарықтық экономиканың шаруашылық тетігінің құрамдық бөлігі ретінде қарастыру қажет. Жалпы экономикалық жағдайдың тұрақтылығына қол жеткізбейінше, инфляция деңгейін төмендетпейінше, өндірісті ұйымдастыру мен қуаттылықты пайдалануды жақсартпайынша, шаруашылық жүргізуші субъектілердің жабдықтаушылық, өткізушілік және қаржылық қызметтерін жетілдірмейінше бизнесті оңтайлы жасау мүмкін емес.

      Нарықтық экономика жағдайындағы бизнестің кәсіби аудитін дамыту мәселесінің көп қырлы болуы мына аспектілерді зерделеу үшін бөліп көрсетуге мүмкіндік тудырады:

      1) Теориялық: кәсіби аудиттің мәнін, мазмұнын және мағынасын, оның бақылаушы-талдамалы қызметінің басқа да шектес ғылымдары және түрлерімен өзара байланысын анықтау; аудиттің нұсқаларын, түрлерін және типтерін ғылыми жіктеу; аудиттің даму тенденциясын, тетіктерін, мәселелерін зерттеу; бизнес аудиті мен талдауының принциптері мен компоненттерін, постулаттарын нақтылай түсу, тұжырымдамасын әзірлеу;

      2) Әдіснамалық: аудиттің жалпы және жеке әдістемелерін анықтау, бизнес жағдайының таладу көрсеткіштер жүйесін, өлшемдерін, әдістерін таңдау, экономикалық әлеуетті (потенциалды) пайдалану тиімділігіне әсер ететін факторларды анықтау және шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметін жақсарту бойынша әзірлеу;

      3) Ұйымдастырушылық: бизнес аудитін жүргізу мен жоспарлау механизмдерінің, құқықтық-нормативтік және ақпараттық базалардың мағынасын ашу; аудиторлық бақылаушы-талдамалы қызметтердің технологиясы мен нақты рәсімін (процедурасын) жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу.

      Бизнестің кәсіби аудит мәселесін зерттеу аспектілерінің жалпы шарттарына жататындар:

  • бизнесті басқарумен байланысты шаруашылық операциялары мен процестерінің аудитін жүргізу үшін алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу;
  • шаруашылық қызмет нәтижелерін бақылаудың, талдаудың және есептің озық әдістерін анықтау;
  • қаржылық-экономикалық талдау мен аудиттің озық түрлерін қолданатын салаларды ұлғайту әрі оған енгізу;
  • бақылаушы-талдамалы жұмыстарды жақсарту бойынша халықаралық озық іс-тәжірибелерді жалпылау;
  • бизнестің кәсіби аудитін жүргізудің техникасы мен технологиясын, ұйымдық құрылымын жетілдіру;
  • бастапқы мәліметтерді алу мен өңдеуге ЭВМ-ді және экономикалық –математикалық әдістерді қолдану, шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметін басқару жүйесін оңтайландыру.

Кәсіби аудиттің даму проблемаларымен осы аспектілерді — өзара тығыз байланыстырып мұқият зерделеу ұлттық экономиканың нақты секторындағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің жабдықтаушылық, өндірістік, қаржылық және өткізушілік қызмететрінде болатын оқиғалар мен процестердің ерекшеліктерін ескеру арқылы оның ұйымдастырылуын жетілдіру бойынша, ұсыныстарды жасау мен әзірлеуді тереңдетіп зерттеудің әдістемелік негізіне қызмет етеді.