Ақын Жанғали Набиуллин поэзиясындағы шеберлік бедерлері

Қара сөзден өлеңнің айырмасы-оның көркемдік белгілерінің, айшықты теңеулерінің, ішкі қуаты мен сыртқы тегеурін үйлесімділігі мен ойлылығының, ырғақ пен ұйқастың жинақтығында дейтін болсақ, осы сапалық әр ақынның өз бойындағы талантының шама-шарқына қарай көрінеді.

Шығарма көркемдігін белгілейтін шарттар дәлдік, ықшамдылық, қарапайымдылық, сөз сұлулығы, олар арқылы берілетін мазмұн байлығы, мағына тереңдігі болса, жазушы, ақын өресін танытар меже-тіл байлығы, сөз төркінін, оның күллі қырын терең де нәзік түсіне білуі, оны өз шығармашылығында орын тауып қолдануы.

Ақын поэзиясының шығармашылық шырайының көркемдік күш-қуаты табиғи таланттан туындайды. Ақындық парасат пен парыздың жүгін тең арқалаған суреткер поэзиясының қадыр-қасиетімен құнды. Суреткер өлең технолгиясының әдіс-тәсілдерін өміршеңдік жете меңгеру арқылы тума талантының көзін ашады, өлең-жырларына бедер береді. Өлең-сөздің пішінін көркем оймен көркемдей отырып, мазмұнды сөз маржанымен мағыналау поэзияның нағыз шеберіне ғана тән.

Жанғали ақынның лирикасын көркемдеу құралдарын қолдану тұрғысынан қарастырғандағы байқағанымыз-ол өлеңдерін белгілі бір тәсілмен, айшықтаумен, немесе құбылтумен, айқындау, ажарланумен құрайыншы демейді, қайта айтатын ойын дәл, нақты, ықшам, қарапайым жеткізерлік сөз тауып, оқушысының көңіл-күйіне әсер ететіндей дәрежеге жетуіне күш салады.

Академик З. Ғабдолов: «Әдеби тілді ажарлаумен, құбылтумен қатар, керек жағдайда айшықтай білген жөн. Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес әсерлілігі үшін де әжептәуір қажет тәсіл-айшықтау»-дейді. [1]

Біз Жанғали ақын лирикасының өрелі өзегіне ой желісін тарта білсек, өзіне тарта түсер кең тынысты, бедері мен бояуы айқын ақындықтың дербес диапазондығы мен ажарын байқаймыз.

Дәстүрді жаңарту, заманға лайық салт-сана тудырудың мүмкіншілігін зерттеген ғалым М.Дүйсеновтың пікірінше «Жаңа дәстүрлердің өзі сол бұрынғы бар дәстүр негізінде туады » екен. [2] Осы бағыттағы ұстанымды әдебиет зерттеушісі Н.Ғабдуллин де мақұлдайды. [3] Шығармашылық ізденіс жолында аға ұрпақ дәстүрінің поэтикалық байлық көздеріне шынайы үңілмей, бұрыннан бар өрнек, бедерлерді дамыта жетілдіру-шын ақын-суреткерге сын болары анық. Қай уақытта да өлең-сөз қадірін жете бағалайтын ақынның көркемдеуіш бейнелеу құралдарына, поэтикалық құрылымға, жалпы сөз өнерінің талап-мұраттарына адалдық-автор ұстанымдарының тұтқасы. Алайда, суреткердің көркемдік тәсілдерді қолданғанда өзіндік машығы бар. Зерттеуші Ж.Дәдебаевтың «Қай ақын болғанда да бейнелілік, суреттілік секілді көркемдік тәсілдерді қолданғанда, алдымен, өлеңнің көркемдік қуатын, эстетикалық-эмоциялық қасиеттерін арттыруды мақсат тұтады. Ақындық өнерінің мәніндегі осындай ақындық мұраттың мәнділігінен басталады» деген пікірін құптауға болады.[4]

Ақын поэзиясындағы көрікті көрінер алтын көмбе-шынайылық пен танымдық иірімдері. Қас суреткерге тән осы айтылған тағылымдық үрдістің үдесінен көріну Жанғалида бар тәлім. Лириканы поэзиялық ендіктің еншісіндегі асыл дүние деп білсек, оның тұнығына тереңдеген сайын, Жанғали суреткерлігінің сан алуан сыры мен қыры оқырманын тарта түседі.

Ж.Набиуллиннің лирикасының тілі мен ойы құдіретті. Құдіреттілігі сол ақын өлең-сөздің жиегін кестелі өрнекпен көмкеруге шебер, яғни түйінді ой түйеді. Қаламгер шығармашылығына көрік берер тың теңеулер немесе бедерлі де бейнелі сөздер керуені ақын Набиуллин поэзиясының жаңашылдық қырын танытады.

Ақын өзінің шығармаларында көркем образ жасауда, сөзбен сурет салуда өзінше мәнер, машық танытып, көріктеу құралдарын орасан шебер қолданады. Солардың бірі көркем шығармада көп қолданатын эпитет пен теңеуді, метафора мен метонимияны мейлінше ұтымды пайдаланады. Мұның өзі ақынның қанатты қиялға бай әсемдік әлемінің кеңдігін, пікірге жетік, тілге шебер екендігін аңғартады.

«Ауыстырудың екі түрлі қызметі бар: ол, бір жағынан, көркем сөзге айналдырудың амалы болса, екінші жағынан, белгілі заттар мен құбылыстар атауларының орнына жүреді. Және де мұның өзі адамзаттың ойлау жүйесінің терең өзгерістеріне, қыртыс-қабаттарына байланысты. Зерттеушілер ауыстыруларды эмоционалдық және эстетикалық қасиеттеріне қарай бөледі. Ауыстырулар адам танымына иек артатын бұлдыр, екіұшты ұғымдардың негізінде туындайды. Ауыстыру дүниесі-суретті, бейнелі, көркем ойлау дүниесі болғандықтан, сөз өнерпазының көркемдік ойлау дәрежесін, кең құлашын анықтайды» [5]

Көптеген ауыстырулардың көзі-тіркестегі белгілі бір сөз-ұғым, сөз-образдардың шарапаты ғана емес, суреттелген жағдайлар, жәйттер. Бұл Жанғали ақында жайнап тұр: аққу көңіл, тұлпар ақын, қыран жүрек, жайсаң дәурен, көгершін ғұмыр, сұңқар ой, мақпал бұғалық, құмай ғұмыр, зәңгі күн, көңілшек күн, кәусар өмір, күміс күн, нөсер ой, жасыл жел, тобылғы түн, желаяқ күн, асау уақыт, марқа жаз, ақбөкен арман, жұпар таң, ақберен арман, бұғымүйіз ой, жел қиял, тәңір адам, әнші жыл, ақ көңіл аспан, мамық жер т.б.

Ақындар көркем ауыстырулар арқылы болмыстың, дүниенің келбетін шынайы қалпында индивидуалдық-авторлық тұрғыдан суреттейтін болмаса, онда ол өзінің өрнектілік-көркемдік міндетін шебер және суреткерше қабылдай білгені. Ауыстыру тәсілінің бойында сан алуан қасиеттер бар. Олар: өрнектілік, экспрессивтік, түсіндірмелік, болжағыштық, танымдық, репрезентативтік.

Аристотель ауыстыру туралы: «Метафораның бойында жұмбақтылық бар, демек, жұмбақтар жақсы құрастырылған метафоралар екені айқын…метафораны барлық уақытта ұқсастықтан шығару керек болады»,-деп тұжырымдаған. [6.]

Ауыстыру табиғатын түсіну мен жүйелеуде контекстің ішкі құпия сырларын, астар-қабаттарын, ағыс-толқындарын тексеру қажет. Зерттеуші ғалмдардың елеулі еңбектерін саралай қарасақ, ауыстыру туралы келелі ой түйіндерін жасаған. Орыс ақыны В.Я.Брюсев: «Ақынның өзіндік бейнесін оның творчестволық тәсілдеріне қарап, оның образдары, қолданған метафоралары арқылы байқауға болады»,-деген пікір айтқан. [7.]

Бұл Жанғали ақында былайша көрініс берген:

«О, Жаратқан!

Мен-нәзік бір шыбығың…», «Қазір күнім-түлкі де, түнім-құмай», «Ақша бұлтқа асылған сен-шынарсың», «Уақыт-қатал қамыт, тек мойын сұқпа!», «Іңкәр бұлақ едің сен, самал да едің», «…Құмдағы сенің көп іздерің, Бүгін де шоқ-шоқ гүл секілді», «Мен-шабыт, шалқуым керек-ақ!», «Мен-нөсер, құмарды қандырмай, Тынбаймын өшкенше қапырық», «Шабыт та бір, қыран да бір құйылған, Қансонардан қалай құрқол қайтады ер?!», «Жосылған көп қыз-көп сыйқыр, Көзіңді жұтып барады», «Достық-терең парасат, күшің сенің, Тек сонымен өнімді ісің сенің», «Мұнда әйелдер шетінен Венера да, Мұнда нағыз Апполон-жігіт біткен», «Мұнда келсең, жағажай театр да, Жұрт алдыңнан шығады актер болып», «Ал әзірлен, ақ күнім-азаматым! Сәтің келді нұрдай боп тазаратын», «Шұғыласы қылығы-құндыз қардың, Кім түсінген қылығын бұл қыздардың» т.б.

«Метафораның теңеуден негізгі айырмасы-онда салыстырылған екі нәрсе екі бөлек көрінбей, көбінесе екеуі тұп-тура бірігіп, бір бейнеге айналғандай болады да, екі нәрсенің біреуі ғана айтылып, екіншісі емеурін жасау арқылы да айқын елес беріп тұрады»-деп жазады академик З.Ахметов. [8]

Жанғали құбылтулары мен айшықтауларында қолдана­қолдана әбден жауыр болған көріктеу құралдары жоқ, ақын оларды қайталамастан, өзінше ізденіп бейнелі сөздерді жаңарта, жаңғырта қолданады. Айталық, айқындаудың әр түрін жырларында аса шеберлікпен, талғампаздықпен пайдаланады, сондықтан олар орнын тауып, ойнап тұрады. Ақынның қиыннан қиыстырған образды орамдары жырланып отырған объектіні, өмір құбылыстарын ықшам да бейнелі, әрі нақты, әрі затты көрсетеді. Айталық, «Мәңгі алау» өлеңінде «Дөңгеленіп….ақыл-ой күшіменен, Небір біткен, бітпеген ісіменен. Көз алдыма келеді мынау ғасыр, Сурет салған қылыштың ұшыменен» немесе «Көрінеді ..сан ғасыр асып өктем, Адамзаттың белінен басып өткен. Жұмыр жердің жартысы-бақыт бөгіп, Тең жартысы-қайысқан қасіреттен». Өмір құбылысының айна-қатесіз болмысы.

Қазіргі қазақ поэзиясында көркемдегіш құрлдардың қатарында көп қолданылатын құбылтудың бір түрі­символ яки астарлау.

Бір нәрсені не құбылысты тура суретемей, бұларға ұқсас бір нәрсееге, не құбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеу, ойды да ашық айтпай, тартымды тұспалмен түсіндіру ақынға тән шеберлік. Жанғали ақынның шеберлігі де осыған дәлелдеме боларлық. Мәселен «Тең бөліс» өлеңінде:

Сезімдердің тұрғанда көзінде күз,

Сәл кідірсек, оны жай төзім деңіз.

Ескерткішке алмақпыз қоштасарда,

Екі бөліп өмірдің өзін де біз.

Кеш болса да бір жанар бағың үшін,

Бағың үшін-ақ торғын сағым… үшін,

Жұбанышын үміттің сен ала ғой,

Маған оның қалдыр да сағынышын. Аз ғұмырда үзілмес үміт, талмас сағыныш, талмай жеткен бақыт-алар еншіміз. Қаншама сарсылу, қаншама төзім!

Ақын өзекті өлеңдерінен өзге де өміршең тақырыптардың талайына тоқталып, теңіздің тұңғиық тереңінен терген маржан ойларымен өз жыр өлкесінің байлығын қалың оқырман қауымға барынша әсерлі жеткізді. Өзі суреттеп отырған объектісін жан-жақты ашу үшін айшықты сөздермен бедерлеп, оқушы сезіміне әсер берерліктей тартымды етіп бейнелеуге тырысады. Біз ақын өлеңдерін оқып отырғанда осы жайларды ұғамыз.Ақын өлеңдерінің мазмұнын терең мағыналы сөздерді салыстырулармен, қарама-қарсы құбылыстарды сипаттаулармен өрнектеуге де шебер.

Шоқтығы биік шабыт иесі өлең сөзде антонимдердің күшін көзге елестетеді:

Не істедім?­

Тұрдым ба, құладым ба?

Не сезіндім?

Күлдім бе жыладым ба?

Ащы менен тәттіні бірдей таттым.

Аңқап кеуіп іңкәрлік бұлағында.

Рас, көптің артында бұқпағаным,

Ашу-кектің мәнін бір ұқпағаным.

Жоқтан-барға өртеніп кете жаздап,

Төбелеске ешқашан шықпағаным. Немесе

Бейнетқормын,

Бірақ та жалқаулығым,

Жетіп жатыр молынан бір басыма.

Күндері ортақ күнелткен ауылыма,

Болған шығар жеңілі, ауыры да.

Қыз-қырқыннан кенделік көргенім жоқ,

Келем бірақ әйелсіз әлі күнге.

Жігіт болдым, оқыдым, адам болдым,

Кейде жүйрік, ал кейде шабан болдым.

Кедей болдым, бай болдым елмен бірдей,

Арамдықтан қайтсем де аман болдым.

Ортамызда жомарттар жүрмесе егер,

Қалай ғана таныр ек сараңдарды?

Былай қарағанда осы сөздер күнделікті айтылып жүрген қарапайым сөздер. Поэзия тіліне түсіп, лирикалық кейіпкердің толғанысын, ішкі ой толқынын, сезімін поэтикалық мен арқылы жеткізер дәрежесіне ие болғанда, бұлар да ерекше ажарланып, әсерлі көрініп тұр.Өлең сөзі бірыңғай антонимдік қатарлардан құралып тұр. Ақынның бұндағы поэтикалық тілді құбылтудың сыры тек антонимдерді беру шеберлігі ғана емес, мұнда синонимдік қатарлар да жүр.

Тіліміздегі лексикалық осындай байлықтарды орынды қолдану­ақын ойының кеңдігін, анықтығын танытады. Ақынның тіл байлығының өлшемін аңғартатын жәйттердің бірі-синонимдер немесе мәндес сөздер. Бұл бір мағынаны, ұғымды басқа-басқа болып келетін бірнеше сөзбен беру тәсілі екені белгілі. Синонимдер ақын шығармашылығында бір құбылысты бейнелейтін сөздің өлең ішінде бірнеше қайталануынан сақтандырып, өлеңнің нәрін кіргізіп, тартымды көркем бейнелеуге көмектесетін және ақынның тілді игеру өресін, суреткерлік қасиетін танытатын бірден-бір құрал деп қараған жөн. Жанғали ақын да синонимдерді орынды пайдалана білген.

Дос-жарандар-

Тірлікте тілектестер!

Тілектестер-жүйелес, жүректестер!

Бір қауымбыз-татумыз, іргеліміз,

Жайдарымыз, жайсаңбыз, жыр кеніміз.

Қадамымыз-қарышты!

Еңбек-өнік!

Көз алдыма келеді тірлік біткен,

Бауырластық, ынтымақ, бірлік күткен.

Кем болмаймыз қат міндет өңгергенмен,

Азап емес бейнет те елмен көрген.

Осы жолдарда адамгершіліктің жоғарғы қасиеттері бауырластық, туыстық, қарымдылық, өнімділік сияқты өзара мағыналас сөздерді қолданып, өлең мазмұнын, құрылысын өлең әсерін арттыру мақсатында ұтымды пайдаланған.

Жанғали ақынның сөз құдіретін арттырудағы тағы бір қыры-теңеулерді молынан, тиімді, көрікті түрде пайдалануы. Табиғаттағы, өмірдегі құбылыстарды, адам қарым-қатынасындағы әрекеттерді бір-бірімен салыстыру, салыстыра тұрып теңеу, баламалау арқылы бейнелеп, ажарландыру, оқырманының сезіміне тиер эмоциялық әсерін күшейтулер ақын шығармашылығында мол қолданылған:

Қаскөйлердің келбетіндей ызбарлы,

Қыстай жердің бетінде ауыр із бар-ды.

Үй сыртында жайып қойған матадай,

Қарсы алады ақ шағала желкендер.

Назданған қыздай кеш қалып,

Арманға кетіп тұрамыз

Оралмас сол кезді еске алып.

…Жігіттер, алмай жолда түстік тыным,

Көктемдей үш құшаққа ұштық бүгін.

Жолаушы біз-жұдырықтай тіршілік,

Анамыздың құрсағына сыймадық. Оқыған көзге қарапайымдау болғанымен, осы теңеулердің әсерлілігі күшті екенін аңғару қиын емес. Адам сезіміне терең бойлап әсерлі қиялға бөлейді, ойландырады. Ақын ойының көрінісі айқындалды. Әсерлі тіркестер бұнымен шектелмейді: «Қырық жылғы қызықтан құтылып көр, Дон Жуанның сыйқырлы күлкісіндей», «Маздап жанып жатамын намыспен бір, Қызыл шақа шоғындай тобылғының», «Қос бұрымдар жоғалды қос сүрлеудей», «Кенет бақтан мөлдір бір күлкі естілді, Алтын, күміс тиындай сыңғырлаған», «Қара судай қалғыған қараңғыда», «Өткен күннің ұялшақ арманы сен, Ақ шабақтай кеудемде жаттың ойнап», «Көгершіндей көрікті көп-ті күнің», «Мені танып көздері жаутаңдайды,

Қарлығаштай сымдаға қонақтаған», («Сурет»)

«Ес жинаушы ем аққудың қанатындай,

Еркелеген қыз қылық білектермен» («Электрлі білектер»), «Байқамаппын сенің де өткеніңді, Жас сәбидей алданған ойыншыққа» («Орынсыз өтініш»), «Нөсер жауып өткендей аймақ-қырды, Көк пен жер гүл атып, жайнап тұрды» («Жер мен көк»), «Қайран ана! Тұтылған қос күндей боп, екі көзі тұманданып тұр екен».

Тамыры қысқа тірліктің рақаты мен қасіреті қатар жүруі-заңдылық. Адами ұмтылыс-қайта көктейтін көктем дәніндей, жарық дүниенің өріне ұмтылады. Бір қайғыны бір қуаныш ашады, бір қуанышты бір қайғы басады. Алма кезек алмасу кезеңі Жанғали ақын қаламында да ерекше бояу, нәрлі құбылыстармен өрнектеледі. Өмір рақаты-тіршілік шипасы екенін дәлелдуге тырысады, ақиқатқа қалам төсейді. Ақын қыры, қалам сырына үңіле түскен сайын ашыла түседі:

Мәселен, «Төрт жыл бойы ауылда қас батырдай қасқайып,

Қайғы-мұңға шыдаған абзалы жан анамыз»,

«Және де жүзі ызғарлы,

Алқымға аяз қатқандай.

Төменде тулап құз қалды,

Қара жер еріп жатқандай» («Қыран өлім»), «Дүниенің төрт шетінен іздеп сені жетемін, Шөкім бұлттай тілегімді бір өзіңе тапсырып», «Менің қара шаңырағым еңселі-Ел қорғаған намысындай батырдың» («Қара шаңырақ»), «Өзі қандай керемет үркек дейсің, Құрық түскен құлындай дірілдеген» («Алғашқы әңгіме») немесе:

Көк тұмандай көгілдір таң алдында,

Уақыт тауып, орманға бара алдың ба?

Мекені сол-секірген ақ сәуленің,

Үлбіреген мамықтай самалдың да. («Таныстық»), «Балалығым бұлдырап алыс қалды, Құйрықты бір жұлдыздай жанып біткен», «Тарамдалған жолдар мен көшелер де, солқылдайды менің қан тамырымдай», «Көрдім тура құдайдай махаббатты, көрдім ақыр замандай өлімді де»(«Түпнұсқа»), «Жалт еткен жақсылықтың хабарынан, аққудай жер үстінде таранып ән» («Сәби көңіл»).

Жанғали ақын поэзиясының көркемдік кестесінде терең мағыналы сөздер ұшан-теңіз. Алдымен көркем теңеулердің нендей себептерге байланысты туындайтындығына үңілейік. «Сыртқы дүние әсерлері мен түйсік-түсініктерді синтездейтін және өнерпаздық жүйеге түсіретін, болмыстың бейнелері мен моделін, әлемді көркемдік, рухани, практикалық тұрғыдан игерудің принциптерімен үйлестіре суреттейтін сана қабілеті көркемдік шындық пен шарттылықтың бірлестік-тұтастығына негізделеді»-деген пікір айтады С.Негимов.

Ж.Набиуллин де-өз үнін табиғат үнімен тели алатын, соның әуенімен ырғақ құра алатын ақын. «Ақ көңіл аспан»…Құлағың елең ете қалады. Адамның ақкөңілділігі айқын-ақ, ал аспан қалай ақ көңіл? Ойланасың, жауап іздейсің, табасың. Тапқанда да осы өлеңнен табасың:

Мамық жерді мен тұңғыш басқанымда,

Сөнбейтін бір нұр жанып жас жанымда.

Бес құрлықты аймалап бес ұлындай,

Күліп тұрды алтын Күн аспанымда.

Жұмыр жердің бір бағы арылмайтын,

Жіберетін жасартып бәрін де айқын.

Ақ жаңбырдың нұры ортақ бес құрлыққа,

Қысы-жазы қолы бір тарылмайтын. Немесе «Бұл табиғат жер жіктеп қарамай-ақ, Ешкімнен де көрмеген самал аяп», «Баршамыз-ақ бір үйдің ұл-қызындай, Еміп жүрміз ақ Айдың ақ мамасын», т.с.с.

Ақынның суретті өлеңі, образды түрлендіру, көркемдіктің мәнерін жүйелеуші құралдары теңеулер арқылы жүзеге асып, табиғатқа тіл бітеді, жанданады: Жер жылап, аспан өксіп,

Гүл егілген…

Осы бір қағиданы білемін мен,

«Батты тағы қызыл күн тамырланып», «Өйткені, біз-бір үміт қар жамылған, Мынау аппақ дүние ішіндегі», «Аққайыңдар-өлкемнің еліктері», «Жадырап жаз өткенде не ойлайды, Райхан гүл-қосағы қуаныштың?», «Қарлығаштар-моншақтар сымға тізген», «Күндерді-күн, ал таңдарды таң жұтып, Бара жатыр, қайран, бижай жаз бітіп», «Кербез дүние мың құбылған таранып» т.с.с.

Мұнда поэзиялық образ тудыратын суреттегіш-мәнерлегіш құралдардың негіздері бар. Мысалы, жердің жылауы, аспанның өксуі, егілген гүл, тамырланған күн, аппақ дүние, таранған дүние, аққайың-елік, қарлығаш-моншақ деген сипаттаулар-ауыспалы мағынадағы ауыстырулар.

Гегель: «Ақындық творчество табиғатты тура көшіру емес. Поэзия, терең мағынасында, шынайы, киелі, асыл өнер. Ақын барша құбылыстар мен заттардың негізін ұғып, түсінетін асқақ рухтың иесі. Ақын табиғаттың әдемілігі мен әсемдігін тұтастыққа негіздейді де, қайдағы бір құдіреттің ерекше белгісі ретінде қабылдайды»-деген болатын.

Қорыта айтқанда, Ж.Набиуллин лирикасы өз бедеріне лайықты орнын алар, ұлттық рухани байлықтың бірегеуі деуге толық дәлел бар.

Ж.Набиуллиннің шығармашылық өнеріне зер сала қарағанымызда шеберлік баспалдағының барлық сатысында да жемісті еңбек етіп, тер төккенінінің куәсі боламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Дүйсенов.М. Қазақ лирикасындағы тақырып пен көркемдік шешім. Алматы. Ғылым. 1979.
  2. Дүйсенов.М. Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі. Алматы. 1962.
  3. Қабдолов.З. Сөз өнері. Алматы. 1992.
  4. Ғабдуллин.Н. Толысу. Алматы.1991.
  5. Мүтитегі З. Ф.Оңғарсынова лирикасы. Орал.2002.
  6. Аристотель. Поэтика.М. 1957. 114-б.
  7. Брюсев. В.Я. Избр.соч. в 2-х т. . 1955. Т.2. 543-с.
  8. Ахметов З.Өлең сөздің теориясы. Алматы. 1973. 20-б.