Кез келген әдебиет бір күннің төңірегінде өрбитін немесе белгілі бір тарихи кезеңнің оқиғасын баяндайтын тар ұғымды дүние емес. Мәдениеті бай елдердің әдебиеті де қаз тұрып, қалыптасқанша қоғамның дамуы секілді толып жатқан өзгерістерді қорытындылай келіп, алдымен өз халқының, кейін жалпы адамзаттың ортақ игілігіне айналды. Бұл заңды құбылыс.
Тамырын тереңнен тартқан тарихымен қоса мәдениеті өркендеген қазақ халқы басында өткерген ұлы оқиғалар мен әлеуметтік жолдарымен ауыз әдебиеті эпостық жырлар, тарихи аңыз әңгімелер арқылы ұрпақтан –ұрпаққа жеткізді. Алғашқы газет журналдар да басылды. Кейінірек осының барлығы кітап болып жарық көрді.
Тарихи-мәдени, әдеби дүниелерін кезінде қағаз бетіне түсіріп отырмаған қазақ халқының тасқа басылып, хатқа түскен ескерткіштерінің ішіндегі революциядан бұрынғы газет -журналдарда басылған нұсқаларының алар орны ерекше. Олардан рухани мұралардың бай көріністерімен қатар туған әдебиетіміздің тарихын жете білуге және оны халық тарихымен біртұтас зерттеумізге де мүмкіндік береді. [3]
Қазақ баспасөзі XIX- ғасырдың екінші жартысында, яғни Қазақстанның Россияға қосылуының нәтижесінде пайда болды. Оның даму тарихы әлі толық зерттеліп, бір жүйеге келтірілген жоқ. [9]
Бұл саладағы ең алғашқы сөз, бізге белгілі дерек бойынша 1925 жылы айтылған екен. Осы жылы жазғы тұрым Ташкентте «Ақжол» газетінің ұйымдастырумен жалпы қазақстандық баспасөз тілшілерінің съезі өткізілген. Съезде Байтасұлы «Қазақ баспасөзінің тарихы туралы» деген тақырыпта баяндама жасаған.
С. Сейфуллиннің айтуына қарағанда, ол «Баяндамасында алғашқы революция кезінде шыққан газеттердің қандай болғанын өзінше бұза, шала-пұла айтқан» көрінеді. («Тар жол тайғақ кешу» 1960 жыл) Баспасөздің маңызы, атқарар рөлі, ондағы жаңа леп, бағыт-бағдарлар жайлы сөз жөнінен Рысқұловтың «Баспасөз мәнісі» (1926) атты еңбегіің мәні зор деп есептейміз. [1]
Қазақ баспасөзінің бағыт-бағдарына алғаш баға бергендердің бірі жазушы-академик С. Мұқанов.Ол өзінің 1932 жылғы «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген кітабында қазақ баспасөзіне біраз талдау жасайды. Сол сияқты профессор Қ. Жумалиев пен профессор Е. Исмайыловтың 1941 жылғы «Қазақ әдебиеті» деген оқу құралында, «Қазақ ССР тарихында»., Қ.Бисембиевтің 1961 жылғы «Қазақсанда XIX ғасырдың аяқ шенінде және XX ғасырдың басында болған саяси-идеялық ағымдар» деген кітабында қазақ баспасөзі туралы сөз болды. Қазақ баспасөзінің кешегі-бүгінгісін бірыңғай зерттеп, мол мұра қалдырған Х. Беккожиннің есімі ерекше аталуға тиіс. Аталған авторлардың еңбектері кезінде өз міндеттерін атқарады, өз қызметтерін көрсетті.
Революциядан бұрынғы баспасөз бетінде басылған мәліметтерді ғылыми маңыздылығы жағынан архив қазынасы мен бір дәрежеге қоюға болады. Әрине осы газет-журналдарда басылған шығармалардың кез келгенін пайдаланарда оған сын көзімен қараған дұрыс.
Қазақстан жерінде шыққан газет-журналдардың басым көпшілігі орыс тілінде басылғанымен қазақ тіліндегілер де аз болған жоқ. Солай дегенмен де орыс тіліндегі газет- журналдардың көпшілігі реттеліп, библиографиясы жасалып, материалдары ғылыми айналымға түскенімен қазақ тіліндегі мерзімді баспасөздер күні бүгінге дейін реттелмеді, олардың толық библиографиялық көрсеткіштері жоқ. Осыдан барып көптеген ғылымдарға, әсіресе шығыс халықтарының әдеби, мәдени мұраларын, тарихын, экономикасын, тілін зерттейтін ғалымдарға осы бай мұра бүтіндей белгісіз болып келді. Ал, бұл газет журналдарға көз жіберіп , сырын ашып, ақтарып көретін болсақ, олар революцияға дейінгі Қазақстанның тарихынан, әдебиетінен, мәдениетінен, шаруашылық жайларынан толып жатқан соны деректер бергені даусыз. Тағы бір айта кететін жай Қазақстанның тарихын, экономикасын, әдебиетін, мәдениетін зерттейтін ғалымдар қазақ тілінде ертеректе шыққан газет-журналдарын тауып пайдалану үшін көптеген уақыттарын жоғалтады. Оның қиындықпен түсетін бір себебі мынада: бұл газет-журналдар кітапхана қорымен архивтерде түгел сақталмаған.
Патшалық Россиялыќ қол астындагы ұлттар тіліндегі шыққан газет-журналдарда басылған мақалалардың түгелге жуығы библиографияға түсірілмегенін ескерсек, қазақ тіліндегі библиография тіпті болмаған. Бұл жұмыс тек кейінгі кезде ғана қолға алынып, қазақ халқының мәдени өмірін, тарихи даму жолындағы өзгерістерді талдап, зерттеуде жұмыстар атқарылып, түрлі энциклопедиялар мен библиографиялармен жинақтар шығарылды [45].
Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуде елеулі қателіктер, үлкен кемшіліктер болды.
Кейінгі жылдары қазақ баспасөзін зерттеудегі қателіктерді түзеу жөнінде бірқатар жұмыстар істелді. Б. Кенжебаев өзінің алғашқы кітабын түзетіп, 1956 жылы «Қазақ баспасөзі тарихынан» деген атпен қайта бастырып шығарды. Осы кітаптың авторы да бұрынғы жіберілген қателіктерін ескере отырып , қазақ баспасөзі тарихына байланысты бірқатар мақала жариялады, осыған орай басқа авторлардың да мақала, кітапшалары жарық көрді.
Қазақ баспасөзін зерттеуге бұрын-соңды басылып шыққан библиографиялық көрсеткіштер көп жеңілдік келтіреді. Бұл жөнінде Алянтровтың, Седельниковтың, Сабитовтың, сондай-ақ академик Ә. Марғұлан мен профессор Е. Исмайыловтың басшылығымен Ү. Субханбердина құрастырған библиографиялық көрсеткіштерді атап көрсетуге болады.
Осылардың бәрі қазақтың мерзімді баспасөзінің тарихы туралы жинаѓы кітап жазу қажеттігін туғызды. Бұл жөнінде Х. Беккожин көптен бері зерттеу жүргізді, бірақ бұдан 1830 –1960 жылдар арасында шыққан қазақ газеттерімен журналдарын түгелдей егжей-тегжейлі зерттеген екен деген ұғым тумауы керек. Бұл, біріншіден, тек бір кісінің қолынан келетін іс емес. Бұл кітапты («Қазақ баспасөзінің даму жылдары») автор өзінің және басқалардың зерттеулері негізінде жазды.
Екіншіден бір кітаптың ішінде қазақтың мерзімді баспасөзінің барлық жағдайын қамтуда мүмкін емес.
Әрине, қазақ баспасөзінің тарихын Россиядағы жұмысшы баспасөзінің тарихымен теңестіруге болмайды.
Біз жоғарыда қазақ баспасөзінің тарихи әр кезеңдегі тарихы оқиғаларға байланысты зерттелуі тиіс дедік. Бұл қазақ халқының әлеуметтік өміріне, экономикалық жағдайына тығыз байланысты зерттелуі тиіс деген сөз. Осылай зерттелгенде ғана баспасөздің қоғам дамуында атқаратын рөлі айқындала түседі [9].
Ұлы орыс халқының озат мәдениеті қазақ мәдениетінің өркендеуіне игі әсерін тигізді, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев сияқты демократ-ағартушылар шықты, олардың ізінше ұлт интелегенциясы қалыптаса бастады. Орысша және қазақ тілінде оқытатын мектептер ашылды. 1862 –1900 жылдар арсында қазақ тілінде 70 шамалы кітап басылып шығып, қазақтың жазба әдебиеті мен мерзімді баспасөзі пайда болды.
Қазақстанның қалаларында патшаның жергілікті әкімшілік орындарының ресми органдары болып табылатын газеттер шыға бастады. «Облыстық ведомоствалармен « қатар қазақ тіліне аударылып Орынборда «Торғай газеті», Омбыда «Дала уалаяты», «Ауыл шаруашылық листогі» сияқты газеттер шығып тұрды. Ташкентте қазақ тілінде шығарылған «Түркістан уалаяты» газеті, сондай-ақ Оралда, Астраханьда және кейбір қалаларда шығарылған газеттер де Қазақстан өмірімен байланысты болды.
Бұл газеттер қазақ халқының қамын ойлап, оның әлеуметтік шаруашылық және мәдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, патша өкіметінің отаршылдық саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын жергілікті халықтардың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындату сондай-ақ оның ресми көзқарастарын халық арасында кең таратып, қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатымен шығарылды.
Алайда патша үкіметі тарапынан көзделген мақсатқа қарамастан «Қазақстан да мәдениеттің дамуына мерзімді баспасөздің пайда болуы елеулі әсер еттті». Патша өкіметінің заңдарын, жарлықтарын жариялай отырып, оның реакцияшыл, отаршылдық саясатын уағыздай отырып, бұл органдар сонымен қатар өз беттерінде өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы өндірісін дамыту мәселелерін көрсетеді. Бұл газеттер де мал шаруашылығы мәселелері, жаңадан ашылған мектептер туралы кең жазылып отырды, қазақ халқының тарихына, тіліне, ауыз әдебиетіне, этнографиясына, Қазақстанның орхиологиясы мен пайдалы кен байлықтарына арналған мақалалар басылып тұрды.
Әсіресе, әуел баста аударма болса да, бірте-бірте дербес газет дәрежесіне дейін жетіп, қазақ тілінде шығарылған «Түркістан уалаяты» (1870-1882), «Дала уалаяты» (1888-1902) қазақ баспасөзі тарихынан алғашқы беташары болып табылады [9].