ХV ғасыр ортасында шаңырақ көтерген Қазақ мемлекетінің күні бүгінге дейін сабақтастығы мен жалғастығы үзілмеген төл тарихы әлденеше Астананы аспандатқаны ұлттық санамызда, бабаларымыздан жеткен рухани мұрада өшпес із қалдырды. Бастау-бұлағына көз жіберсек, бұл әріден келе жатқан дәстүр екен. Елорданы қастерлеудің тамаша үлгісін Күлтегін тасындағы Өтікенге арналған жазудан, Асан Қайғының Жерұйықты іздеуінен көре аламыз. Байырғы түркілер де, олардың заңды мұрагері қазақтар да мемлекеттің Астанасын елдік тірегі, үйлесім мен бірліктің ұйытқысы, ақыл-ой мен күш-қайраттың қайнар бұлағы ретінде қабылдаған ғой.
Үш ғасырға жуық созылған отарлау, тоталитарлық модернизация мен зорлық Елордаға қатысты қастерлі ұғым-түсініктердің, жөн-жоралғының, салт-сананың сайын даламыздағы құндылықтарын аяусыз шайқалтқанымен, түбегейлі жойып жібере алмапты. Олар мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланған сәттен бұрқ етіп сыртқа шықты. Елордасын бас-аяғы 10 жыл ішінде бұрын-соңды қол жетпеген биікке көтере алған халық, оған барша әлемнің назарын аударта білген халық, жатқа телмірген жадағай қаланы Қыз Жібек пен Баян сұлудың моншағындай ару шаһарға айналдырған халық, түптеп келгенде, мәңгі ел ұстайтын мәңгі халық екенін бүгінде қапысыз дәлелдеді.
Мықтылардың әлсіздерді өзіне қаратып алуының әлемдік тәжірбиесіне көз жүгіртсек, бодан елдің бостандыққа шығуы, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуі ешқашан оңайға соқпаған. Миллиондардың қанын мойнына артқан кеңестік тоталитарлық жүйені былай қойғанда, өзін өркениетті, ізгілікті санайтын Еуропаның Англия, Франция, Португалия сияқты отарлаушылары Индиядан, Алжирден, Египеттен айрылмау үшін небір құйтырқы саясатқа, зорлық-зомбылыққа барғанын қария тарих жақсы біледі. Ендеше, баршаға жайлы жаңа тұрпаттағы қоғам орнатуға уәде бергенмен, діттеген мақсатына жетпей, айықпас қайшылықтардан титықтағанына қоса қатыгездігі шектен шыққан КОКП мен Кеңес Одағы уысынан аман-есен босағанымыз – біріншіден, тағдырдың сыйы болса, екіншіден, азаттық жолындағы құрбандықтардың өтеуі екені күмәнсіз.
Азаттық туын көтерген сәттен жауапкершілігі бұрынғыдан әлденеше ауыр жаңа дәуір басталды. Саяси жүйені, экономикалық қатынастарды, мәдени-рухани құндылықтарды, заңнамаларды, ішкі-сыртқы саясатты тәуелсіздік мүддесіне жүгіндіру, тарих тағылымы мен заманауи талаптары биігіне көтеру, сол арқылы елдің табиғи-ырғақты даму жолын табу, әлемдік өркениетке өзіндік келбет-кескінімізбен кірігу – бәрі бір сәтте алдан шықты. Бұған өтпелі дәуір қиыншылықтары қосылды. Ескі қоғам ығысып орнын бере қоймаған, жаңа қоғам әлі толық орнықпаған ғасырлар тоғысында, қазақ халқы ұлт болып қалу-қалмауы қыл үстінде тұрған алмағайып заманда «Кім кінәлі?», «Не істеу керек?», «Кім кімді жеңеді?» сұрағына жауап ұсынғандар елде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені әлі есімізде. Олардың ішінде империялық пиғылдағы шовинистер де, дәстүрлі қазақы қалпымызға оралуды қалағандар да, батысшылдар да, түрікшілдер де, панисламшылар да бар еді. Сырттағылар да қарап жатпады. Ресейде А.Солженицын мен М.Горбачев Қазақстанға өтіп кеткен жерлерімізді қайтаруымыз керек деген арандатушы әңгімелерін бықсытты.
Қоғам жол айрығында тұрды. Қолдан келсе, ақыл-ойды, күш-қайратты жұмылдырып, бәсекеге қабілетті елдер қатарына кіру керек немесе «құдай салды, біз көндік» аясында қалып, азаттықты тәрк ету керек. Кешігу өліммен пара-пар деген сөз осындайдан айтылған шығар, сірә. Ахуалдың мейлінше күрделі екенін 1991 жылғы 17 желтоқсанда, яғни тәуелсіздіктің бірінші күнінде, Елбасымыз бүкпесіз айтты: «Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік». Осылайша Қазақстан тұрақтылық пен жасампаздыққа бастаған ізденіс жолын таңдады.
Алматыдағы Орталық алаңда азаттықтың ақ таңын қарсы алған сан мың адам алдында тебіреніспен айтылған Президенттің сөзінде қазір және таяу болашақ үшін қажет ұлттық идеяның құрамдас бөліктері айқындалған еді. Алдымен дүниеге келген жаңа мемлекет Қазақ елі екені баса көрсетілді. «Ел» байырғы түркі заманынан бері бар ұғым-түсінік, Халық, Отан, Атамекен дегенді білдіреді. Басты мағынасы мемлекеттің бар-жоғына келіп тіреледі. «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік», – деді Елбасы.
Президент пайымынан ұлттық идеяға қатысты екі ойтүйін туындап тұр. Бірі – ұлттық идея өзін-өзі таныған ұлт барда ғана дүниеге келеді. Өзін-өзі тану тарих толқынында шыңдалған ұлттардың ғана пешенесіне жазылған. Ұлттық «Меннің» асқар шыңы ұлттық мемлекет құру, ұлттық мемлекет – ұлттық «Меннің» қамал-қорғаны. Екіншісі – ұлттық идеяның мазмұны мен өзегін бүгінді кемел келешекпен жалғастыратын өміршең де қисынды арман құрайтыны. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» қағидатын халқымыз ұрпақтан ұрпаққа аманаттағанда, өсер елдің серігі – оптимизм екенін қапысыз таныған ғой.
Бұдан кейін алға тартылған президенттік келелі ой – тәуелсіздіктің табалдырығында тұрғанымыз жайлы. Дұрыс бағытта ілгерілеу үшін бірінші қадамнан ұлттық идеяны оң анықтаудың мәні зор. Тәуелсіздік өткеннің қарызы мен парызын атқаруға есік ашуымен ғана қымбат емес, әлемдік өркениеттің көші соңында салпаңдамауға, табиғи-ырғақты өсіп-өну жолын табуға мүмкіндікті арттыратын ұлттық идеямен де қымбатты. Еңселі ел болу тым асығыстықты да, ерте күнді кеш қылған жайбасарлықты да көтермейді. Біз үшін оны ешкім атқарып бермейді. «Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда», — деді Президент. Тарқата айтар болсақ, әулеті мен дәулеті тасыған еңселі ел дегеніміз шынайы әрі де-юреден де-фактоға айналған, толыққанды азаттыққа қол жеткізген, ұлттық идеясын әспеттеген ел ғой.
Президент сөзінің соңы көп ұлтты халыққа береке-бірлік жарасатынын баса көрсетумен түйінделді. «Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», — деді ол. КСРО-ның ыдырауын тездеткен ұлтаралық қақтығыстар қызуы асқынып тұрғанда, желтоқсан жарасы жазылмаған тұста азаматтық келісім мен саяси тұрақтылықты басты міндеттердің қатарына қою барлық жағынан өзекті болатын. Ұлттық идеяның көздегені де халықтарды ара-дара қылу емес, тұтастыру ғой.
Әрине, азаттықтың алғашқы ақ таңында ақтарылған жан тебіренісінде ұлттық идея ұғым-түсінігі қолданылған жоқ. Еуропоцентристік идеологиялық қысымнан ұлтсыздануға шақ қалған Қазақстанда басқаша болуы мүмкін де емес еді. Бірақ ұлттық идеяның болмыс-бітімі Қазақ елі, Азаттық, Бірлік екені тайға таңба басқандай дараланды. 17 желтоқсанда айтылған көреген сөздер сол күні кеште тағы бір қырынан дәлелденді. Мәселе Н.Назарбаев пен Алматыға келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер арасындағы кездесу. Екі басшы өз мемлекеттерінің мүддесі биігінен келіссөз жүргізгені түсінікті жайт. Сондағы байқағанын және ойтүйінін мұхиттың арғы жағынан келген қонақ былайша қағазға түсіріпті: «… Назарбаевпен болған әлгі үш сағаттық жолығысуымның бұған дейінгі өткізген жолығысуларымның ішіндегі ең жақсысы болғанын іштей сезіндім. Ол ешбір асыра бағалаусыз-ақ айта қаларлықтай әсер қалдыратын айтулы лидер екен… Назарбаев керек нәрсені дәл көре алады, түсінікті нәрсені жүзеге асатындай жүйелі жолға қоя алады».
Осылайша, бар-жоғы қазірге дейін пікірталас туғызып жүрген ұлттық идеяның сүлбесі жүйелік дағдарыс шарықтау шыңына жеткен, алда не тосып тұрғаны белгісіз, тәжірибе мардымсыз, бәзбіреулерді пессимизм иектеген тұста ел астанасы – Алматыда дүниеге келді. Тағдыр анықтағыш сәтте Қазақстан халқы, әрине, ең алдымен қазақ халқы сабырлық танытып, асқанның да, сасқанның да сөзіне ермей, Алаштың бас қаласында айтылған ұлағатты сөздерге қонақ берді, бүкіл ел сайлаған тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың таңдауына ұйыды, уәжіне құлақ қойды, өз болашағын сеніп тапсырды. Халық пен Биліктің арасындағы өзара риясыз сенімнің арқасында, бай, дамыған мемлекетке айналып кетпесек те, Қазақстан әлемге мәшһүр табыстарға қол созды.
Президент те барын салды. Пәтерлерді жеке меншікке беруден ұлттық қауіпсіздік қалқаны – Қарулы Күштерді жасақтауға дейін бақылауға алып, тікелей араласты. Мемлекеттік басқару органдары жүйесі әлденеше рет реформаланды, әртүрлі топтар мен қоғамдық қозғалыс өкілдерімен, шахтерлармен, дихандармен, студенттермен, зиялы қауыммен жиі-жиі кездесу өткізіп, елді дағдарыстан шығарудың амалын ойластырды, Қазақстанның әлемдегі орнын табуға, ТМД ықпалдастығын қалыптастыруға күш-қайратын аяусыз жұмсады. Айталық, 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында сөйлеген сөзінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес құру жоспарын ұсынды. Осы жылдың ішінде ғана Мәскеуде, Давоста, Венада, Индияда, Пәкістанда, Бішкекте, Вашингтон мен Нью-Йоркте, Хельсинкиде, Анкарада, Берлин мен Парижде, Тегеранда ел мүддесін көздеген халықаралық келіссөздер жүргізді. Менің пайымдауымша, тәуелсіздіктің алғашқы төрт жылы – Президенттің мемлекеттік қызметтегі тағдырының ең ауыр, ең қиын кезеңі.
Жас мемлекеттің шаңырағын шайқалтпау үшін күндіз-түні тынбаған саяси-интеллектуалдық күрес пен жанталас, дүниенің төрт бұрышында жинақталған тәжірибені зерделеген ізденіс Елбасын үш ұлы пайым-тұжырымға және нақты қадамдарға әкелді. Оның екеуі 1994 жылдың, біреуі 1995 жылдың еншісінде. 1994 жылдың наурызында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісі арқылы көрегендікке толы ұсыныс – Еуразиялық одақ идеясын паш етті, шілдеде Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіруге түпкілікті шешім қабылданды. Ал 1995 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының екінші Конституциясы бүкілхалықтық референдуммен мақұлданып, ел тағдырына жауапкершілік жүгін Н.Назарбаев толық өз мойнына алды. Мемлекетті басқарудың президенттік формасы дүниеге келді. Осы жылғы 31 желтоқсанда жаңа жылдық құттықтауында Президент Н.Назарбаев былай деген еді: «Бүгінгідей күрделі жағдайға тап болып отырған жалғыз біз емес. Бізге дейін де көптеген елдер мақсаттарына жету үшін не бір қиын-қыстау кезеңдерді, тар жол, тайғақ кешулерді бастарынан өткізген. Қайсы бір ел болмасын, осы жолдармен өтуге тиіс».
Ақиқатына жүгінсек, сын сағатында ел өзі сенген Ерді төбесіне көтерген, ал нағыз кемел Ер қашанда елді өрге сүйреген ғой.
Сонымен, тәуелсіздікті жариялаумен Елбасын және елді баурап алған ұлттық идея формуласы ресми танылмаса да әрбір атқан таңмен, нақты іс-шарамен мақсат-міндетін жүзеге асырып жатты. Еуразиялық одақ идеясы жойқын ядролық қару-жарағымен, ұлтаралық қақтығыс-соқтығыстарымен, дау-шарымен әлемді алаңдатып отырған посткеңестік кеңістікте татулығы жарасқан, береке-бірлікке шақырушы ел – Қазақстан бар екенін, оның лидері Н.Назарбаев ұлттық және өңірлік мүдделерді жалпыадамзаттық қажеттілікпен үйлестіруге жол тапқанын айшықтаса, жаңа астананы айқындау азаттықтың алғашқы ұлы жеңісі болатын. Ал тәуелсіз республикамыздың екінші Конституциясы реформа адымдарын шапшаңдатып, халық пен Елбасымыздың жасампаздықпен көсіле қимылдауына құқықтық негіз қалады. Ұлттық идеяның реализмі мен пәрменділігі ұлы Абайдың 150 жылдығын, М.Әуезовтің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде ұлықтаумен, «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасын қабылдаумен және дәйектелді. 1997 жылғы қыста ұлы көштің Жетісудан Сарыарқаға бет түзеуі тәуелсіздіктің елең-алаңында дүниеге келген ұлттық идея салтанаты шеруін екінші кезеңге, астаналық кезеңге бастаған сәт еді.
Елдің астанасын ауыстырудың тағылымы мен нәтижесі, сана болмысына, өмір салтына, демографияға, элита тағдырына әсері терең зерттеулерді талап ететіні баршаға аян. Солардың ішінен ең маңыздысын айрықша атап өткен абзал. Ол – Астананы ауыстырумен қазақтың мемлекет құраушы ұлтқа айналуға, мемлекеттілігін қалыптастыруға шешуші қадам басқаны. Мемлекет пен мемлекеттілік ұғым-түсініктерінің ортақтастығы да, айырмашылығы да бар. Мемлекет дегеніміз – нақты аумақтағы саяси-құқықтық жүйе, оны халқы да, әлемдік қауымдастық та мойындайды. Ал мемлекеттің жоғарғы даму сатысы – мемлекеттілік. Оған қалыптасқан экономиканың, заңнама жүйесінің, басқару аппаратының, өз Қарулы Күштерінің, мемлекеттік шекарасының, дипломатиясынын т.б. болуы тән. Бүгінгі ұлттық идеяның тоқетер мәні нақты тарихи кезеңде мемлекет құраушы ұлт алдында тұрған басты мақсат пен өзекті міндеттердің жиынтық формуласы дегенге саятынын ескерсек, алматылық кезеңдегі қазақ әлі мемлекет құраушы ұлтқа айнала қоймаған, мемлекеттілігі де қалыптаспаған еді. Бірақ үрдіс басталған-тын. Астаналық кезеңде ол түпкілікті шешімін тапты. Ендеше өтпелі кезеңдегі ұлттық идеяны бірінші кезекте мемлекет құраушы және мемлекеттілік биігіне көтерілу ұстанымынан таразылағанда қазақ мұраты, арманы деп айдарлауға толық негіз бар.
Біріншіден, қазақтар тарихи Отанында отыр. Осында төлтума шаруашылық-мәдени құндылықтарын қалыптастырды, ХV ғасырдың екінші жартысында төл мемлекетінің шаңырағын көтерді, отарлық қыспақта да, тоталитарлық тозақта да елін, жерін тастай кеткен емес. Қазақтан басқа ұлттар мен халықтар ХVІ ғасырдан беріде ғана, біразы Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға қоныс аударып, тағдырдың жазуымен мұнда екінші Отанын тапқандар. Бүгінде әрқайсы, тіпті бәрі қосылып мемлекет құраушы ұлтқа айналмайтынын ұққандықтан бұлардың арман-мұраты қазақ арман-мұратымен тұтасып, тамырланып кеткені күмән туғызбайтын ақиқат. Өзін қазақ мұратынан тыс қоятындардың болашағы бұлыңғыр. Олар келешекте не тарихи Отанына қоныс аударады, не ойы бөлек, сөзі бөлек, ісі бөлек нағыз жармаққа айналады.
Екіншіден, қазақтар көпұлтты ортада тату-тәтті өмір сүрудің сан ғасырлық мектебінен өткен этнос. Тағдыры мен мемлекеттік билігі жат қолына қараған, ұлттық мүддесі империялық, таптық, партиялық өктемдік бүктеуінде қалған патшалық құрылыс тұсында да, кеңестік жылдарда да ешкімді бөтенсінбей, бауырына тарта алды. Таспен атқанды аспен атты. Ал тәуелсіздік тізгінін қолға алғаннан бері аз халықтарға көрсетіп отырған қамқорлығы айдай әлемге мәлім. Елбасының бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының Конституциялық мәртебеге ие болуының өзі неге тұрады. Халқымыздың дос көбейтпек қасиетін ендігі ниеті дұрыс қазақстандық халықтар әбден түсінді. Ұлттық идеяның Бірлік сегменті азаматтық, отаншылдық тұтастықты қалыптастыруға, ұлттық қауіпсіздікті бекемдеуге бағышталған, оның астарында мәдени-тілдік бірізділікке қол жеткізу есебі жоқ.
Үшіншіден, тәуелсіздік тұсында миллионға жуық отандастарымыздың елге оралуы мен орыс, неміс отбасыларының Ресей мен Германияға үдере қоныс аударуынан Қазақстан халқының басым бөлігін – үштен екісін қазақтар құрап отыр, яғни демографиялық фактор да ұлттық идеяның қазақ мұратымен айқындалуын қамтамасыз етуде. Мемлекеттің нысаналы-мақсатты саясаты мен басшылығынсыз демографиялық азшылықтағы халық тарихи Отанында отырса да көпшілік ықпалына түсетінін, ұлттық идеясы жасампаздық мазмұннан гөрі жойылып кетпеу мұратын көздейтінін тың игеруден кейінгі «коммунистік құрылыс» пен «кемелденген социализм» Қазақстанда қапысыз дәлелдеді. Қазақ менталитеті мен тарихына ежелден етене гуманизм басқалардың қасіретті тағдырды қайталауына ендігі жерде жол бермейді. Бізге керегі өзге этникалық-рухани құндылықтардың жұтылып кеткені емес, Қазақ елі мен азаттықтың бірегей тірегіне айналғаны. Жаһандану заманында мұның ғибраттық әлеуеті өте зор.
Астананы ұлттық идея ұйытқысына айналдырған жағдаяттар мен тетіктер сан қырлы, солардың санатында қоғамдық пікірдегі түбегейлі өзгеріс тұр. Ең бастысы – соңғы 10 жылдан бері Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаты мен өмірін анықтайтын өркенді шешімдер Астанада қабылдануда. Сол шешімдердің жүзеге асуы да Астанадан қадағалануда, уақыт талабына сай толықтырылуда, жаңаларымен жалғасуда. Сарыарқаның қақ төрінде сан тарапты билігіне көркі сай әсем шаһар бой көтерді. Нәтижесінде жаңа Елорданың болашағына, қысқа мерзімде осыншама ілгерілеу мүмкіндігіне күдіктенген қоғамдық пікір толық жеңіліс тапты. Бүгін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Астанаға мақтанышпен қарайды, оны елдігіміздің, мемлекеттігіміздің айбарындай қабылдайды. Тоталитарлық-идеологиялық өктемдік тұсында жатқа телмірген жадағай қаланың қазақтары «Менің елім, менің жерім, менің тілім» деуден қалса, тіпті Алматыны Қазақстанның астанасы ретінде ұлықтау оңайға соқпаса, тап қазір Еуразияның сайын даласында мемлекеттік және ұлттық сәйкестіктің ұштасқанына бәріміз куәміз. Мұнсыз, ұлттық мақтанышсыз ұлттық идея түзілмейтінін ұғынған жан Елордамыз ұлттық идеяның саяси-ұйымдастырушылық және имандық-отансүйгіштік ұйытқысы болғанын да бекерлей алмайды.
Келесі уәж. Екінші Конституция қабылданған соң «алдымен экономика, одан кейін саясат» ұстанымы аясында жүзеге асқан реформалар Елордамыздың Астанаға көшуімен өз нәтижесін берді. Астана – нақты істер алаңы. «Нарық», «реформа», «модернизация», «жаһандану» деген сөздерді ойлы кейіппен күніне мың рет айтқанмен мұнда жаңа ғимараттар, сарайлар, үйлер, жолдар өздігінен салына қалмайды. Қолмен де, баспен де жұмыс істеуге тура келді. Астана барша қазақстандықтарды еңбекке жұмылдырды, тәртіпке салды, кімнің кім екенін көрсетті. Ішкі жиынтық өнімнің 9-10 пайызға артып отыруы Астанадан басталды, ол өз кезегінде ұлттық идеяның экономикалық іргетасын қалады.
Бүгінгі ұлттық идеяға нәр берген Астана демографиясы қазақыланды. Он жыл ішінде Елорда тұрғындары үш есе ұлғайған екен, қазақтардың үлесі 60 %-ға көтерілді, жаңа тұрғындар негізінен кәсіби білімі бар оқыған қазақтар екені де рас. Бұлар кешегі алматылықтар, қазағы қалың шымкент-тараздықтар, торғай-жезқазғандықтар. Астананың қоныс аударуымен басталған республикаішілік миграция солтүстік өңірге, тіліне, жарнамасына, ономастикасына, оқу орындарына ұлттық шырай беруде, ұлттық идеяның әлеуметтік-интеллектуалдық әлеуетін нығайтуда.
Жаһандану заманында ұлттық идеяның қарымы елішілік ауқыммен шектелмеуге тиіс. Оған артылар халықаралық миссия үлкен маңызға ие. Таяу-алыс шетелдер еліміздің ұлттық мұратына қарап, Қазақстанға қатысты саясатын түзетіні сөзсіз. Ол сыртта жүрген отандастарымыздың тағдырын анықтайтын факторлардың бір де болса бірегейі екенін естен шығаруға болмайды. Елбасымыздың 1991-1995 жылдары Семей атом сынақ айлағын жабуы, ядролық қару-жарақтан бас тартуы, Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық бастамасы, Еуразия доктринасы Қазақстанды әлемге танытты. Одан беріде әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының екі сиезін өткізген, Испания королінен Рим папасына дейін мәртебелі қонақтарды қарсы алған, інжу-маржандай Ақ Орда мен Бәйтеректі көтерген, «Бейбітшілік қаласы» атанған, «Мәдени мұра», «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламаларын ұсынған Астана қазақ елінің ұлттық идеясын – азаттық пен бірлікті жаһандық құндылыққа айналдыруды көздейтінін паш етті. Астана феноменін Батыс пен Шығыстың ғалымдары зерттеу үстінде. Шетелдіктердің пікіріне ден қойсақ, әлем Елордамызды қазақстандық жолдың, ілгерілеу мен ұмтылыстың шоқтай жиынтығы ретінде қабылдауда. Бүгінгі ұлттық идеямыздың көздегені де Қазақ елінің жаңа әлемдегі лайықты орнын анықтау емес пе! Мұның да бастау-бұлағында Астана тұр.
Әзірге ресми ұлықталмаған ұлттық идеямыздың «Қазақ елі» сегменті діттеген межесіне жетті. Тәуелсіздіктің 15-ші жылында Елбасымыз: «Біздің айқын да сындарлы іс-қимыл стратегиямыздың, ниеттестер командасының ынтымақшыл жұмысының, біздің отандастарымыздың жанқиярлық еңбегі мен толайым қолдауының нәтижесінде Қазақстан мемлекеттілігі толық орнықты!», деп салтанатты мәлімдеуі осыған айғақ-дәлел. Енді экономикалық, ақпараттық, энергетикалық қауіпсіздігі тиянақталған, руға, жүзге бөліну дертінен айыққан, жемқорлықты ауыздықтаған, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналған, Маловодное мен Маятастағыдай қақтығыстардан ада биікке көтерілсек, «Азаттық», «Бірлік» сегменттері атқарылып, ұлттық идеяның жаңа формуласына көшетініміз сөзсіз.
Тарих – халықпен тарих. Әсіресе тұлғалардың орны алабөтен. Астана тағдырында Кенесарының, Балуан Шолақ пен Қажымұқанның, Иманжүсіп пен Сәкеннің, Жұмабек Тәшенов пен Рахымжан Қошқарбаевтың есімдері мәңгіге қалғаны-қалған. Халықтың бойындағы жасампаз бұла күшті кемеңгер де көреген тұлғалар аша алады. Бұған Есілдің жағасында жайнай өскен шаңырақ қала – бұлтартпас айғақ-дәлел. Елбасымыз Н.Назарбаев Елорданы Астанаға көшіру бастамасымен миллиондардың тарихи миссиясына арна ашты, жаңа Астана озық идеялар мен нақты істердің ұйытқысына айналды. Астана – ұлттық тарихымыздың айбары һәм мақтанышы. Ендеше, осы бақ-дәулет кемел ұлттық идеямен көмкеріліп, ұзағынан болғанын тілейік.
Елорданы сайын сахарамыздың салқар төрі – Арқа өңіріне көшіру Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық сұңғылалықпен ұштасқан көреген де кемел, батыл да байсалды, терең де тұғырлы шешімі болды. Бұл – алаш жұрты тарихының жаңа парағына алтын әріптермен жазылған, талай түп ғасырларға аңызы мен ақиқаты аралас уақыт көшімен үзеңгілесе жететін заманауи ұлы ұйғарымдардың бірі еді.
Иманғали Тасмағамбетов