XIX ғасырдың екінші жартысынан басталған қазақ ішіндегі күрес‑тартыстардың басында болған қайраткерлер халқын орыс езгісінен азат етуді көздеді. Олар елін отарлаудан құтқарып, ашық түрде күреске бастады. «Олардың алға қойған мақсаттарының бірі – жер мәселесі еді. Бұл қазақ қоғамында отарлық кезеңнен бері шиеленісіп келе жатқан өзекті мәселе. Жер мәселесін шешуде қазақ интеллигенттері Ресей Мемлекеттік Думасын, патша үкіметінің әкімшілік органдарын пайдалануға тырысты» [1,4]. Қазақ тіршілігінің негізі болған жер мәселесі ертеден‑ақ өзекті болған. Өздерінің отарлау саясатының басты нысаны ретінде қазақтың ұлан‑байтақ жеріне иелік етуді көздеген патша үкіметіне қарсылық жасап, жер‑жерде өрістеген қарсылық‑көтерілістердің басы‑қасында болған қазақ зиялылары бұл мәселені жоғары органдар деңгейіне көтереді. Қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Ә.Бөкейхан «Государственная Думада», «Төртінші Дума һәм қазақ» мақалаларында осы мәселені түбегейлі көтеріп, жер бөлуде қалыптасқан көзқарас‑пікірлердегі қайшы тұстарды саралайды. Қазақ жұртына тиімсіз болып тұрған мәселелерді ашып, көрер көзге әділетсіз шешімдерге наразылық айтады. Алдымен жергілікті жұртты орналастырып алып, содан кейін переселендерге кірісу керектігін, қазаққа мал жайылымы үшін қалдырылған жерді енді жаңа заң бойынша орысқа ұзақ жылға жалға берілмектігін айтып, өз жеріне өзі жат болған қазақ тірлігіне ара түседі [2,300‑301]. Ұлт қайраткері Әлиханның халқының тағдырына түбегейлі кірісуі сан тарапты қызметінен көрінді. Ол қазақ халқының саяси‑әлеуметтік жағдайын ғылыми тұрғыда зерттеп, пайымдау үстінде, экспедиция құрамында қазақ жерінің біраз өлкелерін аралап, зерттеу жүргізеді. Мұның ар жағында қазақтың шежіре тарихына терең бойлап, ондағы әрбір рудың, жүздердің орналасу жүйесін анықтайды. Ә.Бөкейхан осындай белгілі бір мақсатты нысан еткен жұмыстарды тындырған соң, елге келіп қоныстанып жатқан переселендердің жай‑күйін зерделеп, олардың шаруашылық жағдайларының тиімді, тиімсіз жақтарына экономикалық тұрғыда сараптау жасайды. Яғни Әлихан қазақтың тарихындағы мәнді тұстарды әбден саралап, өз дәлел, тұжырымдарын ғылыми айғақтармен бекіте алған.
Қазақтың жер мәселесіне байланысты белсенді қызмет еткен тұлғалардың бірі – Мұстафа Шоқай. Өзінің саналы ғұмырын халқының жоғын түгендеуге арнаған Мұстафа Петербор университетінің студенті болып жүргенде‑ақ, жерлестерінің арыз‑шағымдарына араласып, мұқтаж істеріне қол ұшын беріп отырған. Халқының ұлттық мүддесін жоғары қойған М.Шоқай елінің бостандыққа жетуін аңсады.
Баспасөз өркендеп, сөз пәрмені күшейген кезде, басылым беттерінде қоғамдық‑саяси өмірде жасалған, жасалып жатқан өзгерістер мен іс‑әрекеттерге жан‑жақты пайымдаулар жасалып, көзқарастар қалыптаса бастады. Осы ретте «Яш Түркістан» (1929-1939) журналының маңызы ерекше еді. Германиядан шығып тұрған басылымның алдына қойған міндеті туралы М.Шоқай: «Егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздік жолындағы талаптарының мән‑маңызын әлсіретпей «Яш Түркістанның» беттерінде бере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік», ‑ дейді [3, 8].
Қайраткер М.Шоқай «Яш Түркістан» журналында әр тарапты маңызды мәселелерді қозғайтын мақалаларды жариялап отырған. Оларды тақырып жағынан былайша саралауға болады:
- жер‑су, шаруашылыққа байланысты;
- ұлт мәселесіне байланысты;
- большевиктік іс‑әрекеттер туралы;
- өзге ел, мемлекеттер жайлы;
- жекелеген адамдар, қайраткерлер жөнінде;
- халықаралық жағдай туралы.
Осы топтастырылған мәселелердің ішінде жер мәселесі басты орындардың бірінде еді. М.Шоқай «Түркістанда мақта төңірегінде күрес» мақаласында сол кездегі маңызды іс – мақта мәселесіне тоқтап, мән‑жайды баяндайды. Мақта шаруашылығын өркендету елдің қаншама қаражатын үнемдеп, шетел мақтасына тәуелділіктен құтқарады. Бұл үшін жаңа жерлерді суландырып, алқаптағы істен шыққан су жүйелерін жөндеп, іске қосудың жоспарланғаны туралы айтады. Мақта өсірудің бес жылдық жоспарындағы сандық көрсеткіштерге тоқтап, алдағы дамуына болжам жасайды. «Мемлекеттік жоспарлау комитеті және Бас мақта комитетінің берген мәліметтеріне қарағанда, Кеңес өкіметі шетелдерге мақта тәуелділігінен тек 1937 жылы ғана құтыла алады екен. Оған дейін ол шетелден әкелінген мақтаға қыруар валюта төлуге мәжбүр» [3, 56]. Осылайша, мақта шаруашылығын ұлғайтуды көздеп, дәнді дақылды өсіруді азайтса, ол астық тапшылығына ұшырататынын айтады. Сөйтіп патша өкіметінің мақта егісін көбейтіп, астықты сырт елдерден сатып алуды барынша қолдап‑қорғаған саясатын сынайды. «Бүгін орыс үкіметі Түркістан халқының қаны мен жаны, беделіне пара‑пар дәнді дақылдарды суармалы жерлерінен ығыстырып шығаруды көздеп, халықты орыс бидайына тәуелді етіп, оны күнкөріс тұрғысынан оларға байлап беріп отырғанын» ашына жазады. Жергілікті халықтың қолындағы жерлерді орыстың келімсектеріне амалын тауып беріп жатқан айтып, осы салада жүргізілуге тиісті күрес бағдарын айқындап отырады.
Қазақ арасынан шыққан зиялылар негізінен гимназияда, жоғары оқу орындарында, орыс‑қазақ мектептерінде оқып, қандай білімге ден қойса да, алдыңғы қатарлы ой‑пікірлердің бастаушысы болды. Қазақ қоғамына еніп жатқан өзгерістерді оң қабылдап, оны халқының дәстүр‑салтымен сабақтастырып отырды. Қайткенде де алдыңғы лекте болған алаш зиялылары қоғамдық‑саяси, мәдени қызметтерінің барлығын туған халқының игілігіне, болашағына арнады. Мәселен, Ә.Бөкейхан түрлі мерзімді басылымдарда қазақ халқының фольклор үлгілерінен үзінділер беріп, зерттеу еңбектерін жариялады. Өз тұсындағы қаламгерлердің шығармаларына да назар салып, халыққа таныстырып отырды. Ал туған елінен жырақта болған Мұстафа Шоқай ел еркіндігін аңсап, ұлт тағдырын, оның келешегін жастармен, олардың білім‑танымымен байланыстырды. Ол жастар туралы «…Еуропада, Түркияда бірталай жастарымыз оқып жүр. Олардың біразы жоғары білім орындарын бітірді. Міне, бұл жастарымыз атамекеніміздің тәуелсіздік жолындағы ұлт‑азаттық күресін соңына дейін жеткізетін болады» деген сенімді пікірде болады. Жастарға үлкен үміт артқан Мұстафа «Яш Түркістан» журналына ақын‑қаламгерлердің әдеби мұраларын жариялап, жастардың жүрегіне ұлттық құндылықтар тәлімін сіңіруге тырысты. Мәселен, Мағжанның «Түркістан» өлеңін елдің түкпір‑түкпірінде жүрген жастардың аузынан түспей келе жатқан «дұғадай қасиетті өлең» деп атап, оның толық мәтінін береді. Сөйтіп «кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиялды» Тұранның ерлеріндей болуға шақырады.
Қоғамның ілгеріге озған зиялы қайраткерлері әлемдік ойдың көшбасшысы бола отырып, адамгершілік пен гуманизмге негізделген даму жолын мұрат тұтты, халқын ояту мен рухани өркендету жағында болды. Бір ғажабы олар осындай игілікті істерін ел‑жерінен шалғайда жүріп те басты бағдар етті.
Қай кезеңде де халық санасын қозғаған, іс-әрекетке шақырған тұлғалардың еңбегі ескерусіз қалмақ емес. Сондай қайраткердің бірі – шалғайда ғұмыр кешкен, белгілі алашшыл қайраткер Хасен Оралтай. Жат жердің аласапыран күресі мен тартыс‑азабын жастайынан басынан кешкен Хасен ес білгеннен бастап, туған ел‑жерінің тілегін, ынтымағын тілеп өткен. Х.Оралтай – журналист, тарихшы, қоғам қайраткері ретінде алашшыл бағыттан жаңылмаған тұлға. Х.Оралтайдың Түркия мен батыс елдеріне Қалибек Хакім атанған әкесі Қалибек Райымбекұлы шетқақпай тірлік кешкен ағайынның басын қосып, тұрақтап қалатын мекен іздеуде көпшілікті бастай білген. Ұзақ сарпылған сапардан соң, Түркия жерімен қауышады. Салихлы қаласына орналасып, мал өсіріп, теріден киім тігіп кәсіп жасаған Қалибек ел‑жерді ойлап, өздерінің қазақ жұрты екенін таныту мақсатында айналасынан хабар алып, бастарын біріктірудің әрекеттерін жасап бағады. Қалибек елді азаттық көтеріліске бастап, Қытай елінің қысымына қарсылық көрсетіп, елді әрекетке жұмылдыра білген. Осындай жат елде жүріп, халықшыл мақсатты нысан еткен Хасен Оралтайдың қоғамдық‑саяси бағыттағы қадамы ерте айқындалады. 1961 жылы ол «Шығыс Түркістан Қазақ түріктері азаттық жолында», 1965 жылы «Бүйүк Түркішіл Мағжан Жұмабайұлы» деген кітаптарын жариялап, осы жылдары «Бүйүк Түркелі» журналы мен «Коммунизм Сауаш» газетін шығарып, мақалалар жаза бастайды. Бұл қайраткерлік әрекеттер шет өлкеде қазақ есімінің танылуына көмектесті.
Х.Оралтай 1961 жылдың көктемінде «Еркіндік жолында Шығыс Түркістан қазақ түріктері» деген тұңғыш кітабының алғысөзінде: «Әр күн қорқу мен үрейлену және мың бір түрлі қауіп‑қатер ішінде өмір сүрудің қиыншылығын тек басынан өткізгендер ғана біледі. Сол азап пен ауыртпашылықтарға душарласып, оған шыдап‑төзбеуіміздің себебін сұраудың қажеті бар ма? Бұл сауалға бір‑ақ ауыз сөзбен жауап беруге де болады: түрік тектес болуымыз, ерікті адам болып өмір сүруді көксеуіміз». Х.Оралтайдың бұл тырнақалды еңбегі Түркияда қазақ атымен шыққан әрі қазақ жазған тұңғыш кітап болуымен ерекшеленеді.
Хасан Оралтайдың ұлтжанды әрекеттерінің бірі – Ізмірде түрік тілінде «Бүйүк түрікші Мағжан Жұмабайұлы» деген кітапты шығаруы. Бұл кітапты жазудағы себебін автор: «Бұл кітапты әзірлеуіме біздің «түркістаншыл» туыстарымыздың Мағжан Жұмабайұлының «Түркістан екі дүние есігі ғой» деп басталатын әйгілі толғауын көбірек тілге тиек етіп, Мағжанның «Түркістандық ақын» екендігін айтумен шектелетіндігі, оның қазақ екендігі туралы үн шығармайтындығы, сондай‑ақ Түркия түріктерінің түрікшіл тобының маған Мағжанды, оның еңбектерін жұртшылыққа таныту керек деген пікір айтулары», ‑ деп түсіндіреді. Бұл шет елдегі қазақтың санасына ұлттық қозғау салған еңбек болды. «Түрікшілдік белгілі бір қоғамдық құбылыс ретінде танылды. Ресейдің отарлау саясатына қарсы бағытталған азаттық қозғалысты бастаушы ұлт зиялыларының түрікшілдік бағыт ұстауына ұлы түрік рухының өлмегендігі, ғасырлар қойнауынан бері қарай түрік халықтарымен бірге жасасып келе жатқан азаттық философиясының санада сақталғаны негіз болды» [4, 5-8] деген пікірге ден қойсақ, қазақ зиялыларының халқы үшін қаншалықты еңбек сіңіргенін байқаймыз.
Атамекенінен амалсыз қара үзген ұрпақ өкілі Х.Оралтайдың қоғамдық, қайраткерлік қызметінің бірнеше салада өрбігенін байқаймыз. Соның бірі – өмірінің отызға жуық жылын арнаған «Азаттық» радиосындағы еңбегі. Германияның Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосы 1953 жылы жұмысын бастайды. Бұл қызметке аса жауапкершілікпен кіріскен Х.Оралтай радио хабарларына кірістірілетін ақпараттардың мазмұн‑мәнін зер сала сараптап, негізді материалдарды беруге мұқият қарайды. Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғанын естігенде, сүйінші хабар дайындап, бұл қуанышты хабарды жеткізу бақытына ие болғанын тебірене жазады.
Х.Оралтай өз ұлтының тәуелсіздігіне шаттанып, әдебиеті мен тарихының шынайылығының жақтаушысы қатарында, айғақты мәліметтерді толассыз, мақсатты түрде ұйымдастырып отырады. Соның бір дәлелі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты сараптауы мол, шынайы хабарларды жеткізіп отыруы еді. Осыған байланысты желтоқсан айында әр жылы «Азаттық» радиосының қазақ бөлімі арнайы хабарлар ұйымдастырып, сұхбаттар жүргізуді үрдіс етеді. «Түркістан Мұхтарияты» үкіметінің құрылған күнгі мүшелеріне арнап, М.Тынышбайұлын, М.Шоқайұлын еске алу хабарларын өткізеді. Өз қоғамының даму өресін басқадан бұрын байқап, халқының есесін түгендеп, ұлттық қасиетін тереңдетіп отыру ұлтжанды азаматтарға тән болса, қайраткер Хасен Оралтай сондай белгілі тұлға.
Қоғам өзгерісін жан-жақты әрі терең таныған зиялы тұлғалар халқының ұлттық санасының оянуына қажетті мәселелерді дұрыс барлап, әрі қарайғы өрлеуіне ықпал етті. Ұлтының тәуелсіздігін көксеп, рухының жоғары болуын қолдаған қайраткерлердің осы арнадағы мұрат‑мақсаттары да, көзқарастары да үндес еді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Смағұлова С. Ұлттық интеллигенция және ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы аграрлық мәселе. Автореферат. Алматы,1999.
- Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Алматы, 1995.
- Шоқай М. Таңдамалы. Бірінші том. Алматы, 1998.
- Шілдебаев С. ХІХ ғасырдың 1-жартысындағы Түркістан идеясы және Мұстафа Шоқай // Жас Түркістан,1999. №2-3.
Біздің ана тіліміз – жазба тарихының өзі мың жарым жылдан асатын, көрікті де көсем, оралымды әрі өткір, ықшам әрі серпімді, қуатты және айрықша бай тіл.
Мұхтар Мағауин