Ұзақбай Әзілханұлы Әміров отыз жылдан астам уақытын өзінің сүйікті ісі – салық саласына арнады. Әр саланың кәсіби маманы болу үшін іс жүргізудің ұңғыл-шұңғылын білу жеткіліксіз. Білімді әрдайым жетілдіріп, ізденісте болу қажет. Әріптес ағамыз – Ұзақбай Әміров мұны жетік ұғынған жан. Сондықтан шығар, өмір бойы білімге, үйренуге құштар болатын.
Ол 1970 жылы Алматы халық шаруашылық институтында «Еңбек экономикасы» мамандығы бойынша білім алып, оқуды аяқтағаннан кейін Қызылордаға оралды. Туған жердің топырағында мол тәжірибе жинап, тірліктің көзін табудың тәсілдерін жетік меңгерген-ді. Кейінірек ҚазақССР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер басқармасында аға инспектор болып қызметке орналасып, осы салада 30 жылдан астам уақыт тер төгіпті. Жаңашылдыққа, үйренуге құмар азамат осы мерзім аралығында салық инспекторынан бастап Қаржы министрлігі салық комитетінде түрлі лауазымды қызметтерді атқарды.
Ұзақбай Әміровтың төккен тері текке кеткен жоқ. Оның еңбекқорлығын әріптестері де жоғары бағалап, өзара Ұзеке деп атап кеткені соны айғақтайды. Онымен бірге қызмет атқарғандардың бәрі Ұзекеңнің салық саласындағы үздік мамандардың бірі болғанын айтады. Бейнеттің зейнетін көрген жақсы. Бұл тұрғыда Ұзақбай Әзілханұлының ауыз толтырып айтар жетістігі жетерлік. Ол бірнеше рет Қаржы министрлігінің наградаларымен марапатталды. Сондай-ақ «Салық саласының үздігі», «Қары қызметінің үздігі» атағын иеленіп, Қаржы министрінің сыйлығы бұйырды. Ұзекең талай мәрте мерейтойлық медалдар да алды.
Бала кезден бірге өскен достары оның мектепте оқып жүргеннен тәрбиелі, сабырлы болғанын айтады. Ұзекеңнің осы мінезі қартайғанша өзгерген жоқ. Әрдайым әріптестеріне көмектесіп, кез келген жағдайға сабырмен қарайтын. Ұлтты өсіретін, елді дамытатын ондағы жер байлығы ғана емес, мемлекеттің асыл қазынасы – адам капиталы екені анық. Жапондар ар-намыс, еңбекқорлық пен темірдей тәртіптің арқасында әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылып отыр. Жоғарыда айтылған мінездер біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Ұзақбай Әзілханұлының бойынан табылады. Осындай мінезінің арқасында ол әріптестерінің арасында да, халықтың арасында да абырой мен беделге ие болды.
Оның адалдығы, жұмысқа берілгендігін әріптестері әлгі күнге аузының суы құрып әңгімелейді. Бірде Ұзақбай Әзілханұлы аймақты аралап, ондағы шаруаның жай-күйімен танысу үшін іс-сапармен барады. Өңірдің атқамінерлері орталықтан келген ревизорға жұмыста жіберген кемшілігін көрсетпеу үшін барын салыпты. Бір күні қонақ ретінде күтсе, келесі күні шалғайдағы нысанды бақылауға ертіп әкетеді екен. Сөйтіп бірнеше күн бойы қолын босатып, жұмысты бақылауына мұрша бермеуге талпыныпты. Алайда жергілікті басшылықтың мұндай қулығын Ұзекең сезіп қойған көрінеді. Асты сыйлаған қазақтың ұрпағы ретінде шақырылған жерге барудан бас тартпапты. Бірақ күнде кешкісін қонақүйге келіп, таңғы 4-ке дейін жұмыс істеп жүріпті. Іс-сапардың соңғы күні аймақта жіберілген кемшіліктерді жіпке тізіп бергенде жергілікті басшылық кірерге тесік таппай қалған екен.
АҚШ-тың айбынын асырып, елді даму жолына түсірген Бенджамин Франклин бір қатында былай деген екен: «Біздің жаңа Конституциямыз қабылданды және ол тұрақтылыққа сенім ұялатады. Алайда бұл әлемде екі нәрсе – салық пен өлімнен басқа ештеңе анық емес».
Өкінішке қарай, салық саласында тер төккен айбоз азамат Ұзақбай Әзілханұлы үш жыл бұрын өмірдің келесі бір шындығы ақтық сапарға шықты. 10 қыркүйек – аяулы ұлдың туған күні. Егер Ұзекең тірі болғанда 70 жасқа толатын еді. Осы орайда қазақтың ұлы кемеңгері Абай Құнанбайұлы «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген сөзін өзгертіп, «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына іс қалдырған» деп айтсақ Ұзақбай Әзілханұлының еңбек жолына берілген нағыз баға болатыны анық. Жақсының аты өлмейді. Қаржы саласында өлшеусіз еңбек еткен азамат халықтың мәңгі есінде.
Олжас ОТАР,
Ақын, Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы