Авиация туралы реферат

Авиация (франц. aviation, лат. аvis — құс) – Жер маңайындағы әуе кеңістігінде ауадан ауыр аппараттармен (ұшақ, тікұшақ, т.б.) ұшуды білдіретін ұғым. Осы аппараттардың ұшуын қамтамасыз ететін қызметтер жүйесі де авиация құрамына енеді. Авиация азаматтық авиация және әскери авиация болып екіге бөлінеді. Азаматтық авиацияға көліктік, санитарлық, оқу-спорттық, арнайы мақсатқа арналған , ал әскери авиацияға әуе күштері, теңіздік, армиялық, әуе шабуылынан қорғануға арналған ұшу аппараттары жатады. Адамның аспанға ұшу жөніндегі арманы ерте заманнан басталған. Тасқа салынған қанатты адамдардың суреттері соның дәлелі болып табылады. Дүние жүзіндегі көптеген халықтардың ертегілері мен аңыздарында аспанға ұшу жөніндегі адам арманы айтылады.

1754 жылы орыс ғалымы М.В.Ломоносов серіппе күшімен қозғалысқа келетін тікұшақ моделін жасап, ондай аппараттың ұша алатынын іс-жүзінде дәлелдеді. 19-ғасырдың аяғында моторсыз ұшатын аппараттар – қалқыма ұшақтар жасала бастады. 1891-96 жылдары неміс ғалымы О.Лилиенталь бірқатар қалқыма ұшақ жасап, бірнешеуімен ұшып та көрді. 19-ғасырдағы бу машинасын жасаудыңқарқынды дамуы бу қозғалтқышы бар ұшақ жасау ісіне алып келді. Ресейде теңіз офицері А.Ф.Можайский (1825-1890) өзі әуеде ұшатын оқ деп атаған осындай ұшатын аппаратқа патент алды. Қалқыма ұшақ 1885 жылы жасалды, бірақ ұшу кезінде апатқа ұшырады. 1894 жылы Англияда конструктор Х.Максим бу машиналы алапат ұшақ жасады, ол да ұшар мезетте жерге құлап түсіп қирады. Француз өнертапқышы К.Адер жарқанаттың қанатын көзге елестетін «Авьон» аппаратымен бірнеше ондаған қашықтықты ұшып өтіп барып (1897) құлады. Бұл сәтсіздіктердің бәрі де, негізінен, бу қозғалтқыштардың аса ауырлығы мен ұшу талабына сай келмейтінінен болып жатты. 19-ғасырдың аяғында автомобильдерде кеңінен қолданылған іштен жанатын қозғалтқыштардың жетілдірілуі жеңіл әрі қуатты авиациялық қозғалтқышты жасауға жол ашты. Оны ұшаққа алғаш болып америкалық ағайынды механиктер У. Және О.Райт пайдаланды.

1903 жылы 17 желтоқсанда олардың керосинмен жұмыс істейтін қозғалтқышы бар ұшағы сәтті ұшты. Ағайынды Райттар жасаған ұшақтарын жетілдіре түсіп, 1908 жылы сенімді басқарылатын және 1,5 сағатқа дейін ұша алатын күйге жеткізді. 20-ғасырдыңбасында Еуропада, негізінен, Францияда, А. Сантос-Дюмон, Ф.Фербер және басқалар бірінен соң бірі ұшақ жасауға кірісті. 1909 жылы 25 шілдеде француз конструктор-ұшқышы Л.Блерио өзінің монопландық сұлбада жасаған «Блерио-11» ұшағымен Франциядан Англияға Ла-Манш бұғазы үстімен ұшып өтті. 1909-14 жылдары Я.М.Гаккель, Д.П.Григорович, В.А.Слесаров, И.И.Стеглау жасаған ұшақтар шықты. 1910 жылы Б.Н.Юрьев Ресейдегі алғашқы тікұшақтың жобасын жасады. Дегенмен, бұл кезеңдегі ұшақтардың сапасы аса жақсы болған жоқ. Соның салдарынан көптеген ұшақтар апатқа ұшырап отырды. Ілгері дамыған көптеген елдердің ғалымдары авиация саласында теориялық және тәжірибелік ізденістерге кірісті. АҚШ-та – С.Ленгли мен О.Шанют, Англияда – Дж.Кейли, Францияда – А.Эйфель, Германияда – Л.Прандтль, Ресейде – Н.Е.Жуковский мен С.А.Чаплыгин авиацияның дамуына үлкен үлес қосты. 1914 жылы басталған 1-дүние жүзілік соғыс авиацияның шұғыл өркендеуіне себепкер болды. Ол кезеңдегі белгілі ұшақтардың қатарына Ресейдің«Илья Муромец», Францияның «Фарман», «Вуазен» және «Ньюпор», ағылшынның «Сопвич», немістің «Фоккер» ұшақтарын жатқызуға болады. Олар сағатына 90-120 км жылдамдықпен ұшты. Кейінірек ұшақтардың ұшу жылдамдықтары сағатына 200-220 км, биіктеуі 7 км-ге жетті. 20-ғасырдың 20-30-жылдары Англияда, Францияда, АҚШ-та, Германияда, Ресейде және басқа елдерде әскери және азаматтық ұшақтардың бірнеше жүздеген типтері жасалып, олардың көпшілігі көп сериямен шығарылды. Англияда жасалынған «Супермарин S.6В» ұшағы айрықша болды. Онымен 1927 жылы американ ұшқышы Ч.Линдберг алғаш рет АҚШ-тан Еуропаға Атлант мұхиты үстімен ұшып өтті. Он жылдан кейін 1937 жылы орыс ұшқыштары В.П.Чкалов, Г.Ф.Байдуков және штурман А.В.Беляков АНТ-25 ұшағымен Мәскеу – Солтүстік Полюс – Ванкувер (АҚШ) маршруты бойынша 8504 км аралықты қонбай ұшып өтті.

Бұл ерлікті кейін өзге ұшқыштар да қайталады. 30-жылдардың 2-жартысында КСРО-да, Англияда, Германияда, Италияда, АҚШ-та, Францияда реактивті қозғалтқыштардың шығуымен авиация техникасы сапа жағынан жаңа сатыға көтерілді. Реактивті қозғалтқыштары бар алғашқы шетелдік ұшақтардан: Италияның КК-1 және КК-2 (1940-41), Англияның «Глостер» (1941), АҚШ «Эркомет» (1942) ұшақтарын атауға болады. 50-жылдардың басында алғаш рет Кеңес Одағында дыбыстан жылдам ұшатын (сағатына 1450 км) бір орындық МиГ-19 жойғыш ұшағы, 60-жылдардың екінші жартысында американың F-4 «Фантом» жойғыш-бомбалаушысы, сондай-ақ көп мақсатқа қолданылатын, бірден тік көтеріле ұшы, тік қона алатын, ұшқан кезде қанатының геометриялық параметрлерін қажетке қарай өзгертуге болатын F-111 ерекше ұшақтары жасалды. 60-жылдардың аяғында бірқатар елдерде дыбыстан жылдам ұшатын жолаушы таситын ұшақтар жасалды. 90-жылдардың басында әскери ұшақтардың ұшу жылдамдығы сағатына 3000-3500 км, биіктігі 30000 м, ұшу қашықтығы 15000 км-ден асты, тіпті әуеде жанармай құйып алатын дәрежеге жетті. Бірқатар елдерде орбиталық және әуе-ғарыштық ұшақтар жасау жұмыстары жүргізілді және әжептәуір табыстарға қол жетті. Авиация мен ракеталық техникалардың дамуы ғарыштық кемелердің және қуатты көпсатылы тасығыш ракеталарды шығаруға негіз қалады. Қазақстандағы авиацияның дамуы 1926 жылдан басталады. Осы жылы Қызылорда аэропортының құмдауыт алаңынан алғаш рет аспанға ПО-2 ұшағы көтерілді. 1929 жылы Қызылорда – Мәскеу әуе жолы орнықты. Алматы –Мәскеу тұрақты әуе қатынасы 1940 жылы ПС-84 ұшағы арқылы жалғасты. 1970 жылы әуе жолының ұзындығы 75 мың км-ге жуықтады. Әуе жолы ол кезде Қазақстан астанасы Алматыны одақтас республикалар астаналары және ірі өнеркәсіпті қалалармен байланыстырды. 1977 жылдан дыбыстан жылдам ұшатын ТУ-144жолаушы алып ұшағы 1-рет КСРО-да Алматы мен Мәскеуді жалғастырды.

Республикамыздың аудан, облыс орталықтары мен әуе жолы байланысы орнады. Республика әуе жолдарының ұзындығы 1975 жылы 80,0 мың км болды. Бұл сол кездегі жалпы одақтың әуе жолдары ұзындығының 11%-і еді. Онан кейінгі жылдары ұшақ паркі сапа жағынан жаңартылып, сан жағынан өсе түсті. Республиканың әуе жодарында Ан-24, Ил-76, Ил-62, Ту-134, Ту-154, Як-40, Як-42 ұшқыр ұшақтары жолаушыларға қызмет етіп келеді. Соңғы кездегі жаңа техникалардың қолданылуына байланысты аэропорттар жүйесі едәуір ұлғайды. Қазақстанның магистральдық және жергілікті әуе жолдарында аэропорт пен аэровокзал саны көбейді. Ұшақтарды қондыру және қозғалысын басқарудың радио-радиолокациялық және жарыққа негізделген техникалық құралдарын қайта құру және жаңарту жөнінде көп жұмыстар жасалды.

Агенттіктер мен аэрофлот кассаларының жүйесі ұлғайды, көпшілікке қызмет көрсетудің автоматтандырылған жүйесі – «Сирена» ойдағыдай қызмет атқарады. Ил-76, Ил-86, Ту-134, Ту-154, «Боинг-737» және «Боинг-747» ұшақтары 90-жылдардан бастап Қазақстан Республикасы қалаларын Будапешт, Пекин, Сеул, Стамбул, Тегеран, Тель-Авив, Мәскеу, т.б. көптеген қалалармен байланыстырды. Астанадан тәулігіне 15, Алматыдан 200-ден аса әуе кемелері ұшады.