а) Абайдың М.Ю.Лермонтов өлеңдерін аудару шеберлігі
б) Лермонтов өлеңдерінен Абай тәржімалаған аудармалары
3) Қорытынды
Кіріспе
Лермонтов Михаил Юрьевич (1814- 1841) — орыстың ұлы ақыны. Оның лирикалық поэзияны дамытудағы еңбегі қандай зор болса, көркем прозаны дамытудағы еңбегі соншалық зор. Ол дастанның қандай тамаша үлгілерін туғызған десек, драмалық шығармалары жайында да осыны айта аламыз. Бұдан Лермонтов талантының өзгеше қыры айқын танылады. Және сол дәуірдегі орыс әдебиетінің ерекшелігі аңғарылады; Лермонтов өлеңді жас кезінде Москва университетінің пансионында оқып жургенде жаза бастаған болатын. Осы кезде және университетте оқыған уақытында Лермонтов 300-дей өлең, 16 поэма, 3 драмалық шығарма жазған. Петербургте, одан кейін Кавказда жүргенде жазған шығармалары өз алдына. Жазғандары сонша көп болса да, ақын 1840 жылы басылып шыққан өлеңдер жинағына бар болғаны 26 өлеңін кіргізді. Лермонтов өз заманындағы әлеуметтік өмірдің түбегейлі, өзекті мәселелерін қозғап, шығармаларын халық мүддесімен, арман-тілегімен терең қабыстырды.
Лермонтов – Пушкиннен кейінгі дәуірдің енді революцияшыл-демократиялық күштер ояна бастаған дәуірдің, өткеннен үміт үзіп, алдан жаңалық іздеген дәуірдің жыршысы, жаршысы.Лермонтовтың поэзия әлеміндегі алғашқы барлау есепті, 16-17 жасында жазған өлеңдеріне көз салсақ, солардың өзі-ақ алдымызға ақын поэзиясының өзегі – аласұрып алып-ұшқан ой-қиял, өмірді өлең талдау, зерлеу, іздену, сыншылдық, әрекет-күреске құмарлық екенін жайып салғандай. Ерте есейген жас Лермонтовтың өлеңдерін оқыған адам тұтқиялдан ой-қиялдың соншалықты сарқылмас қызық дүниесіне кіргендей болады. Ұшқыр қиял – Лермонтов поэзиясының рухы, жаны секілді.
Абай Лермонтовты тек оқып, өлеңдерін аударумен ғана шектелген жоқ. Абайдың Лермонтов поэзиясына деген ықыласы ерекше еді. Ол орыс ақынын жанындай жақын көрді, сырлас, мұңдасын тапқандай болды. Орыс поэзиясына бейімделе ден қойғанАбайдың ең көп үндестік тапқан ақыны, өзіне туыстас сезінген адамы Лермонтов еді. Абай ұлы ақынның , тіпті сол кездегі орыс қауымының тілек- талабын, мұңын ұға алды. Ол мұңын ұққан халықтың жырын да ұқты. Лермонтовтың ыза- кегі, наразылығы орыс халқының, езілген қауымның кегін, наразылығын танытатын, оның қайғы- мұңы, қалуынан ел мұңы, халық мұңы көрінетінін сезінді. “ Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен “, “ мыңмен жалғыз алысқан “ ақын өзі де ашу- кекті, ызаны “ жалын мен оттан жаралған”жырларына нәр еткендей еді. Лермонтов ол “ерекше ызаның ақыны махаббаты ашумен уланған ақын” деп, өте-мөте іш тартып, жақын көрді.
Абайдың Лермонтовтан дәлме- дәл, өте жақын аударған өлеңдеріненорыс ақынының ой-пікірлері оған да бөтен еместігі айқын сезіледі. Абай аударып қазақ арасына кең таратқан Лермонтов шығармалары қатарында “ Ой “, “Қанжар “, “ Жартас “, “ Жалау “ , “ Теректің сыйы “, “ Күнді уақыт итеріп “ , “ Өзіңе сенбе жас ойшыл “, “ Асау той, тентек жиын опыр- топыр, “, “ Тұтқындағы батыр “ сияқты бірнеше өлең бар. Абай “ Бородиноны “ да аударған. Абай орыс ақынның өлең- жырларын ғана аударып қойған жоқ, сонымен бірге дастандарын, прозалық шығармаларын аударуға да баса көңіл бөлді.[1.5б.]
Лермонтов шығармаларын игеру нәтижесінде Абай поэзиясының тынысы кеңейіп, жаңа дәстүр тауып, молықты.
М. Ю. Лермонтов творчествосы — қазақ мәдениетінің де қымбат мұрасы болып табылады. Оның ұстаз ретінде Абай творчествосына тигізген үздік үлкен әсерін еске алсақ, Лермонтовтың Абай арқылы тіпті қазақтың жазба әдебиетінің іргесін салуға да елеулі еңбегі сіңгенін айтуға болады. Бұдан 60- 70 жылдар бұрын Лермонтовтың Абай аударған жиырма шақты өлеңі Абайдың төл шығармалары қатарында ел аузына ілініп, халықтың рухани азығы болғанын өз алдына қойғанда, Лермонтовтың игі ықпалының жемісін Абайдың өз творчествосынан да көп ұшыратамыз.
Негізгі бөлім
а) Абайдың М.Ю.Лермонтов өлеңдерін аудару шеберлігі
Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ең бірінші аудармасы – орыстың ақыны М. Ю. Лермонтовтың “ Бородино “ атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ең соңғысы – Лермонтовтың “Вадим “ атты ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын алып, қысқартып жазған поэма.
Абай 70- 80 жылдардан бастап орыс мәдениетіне түгелдей бет бұрды, ол кездегі орыстың алдыңғы қатардағы идеясымен жақсы танысып, Сарыарқадан оларға үн қосушы біріншіақын да – Абай. Орыстың ұлы ақындарының жалпы адамгершілікке үндеген әр түрлі мысалдары мен үлгілі өлеңдері, өз елініңбасшысы, ұстазы боламын деген кемеңгер ақынға осы жағынан да дәл келеді. Бұл – бір. Екінші, Пушкин, Лермонтовтың шын мәніндегі өнер иелері екендігін Абай жақсы ұғынды. Абайдың аудармаларының характеріне жалпы шолу жасасақ, ол жоғарғы ақындардың кез келген өлеңдерін аудара бермеген. Таңдап, талғап аударған. Абайдың аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына байланысты жаман мінез-құлықты шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен идеяны көксеген өлеңдер, не терең ой – философия, не үздік көркем өлеңдер болып келеді. Абайдың Пушкин, Лермонтов, Крылов тәрізді орыстың ұлы классиктерін аударуы кездейсоқ емес, заңды, жоғарғы айтылған екі түрлі күрделі себептерге негізделген деуге болады.
Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Өйткені, ең алдымен, қазақ жұртшылығы Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин тәрізді дүниежүзілік әдебиетінің ірі тұлғаларымен бірінші рет Абай арқылы танысты.[2.97б.] Екінші, өзінің зор талант, асқан шеберлігінің арқасында, ұлы ақындардың ұлы еңбектеріндегі үлкен идея, сұқтанар сұлулықты қазақ оқушыларының ой-сезіміне жеткізе аудара біліп, оларға жалпы қазақ халқының жүрегінен жылы орын алып берді. Оларды қазаққа өз ақындарындай сүйгізді. Абайдан бергі, әдебиетті сүйетін қазақтардан, хат білсін, білмесін “ Татьянаның хаты “, “ Қанжар “, “Жалғыз жалау жалтылдап…” өлеңдерін білмейтін қазақ аз шығар. Сөйтіп, Абайдың аудармалары алдағы халықтың мәдениеті, үлкен идея ұлы ақындар мен қазақ халқының жұртшылығы аралығындағы дәнекер болды. Абай оларды тек қана досы көріп қойған жоқ, әрі өзінің ұстазы тұтты…
Абай аудармаларын негізінде екі түрлі деуге болады. Біріншісі – дәл аударма, екіншісі – ерікті аударма. Дәл аудармалары шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара және екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлең буындарына дәл келе бермейді. Өйткені орыс өлеңі – тониктік не силлабо-тониктік өлең құрылысына жатады да, қазақтікі – силлаболық өлең құрылысына жатады. Сондықтан Абай аударған өлеңдерінің буынын қазазқша дәл беруге мүмкін болмаса да, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Кейде ұқсастарын, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл шығарады:
Қазақшасы:
“ Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап,
Даланы жым-жырт дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.
Шаңдай алмас жол-дағы,
Сыбдырламас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы…
Сабыр қылсаң азырақ…”
Орысшасы:
“ Горные вершины
Спят во тьме ночной,
Тихие долины
Полны свежей мглой.
Не пылит дорога,
Не дрожат листы;
Подожди немного –
Отдохнешь и ты…”[3.11стр.]
Осы өлеңнің, әсіресе, соңғы төрт жолын алсақ, орысшасына дәлме-дәл. Әрине, алдыңғы жолдарын да дәл емес деуге болмайды. Бір тілден екінші тілге аударғанда сөз орнын ауыстыру, бір сөздің орнына басқа синонимдер алу – аударманың жалпы заңы. Оның бұдан басқа да бірнеше аудармалары: “ Жалғыз жалау жалтылдап…”, “ Қонады бір күн жас бұлт…” т.б. жоғарғы келтірген мысалдар тәрізді дәлме-дәл аудармалар. Абайдың дәл аудармаларының және бір түрі деп: “ Оннегиннің сипаты “, “Қанжар”, “ Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз… “, “Теректің сыйы “, “ Дұға “, “ Өзіңе сенбе, жас ойшыл…”, “ Еврей күйі “ атты өлеңдерін айтуға болады. Мұнда өлеңнің буын ұйқасы сақталмайды. Орыс тіліндегі өлеңнің буын ұйқасы сақталмайды. Орыс тіліндегі өлеңнің буындарының аз көбіне қарамай, бәрін де қазақтың 11 буынды, қара өлең ұйқастарымен аударады. Лермонтовтан аударғандарының түпнұсқалары шалыс ұйқас, Абай көпшілігінде қара өлең ұйқастарымен аударады. “ Қанжар”, “ Дұға”, “ Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз…”, “ Теректің сыйы “, “ Өзіңе сенбе, жас ойшыл…”, “ Еврей күйі” – бәрі де буын сандарын сақтамағанымен, мазмұнын, образдарын бұлжытпай дәл беру әдісімен аударылған. Кейбіреулерінде шумақ, не бірнеше жолдарын Абай аудармай кететіні рас. Бірақ ол — өз алдына мәселе. Меніңбұл жердегі айтпағым – ақынның неге аудармағаны емес, аударған жерлерін, өлеңдерін қалай аударғаны.
Екінші түрі – ерікті аударма. Бұған жататындар: “ Онегиннің Татьянаға жазған хаттары “, қара сөзбен өлең еткен “ Вадим “ поэмасы. Бұлардың негізі ғана орысша. Абай олардың жалпы мазмұнын өз сөзі, өз ұғынуынша әдемілеп айтып береді. Солардың үлгісін ғана алып, өзінше жазады.
Бірақ, жалпы сарыны, ізі сақталынады. Кейде өз жанынан сурет, баяндаулар қосып, кейбір жерлерін мүлде тастап кетеді.
Абай аудармаларын өзара екіге бөліп қарастырғанда бірінші түрі қазақ әдебиет тарихында ең үлгілі, ең сапалы аудармалар болып саналады. Өйткені, Абай – бір тілден екінші тілге аударылғанда сақталынуға керекті шарттардың негізін дұрыс ұсынған ақын. Сондықтан да ол өлеңінің мазмұны, түріне қарап әр түрлі әдіс қолданады. Орыс тілдегі өлеңдердің дәлме-дәл аударуға келетіндері болса, қазақ өлең құрылысынан оған дәл не жақын келетін түрлерді іздеп, “бұлжытпай” дәл беруге тырысады. Олай болмаса, мазмұнымен қолданған образдарын дәл етіп береді. Бұл – аудару жұмысының жалпы заңы. Бір тілден екінші тілге аударғанда қолданылатын ежелгі әдістің бірі. Сонымен қатар, Абай аудармаларының бір үздік ерекшелігі – қандай аудармашы болмасын, өз тіліндегі көркемдік, құндылығын, құлаққа қонымды, көңілге жағымдылығын, қазақшаға аударғанда сол өзінің түпнұсқасындағы дәрежеде сақтай алуы, әрі оны қазақша етіп шығара білуі. Бұл аудармашыларда өте сирек кездесетін қасиет…
Абай аудармаларының бұл тәрізді үздік болуының, меніңше, үш түрлі себебі бар: 1) өзінің үлкен таланттығы; 2) орыс тіліндегі өлеңдерде қолданылатын сөздердің тек жай мәнін ғана емес, әдемілік қасиеттерін терең ұғынуы; 3) қазақтың өз тіліне ақынның мейлінше байлығы.
Лермонтов – ұлы талант. Ол тәрізді ақынның өлеңдерін аударушы да талантты ақын болуы керек. Кез келген ақынның оны ойдағыдай етіп аудару қолдарынан келе бермейді. Абайдан кейінгі қазақ ақындарының не оның алдындағы Алтынсариндердің аударғандары Абай аудармасынан әлдеқайда олқы жатуы – орыс тілін Абайдан аз білетіндігінде емес, ақындық дарындардың жетпейтіндігінде. Әрине, орыс тілін жақсы блмесе, жеке талант та өз бетімен аударма жөнінде ештеңеге арзымайды. Және тілді білу бар да, оның әдемілік қасиетін ұғыну бар. Екеуі бір-бірімен байланысты. Бірақ, бір емес. Тіл білген адамның бәрі бірдей әрбір сөз, әрбір образдың әдемілік қасиетін түсіне бермейді.Тілдегі сөз образдарының ой тербетіп, жан сүйсіндіретін әсерін сезіну тіл білген адамның бәрінің қолынан келе бермейді. Ол үшін аударушы ақынның өзінде сол тілді жай жақсы білу, түсінумен қатар, әдемілік қасиет, күшін ұғып, түсіне білерлік ақындық жан, үлкен талант болуы керек.
“ Лилейная рука тебя мне поднесла,
В знак памяти, в минуту расставанья,
И в первый раз не кровь вдоль по тебе текла,
Но светлая слеза – жемчужина страданья.
И черные глаза, остановясь на мне,
Исполнены таинственной печали,
Как сталь твоя при трепетном огне,
То вдруг тускнели, то сверкали…”
“ Еркелі нәзік қолымен маған тиді,
Ұмытпа деп айрылған жерде берді,
Қан сорғалар жүзіне, жас сорғалар,
Қайғымен өртенгеннің белгісі еді.
Қара көз қарап маған көп қадалған,
Құпия қайғы өртеніп бойын алған,
Болатша дірілдеген жалын көрген,
Бір күңгірт тартып және оттай жанған…”
Осы екі үзіндіні салыстырсақ та, Абайдың орыс тіліндегі образды сөздердің әдемілік, көркемдік қасиет, күшті сезімге өз тілінде қандай әсер етеді, оған теңдес қазақша сөз қолданса, қазақтың өз ұғымынша қандай сөздер әсерлі болатындығын терең ұғынғандығын, орыс тіліндегі қолданылған сөз образдары мен қазақ тіліндегі қолданылған сөз образдарының жай ғана мәнін емес, әдемілік күшін, әсерін ұға, түсіне білушілерге дәлелдеп жатудың қажеті аз. Міне, осы жерден келіп, орыс өлеңдерін аударуға қазақ тілі байлығының
үлкен орын алуы, яғни жоғарғы айтылған үшінші себебі келіп шығады. Егер түпнұсқаны үздік образдарды түсіне тұрса да, оған лайықты және қазақ оқығанда да ой тербетіп, жан үзгендей сөз таба алмай қожыратса, бұлай болып шықпас еді. “ Лилейная рука “ дегенді “апақай”, “аппақ”, “талдырмаш”, “жіңішке” деп аударса да мағынасын берер еді. Бірақ, ол толып жатқан синонимдерден “нәзік қол” дегенді таңдайды және өте дұрыс орынды таңдаған.
Лермонтов:
“ Как сталь твоя при трепетном огне,
То вдруг тускнели, то сверкали…” –
Десе, Абай да сол орыс тіліндегі күрделі теңеуді бұлжытпай күш, қасиетін өз қалпында сақтап:
“ Болатша дірілдеген жалын көрген,
Бір күңгірт тартып және оттай жанған…” –
деп аударады. Бұл күрделі теңеу орыс тілінде қандай үздік, әдемі, қандай жан тербететін күшті, әсерлі десек, қазақшасы туралы да соны айта аламыз. Сөйтіп, Абайдың шебер аудармашылығының негізінде ұлы талант орыс тілінің әдемілік күш, қасиетін терең ұғу, қазақтың өз тіліне байлық, оны таңдап, талғап ала білуде жатқандығын көреміз. Абайдың жалпы аудармаларымен байланысты тоқталуды керек ететін және бір мәселе: орыс әдебиетін терең білу және қазақшаға аудару Абайдың өзіне не береді, қазақ әдебиетін дамытуда аудармалардың қандай мәні болады? Деген сұрақтарға жауап бере кетуді керек етеді… Өлеңде бір сөз, екі сөзден құрылған және сөйлеушілердің мінез-құлқына тән, олардың бейнесін айқындауда үлкен мәні бар, әрі қысқа, әрі шебер құрылған диалогтардың көрнекті үлгілері қазақ әдебиетінде Абайдан басталады және бұл үлгіні де Абай орыс әдебиетінен алған. Өйткені, олардың көпшілігі аудармаларында кездеседі…
Диалогке өте шебер Лермонтовтың өлеңдерін аудару сол үлгіні қазақ әдебиетіне енгізуге негізгі себеп болды.Өлеңде өз сөзінің арасына, қатысушылардың мінез-құлықтарын айқындайтын, соларға тән өзінің бірде-екілі қысқа-қысқа сөзін кіргізіп отыру әдісі де, не қаһармандардың өз аузынан шыққан сөз арқылы олардың образын жасау әдісі де сол орыс әдебиетіндегі диалог, төл сөздерді қысқа, шебер түрде қолдана білумен байланысты тәрізді. Бірінші, бұл үлгі абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінде болған емес, екінші, Абайдың бұндай өлеңдері оның аудармалық еңбектерінен кейін жазылған.
“Бай алады кезінде көп берем“ деп,
“Жетпей тұрған жерінде тек берем“ деп,
Би мен болыс алады күшін сатып:
“Мен қазақтан кегінді әперем“ деп.
Дос алады, “Бермесең, бұлт берем” деп.
“Жауыңа қосылуға, сырт берем” деп.
Бұзылған соң, мен оңай табылмаспын,
“Не қылып оңайлықпен ырық берем” деп…
Мұнда автор өз сөзінің араларына оқиғаны қатыстырып суреттеп отырған адамдардың төл сөздерден кіргізге отырса, екіншісінде ұзақ монолог ретінде болыстың өз сөзі арқылы оның мінез-құлқын көзге елестетеді.
Абайдың орыс классиктерін алған өте бір құнды әдісі – сөз арқылы қаһармандарының мінез-құлық, ішкі сыр-сипатын ашу. Бұл – психологиялық суреттеуде ерекше әдіс. Психологиялық суреттеуде ішкі әр түрлі сезім өзіне тән, басқалардан ерекшеліктерін сутеттейді. Біреу күйгелек, біреу жеңілтек, біреу салмақты, біреу ақкөңіл, біреу сұңғыла — әр адамның өзіне тән табиғи мінездері болады. Әрине, бір адамда бір мінез ғана болуы шарт емес. Бірнеше мінездердің басы қосылып, өте қиыннан қиысқан мінездердің болуы мүмкін.
Бірақ, мінездеу жөніндегі Абайдың өлеңдері тек орыс әдебиетіндегі жақсы үлгілерді аударуында ғана емес, өз бойына сіңіріп, өз шығармаларында да үздік өнеге қалдыруында.
б) Лермонтов өлеңдерінен Абай тәржімалаған аудармалары
“Альбомға” – М. Ю. Лермонтовтың “В альбом” өлеңінің 1896 жылы Абай тәржімалаған аудармасы. Бұл өлеңінде Абай поэзиялық шығарма кімнің қажетіне жарайды деген мәселені қозғайды. Өлең түпнұсқада да, аудармада да 16 жол. Абай 1890 жылы Бірінші сөзінде: “Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ” , — деп жазған еді.[2.558б.] Осы пікірін Абай өлең жайында да айтқан. Әрі бұл ойы Лермонтовтың өзіне үндес шығармасын аудару арқылы жалғасын тапты. Абай Лермонтов өлеңінің мағынасын өзгертпей өте дәл аударған. Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Алғашқы рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңдері” атты жинақта жарияланды. Туынды басылымдарында аздаған тексталогиялық өзгерістер кездеседі. 1945, 1954, 1957 жылғы басылымдарда 1-ші шумақтың 3-ші жолы “Көкірегім, бар сырым өз әлінше” деп берілсе, 1977 жылғы басылымда 1909 жылғы жинақ бойынша бұл жол “Көкірегім, бар сырын өз әлінше” болып алынған. 1909, 1645 жылғы жинақтарда 2-ші шумақтың 3-ші жолы “Өзі қисық, өзі асау, тентек өмір” деп басылған. Лермонтов түпнұсқасының бұл жері “От жизни краткой, но мятежной…” делінген. Шығарманы түгел дәлме-дәл аударған Абай бұл жолды: “Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір” , — деп аударғаны күмәнсіз. Бұл жерде араб әрпімен жазылғанда бір-біріне өте жақын болғандықтан, “қысқа” деген сөз “қисық” делініп қате оқылған. Сондықтан 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жол “Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір” ретінде қабылданған.
“Бородино“, “ Айтшы аға, нағып жеңілдік…” – М.Ю.Лермонтовтың “Бородино” атты шығармасының 1882 жылғы Абай жасаған аудармасы. Көлемі 20 жол. Абай нұсқасы – орыс ақыны шығармасының әр жерінен аударылған, ұзын-қысқалы төрт бөлек үзінді. Осыған қарағанда аударма толық түгел сақталмаған сияқты. Лермонтов “Бородиноны” 1837 жылы 1812 жылғы Отан соғысының шешуші кезеңі саналатын Бородино шайқасының 25 жылдығына орйлас жазылған. Бұл өлең – орыстың реалистік поэзиясының үздік үлгілерінің бірі. Шығарманың үлкен бір өзгешелігі – онда уақиға бастан-аяқ сол соғысқа қатынасқан жауынгердің, яғни, нағыз халықтың өкілі, қарапайым адамның айтуымен баяндалады, соның мінезі, ойлау, сөйлеу ерекшелігі асқан суреткерлік шеберлікпен көрсетіледі. Отан соғысында халықтың жанқиярлық ерлігін мадақтаумен бірге, өлеңде Лермонтов өз заманындағы қауымның кейінгі буынның енжарлығын, батылсыздығын сынау да бар. Л. Н. Толстой “Бородино” өлеңін өзінің “Соғыс және бейбітшілік” роман-эпопеясының ұрығы іспетті деп ас жоғары бағалаған.[7.18стр.] Абай “Бородиноны” 1882 жылы аударған болса, бұл Бородино тібіндегі жеңістің 70 жылдығына сәйкес келеді. Қалайда осы өлеңді аударуынан Абайдың орыс халқының тарихына, 1812 жылы Отан соғысы секілді ірі уақиғаға айрықша назар салып, зор мән бергені айқын аңғарылады. Абай өлеңінің сақталған аз ғана жолдарынан-ақ шығарманың мазмұнын мейлінше толық және дәл жеткізуге ұмтылғаны көрінеді. Лермонтов өлеңі:
“Скажи-ка, дядя, ведь не даром
Москва, спаленная пожаром,
Французу отдана?
Ведь были схватки боевые?
Да, говорят, еще какие!
Недаром помнит вся Россия
Про день Бородина!” –
деп басталса, қазақша тексте осыған жақын келеді:
“Айтшы, аға, нағып жеңілдік,
Мәскеуде емес тегіндік,
Болған білем соқтығыс,
Емес білем аз жұмыс.
Ұмытпайды еш орыс,
Бородинде көргенді…”
Сәл кейінірек келетін мына жолдарды алсақ:
“Ворчали старики:
“Что ж мы? На зимние кватриры?
Не смеют, что ли, командиры
Чужие изорвать мундиры
О русские штыки?” –
бұлардың да мағынасы қазақша нұсқада әбден сәйкес берілген дей аламыз:
“Ашулы солдат қыстықты:
“Қойса екен бізді тыюын,
Айтса екен бізге қиынын,
Жыртпасақ жаудың киімін,
Біз не етміз, штыкті…”
Ал бұлардан басқа да жеке үзік-үзік болып сақталған жолдарды алып:
“…Қол салмаққа кәртечке,
Ол күн болады күн кешке
Қас қарайып, болды түн”, —
түпнұсқада:
“Мы ждали третий день…
“Пора добраться до картечи!”
И вот на поле грозной сечи
Ночная пала тень”, —
немесе:
“Штык, қылыш қайрасып,
Ширатып мұртын шайнасып…” –
түпнұсқада:
“Кто штык точил, ворча сердито,
Кусая длинный ус”.
Қазақшасын орысша нұсқамен салыстырып көрсек Абай нақтылы жайларды, жауынгерлердің қимыл-әрекеттеріне тән ерекшеліктерді, көркемдік детальдарды қалт жібермей, толық көрсетуге ұмтылғаны анық байқалады. Туынды 7-8 буынды. Аралас ұйқаспен жазылған. Алғашқы рет ақынның 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланған. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1939, 1945 жылғы басылымдарда “Он күн болды кешке”, — деп басылып келді. Бордино шайқасының үш-ақ күн болғаны (25, 26, 27 тамыз) ескерсек, мұнда ол деген сөз “он” болып қате оқылғаны айқын болады. Сондықтан соңғы жинақтарда “Ол күн болды күн кешке” деп түзетілген қалпында басылып жүр.
Бұл өлеңде көңіл аударарлық бір жай – Лермонтов осы өлеңін 1837 жылы 1812 жылғы Отан соғысының 25 жылдық мерексі тұсында жазса, Абай оны 1882 жылы, яғни Россия осы ұлы шайқастың 70 жылдығын атап өтер кезінде аударды. Осыдан-ақ бұл өлеңге Абайдың кездейсоқ көңіл бұрмағаны, сол зор оқиғаның тарихи мәнін терең түсініп, жете тексеріп біліп барып үн қосқаны айқын болды.[2.454б.]
“Дұға”, Өмірде ойға түсіп кем-кетігінің…” – бойынша берілді. М.Ю. Лермонтовтың “Молитва” атты өлеңінің 1897 жылы Абай туындатқан аудармасы. Шығарма орыс ақынында да, қазақ ақынында да 12 жол. Лермонтов “Молитва” атты өлеңінде адамның көңлі сергектеніп, жадыраған сәтті шебер бейнелеген. Және осындай сәтті адамның мұңайып, қиналған шағына қарама-қарсы қойып, содан құтылған, көңілден сенімсіздік кетіп, жеңілденген, жаны жай тапқан кездегі сезімін келісті шендестіру тәсілімен көрсеткен. Сонымен қатар дұға оқығандағы сөздің орасан зор қуат-күші, оның әсем әуезділігі адам жанына жағымды әсер ететіні де өлеңде айрықша аталады. Абай өлеңді орысшадан шебер тәржімалай отырып, бірден “осы өлең – оқитұғын дұғам менің” деп тура айтатыны назар аударарлық. Лермонтов бір дұғаны жатқа қайталап айта беремін, соның сөзінде зор қуат бар дейді. Лермонтов көңілден “сенімсіздік” арылады десе, Абай “кек кемігендей”, “жүректің басынан у төгілгендей” болады дейді.
Абай осы өлеңінде өз көңлінің күйін айқын елестете білген. Оның бұл өлеңді “Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ” деп , екінші рет тағы тәржімалағаны тегін болмаса керек. Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасы өрнегімен кестеленген. Алғашқы рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Құнанбайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланған. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945 жылғы басылымды 3-шумақ:
“Жаныңның ауыр жүгі жеңілгендей
Көңілден көрінген кек кемігендей.
Болады жылауға да, күлуге де
Жүректің басынан у төгілгендей…” –
Делінсе, кейінгі басылымдарда бұл шумақ Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы жинақ негізінде:
“Жаныңның ауыр жүгі жеңілгендей
Көңілден кернеген кек кемігендей.
Болады жылауға да, сенуге де
Жүректің басынан у төгілгендей”
болып түзетілген.
“Жалау“ – М. Ю. Лермонтовтың “Парус” атты өлеңінің 1899 жылы Абай еркін тәржімалаған аудармасы. Шығарма көлемі орыс ақынында да 12 жол, қазақ ақынында да 12 жол. Шарқұрып іздену, алдан үміт күту – Абайдың бірталай шығармаларының басты сарыны. Сондықтан Лермонтовтың “Парус” атты алғыр ой, ұшқыр қиялға суарылған өлеңіне назар аударуы әбден түсінікті. Лермонтовтың осы бір ықшамды ғана лирикалық шығармасында қыл қалам шеберінің қолынан шыққандай әдемі табиғат суреті мен сыршыл ақынның көңіл тебіренісі әсерлі ұштасқан. Өлеңнің композициялық құрылымына көз салсақ, 3 шумақта да алдымен шетсіз, шексіз дарияны, толқын ұрған желқайықты және теңіздің үстіндегі алас ұрып, арман қуған қайықшыны айқын елестететін нақтылы суреттеме бірнеше сөзбен ғана беріледі де, оған желқайықтағы адамның көңіл күйін білдіретін авторлық лирикалық толғама сөздер қосылып отырады. Ең басындағы Лермонтовта:
Белеет парус одинокий
В тумане моря голубом, —
Что ищет он в стране далекой?
Что кинул он в краю родном? –
деп келетін шумақты Абай:
Жалғыз жалау жалтылдап,
Тұманды теңіз өрінде,
Жат жерде жүр не тыңдап?
Несі бар туған жерінде? –
деп тәржімалайды. Мұнда желкен, желқайық деген сөздер жоқ.Бірақ “жалғыз жалау жалтылдап” дегеннен-ақ теңіз өрінде алыстан ағараңдап көрінген желқайық екні әбден түсінікті. Соңғы екі тармақтағы жат жерде “не тыңдап” жүр, туған жерінде “несі бар” деген қазақша келісті айтылған сөздер (орысша “что ищет?”, “что кинул он”) желқайықтағы адамның бейнесін көзге елестетуге мүмкіндік береді. 2-ші шумақтағы суреттеме:
“Ойнақтап толқын, жел гулеп,
Майысар діңгек сықырлап…”
орысша нұсқадағы:
“Играют волны, ветер свищет,
И мачта гнется и скрипит,” –
деген сөздерді бар бояуымен, айнытпай жеткізеді. Бұл да нақтылы табиғат көрінісі, көзбен көріп, қолмен ұстайтындай анық, әсерлі сурет!
Осыған жалғаса келетін:
“Ол жүрген жоқ бақ іздеп,
Қашпайды бақтан бойды ұрлап, —
деген жолдар тағы да желқайықтағы адамның бейнесін көзге елестетіп, оның көңіл күйін, арман-мақсатын айқындай түседі. Осы сөздерде өлеңнің бас кезіндегі жат жерде “не тыңдап” жүр? “Несі бар туған жерінде?” деген сауалдарға енді оралғандай. Бірақ толық жауп әлі жоқ. Өйткені бақ іздемесе, олжа қумаса, сонда не іздеп жүр деген сауал тағы көңілге келіп, әзірше жауапсыз қалады.
Соңғы шумақтағы суреттемеде теңіз суымен шағылысқан, аспаннан құйылып, жарқыраған күн сәулесінің нұрына желқайық та, қайықтағы адам да балқығандай көрінеді де, осы бірғажап сәттегі жаңағы сауалға жауап айтылады: оның тыным таппай іздейтіні құдайдан күні-түні сұрайтыны дауыл екен!
Сөйтіп, бұл өлең нақтылы табиғат суреті, адам өмірінің, іс-әрекетінің айқын бір көрінісі – нағыз ізденгіш, алға ұмтылғыш адамның бейнесін танытатын үлкен әлеуметтік мәні бар көркем символға айналады.
Өлең 8 буынды. Шалыс ұйқаспен жазылған. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланған. Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.
Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909 жылғы басылымда 1- ші шумақтың 2-ші жолы “Тұманда теңіз өрінде” , 2-ші шумақтың 1-ші жолы “Ойнақтап, толқып, жел гулеп” делінсе, 1945, 1954, 1977 жылғы басылымдарда бұл жолдар “Тұманды теңіз өрінде”, “Ойнақтап толқын жел гулеп” деп берілген. Осы жерде айта келетін бір жәйт – Мүрсейіт қолжазбасында “толқын” сөзінің соңғы әрпі дұрыс оқылмағандықтан, “толқып” болып қате басылғаны күмәнсіз. Орыс ақынында “Играют волны, ветер свищет” деп оқылады.
“Жартас“ – Абайдың 1899 жылы М. Ю. Лермонтовтың “Утес” атты өлеңінен аударған туындысы. Өлең түпнұсқаға сәйкес әрқайсысы 4 тармақты 2 шумақтан тұрады. Бірақ мағына жағынан дәлме-дәл емес. Өлең 6-7 буынды шалыс ұйқаспен жазылған. Алғашқы рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланған. Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Өлеңнің 2-ші шумақтағы 3-4-ші жолдары Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909, 1945 жылғы жинақтарда:
“Бәрі осы-ау деп қыз деген
Томсарып тұрып жылапты,” –
делінген. Бұл жердегі “қыз” деген сөздің орысша түпнұсқаға қарағанда ешбір қисыны жоқ. Онда Лермонтов “Не остался след в морщине” дейді. Сондықтан кейінгі жинақтарда (1954, 1957, 1977) жоғарғы 2 жол:
“Бәрі осы-ау деп құз деген,
Томсарып тұрып жылапты”, —
деп басылып келе жатқаны қисынға келеді. Желге ілесіп еркін ойнақтап көшіп жүретін бұлт емес, тұрған жерінен қозғала алмайтын мелшиген тас құз болған соң, көрген күнім осы да деп, қайғырып жылапты деу әлдеқайда ұтымды. Ал жартасты Лермонтов кәрі шалға, жас бұлтты қызға балап айтып отыр деп, қыз деген сөзді әкеліп тықпалау әдемі ишарат түрінде елес беретін символдық мағынаны бадырайтып, тұрпайылап айта салған болар еді. Оқырманның өзі ойша елестетіп, ішпен білерлік нәзік символ көркем тұспалмен берілгенде ғана әсерлі болатынын Абайдың ескермеуі, әрине, мүмкін емес. Сондай-ақ 1909, 1945 жылғы басылымдарда 1-ші шумақтың 3-ші жолы “Жөнелді ертең, қалды үміт” болып берілсе, кейінгі басылымдарда “Жөнелді ертең, қалды ұмыт” ретінде алынған. Ақынның бұл өлеңіне композитор Ғ.Жұбанова романс жазған.
“Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз…” – М. Ю. Лермонтовтың “Выхожу на дорогу” атты өлеңінің 1898 жылы Абай аударған нұсқасы. Шығарма орыс ақынында да, қазақ ақынында да 20 жол. Өмірге ой көзімен қарай білудің, терең сезімталдық, сыршылдықтың үлгісі боларлықтай лирикалық туынды. Ақын жарық түнде жалғыз жолға шыққанын айта отырып, аспан мен жердің, жоғарыда жылт-жылт етіп көрінген жұлдыздардың ғажайып әдемілігін тамашалап, ғарыштық кеңістікті бар жанымен сезінгендей болады. Сондықтан оның өз көңіл-күйін қозғайтын әр сөзі ерекше салмақты, мәнді болып шыққан. Өлеңдегі мұңды сарын да, тыныштық, азаттық іздеу де адамды жадырататындайәсер береді. Осы өлеңнің идеялық өзегі, тірегі болған өмірге құштарлық:
“Көкірегімде өмірдің күші тұрып,
Іздеймін дем алысты үзбегенін…” –
деген сөздерден әсіресе айқын танылады.
Абайдың өлеңі Лермонтов нұсқасына жолма-жол сәйкес келіп отырады, мағынасы жағынан әбден жақын және көркемдігі де өте жоғары. Лермонтовта:
В небесах торжественно и чудно!
Спит земля в сиянье голубом…
Что же мне больно и так трудно?
Жду ль чего? Жалею ли очем?
Уж не жду от жизни ничего я,
И не жаль прошлого не чуть;
Я ищу свободы и покоя!
Я б хотел забыться и заснуть”, —
деп келсе, Абай бұл екі шумақты былай тәржімалаған:
“Мен көрдім көктің ғажап жасалғанын,
Жер ұйықтап, көкшіл шықпен бу алғанын.
Менің не мұнша қапа, қысылғаным?
Үміт пе, өкініш пе ойлағаным?
Дүниеден үмітім жоқ менің деймін,
Өмірге өткен титтей өкінбеймін.
Азаттық пен тыныштық көксегенім,
Ұйықтамақ пен ұмытпақ деп іздеймін…”
Тек соңғы шумақ қана еркін аударылған.
“Чтоб всю ночь, весь день мой слух лелея,
Про любовь мне сладкий голос пел.
Надо мной чтоб, вечно зеленея,
Темный дуб склонялся и шумел”[4.60стр.] , — деп, Лермонтов махаббат жыры мен ағаш сыбдырын аңсаса, Абай тамылжыған табиғаттың үнімен жылылық пен достық, өнген, өскен жақсы екені мадақталуын армандайды:
“Су сылдырлап, жел гулеп, күн шуақтап,
Жылылық пен достықты тұрсын мақтап.
Өнген, өскен жақсы деп емен ағаш,
Теңселіп айтып тұрса ол шайқақтап…”
Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Алғашқы рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланған. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945 жылғы басылымда 1-ші шумақтың 2-ші жолы “Тасты жол жарқырайды буға амалсыз” делінсе, кейінгі басылымдарда 1909 жылғы жинақ бойынша бұл жол “Тастақ жол жарқырайды буға амалсыз” деп алынған. 1945, 1954 жылғы жинақтарда 2-ші шумақтың3-4-ші жолдары “Менің де мұнша қапа, қысылғаным, Үміт пе, өкініш пе ойлағаным”, 4-ші шумақтың 2-ші жолы “Ұйқы, тыныштық, ұмыту – бір дегенім” болса, кейінгі басылымдарда бұл жолдар 1909 жылғы жинақ негізінде “Менің не мұнша қапа қысылғаным”,“Үміт пе, өкініш пе ойланғаным?” “Ұйқы, тыныштық, ұмыту – бер дегенім” болып қабылданған. Өлеңге композитор І. Жақанов ән шығарған.
“Қанжар”, — М. Ю.Лермонтовтан “Кинжал” өлеңінің 1896 жылы Абай тәржімалаған аудармасы. Шығарма орыс ақынында 16 жол болса, қазақ ақынында 12 жол. Арнау түріндегі бұл тамаша лирикалық шығармада терең сыршылдық сезім (махабатты, майдандағы күресті еске алу), ерлікті, қайсарлықты қастерлеу, кейіпкердің әрекетін, ішкі сезімін суреттеудегі нақтылық, тартымды бейнелілік – соның бәрі бір-бірімен жақсы ұштасқан.Қанжарды кек алу үшін ашулы грузин ұста соққан болса, оны соғыс үшін қайраған-ер шеркес. Осындағы әр сипаттама қандай айқын, анық болса, қанжар маған қоштасып, айрылған жерде еркелі нәзік қолмен берілді, сонда қан сорғалар жүзіңе көз жасы сорғалап тұрды деген сипаттамалар нақтылығымен де бейнелілігмен де келісті шыққан. Абай осы сипаттамаларды да, сұлудың қайғылы қара көзінің жанарын жалын шалған қанжар жүзінің жалт-жұлт етіп құбылуымен салыстыра бейнелейтін әдемі теңеуді де:
“Қара көз қарап маған көп қадалған,
Құпия қайғы өртеніп бойын алған.
Болатша дірілдеген жалын көрген,
Бір күңгірт тартып және оттай жанған”, —
деп қазақшаға өте шебер келтірген.
Абайда соңғы шумақтың аудармасы жоқ. Не ол сақталмаған, немесе Абай “мен де өзгермеймін, болаттай берік боламын” деген жасырақ адамның бойына лайық сөзді өз атынан айтпай-ақ, осылай тиянақтауды жай көрген. Аударылған 3 шумақ орысша нұсқаға жолма-жол сай келіп отырады.
Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланған. Туынды басылымдарда аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945 жылғы басылымда 2-ші шумақтың 3-ші жолы “Қан сорғалар жүзіне жас сорғалап” делінсе, кейінгі жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы басылым негізінде бұл жол “Қан сорғалар жүзіңе жас сорғалап” деп алынған.
“Қараңғы түнде тау қалғып…” – Абайдың 1892 жылы М.Ю.Лермонтовтың “Из Гете” атты өлеңінен аударған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 2 шумақтан тұрады, барлығы 8 жол. Өлең – Абай аудармаларының шоқтығы биік озық үлгісі. Лермонтов бұл шағын өлеңді 1840 жылы неміс тілінен тікелей тәржімалаған. 1780 жылдың күзінде Кикельхан шыңына жаяу сапар шегіп, И. В. Гете шың түбіндегі аңшы үйінің қабырғасына қарындашпен небәрі сегіз жол өлең жазады. Бұл кейін бүкіл дүние жүзіне танымал болған, сан-алуан тілдерге аударылған әйгілі “Жолаушының түнгі жыры” еді.
Бұл лирикалы-философиялық миниатюраның негізгі түйіні, әлеуметтік мәні мен астары, көркемдік құдіреті аса тереңде жатыр. Адамзат өмірі мен тылсым табиғат құбылысының арақатынасы, байланысын көркем бейнелеген грек ақыны Алкман (б.з.б. 7ғ.) болатын. Сонан соң бұл мәңгілік тақырыпты көне заманның ұлы ойшыл ақындары Вергилий, Овидий, Ариосто, Тассо тереңдетіп, құбылтып, толықтыра түсті, өлеңдеріне жаңа қуат берді. Гете “Жолаушының түңгі жырын” солардың үлгісінде жазып, сол ұлы ақындардың дәстүрін жалғастырды, өзіндік соны бояу, жаңа ренк енгізді. Өлеңнің философиялық түйіні соңғы екі жолында ашылады: “Тыншығарсың сен-дағы, сабыр қылсаң азырақ”. Бұл жолдар Гетеде де, Лермонтовта да, Абайда да дәлме-дәл, сөзбе-сөз өрілген.
Гетеде “Жолаушының түңгі жыры” еркін жазылған, буын саны, ұйқасуы да әр алуан. Өлеңді орыс тіліне тәржімалаған И.Анненский,
В. Брюсов, Ю. Александров ырғақтық дәлдікті мүмкіндігінше сақтауға тырысқан, бірақ нәтижесінде аударма сірескен қалпында қалып, жасандылау шығып, көркемдік күш-қуатын әлсіретіп алған. Лермонтов, керсінше, Гетенің миниатюрасын еркіндеу аударып, орыс табиғатына лайық бірнеше тың бейне қосып, ырғақ, буын өлшемін дәл сақтамағанымен, түпнұсқадағы ойға, сарынға, сезімге ешбір нұсқан келтірмей, данышпан неміс ақынның философиялық ой-күйін, түйсік-сезім, дүние танымын айқын бере алған. Абай аудармасы жайында да дәл осыны айтуға болады. Ол Лермонтов тәржімасы арқылы ұлы Гетенің жан сырын тап басып, өлеңді қазақ топырағына бейімдеп, ұлттық әр беріп, жаңа, тың жыр туғыза алған.Абайдың шеберлігі, көрегендігі, сезімталдығы, әсіресе үш өлеңді қатар қойып оқығанда ерекше айқындала түседі.
Бір ғажабы, Абайдың аудармасы өзіндік, төл шығармадай әсер етеді, “Қараңғы түнде тау қалғыпты” білмейтін, шырқамайтын қазақ жоқ. Оған бір жағынан Абайдың бұл өлеңге жазылған кең танысты, нәзік әуенді әні себеп болуы керек. Өлең шалыс ұйқас үлгісімен жазылған. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланды. Текстологиялық салыстырулар бойынша 1909 жылғы жинақта екінші алдыңғы екі жолы былай болып келеді:
Шаңдай алмас жол-дағы,
Сыбдырламас жапырақ.
Ал, Мүрсейіт қолжазбасында және 1957 жылдан бергі басылымдарда:
Шаң шығармас жол-дағы
Сілкіне алмас жапырақ, —
делінген текст сақталынып жүр. 1979 жылы қазақ жазушысы Қ.Исабаев неміс қаласы Габельбахтағы Гетенің музейіне Абай аударған “Қараңғы түнде тау қалғып” өлеңі қашалып жазылған мәрмәр тақтаны және әнші М. Көшкінбаев домбырамен орындаған әннің магнит таспасын сыйға тартқан.
“Ой” – М. Ю. Лермонтов өлеңінің 1895-96 жылдар аралығында Абай аударған нұсқасы. Лермонтовта да, Абайда да 44 жол. Абай түпнұсқасының кейбір жолдарын өзгертіп, еркін аударған. Түпнұсқадағы “под бременем познанья и сомнения “ деген сөздерді Абай: “Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ” деп тәржімалаған. Әрине, бұл қазақ жағдайына үйлестіру мақсатынан туған. Білімге қол жетсе де, сол білімге сенімсіздікті, іске асыра алмайтын жігерсіздікті айту сол кездегі орыс қоғамына, дворяндарға қаратып айтуға лайық болса, ал сол замандағы қазақ жағдайында білім де жоқ, білімнің күшіне сеніп, қайрат ету де жоқ деу әлдеқайда жанасымдырақ. Өлеңді қазақ өміріне жақындату Абай кейде тіпті түпнұсқадан мүлде алшақтап, мал баққан елдің тұрмысына орайлас жайды қозғап, малқұмарлықты шенеп:
“Мал үшін аш қатасың, жан сатасың
Әкесі аштан өлген кісідей-ақ,
Неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын…”
дейді. Алайда, түгелдей алғанда Абай Лермонтовтың өлеңіндегі көптеген өткір сын пікірлердің терең мәнін қазақша аудармада шебер жеткізеді, еркін, өзінше айтса да, әсерлі, ұтымды етіп айтады. Өлең 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланған. Басылымдарында ешқандай текстологиялық қате кездеспейді.
“Теректің сыйы” – М. Ю. Лермонтовтың “Дары Терека” атты өлеңінің 1898 жылы Абай тәржімалаған туындысы. Орысша түпнұсқасы 76 жол, қазақшасы 38 жол. Абай өлеңді еркін аударған, алайда жалпы мағынасын, көркемдік құнын қазақ оқырмандарына ұғынықты етіп жеткізген. Кезінде В. Г. Белинский айтқандай, Кавказды мадақтау – Терек өзені мен Каспий теңізі бейнелері арқылы әсем жер аймағын оқырман көз алдына елестету.[8.19стр.] Кавказдан бастау алып, Каспийге кұятын Терек оған қажет сыйлар әкеледі. Кәрі Каспий басында қалғыған бойымен өзеннің сыйына селт етпейді, үн шығармайды. Тек артынан “казак-орыс қатыны бір сұлуды әкеліп ем” дегенде көзін ашып, сылқ-сылқ күліп, жылы жүзбен амандасады. Лермонтов өлеңдерінде нақтылы, табиғат суреті мен көркемдік қиял осылай әдемі ұштасып келеді десек, Абай соның бәрін өзіндік бояуын сақтай отырып, әсерлі етіп қазақша айтып жеткізген. Ал, жеке сөздерді, сөйлемдерді аударғанда алшақ кеткен тұстары бар. Көбірек айтылатын өлеңнің алғашқы шумағындағы:
“Арыстанның жалындай бұйра толқын
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып”, —
деп келетін тармақтар. Бірақ осындағы “айдаһардай бүктеліп” дегенін еркіндікке жатқызсақ та, “арыстанның жалындай” дегені Лермонтовтың басқа бір шығармасындағы: “И Терек, прыгая как львица, С косматой гривой на хребте”, — деп келетін сөздермен үндес екені байқалады және жал – аңдар арасында арыстанда ғана болатынын Абай дұрыс ескерген (“львица” деп жаңылыс айтылған ғой). Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық қателер кездеседі. 1909, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 3-ші шумақтың 2-ші жолы “Бұлттың сүтін ішіп ержеткенмін” делінсе, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жол 1933 жылғы басылым негізінде және орысша түпнұсқасына сүйеніп (“Вскормлен грудью облаков”) “Бұлттың сүтін еміп ержеткенмін” болып алынған.Мүрсейіт қолжазбаларында, 1907, 1910, 1909 жылғы жинақта 7-ші шумақтың 5-ші жолы “Қартаң Каспий қалтиған бойымен” деп берілсе, кейінгі басылымдарда Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасы бойынша “Қартаң Каспий қалғыған бойымен” түрінде қабылданған. 1933, 1945 жылғы жинақтарда соңғы шумақтың ақырғы жолы “Қатынды алды, қытықсыз араласты”, 1954, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жол 1909 жылғы басылым негізінде “Қатынды алды, қитықсыз араласты” ретінде түзетілген.
Абай “Теректің сыйы” өлеңіне ән шығарған. ән ақын әндерінің ішінде сирек айтылады. Тек 1984 жылы М. Мұхамеджанованың айтуы бойынша музыка зерттеушісі Қ. Жүзбасов нотаға түсірген. Өлең мазмұнына сай музыка характері шығарманың негізгі идеясын ашып, тыңдаушыға зор әсер етеді.
“Тұтқындағы батыр” – 1894 жылы Абай туындатқан М.Ю.Лермонтовтың “Пленный рыцарь” атты өлеңінің аудармасы. Шығарма көлемі Лермонтовта да, Абайда да 20 жол.
Лермонтов шығармасын Абай бұлжытпай дәле-дәл аударған. Түпнұсқадағы көркем салыстыруларды да Абай бейнелілік сипатын, нақтылық, қарапайымдылық қасиетін толық сақтай отырып, шебер жеткізеді. Мысалы, орыс ақынының: “Быстрое время – мой конь не изменный, Шлема забрало- решетка бойницы, Каменный панцырь – высокие стены, Щит мой – чугунные двери темницы”, — деп келетін өлең шумағы мен қазақ ақыны аударған: “Уақыттай өзі жүйрік ат мінезім, Сауыттай шынжырлауы тереземсіз, Тас дулыға болмай мажатқан үйім, Шарайнам шойын есік бұ да бір көз”, — деген жолдарынт қатар қойып қарасақ, мағынасы жолма-жол сәйкес шығатынын байқауға болады. Алайда, бірлі-жарым еркін аударылған жолдары да бар. Мысалы, Лермонтов өлеңінің аты – “Пленный рыцарь”, Абай қазақша “Тұтқындағы батыр” деген ұғымды қолданады, ал, ол батырдың серлік сипаты “дұға”оқып, талай тойда “өлең айтып жүрген” мінезінен байқалады. Рас, Абай оның сондағы айтқаны сүйгенін мадақтаған жыр еді деп айқындап жатпайды.
Лермонтовтың өлеңі, Абайдың аудармасы да бастан-аяқ сол қамаудағы тұтқынның аузымен айтылып, соның көңіл-күйін білдіреді. Ол қараңғы қапаста отырып, тек терезеден “көрген көктің жүзін”, жарық сәулені, аспанда еркін ұшып жүрген құстарды көріп қапа болады, бұрынғы еркін өмірін, майданда “қайрат қылған” кезін еске алады. Қазіргі жағдайын бұрынғы кезімен салыстырып, ерекше тапқырлық таныта сөйлеп, тас дулыға, тас сауыт киіп жатырмын, киімімді оқ пен қылыш бұзбастай, тек астыма мінген атым жоғы ғана болмаса дейді. Өтіп жатқан уақыт – жүйрік атым, торлы терезе – киген сауытым, жатқан үйім – тас дулыға, шойын есік – шарайнам, қалқаным деп түсіндіреді. Жүйрік уақыт қажытпай қоймас, бұл азаптан өліп құтылуға ғана болатын шығар деп, өлімнен қорықпайтынын да айтады.Жарық дүниені бір көруге зар болып жатқан сорлы тұтқынның сөздері арқылы азаттықты, бостандықты аңсау идеясы сол өлеңде айрықша көркемдік шеберлікпен жеткізілген.
Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланған. Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945 жылғы басылымда 2-ші шумақтың 1-ші жолы “Тәубә, дұға түкте жоқ тентек бойда” делінсе, кейінгі жинақтарда 1909 жылғы басылым негізінде “Тәубә жоқ, дұға да жоқ тентек бойда” деп қабылданған.
“Шайтан” – Абайдың 1989 жылы М. Ю. Лермонтовтың “Демон” поэмасынан тәржімалаған үзінді өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 10 шумақтан тұрады, Абай орыс ақыны поэмасының бастапқы екі бөлімін түгел алып, сөз қосып, еркін аударған. Лермонтов өз поэмасында демонды символ ретінде алып, сол өршілдікпен, бейіштен қуылған әзәзіл, перінің бейнесі арқылы тәкәппарлықтың, еркіндік іздеудің шегі бар, шексіз болса, қайғыға ұшыратады деген ойды аңғартқан. Қарсылық жасағаны үшін құдайдың лағынетіне душар болған пері өлмес өмір, сарқылмас қайрат-күшке қолы жетсе де, адамға не қиянат жасап жүрсе де, еш нәрсеге қуана да сүйсіне де алмайды. Абай дастанын “Печальный демон, дух изгнания, летал над грешною землей” деп басталатын, періні тұжырымды сипаттайтын поэманың кіріспесін тәржімаласа, Лермонтов ой-түйіндерін нақты түрде жеткізеді. Қазақ ақыны аударма өлеңнің аяғын өзінше қайырып, шайтанның аузына: ”Ақылға, өмірге де адам кенде, Өлмес өмір, қайрат, күш – бәрі менде, Күнінде жүз қуанып, күліп жүрген, Осы адам уайымсыз неткен бенде?…” –деген сөздерді салады. Лермонтов дастанында шайтан айтатын сөздерінен бұған біраз үндес келеді деп: “Что люди? Что их жизнь и труд? Они прошли, они пройдут…”, — деген жолдарды айтпасақ, басқадай мағынасы сәйкес сөздер кездеспейді. Өлең 11 буынды қара өлең үлгісімен кестеленген. Алғашқы рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнабайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық қателер кездеседі. 1945 жылғы басылымда 1-ші шумақтың 2-ші жолы “Күнәлі жерге кез келіп бір ұшқаны” делінсе, кейінгі басылымдарда бұл жол “Күнәлі жер кез келіп бір ұшқаны” ретінде бір қабылданған. 1933, 1945, 1954 жинақтарда 2-ші шумақтың 3-ші жолы “Жылы жүзбен жұлдыздар жылжып жүзіп” болса, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жол Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы басылым негізінде “Жылы жүзбен жұлдыздар жылжып жүріп” деп алынған. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1954 жылғы жинақта 6-шы шумақтың 2-ші жолы “Өлмес, өшпес өзіне заманжетті” түрінде берілсе, 1945, 1957, 1977 жылғы басылымдарда 1909 жылғы басылым бойынша “Өлмес, өшпес өзіне көзі жетті” болып қабылданған.
Қорытынды
Пушкиннің қатарында Лермонтовты ең сүйікті ұстазым деп біліп, оны аудара отырып үйренген, зерттей тоырып одан өз творчествосына нәр алған Абайдың алдымен негізгі идеялық және эстетикалық принциптерінде – поэзиялық сарындарында Лермонтовпен бірсыпыра ұқсастықтар бар. Мысалы, Лермонтов сықылды Абай да поэзия қоғамға, халыққа, адам игілігіне қызмет етуі керек деп түсінеді, жаңалықты, жастықты, жақсылықты қолдап, кертартпа ескілікпен, қараңғылықпен, топастықпен күресуі керек деп біледі. Лермонтовтың “ Ақын “, “ Қанжар “, “ Сенбе өзіңе “, “Журналист, жазушы және оқушы “, деген өлеңдері мен Абайдың “Өлең сөздің патшасы сөз сарасы “, “ Біреудің кісісі өлсе “, “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін “ деген өлеңдеріндегі пікірлер осыны дәлелдейді. Лермонтов сықылды Абайдың да барлық ақындық қызметі осы принциптерді бұлжытпай жузеге асырудың үлгісі болып табылады. Өмірге сену, адам атын ардақтау, сондықтан да қоғам өмірі мен адам басындағы міндерді аяусыз сынау, олардың түзелмегеніне ренжіп ызалану, кею, кейде, тіпті, қынжылып қалу, мұңаю, бірақ мұңайғанмен күйреп, күйзеліп қалмай, құлшынып ерлікті жырлау, еңбек пен әрекетті, қайрат пен қайсарлықты жырлау, ақыл- ой, асыл сезімдерді қастерлеп, жастарды білімге шақыру секілді тақырыптар мен сарынды Абайда Лермонтовпен бір бағытта шығып отырады.
Осы бағыт рух, сарын ұқсастығына сәйкес Абайдың өлеңдік түр жөнін де Лермонтовтан көптеген үлгі алғаны анық. Жеке өлеңдік мөлшер, ырғақ, ұйқас үлгілерін айтпағанда, Абайдың жалпы поэзиялық түрге қойған талап пен шарттарының өзінен және оның орындалуынан Абайдың түсінігі мен ақындық тәжірибесініңЛермонтовпен ұштасатынын көруге болады. “ Сөз арасы бөтен сөзбен былғанбаған “…, “ сырты күміс, іші алтын “…, “ айналасы теп- тегіс жұмыр “…, “ тілге жеңіл, жүрекке жылы “…, “ ермек үшін”емес… “ қыйыннан қыйыстырын “ …, “ өрнек үшін “ жазылған “ сөз патшасы “ – Абай өлеңдері орыстың классикалық поэзиясының, соның ішінде алдымен Пушкин менЛермонтов өлеңдерінің үлгісінеде жазылғаны белгілі. Қазақтың өлең құрылысына Абай енгізген оннан арта жаңа мөлшер де міне осыны дәлелдейді.
Лермонтовтың қазақ әдебиетіне тиген игі әсері әрине, Абаймен аяқталмайды, Абайдан басталады. Абайдан кейінгі ұрпақтың қай- қайсысының болса да Лермонтовты оқымай, Лермонтовтан тәлім алмай өскені жоқ.
Жоғарғы айтылғандарды қорытсақ, Абайдың аударма жөнінде де қазақ әдебиет тарихында да орны айрықша екндігін көреміз. Бірінші, бұл – қазақ әдебиетінің даму жолындағы күрделі жаңа адым. Екінші, қазақ жұртшылығын ұлы идея, үлкен қор, жоғарғы сатыдағы әдебиетпен таныстырып, екі елдің рухани тіршілік мәдениет, әдебиеттерін байланыстыруға берік дәнекер болды. Үшінші, орыс әдебиетін жақсы аудару, олардың үлгісінде жаңа образ, жаңа сөз, сөйлем, қазақ әдебиетінде бұрын жоқ әр түрлі әдістерді әдебиетке кіргізіп, қазақтың әдеби тілін бұрынғыдан да байытып, дамытты, ілгерлетті. Төртінші, шет тілден өлеңдерді қалай аудару керек екендігінің бірінші рет жолын салып, кейінгілерге үлгісін пішіп берді.
Абайдан кейін де көптеген аудармашылардың туындылары жарық көрді. Алайда, Абайдың еңбектері – қайталанбас, ерекше құлаққа жағымды, жүрекке жылы келеді. Оның аудару шеберлігі кейінгілерге үлгі ретінде қалды. Ақын өз аудармалары арқылы қазақ халқына орыс поэзиясының есігін ашып берді. Абай қазақ халқының ғасырлар бойғы қараңғылықтан құтылатын бірден-бір дұрыс жолы – орыс және қазақ мәдениетінің жақындасуында деп білді. Қазақ әдебиетінің өркендеу үшін Абайдың аудармашылық жұмысының зор маңызы болды.
Қазақ тіліне аударған, аудармаға әр кезеңде өздерінің үлестерін қосқан ұлы ақындар мен аудармашылардың шығармаларын салалап қарастырсақ онда Абайдан асып түсіп, көзге түскен ешкімді айта алмаймын. Мүмкін ол алғашқылардың бірі болып аудармаға ден қойғандықтан да шығар.Қалай болса да, Абайдың жетістіктерін қайталау мүмкін емес.
Пайдаланған әдебиеттер:
“Абай тілі сөздігі” – Қаз. СССР-ң “Ғылым” баспасы. Алматы – 1968.
Абай энциклопедиясы – Атамұра баспасы.
Абай “Екі томдық шығармалар жинағы, аудармалар мен қара сөздер” – “Жазушы” баспасы. Алматы –
М. Ю. Лермонтов “Шығармалар” – Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы. Алматы – 1956.
М. Ю. Лермонтов “Стихотворение, Поэмы, Маскарад” – Издательство “Художественная литература”. Москва – 1972.
М. Ю. Лермонтов “Стихотворение, поэмы” – “Художественная литература”. Москва – 1980.
Л. Н. Толстой “Стихотворение, поэмы” – “Художественная литература”. Москва –
В. Г. Белинский “Избранное” – “Писатель”. Москва –1956.