Абайдың философиялық, көркемдік, әлеуметтік, гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі-қара сөздері. Абайдың қара сөздері-ұлы ақын сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның 6-7 үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық санына ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлері мен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың қара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918ж Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, франсуз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Барлығы 45 сөз және бұған «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» деген тарихи мақаласы да қосылды. «Абайды қара сөздерінің» соңғы нұсқасы Мүрсейіттің 1905, 1907 және 1910 жылдардағы қолжазбалары бойынша жаряланып келеді.
Қара сөздер Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында бұрын кеткен текстегі кемшіліктері түзетіліп, түпнұсқамен дәлдігі мүмкіндігінше қалпына келтірілген.
«Қара сөздер» деген атау өлең сөзден бөлек дүниелер мағынасын білдіреді.
Өлең өнерін қазақ қара сөз демейді.Қара сөз проза деген мағынада айтылған.
Әдетте, адам ауызекі тілде өлеңді емес қара сөзді қолданады. Абай бұл жөнінде: «Қазаққа қара сөзге дес бермедім » — деп қара сөзді шешендік өнер мәнінде айтқан. Шаршы топқа шығып сөз айту әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Абай осындай ниетпен айтқан сөздерін қағазға жазып қалдырған. Оны өзі бірінші сөзінде былай деп түйіндеген: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық-әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: Қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екен білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзін де қайранмын…
…Ақыры ойладым..осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, ия оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ».
Қара сөз еркін ой білдіру формасы. Сірә, Абай өзінің ақындығының сол заман болсын, кейінгі заман оқырмандары болсын түсінуге қиындығын сезсе керек. Ақын өлеңдеріңнің кейбір күрделі дуниетанымдық мәселелері қара сөздерде түсіндірілген. Абайдың біршама өлеңдерін қара сөздеріндегі кейбір түсініп барып қабылдауға мүмкіндік ашылады.мысалы, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңін түсіну үшін алдымен отыз сегізінші сөзді оқыған жөн. Екеуінің айтар ойлары бір бағытта, бірінде ой поэзия тілінде, бірінде проза тілінде жеткізілген. Кеңестік заманда Абайдың нақыл, ғибрат тұрғысында қабылдау басым болған, соның салдары ретінде қара сөздері орысшаға «Слова назидания» деп аударылып кетті. Абай ақыл айтушы «тәрбиеші» ғана емес, ол хакім, әр істің себебін іздеуші – ойшыл. Сондықтан қара сөздерді ағартушылық әдебиет ретінде қабылдау ғылымға жат пікір.
Абай қара сөздерінде Сократ, Платон, Аристотельдерді хакімдер деп атай отырып, өзінің де хакім екендігін дәлелдеп берген. Абай «хакім» деген ұғымды тек қолданып қоймай, оны түсіндірген. Отыз сегізінші сөзінде «хакім дегендер әрбір істің себебін іздеушілер» дей келе хакімдіктің мәртебесі: «Әрбір ғалым-хакім емес, әрбір хакім-ғалым» деп нақтылаған. Ғалымнан хакімді жоғары қоя отырып, Абай нақлия және ғақлия деген ұғымдарға түсінік береді. Ғақлия-хакімнің сөзі, нақлия-ғалымның сөзі. Абайдың қырық бес қара сөзі, негізінен, бәрі дерлік ғақлиялық мазмұнда, бірақ нақлиялық сәттер бар. Мұсылмандық дүниетаным мәселелеріне тоқтала келе Абай «Ғалымдардың нақлиясы бірлән мұсылман иман тақлиди кәсіп қылады. Хакімдердің ғақлияты бірлән жетсе,иман якини болады». Иман тақлиди және иман якини дегендерге Абай он үшінші сөзінде толық түсінік берген.
Абай философия деген ұғымды білсе де, оны қолданбаған, ол оның орнына хакім, хакімдік ғақлият сөзін пайдаланған. Сондықтан оның сөздерін метафиз. ой-толғамдары деп түсінген абзал. Себебі өзі хакім деп таныған Аристотель сияқты дүниетанымдық ойлау жүйесін әлемнің басталуы және оның себептеріне негіздеген, бұл философия тарихындағы метафизикалық дәстүр. Бұл батыстық философияға қарағанда, шығыс перипатетизмі-фәлсафаға жақын. Кезінде М.Әуезов нақтылап айта алмаса да, қара сөздер туралы сол заман үшін өте құнды пікір білдірген еді: «Жалпы алғанда, Абайдың осы қара сөз дейтін мұралары көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны боп қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді». Ой білдірудің мұндай дәстүрі мәдениетте бар дәстүр. Бірақ Абай жанрлық ерекшелікті өзінше, әрі халыққа түсінікті формада тапқан. Абай қара сөздеріне ұқсастықты Монтеннің «Тәжірибелерінен», Паскальдің «Ойларынан», Ницшеннің «Афоризмдерінен», Шопенгауэрдің «Тұрмыстық афоризмдерінен», Борхестің «Философиялық тәсілдерінен», Жебранның «Шағын ойларынан»,т.б. табуға болады.
Қара сөзді зерттеушілер қалыптасқан ізге салып, оны тақырыптарға топтастырғандар болған. Тегі ондай істің қажеті шамалы. Қара сөздердің тақырыбы біреу-ақ, ол-адам болмысы. Ал әрбір сөз осы тақырыпты ашудағы бір-бір идея.
Абайдың қара сөздері дүниетанымдық мазмұнда тек бір халықтың, не ұлттың еншісіне қатысты мәселелерді айтумен шектелмеген, онда адамзат тарихы барысында сан заман ғұламаларын толғандырып келе жатқан мәселелерге талдау жасалған. Сондықтан Абайдың қара сөздері әлемдік өркениетте өз орны бар келелі мәдени мұра.