Уақыт пен кеңiстiк ұғымының ауқымы шексiз. Екеуi Сиам егiзiндей ажырымайтын субстанциялар. Оларды қайсiбiр сәттерде ғана шартты түрде арнайы қарастыруға болады. Алайда тамырлас арналар алшақтап кете алмайды.
Көркем әдебиет – уақыт пен кеңiстiктiң шағын моделi. Оны дүниеге әкелу үшiн де мекеншақ (хронотоп) өлшемi керек, оның мазмұндық құрылымы да әр алуан мекеншақ қатынастарына негiзделмек. Шығарманы қабылдау кезеңдерi де мекеншақ ерекшелiктерiмен сабақтас. Тегi, уақыт және кеңiстiктiң перцептуалдық бейнесiн әдебиет мекеншақ тағандарына табан тiреп тұрып сомдайды.
Абай философиясының ең басты бағаналы терегi – Уақыт (әрине, кеңiстiк ұғымы өзiнен-өзi сана астарында тұрмақ). Әдепкiде ақын мұндай объективтi табиғи құбылысқа мән бермесе де керек. Уақыт – ананың құрсағында жүрiп, уақыттың түйткiл мәселелерiн шешемiн деп ойлау – өзiңдi айнасыз көрудiң мүмкiн еместiгiндей қиын нәрсе. Әйтсе де, Абай өмiр сүру уақыттың сыңарына айналу екенiн бiледi. Оның туындылары – ой-сана мекеншағының мәтiн арқылы тұрақтылық табуға ұмтылысы.
Абайдың “Жасымда ғылым бар деп ескермедiм” өлеңiнде ақын алғаш рет уақытты жанама кейiпкер етiп алады. Мұнда тарихи, әлеуметтiк, даралық уақыт өкiнiш сезiмiне байланысты психологиялық уақыттың түрлi атрибуттары боп көрiнедi, кеңiстiк детальдарын түзедi. Қазақ елiнiң тұрмыс жағдайы мен әлемдiк өркениет арасындағы қайшылық лирикалық кейiпкер дүнетанымындағы қозғалыс заматымен iшкi драматизм тудырады. Ментальдық iлгерiлеудiң жекелiк қасиетi мен ұлттық тұйықтыққа тән жалпылық нышан тағы да қарама-қарсылық күйден айнымауы рефлексологиялық мезет кернеуiн арттырады. Ақын үшiн алдыңғы буынның олқылығын толтыруға тиiс ұрпақ болашағы да қауiпсiз емес. Ол кертартпа орта мен iзгiлiктi мұрат арасындағы кереғарлықты сезiнiп, қам жейдi. Лирикалық қаһарман негiзгi тұтқа идеясын меже қылып ұсынғанмен, өзiнiң жекелiк қасиеттерi, қоғамдық орта мiнезiмен келiспеушiлiк тәрiздi сарындарға көшуiмен тақырып әртараптылығы жағынан бұл жолы да, басқа туындыларында да толғау жанрына хас ерекшелiктi аңғартады. Бұл тәсiл баяндау уақытының еркiндiгiн оятады. Абай дидактикалық үлгiдегi жыраулар поэзиясының мекеншақ жағынан тым тәуелсiз болмысын бойына сiңiре отырып, әлеуметтiк және психологиялық мекеншақ аясында бұрынғы дәрiптеу мен таңырқау әсерiне қатысты қабылдау аясымен тұтастық шегiн бұзады да, осы төңiректегi драматизм, лиризм элементтерiн ұштай түсу арқылы эмоционалдық полифония қалыптастыру нәтижесiнде жаңа поэзия, модернистiк дүниесезiну дәстүрiн дүниеге әкеледi. Оны реалистiк поэзия деу аз. Өйткенi реализмнен жыраулық, ақын, сал, серi поэзиясы да құралақан емес-тiн. Сыншылдық пафос тарихи-әлеуметтiк себептерден гөрi жеке адамның өзiне байланысты әшкерелеу интенциясына құрылуымен де өзгеше. Аса биiк ерлiк, даналық сапалар емес, азаматтық құқық жағынан таршылық жағдайдағы мүлде басқа рухани құндылықтар эмблематикасын алға тартады. Ұлттық идея ежелгiдей майдан даласындағы батырлық пен ел билеушiлерiн мадақтаудан iрге айырып, жатаған қалыптағы, бiрақ орыс мәдениетi түрiнде көрiнiс берген жаһандану үрдiсiн мақұлдау арқылы мазмұндық аясына жаңалық енгiзедi. Абай тарихи-әлеуметтiк мекеншақты психологиялық мекеншақпен тығыз араластыру нәтижесiнде соны сипаттағы iлгерiшiл ұлттық мұрат субстратын назарға ұсынады. Қоғамдық уақыт мәселелерiн өзiне қатысты бағамдап отырған ақын негiзгi оқу, ғылым тақырыбын қоя тұрып, жеке қасиеттерi мен қоршаған орта арасындағы толық келiсiм жоқтығына орай жан назасына көшедi:
– Өзiм де басқа шауып, төске өрледiм,
Қазақта қара сөзге дес бермедiм.
Еңбегiңдi бiлерлiк еш адам жоқ,
Түбiнде тыныш жүргендi терiс көрмедiм (1. 22).
Дара басының қасиетiн ұлықтау жырау, жыршы, айтыс ақындарында кездесетiн. Бiрақ ондай қабiлет, мiнез ерекшелiктерi ешқандай дау-дамайсыз, диалогтық қатынасқа түспей баяндалатын. Ал Абай толғаныстары мiндеттi түрде екiншi бiр қарама-қарсы ұйғарымдар симулякрын көзге елестетiп, сол тұрғыдағы ой-пiкiр әсерiмен қатты есептесуге құрылады. Ой-толғамдар логикасы әрiден тамырласқанмен, баяндау уақыты мөлшерiнде терең қабысып та жатпайды. Олар – жүйелi нұсқадағы монолог емес, сана ағымы түрiндегi тебiренiстер. Сана ағымы модернистiк әдебиетке тән құбылыс. Баяндау уақыты әр алуан байлам, пайым мекеншағына тосқауыл қойып, кiдiрiс тапқыза алмайды.
Осындай эволюциялық қадам айшықтарын түсiнген М.О.Әуезов: “Азамат ақынның зор идеясын бастаған өлең сол “Жасымда ғылым бар деп” болса, ендi осыған жалғас 1886 жылы туған толып жатқан тың өлеңдi көремiз. Тегiнде 1886, 1889, 1896 жылдар Абайдың ақындық, ойшылдық еңбектерiнiң ең жемiсi мол, өнiмдi жылдары болады. 1886 жылы Абай он сегiз өлең жазған” (2. 110), – дейдi. Ғұлама ғалым Абай “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек”, “Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман” өлеңдерiн жазғанда қырық бiр жаста ғана екенiн ескертедi. Алғашқы аталған шығармада уақыт кескiнi философиялық бейнеге айналатын тұстар көп. Ақын бiрден-ақ психологиялық жағдаяттардың әлеуметтiк мекеншақ аясындағы себептерiн ашып көрсете бастайды:
– Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек.
Ашуың ашыған у, ойың кермек.
Мұңдасарға кiсi жоқ, сөздi ұғарлық,
Кiм көңiлдi көтерiп, болады ермек (1. 23).
Метафоралық ойлау жүйесiне құрылған, ассонанс, аллитерациялық өлшемдер сөздердiң вокальдық қуатын арттыратын, риторикалық сұру арқылы шешендiк сөйлеу үрдiсiн стилистикалық-эмфатикалық амал ретiнде пайдаланатын өлеңде тағы да лирикалық тұлғаға қатысты шартты түрдегi пiкiр қайшылығы төбе көрсетедi. Ол “Жасымда ғылым бар деп ескермедiмде” бiлiм тапшылығының қорлығына назаланса, ендiгi жерде өзiнiң үлкен ойшылдығын жоққа шығармайды. Бiлiм мен ақыл барлық уақытта бiрдей егiз емес сияқты. Ал Абай ыңғайында алсақ, ұлы шайырды дүние жүзi тарихы мен әдебиет, дiнiнен мағлұматы олқы деу қиын. Автор әдепкiде жорта кiшiрейiп сөйлейдi немесе өзiнде бардан да iрi қайнарға ұмтылады, әйтпесе жалпы қазақ қауымына ортақ сауатсыздық зардабына налиды. Жеке тұлға мен қоғамдық орта арасындағы зияткерлiк, рухани теңдестiктiң адалығы тарихи мекеншақ пен даралық мекеншақ арасындағы қиғаштық межелерiн тым алшақтатып жiбередi. Абайдың тағы бiр жаңалығы – өз уақытынан асып, болашақ уақытпен сырласуын поэтикалық стиль доминантасына айналдырғанын тайға таңба басқандай анық бiлдiруi. Ол эмоционалды әсiрелеу тәсiлiн де ой жiгерiн жану үшiн қолданады. Бiр адам хакiм сөзiн елемейтiн болса, бұл өлең тыңдалмас та, бүгiнге жетпес те едi. Ұлы ақынның соншалық асқақ, тәкаппар сөз орамдарындағы бiраз жұртты сынай тұрып, менсiнбеушiлiк әуенiн қарапайым халық кешiрiммен қарау орнына, табынып қарсы алады. Демек, Абай сөзiнiң магиясы күштi. Ол негiзiнен ақын жанының нәзiктiгi, басқа субъектiлердiң өмiрлiк уайым, қасiретiне ортақтастық көңiлiн бүкпелемей, ащы да болса, шынайы жариялай бiлуiнде. Адалдық пен талант, сезiмталдық, мейiрiмдiлiк Абай поэзиясын омыртқасына отырғызып жүзетiн алып кит тәрiздi. Бұл жерде сан мен сапа ұғымының арасындағы тартыс орын алған. Ақын екi көрсеткiштен де тоят таппаған. Ол осы мезеттегi, бәлкiм бұрынғы әрi дағдылы мекеншақ аясындағы ахуалды келер шақ түрiндегi сөйлем түзiлiмдерi бойынша баяндау арқылы стилистикалық политопизм бедерiн елестетедi. Сар далада “Ақылдың азабын” кешетiн ақынның үмiт, сенiм туралы түсiнiгi де бұлыңғыр. Модернистiк әдебиеттегiдей айналасынан түңiлу, жақсыдан күдер үзу мотивi үзеңгi теуiп шыға келетiндей. Абай бүкiл философиясының алтын қазығы iспеттi аса терең ойдың тұңғиығын екiншi шумақта-ақ жайып салады:
– Жас қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмiр қайта келмек.
Басқан iз, көрген қызық артта қалмақ,
Бiр құдайдан басқаның бәрi өзгермек (1. 23).
Келер шақ етiстiк үлгiсiне ұйқас толымдылығымен экспрессивтi екпiн дарытатын үзiндiдегi алғашқы жолда уақыт тiзбектерi логикалық ыңғайда ауысып келгенiмен, адам өмiрiне байланысты мезгiл ырғағы сағат тiлiн алға жылжытып отырған. Абай күллi саналы жанды таң қалдыратын биологиялық өрiс айналымының пайда болу, даму, шегiне жету, яғни көзден кету түрiнде өзгеше кейiпте қайта оралу фактiсiн Құран Кәрiм қағидаларымен бiрлiкте жырға қосады. Алла тағала мәлiм еткен құпия ақиқатты Абай өз жүрегiнiң көрiгiнен өткiзiп барып, баршаға аян етедi. Әрине, өлең құдiретi рухани-танымдық құндылығы шексiз мифопоэтикалық шындықты өмiр салтына лайық жоралғы, ғұрып машығына қосу талабымен көгерiп, көркейе түскен.
Тұрақтылықтың да, қозғалыстың да кепiлi Абай үшiн – Құдай. Уақыт пен кеңiстiктiң бастауын Жаратушыдан iздейдi. Өйткенi ғалам сырын басқаша ұғындыру мүмкiн емес. Дүниенi танып, бiлудiң шекарасынан асуды жөн санамайтын ақынның идеалистiк көзқарасы Ислам iлiмiн терең меңгеру нәтижесiн аңғартпақ.
– Алашқа iшi жау боп, сырты күлмек,
Жақынын тiрiде аңдып, өлсе өкiрмек.
Бiр-екi жолы болған кiсi көрсе,
Құдай сүйiп жаратқан осы демек (1. 24).
“Көп пен дүрмекке” сүйенетiн надан адамға тиесiлi мiнез-құлық типологиясы психологиялық нанымдылықпен қамтылады. “Iшi”, “сырты” – мекендiк ұғымдар. Жеке тұлғаның жан дүниесi мен бет-пiшiн қимылдарының арасындағы кереғар сурет белгiлi бiр социумның алдамшы, жалған дүниетанымын әйгiлейдi. Бұлар – өзiне-өзi сенiмсiз пенделер. Неғұрлым күшi, байлығы, айласы мол пасықтарды ұнатқаннан емес, қорыққаннан сыйлайды. Сонысымен қауiптi. Олардың туған-туысына байланысты идеологемада ұзақ мерзiмдегi опасыз көңiл мен шектеулi заматтағы шамалы өкiнiш ақиқат қақпасының алдында қақтығысқа түседi.
– Ел бұзылса, табады шайтан өрнек,
Перiште төменшiктеп, қайғы жемек.
Өзiмнiң иттiгiмнен болды демей,
Жеңдi ғой деп шайтанға болар көмек (1. 24).
Абай реалды-тұрмыстық уақыт пен дiни-мистикалық мекеншақтың қабаттасып келу сәтiн де сахара тұрғынының өмiр жайлы түсiнiгiне сай бейнелейдi. Мұндағы оппозиция: перiште мен шайтан. Бұл эмблематикалар қоғам iшiндегi iрiткi мен бiрлiктiң трансценденттiк себебiн қарастырумен сабақтас. Жер бетiндегi қара ниеттiлер дiни-мифологиялық уақыт пен кеңiстiк шындығының өзiн көзi байлаулы алдамшы мекеншақ үшiн бағдаршам қылуға тырысады. Оған төрелiк айтатын – ақынның даралық мекеншағындағы мейлiнше әдiл, шыншыл, турашыл мұрат пен парасат үстемдiгi.
Абайдың өмiр туралы толғамдарының бәрi дерлiк алдағы iс-әрекет нобайын болжау түрiнде құрылуға бейiм:
– Өлсем, орным – қара жер сыз болмай ма,
Өткiр тiл – бiр ұялшақ қыз болмай ма.
Махаббат ғазауатпен майдандасқан,
Қайран менiң жүрегiм мұз болмай ма! (1. 226).
Сұрай арнау формасын таңдаған әйгiлi жырдың затты-бейнелiлiк сипаты зор. Әсiресе айқындау мен алмастырудың көркемдiк-эстетикалық палитрасы бай. Барлық сұрауға жауап дайын. Әйтсе де осы тәсiлдiң ойындық табиғаты шығармадағы қайғылы атмосфераны өткiр динамизммен суреттеуге қосар үлесi мол. Мекендiк өлшемдер өзгерiссiз қатқан қалып ретiнде жанды әлемнiң айқын антиподы боп, “қ”, “а”, “ж” дыбыстарының басқа тiркестерде жаңа семантикалық бiтiммен қайталанып отыруы ой, екпiн ырғағын ширықтырып жiбередi. Суықтық, үнсiздiк, қараңғылық референттерi уақыт пен кеңiстiктiң адам санасы арқылы қабылданатын екi полюсi арасындағы ымырасыз суреттер қоюлығымен психологизм мазмұнын аша түседi. Қорқыныш, үрей, шарасыздық, тәуекел эмоциясы тiршiлiктiң шiдерсiздiгi жайлы модернистiк эстетикаға тән жатсыну философиясымен тамырластық табады. Экзистенциалдық сарын “аяғын шалыс басқан” “асау жүрек” концептiнiң предикативтiк сипаттары негiзiнде қоғамдық ортаға лайық сұрықсыздық пен парықсыздықтың астарлы суретiн имплициттi түрде елестету негiзiнде нанымдылыққа иеленедi.
“Махаббат”, “ғазауат” – жүрек кеңiстiгiндегi ұғымдар. Сонда жүрек сан алуан, тiптi мүлде кереғар сезiм, қайшылықтардың мекенi. Ал қайшылықтардың таласы – өмiр денотаты. Өмiр шектеулi. Уақыт шексiз. Адам өлiмiмен бiрге уақыттың бiр бөлшегi ғана құрдымға кетедi. Демек, оны ұстап тұрғандай материалды сауыт – жүрек те мәңгiлiк мекеншақ аясында физиологиялық мәнiн жояды.
“Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстiм” дегенде Абай рухани мекеншақ пен тартысқа толы тiршiлiктi астарлы мағынада қамтитын табиғи ландшафт көрiнiстерiнiң жан драмасын ашуға қатысты эмоционалдық аурасын бейнелейдi. Аллитерациялық құбылыстардың да қызметi мол. “Жүректiң” “түбi” перпендикулярлық орналасым түзуiн елестететiн бейнелi тiркес. Ол семантикалық мәннiң уақыт пен кеңiстiк жағынан неғұрлым сандық сипаты көп қырларын сапалық өлшемге айналдыру үшiн жұмсайтын зияткерлiк, психолгиялық қажырын бедерлейдi.
Бiз Абайдың тiкелей өмiр, өлiм, табиғат, тән, рухқа байланысты атақты шығармаларына кейiнiрек арнайы тоқталуға тиiспiз. Ал мына туындының мәтiнiн толық келтiрейiк:
– Жапырағы қуарған ескi үмiтпен,
Қиял қып, өмiр сүрiп, бос жүрiппiн.
Жыбыр қағып, көңiлдi тыншытпайды
Қашанғы өтiп кеткен бұлдыр көп күн.
Ол дәурен өмiр емес, бiр көрген түс,
Ойға тойма, қызықты қиялдан күс.
Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен
Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш?
Төңкерiлiп құбылған жұрт – бiр сағым,
Шынға шыдап, қоса алмас ынтымағын.
Көптiң аузын күзетсең, күн көрмейсiң,
Өзiңдi өзiң күзет, кел, шырағым! (1. 242).
Абай бұған дейiн алдағы көрiксiз жағдаятты оймен болжап бейнелеуге тырысып көрсе, ендi өткен шақтың көмескi кескiнiн тағы да жады кеңiстiгiнде жан бiтiрiп көруге ынта қояды. Бүгiнгi уақыт ертеректегi бiрталай жылдың кадрларын жинақтап, сомдап, екшелген өмiр суреттерiн ғана берi сүйреп әкеледi. “Қиялға” байланысты контексте уақыт тым iлгерiлеп кетiп, кейiн шегiнгенiн аңғару қиын емес. Бiрақ ол уақыт әлеуметтiк-рухани шындықтың жеке тұлға үшiн өкiнiштi әсерiн жеткiзе алуымен бағалы. Себебi уақыттың тiзбегiнде кездейсоқ түйiндер жоқ. Бәрi де тiрi нүктелер. Адам үшiн оның басталуы мен аяқталуы белгiсiз. Алайда өмiр жолының әр кезеңi көңiл мекеншағындағы қоғамдық ұстаным, мұраттар безбенiне тартылғанда, сан түрлi көзқарас, толғаныс сипатына бағдар бередi. Ақын жанын жабықтыратын – асыл армандардың орындалмауы. Жеке адам мен ортаның ортақ ымыраға келе алмауы терең драматизмге азық тауып бередi. “Төңкерiлiп құбылған жұрт – бiр сағым” әлеуметтiк мекеншақ пен табиғи мекеншақтың сырт ұқсастығын нәзiк пайымдаудан туған шебер метафора. Ұлттық мiнез-машықтың керiтартпа, жерқорақ, тұйықтық әлпеттерi аса жоғары ар-ождан өлшемдерiне жауап бере алмайды. “Шынға шыдап, қоса алмас ынтымағын” дейтiндей қауымның өзара сүйiспеншiлiктi қадiрлей бiлмеуi ұлттық мәртебе берiктiгiне сенiмсiздiктен шығатын ахуал. Ұлттық намыс Абай идеялары арқылы күн көрiп жатыр. Кеңiстiк суретiндегi бұлдырлық уақыт аясындағы мiнез-құлық өзгерiстерiнiң жылдамдығын ұнамсыз ықыласпен нариза күйде суреттеуге әдемi фон болған. Сағымға жақындау да, оны қолмен ұстау да мүмкiн емес. Ол – бар да жоқ материя. Абай өзiн ортадан биiк санап, адасса, мұңаймас едi. Әйтсе де, “ақылдың азабы” тәңiрлiк өркениет ұстанымдарын орнықтыруға жан салады. Бұл ретте ол тағы да жалғыздық кешедi. С.Къеркегор айтатын этикалық, эстетикалық, дiни экзистенция сатыларына көтерiле алмаған социум ұлы шайыр жырларының трагедиялық мотивiне желi тартады.
Абай шығармалары тарихи-әлеуметтiк тұрғыда кемшiн соғатын қазақ қоғамы кеңiстiгiндегi түрлi нанымсыз уәждерге қарсы әлемдiк уақыт асқақ мұраттарының үстемдiк жүргiзе алатынын өнер құдiретi арқылы дәлелдеп бердi. Уақыт пен кеңiстiк түрлерiнiң адам жан дүниесiмен тығыз тамырластығын көрсеттi. Тән мен рухтың мекеншақ аясындағы күресiнде екiншi субтанцияның жеңiсiн мойындады әрi осы ақиқатты көңiлiне медет тұтты. Өйткенi тiрi жан иесi уақыт пен кеңiстiктен тыс еш нәрсе бола алмайтынын ақын бар болмысымен түсiндi. Сондықтан Абай поэзиясындағы ең басты қаһарман Уақыт екенi баршаға белгiлi саналса керек.