Мезгілі жағынан бұл дәуір әдебиеті жиырма жылдан астам уақытты қамтиды. Бірақ бұл қоғам дамуы мен ой пікірдің алмасуы жағынан біртекті емес. Жеке адамға табыну саясаты сыналғаннан кейін қоғамдық ой пікірде болған «жылымық» бұл тұста біраз тежеуге түсті де, идеология саласында партиялылық қайтадан бұрауын қатайтуға тырысты. Л. И. Брежнев тұсында бұл саясатты мойындаушылар қуғынға ұшырап, әдебиет пен өнердің кейбір қайреткерлері шетелге кетуге мәжбүр болды. Алайда бір адамның билеуіне құрылған қоғамның И. В. Сталин өлгеннен кейінгі жағдайы жөнделе қоймады. Социализм экономикасы құлдырауға түсті. Жамап жасқауға тырысқан М. С. Горбачевтің «қайта құру» бағыты да оған пайдалы ықпал ете алмады. Мұның аяғы 90 жылдардың басында КСРО ның тарауына әкеліп соқты.
Жалпы алғанда, бұл дәуірде Қазақстандағы әдеби қозғалыс қарқынмен жүрді. Қаламгерлер қатары молайып, 600 ге жетті. Әдебиет жанрларының барлық түрі өзінің тұрақты кадрларын дайындап, қатар, тең дамыды. Реалистік әдебиеттің беталысын танытатын проза, оның үлкен жанрлары кең көлемде өрістеді. Поэзия заманның озық идеялары мен жаңалықтарын танытуда қашанда ұшқырлық танытты. Театр репертуарын байытуда қазақ драматургтері мол үлес қосты. Әдебиеттің негізгі жанрларын байытудағы және қоғамдық әлеуметтік өмірдегі белсенді қызметімен сөз өнерінің жас күштері алға шықты. Ә. Кекілбаев, С. Жүнісов, М. Мағауин, Т. Молдағалиев, Қ. Мырзалиев, Ф. Оңғарсынова, Ш. Мұртаза, Ә. Тарази, М. Шаханов, Қ. Жұмаділов, Д. Исабеков, тағы басқалардан құралған талантты топ осы кезеңде өздерінің мол творчестволық мүмкіндіктерін айқын танытты. Қазақ әдебиетінің табысы одақ және дүние жүзі көлемінде мойындалып, олардың тәуір шығармалары орыс және шетел тілдеріне аударылды.Ғ. Мү сіреповке Социалистік Еңбек Ері атағы берілуі, Ж. Молдағалиев пен Ә. Нұрпейісовтің КСРО Мемлекеттік сыйлығын алуы, О. Сүлейменов пен М. Шахановқа одақтық жастар одағы сыйлығының, С. Шәймерденов, З. Қабдолов, Р. Сейсенбаевқа одақтық кәсіподақтар сыйлығының берілуі қазақ әдебиеті жетістіктерін танудың белгісі еді. Т. Молдағалиев халықаралық Физули сыйлығын алды. Әдебиетіміздің дамуы, қазақ жазушыларының шеберлікке шыңдалуы реализмнің бай мүмкіндіктерін игеру жолындағы әр алуан көркемдік ізденістердің нәтижесі еді.
Қазақ прозасының бұл кезеңіндегі ірі табыстарын роман жанрынан көруге болады. Ол өзінің бұрынғы озық дәстүрін жалғастырды.
1984 жылы ұзақ үзілістен кейін Ғабит Мүсірепов «Оянған өлкенің» екінші кітабын «Жат қолында» деген атпен жариялады.
Ілияс Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазған соңғы шығармасы «Алтын Орда» атты үш томдық романы (1983). Мұнда ХІІІ ХV ғасырларда күшті мемлекет болған Алтын Орданың саяси қоғамдық, мәдени өмірі суреттеледі. Орыс тарихы мен әдебиетінде кездесетін (кейде оқиғаларды сыңаржақ көрсететін) еңбектер болмаса, бұл тақырыпқа бұрын бірде бір қазақ қалам тартып көрген емес. Осы жағынан алғанда, І. Есенберлин романы біздің раихи көркемдік ой пікірімізде жаңасөз. Онда Алтын Орданың біртұтас мемлекет болып қалыптасу, кемелдену кезі, құралу жолы қамтылған кейіпкерлер нақты іс әрекетімен көрінеді. Бату, Бірке, Өзбек хан, Орыс хан, Әмір Темір, Тоқтамыс, Едігелер қатысуымен өткен тарих кең сурет тапқан. Алтын Орданың Ресей, Қырым, Кавказ, Мауреннахр, Иран мемлекеттерімен байланысы ашылған.
Қазақ Ресей қарым қатынастарының басталуы мен күрделі жағдайда өрістеуін суреттейтін үлкен бір кең тынысты шығарма Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» (19811983) атты екі томдық романы. Әуелде көне дәуірдегі қазақ әдебиетін зерттеуші болған Мұхтар ХV ХVІІІ ғасырлардағы қазақтың жыраулық поэзиясын аша жүріп, «Аласапыранның» уақиғасына тап болғанға ұқсайды. Роман ХVІ ғасырдың аяғы, ХVІІ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ордасы мен Ресей мемлекеті арасындағы қарым қатынас тарихын қозғайды.
Қазақ орыс қарым қатынасының кейінгі тарихын (ХVІІІ ХІХ ғасырлар) Ә. Кекілбаев жазды. Оның «Үркер» (1981). «Елең алаң» (1984) романдары Қазақстанның Ресей құрамына кіруі мен содан кейінгі алғашқы дәуірдің күрделі қарым қатынасын суреттейді.
Әдеби шығармаға арқау болған адам мен қоғам тіршілігін мейлінше кең қамтып, алуан алуан даму кезеңдерімен тұтас жүйелеп, толассыз қимыл қозғалыс қалпында жан жақты жинақтайды.
«Роман» деген сөз дейді Пушкин, ойдан өрбіте баяндалған тарихи дәуір ұғымын береді. Белинский де романды «жаңа дәуір эпопеясы» деп түсіндірген болатын. Ал дәуірлік шындықты көркемжинақтау үшін жекелеген адам тағдыры жеткіліксіз,әр алуан әлеуметтік топтардың қым-қиғаш күрделі қарым-қатынастары, олардың мақсат-мүдделеріндегі бірліктер мен қарама-қарсылықтар, өмір тіршіліктеріндегі өзекті оқиғалар мен кезеңді құбылыстар кең қамтылып, терең тұтастырылуға, сол арқылы жалпы қоғамдық дамудың заңдылықтары танытылуға тиіс. Романның көлемі үлкен, мазмұны қат-қабат, сюжеті мен композициясы орасан күрделі болу себебі де осыған байланысты.
Романның туу тарихын топшылаудағы әр тарап пікірлерді өз алдына қойғанда, дәл осы атаудың шығу тегінің өзін әркім әр түрлі пайымдайды: біреулер орта ғасырдағы эпикалық шығармалардың роман (соntе roman) тілдерінде жазылуына байланыстырса, енді біреулер көлемді эпостың көне-дүниедегі Рим (Roman) сұлулығына ұқсастығынан пайда болған термин деседі.
Романның тууы туралы пікірлер де әр тарап: біреулер бұл жанрдың алғашқы белгілерін антик дәуірінің аяқ жағынан тауып жатса, біреулер көне шығыс әдебиетінен іздейді де, енді біреулер Орта ғасырдың рыцарьлық эпосынан өрбітіп шығарады. Ал роман теориясы мен тарихына соңғы кезде көбірек үңілген В.Кожинов болса, әлгі пікірлердің бәріне қарама-қарсы, бұрыннан келе жатқан «дәстүрлерді роман белгілі мағынада тіпті жоққа шығарып, өз бетімен оқшау, осы күнгі өмірдің тұп-тура өз топырағынан өсіп-өнді деген жаңа концепция ұсынады. Мұндағы мақсат — жанрдың тууын әлдебір пішінніц пішінге көшуі тәрізді тайыз ұғынбай, терең мазмұн метаморфозасы ретінде парықтау.
Сөз жоқ, романның тууы — кездейсоқ құбылыс емес, жалпы қоғам өмірі мен адам тағдырының тарихи өзгеру заңдылықтарына тығыз байланысты нәрсе.
Романның даму жолдары — өз алдына жеке тарих болса, сол тарихтың кезең-кезеңдерінде туып, қалыптасқан жанрлық түрлері тағы да көп. Орта ғасырдың «Тристан мен Изольдасынан» Ояну дәуірінің «Гаргантюа мен Пантагрэліне» келетін рыцарьлық эпостың бар бұралаңын түгел қозғамай-ақ, М.Сервантестің «Дон Кихотындағы» серілік сипатты айтқанның өзінде біраз шежіре шерткен болар едік. Бірақ бұл — әдебиеттің теориясы емес, тарихына қатысты әңгіме. Сондықтан біз романның әр тұстағы жекелеген жанрлық үлгілері ретінде Лесаж ден қойған плуттық роман, Дюма-көп жазған авантюралық роман, Вальтер-Скоттан басталатын тарихи роман, Бальзактан былайғы психологиялықроман, Жюль Верн өрбіткен фантастикалық роман, Чернышевский туғызған публицистикалық роман… болғанын атап қана тынамыз. Өйткені романды бұлайша түрлендіріп, әр түріне мінездеме беріп түгесу тіпті мүмкін емес. Түрлер шексіз; туған үстіне туындай береді. Мәселен, бір ғана Б.Томашевскийдің өзі утопиялық роман, семьялық роман, мещандық роман, бульварлық роман, роман-күнделік, роман-фельетон… деп жіпке тізе жөнелгенде ондаған түрді бір-ақ көгендеп тастайды. Оның үстіне, осынау атаулардың бәрі шартты екенін ескерсек, әрқайсысынан жеке-жеке қисын қорытудың қажетсіздігі өзінен-өзі айқын болуға тиіс.
Романның кең құлашты, мол тынысты синтетикалық жанр ретінде әбден кемелденген кезеңі — сыншыл реализмнің тұсы. Бұл ретте «көркем прозадағы Гомер мен Шекспир дәрежесіне көтерілген Толстой мен Достоевский» (Кожинов) романдарын айрықша атаған жон. Өткен ғасырдағы орыс романы осылар санатындағы алып суреткерлердің арқасында бір ел емес, бүкіл адам баласының көркемдік даму тарихында айта қалғандай адым жасағаны жұртқа мәлім.
Романның осындай кемелденген кезіндегі басты тақырыптары — жанрдың байырғы түрлерінен кездесетін қай-қайдағы серінің сергелдеңі, ала аяқтың амал-айласы, ожырайдың оспадарлығы секілді қара дүрсін хал-күйлер немесе аздаған әлеуметтік топтар арасындағы әр түрлі қырбайлықтар, жеке адамдар басында болатын кейбір көңілді түйсінулер мен кірбің-күрсінулер тәрізді күйкілеу көріністер емес, адам мен қоғам өміріндегі арналы шындықтар, күрделі құбылыстар мен кесек оқиғалар; шығарма мазмұнына арқау боп тартылар өзекті мәселе — халық тағдыры. Мазмұндағы мұндай салиқалы бітім мазмұнды пішіндегі жан-жақтылыққа әкелді: авторлық баяндау мен суреттеу, қаһармандардың монологтары мен диалогтары, әр тәсілді мүсіндеу мен мінездеу, жинақтау мен даралау, сөздегі сурет пен психологиялық дәлел, биік парасатты пафос пен терең философиялық толғам… — бәрі бірімен, бірі бәрімен ұштаса, ұласа келіп, романның бұрын-соңды болмаған үлгілерін туғызды да, тың мүмкіндіктеріне жол ашты. Мұның өзі_- жанрдың жақсы дәстүрін белгіледі. Жаңа ғасырдың Томас Манн мен Фолкнер, Гашек пен Хемингуэй, Мартен дю Гар мен Грэм Грин туғызған жаңа романдары әлгідей жақсы дәстүрде дамыды. М.Горький мен М.Шолохов бастаған жаңа заман жазушылары жазған романдар да сол игі дәстүрді тың өріске маңыта дамытты.
Қазіргі қазақ романы да осынау озат үлгінің өнегесімен дамыды; арғы-бергі жөн-жосығын өз алдына қойғанда, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білегінен» Мұхтар Әуезовтің «Абай жолына» дейінгі аз жылдар ішінде жасалған аршынды адымдар, дүр сілкініп, тік шырқап өсу — тек қана әлгідей үлы өнеге арқасында, халыктық пен реализм туының астында болмақ.
Қазіргіқазақәдебиетініңкөрнекті өкілдерініңбірі-ШерханМұртаза. Олнегізіненпрозашыболғанмен, әдебиеттің публицистика,көркем аударма, драматургия жанрларына бірдей үлес қосып келеді. Әдебиетке елуінші жылдардың соңын ала келген жазушы жарты ғасырға жуық шығармашылық жолында XX ғасырдың әр алуан аумалы-төкпелі кезеңдеріне сын көзбен қарап, сыншыл еңбектер жазуымен көзге түсті,оқырман ілтипатына бөленді.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28-қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ мекенінде дүниеге келген. 1950 жылы Жамбыл қаласындағы қазақ орта мектебін бітірген жас түлек Москва полиграфия институтының редакциялық-баспалық факультетіне оқуға түседі де, 3 курстан М.В. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне ауысып, оны 1955 жылы тәмәмдайды. Еңбек жолын Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторлығынан бастап бір жылдан кейін республикалық жастар газетінің редакциясына шақырылады. «Лениншіл жас» газетінің Қарағандыдағы тілшісі болып жүрген кезде ол ел өмірінің әр алуан мәселелерін көтере біледі. Қаламының жүйріктігімен көзге түскен жас журналист республикалық аға газет «Социалистік Қазақстанның» тілшісі, әдеби қызметкері болып, ел өмірінен очерктер мен әңгімелер жариялайды. 1963-70 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы болып істейді. 1971-1980 жылдары «Жазушы» баспасының директоры, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының редакторы, 1980-1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы қызметтерін атқарады. 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы, 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істейді. Біразжыл ҚР Парламентініңмәжілісінде депутат болды.
Осы жылдары ол қазақ әдебиетінің рухани қорын «Құрылысшы Дәку» (1958), «Табылған теңіз» (1964), «Бұлтсыз күнгі найзағай» (1965), «Белгісіз солдаттың баласы» (1966), «Мылтықсыз майдан» (1969,1977), «41-жылғы келіншек» (1972), «Ахметжанның анты» (1973), «Интернат наны» (1974), «Қызыл жебе» (1978,1980), Екі томдық таңдамалы шығармалары (1982), «Тұтқын бала» (1983), «Қара маржан» (1986), «Жүрекке әжім түспейді» (1987),Жұлдыз көпір» (1984,1991), «Не жетпейді?» (1990). «Тамұқ» (1994) Ай мен Айша» (1997), «Елім, саған айтам, ел басы сен де тыңда!» (1998), «Ақындарменәкімдер» (2002) атты кітаптарымен байытты. Оның туындылары одақтық және шет ел халықтарының тіліне аударылды.
Осымен қатар ол Г. Х. Андерсеннің әңгімелерін, венгер халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботакөз». «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет», «Жанпида» шығармаларын, Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л. Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалап, қазақ тілінде бастырды.
Жазушы «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Қазақ КСР-не еңбексіңірген Мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы.
Шерхан Мұртазаның шоқтығы биік ірі туындысы — бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» атты ғұмырнамалық романы. Кітаптың басында: «Революцияның Қызыл Жебесі Тұрар Рысқұловқа ескерткіш», — дейді автор. Романның бірінші кітабының басты кейіпкері — Рысқұл. Ол — Тұрар Рысқұловтың әкесі, қазақ әдебиетінде бұған дейін жазылған М.Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасының» кейіпкері. Бұл тақырыпқа қайта оралу жазушыға оңайға түспегені анық. Мұхтар Әуезов жазып кеткен сол оқиғаны Шерхан Мұртаза қалай алып шығар екен деп, оған бүкіл әдебиетші қауым көзін тікті. Бірақ, Шерхан бұл сыннан мүдірмей өтті. Екі шығармаға арқау болған бір оқиға, бір шешім болғанмен, оны екі жазушы екі түрлі өрбіткен. «Қараш-қараш оқиғасының» бірінші нұсқасындағы бала Құрал екінші нұсқада Сейіт болып өзгертілген. «Үлкені Сейіт он жаста» — бұл Тұрар Рысқұлов. Бақтыгүл — Рысқұл Жылқыайдаров. Ол Шымкент уезінің Майлыкент болысында дүниеге келіп, кейін Верный уезінің Шығыс Талғар болысына қоныс аударған. Оның барымта үшін қамалып, кейінахалинге жер аударылғаны да рас. Тектігүл — өмірлік дерегі жоқ, әдеби көркем бейне. Алғашқы нұсқадағы -қара қатын» екіншіде «Қатша» болып өзгертілген. Ол — Рысқұл Жылқыайдаровтың әйелі Ізбайша Қорғамбайқызының әдеби бейнесі.
Ал «Қызыл жебенің» негізгі кейіпкері Тұрар болғандықтан оныңәрбір ойы, сөзі, ісі, тіпті көзқарасына дейін жазушы назарында отырады. Негізгі айырмашылық жекелеген көрініс, жекелеген оқиғаларда болғанмен,шешім бар. Осы шешімге ол жазушы әр түрлі әдіс — тәсілдермен келген. Салыстыра қарап отырғанда, Тұрардың өмірі мен қызметін, оның ата – бабасының өмір тарихын Шерхан Мұртазаның жете зерттегені анық аңғарылады. Ол әрбір оқиғаны барынша мұқият бейнелеген. Біріншісінде барымтаның құрбаны болған, екіншісінде Итжеккенді сезетұрып жазығы үшін көзсіз батырлыққа барған Рысқұл бейнесінен қанаушыларға деген наразылықтың шегіне жетуін көреміз.
«Қызыл жебе» Верный түрмесінің бастығы Приходконың жер аударылып келген Бронников пен қазақ алпауыты Рысқұлды бір торға қамап, екі жолбарысты өзара таластыру мақсатынан басталады. Тұрармен ең алғаш Прикодканың шоқындыру ниетімен шіркеуге алып келген сәтінен кездесеміз.
Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» (1978) романында халқымызға аты кеңінен мәлім ақын, композитор, әнші Жаяу Мұса өмірі, оның адамгершілік, ақындық, қайсар қайраткерлік, күрескерлік бейнесі сомдалған. Романда Жаяу Мұсаның әншілік, ән шығарғыштық, таланты, адамгершілік қырлары жете ашылады, Ол Ақансері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Сегіз серідей емес, орысша сөйлеп, жаза алатын сауатты, замана сырына сұңғыла, тура және тауып сөйлейтін алғыр, шыншыл, әділ, адал адам болған. З. Ақышевтыңшығармашылық табысқа жетуінің басты себебі — ол кейіпкері Жаяу Мұсамен бір ауылда өсіп, 99 жасқа келіп өмірден өткен кейіпкерін көзімен көрген. Есі кіре бастаған шағынан атақты жерлесі жайлы аңыз-әңгіме, шежірелерге құлақ қойып, тыңдаудан жалықпаған, кейіннен құжат ақтарып, дерек, мағлұматтар жинап, ұшан-теңіз фактілерді қорытып, шып-шымыр роман жазып шыққан. Қаламгер негізгі кейіпкерінің көркем образын жасау үшін оны оқшау алмай, көптеген тарихи оқиғалар мен әлеуметтік-таптық ортаның өкілдерімен тығыз қатынаста, шиеленіскен қайшылықтар үстінде мүсіндеген. Жаяудың айқасатын жаулары да мықты. Теңіздегі жайын тәрізді майда-шүйделерді қылғыта беретін Боштай, Мұса, Мұстафа Шормановтар, даланың алпауыттары. Төрт құбыласы сай, айдыны асқан, көкірегі көкті тіреген Шорман ауылының сыртынан ән салып өткені үшін «жарты патша» Мұстафадан таяқ жеп, атынан айрылған Жаяу, тіпті әкесі азан шақырып қойған Мұса деген есімінен айтылады. Жуандықтың тоғыз өрім қамшысын тұщы етіне дарытады. Бірақ қиянат, қорлық-зорлық оны жасыта алмайды, қорлауға төзбей, өктемдікке қарсы тұрып жағаласқан қайсар ақынның бейнесі әр қырынан сілемденіп, қиянаткерлердің жыртқыш кейпі, зұлым ұсқыны әр жағынан ашылады. Романның танытқыштық, дәуір тынысын сездірерлік, көркемдік-эстетикалық қуаты мол. Туған ауылы Жасыбай, Ақкелін-Далбадан бастап Кереку, Қызылжар, Омбы, Түмен, Петербург, Әулиеата т.б. жерлердің рельефі, бедері, географиялық атаулары, табиғаты қызықтыра тартып әртүрлі елдердің адамдары, түрліше мінез-құлық, әрекеттермен таныс болады.
Қаһармандар жағымды-жағымсыз мінез-қылықтарымен қатар, пендеге тән күрделі әлемімен де көрінген. Демек, адамның жақсы-жаман болуы әлеуметтік тегіне қатысты емес. Мәселен, Құдайберген болыстың алды кең, Мұстафа бәйбішесі Ақжан-мейірбан, Мұстафаның тоқалы Айкүміс — мыстан, Шоқан -демократ, ұлтжанды, генерал Черняев — қанішер, шовинист… З. Ақышев кейіпкердің сыртын сылап-сипай бермей, ішіне үңіледі. Көркемдік кестесі де құптарлық. Романның сөздік қоры бай, сөйлем құрылысы ширақ, оралымды бейнелеу құралдары көркем. Стилінде іс-әрекетті сипаттау, әңгімелеу шешуші орын алады. Әйтсе де, Жаяу Мұса» романында әнші-композитордың таза шығармашылық адамы екені халқымыз сүйіп айтып, кең тараған «Ақсиса», «Хаулау», «Сұрша қыз» әндерінің дүниеге келу процесіндегі Жаяудың психологиялық құбылысын бейнелеу жағы жетіңкіремейді, көлденең жайларды баяндауға жол беріледі.