Парсы әдебиеті және бүгінгі тәжік әдебиетінің бастауында тұрған Шығыстың жеті жұлдыздарының бірі – Сағди. Толық аты-жөні –Муслихаддин Әбу Мұхаммед Абдоллах ибн Мушрифаддин. Сағдидың дүниеге келген кезі шамамен 1203–1210 жылдар кезеңі. Дүниеден әдебиет классигі 1292 жылы 9 желтоқсанда өткен. Шираз қаласындағы дін қызметкерінің отбасында өскен.
Сағди Шығыс поэзиясында таза лирикалық, ғазел жанрының негізін қалады. Көңіл–күйге, сезім иірімдеріне құрылған шығармаларының табиғаты шынайы әрі өміршең. Болашақ ақын әрі философ Сағдидың ақындық өнер мен ғылым жолын таңдап алуына әкесі көп ықпалын тигізген. Алайда, буыны қатып, ой-өрісі қалыптаспай–ақ, әкеден он үш жасында айырылады. Өмірлік бағыт-бағдарының күрт өзгеруіне әке өлімі ерекше әсерін тигізеді. Тіршілік атаулысының қиындығын бастан өткеру, талайлы тағдырды кешу жас ақынға оңай болмады. Өмір талқысынан, сынағынан өтеді. Бұл оның өмірді ерте тануына, оған бейімделуіне, сонымен бірге өзіндік қорытынды жасауына мүмкіндік берді.
Сағди өзінің соңыңда екі бірдей ғажайып туынды қалдырған. Бірі- “Жаннат”, екіншісі-“Гүлстан”. Екі шығарманы да қазақ тіліне тәржімалаған қазақтың белгілі ақыны Мұзафар Әлімбаев.
Сағдидың “Гүлстан”атты поэзиялық және прозалық үлгіде жазылған шығармасы 1258 жылы жарияланған. Ақын осы еңбегін Шираздың билеушісі Әбу Бәкір ибн Сағдиге арнаған және сыйға тартқан. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев Сағдиды Шығыстың өзге де жеті жұлдыздары – Физули, Шамси, Сайхали секілді ақындарымен бір қатарда айтып, олардан өзінің ақындық шабытына медет беруін тілейді. Сондай-ақ, Абайдың” Алла деген сөз жеңіл”, “Әсемпаз болма әрнеге” деген өлеңдері және отыз сегізінші қара сөзіндегі ой-тұжырымдары Сағдидың адамгершілік туралы ой-пікірлерімен ұштасып, қабысып жатады.
Сағди “Гүлстан” атты еңбегінде өмір, уақыт, заман және адами – рухани құндылықтар туралы жан-жақты ой толғайды. Аталған шығармадағы көкейкесті мәселелер бүгінде де өз құнын төмендеткен жоқ.
Сағди өмір сүрген тұс — әйгілі Шыңғысхан әкелген аласапыран уақытпен тура келгендігінде. ХІІІ ғасырдың бастапқы он жылдығы Шыңғысхан жорығымен айшықталады. Сағди сол кезде өз Отанын тастап, шетке кетеді.Бағдад қаласында тыныс-тіршілік етеді. Мұнда “Низамия” медресесінде тәлім- тәрбие алады. Соңыра “Мустансирияда” дәріс тыңдайды. Осынау оқу орнында діни қағидаттармен біргелікте жаратылыстану және қоғамдық пәндер оқытылатын. Сағди ислам дінінің негізі — Құран және оған түсініктеме ілімдерін үйренеді. Сондай-ақ, философия, медицина, математика, тарих, зоология, логика, поэзия жайлы жан-жақты білім алады. Бағдад шаһары Сағдиге Құран мен оның хадистері және араб поэзиясы туралы терең білім дарытты. Бұл оған келешекте өзіндік ой-пікірі, көзқарасы мен дербес дүниетанымының қалыптасуына мықты негіз болды.
Сағди қырық жыл бойы әлемнің әр қиырын аралады. Көпті көрді. Көңілге түйгендері мол болды. Көзбен көргендері және ойдан өткізгендері хақында өз шығармаларын жазуға осылардың бәрі түрткі болды. Ойға, ғибратқа тола дүниелерді тудыруға қозғау салды. Сағди араб елінің қасиетті мекені Меккеде болды. Үндістан, Орта Азия, Шығыс Түркістан, Солтүстік Африка елдерін аралап шықты. Иерусалим құмында крест тағушыларға қарсы соғысады. Тұтқынға түседі. Кездейсоқ бір саудагер оны сатып алып,өзінің қиқар қызына үйлендіреді. Сағди одан қашып, Шам қаласына келеді. 1257 жылы туған еліне оралады.
Сағди шығармалары әлем әдебиетіне өз әсерін тигізген. “Гүлстан” атты шығармасы 1634 жылы француз, 1635 жылы неміс, 1651 жылы латын тілдеріне аударылған. Оның поэзиясының ғаламат күші болғандығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Орыс әдебиетінде ХІХ ғасырдың басында пайда бола бастады. Аса көрнекті ақын А. С. Пушкин Сағдидың поэзиясын қатты бағалағандығы белгілі. Және де бір орыс классигі Л. Н. Толстой Сағдидың “Гүлстан” атты шығармасындағы адамгершілік ой-толғамдарынан үзінділерді толық әрі тұтастай аударған.
“Гүлстан” әдеби түрғыда орындалуы деңгейі жағынан тағылымы мол шығарма. Сағдидың көзі тірісінде –ақ бұл кітап өз оқырмандары тарапынан лайықты бағасын алған. Автордың поэтикалык ой орамдары нақыл сөзге айналып жалпыадамзаттық құнды дүние болып танылған. Бүгінде де ақын шығармасы өзінің философиялық, ғибраттық, тағылымдық мәні мен мағынасын жоғалтқан жоқ.
Қазақтың айтулы сөз шебері, қарымды қаламгер, ақын Мұзафар Әлімбаев “Гүлстанды” тек аудармашы ретінде ғана емес, шығармашылық тұрғыда, көркемдік үдеріске сай, төл әдебиетімізге құнды дүние қосты деп есептейміз.
“Гүлстан”кітабы “Кіріспеден” және 8 баптан яки тараудан тұрады. Әр тараудың өзіндік тақырыбы, көтерер жүгі бар. Олардың әрбірі ақынның өз өмірі, жинаған тәжірибесі, көкейге тоқыған ой-пікірлері, тұжырымдары, толғаныстары. Ақын оларды ойдан, қиялдан алмаған. Хикаяларды бүкіл болмысымен, жан-тәнімен өз бойынан өткізген. Кітап сонысымен құнды, бағалы әрі қымбат.
Қазірде төл дініміз ортамызға қайта оралғанда Алланың атымен басталған Сағдидың “Гүлстан” атты кітабында күнәсі ауыр пендесін Алланың кешірімшілдігі соншама, өз ырыздығынан, несібесінен айырмайды дейді. Шын тілесе, жалбарынса тілеуін берем, неге десең өз пендемнен қысыламын дейді Алла. Сағдидың осынау ой-тұжырымдары Құранның және Пайғамбар хадистерімен сабақтасып жатады.
“Әкімі ақынын іздеген ел — бақытты” демекші, Сағдиға Шираздағы парсы әмірі Мұзафараддин Әбубәкір Саидұлы Зенги (1226-1258) назар аударған, қолдап –қуаттаған. Оны ақын осы шығармасында ашық айтады да. Ақын ең алдымен осы орайда өз ойын былайша білдіреді. ”Алла-Тағала, мұсылмандарына ұзақ ғұмыр сыйлап, бағын аш, оның жақсы қасиеттерін көбейтіп, достары мен әр жерге қойған әкімдерінің мейірін өсір, қас дұшпандары мен қырбайларын жер ет, өзі Құранды жастанып жатып оқығаны үшін оның патшалығын қауіп-қатерден сақта, мұрагерінің өмір жолы ізгі болғай!”-дейді.
Сағди “Гүлстан” шығармасының жазылу себебін де түсіндіреді. Ғұмырының қорлықта, жоқшылықта өткендігін еске түсіреді. Ақын жасының елуге келгенін, ендігіде өмірдің азы қалғанын еске түсіреді. Алдағы күндердің қадіріне жетуді үндейді. Өмірге келген жан үй салар, жалған досты да көрер, жақсыны да, жаманды да жолықтырар дейді. Базарға құр алақан барып, қапшығыңды толтыра алмассың деп ғибрат айтады.
Сағди да жүз жылға жуық тірлік кешкен өмірінің бел ортасында тіл мен сөзден тыйылып, қалған ғұмырын дұғаға арнауды, көргені мен түйгендерін қағазға түсіруге арнағандай.
Сағди құрғақ та қызыл сөзбен емес, ақылға, ғибратқа, тағылымға толы шығарма жазуды қолға алуды жөн санайды. Сөйтіп, ақын “Гүлстан” шығармасын өз оқырмандарына ұсынады. Бұл кітаптың екінші атауы- “Райхан бағы”, яғни райхан гүлінің гүл-гүл жайнаған мекені жайлы ғибратнама. Оқиғаға, сюжетке, көркем сөз бен кестелі сөз орамдарына оранған ойлы, парасатты толғамдар.
Адам баласының сөз өнері, сөйлеу мәнері, шешендігі жайлы ой-пікірі де ерекше, өздігінше айырықша. Мәселен, уәзірдің сөзінде бір мін бар деп ой түйеді үнді данышпандары. Ол-уәзірдің әр айтыс – тартыста айтар сөзін тым ұзақ ойланып – толғанып айтуы дейді. Бірақ уәзір бұған келіспейді. Осыны неге айттым деп өкінгенше айтар ойымды ойлап айтқаным абзал емес пе дейді уәзір. Аз сөйле, мәнді сөйле, тыңдаушыны мезі етпе деп ой түйеді ақын-философ әрі психолог Сағди. Лұқман Хакімнен “Даналықты кімнен үйрендің ?”дегенде, ол: “Соқырлардан үйрендім. Олар алдын аңдамай, сыйпалақтап байқамай, қадам жасамайды” деген ғибратты әңгіме де есте қалар есті сөздердің бірі дер едік.
Сағдидың пікірінше, дүниеде бәрі салыстырмалы. Бәрі де салыстыру арқылы бағаланады. Мысалы, тышқанға мысық дәу арыстан болса, жолбарысқа мысық тышқанмен бара-бар. Бұл –Сағди ақынның пәлсапалық байламы. Сондықтан да, күшті яки әлсіз деген ұғымға орынсыз күпсінуге болмайтындығын ақын мысалдар арқылы өз оқырмандарын ойлантады. Шығармаға сирек кеддесетін хикаялар, тәмсілдер, ғибраттар, өлең-жырлар, аңыздар ендірілген. Осылардың негізінде “Гүлстан” шығармасы ғасырлардан ғасырларға көшіп, әлі күнге дейін өз оқырмандарының ілтипатына бөленуде . Кітаптың жазылу уақыты да шығармада Сағдидың өз аузымен нақты айтылғандығын да атап айтуға тиіспіз. Сағди еңбегі өзі айтпақшы, гүлзар бақ. Ол да пейіш секілді сегіз бөлікке, яғни сегіз бапқа бөлінген. Олар:падишалар ғұмыры, дәруіштер дәстүрі, қанағаттан –шарапат, жақ ашпаудың жақсылығы, махаббат және жас дәурен, қарттық пен қайрат тайғандық, тәрбие тағылымы және орайласу өрнектері немесе әдеп сұхбаты. Осы тақырыптар ауқымындағы Сағдидың ой–толғамдары оқырман қауымды жалықтырмайды, әрі ойдың әрадайым сергек болуына, тиісті қорытынды жасауға мүмкіндік тудырады.
Сағди ел басқарған патшалар көп жағдайда адам тағдырын шешетінін айта отырып, олардың сезім жетегінде кетуіне айрықша тоқталады. Әрбір іс -әрекет, айталық сөз кең пішілген байыпты ақылмен суарылуы қажеттілігін ескертеді. Бұл да Құран аяттарында ашу мен кекті басып, адамдарға кешірім жасағандарға жаннаттың есігі ашық деген қасиетті сөзімен үйлесім табады. Тіршілік дүниесіне жалған дүние ретінде қарап, адамдарды иманды болуға шақырады. Бірінші–жетінші баптар шағын–шағын он төрт–қырық тоғыз хикаялардан тұрады. Сегізінші бап сұхбат түрінде, диалог, монолог, тұжырымдама, түйіндеме іспеттес нышанда берілген.
«Гүлстан» кітабы тың ақыл-ойлар мен ғибраттан, тағылым аларлық даналық хикаялардан, нақылдардан, ескірмес есті сөздерден тұрады. Шығарманың жағымды, көркем мінезді болуға, жағымсыз әдеттерден, дағдылардан арылуға ықпалы мен әсері мол дүние деп білеміз.
Қазынаны ұрлап, кейін қолға түскендердің арасында бозбала жігіт те болады. Патша оны да өлтіруге бұйрық береді. Ара түскен уәзірдің сөзіне уәж айтады. Жамандықты ойлаған адам кейін де жарқырайтын ой айтпайды дейді. Бірақ уәзір бозбала көкірегі таза жандар арасында тәрбие алса, кеменгерлердің қасиетін бойына дарытар еді дейді. Әлі де жас қой деп, қорған болады. Әр бала бастапқыда мұсылман болып туады, тек кейін әкелері оларды жөйіт немесе отқа табынушы етіп шығарады деуі, тәрбие бастауының түп –тамыры жастық шақта дегенді меңзейді. Өйткені, бүгінгі педагогика ғылымы да жас кезде адам баласының ой-өрісі, дене пішімі не нәрсеге болса да бейімделгіш, иілгіш келетіндігін ділелдеп отыр. Алайда, патша жігітке азаттық бергенімен, одан келешекте қайыр күтіп отырған жоқпын деп, кесімді сөзін айтады. Сөйтіп, бозбалаға ұлағатты ұстазды бекітіп, әдептілікке, ел -жұртпен сөйлесе білуге, әңгімелесу өнеріне баулиды. Уәзір де бозбаланың жақсы қасиеттеріне, алғырлығына тәнті болады. Бірақ патша бөлтірік адамның қолында өссе де, бәрібір бөрі болатындығын алға тартады. Арада біраз жылдар өтеді. Сол маңдағы ұры-қарылармен байланысып, әлгі бозбала өзін бағып–қаққан уәзірді, оның екі баласын өлтіріп, қыруар қазынаны алып кетеді. Жақсылыққа жамандық жасаған бозбаланың тірлігіне өкінген патша оңбаған адамға қаншама жақсы тәлім бергенмен, одан жақсы адам шықпайтындығын айтады. Өсімдік әлемінде де солай болатындығына мысал келтіреді. Мәселен, райхан гүлзарда өседі, тақыр жерде тікенек қана бой көтереді дейді. Хикая мазмұны осындай қарапайым оқиғаға құрылғанымен, айтары бар, тағылымы мол ғибрат екендігінде ешқандай дау жоқ.
Халқымызда «Асыл тастан, ақыл жастан» деген асыл сөз бар. Сағдидың «Гүлстан» атты кітабында да халық даналығындай естілетін ғажайып сөз орамдары бар. Мысалы, «Дәулет, дүние малда емес, дарындылықта, ұлық-ұлғайған жаста емес, ақыл -парасатта» .
Дүниенің өзі қарама–қайшылықтан, жақсылық пен жамандықтан тұратыны белгілі. Десек те, адам баласы үнемі жақсылыққа ұмтылады. Зияннан, кесірден, күншілдіктен, қылмыстан арылуға тырысады. Сағди айтқандай, жарқанат күндіз көре алмаса, оған күн кінәлі емес. «Падишалар ғұмыры» бабында патшалардың абырой мен беделі өз халқына деген адалдығында дейді. Өз халқына адал болған патшаның елі мықты болады. Егер де елі, халқы езілсе, патшаның күні қараң болады, тақтан құлайды дейді Сағди.
Байлық және оны жұмсау жайлы да Сағди он үшінші хикаяда жете түсінік береді. Үстінде лыпасы жоқ адамға патша мың динар береді. Кедей соншама ақшаның түбіне аз күннің ішінде су құяды. Сөйтіп, патшаға қайтып келеді. Қолына түскен қазынаны көзді–ашып жұмғанша шашып жіберген адам көзімнен жоғалсын дейді патша. Уәзірі де қаражатты үйіп -төгіп бермей, анда–санда берген жөн–ау дейді. Өйткені, қолында байлық болмаған адам оны дереу құртуды ойластырады. Кезінде кеңес өкіметі орнағанда байлардың мал–мүлкін кедейлерге бөліп беру нәтижесінде қолына азын–аулақ дүние , мал тиген кедей–кепшік «қой көрмеген –қуалап өлтіреді» дегеннің кебін киіп , бүкіл малды той -томалаққа арнады немесе оны бағып –қағудың ретін таба алмай , рәсуа еткендігі белгілі.
Сондай –ақ, әскерді аш ұстау елді жеңіліске ұшырататынын Сағди атап айтады.Сарбаздан пұлын аяса, патша жолына жанды пида ету мүмкін емес дейді. Тоқ сарбаз батыл түрде күреседі, ал аш сарбаз қашуға бейім тұрады деуі – сөзіміздің дәлелі .
Орман патшасы арыстанның сарқытын ішіп–жеп, өз күнін көріп жүрген сілеусін соның арқасында қас дұшпандарынан да қаймықпайды екен. Сонда одан сұрапты.
— Сен неге арыстанның жанында жүрмейсің?-деп. – Оның айбары мен үшін өте қауіпті,-депті сілеусін . Отқа табынушы өмір бойы от жағумен өтсе де , бір рет отқа түссе, жанып кететіні секілді сілеусіннің өмірі үшін қауіпті нәрсе — ол арыстан дейді Сағди.
Шығыстың жеті жұлдыздарының бірі –Сағди «Биіктік киімде емес , білгірлікте» деп, білімділікті, парасаттылықты, имандылықты, әдептілікті жоғары қойған. Оның шығармаларында адамгершілік пафос тақырыбы негізгі өзек болып өрілген.
Халқымыздың аса данагөй ойшылы Әл – Фараби «Тәрбиесіз білім -қауіпті» дегеніндей, тәлім мен тәрбиенің егіз болуын қалайды. Бұл оның өмірді көріп, оның ащы –тұщысын татып, бай тәжірбиеге ие болғандығы нәтижесінде тұжырымдалған қорытындысы еді.
Сағдидың «Гүлстан » атты еңбегіндегі заман, уақыт, адамгершгілік, әдеп мәселелері бойынша ой –пікірлерімізді жиақтай келіп, мынадай қорытындыға келеміз.
Біріншіден, Сағди туындысы өміршеңдігімен, шынайылығымен құнды. Оның шығармалары өмірдің бай тәжірбиесін жинақтау арқасында дүниеге келіп, бүгінгі оқырмандардың да рухани әлемін байытуға айрықша үлес қосып отыр.
Екіншіден, ақын әрі философ, кемеңгер ойшыл Сағдидың осынау шығармасы қазақ әдебиетіне, оның көрнекті өкілдерінің туындыларына өз әсерін тигізген.
Үшіншіден, Сағди туындысының басты ерекшелігі – оның нақыл сөздей оқырмандар жадында сақталуында. Бұл ақын шеберлігінің басты қыры.
Сағди өз шығармасымен қалың оқырмандар назарын аударды. Әлем әдебиеті, әсіресе, Батыс Европа елдерінің әдебиеті ақын шығармаларын өз тілдеріне аударып, оның рухани-ой әлеміне тәнті болды.
Шығыс әдебиетінің белді өкілдерінің бірі – Сағди қашанда өзінің шынайы жазылған, терең ойға, кешенді парасат-пайымға қаныққан туындысымен алдағы уақыттарда да әдебиет әлеміндегі жарқыраған шоқ жұлдыздай жайнап, жарқырап тұра бермек.
Адамзат баласы үшін алма-кезек алмасыпжатқан қоғам өміріндегі рухани құндылықтар да оның кей тұстарында құлдыраған шақтарда Сағди еңбегі өзінің асыл болмысын, қымбат құндылығын ешқашан жоғалтпақ емес.
Оның поэзиялық әрі прозалық үлгідегі кітабы уақытқа бағынбайды. Әрқашан жолнұсқа, бағдаршам секілді биік деңгейдегі көркем әрі заңғар ойлы дүние болып, оқырман есінде қала бермек.