Қазақ әдебиеті әлемдік әдебиетпен иықтаса алатын деңгейде екендігіне еш күмән жоқ. Бір ғана әттегене-айы – әлемдік тілдерге толыққанды аударылмай, насихаты кемшін түсіп жатқаны дер едік. Әйтпесе, тәуелсіздік алған ел әдебиетінің көркем туындыларының арасында бәйге атындай суырылып алға шығып, мәреге сынаптай ағатын дүлдүл шығармалар аз емес. Тіпті, көп те. Оларды көре білу қажет. Талдап, сараптау да керек.
ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында-ақ қазақ әдебиетінің көсегесі көгеріп, жапырағы жайқала бастаған-ды. Оған мысал ретінде халқымыздың айтулы қаламгері Жүсіпбек Аймауытовтың ХХ ғасырдың 20-жылдарында жазған «Ақбілек» романын айтсақ та жеткілікті. Көркем сөзбен, тілдің майын тамыза кестелене өрнектелген осынау романды оқып шыққанда, ескірмейтін, мәңгі құлпырып, жайнай беретін төл тіліміздің құдіретімен қайтадан қауышқандай боласың. Тіл тағдыры алмағайып болған заманда қолдан жасалынған саясаттың салқыны тиіп, ұзақ уақыт оқырманның назарынан тыс қалған «Ақбілек» романы қазақ әдебиетінде көркем әдебиет дәстүрі мен оның поэтикасы тым жоғары болғандығынан хабар береді.
Роман жанрының бастауы болған «Ақбілек» романы қазақ әдебиетінде классикалық туындының дүниеге кездейсоқ келмегендігін, төл тіліміздің қабілеті мен қуаты әбден жеткілікті екендігін бірден-ақ аңғартты. Қуатты шығарма қазақ әдебиетінде роман жанры мектебінің қалыптасуына, нығаюына елеулі түрде ықпал етті.
Шығарманың басты ерекшелігі – тілінің көркемдігінде. Романның бір деммен оқылатындығында. Поэтикалық, ақындық тілдің проза үлгісінде шешен тілмен шебер үйлесуінде. Көркем тіл қуатының өміршеңділігінде. Шығармадағы жай сөйлем де, құрмалас сөйлем де кібіртік таппай, көсіле шапқан тұлпардай толқын-толқынымен үстемелене, орамды ойларымен орайласа білуінде дер едік. Мысал келтірелік: «Марқакөлдің шыныдай тынық суы да, көл жиегіндегі иірім-иірім ауыл да, пырылдап, кісінеп, оқыранып, өріске бара жатқан жылқы да, жылқышының қызыл алатісті тымағы да, анау қозы алып жүрген қайқы төс келіншектің жасыл көйлегі де, аттың жалы да, жеңгесінің басындағы күлдібадам орамал да батар күннің сарғылтым сәулесіне шомылып, жер-дүние сары көзілдірікпен қарағандай жымыңдап, саңғырап тұрғанда, Ақбілек туып өскен ауылына жетті. Ауылда иттер шуылдайды, қорада қой маңырайды. Аспанда торғай шуылдайды. Қырындап ұшқан құс. Сары ала керек аулап, мыңқылдайды. Енесін іздеп, ауылда лақ безілдейді.»
Мінеки, суреткер жазушының кең көлемді жанды суреті мен оқырман қауымының жаны жадырап, осылайша табысады. Бұндай көркем көріністер романның басынан аяғына дейін ешбір үзіліссіз кездесе береді десек, артық айтқандық емес. Жазушы роман жанрына тән табиғатты, кейіпкерлер әлемін суреттеу тәсілдерінде қарымды қаламгерге тән биік талғам, бай тілді игеру, туындының талап деңгейінен көріне білуі секілді әдеби-көркем, теориялық, және табиғи талант қырларын жете меңгергенін анық байқауымызға болады.
Елімізге аты да, заты да мәлім Алтай өңіріндегі ел, ондағы суы тұнық Марқакөлді суреттеуден басталған романда қазақ қызы – Ақбілектің тағдыры туындыға өзек болған. Табиғаты айрықша өр Алтай мен оның айнадай жарқыраған Марқакөлінің жанындағы Мамырбай мен оның бәйбішесінің мал-дүниесі, қызы Ақбілегі тып-тыныш ғұмыр кешіп жатқан-ды. Бірақ бір күні салт атқа мініп ауылға келген үш орыс нәпсінің жетегіне еріп, Ақбілекті іздеп, елді ойран-топыр етеді.
Бірақ Ақбілекті дұшпан көздерден анасы қаншама жасырғанымен, оны қараңғыда жүрген бір ала атты тауып береді. Қызын арашалап алмақ болған ананы дұшпан ниетті үш орыс құлатып, өз дегендеріне жетеді. Ақбілекті атқа өңгеріп әкетеді. Олардың соңынан қуған жігіттердің бірі оққа ұшады.
Оққа ұшқан жігіттің есімі – Бекболат. Ол бұрын байдың баласы болған. Ендігіде сол байлықтың аты бар да, заты кемейген. Әкесі бұрын ауылнай би болған. Бекболат Ақбілекті елден таңдап жүріп айттырады. Ғашық болады. Ақбілекті іздеп оның ауылына келеді. Қараңғылықта Ақбілектің жанұшыра көмек сұрап айқайлаған дауысын есітіп, екі аттылы адамның соңынан қуа жөнелді. Бірақ оң иығынан оқ тиеді.
Ал Ақбілекті аттың үстіне өңгеріп алып кеткен офицер Ресейден келген. Ол – ақ офицер. Большевиктерге бағынбаймыз деп қашып жүрген жан. Олардың кейбірі Қытайға да өтіп кеткен. Жетпіс шақты офицер Алтайға келіп тығылады. Күн көріс қамымен қазақ ауылдарына қырғидай тиіп, оларды әуре-сарсаңға түсіреді. Қазақ қыздарының қара көздеріндегі сиқырлы күштің Еуропа әйелдерінен кем емес екендігін орыс офицері жақсы біледі. Қылымсуды, еркекке жағынуды үйренбегенінен де хабардар. Бірақ өздері жас болғандықтан, сезімдері жетілгендіктен, олар іштері пысып, тыныш жатқан ауылдың қыздарына тисетіні де рас-ты. Сол үшін де өмірден ләззат алып қалу үшін бастарын өлімге тіккендері де жасырын емес-ті. Сондықтан да, орыс офицері бәрібір алда өлім күтіп тұрғандықтан Ақбілекті зорлап әкеткенін өзінше ақтап айтады.
Романда суреттелетін Мұқаш бейнесі де күрделі. Ол Тойбазардың ұлы. Жастай байдың малын баққан. Кейінірек жылқыға қараған. Етінің тірілігі арқасында қалың беріп, үйленген де. Соңыра өзге біреулердің есігінде жүргенді қорлық санап, Өскемен, Зайсан, Семей жаққа барып жұмыс істеген. Азын-аулақ орыс тілін меңгереді. Өзі сонымен бірге күшті де. Қарулы келгенге әлі де жетеді. Елде төңкеріс орнаған соң, большевиктердің жағына өтіп кетеді. Өзіне қарсылық білдіргендерді қалайша жасытып, жасқантып алудың да айла-тәсілдерін меңгереді. Қолына берген бесатарын мойнына салып, қорқытып, үркітіп, олардың басынан асыра атып, өз пайдасын ойлай бастайды. Бірақ ел ішіне көрсеткен теріс іс-әрекеттері, пара алғаны мәлім болады. Өзі болыстыққа сайлауға түспек болғанда, бұның үстінен Мамырбайдың ұлы арыз жазады. Мұқыш мылтығынан айырылады. Сөйтіп, ақтарға жолығады. Соларға қосылады. Олар оған жақсы қыз тауып бер дегенде, Мамырбайдың Ақбілегін айтады. Қыздың ағасына ол осылайша кек қайтарады. Ақбілек зорлықтың тауанына тап келеді.
Ақбілектің әдемілігі, ақылдылығы, әрине, орыс офицерлерін де қызықтырады. Олардың басшылары да өзара өшігеді. Дуэльге шығып, бірін-бірі өлтіреді. Тілмаш арқылы Ақбілек ендігіде өзін дуэльде тірі қалған орыс офицері әйелдікке алмақ болғанын біледі. Бірақ Ақбілек – бойындағы ұлттық қасиет өз дінінен, әдет-ғұрпынан бөлек өзге ер кісіге деген сүйіспеншіліктің емес, жек көрушіліктің оянғанын аңғарады.
Ақпейіл, адал көңіл, тұнық сезімді Ақбілек қызы үшін құрбан болған анасын ойлайды. Қалындығына келген күйеу жігітін де жадына түсіреді. Қызының қандай халде екенін ойлап отырған әкесін де ойға алады. Өзін Ақбілек тірі өліктей сезінеді. Бұл шынында да, қазақи болмысты бойжеткен қыздың табиғи бейнесі, ішкі психологиялық терең иірімдерінің шынайы көрінісі. Жазушы Жүсіпбек Аймауытов ХХ ғасырдың басындағы кеңестік жүйенің кері әсері тимеген ұлттық менталитет бейнесін тарихи нақтылық тұрғысынан осылайша шебер көрсете білген.
Ақбілек тағдыр талайымына көнеді. Қорғансыз халінің жетегіне еріп, өзіне көндірмек ниетте болған орыс офицерінің дегеніне көнеді. Қарсылық танытпайды.
Романда суреттелетін Мұқаш бейнесі – космополиттік бейне. Онда ұлттық қасиет, намыс атымен жоқ, тіпті, жоққа тән. Ақбілекті өз қолымен ұстатып, зар қақсатуы – өзінің жеке мүддесінен туындаған. Ар, намыс ол үшін жеке мүддесінің орындалуымен шектеледі. Бірақ Мұқаш та адам баласы. Адамзатқа ортақ қасиет оған да тән. Өзінің жауыздық қара ниетінің дұрыс еместігін де біледі. Әйтсе де, алған бетінен қайта алмайтынын, дауасы жоқ жан. Оның ойы да тарихи замандағы кеңесшіл жүйенің философиясымен үндес келеді. Романнан үзінді оқылық: «Бай неліктен бай болады? Малайдың арқасы, елдің арқасы ғой олардың құтырғаны. Төрт түлік малын малшы бақпасыншы, шөбін малай шаппасыншы, отын жақпасыншы, құдығын аршымасыншы – көрейін байдың бай болғанын. Асқанға тосқан деп, Совет үкіметі байлардың пейіліне бола келген бір тосу ғой.
Мұқаштың әйелі де «Үй міндеті – әйелде, түз міндеті – байында» дегенгекөндіккен көзқарастың адамы. Мұқаш большевиктердің жағына өткелі бері, кішігірім болса да, билік иесі. Әйелінің де тілі шыға бастаған. «Қызметпен болыс ауылына кетті», «Ауылына шақыртқан екен» деп сөйлеп, күйеуінің қайда жүргенін айтып, тұмсығын көтеріңкіреп жүруі соны аңғартады. Күйеуінің үйге анау-мынау әкелмей, атының қанжығасы бос келсе, көңілі толмаған әйел секілді торс ететін мінезі де бар.
Мамырбай – өз қызы Ақбілектен айырылып қалады. Бәйбішесін орыс офицерлері өлтіріп, апанға тастап кетеді. Болашақ күйеуі Бекболатқа да оқ тиеді. Күндердің күнінде тауда тығылып жүрген ақ офицерлерді Мұқаш қызылдардың құрған қақпанына алдап әкеліп түсіреді. Іші, іс-әрекеті қулық-сұмдыққа тола Мұқаш ендігіде қызылдарға болысады. Ақбілек қара мұртты ақ офицерге үйрене бастайды. Екеуі бірге болады, жастық сезімнің отын бірге кешеді. Бірақ та Ақбілек дене жақындығын сезгенімен, жанының мүлдем алшақта екендігін байқайды.
Ақ офицерлер мен жауынгерлер бір күні Ақбілектің өзін жалғыз тастап, басқа жаққа аттанады. Ақбілек олардан құтылғанына қуанады. Түнді елегізіп өткізіп, қасқырларды отпен аластатып, арпалысып, жанының аман қалғанына разы болады. Өзінің ауылын таба алмай жүргенде, жолда дуана Іскендір жолығады. Ешкімге зияны жоқ, адам баласына қиянат жасалмайтын Іскендір дуана Ақбілекті ауылына жеткізбек болады.
Күн кешкіріп қалған соң, Ақбілектің өтініші бойынша дуана Іскендір екеуі кедейлеу бір үйге құдайы қонақ болып кіреді. Үй бикесі Күмсінай үйге келген Мамырбайдың қызы Ақбілек екенін білген соң, көрші-қолаңдарға айтып қояды. Әйелдер де орыс офицерлері алып кеткен Ақбілектің жайын білмек болып, таңырқай әрі қызыға Күмсінайдың үйіне жиналады.
Ақбілек сол үйде таңертең немере ағасы Әмірдің отырғанын байқайды. Онымен бірге аулына қайтады. Ақбілек жол бойында өзімен-өзі іштей сырласады. Оның ішкі монологы – оқырманды сол кезеңдегі иманды, пәк әйел адамының жан сарайындай әсер етеді. Қыз бала үшін он екіде бір гүлі ашылмай жатып, арамдықтың не екенін, ендігі тағдыры не болатынын, кім үшін өмір сүретінін, бәрін-бәрін де тағдыр таразысына салып, ой, сезім елегінен өткізеді. Өзінің ендігі өмірі қараң қалғандай күй кешеді. Күңіренген көңілі құлазиды. Әрине, бойжеткен қыз болмысындағы зорлық пен қорлықты бастан кешкен іс-әрекеттерді ұмыту үшін едәуір уақыт керек еді. Жан жарасы, рух қиналысы Ақбілектің ішкі дүниесінің астан-кестеңін шығарған еді. Жазушы-суреткер Жүсіпбек Аймауытов осынау табиғи мінез-құлықты, яғни характер келбетін көркем тілмен жеткізе білген. Қазақ қызының әу бастағы уыз қалпының шырылдаған үні мен күйін дәл шерткендігі ойға ой қосады, сезімді сергек халге биіктетеді.
Жазушының Ақбілекті суреттегендегі портреті, бейнесі қыл қаламмен салған көркем туындыдай әсерге бөлейді. Көңіл аударалық: «Маңдайы қасқиып, мойны қаздиып, көзі мөлдіреп, ерні үлбіреп, үріп ауызға салғандай жұтынып тұр еді-ау! Тал бойында бір міні жоқ, жаңа шығып келе жатқан сүйріктей еді. Шашбауын сылдыр еткізіп, сып етіп түрегелгені, тізесімен ақ көйлегін серпе тастап, аяңшыл бедеудей кербездене аяқ басқаны, тысқарыда жүріп, жеңгесімен сыбырлап сөйлесіп, дауысы күмістей сыңғырлап тәп-тәтті күлгені, әнтек жымиып келіп, шай жасап, өп-өтірік сызылғансып, үш саусағының ұшымен шыны аяқ ұсынғаны, салалы қою кірпігін салмақпен қағып, анда-санда көз астымен бір қарап қалғаны, мұның шыны аяғына білдірмей бір қант тастап жібергені» романда Бекболаттың көзқарасымен беріледі. Және де Ақбілектей қыз үшін өзін құрбандыққа да қиюға әзір Бекболат оның жүрісіне, күлкісіне, көзқарасына елітіп, шынында да, есі кетіп, өзі өмір сүрген өңірде ондай қызды кездестірмегендіктен де, айттырғаны рас еді.
Романда қала қыздарының да емін-еркін өмірі баяндалады. Имандылық жолын аттаған эпизодтық бейнелер де жетіп артылады. Оның бірі – Мадише. Бұндай суреттеулер де табиғи әрі сенімді. Жалпы алғанда суреткер-жазушының роман жанрына сай өмірді және кейіпкерлердің іс-әрекеттерін жан-жақты көрсете білуі шығарманың шырайын аса түскен.
Романда саналуан кейіпкерлер әлемі бар. Олардың бірде біреуі бір-біріне ұқсамайды. Сонысымен де туынды қызғылықты оқылады. Оқиғалар барысы оқырманды енжар қалдырмайды. Адам бойындағы қасиеттердің қай-қайсысын да көркем шығармадан молынан таба аласыз. Сондай кейіпкелердің бірі – Жылтыр. «Жылтыр» аты-шулы алаяқ. Оның қылмаған бұзақылығы жоқ. Ол әуелде Матайдың Әбеніне тілмаш болған. Әбенмен бірігіп елді қанаған. Әбенге шәкірт болған. Ол қазынаның ақшасын да жеген Ол абақтыға жүз түсіп, жүз шыққан. Ол бір – сынап.» деп суреттейді қаламгер өз кейіпкерлерінің бірін. Күрделі бейне табиғаты, мінеки, осындай.
Роман ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласындағы отбасы тыныс-тіршілігі жайлы көркем сөз поэтикасы арқылы жан-жақты мағлұмат береді. Шығармада сондай-ақ, Ақбаланың күнделігі арқылы эпистолярлық жанрдың да оқиға дамуы барысындағы мәні мен маңызын көркемдік шеберлік деңгейіне көтерген. Қаламгердің бейнелерді ашу, олардың іс-әрекеттерін даралау секілді тәсілдер табиғи әрі дәстүрлі түрде поэтикалық тілмен көмкерілген.
Өмір жолында кездескен Балташтың Ақбаланы жамандай сөйлегеніне ашу-ызасы келген Ақбілек өзінің де басынан өткен тағдыр талайымын ашық айтады. Сөйтіп, Балташты өзінен мүлдем түңілдіреді. Екеуара болған әңгімені Балташ Ақбалаға лезде жеткізерін де Ақбілек пайымдайды. Солай болады да. Ақбала да Ақбілекпен арадағы арақатынасты біржолата үзеді. Алайда, Балташ Ақбілектің өткеніне емес, оның адами қасиеттеріне бас иіп, өзінің көңілін білдіреді. Ақбілек те Балташпен көңіл қосады.
Басшы қызметтеболмаса да, басшыға таяныш бола білетін Балташ табандалығымен, ақыл ауанымен, дүниетанымының кеңдігімен оқырмандар есінде қалатын тұлғалы кейіпкерлердің бірі. Ақбілектің жан дүниесін түсінген Балташтың іс-әрекеттері де қазақ қызына деген қазақ жігітінің ақ адал мінез-құлқының көріністері.
Романның шешуші оқиғасында Ақбілектің Балташпен бірге өз аулына келгені, өз баласы – Ескендірмен табысқаны суреттеледі. Ақбілектің бауырынан алып, өзінің перзентіндей етіп өсірген жеңгесі Ұрқиямен әңгімелесуі нәтижесінде баланың бүгінде сүйкімді, зерек болып өсіп келе жатқандығын мінездеу арқылы көрнекті қаламгер Жүсіпбек Аймауытов күрделі жанрда жазылған көркем де елеулі әлеуметтік мәнге ие романға нүкте қояды.