Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Әбдіжәміл Нүрпейісовтың «Соңғы парыз» атты роман-диологиясы соңғы жылдардағы көркем сөз өнерінің елеулі жетістігі. Сөз өнерінің негізгі салаларының бірі –көркем әдебиет болса, оның санаға, көркемдік сананы байытуға, тағлымын арттыруға қосар үлесі ерен. Кітап жайлы көрнекті жазушы Ә. Кекілбаев «Сең соққандай сергелдең» атты кітап соңындағы мақалада былай дейді: «Әдебиеттегі сонылықты біреулер ешкім жазбаған тақырыпты жазу деп түсінсе, біреулер қай тақырыпта жазсаң да, өзіңше жазып, өзгелер бармаған құпияларды паш ету деп біледі. Әбдіжәміл Нүрпейісов соңғы топқа жататын қаламгер».
Белгілі әдебиеттанушы -ғалым Сейіт Қасқабаев «Постмодернизмнің белгілері бізде де бар» атты «Қазақ әдебиеті» газетінің 2009жылғы 10сәуірдегі 13-номерінде жарияланған сұхбатта былай дейді: «Тіпті, Әбдіжәмілдің «Соңғы парыз» деген романындағы Тәкенов пен дәрігердің мұзда қалып, сеңде жүріп сандырақтап, өзін біртүрлі сезінуін посмодернизм деуге келеді».
Арал бойындағы ауыл, оның тұрмысы, адамдары, мінетін салдырлақ мәшинесі бәрі- бәрі де күні кешегі кеңестік жүйе кезеңіндегі үйреншікті сурет. Жазушы бұл көріністерді анық, бояуы қанық тұрпатта бере білген. Кейіпкерлердің қай- қайсысы болмасын артық- кемісі жоқ, мінсіз, келісті, шалт қимылды, момынының өзі бейжай қалдырмайды. Сезімге дәлел мына бір көріністі баян етелік. Алқам-салқамы шыққан машинаның жүргізушісін алалық. Оның сөзі ше?! Мірдің оғындай. Тура ондыққа тигізіп сөйлейді. Сөзінің өзі бір-бір сурет. «Қырлы стаканға құймай, құмырсқа бел, қылмиған рюмкаға құйған арақ алдына келсе қабағы түсіп кетеді: «Мынау не? Онан да оймаққа құйып бермейсіңдер ме? Бұны көзге тамызбасақ, қалай ішеміз» -деп жұртты ду күлдіреді. Сосын бөтелкеге ұмтылып арақты кесеге немесе қырлы стаканға толтырып құйып, шімірікпестен тартып жібереді.
«Пай! Пай, сексеуілдің шоғын жұтқандай болдым-ау», деп, жұртты тағы да ду күлдіреді де маңдайынан бұрқ ете қалған терді сүртпестен ролге отырады.
Сурет пе сурет. Мінез бе мінез. Әрекет те бар, көркем сөзден де кемде емес. Ә. Нұрпейісовтың жазу мәнеріне тән кесек бейне, келісті мінез галереясы.
Жазушы романда шығарманың басты кейіпкері Жәдігермен сөйлескендей, оның ішкі әлеміне үңілгендей қалыпта баян етеді. Мысалы, «Сен жұмыс іздеп, бір апта салпақтадың. Қайда барса да бұған «Ой, айналайын, жақсы келдің» деп құшақ ашып тұрған жол болмады». Яғни роман үшінші жақпен емес, екінші жақпен жазылған. Бұл автордың өзіне тән стилі, суреттеу тәсілі, қаламгерлік қолтаңбасы. Бұл да қазақ әдебиетінде көркем сөз өнерінің проза жанрында сирек кездесетін стильдік ерекшеліктері.
Қаламгер суреттеуінде теңіздің кескін-келбеті де ғажайып. Мысал келтірелік. «Ұлы теңіз ашулы. Әсіресе, осы жолы өз-өзінен долданып, өкпектеп өкіреді. Қалған дүние жым-жырт.» Мінеки, көркем сурет. Асау табиғат. Бойына жан біткен тірі әлем. Содан соң экологиялық зардап нәтижесінде тасыған теңіздің қара жерге айналған ауқымы да көз алдыңнан өтеді. Туындыда бұл көріністердің бірі былайша суреттеледі. «Баяғыда кеме жүрген қолтық, басаттардың бәрі қазір қара жер. Теңіздің бұл бетіндегі баяғы аралдар –Жалаңаш, Бұйырғанды мен сол анау көз ұшында бұлдырап қалып бара жатқан Көк- Арал -қазір қара жерге тұтасып кеткен. Баяғыда ата -бабалары қостанып жатып балық аулаған су ортасындағы сол аралдарды сен көбінесе көп шамамен ойша танып, көңілі құрғыр күні бойы құлазыды да отырды.»
Және де бір көріністі алға тарталық. «Кенет, елең етіп, еңсеңді тіктеп алдың: Әй-әй, мына шұңғыма шұқыр қайдан шықты? Бұ жерде дәл осындай қазан шұңқыр жоқ еді ғой? Тоқта… Бәтір –ау, мынау Шөміш көл емес пе, әй? Тұзды сор бетіне шыққан мына қазан шұңқыр баяғыда балығы тайдай тулаған атақты- Шөміш көл болды –ау! Ой, адыра қалған ата мекен – ай!» Бұндай салыстырмалы табиғат көріністері дилогияда өте көп –ақ.
Мінеки, экологиялық зардап суреті. Бір кездері уыздай ұйыған табиғи сурет реңі өзге суретпен алмасады. Былайша айтқанда, табиғат суреті экологиялық сипатқа ие болады. Бүгінгі табиғат көріністері көбінесе экологиялық мәселені қозғап кететіндігі де қазіргі таңдағы ақын- жазушы шығармаларындағы әдеби үдеріске айналып отырғандығы да белгілі жәйт.
Жазушының «Соңғы парыз» романы әдеттегідей оқырманын әп-сәте баурап алады. Қаламгер стилі айқын.Оқиға немесе түрлі ситуациялардағы диалогтар, баяндау немесе кейіпкерлер психологизмі болсын, қай-қайсысы да таныс әрі бейтаныс типтерді, бейнелерді, көрністерді, оқиғаларды қызыға, еліте, бас алмай, бір деммен тыныстап оқисың. Шофер бала атанған Қожбанның іс-әрекеті, сөз саптауы оқырман жадында айшықты бейнесімен жатталып қалады. Мысал қажет пе? Мінеки: «Сөйтіп жүріп ісіне мығым. Алқам-салқам машинаның әзір лажға жарап жүргені осының арқасы. Және бір жақсысы айтқаныңды қайт етпейді. Бір жаққа жол түссе, күн-түн әзір. Тіпті, таң алдында болсын көрпемен бүркеп алып , бырқырап ұйықтап жатқан жерінен оятсаң, ол «а-а-а»лап атып тұрады. Көзін уқалап жібереді.Басын сілкіп қалады.Тарақ жүзі тимей дудырап тұрған үрпі-түрпі шашқа бақандай бес саусақтың бесеуін бірдей сүңгітіп жіберіп, қасығаны, әлде осығаны белгісіз, тырнап-тырнап алады да, сыртқа ұмтылады.Асықанда «бас» десең, о да алақанына түкіріп, «мәмент» деп құлшына түсетін әзір жауап. Бір жолы онан «мәмент» деген не деп сұрап еді, сөйтсе , оны өзі де білмейтін боп шықты .Басын қасып ойланып тұрып: «Қайдан білейін,өзің бас дегесін , бассам басайын дегенім ғой»,-деп міңгірледі.»
Жанды сөз,жанды бейне ,ой мен сезім сергектігі деген осы да.Әйтпесе, «мәмент» деген сөз «қазір»немесе «бір сәт»дегенді білдіреді десе ,дәл осы авотрдың төл туындысы бола алар ма еді, сірә. Жазушы тілі қашанда,байыпты, серпінді, алмастай өткір, тапқыр, жұмбақ әрі шешен, жанға жайлы. Тілдік элементтердің осынау құрамдас бөліктері көркем шығарманы тұтастырып, біріктіріп, нәрлендіріп, құнар дарытып тұрғанына куә боласың.
Қырсық шал Көшен ретті жерінде тауып сөйлейтін, көзі көк, шашы сары болғасын «Сары Иван » деп атанған сабырлы жан иесі, әйел құлқын таба білетін Әзім, арыз –шағымға жүйрік Сары Шаятолыққанды бейнелер. Әрбірінің бейнесі, мінезі бояуға бай,қанық .Мысал келтірелік.«Көткеншек шал қалш-қалш етеді.Шақылдаған ащы дауыс құлақты шағады: «Жат дегені несі,әй? Неге жатам?» -деп, жалғыз өзі шақылдап сөйлеп жүріп, сол күні жұмысты жұрттың бәрінен көп істеді. Жас жігіттерден қалыспай,жан-тәнін салып апырып-жапырып жүргесін бұлар да жұмған аузын ашпады».
Экология демекші, табиғат пен адамның азуы ұрпаққа да кері әсерін тигізді емес пе. Теңіздің тоналуы, адамның отбасылық міндетіне немқұрайлы қарауы дүниеге келер ұрпақты да кемтар етуде. Оған жазушының осы романында да иланасың. Мәселен, Жәдігер мен Бәкизаттың екі баласын алсақ,Жәдігерге тартқан бір мүшелге тарта жастағы ұл баласының ақыл- есінің кемдігі, тілінің шықпағандығы . Бәкизаттан аумай туған аппақ әдемі қызының сол қолы іштен үш саусағы кем болып туады. Бұған кім кінәлі? Жазушы да тап осындай сауал қояды.
Көркем туынды публицистикалық сарынмен де қосақабат өрілген. Көсемсөз әдебиетке жат дейді кейбірде. Бірақ, қаламгер қашан да ұлттың көшбасшысы болуы қажет қой. ХХ ғасырдың басындағы арыстарымыз өздерінің көркем туындыларын публицистикамен суармады емес пе? Оқуды, білімді, өркениетті өз туындыларына өзек ете білуі арқылы елінің қаймақтары атанғаны рас. ЖазушыӘ. Нұрпейісовтың осы романында да көсемсөз жолдарын бейжай оқи алмайсың. Көрнекті қаламгер былай деп жазады: «Ала- бөле бұның жеке басына (Жәдігердің- Н.Қ.) түсіп отырған нәубет болса екен –ау. Әрілесе тек Арал өңіріне келген қасірет болса бір сәрі ғой. Онда неге көнбеген сорлы бас, Құдайдың салғаны осы шығар дер еді де, бұан да шыдам жеткенше төзіп бағар еді. Ал мынау күллі қазақтың, қазақ халқының басына қара күн орнатқан, сұм заманның сұмдық зауалына айналып, етек алып барады. Әсіресе, кеше Арал тартылып, ана жақта Семей, мына жақта Байқоңыр, ол аз дегендей Маңғыстаудың жазық даласы мен Ақтөбенің қатпар-қатпар кәрі таулары, Орал мен Орданың шағыл құмдарына үсті- үстіне бомба жарып, ұлан – байтақ жер-су, ел-жұрт жаппай полигонға айналғалы бері бұл дүниеде қазақ тартпаған у мен дерт қалды ма? Әне, жас ана құрсақ көтерсе үзірлі , кеміс бала туып, ұрпақ азып барады.»
Жәңгір ұзақ жолдан келгенде, балықшылар арасында жүріп, үйіне оралғанда Бәкизаттың әдемі киініп, асығып бір жаққа кетуі де қазақы, яғни ұлттық мінезге жат қылық екендігін кейуана сөзінен де аңғарамыз.
-Не деп отыр мынау?! Неше сірә қатын Құдай болғанда да күйеуі жолдан келгенде бір шәйнек су бермей, үйден кетіп қалғаны не сұмдық. Кетпе, отыр демедің бе? – деп Жәңгірге өз анасының кейи сөйлегені көп жәйтті аңғартады.
Жазушы кейіпкерлерінің қайсысын алсақ та, от ауызды, ірі, кесек мінезді, ұтқыр әрі айбарлы. Әйел кейіпкерлердің өздері нәзіктігімен, өрлілігімен есте қалады. Шофер бала – Қожбанның ұйықтап жатқан сұлу келіншекке қол жүгірткенде: «Кет! Кет, мына шіркін қайтеді, әй?» деуінің өзі бүгінгі әдебиетімізде көбірек бой көрсетіп жүрген көңілшек, көңілжықпас келіншек бейнелерінен мүлдем бөлек, ерекше. Әрі жазушының суреттеуі нанымды , көңілге дөп тиеді.
Аралдың тартылуы, бұрынғы балықшылар поселкесінің әспеттелген үйлерінің опыр- топыр бүлінуі, бүтіндей әулеттердің үдере көшуі, топырақ бораған көшелер, табиғат -ананың азып- тозғаны оқырман қауымның жан дүниесін суық желдей азынатады. Тіпті, кемтар баланы ешкім ұрмай- соқпай өзімен -өзі бүк түсіп, жаудыраған жанарынан аққан,сорғалаған жасқа ерік беріп жылауы, ешкім жұбатпай –ақ өзінен -өзі тыйылуы қасіретке уланған Арал тағдыры мен адам тағдырының тауқыметі зор, тұтас тағдырының көрінісі емес пе?!
Ауыз әдебиеті үлгісінде айтылатын зарлы өлең дәстүрі де жазушы шығармасында көрініс тапқан. «Телегей теңіз , сірә, тартылып, шалшық болар деп ойлап па ем , заңғар биік тау, сірә, мүжіліп, жапырайған төбе болар деп пе ем» деп барының жоққа айналғанын Аралдан көшерде сұңқылдай айтқан ақ сары әйелдің ішқұса сөзі де бүгінгі әдеби үдерісіміздегі соны құбылыстардың бірі.
Жәдігер мен Бәкизат арасының сууы , Жәдігердің Бәкизатқа күмәнмен қарауы, оның Әзімге деген ынта-ықыласы, әсем көрінісі, көз алдына елес секілді көрініп, жанын жейді.Елестету, елес секілді психологиялық элементтер бүгінгі постмодернистік әдебиеттің өзегіне айналды.Бұндай жәйт Ш.Айтматовтың «Таулар құлағанда» романында да бар.Бірақ бұл елес жалпыдан жалқы есімге көшкен, яғни елес секілді ғайыптан пайда болған қыз есімі-Елес.
Жазушы Ә.Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» романында да Бәкизат пен Жәдігер арасының суи бастаған сәтінде студенттік дәуірді еске алған сәт те постмодернизм көріністерінің бірі. Сол жылдары Бәкизатпен жарысқанда Бәкизаттың адам емес түлкі секілді көрінгені осы бағыттағы шығармашылық тәсіл.Бұнда да сыр жатыр.Адамның ішкі сырының көзге көрінген пішіні. Жәдігер балалық шақта да дәл осындай көрініске өзі куә болған.Бұл да сыр. Адамды алдамайтын ішкі түйсіктің қиялдаған көрінісі. Алдау мен арбау, сияқты сиқырлау мен еліткізу қасиеттерінің елесі.
Сондай да бір күн болған. Иа, өзі сырттай аңсап жүрген Бәкизат Жәдігердің өзіне сөз айтып, үйленетін қызың мен емес пе деуі ,сөйтіп, тағдырдың екеуін қосуы кейін де талай-талай бұралаңға салып жібереді . Жоғары оқу орнын бітіре сала бас қосқан жас жұбайлар тірлігінің ең соңында автор баян еткендей ырың-жырыңмен аяқталарын Жәдігердің іші сезетін. Бұның бәрі де сондай да бір күнде басталып, сондай да бір түнде тәмамдалады. Шаңырақ шайқалады .
Жәдігер дүниеден өткенде ,оның кеудесінде жаны бар ма деп, киімдерінің арасындағы сәбидің жұдырығындай құсқа қолының тиюі,оның ұшып кетуі, әдебиеттегі мифологиялық дәстүрдің көрінісі .
Адам жаны құс болып ұшып кетеді деген ата-бабалар философиясы, наным-сенімі жазушы шығармасында көркем бейнеленген. Бұндай жәйттер қазіргі әлемдік әдебиетте де кездеседі.Мәселен,Ш.Айтматовтың шығармаларында, атап айтқанда , «Таулар құлағанда» романындағы қалыңдықтың құсқа айналып күйеу жігітін жанұшыра іздеуі сөзімізге дәлел.
Жәдігер де теңіз үстіндегі үй орнындай сең үстінде ақтық демі үзілер тұста сандырақтап,аспаннан аяғы салбырап түсіп келе жатқан,көлді көлдей, теңізді теңіздей жұтатын алып қызыл өгізді көргісі келмей көз жұмады.
Роман адамға ой салады.Жалған да жалған тіршілікте адам баласының біріне-бірі жасаған пәле –жаласының бәрін тіс жарып, тіл қатпай,үнсіз атқарып, алдап ,арбауын қоймай жүзеге асыруы кеше де,қазір де аз емес.Жәдігер де бұндай жаны қиналған сәтті ақтық демі үзілгелі сәтте басынан кешіреді. Бәкизаттың өп-өтірік жылағансығанын, кешір дегенін, екі жүзді көлгірлігін есіткенімен,өз әйелі екендігін сандырақтап жатқан кезде білмейді. Бұл не сонда? Бәкизаттың Жәдігер алдында бетін өртеп тұрған масқара қылығы ма? Әлде әйел баласының әдеттегі арбауы ма? Автор бұл орайда қазақ әдебиетінде бұрын- соңды болмаған соны постмодернистік көркемдік тәсіл бағытымен суреттеген.
Көрнекті жазушы Ә.Нұрпейісовтың «Соңғы парыз »дилогиясында ауыз тұшынып оқитын , ойға ой, көңілге рухани нұр сыйлайтын сөз орамдарынан құралған сөйлемдердің көптігі қуантады .Олардың бірсыпырасы мыналар :
Қамау аудағы балық- қорадағы қой.
Күнкөріс қалмағасын көшпегенде қайтсін Атамекен азық бола ма?
Әңгіме ас бола ма?
Құс қонарында тұғыр таңдамаса, бақыт шіркін де жер басқан жұмыр басты пенденің бас –аяғына қарап жатпай, көңілі түссе, жаманға да қона салады дейді ғой.
О бастан –ақ қиюы қашқан ағаштай, қисыны кеткен өмір еді, аяғы немен тынарын кім білсін? Бірақ соған кім кінәлі? Бұл ма? Бұның ит мінезі ме? Әлде тәңірінің қалауы мен теңін тауып қосылмаған жағдайда, айт –айтпа, тірліктің ақыры осылай ырың-жырың бола ма? Кім білсін, солай болса, солай шығар.
Жолы болғыш жігіттің қайығы желге өрлеп тұрғанда , қай ісі қалай дерің бар ма?
Қай нәрсенің де қадірі мен қасиеті басында бағы тұрғанда екен. Қазір осы жердің мен қимайтын ештеңесі қалмапты.
Еркек шіркіннің кеудесін көтере алмай жүріп те қартаймайтын көңілі –ай!
Тісі жас, түсі тәуір бір сіңілісін іздеп жүрмін.
Құшағында күйеуі жатқанда кеудесінде жаны бар әйел жыл сайын жатырын бір жібітіп , құрт- ірімшіктің маусымындай үйді үпір- шүпірлетіп қоймас па.
Біле білгенге бұл кәрі теңіз судан шабақ аулап жеген қазақ баласы үшін көзі тіріде ана бауырынан тартқылап емер екі емшектің бірі емес пе еді?
Осы сөйлемдерді бейжай, көз жүгірте сыдырта оқуға дітің бармайды. Үйіреді, елітеді және өзіне тартады. Жұғымды , құнарлы әрі нәрлі.
Көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ әдебиетінің көшіне әлемдік әдебиет, оның ішінде Батыс Европа әдебиетінің озық үлгілерінің деңгейіндегі көркемдігі жоғары және айтары мол романды өз оқырмандарына сыйлады. Қуаныштың зоры — осы.