Қара сөздің «жорғасы» Сәбит Мұқановтың әдеби мұрасы түбегейлі зерттеліп бітті, оның әдебиеттегі орны бұлжымастай айқындалды деп айта алмаймыз. Сәбит Мұқанов шығармаларының тарихи сипаты, көркемдік ерекшеліктері ғалымдар тарапынан бірсыпыра әңгімеленген дедік. «Өмір мектебі» және «Ботагөз» романдары арнайы ғылыми зерттеу обьектісіне де сан мәрте айналды. Аталмыш шығармалардың психологизмі Б.Майтанов, портрет және пейзаж мәселелері Т.Рақымжанов тарапынан арнайы зерттелді.
Қаламгер прозасындағы стильдік ерекшеліктер, баяндау түрлері, шығармаларындағы әңгімелеу дәстүрінің қолданылуы, дамытылуы арнайы зерттеп қарастыруды қажет етеді. Көркем әдебиет стилистикасының өте-мөте мәнді мәселелерінің бірі – көркем туындының құрылымдық тұлға-бірліктерін анықтау мәселесі. Көркем прозаның құрылым жүйесін ашуда көркем баяндау қабатын анықтап, оның түрлерін зерттеудің мәні зор. Айрықша көңіл бөлетін жай — көркем баяндау типтері туралы 20 жылдардың өзінде-ақ А.Байтұрсынұлының айтқандары болды.
Баяндау түрлеріне жалпы ғылыми тұрғыдан сипаттама беру орыс және басқа да шет ел ғалымдары тарапынан біршама шешімін тапқан мәселе. Н.А.Кожевникова: «баяндау типтері дегеніміз, шығарманың белгілі бір субьекті (ол не автор, не әңгімелеуші басқа біреу, не кейіпкер болуы мүмкін) тұрғысынан ұйымдасқан композициялық бөліктері» (Н.А. Кожевникова «О соотношении типов повествования в художественных текстах», Вопросы языкознания, 1985, №4) десе, М.П.Брандес оны қарым-қатынас процесіндегі «тіл формаларымен» байланыстырады. Ол былай дейді: «баяндау әдісі бейнеленетін әлемнің кеңістік және мезгілдік байланыстары мен қатынастарын беріп, шығарма композициясының негізін құрайды. Композицияны шығарманың бүкіл көркем тілдің түзілу негізі десек, композицияның элементтеріне тілдік қолданыста композициялық-тілдік формалар сәйкес келеді. Композициялық — тілдік формалар эпикалық сөз өнерінің «тор көздері» болып табылады. Оларды талдау шығарманың көркем стилистикалық жүйесін танып, түсінуге мүмкіндік береді» (М.П.Брандес «Стилистический анализ» М.,1971).
Сөз өнері шығармасының тұтастай бейнелі көркем жүйесін зерттеу біртіндеп оның құрылымында айқасып жататын баяндау формаларының түрлерін, олардың бір-бірімен байланыс, қарым-қатынастарын талдауды қажет етеді. Жазба текстің қай түрінде де, соның ішінде көркем шығарма тексінде де, негізгі ой дамытылып, ол баяндау барысында ашылады. Орталық ойдың тарқалу шеңбері, оның ізбе-ізділігі текстің композициялық құрылымын анықтайды. Шығарманың композициялық құрылымын жарақтандыруда тілдік қолданыста әрқашан қалыптасқан форма-қалыптар пайдаланылады. Ондай қалыптарға әңгімелеу, суреттеу, ойталқы және диалог жатады. Осы формалар арқылы ойлау процесі жүзеге асады, әрі осылар арқылы адамдар арасындағы қарым-қатынас іске асады. Олар ойлау процесінің құрылымын, жеке ойлар мен олардың ішкі элементтерінің бір-бірімен байланысу типін, әдісін бейнелейтін өте жалпылама формалар болып табылады.
Шығарма ішіндегі әр түрлі баяндау типтерінің байланыстары мен қарым-қатынастары біршама тұрақталған, өйткені олардың арқауын бір адам (баяндаушы автор) қолына ұстап отырады және баяндауды ұйымдастырудың қалыптасқан нормасы болады. Баяндаушының белгілі бір ұстанымы (позициясы) баяндаудың белгілі бір типін пайдалануға мүмкіндік берсе, басқасына мүмкіндік бермейді, не ол мүмкіндіктерді шектеп отырады. Мысалы, үшінші жақтағы әңгімелеуде қандай формадағы болмасын кейіпкер көзқарасы еркін беріле алады.
Сондай-ақ бірінші жақтан баяндаудың түрлері де сан алуан. Алайда үшінші жақтан баяндауға қарағанда, олардың мүмкіндіктері шектеулі. Баяндаушының «мені» нақты болған сайын, әңгімелеуші бөгде көзқарастарды сырттай ғана бере алады. Үшінші жақтағы баяндауды Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романының төңірегінен қарастырсақ, бірінші жақтағы баяндауды «Өмір мектебі» трилогиясының төңірегінен сөз етпекпіз.
Көркем әдебиеттің көкжиегі өте кең, сондықтан да оның айтары да, алға тартары да мол. Бағзы заманнан бастап қазіргі дәуірге дейінгі халық басынан өткен өмір көшін шынайы суреттейтін поэзия, драматургия, проза салаларындағы көптеген шығармалар бұған дәлел. Көркем шығарманың өмір шындығын танытудағы атқаратын қызметі де, қыры мен сыры да ұшан-теңіз. Өмір шындығын, адамдар тағдырын көркемдіктің көкжиегінен танытуда әр жанрдың өз ерекшелігі мен өзіндік табиғаты бар. Мемуарлық шығармалар жайында сөз еткенде ең алдымен жанр табиғаты еске алынады. Сол себепті бұл жанрдың өзіндік өзгешелігімен бірге, әр жазушының стильдік ерекшелігін де тануға болады.
Сәбит Мұқанов «Өмір мектебінде» шығарма желісін басты кейіпкердің жастық шағынан бастап, өмірден алған тәжірбиесі мен есею кезіндегі көрген-түйгендеріне негіздеген. Жазушы шығармада жарты ғасырдың айғағы есебінде көрінеді де, тарихи ақиқат фактілерге көбірек көңіл аудартады. «Өмір мектебінде» үлкен өмірдің ауқымынан алынған көптеген жәйттер жазушының көз алдынан тізбектеліп өтіп жатады да, тарихи фактілермен сол кезде өзімен бірге болған адамдардың іс-әрекетіне, өзара қарым-қатынасына, олардың күрес тартыстарына көбірек жүгінеді. «Өмір мектебінде» айрықша көзге түсетін мәселе, өмірбаяндық шығармаға тән негізгі кейіпкерлердің жүрген-тұрған жерлеріндегі кездескен жайды, жазушы тосын адамдар мен жаңа кейіпкерлер Дәметкен, Досмағанбет, Қабылбайдың Ғабдолы, Ерміш, Мәшік, Шоқпыт, Қымбат, Шәйін, Әубәкір, Ағатай хазірет, Тоғанастың Нәзірі, Махмет, Садуақас болыс, Жуанышбай, Сұраған, Нұртаза, Мұстафа, Молдақозы, Қанапия сияқтылардың айналысқан кәсібін, өзара қатынастарын сипаттау арқылы ауыл өмірі мен қала тұрмысынан көп мәселені қамтып отыруында. Осы жақтарынан алғанда шығарманың халықтық сипаты ашыла түседі де, ел өмірі, ел тағдыры әңгімеленеді. Тап күресінің туын ұстаған кейіпкерлер әлеуметтік үлкен істі бастап жүреді.
Жазушы бірінші кітапта кісі есігінде жүрген кедей-жалшылардың қатарында көрінсе, екінші кітапта олардың оқу оқып, білім алып, саяси іске белсене араласып, жаңа қоғамның иесі өздері екендігін нақтылы фактілер мен тарихи адамдар өмірін суреттеу арқылы танытқан. Әлеумет өміріне терең үңіліп, кенеуі кеткен ескіліктің шірінді қалдықтарын әшкерелеп, жаңа өмірдің жарқын болашағын паш еткен.
Өмірбаяндық романдардың жанрлық табиғатына сәйкес, жер, су аттары, тарихи адамдар мен шындықты ашу фактілері өмірге жанасымды түрде сөз болған. Мысалы: «Мен өзімді білер-білмес кезде, біздің үй «Күрілдектің күтірі» деген участокте отырды. Күрілдек – «Құтырлаған» атты казак-орыс станциясы, орысша аты — Екатериновка. Оның қалайша «Құтырлаған» аталуы туралы ауыл арасында төмендегідей аңыз бар: қару-құралды казак-орыстар ең алғаш біздің араға келгенде, бұрын орыс көрмеген ауыл адамдары тығылып қалады. Мезгіл жаз екен дейді. Әр үйдің есігінің алдында сөреге жайған құрт тұрады екен, соны таңсық көрген казак-орыстар қалталарына салып алып кетеді. Олар «Үлкен» және «Кіші» аталатын екі Сары көлдің арасынан станция салып, атын Екатериновка қояды. Кешікпей екі халық дос болып кетеді. Содан кейін қазақтар қалжыңдап станцияның атын «Құрт ұрлаған» деп қояды, «Құтырлаған» содан барып шығады. «Құтырлағанда» аса бай казак-орыстар болған, солардың біреуін қазақтар «Мәтке» дейді. Онысы – «Митька», өйткені бұл орыстың аты Дмитрий, әкесінің аты – Никифор, фамилиясы – Колесников. Қазақтар «Мәткені» «Күрілдек» деп те атайды екен. Олай дейтіні – дауысы жуан, күрілдеп сөйлейтін кісі екен», — деп, жер, су, қала аттарын аңызға айналдырып әңгімелеп кететін жазушы соған өзі куә болып отырғандықтан, әрбір құбылысты тап басып, нақтылы баяндайды. Аз әңгіменің ішінде қазақ даласына келіп қоныстанған переселендер мен қазақ аулының ара-қатынасын, әзіл, қалжың, мінез-құлықтарына дейін әңгімелеп сендіріп тастайды.
Балалық шағын әңгімелегенде де қалт жібермейді. Сендіре, қызықтыра суреттейді.
« — Әй, мына бала аш қалыпты ғой! – деді, қасымнан өте берген біреу.
Қонақ па, осы ауылдың баласы ма? – десті әр кімдер.
— Қонақ бала – деді кескініме үңілген біреу.
— Ендеше, бері әкел оны! – деді жер ошақ қасында отырған әйелдердің біреуі… Бір әйел шеті кетік үлкендеу қара аяққа сорпа құйып, ішіне көр-жер ет салып берді, мен ішуге кірістім.
— Ал, кім баласысың, шырағым! – деді манағы мосқал әйел, мен тойынып ап, қолымдағы аяқты қайтарып берген соң.
— Мұқанның баласымын, — дедім мен.
Кәдімгі Шүкейдің Мұқаны ма, Нұртазаның ауылындағы? Мен басымды изедім.
— Алда бақыр-ай ,- деді әйел, аяған дауыспен, сен екенсің ғой, Мұқаннан қалған жетім бала? Атың Сәбит қой, сенің? «Мені қайдан біледі бұл танымайтын әйел?! – деп, іштей таңырқадым да, тағы басымды изедім.
— Бұл баланы қайдан білесің? – деді әйелге әлдекімдер. Білмегенде ше
– деді әйел, біздің үйде тұрған жоқ па бұл бала» (1 том. 12-13 б).
Сайып келгенде, мемуарлық шығармалар әдебиеттің даму тарихында өзгеше сипатта көрінетін жанр. Онда әдеби талдау, суреттеулерден гөрі жазушының көріп, білгендерін түйіп айту басым болып келеді. Мысалы: «Қуанышы — сол, — дейді Сәбит Мұқанов, — алғаш қаулай шыққан драматургтердің арасынан, жарыста: Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Мәжит Дәулетбаев сияқты шын мағынасындағы драматургтер пайда болды. Қазір кең өріске шыққан, кемелденген қазақ драматургиясының берік іргесін солар қалады. Қазақтың халық сүйетін артистері де осылай өркендеді. Кейін қазақ сахнасының мақтанышы болған «Еңлік-Кебек», «Абай», «Қызыл сұңқарлар», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты» сияқты қазақ пьесаларының рольдерін тамаша орындаумен қатар, Шекспир, Лопе-де Вега, Мольер, Гоголь, Островский, Горький пьесалары да қазақ сахнасында көрінді. Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Күләш Байсейітова, Қапан Бадыров, Қанабек Байсейітов, тағы басқалары шын мағынасындағы театрдың сахнасына жергілікті драмалық үйірмеден келгендер. Бұлардың бәрі де халықтың қалың ішінен шыққан, халық өмірімен тығыз байланысқан, көрермендердің көңілін тамаша өнерлерімен ұйытқан шын мағынасындағы халықтық артистер» — деп, өз замандастары жөнідегі пікірін әдеби фактілердің, көрген-түйгендерінің негізінде дәлелдейді.
Мемуарлық туындыда суреткер роман, повестеріндегідей шығарма сюжетін әр тараптан өрбітіп, негізгі бір үлкен арнаға құйып отыруға мүмкіндігі келе бермейді. Суреттелетін оқиға жазушының өз басы тікелей, жанама түрде болса да қатысты болғандықтан, шығарманың сюжеттік желісі автордың дүниетанымы мен көрген-түйгендеріне негізделеді. Осыған орай мемуарлық шығармаларда документтік фактіге сүйену, дәлелдеу жиі орын алады да, суреттемелерден гөрі, баяндау тәсілі басым болып келеді. Өмірді терең барлаған жазушы ел ғұрпы, ауыл салты, халық дәстүрі жайында әр алуан оқиғаның куәсі болып отырады да, оқушыға нені құптатып, неден безіндірмек болғанын шығармада ашық айтады.
Сәбит Мұқанов «Өмір мектебінің» бірінші кітабында қазақ аулының революция алдындағы өмірін кең қамтиды да, жоқшылық пен мұқтаждық жайлаған елдің ауыр халін тебірене суреттейді. Мұны бірде өзі көріп, өз басынан кешірген әр қилы ауыртпалықтар арқылы сезінсең, енді бірде мұқтаждықтың ауыр салмағы түскен ауыл кедейлерінің тұрмыс-тіршілігінен аңғарасың.
«Мынау үйде оның бірі де жоқ. Бұл үйдің іші төсенішсіз, шаңы шыққан тақыр. Керегелердің айнала басында не киімнен, не ат-тұрманнан ілінген ешнәрсе жоқ, жап-жалаңаш. Бұл үйдегі бар мүлік: іргеде жинаулы жатқан бірер жамаулы ескі көрпе мен бір-екі кір жастық қана. Ыдыс атаулыдан босаға жақта жалғыз кішірек қазан, құлақ-мұрнынан айрылып, бүйірлері майысқан кішкене самауыр, ескілеу ағаш табақ, кетік ожау және табақтың үстіне жиналған азын-аулақ ескі шәшкелер…» (1 т. 183 б). Бұл тұста жазушы мемуарлық романдарға тән әдіс-тәсілдерге сүйеніп өзінің өмір өткелдерін шығарманың сюжетіне арқау еткен де, ауыл мен жатақтар өмірін салыстыра отырып шындықтың бетін ашқан.
Әдетте жазушы атқарған қызметін, іс-әрекеттерін, айналасымен қарым-қатынасын, тұрмыс-тіршілігін, творчестволық жолын, өмір өткелдерін, қуанышы мен сүйенішін көбінде өз атынан бірінші жақта баяндаса, қасыбір жағдайда қалыс адамдардың ара-қатынастары арқылы да суреттеп, образдар жүйесін құрады.
«Өмір мектебі» кітабында бас кейіпкер автордың өзі, ол сондағы оқиғаларға белсене араласып отырады, замана жайын да, өзі жайында да толғаныс, тебіреністерін ортаға салады.
Романда кедей-жалшылардың өмірі мол қамтылған. Пішенші де, отыншы да, сушы да, бақташы, жылқышы да суреткер қаламынан тыс қалмаған. Оның өзіндік заңдылықтары да бар. Жастайынан жетімдіктің тақсыретін тартқан Сәбиттің жүрмеген жері, атқармаған жұмысы болмайды, қыстың қақаған үскірік аяздарында жылқы бағып, жаздың ыстық шілдесінде тарамысы созылған жігіттермен бірге Сансызбай молдаға жалданып пішенін шабады. Орыс кулактарына жалданған пішеншілер мен қазақ байларының есігінде жүрген жалшыларды өз көзімен көріп, олар көрген бейнетті бірге тартқандықтан еңбек адамдарының өмірін романда өзекті мәселе етіп қойған. Қанапия, Жақа, Шаймерден, Далабай, Әлмұқан мен Мұса сияқты қарулы жігіттермен бірге ұзақ күн шалғы шапқан кезін есіне алатын жазушы: «Пішеншілердің ішінде аштауы да мен болдым. Менің өлеңдер жинағыма кіріп жүрген «Жалшының зары» деген өлең дәл осы кезде жазылған еді» (437б.) – деп творчестволық жақтарынан да мәлімет бере кетеді.
«Өмір мектебі» материалының байлығы, оқиғаның молдығы жағынан халық шежіресі есепті. Мұнда әдет-ғұрып та, тұрмыс-салт та, әлеуметтік, қоғамдық жайлар да кеңінен сөз болады.
Мемуарлық шығармалардың эстетикалық күші – нақтылығында десек, осыны Сәбит Мұқанов өз шығармаларында өмір фактілері мен көркемдік түйіндеулерді қолдана отырып анық жеткізе білген. Осы тұста айта кететін бір жай, жазушы өз өмірін сөз етсе де, көрген-түйгенін баяндаса да соның барлығын нақтылы мысалдар арқылы танытқан.