Қай тілдің болса да, этимологиясын сөз еткенде, ол тілдің тарихына көңіл аудармай болмайтыны белгілі. Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан, оның қоғаммен, халықтың тарихымен тығыз байланысты болып келетіндігі заңдылық. Тіл білімінің негізгі салаларының бірі – этимология қанша зерттелсе де, әлі де зерттелетін мәселелер баршылық. Тіл білімі саласында еңбек етіп жүрген ғалымдарымыздың көпшілігі этимология мәселелерін тікелей зерттемесе де, басқа тақырыптың ыңғайында, сөз арасында қарастырып отырады. Соның нәтижесінде “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі” жарық көргеніне де елу жылдан астам уақыт өтіпті. Сөздерге этимологиялық талдау жасауда ғалымдар академик Ә.Қайдар, Р.Сыздықова, профессор Ә.Нұрмағанбетов сияқтылардың еңбектерін атап айтуға болады. Мерзімді баспасөз бетінде жарияланып жүрген бірсыпыра мақалаларды сөз етуді жөн көрдік.
Мысалы, қазақ тілінде бөгеуіл сөзі бар. Әскерде казармаға кіре берісте келген адамды тоқтатып, бөгеп тұратын адамды бөгеуіл дейді. Бұл туралы ғалым Ә.Керімов ертедегі түрік жазба әдебиетінде бақаус, букаус (тамақты ханға берместен бұрын дәмін татып көретін аспазшы) деген Будаговтың (1,262) деген пікіріне сүйеніп, “Рүстем-дастан” жырындағы бекауыл – той табақшысы дегенге тоқтайды. Ш.Уәлиханов профессор И.Н.Березинге жазған хатында букаул сөзінің қазақ тіліндегімағынасына түсінік беріп, бұл сөздің қырғыз тілінде де қолданылатынын айтқан.
Қансоқта. (Қарақұрт жеп қой семіреді, қансоқта жеп ит семіреді…) Сөйлем ішінде қан және соқта сөзі бірігіп те, кейде соқта сөзі жеке тұрып та бір ғана ұғымды білдіреді. Түрмендерге ет, май, өкпе, бауыр турап, қанды мол араластырып, ұн қосып бүйенге салып пісірген тамақ (Диалектологиялық сөздік, 189-бет). Сонда қансоқта сөзінің мағынасы тамақ дегенге келетіні ескерілген.
С.Шүкіров кемпірқосақ туралы мақаласында (“Ана тілі”, 14.11.02) “Кемпір сөзінің бізбен ертелі-кеш аралас-құралас болған сөздерде айтылу, жазылу ерекшелігі өз алдына, тіпті мағыналық тұрғыдан да біздің түсінігімізге кереғар ұғым беретін орайлары бар. Ол парсы тілінде кәрі, қаусаған шал мәнінде түсініледі. Сондықтан кемпір сөзін біз өз түсінігіміздегі әже, апа ұғымыныда алуымыз керек. Оның иран тіліндегі кем, кемен, кемелерге қатысы жоқ.
Қосақ – екеу, егіз, жұп тізу, бірлестіріп байлау, матау, малды қосақтау, қосақ – арқан тәрізді ұзын жіп. Ел ішінде кемпірлердің жүнді әр түрлі бояуға бояп, одан түрлі жіптер есіп, оларды біріктіріп, шылбыр, ауызжіп жасаған. Мұндай жіп түрлі түрлі түсті, сәнді болады. осындай ақты-көкті, қызылды-жасылды кемпірлер ескен жіпті кемпірқосақ деп атайды. Халқымыз табиғат құбылысындағы сәулелер тоғысын осы түсті жіптерге теңеп, кемпірқосақ деп атауы ықтимал” дегенді айтады.
Жым-жылас. Жым-жылас – жым-жылыс тіркесінің бір түрі (нұсқасы). Жылыс – ығыс, жылжы деген мағынады жұмсалады. Осы сөзден жылысу, жылыстау, жылыстамау, жылысып (кету), жылыстай (бастау), жылыстап (барады, келеді) дегендей әрқилы қолданыс мәні бар сөздер туындайды. Жылысу жылжудан да баяу (С.Шүкірұлы), елеусіз қозғалыс. Қашан, қалай, қайда кеткенін де сездірмей қауіптен, қауіпті жерден көз таса болу, жасырыну, ұзап кету мәндері бар.
Жым сөзін жыласпен ғана қарастырмай, оның басқа мәндеріне көңіл бөлу керек. Жым – қоянның жымы, қорғаныс үшін інін, өзінің қай жерде жүргенін білдіртпеу үшін шиырлап тастаған ізі. “Жымын білдірмей” деген тіркес те бар. Жым – жым болу, жымдай болу, тыныштық сақтау үшін емес, сескену, қорқу салдарынан үн шығармау. Жым-жырт, ешкім жоқ тып-тыныш, жым-жымын білдіртпей тігу, жымын білдіртпей ұрлау, жым-саңылау, жік, жымын ашу, жымдастыру, жымдаспау, жымдасқан, жымысқы, жымқыру, жымпиту, жымың қағу, жымыңдау, жымың-жымың ету сияқты сөздер тудыратын өнімді түбір. Жым-жылмағай дегенді жып-жылмағай деп қате айтып, жазып жүрміз. Жым түбірінен туындаған сөздердің бәрінде де әлденендей бір сыр, құпиялық, жұмбақты жай жатқандай, белгісіздік сыңай аңғарылады. Жымға салу, қоянның жымына салу, ауыспалы мағынада алдау, қулық жасау, жалған сөйлеуге саяды.
Жым-жыластың қолдануына зер салсақ, жылан жалағандай жым-жылас, қайда кеткені белгісіз жым-жылас болды, жым-жылас ғайып болды, жым-жылас кетті, су түбіне кеткендей жым-жылас, әп-сәтте жым-жылас қылды дегендей оралымдарда адамның асты, малдың жем-шөпті тез тауысып, жеп қоюя, адамның, аңның, малдың ,заттың кенет ұшты-күйлі жоғалып кетуі тәрізді мәндер байқалады.
Сөздердің шығу төркінін сөз еткенде кейбір тіркестердің, сөздердің дұрыс қолданылмай жүргенін де қарастыра кеткен дұрыс деп ойлаймыз. әлеуметтік мәнділігі ерекше болғандықтан салауатты өмір, салауатты өмір салты дегенді күн сайын айтып, күн сайын жазып жүрміз. Дұрысы – саламатты өмір, саламатты өмір салты. әңгіме дененің саламатты, сау, таза, дертсіз болуында ғой. “Саламатсыз ба?” деп амандасамыз, “Сау саламат болыңыз!” деп қоштасамыз. Саламат сөзінің мазмұнында саулық, амандық, дерттен тазалық, жақсы көңіл-күй – бәрі де бар. Ал салауат сөзі әуел бастан-ақ “кешірім”, “дұға оқу” дегенді білдірген (проф. Н.Уәлиев). “Өткенге салауат” дейтін сөздің мағынасы осыған жақын.
Бұрын “ауа райы” деуші едік, соңғы кездерде телеарналардың бәрінде “погода” сөзін “күн райы” деп жүргенін байқаймыз. Бұл жайтқа атақты жазушымыз Мұзағаң – Мұзафар Әлімбаев ағамыз түрткі болған тәрізді.
Сөз қадірін жете танитын қаламгер “Жас алашқа” телефон соғып, күн райы “погода” сөзінің, ауа райы “климат” дегеннің баламасы болатынын айтып жөн сілтеген еді. Расында солай. 1931 жылы “Қазақстан” баспасынан жарық көрген “Атаулар сөздігінің” 46, 85 – беттерінде терком климат сөзін ауа райы, ал “погоданы” күн райы деп көрсеткен. Әдетте “Күн райы жақсы екен”, “Күн райы бұзылайын деп тұр”, деп айта береміз. Белгілі бір затты, құбылысты, уақиғаны бір сөзбен яғни универб түрінде атау бар да, бірнеше сөзбен, яғни поливерб түрінде атау құбылысы бар. Қазақ лексикасындағы байырғы деректерге көз жіберсек, бір кездері белгілі бір денотатты универбпен атау үрдісі басым болғанын байқауға болады: сабаншы – қамыс мысығы, қарабай – қара ләйлек, жәушік – түлкінің баласы (қарға аунағанға дейінгі), жәудір — түлкінің баласы (қарға аунағанға дейінгі), бабыр – қар барысы, сарымық – жолбарыстың баласы, қонжық — аюдың баласы, қодыға – киіктің баласы, қодық – есектің баласы, соқыр – мысықтың баласы. т. б. Мұндай құбылыс әлеуметтік — қоғамдық атауларда да кездеседі: бише – би баласы, мырза — әмірдің баласы, бағылан – бай баласы, құлшар – құл баласы, ханшайым – хан қызы, ханзада – хан баласы, мырзақамақ-үй тұтқыны.
Тілімізде күнделікті қолданылып жүрген сөздеріміздің түп төркініне көз жіберсек, қызық жайттарға тап боламыз.
Мысалы, “әжем қонаққа еттің жылы–жұмсағын асты” деп айта береміз. (Акед. Р. Сыздықова)
Осындағы “жұмсақ” сөзінің мағынасы түсінікті болса да, ол шикі еттің жылы болуы қалай? Бұл сөздің төркінін іздестіре бастасақ, ол жаулы деген сөз болып шығады. Өте ертедегі аталарымыз тілінде жау / жағ сөзі «май» деген мағынаны берген. Жау тұлғасының осы мағынасы қазіргі тілімізде көздің жауы [н алып], (көздің майын тауысып деген сияқты), жаубүйрек (тағам атауы) сөздерінде сақталған. Демек, о баста жаулы – жұмсақ деген майлы және жұмсақ деген мағынада қолданылған екен. Жау сөзінің май мағынасы бірте – бірте ескіріп, ұмыт бола бастаған соң, дыбыстық тұрпатын өзгертіп, жыл деген кәнігі сөзге айналған.
Сызу сөзінің мағынасы қазіргі қолданысымызда “қарындашпен не қаламмен қағаз бетіне сызық жүргізу, чертеж салу”. Ал жырларда бұл сөз жазу мағынасында қолданылады. Мысалы, “Қарабек батыр” жырында:
“Мінезіңнен таба алмадым бұзығыңды,
Қаламменен хат таныған сызығыңды” деп келсе, “Қобыланды” жырында:
“Менің атым қызыл – ды,
Іс тағдырға сызылды, — дейді.”
Осындағы тағдырға сызылды тіркесі тағдырда солай жазылды деген мәнде. Қазақ сөздерінің ертелі – кешті сыр – сипатын өте жақсы білген. Әлкен Марғұлан сызу сөзінің жазу мағынасын тап басып, Шоқан жазбаларындағы “Манас” жырының қырғызша мәтінін қазақшаға аударғанда орынды пайдаланған:
Алақандай ақ қағаз,
Хат сыздырып алып кел. (“Көкетайдың ертегісі”)
Сыз сөзі – түркі – монғол тілдеріне ортақ сөз. Саха (якут) тілінде суруй – жазу деген сөз. Сызық сөзін жазмыш сөзінің синонимі ретінде пайлалану күні бүгінге дейін келеді. Мысалы, М. Шахановта: “Бәрімізге ортақ бір ғана тағдыр сызығы бар-ды” дегенінде сызық сөзінде және бір сема (мағыналық реңк) бар, ол — көңілдегі қайғы–қасірет. Мұны да ақын–жазшылар пайдаланғаны байқалады. Мысалы, Абайдан:
Жаралы көңілімнің
Жазылмай сызығы, — деген өлең жолдарын оқимыз.
Сөздердің түп–түпкіріне зер салсақ, сан алуан сырларға қанығамыз деп ойлаймыз.