Қазақ әдебиетінің шетелдердегі көрінісі

Қазақ ұлтының өсіп, өніп, өркендеу аясында алыс-жақын шет елдермен біте қайнасып даму ерекшеліктерін сөз ететін ғылыми зерттеулер азды-көпті қазақ әдебиеті саласында орын алатыны белгілі.

Әдеби байланыстар негізінде қаралып, кең ауқымды туындылар қатарына саналатын еңбектер аясында қазақ әдебиетінің шығыс және батыс еуропалық әдебиеттермен байланысы Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Мұқанов, З.Ахметов, Б.Ысқақов, С.Сейітов, З.Кедрина, С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, М.Базарбаев, Р.Бердібай, Ә.Қоңыратбаев, А.Қыраубаева, С.Қасқабасов, Р.Нұрғали, Ж.Ысмағұлов, Ә.Дербісәлі, Е.Лизунова, Ө.Күмісбаев, Б.Әзібаева, А.Жақсылықов, Б.Мамраев, К.Ш.Кереева-Канафиева, С.Дәуітов, М.Маданова, А.Түсіпова, С.Алтыбаева, С.Аненьева және тағы басқа ғалымдар еңбектерінде сөз болады.

Ал, шетелдік ғалымдардан әдеби байланыстар мәселесі бойынша В.Жирмунский, А.Веселевский, Н.Конрад, Д.Дюришин, А.Дюма, Г.Белинский, М.Бахтин, В.Шкловский шығармашылықтарын жатқызсақ, қазақ әдебиетіндегі әдеби байланыстардың іргесін қаласып, дамуына үлес қосушы ғалым Ш.Сәтбаева екендігін бірнеше әдебиеттанушылардың мақалалары мен рецензиялары негізінен ғалымды сол қоғамның өзінде-ақ жете танып бағасын бергендігін танимыз. М.Әуезов, З.Ахметов, С.Қасқабасов, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Т.Кәкішев, М.Жармұхамедұлы, Ә.Нарымбетов, Ж.Тілепов, Б.Мамыраев, А.Ісмақова, М.Маданова, Г.Елеукенова, А.Ананьева, А.Түсіпова, Мантебаева А. сынды ғалымдар өз еңбектерінде Ш.Сәтбаеваны әдеби байланыстардың негізін қаласушылардың бірі ретінде қарастырады.

Демек, әдеби байланыстардың тамыры тереңде жатқандығын өзекті мәселе ретінде алға тартып зерттеу ісі ХХ ғасырдың 30-70 жылдар кезеңдерін қамтығандығын көрсетеді.

Осы зерттеулер негізінде қазақ әдебиетінің шетелдерде зерттелуі жайына бойлар болсақ, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің шетелдерде бағаланулары және аударма істерінің жалпы ұлт тағдырына қаншалықты әсерін тигізетіндігін сараптауға болады.

Тәуелсіздік алып өз еншіміз өзімізге тиген шақта тарихтың тереңіне үңіліп құндылықтардың арыда жатқандығын дәлелдейтін кез туғаннан бері, ескі ой-сананы өзгертетін сәттер де таяп келеді. Яғни, жазба әдебиетін ХҮІІІ ғасырдан бастау алады деп келген көзқарастың бұлты сейілді. Қазіргі құндылық Орхон-Енесей бойынан табылған құлпытастағы ескерткіштер екендігін бүкіл ел мойындады. Шетел ғалымдары қазақ филологиясындағы қалыптасқан тұжырымдарды әрдайым ескеріп отырады. Бұл жайында ғалым Ш.Сәтбаева өз зерттеуінде қарастырған: «Совет Одағы халықтарының әдебиетіндегі» «қазақ әдебиеті» бөлімін белгілі неміс ғалымы филология ғылымының докторы Хаксельшнайдер» дәріптеген еңбектегі бірер мәліметтерге ғалым көңіл бөле қарайды.

«Мәселен, біздің қазақ филологиясында жазба әдебиетіміздің тууы, қалыптасу мерзімі шамамен ХҮІІІ ғасырдан басталады деп саналып келеді ғой. Содан болуы керек, бұл тұжырым неміс достар шығарған кітапта да орын алыпты» — деп мәселенің мән-жайын айқын танытқан ғалым ары қарай былай сабақтайды: «Бұл жағдай бізде қандай да бір тарихи, мәдени, әдеби құбылыстарды зерттеуде қорытынды тұжырымдарымызда ғылыми дәлелді негіздерге аса мұқият болуды тағы да ескерткендей»[1, 121] – деп әрбір тұжырымға сақтықпен қарау керектігін де ашып айтады.

Фольклор мен әдебиеттің қайсысы бірінші пайда болды деген сұрақ төңірегінде әлем ғалымдары түрлі заңдылықтарды аша отырып, айқындаған заңдылықтарының бірі фольклордың жазба әдебиетіне тигізген әсері. Бұл мәселе қазақ кеңес әдебиетінде де көтерілді. Демек, әлемдік аренадан тысқары қалмай өз кезеңімен қалыптасып келе жатқан тағы бір теориялық тұжырымның қазақ әдебиетінде де көрініс тапқанын неміс ғалымы өз еңбегінде бергендігін Ш.Сәтбаева толымды жеткізеді: «Қазақ жазба әдебиеті алғашқы кезде фольклормен қатарласа қалыптасқаны, аралары бірден емес, бара-бара алшақтай дамыды сондықтан да, бірсыпыра уақыт онда фольклор белгілері мен жанрлары да басым болғаны анық» дей келіп ғалым, сөз етіп отырған кітабындағы дерекпен ұштастырады. «ХҮІІІ-ХІХ ғасыр әдебиетінің тарихында екі ағым, екі бағыт болғаны, оның бірі – «демократтық халық арманы мен оның жарқын өмірге құштарлығын көрсету», екіншісі, — үстемдік етуші құрылысты, оның байлар мен ислам діні өкілдерінің өктем, феодалдық билігін мадақтау» бағытында екені анық айтылғандығы, бұл бағыттар өзара күресте болғаны айтылады[1, 122]».

Қазақ әдебиетіндегі әрбір жазушының көркем әлеміндегі құндылықтары көркем мәтінге енген тұсының өзінде де оларға әсер ететін белгілі ағымдар мен бағыттардан ауытқи алмайтындарын да әдеби заңдылық деп қарасақ, әлемдік деңгейдегі түрлі ағымдардың қазақ әдебиетіне де тигізген ықпалын сол тұстарда дүниеге келген шығармалардан анық аңғарамыз. Сондықтан қазақ елінде жазылған туындылар өзге ел өкілдеріне де ортақ мұра, идеялық көркемдік қасиеттері бір еңбектер. Шетел ғалымдары ой-пікірлерін білдіріп, сын көзқарастарын түрлі газет-журналдарда жариялап отырулары белгілі бір әдеби байланыстардың жібін жалғайды. Қазақ шығармаларын талдап, көңілге толымды пікірін білдірген авторлардың есімдерін ғалым тізбектей көрсетеді: Андре Стиль, Алфред Курелла, Имре Тренчени, Вольдапфель, Пьер Филибер, Людвич Гржебичек, Герберт Кремпиен т.б.[1, 120]»;

Ерек екшеп көрсететін мәселе, шетел ғалымдарының қазақ әдебиеттеріне және олардың шығармаларына арнаулы зертеулер жүргізіп, диссертациялық еңбектер жазулары. Ғалым мұндай іргелі істерді жете танытады: «Бұлардың ішінде академик Имре Тренчени Вальдапфельдің «Жамбыл» кітабын, чехтың жас ғалымы Гржебичектің Абай тілі туралы диссертациясын, Азия және Африка халықтарының әдебиеттері» (ІІ-бөлім, СССР-дің Азиялық әдебиеттері») аталып, Чехословакия жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдарының «Қазақ әдебиеті» бөлімін өзгеше айтамыз. «Совет Одағы халықтарының әдебиеттері» делініп, Лейпципте шыққан көлемді жинақ және Чехославакия мен ГДР-де шыққан «СССР жазушылары[1-121]». Неміс жазушысы Хаксельшнайдер «М.Әуезовтың «Абай жолы» және Ғ.Мұстафин романдары арқылы қазақ совет әдебиеті дүниежүзілік әдебиетте маңызды орынға шықты» делінген; Ал, 1966-1967 жылдары Прагада және Лейпцигте шыққан «Совет жазушылары» деп аталатын кітаптарда он алты қазақ ақын-жазушыларының өмірі мен шығармаларына анықтамалар берілген. Бұл кітаптың библиография бөлімдерінде шығармалардың аты қазақ тілінде де, чех тілінде де қатар көрсетілген[1, 122]» — деген анықтама кітаптарын келтіреді. Әрине, бұл еңбектер, қазақ әдебиетінің әлемдік әдебиеттегі алар орнын айқындаса керек.

Ең бастысы – қазақ әдебиетінің шетелдерге де жоғары бағалануы – халықаралақ рухани мәдениеті биік деңгейде екендігін дәлелдегендей.

Кез келген істің екі қыры болатыны іспеттес әдеби байланыстардағы ақаулық байқалатын тұс аударма ісі. Болмыстағы әттеген-ай дейтін түзілістер әдеби байланыста да көрініс табатындығын кемшіліктер ретінде айғақтаймыз.

Себепсіз ешнәрсе де болмайтыны сияқты кей ойы өзге шетел ғалымдары әдейі бұрмалаушылыққа жол беріп, бір ұлттың тұтас мәдениеті мен тарихына қиянат жасайтындықтары да табылып жатады.

Бұл мәселе өткен қоғамда да күн тәртібіне қойылған болса, қазіргі таңда да өз мінберінен тайған жоқ.

ХХ ғасырдағы өзектілік ретінде алға тартқан Ш.Сәтбаева мұндай қылмыстарды ойы ұшқыр оқырмандардың сынға ала оқуларына және түзетулер енгізулеріне ой тастап, өз еншілеріне қалдырады.

«Расында да, Батыс және Шығыс халықтары тілдерінің көбіне аударылған қазақ шығармаларымен жақсы таныс және олар туралы алдынғы қатарлы шетел жазушылары мен ғалымдарының, оқушылары мен сыншыларының пікірлерін оқыған адамдар Т.Виннер мырза сияқтылардың қазақ әдебиеті туралы жазған бұрмалауларына сірә де сенер ме? 1958 жылы Америкада Т.Виннер «Орыс Орта Азия қазақтарының фольклоры мен әдебиеті» деген атпен кітап шығарып, онда қазақ әдебиеті даму тарихын дөрекі түрде бұрмалаған, оның бұрынғы халықтық, демократиялық, прогрессивті белгілері мен дәстүрлерін жоққа шығармақ болған. Қазақ әдебиетінің өткені мен бүгінгі тарихын бұлайша бұрмалаушылықтарға қарсы күресте бұл күнде бүкіл жер шарын аралап кеткен қазақ жазушыларының көркем шығармалары мен олар туралы шетел зерттеушілерінің объективті пікірлері тиісті қызмет атқаратыны анық» [1, 122] – деп, іштей күйінгенімен халқына жұбаныш сезімін білдіргендей.

Бір қызығы мынанша еңбектер шетел тілдерінің мынанша тілдеріне тәржімаланды деп қуанамыз. Мәселен, «М.Әуезовтың «Абай», «Абай жолы» ағылшын, болгар, неміс, вьетнам, грек, корей, қытай, поляк, румын, солвак, түрік, француз, үнді, япон, тілдерінде. «Қараш-қараш» повесі неміс тілінде «Ниялдағы атыс» деген атпен, ал «Көксерек» әңгімесі «Қасқыр ізі» деген атпен неміс тілінде шықты. Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерімі» болгар, түрік, румын, чех, «Ботакөзі» поляк, чех, «Сырдария» романы болгар тілдерінде және Цейлонда жарық көрді. Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» болгар, белгі, поляк, румын, словак, чех, француз тілдерінде, Ғабедин Мұстафиннің «Миллионері» болгар, неміс, поляк, румын, чех, «Қарағанды» романы румын, словак тілдерінде, Тахауи Ахтановтың «Қаралы күндарі» мен «Бораны» немісше, Әбдіжамал Нүрпейісовтің «Қан мен тері», «Түнекте» деген атпен француз тілінде жарияланды. Шетел газет-журналдарында әр уақыт жиі басылып тұратын қазақ ақын-жазушыларының өлеңдері мен поэмалары тағы бар»[1, 120].

Көрсетілген еңбектердің барлығы да көңілге қонымд, қуаныш лебін шашқанымен аударма ісінің мән-жайын сараптап, әділдігін айқындаушы қазақ барма?!

Сол аударма ісіне қатысты жан айқай дауылы әлі де есіп тұр дей аламыз.

«Қазақ» деген ұлттың босағасы берік екендігін айғақтайтын ең үздік тарихи туындыларымыздың бірі І.Есенберлиннің «Көшпенділері» әлемге ортақ ағылшын тіліне аударылған. Әлбетте, қай дәуірде болмасын, қазақ ұлтының барын бағалап, қателіктерін ащы сынмен ойып айтатын да зиялылар қауымы. Сол, Ш.Сәтбаевалар жаққан шамның маздауымен, сәулелі үміттерін арқалап, қазіргі аударма істеріне мән беріп жүрген қазаққа ой беруші Н.Рсалиева сыртқы композициясы керемет өрнектелген бұл еңбектегі кеткен олқы аударма нәтижесі туралы өзекті өртер шындықпен, дәлелдеп көрсетіп, шешімін тез арада шығаруына жол салатын мақалаларын үздіксіз баспасөз құралдарында жариялауда[2, 6]. Алайда, бұл мәселенің түйіні шешілмей елеусіздік танылып келеді. Жанға батар жөнсіздіктің жібі түзелсе игі іс болар еді…

Аударма ісінің түбегейлі қаралуына алғашқылардың бірі болып жол салған, «Батыс және Шығыс әдебиеттану ғылымындағы қалыптасқан жүйе негізінде Ш.Қ.Сәтбаева қазақ әдеби байланыстардың жүйелі түрде зерттеуді жолға қойған зерттеуші. Осы салада мектеп қалыптастырып, шәкірттер тәрбиелеп шығарған. Бүгінгі ғалымның көптеген шәкірттері ұстазының ізін басып, қазақ әдебиетінің тарихы мен әдеби байланыстары саласында жемісті еңбек атқаруда. Олардың қатарында отандық әдебиеттанудың дамуына өз үлесін қосып жүрген — Ж.Тілепов («ХІХ-ХХ ғғ. Басындағы қазақ поэзиясының тарихилығы»), Б.Мамыраев («Основные тенденции развития казахской лиературы 1-й четверти ХХ века»), М.Маданова («Казахско-французские литературные связи ХХ века проблемы сравнительного литературоведения»), А.Түсіпова («Казахско-английские литературные связи ХІХ в.) С.Қорабай («Развитие сатиры в казахской литературе началаХХ века»), Н.Жармағанбет («Поэтическая трансформация сюжетов «Тысяча и одной ночи», «Калилы и Димны» в казахской дореволюционной литературе») және т.б. көптеген ғалымдар мен зерттеушілерді атауға болады. Бұл еңбектер де қазақ әдебиетінің әдеби байланыстары мен тарихын зерделеуде үлкен рөл атқарады, қазақ әдебиеттану қорына қосылған елеулі үлес деуге толық негіз бар[3, 7-8]».

Қорыта айтқанда, қазақ-орыс, қазақ-шығыс, қазақ-әлем әдеби байланыстарын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан Ш.Сәтбаева әдебиеттану ғылымының төрінен әлдеқашан орын алды. Десекте, оның сіңірген еңбегінің нақты бағасын беруде әлі де атқарылмаған істер көп. Осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған бұл мақалада «қазақ әдебиетінің шетелдерде зерттелу жайы» хақында ғалым қарастырған түбегейлі ойлары сарапталды.

Резюме

В этой статье рассматривается работа Ш.Сатбаевой «об исследовании казахской литературы зарубежом».

Summary

The article is devoted to consideration of Sh.Satbaeva, s work «about research of Kazakh literature abroad».

Әдебиеттер

1 Сәтбаева Ш. Уақыт шуағы. – Алматы: Ғылым, 2000. -656 б.

2 Рсалиева Н. «Көшпенділерге»… тосқауыл керек.// қазақ әдебиеті №8(3012) 23 ақпан –

1наурыз. 2007 ж. -6-б.

3 Ментебаева А. «Ш.Қ.Сәтбаеваның ғылыми мұрасы» ф.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындаған диссертациясының авторефераты. –Алматы; 2007. -22-б.