Көркем шығармаларындағы эпитеттердің қолданылу жолдары

Эпитет қандай да бір сөздің сапасын, белгісін білдіретін көркемдеуіш құрал болғандықтан оны айқындау деп те атайды.

Эпитет кейіпкердің жан дүниесін ашуда, кескін келбетін суреттеуде ерекше қызмет атқарады. Портрет пен оның детальдарын жасау, кейіпкерге мінездеме беру, кейіпкердің ішкі сезімдерін, көңіл-күйін бейнелеу үшін, сөз ажарын көркейтіп, ойды кемел жеткізу үшін жазушы эпитеттерге сүйенеді.

Прозада жиі қолданылған көріктеуіш тәсілдердің бірі — эпитет. Айқындау, яғни эпитет — заттың құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз.

Эпитеттің зерттелу тарихы ертедегі грек ғалымдарынан бастау алған. Ұлы оқымыстылардың пайымдаулары басқа тілдерде эпитет жайындағы ілімнің ілгері дамуына әсер еткен. Қазақ тілінде эпитетке алғаш анықтама берген А.Байтұрсынұлы: “Көркейту я жалпы сипатты жалғыз нәрсеге теліп айтқанда, я нәрседе болмайтын сипатты болатындай етіп айту. Асылында айқындау нәрсені я көркейту үшін айтылады, я лақаптау үшін айтылады”, — деп жазады.

Т.Әбдіков шығармаларында кездесетін эпитеттерді стильдік қызметі, яғни автордың эпитеттерді қолдану мақсатына қарай бірнеше топқа жіктеуге болады.

Жазушы шығармаларында табиғат көріністерін (пейзаж) беру мақсатында қолданылған эпитеттерді мезгілге, қалыпты күйіне қарай жіктеп көрсетуге болады.

1) Автордың эпитетті қолданудағы мақсаттарының бірі – табиғат көріністерін, тұрмыстық жайларды, жеке құбылыстар мен заттарды оқырман сезіміне әсер етерліктей етіп беру. Мысалы, “Шаңқай түске қарай көтерілген күн, ыстық аптабымен күйдірмей, қалың ағашқа, жайқалған көк шалғынға, құйқалы топыраққа мол қызуын сіңіріп балқытып келеді” (3, 18-б). Сөйлемде көңілге жайдары шуақ төгетін жаз көрінісі сұлу сөздермен нақты берілген. “Алатаудың қарағай орманды көп жықпылдарында ұйып тұрған көкшіл мұнар сұйылып, күлгін тарта бастады. Кешкі күннің қиғаш сәулесі тау жоталарын қызғылт-сарғыш ерекше бір нәзік нұрға малған” (3, 13-б). Талас жоқ, осы сөйлемдердегі эпитеттің сөйлемге әдемі ажар беріп тұрғаны даусыз. Алғашқы сөйлемде жазушы қарағай орманды жыпқылдарында ұйып тұрған көкшіл мұнардың табиғат аясындағы керемет үйлесімді суретін берсе, келесі сөйлемде тау жоталарын нәзік нұрға малған күннің қиғаш сәулесін көз алдыңызға елестетесіз. Алатаудың сұлу келбеті әсем суреттелген. “Жұрттың бәрінің көзі таудан бергі жазық даланың ортасында жалғыз тұрған үлкен, биік, қоңыр төбеге түсті” (3, 13-б). Сөйлемдегі үлкен, биік, қоңыр сөздері – күрделі эпитеттер. Олар сөйлемге айрықша өң беріп, өмір суретін дәл өрнектеуге қызмет етіп тұр. “Жылы үйдің есігіне жуықтай бергенде желкесінен тартып әкеткендей, адам баласының әлі келмейтін ақ дүлей елсіз, панасыз далаға қарай қойларымен қоса ысырып әкетіп барады” (3, 36-б). Мұнда эпитет пен теңеу түйдектеліп келіп, шығарма ажарын аша түскен. Дүйсеннің әлі келмеді Қара дүлей ақыры оны қойымен қоса жарға қарай ысырып әкетті” (3, 38-б). Бұл сөйлемде автор эпитет арқылы табиғаттың қатал мінезін шынайы түрде суреттеген. “Сол ауырғаннан марттың аяғында – далада ойдым-ойдым қара жер көрініп, өзендерде сең бұзылып, мектепке бөгет бойымен айналып баратын кезде бір-ақ тұрдым” (3,144-б).

Көктем мезгіліндегі табиғаттың өзгешелігі көрсетілген.

Эпитет — кейіпкердің портретін жасауда таптырмас тәсіл.

2) Эпитеттер кейіпкер портретін беру үшін қолданылған:Жанымдағы шоферіме көз тоқтап қарап ем – бетінің аздаған секпілі бар, етжеңді жүзінен сәбилік аңқаулық байқалатын, шип-шикі бала екен. (3, 125- б).

“Жас кезде өмір қайнаған базар секілді. Дос та көп, жолдас та көп. Достың досы саған да дос болып жүретін кез. Сондай бір сапырылысқан тұста аз-кем күн аралас-құраластау болғанымыз бар. Түрі де есімде: ұзын бойлы, арық, ақсары жігіт. Жүйкесі жұқалау ма-әзіл сөзге қызарып кететін. Оған бөтен елдің адамына қарағандай, көңілін аулай сөйлеп, аяңқырып жүретінбіз” (3,6-бет). “Ұзын бойлы, арық, ақсары жігіт сөздері кейіпкердің сыртқы бейнесін бейнелеуде ерекше қызмет атқарған.

-Сіз мұнда неғып жүрсіз? — деді ақ халат киген еңгезердей жас жігіт”(3,180-б).

Сол ниетпен кереуетте кітап оқып отырған адамға көз тоқтатты. Ер тұлғалы, ірі, сымбатты кісі екен. Маңдай шашы сирей бастапты” (3,181-б).

Түпкі бөлмеге кіргенде барып дәл төрде — төсек үстінде кіп-кішкентай болып жатқан әкемді көрдім. Адамның жүдеген кезде мұншалықты кішірейіп кететінін бұрын білмеуші едім. Көзі шүңірейіп, жақ еттері шодырайып, адам танымастай болып кетіпті (3,63-б).

Т.Әбдіков шығармаларында тұрақты эпитеттер көп кездеседі. «Тұрақты эпитет дегеніміз — бір затқа тұрақталып бекіген, мағыналық дербестігін сақтаған, екі не одан да көп сөз тіркесінен тұратын, бірінші компоненті коннотативтік, екінші компоненті денотативтік қызмет атқаратын, өзара қабыса байланысқан, көркем бейнелі, образды тұрақты сөз тіркестері» [4, 44].

Тұрақты эпитеттердің негізінен бейнелік, көркемдік сапасы әлдеқайда жоғары, эмоциялық бояуы мейлінше қалың, экспрессивті әсері өзгеше, күшті болады. Мысалы, “Серікбай мақтанғанды жек көрмейтін, кілегей қой көздерімен маңындағыларға жымыңдай қарап, қатар отырған молданың шақшасын сұрады”(3,71-б). “ Ағайынды екі адам немесе қанды көйлек достар араздасып жатса, ол да өңмендеген өзімшілдіктің кесірі екені даусыз”(3,40-б).

Автор кейіпкердің бет-тұлғасын, дене -бітімін суреттегенде эпитеттерді орынды қолданған.

а) Адамның бет пішінін сипаттайтын эпитеттер:

Көз: отты көз, адырақ көз, дөңгелек көз, кілегей қой көз, қара көз, көк көз, қоңыр көз, қуақы көз, күлім көз, мөлдіреген нұрлы көз, нұрлы көз, нұры сөніп бара жатқан көз, нұры өткір қара көз, шүйіріңкі көз, шүңірек шегір көз, шегір көз, тіке көз т.б.

Молдабек адырақ көз, қарасұр бетін тыржыңдатып, балаларды күлдіртіп отыратын қуша шал еді” (3, 96-б).

ә) Адамның дене пішінін, тұлғасын сипаттайтын эпитеттер

Дене: алып дене, әдемі дене, қыбырлаған сұсты дене, сүйегі салбырап босап қалған дене, тершіген ыстық дене, шаршаған дене, босаңсып, ауырлаған дене, зор дене т.б.

Тұлға: бейқам ірі тұлға,ер тұлғалы,ірі, сымбатты, жұмыр тұлға, сұлу тұлға, берік тұлға, сұңғақ бойлы талдырмаш қыз, ұзын бойлы т.б.

Автордың сөз қолданыс ерекшелігінің бірі – адам портретін жасауға қатысатын эпитеттердің ішінде “көз”, “жүз”, “өң”, “ерін”, “дене” сөздерімен тіркесетін сөздерді көп қолдануы.

б) Сұлулықты сипаттайтын эпитеттер: ойнақы ажар, әсем көрік, сұлу әйел, сұлу қыз, нәзік бейне т.б.

3)Эпитеттер кейіпкердің жағымсыз бейнесін беруге жұмсалған:
Стол үстінен еденге дейін шашылған күл-қоқыс, сигарет қалдықтары, қағаз қиындысы, мүсін жасайтын қоңыр қошқыл сылақтың үгінділері, сейіліп бітпейтін темеке түтіні мүсіншінің жұмыс десе, дүниенің бәрін ұмытатын жансебіл адам екенін байқатады ” (3,312-б).

“Өмірде мазақ қылып жүрген зымиян құрбымды аурулардың арасынан табам деген ойдан бірте-бірте қайта бастаған секілді едім”

— Мына Сатайдың жаман, боркемік шалдары осы күйді жылап отырып тыңдайды екен, — деді сатайлар тұратын жақты иегімен нұсқап. – Ал мен жыламаймын. Бұл жылайтын күй емес. Жаубөрі бұл күйді жыласын деп шығарған жоқ. Өсиет етіп қалдырып отыр(3,323-б).

Сыртынан қарағанда сөзге сараң, сабырлы көрінетін сирек шашты ақсары кісі нағыз мылжыңның өзі болып шықты — өзін таныстыру үшін алыстан ата-бабаларын таратып, әрқайсысының ерлігін баяндап, бір атасының патшаға барғанын, бір атасының ғұлама ғалым болғанын айтып, жеңімнен ұстап жібермей, әбден зықымды шығарды(3,16-б).

Жоғарыда берілген мысалдардағы жылы ағынға; сұлу қызды; ұзын бойлы, арық,ақсары жігіт; еңгезердей жас жігіт; ер тұлғалы, ірі, сымбатты кісі; жуан қарын; көзі адырайған, қарасұр бет; қуша шал; адырайған тамырларын сырғытып, мұрты жыбырлап, тұғжиып отыратын; жансебіл адам; зымиян құрбым; жаман, боркемік шалдар деген эпитеттер: біріншіден, кейіпкер келбетін, портретін. өзіндік ерекшелігін нақты, дөл суреттеуге қызмет еткен; екіншіден, кейіпкердің ішкі дүниесін аңғартады; үшіншіден, кейіпкердің мінезі мен іс-әрекетінің ерекше сипаттарымен қоса, автордың көзқарасын да аңғартады.

«Эпитетті қолданғанда, жазушылар жай қолдана салмайды. Белгілі мақсатпен қолданады. Жазушының қолданған эпитеттері, суреттеген нәрсесіне өзінің қатынасын көрсетеді».

Жазушы қолданысындағы эпитеттер тек кейіпкер портретін сомдаумен шектелмей, кейіпкердің көңіл-күйін, ішкі сезімін ашуға да үлес қосады.

4) Автор эпитетті кейіпкерлерін мінездеуде де орынды пайдалана алған. Мысалы, “ Үлкен жалпақ бетті болғанмен өңі жұқа, лезде қуарып, не қан тепсініп шыға келеді” (3, 15). “Бұл сөйлеп шыққаннан кейін бір жылмаңдаған саржалақ жігіт ұстай алды” (3, 16). Келтірілген мысалдардың алғашқысында эпитеттер арқылы “үлкен жалпақ бетті”, “өңі жұқа” ішіндегісі лезде сыртына шығатын, жаны таза, ақкөңіл образ сомдалса, екінші сөйлемде ұшқалақ адамның бейнесі сомдалған.

Жазушы шығармаларындағы кейіпкер мінезін ашу үшін қолданылған эпитеттер төмендегіше болып келеді: мейірімді шырай; ойлы пішін; сенімді пішін; шімірікпейтін арсыз кескін; байсалды қалып; жарқын мінез; жұмсақ өң, жымысқы қу; қалтыраған сараң; тиянақсыз қу; тік мінез т.б.

5) Эпитеттер арқылы тұрмыс-тіршілікті суреттеген. Бұрын колхоздың кеңсесі болған ұзынша кірпіш үйдің есігін қамыс албармен қоршап қойыпты. Қай жерде екені белгісіз, дәл аяқ асты маңынан бақпа үйректің қарқылдаған үні шығады (3,63-б).

Жиырма шақты үй болып дәл осылай көл жағасына қаз-қатар қону шағын ауылдың жыл сайын айнымайтын дағдысы. Күн шыға ауылдың биесі байланады, одан кейін бригадир шал жаудай жағаласып жүріп жұмысшыларды оятады, содан кейін құрт сығып отырып дауыс қылатын Ақсары кемпірдің айқайынан мен оянамын. Ақсары кемпірдің Жорабек деген жалғыз ұлы Ермек көкемдермен бірге соғысқа кеткен. Ақсары бұрын өмірдің тауқыметін көп көрген, содан ашынып, айқайлап сөйлеуді, кейде өзі байқамай әлдекімді балағаттап тастап, артынан «жаңа не деп қойдым» деп қасындағы адамнан өз сөзін өзі сұрап отыруды дағды қылып кеткен, ал жеңіл ауыз жұрттың сөзімен айтқанда, шала ауысқан кемпір” (3, 97-б). Т.Әбдіков кейіпкерлердің тұрмыс-тіршілігін, ауыл тынысын нақты суреттеу арқылы оқырмандарын жалықтырмай, қызықтыра білген.

Т.Әбдіков шығармаларында қолданылған эпитеттерді құрылымына қарай да топтастыруға болады. Олар:

1) сын есім мен зат есімнің тіркесуі арқылы жасалған эпитеттер, моделі: сын есім + зат есім: Мысалы, момақан жан, қатыгез сестра, жасанды қарттық, қатқыл көңіл, қоңыр бұлт, тәтті көңіл, , қара тұңғиық, асау байтал, тәтті үміт, соқыр сезім, шынайы көңіл,бақытты ғұмыр, ұсақ діріл, орақ тұмсық, дөң маңдай, ыстық толқын, жұпар леп, боз жусан, көк сағым, бос қиял, жайлы мінез, жылы жүз, қу тіл, сүйір тұмсық, қоңқақ мұрын т.б.

2) есімше формалы етістік пен зат есімнің тіркесуі арқылы жасалған эпитеттер, моделі: есімше + зат есім. Мысалы, өлімсірей жанған аспалы шамдар, күйіс қайырған малдар, ұйтқыған боран, жылы жерде бойкүйезденіп қалған жәндіктер, төңірегін бүркеп алған бұрқасын,бас сұғуға болмайтын мүлде жат дүние, өмір бойы өшпейтін таңба т.б.

3) есімше формалы етістік, сын есім және зат есімнің тіркесуі арқылы жасалған эпитеттер, моделі: есімше + сын есім + зат есім. Мысалы, шақырайған аппақ қар, еп-ерсі тікірейіп тұрған қасқа бас, шымырлап аққан мөлдір бұлақ іске бел буған тәуекел шырай т.б.

Ғалымдар: «Эпитеттер тұлға жағынан біркелкі емес… Эпитет сын есім, есімше тұлғалармен қатар, көсемшеден де жасалуы мүмкін. Кейде тұлғада тұрса да, барлық эпитеттің мазмұны бірдей, құбылыстың айырықша белгісін даралау, нақтыландыру. Айырмашылық — түрінде, қандай сөзбен тіркесуінде, ненің санасын, қасиетін, белгісін (заттың ба, әлде қимылдың ба) бейнелейтіндігінде. Көсемшеден болған эпитеттер іс-әрекеттің, қимылдың санасын бөлектеп, айырықша жекелеп, көркемдеп бейнелейді» ,- деп көсемшенің іс-әрекеттің сынын бейнелеуін эпитет деп көрсетеді. Мысалы: Сол қамалға тірелген кезде ар жағы бір құпия , беймәлім, бас сұғуға болмайтын мүлде жат дүние екенін аңғарады. Ол тек бір затқа – санадан тыс құдіретпен адамдар дүниесін байланыстыра алатын көріпкелдердің бар екеніне ғана қуанатын” (3, 171-б). “ Өмірге тайраңдайтын Бағдат алдымнан шықты (3,216-бет). Тайраңдау етістігі кейіпкердің куанышын бейнелейді. Прозадағы көсемше тұлғалы етістіктер, көбінесе, авторлық ремаркаларда келіп кейіпкер сөзінің мазмұны мен оның сол сәттегі көңіл-күйіне, айтылған сөздің орынды-орынсыздығына сипаттама береді.

Хамиттың білмейтін хабары, естімейтін өсегі жоқ, ағып тұрған сөз екен. -Айтыңыз, айтыңыз, — деп Хамит жөкілдетті. (3, 232-б).

Экспрессивті етістіктер Хамиттің екі жүзді, өтірікші екендігін аңғартады.

Қорыта айтқанда, автор қолданысындағы эпитеттер айтылған ойды құбылта төгілткен, шығарма шырайына көрік беріп, әр сөзге ажар дарытуымен ерешеленеді.