Қоршаған ортаның адам денсаулығына әсері

Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғау күрделі әрі аса өзекті мәселелердің бірі. Қазақстанның тарихи табиғи жағдайлары жағымсыз әсерлерге қарсы тұра алмады, бұл орны толмас салдарға әкеліп отыр. Тың және тыңайған жерлерді игеру, топырақтың жалпы эрозиясына әкелді, Семей полигонында ядролық қаруды сынау – табиғатты радиоактивпен ластандырды, су ресурстарын есепсіз пайдалану – Арал көлінің толық дерлік жойылуына әкелді. Қазақстанның ұлан-ғайыр аумағын қамтыған экологиялық ахуал сын сызығына жетті, бұл адам денсаулығының ғана емес, ұлттық ген қорының да бұзылуына (нашарлауына) әкелетіне сөзсіз.

Қазақстан Республикасындағы қазіргі экологиялық ахуалды талдау, біздің ұлттық байлығымыз: мұнай ресурстары мен жер асты пайдалы кені азаматтарымызға зиян келтірудің орнына, олардың игіліктеріне қызмет ететіндей бағытта мемлекет пен қоғам тарапынан нақты негізделген тұғырнама жасау қажеттілігін көрсетті.

Егер экологиялық проблема болса, демек халықтың денсаулығы зардап шегіп отыр деген сөз. Сол себепті адамдардың денсаулығын қадағалап, осы жағдайды шешіп алу керек. Әрине, егер бізді қоршап тұрған табиғат әсем де, көз тарталық сипатта болса, қандай ғажап болар еді. Сонымен қатар, адамдардың денсаулығы мықты, экологияның әсерінен туатын дерттің саны аз болса, адамдар әр жұмысқа қабілетті, ел экономикасының одан әрі дамуына әсер етер еді. Ұлан – ғайыр кең даламыз бар, ал сонда тұратын халықтың саны тек 15 миллиондай ғана, демек бізге дені сау, білімді, қабілетті ұрпақ қажет.

Енді экология мәселесі мен адам денсаулығына қатысты өзіміздің Жамбыл облысына оралайық. Біздің облыстағы осы мәселе дұрыс шешілмей отыр. Қалалардағы адам экологиясына тән нәрсе — бұл табиғи экологиялық факторлардан оқшаулану болып табылады. Қажетті мөлшерде өсімдіктер, тірі топырақпен, сумен қамтамасыз етілген. Адамның биологиялық табиғаты мен оның табиғатқа қарсы іс-әрекетінің нәтижелері арасындағы қайшылық, әсіресе қала жағдайында шиеленісе түседі.
Қазіргі кездегі қала — күрделі әлеуметтік-экономикалық ағза. Ол демографиялық, экономико-географиялық, инженерлік-құрылыс, сәулеттік факторлардың әсерінен, қоршаған экономикалық кеңістік пен табиғи ортаның алуан түрлі өзара әсерлері нәтижесінде қалыптасады. Көбінесе, қалалармен қоғамдық процестің көптеген белгілерін байланыстырады. Бірақ, қала өркениеті — қолайлы жағдайлар, тұрмыстың жеңілдеуіне әкелгенмен, коммуникация тығыздығы, әр түрлі қажеттіліктерді қанағаттандыру мүмкіндіктері — тек барлық жағынан қолайлы орта емес. Қала ортасы адамның басты сапасы — оның денсаулығына қолайсыз әсер етеді. Атмосфераның, судың, азық-түлік өнімдерінің, күнделікті қажетті заттардың өнеркәсіп пен транснорттың қалдықтарымен ластануы, электромагниттік өріс, вибрация, шу, ауаның дезионизациялануы, тұрмыстың химияландырылуы, шектен тыс көп ақпараттардың ағыны, уақыттың жетіспеуі, гиподинамия, эмоциогенді қысым, дұрыс тамақтанбау, зиянды әрекеттердің кеңінен таралуы — осылардың барлығы қосылып адамның денсаулығын нашарлатады. Қала халқының басым бөлігі демалатын қаладан тыс, табиғи жағдайда өткізуге тырысады. Бірақ, мұндай жерлерде мүмкін болатын рекреациялық (рекреация латын тілінен демалу, сауығу) қысым артады да, олар: қаланың жалғасына айналады.

Ең алдымен Тараз қаласының сыртындағы, қаланың шағын аудандарындағы әр үйдің төңірегінде, жолдың жиегінде жататын, арнайы қоқыс – қалдық салатын ыдыстағы қоқысты айтсақ болады. Тіпті сол қоқыстардың жанынан өтіп бара жатып, жағымсыз иісті де байқайсың. Демек, қала тұрғындары мұнда кез келген нәрселерді тастайды. Бұл – қала халқының мәдениетсіздігі болып табылады. Осылайша тұрғындар сау бастарына сақина тілеп алып отыр.

Негізінен, жалпы облыс бойынша 189 арнайы тұрмыстық қалдықтар жинайтын алаңдар бар. 2009 жылдың шілде айының 7 – сі күнгі мәліметтерде облыс бойынша тұрмыстық қалдықтар 5,9 млн. тоннаны немесе жалпы қалдықтардың 6 пайызын құрап отыр. Ал Тараз қаласы бойынша 1,88 млн. тонна. Бұл қоқыс төгетін жерлердің санитарлық және экологиялық талаптарға сай емес екенін көрсетіп отыр.

Бұл мәселеден соң атмосфера ауасының тазалық сапасының бұрынғы кезден нашарлағаны туралы айтсақ. Оның себептері, ең алдымен ауаға адамның іс — әрекетінен болатын әр түрлі газдардың шығарылуы болып табылады. Оларды біз ауаны ластағыш заттар дейміз. Дүние жүзі бойынша атмосфера ауасын ластайтын заттардың мөлшері жылына 200 млн. тонна. Ал оның құрамының 20 пайызы химиялық элементтен тұрады. Соның ішінде қорғасын мен мырыштың ауада таралуы адамдардың жиі улануына әкеліп отыр. Негізінен бұл элементтердің мөлшері ауада 0,0003 мг/ м 3 – тан аспауы керек.

Тараз қаласы бойынша 2009 жылдың І жартыжылдығында 2008 жылмен салыстырғанда атмосфераның ластануы 8,2 – ден 6,87 бірлікке төмендеген. Формальдегидтің орта тәуліктік концентрациясы 2,67 есе, азот диоксиді 1,25 есе жоғарылаған. Шаң, күкірт диоксиді, азот диоксиді, еріген сульфаттар, азот оксиді өткен жылғы мөлшерде қалған. Ал формальдегидтің, аммиактың, фторсутектің және көміртек оксидінің концентрациясы төмендеген. Осы екі жылды бір – бірімен салыстыра отырып, 2008 жылы ауаны ластайтын қалдықтар көлемінің – 26,39 мың тонна, ал 2009 жылы – 26,56 мың тонна екенін біліп отырмыз. Бұл – 2008 жыл мен 2009 жылдағы ауаны ластайтын қалдықтардың мөлшері бірдей деңгейде тұрғанын көрсетіп тұр. Облыс бойынша қалдықтардың көлемі:

01.07. 2009 жылы – 114,36 млн. тонна

Өнеркәсіп қалдықтары – 108,45 млн. тонна ( 94 % )

Тұрмыстық қалдықтар – 5,9 млн. тонна ( 6 % )

Тау – кен өнеркәсібі – 54,61 млн. тонна( 50 % )

Химия өнеркәсібі – 20 %

Облыс бойынша тұрмыстық қалдықтар жинайтын

алаңдар – 189

Облыс бойынша жиналған тұрмыстық

қалдықтар – 5,91 млн. тонна

Тараз қаласы бойынша – 1,88 млн. тонна

Атмосфераны ластайтын автомобиль транспорты, химиялық өндіріс, газ өндірісі, жылу өнеркәсібі, тау – кен өнеркәсібі және т.б.

Оған Жамбыл облысы бойынша ластанудың:

— автомобиль транспортына – 17,6 мың тонна;

— химиялық өндірістерге – 35 % ;

— газ өндірісіне – 7 %;

— жылу өнеркәсібіне – 21 % ;

— тау – кен өнеркәсібіне – 10,7 % ;

— коммуналдық шаруашылыққа – 5,7 % ;

— қалған өндіріс орындарына – 20,6 %-ы тиесілі.

Бұл сандар ауаның ластануының жоғары екенін айқындап тұр. Қоршаған орта өндірістік қалдықтар мен автокөлік түтіндерінен ластанғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы төмендеп, сол арқылы адамдардың денсаулығы нашарлайды. Осының салдарынан әсіресе көктем мезгілінің соңы мен жаз айының басында адамдар уланып, ауруханаға түсіп жатады. Сондықтан азық – түлік, жемістер мен көкөністер құрамындағы химиялық заттардың мөлшері мен құрамына қатаң бақылау жасалып отыру тиіс.

Енді атмосфераны ластайтын негізгі заттарға шолу жасап өтейін.

  1. Күкірт диоксиді – ауадағы ылғалдың әсерінен күкірт қышқылына ( Н24 ) айналады. Құрамында күкірт қышқылы бар тұман немесе ылғалды ауа адамның, жануарлардың тыныс жолдарының кілегей қабаттарына, терісіне әсер етеді.
  2. Фторлы сутек — өте улы. Бұл зат пластмасса қалдықтарын жаққанда пайда болады. Улы зат адам ағзасына біртіндеп еніп, жүйелі түрде жинала берсе, созылмалы ауру пайда болады. Оның басты белгілеріне келсек: адам тез шаршағыш келеді, ұйқысы келеді немесе ұйқысы қашады, бейжайлық, ұмытшақтық, көңіл – күйінің тез өзгеруі, зейінінің төмендеуі байқалады. Улы заттар адамның қанайналым мүшелеріне, жүйке жүйесіне, бауырына әр түрлі әсер етеді.
  3. Көміртегі оксиді ( СО 2 ) мен монооксиді ( СО). Көміртегі оксиді улы емес, ал монооксид – улы. Ол адамның қанындағы гемоглабинмен қосылып, зиянды қоспа түзеді де, ауру туғызады. Деректерде: ХІХ ғасырдың 20 – жылдары СО2 мөлшері – 0,29 % болған. 1990 жылы – 0,35 % , яғни 20 пайызға көбейген. Ал 2000 жылы – 30 пайызға жеткен екен.
  4. Азоттың қосылыстары – атмосфераға ормандағы өрттен, ірі өнеркәсіп орындарынан бөлінетін заттар. Адам баласы азот оксидтеріне душар болған жағдайда, тыныс жолдарының қабынуы, бронхит, ентікпе, өкпе – тыныс жолдары ауруларынан зардап шегеді.
  5. Күкіртті ангидрид – жылу алу кезінде көмір мен мазутты жағады, сол сәтте бұл зат ауаға түседі. Мысалы, 1 млн. тонна көмір жаққан кезде 25 мың тонна күкірт бөлінеді. Әрине күкірт жеке элемент күйінде емес, күкірт тотығы ретінде ауаға шығарылады. Бұл газ оттегімен тотығып, су буымен қосылып, күкірт қышқылын пайда етеді.

Бірнеше улы заттарды айтып, олардың құрамымен, адам денсаулығына әсерімен таныстық. Сонымен бірге қоршаған ортаға қауіпті заттардың қатарына кіретін ауыр металдар, нитраттар, нейтриттер және т.б. айтып өтуге де болады. Кеңінен таралған химиялық заттардың ішіндегі өте қауіптісі – бензапирен. Бұл затпен ластану Тараз, Қаратау қалаларында байқалып отыр. Адам ағзасына ауаның құрамы, су және азық – түлік арқылы түсетін бұл улы зат тыныс органдарын, өкпе мен қолқаның қызметін бұзады екен.

Бұдан кейінгі айтар мәселе – судың ластануы. Бұл проблема қазіргі кезде бүкіл адамзат қауымын алаңдатып отыр. Ауа бассейінінің ластануының негізгі себебі – тазартылмаған ағын суларды өзен – көлдерге жіберу болып табылады. Жамбыл облысы бойынша үлкен үш өзен негізгі су көзі болып табылады.

Олар: Талас, Аса, Шу. 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы Талас өзенінің ластануы – 1,1 – ден 1,48 бірлікке өскен, ал ластаушы заттарының мөлшері : мыс – 8,5 есе, фенол – 2 есе жоғарылаған.

Аса өзенінің ластануы – 1,2 – ден 1,58 бірлікке өскен, ал ластаушы заты мыс – 6,9 есе көп.

Шу өзенінің ластануы мөлшері сол қалпында 1,8 бірлікті құрайды, ал құрамындағы мыс – 0,8 есе, азот нитриді – 2,15 есе, фенол – 3 есе жоғарылаған.

Демек, бұдан өзен суының құрамындағы зиянды заттардың мөлшерінің жылдан – жылға өскенін байқаймыз. Бұл онда тіршілік ететін балықтарға, одан су ішетін жануарларға әсерін тигізері сөзсіз.

Ендігісі өзіміз тұтынып жүрген – ауыз су мәселесі. Біздің облыста судың санитарлық – техникалық жағдайы сын көтермейді. Ескірген және мерзімі өтіп кеткен су құбырлары – 46,97 % , олардың 30,21 % — ына 40 жыл; 2 % — ына 50 жыл болған. Су құбырларының ескіруі ішетін судың сапасына әсер етеді.

Әлемде аурудың 80 % – ы сапасыз суды пайдаланғаннан болады. Ал оны тұтыну есебінен әлемде 5 млн – ға жуық адам көз жұмады.

Республика бойынша шаруашылық ауыз су мұқтаждарына тиесілі су тұтыну қалалардағы бір тұрғынға шаққанда орта есеппен тәулігіне 167 литрді құрайды. Ал енді мекендегі бір ауыл тұрғынына шаққандағы үлесті су тұтыну – 6,8 литр. Өзіміздің Жамбыл облысында су тұтынудың ең төменгі деңгейі – 10 – 16 литрді көрсетіп отыр.

Міне, су мәселесін де талқыға салып өттік.

Осындай адамзат баласы тарихындағы экологиялық дағдарыстың басты себебі шектелмей өсуге бағытталған техникалық өркениеттің тежеусіз әрекеті.

Расында адам бақылауынан шығып кеткен техникалық прогресс адамның өзіне қауіп төндіріп отыр. Ғылыми – техникалық революцияның өрістеуі әсерінен қоршаған ортада күрделі өзгерістер болуда. Осының салдарынан ластану түрлері көбейіп, жер бетіндегі тіршілікке зиянын тигізуде.

Адам денсаулығына зиянын тигізетін жат әдеттерден аулақ болғаны жөн. Енді оларға не жататынына тоқтала кетейік: Олар – темекі тарту, спирттік ішімдіктерге, есірткілік заттарға салыну. Арақтың орнына қымыз бен қымыран іш, темекі тартудың орнына таза ауада көбірек жүр. Жастарға есірткіні пайдаланба, көңіл көтеретін мәдени көпшілік орындарына баруды әдетке айналдыр дер едім. Еңбек адамды тәрбиелейді. Сондықтан жұмыс істеуден қашпаған жөн. Жалқаулыққа салынудың соңы жақсылыққа апармайды. Имандылық жолына түсіп, жылына бір келетін оразаны тұтып, оның тәртібін сақтағаныңыз дұрыс. Дүниеде бұған тең келетін ештеңе жоқ.

Біз табиғаттың, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуіміз керек. Өзіңізді қандай көрсеңіз, өзгелерді де солай көріңіз. Адамдар бір-бірімен дос, бауырлас, сыйлас, рақымды, мейірімді болса, нұр үстіне нұр жауады. Әрқашан жаман ойдан аулақ болыңыз. Адам өзін өзгеден кем сезінуі, денсаулығының нашар екендігін ойлап қамығуы, көз алдына өлім қорқынышын елестетуі ойды бұзады.

Сөз соңында қайра айтарымыз, халық денсаулығы тек медицина қызметкерлерінің кәсіби тірлігі ғана емес, бүкіл қоғамның тұтас денсаулық сақтауға және нығайтуға арналған үйлескен іс-қимыл әрекеттерінің жемісі екенін баршамыз да ұғынуға тиіспіз. Сонда ғана қоршаған ортаны сақтай отырып, таза су ішіп, дұрыс тамақтанып, иманды және салауатты өмір салттарын тұрақты қалыптастырсақ болашақтың жарқын кепілі болмақ.