Мектеп оқушыларының патриоттық сезімін қалыптастыруда қазақ халық музыкасының атқаратын рөлі

Патриоттық тәрбие гумандық, демократиялық қоғам мүшесінің азаматтық тәрбиесінің өзегі, білім беру ұйымдарындағы оқушы-жастардың үздіксіз тәрбиесінің маңызды бөлігі болып табылады. Отанға, туған жерге шексіз сүйіспеншілік, оның өркендеуіне өзіндік үлес қосып, жетістіктеріне қуану, Отанды қорғауға әрқашанда дайын болу, оның тарихын қастерлеу секілді сезімдерді жас ұрпақтың бойында тәрбиелеу міндеті әрқашанда көкейкесті болып келген.

Қазақ елі ел болғалы сан ғасырлар бойы елдігін сақтау үшін қаншама күрес, ұрыс-соғыс, жорық-майдан жолдарынан өтті, қаншама дәуірлерді, қасіретті, қайғылы жағдайларды, қысылтаяң кезеңдерді бастан кешірді. Қаншама ержүрек, батыр ата-бабаларымыз сол жолда мерт болды. Сондағы алыстан бұлыңғырлана, бұлдырай елес болып көрінген, асыл арманымыздай болған ең басты, ең түпкілікті мақсатымыз – еліміз бен жерімізді аман сақтап, бостандық, еркіндікке қол жеткізіп, тәуелсіздік туын тігу еді.

Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы-сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары, шешендік сөз, айтыс өлеңдері мен бостандық үшін жері мен елін қорғаған батыр бабаларымыз туралы тарихи жырлары, дастандары ғасырлар бойы өз ұрпағын өнегелі де, өнерлі, адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық. Қазақ музыка шығармашылығы арқылы оқушыларды патриоттыққа қалыптастыру үлкен тәрбиелік мәнге ие. Олай болса, тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ патриот ұрпағын тәрбиелеуде оқушылардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүю секілді ең асыл қасиеттерді қаны мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың салт-дәстүрін негізге ұстансақ, өте ұғымды болар еді.

Еліміздің тәуелсіздігі қазақ халқы және отанымыздың басқа да барлық халық өкілдері үшін патриоттық сезімдерін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, өзгеше мазмұнмен байытады. Қазақстан азаматтары өз тағдырын өзі шешетін елдің азаматтарына айналып, «Мен — қазақстандықпын!» деген сөзді мақтаныш сезімімен айта алатын болды.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басым міндеттерінің қатарында жеке тұлғаны «азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез-келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу», — деп атап көрсетілген [1].

Сондықтан, оқушылардың бойында патриоттық қасиетті тәрбиелеу жалпы білім беретін мектептерде тәрбие жұмысын ұйымдастырудың негізгі бағыттары қатарынан орын алады. Отанымыздың әлеуметтік – мәдени және экономикалық дамуының жаңа кезеңі жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мәселесін тағы да көкейкестендіреді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында қазақстандық патриотизм мен саяси ерік-жігер жаңа Қазақстанды құрудың аса маңызды факторлары ретінде қарастырылады. «Жаңа жалпы қазақстандық патриотизмнің іргетасын қалап, біздің Отанымыздың, біздің барша көп ұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың, біздің балаларымыздың тамаша келешегі бар екеніне негізді мақтаныш пен сенімділікті туындатады», — дейді Елбасы өз Жолдауында [2].

Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің тарихы ежелгі дәуірлерге барып тоғысады, оны қазақ халқының тарихи жадысы сақтап келеді. Қазақстандық патриотизмнің бастауы қазақ жерінде алғашқы мемлекеттік қатынастардың пайда болуына сәйкес келеді.

Жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің маңыздылығына аса құнды мұралар арнаған ғұламалар Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Қорқыт-ата, сонау Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастап, ерте орта ғасырлардағы түркі тілдес халықтардың ойшылдары Ж.Баласағұни, М.Қашғари, А.Иүгүнеки, М.Х. Дулати шығармаларының елжандық тәрбиесінде алатын орны ерекше.

Қазақтың ақын-жыраулары Асан қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау, Шал ақын, Дулат Бабатайұлы, Махамбет Өтемісұлы патриоттық қасиеттерді жас ұрпақтың бойында тәрбиелеу туралы көзқарастарын терме-жырлар арқылы толғаған.

Өз еліне, халқына, оның тарихына, салт-дәстүріне, мәдениетіне, тіліне деген сүйіспеншілік, Отандық сезімнің нағыз үлгісін оларды жастардың бойында тәрбиелеу мәселелерін қазақтың белгілі ағартушы-педагогтары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және т.б. өзіндік өмірлік-шығармашылық қызметінде көрсеткен еңбектерінде аса көп көңіл бөлген. Халық қаһарманы, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Б.Момышұлының шығармаларында патриоттық тәрбие мәселелері кеңінен көрініс тапқан.

Қазақ халық музыкасы — өнер тілі, жан азығы. Жалпы білім беретін мектептердегі мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда ғасырлардан-ғасырға келе жатқан қазақ халық музыка шығармашылығы негізіндегі патриоттық бағыттағы білім беру мен тәрбиелеудің маңызы зор. Қазақ халық музыка шығармашылығы оқушыларды патриоттыққа қалыптастыруда үлкен тәрбиелік мәнге ие екені сөзсіз. Ата-бабамыз бізге баға жетпес мол мұра — бесік жырынан бастау алған түрлі аңыздар, әңгімелер, жырлар, термелер, ән-күйлерін қалдырды.

Қазақ халық музыка шығармашылығының негізгі жанрларында – халық әндері мен күйлерінде, термелері мен толғауларында, жырларында халық өмірінің мазмұны – тарихи оқиғалар, батырлардың ерлігі, табиғаттың сұлулығы, күнделікті өмірдің тыныс-тіршілігі бейнеленген.

Халық әндері арқылы туған еліне, өз халқының салт-дәстүріне құрметпен, сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеу, халық музыкасын тыңдау және орындау арқылы қоршаған ортадағы сұлулықты, табиғаттағы әсемдік пен адамдар арасындағы қарым-қатынасты сезіп, түсінуге тәрбиелеу болып табылады. Жалпы білім беретін мектептегі оқушыларға патриоттық тәрбие беруде халық әндерінің ерекше үлкен мәні бар екенін атап өту қажет. Мысалы: «Елім — ай» әнін білмейтін, оны орындағанда тебіреніп, қатыгездіктің құрбаны болған боздақтарын еске түсіріп, бүгінге дейін көзіне жас алмайтын қазақтың кәрі-жасы кемде-кем. Ауыздан — ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, халықтың өткен тарихын, ой-қиялын, арманын бейнелейтін халық әні ерлікке, мейірімділікке үйретеді. Осындай шығарманы тыңдау, орындау арқылы оқушылар қоршаған ортаны таниды. Оқушыларға ата -бабаларымыздан келе жатқан патриоттық сезімге тәрбиелеуде мәдени мұрамызды, байлығымызды игертуге, ақыл-парасат күшін ұғындыруға атсалысуымыз керек. Сол себепті халық әндерін репертуарға кіргізу керек екендігін, оның көркемдік тәрбиелі жағы бағалы екендігін атап кетуге болады. Оқушылардың халықтық музыканы үйренуінде, қабылдауында жас ұрпақтың халық музыка шығармашылығына деген қызығушылығын оята білуіміз қажет.

Қазақ халық музыка шығармашылығының құнды саласы – эпостық жырлар. Эпостық жырлар батырлар жыры және лиро – эпостық жырлыр болып бөлінеді. Батырлар жыры («Ер Тарғын», «Алпамасы батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Көрұғлы» және т.б.). ерлікке, әділдікке, өз халқына деген сүйіспеншілігін жырлайды. Оқушылар батырлар жырын тыңдағанда қазақ батырларының ерліктерін мақтан тұтуы тиіс.

Қазақ халық музыка шығармашылығының кез-келген жанрының қазіргі жастарда отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырудағы педагогикалық мүмкіндіктерінің аса мол екендігін байқауға болады. Сол себепті жалпы білім беретін мектептегі музыка мұғалімі тек теориялық білім беріп ғана қоймай, қазақ музыка шығармашылығы арқылы оқушылардың патриоттық сезімін қалыптастыруы қажет.

Осылайша қазақ музыка шығармашылығының білімдерін қалыптастырудағы патриоттыққа тәрбиелеу дүниеге деген көзқарас қатынасының қалыптасуына, патриоттық сезімдерін дамытуда, ұлттық мәдениетпен мұраны меңгеруде, берік әрі төзімді негізі іспеттес. Бұл жөнінде оқушыларды патриотизмге тәрбиелеуде қазақ халық музыка шығармашылығын қолдану жайлы мәселелерге арналған көптеген зерттеулердің нәтижелері дәлел болды.

Қазақ баласын бесігінен тәрбиелеп, бесік жырының сазды әуені арқылы ұйқыға кетірген. Талпына келе ана ақ сүтімен бала бойына ана тілі арқылы дүниені, өмірді танып, сонымен қатар қазақ халық музыка шығармашылығы тұсау кесер жыры, тұрмыс салт әндері, халық әндері, жырлар, термелер, айтыстар, толғаулар және ұлттық музыкалық аспапатарында орындалатын күйлерді тыңдау, орындау арқылы жас ұрпақтың бойында өз халқына, еліне, ұлттық музыкасына деген сүйіспеншілігі артады.

Оқушыларға патриоттық тәрбиенің қалыптасуына қазақ музыка шығармашылығының әсер ететіндігіне ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар оқушылардың музыкалық білімінің, талғамының, қызығушылығы мен қажеттілігінің өңделуіне деген ықпалы. Ұлттық өнер жеке тұлғаның меңгеретін ортасы бола отырып, оқушыларда ұлттық сезімдерді – Отанға деген сүйіспеншілік сезімі, туған тіліне, өз халқының мәдениетіне, тарихына т.б. патриоттық, сезімдерді тудырады. Қазақ халық музыка шығармашылығы оқушының туған жерінің табиғатын, ұлттық тұрмысын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдени құндылықтарын, қызығушылықтарын жалпы қоғамдық идеалдарды және басқа құбылыстарды санада бейнелеу нәтижесінде алынған әсерлер, бағалар, сенімдер жиынтығынан тұратын оқушы санасының қалыптасуына себебін тигізеді. Ұлттық музыка шығармашылығы әр халықта өзінше көрінетін ұлттық мінезді өңдейді.

Оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеуде қазақ халық музыка шығармашылығын пайдалану тек мынадай жағдайларда ғана жемісті болады. Егер мектептегі оқу-тәрбие процесінде қазіргі кездегі алдыңғы қатардағы музыкалық білім беру тәжірибиесін және жаңа педагогикалық технологияларды жоғары түрде тәрбиелік мүмкіндіктеріне сай көптеп қолдануға мақсатталған болса, халық музыка шығармашылығымен және патриоттық бағыттағы тәрбие жұмысын ұйымдастыру әрі басқару мұғалімнің міндеті.

Қорыта келгенде, қазақ музыка шығармашылығы арқылы мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеу барысында Отанға деген сүйіспеншілік, тәуелсіз өмір сүріп жатқан елдерге ынтымақтастық, ел тағдырының болашағы үшін жауапкершілік, экономикалық даму қарқынын тездетуге үлес қосуға ниеттестік, ғылыми, саяси-моральдық және туған жерін қорғау мақсатындағы әскери әзірлік, Отанын саяси, идеологиялық қауіптерден сақтауға бағыттылық, арам ниеттегі ішкі және сыртқы жауларға төзбеушілік тәрізді мінез-құлқы қалыптасады, дамиды. Сонда даму өрісінің басты тірегі — патриоттық тәрбие дей отырып, дамудың өзі патриотизмсіз жүзеге аспайтынын мойындаған жөн деп есептейміз.

Әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңнама., Заң актілерінің жиынтығы. –

Алматы., Юрист., 2004.

  1. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан., Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Ә.Назарбаевтың., Қазақстан халқына Жолдауы., — Астана., 2007, 28 ақпан.