Ойын – баланың білім – білік дағдысын қалыптастыратын тәрбие құралы. Балабақша балалары болашақ иесі болғандықтан, дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата – бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойына саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым – қатынасың, мінез-құлқың, өмірге деген көзқарасың, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты. Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісіне әр түрлі іс — әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен дидактикалық ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады.
Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни, оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалар еді» деп К. Чуковский бала денесінің дамуы мен ой-дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен. Қазақ халқының жылдар бойы атадан балаға жалғасып, қалыптасқан ұлттық дәстүрі, әдет-ғұрпы, тәрбие мектебі бар. Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады.
Мазмұнды – бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал – жабдықтарды табуға талпынады. Оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс — әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс — әрекетке бағдарлайды. Балалардың өзара қарым – қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік сапаларды қалыптастырады..
Мазмұнды ойынның ерекшелігі: оның балалардың өздері жасауында, ал ойын қызметі айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін.
Құрылыс ойында бала сызық бойына әдемі үй құрылысын жасап, оның бояуларының бір-бірімен келісімді болуын қадағалайды. Құрылыс материалдарын пішіні, түсі бойынша салыстырады. Ойын барысында шығармашылық танытып, жаңа мазмұн ойластырып, белсенділік көрсетеді. Өзінің және жолдастарының тұрғызған құрылыстарының сапасына баға береді.
Дидактикалық ойын барысында есту, көру, сезіну, қабылдау сияқты үрдістері дамып, балалар музыкалық ойыншықтар мен әр түрлі саздық аспаптардың дыбыс шығару ерекшелігін ажыратуға, заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай іріктеуге әртүрлі қимылдарды орындауға үйренеді. Ауызша ойналатын дидактикалық ойындарда сұрақ, өтініш, келісімді білдіретін дауыс ырғақтарына еліктеу қабілеттері жетіледі.
Қимыл – қозғалыс ойнында балалар санамақтар, өлеңдер, тақпақтар қолданады. Бұндай ойындарда балалардың ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңестікті уақытты бағдарлауға үйренеді. Батырлық, тапқырлық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік сапалар тәрбиеленеді.
Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын. Сондықтан да, оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойынның шартты түрдегі мақсаттары бар, ал сол мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттер бала үшін қызықты. Балаларға ақыл-ой, адамгершілік, дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі ойында жатыр.
Ойын – мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына игі ықпал ететін жетекші басты құбылысының бірі деуге болады. Бала ойын арқылы өзінің күш-жігерін жаттықтырады, қоршаған орта мен құбылыстарды ақиқат сырын ұғынып, еңбек дағдысына үйрене бастайды. Былайша айтқанда болашақ қайраткердің тәрбие жолы, тәлімдік тәрбиесі ойыннан бастап өрбиді. Ойын мен еңбектің бір-біріне ұқсас сипаттары көп. Белсенді іс-әрекет пен күш-жігер жұмсалмаған ойын – жақсы ойын болып табылмайды. Жақсы ойын да, жақсы жұмыс та көңілді қуанышқа толтырып, рахатқа бөлейді. Демек, осы жағынан ойын мен жұмыстың ұқсастығы байқалады.
Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, ерлік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды.
Осыдан келіп ойын туралы мынадай тұжырым жасалады:
- a) ойын – тәрбие құралы, ақыл – ойды, тілді ұстартады, сөздік қорды байытады. Өмірді танытып, сезімді кеңейтуге тәрбиелейді;
ә) ерік және мінез қасиеттерін бекітеді, адамгершілік сапаны жетілдіреді;
б) ұжымдық сезім әрекеттері өсе түседі;
в) эстетикалық тәрбие беру – өнерді, көркемдікті түсіндіру құралына айналады;
г) еңбек тәрбиесін беру мақсаттарын шешуге мүмкіндік береді;
ғ) дене күшінің жетілуіне көмектеседі;
Ойын – баланы жан – жақты жарасымды тәрбиелеудің психологиялық және физиологиялық негіздері болып табылады.
Дидактикалық ойын түрлері:
1) Заттық дидактикалық ойындар
Бұл ойын әртүрлі ойыншықтармен ж/е әртүрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады.
2) «Жаңылтпашты жаңылмай айт», «Мақалды дұрыс оқы», «Мақалды жалғастыр» т.б.
3) Сөздік дидактикалық ойындар, яғни ауызша ойналатын ойындар:
Мыс: Мұғалім бірінші топтың алдына келіп, «өтірік сөз» немесе «ұрлық» деді, оқушылар өтірік сөздің жолы қысқа екендігін және ұрлық түбі қорлық екенін айтып, мақалдар ұйқастырып айтады. Оқушылар осындай ойындарға дағдыланып,жаман қылықтардан аулақ болады.Сабақта викториналық сұрақтар, жұмбақтар,сөзжұмбақтар,ребустар пайдалану өте тиімді.