- Мүдделер мен рухани талап-тілектердің қалыптасуы.
Радио, теледидар, кино, көпшілікке арналған ғылыми басылымдардың арқасында жоғары сынап оқушылары ғылым мен техниканың ең жаңа жетістіктерін біліп отырады. Жүргізілген психологтялық зерттеу оқу үлгерімі
жақсы жоғары сынып оқушылары ғылым, техника,мәдениет пен спорттың ең жаңа жетістіктері туралы хабардарлығы мұғалімдерден кем түспейтінін, ал кейде ұстаздарынан асып түсетінін көрсетеді. Жоғары сынып оқушыларының ғылымға, елдің саясм өміріне, халықаралық қатынастарға, спротқа, өнерге өте зор ынта қояды. Олардың сүйікті ісі – кітап оқу, кинофильдер мен телевизия хабарларын көру, спортпен шұғылдану, туризм және т.б. көптеген жайлар. Жігіттер мен қыздар ғылыми дүниетанымды қалыптастыру үшін айрықша маңызы бар әлеуметтік мәселелерге ( қоғамтануға, философияға ) ден қояды.
Алайда қазіргі бар жағдайды дәріптей беру қате әрі зиянды болар еді. Аға ұрпақты барынша алаңдататын бірқатар мәселелер бар. Кейде қазіргі жастардың мүдделерінің ауқымдылығы тым кең емес пе, мұның өзі үстіртікке, жаңғалақтыққа, өзі іздеп табудың орнына дайын білімдерді енжарлықпен меңгеруге дағдыландырмай ма деген қауіп айтылады.Алайда, бұл көбіне оқытудың сипаты мен әдістеріне байланысты. Жоғары сыныпта оқитын жас өспірім жігіттер әдетте оқудың неғұрлым белсенді және дербес формаларын жақсы көреді, сондықтан мектеп бұл қажеттерді қанағаттандыруға тиіс.
Ойлаудың “техницизмі” және гуманитарлық мәдениетті, әдебиетті, өнерді жете бағаламау елеулі қауіп туғызады. Мұндай тенденция шын мәнінде бар, сондықтан онымен күресу қажет. Жоғары сынып оқушылары өнердің әр қилы түрлеріне өте әркелкі ортақтасады.
- Балаң жастағылардың қоғамдық белсенділік танытуы, дүниетанымының қалыптасуы.
Балаң жастық — әлеуметтік белсенділіктің едәуір артатын кезеңі. Қазіргі жас өспірімдер ішкі және халықаралық өмірдің оқиғаларына ден қоюмен бірге өздері қоғамдық қызметке белсене қатысқысы келеді. Алайда оқушы жастардың ересектердің еңбек өміріне нақты қатысу шамасы шектеулі.
Ересектіктің субъективтік критерийлері сан алуан, олардың ішінде – білім алуды аяқтау, өз алдына еңбек өмірін бастау, ата-анасынан материалдық тәуелсіздік, азаматтық кәмелеттік, әскерде қызмет атқару, үйлену, тұңғыш баласының дүниеге келуі т.б. болады. Бұл оқиғалардың бірден болмайтыны өзінен-өзі түсінікті, сондықтан адам өзінің ересек болғанын бірден емес, біртіндеп сезінеді. Бірақ аталған критерийлердің ең маңыздысы қалай дегенмен еңбек қызметінің басталуы болмақ.
Жоғары сынып оқушыларының оқу істері көп болса да, олар оған қанағаттанбай, қоғамдық пайдалы еңбекке ұмтылады, оны практикалық пайдасына қоса, өзін орнықтырудың маңызды құралы деп біледі. Жаздағы ауыл шаруашылық жұмыстары, экспедициялар мен құрылыстарға қатысу, қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектесу, қартайғандар мен кіші жастағы мектеп оқушыларына қамқорлық жасау – осының бәрі жігіттер мен қыздардың еңбек өміріне ортақтасуының сан алуан түрлерінің біразы ғана.
Жоғары сынып оқушыларының қоғамдық белсенділігінің өзіндік психологиялық ерекшеліктері бар. Жастыққа шаққа тән романтизм жастарды көбінесе үлкен істерді қолға алуға ұмтылдырады, үлкен істің ұсақ-түйектен құралатынын олар сырттан көмек болмайынша әлі жетік түсіне бермейді. Бірақ үлкен қоғамдық бастамалардың нәтижесі көбінесе бірден емес, ұзақ уақыт өткеннен кейнін барып көрінеді. Ал жастарға өз еңбегінің нәтижесін міндетті түрде өзі көріп,сезінуі керек. Егер ондай нәтижелер болмаса, оңай басталған елігу дәл осылай тез басылып, оның орнын немқұрайлық басады. Осы себептен де А.С.Макаренконың таяудағы және шалғайдағы перспективаны ұштастыру туралы белгілі нұсқауын ескеру ерекше маңызды.
Романтизм мен мұратқа ұмтылудан жастар барынша күш салу, ерлік пен қаһармандық талап етілетін кез келген бастамаға ерекше ергіш келеді. Мұның өзі жанқиярлық пен батылдық, жамандыққа келіспеушілік секілді асқақ адамгершілік мұраттарды тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасайды. Бірақ елден ерекше болып, жарқырай көрінуге ұмтылу кейде әлеуметтік тұрғыдан зиянды арналарға ( батылдығын, елден ерекшелігін көрсету амалы ретіндегі сотқарлық, бұзақылық ) ойысады. Сонымен бірге, жас өспірімдік максимализм, асыра бағалау және талаптану көбіне шындық болмысты дұрыс, байыптап түсінуге бөгет болады. Жас өспірім кейде көпке дейін жеткіншектік сыңаржылықтан, ымырасыз бірбеткейліктен арыла алмай жүреді. Кейбір жоғары сынып оқушыларында өзінше бір гиперкритицизмнің белгілері аңғарылады: олар өздері де осы жағдайлардың нәтижесі екендігін ұмытып айналасындағы дүниеге сырттан қарағандай болады. Мұндай жас өспірімдер алдымен өздерін қанағаттандырмайтын, өздерінің мұраттарына сай келмейтін жағдайларға назар аударуға бейім тұрады. Ал, міндет кемшіліктерді көруді ғана емес, оларды түзеу үшін күресе білуді де үйренуде болмақ.
Жас өспірім жігіттер мен қыздардың есеюін жасанды түрде тежеу оларда инфантилизм, немқұрайдылық пен жауапсыздық сезімін туғызады, ал мұның өзі ересек адамда ерекше қауіпті болатын сапалар. Үнемі қамқорлыққа дағдыланған адамдар тіпті қажет болғанның өзінде жауапкершілікті өзіне ала алмайтын болып шығады. Кейде мұндай бағып-қағу бұзақылық пен жастардың қылмысы түрінде көрініп терең иррационалдық қарсылық туғызады.
Жеке адамның өзін-өзі тәрбиелеуі мен іс-әрекетінен бөлек белсенді өмірлік позицияның қалыптасуы мүмкін емес. Жоғары сынып оқушыларында ұйымдасқан ортақ істер өте маңызды, мұндай жұмыстар олардың бойында өзін-өзі басқаруқабілетін қалыптастырады.
Балаң жастық – дүниетанымның қалыптасуындағы шешуші кезең. Әлбетте, дүниеге көзқарастың негіздері анағұрлым ерте, балалық кезден қаланады. Мұның өзі белгілі бір адамгершілік әдеттерді, нұсқауларды, жағымды, жағымсыз жайларды іс жүзінде меңгеруден басталады, бұлар кейіннен ұғынылып, мінез-құлықтың белгілі бір нормалары мен қағидаларына айналады. Алайда адам дамуының біршама жоғары сатысында ғана онда бұл қағидаларды белгілі бір тұтас жүйеге жинақтау қажеттігі келіп шығады; ол оған айналасындағы дүниені түсініп қана қоймай, оны бағалауға, оған деген өз қатынасын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл дүниетанымдық ізденістер айналадағы дүниенің қайсыбір жағын немесе өзінің мінез-құлқын болсын біршама асыра бағалаумен қатар жүреді.
Дүниетанымның қалыптасуының бірінші көрсеткіші – дүниенің жалпы қағидаларына, табиғат пен адам болмысының әмбебап заңдарын танып білуге деген ынтасының өсуі. Мұның өзі кейде “пәлсапа соғу” түрінде болса да, жоғары сынып оқушыларын да бұл кезде қалыптасқан бытыраңқы мәліметтер мен фактілердің жиынтығын қорыту барынша қажетсінушілік болады. Қоғамтану сабақтары, сондай-ақ философия жөніндегі факультативтік сабақтар немесе үйірмелер мұндай бір жүйеге келтіруді едәуір оңайлатады.
- Жас өспірімнің мамандық таңдауы, оған әсер ететін факторлар.
Жалпы дүниетанымдық ізденістер өмірлік жоспарларда орнығып, нақтыланады. Жеткіншектердің өмірлік жоспарлары көбіне әлі бұлыңғыр болады және арман дүниесінен әлі бөлінбеген. Жеткіншек өзін алуан түрлі рөлдерде қиялдап елестетеді, олардың тартымдылық дәрежесін салыстырып өлшейді, бірақ өзі үшін бірдеңені біржолата таңдап алуға батылы бармайды және ойға алғанына жету үшін көбіне еш нәрсе істемейді. Жас өспірім неғұрлым есейген сайын таңдау қажеттігі соғұрлым күшейе түседі. Ойдағы, қиялдағы немесе абстрактілік көптеген мүмкіндіктердің ішінен неғұрлым шынайы әрі қабылдауға келетін бірнеше вариант біртіндеп тұлғаланып, осылардың арасынан біреуін таңдау керек болады.
Өмірлік жоспар – кең ұғым. Ол өзін жекелей анықтаудың бүкіл саласын – моральдық бейнені, өмір стилін, талап-тілектер деңгейін, шұғылданатын істерді т.б. қамтиды. Көп жайлардың тек жалпы түрде ғана тұлғаланатыны түсінікті. Жоғары сыныптағылар үшін кәсіп таңдау ең маңызды, шұғыл әрі қиын іске айналады. Психологиялық тұрғыдан болашаққа ұмтылған және тіпті кейбір аяқталмаған кезеңдерден ойша “секіріп те кетуге” бейім жас өспірім ( әсіресе, оныншы сынып оқушысы ) іштей мектепті енді ауырлай бастайды, мектептегі өмір оған уақытша, нағыз өмір емес, өзін әрі тартып, әрі біраз жүрексіндіретін басқа бір бай және шынайы өмірдің босағасы секілді болып көрінеді. Ол болашақ бұл өмірдің ең алдымен кәсіпті дұрыс таңдап алуына байланысты екенін жақсы түсінеді. Жас өспірім қаншалық жеңілтек және бейқам болып көрінгенімен, кәсіп таңдау – оның басты және тұрақты қамы.