- VI ғасырда Жетісу, Алтай, Орта Азияны мекен еткен ру-тайпалар бірігіп, Түрік қағанаты дейтін үлкен мемлекет құрды. Зерттеушілердің айтуынша «түрік» деген халықтың аты 542 жылдан белгілі болса керек. Түрік қағанатының қоғамдық-экономикалық, саяси — әлеуметтік өмірінде сол кездері жаугершілік дәстүр маңызды орын алады. Олардың алғашқы көсемдерінің бірі — Бумын қаған айналасындағы көрші елдерді өзіне қаратады. Қағанаттың орталығы Орхон өзенінің (Қазіргі Монғолияда) жағасында болды. Истеми қағанның тұсында (VI ғ.) елдің территориясы бұрынғыдан да ұлғайып, әскери қуаты арта түсті. Көп ұзамай, өзара қырғын соғыстар басталады да, қағанат екіге (бірі Орталық Азиядағы Шығыс түрік, екіншісі — Жетісу, Шығыс Түркістан, Орта Азия Батыс түрік қағанаты) бөлінеді. Батыс түрік қағанаты (астанасы Шу өзені алқабындағы Суяб қаласы) аварларды батысқа ығыстырып, Еділ, Жайық бойын өзіне қаратты. Білге қаған мен оның інісі Кұлтегін осы ұлан-ғайыр қағанаттың тәуелсіздігін Таң (Қытай) шабуылынан үнемі қорғап келді. Батыс түрік қағандығын құраған әртүрлі тайпалар кейіннен қазақ халкының құрамына енгені тарихтан белгілі. Осы кезеңнің саяси-қоғамдық, әдеби өмірін баяндайтын жазба ескерткіштер бізге жетіп отыр. Солардың бірі — «Құлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» дастандары.
- Құлпытасқа жазылған ескерткіштер Орхон-Енисей жазбалары деп те аталады. Бұлардың авторы Иолығ-Тегін дейтін шежіреші екендігі белгілі болып отыр, бірақ қайда туып, қашан өлгендігі жөнінде еш мағлұмат жоқ. Шамамен VIII ғасырдың орта шенінде өмір сүрген болу керек. Жазба ескерткіштердің мазмұнына қарағанда оның өз заманында білімді адамдың бірі болғаны байқалады. Білге қаған інісі Құлтегін қайтыс болғаннан кейін (731 ж.) оны өмірлік есте қалдыру үшін шетжұрттан шеберлер алдырып, Қожа-Сайдам ойпатына үлкен ескерткіш орнатады да, мұндағы өсиет сөздерді өз ағайыны Иоллығ-Тегінге жаздырады. Кейінен білге қаған қайтыс болып, інісінің қасына жерленеді. Осы ескерткіштің тексін жазған да Йоллығ-Тегін. «Құлтегін» («Түркі қағанаты туралы сөз») ескерткішіне дейін де халық жадында сақталған ежелгі бабаларымыздың ерлік істерін, тұрмыс салтын жалпы жұртқа паш ететін шежірелер болуы ықтимал. Бірақ ол жөнінде әзірше мәлімет жоқ. Автор түркілер тарихын олрдың саяси аренаға шыққан кезі — VI ғасыр ортасынан бастайды, яғни түркі ордасын құрған дәуірден бергі 200 жылдық тарихты сөз етеді. «Құлтегін» ескерткіші желісі жағынан екі бөлімнен («Кіші Құлтегін», «Үлкен Құлтегін» тұрады. Біріншісі — жазылу мерзімінің кейін тұрғанына қарамай — түркі тарихының кіріспе бөлімі іспеттес те, екіншісі мемлекет тарихының негізгі бөлімі, «ел өсиеті» болып есептеледі.
Құлтегін — ежелгі түркілердің тамаша ерлік сипаттарын бойына жан-жақты дарытқан жаужүрек батыр, ұлан-ғайыр кең даланы еркін билеген дала халқының қайсар жауынгері. Ал Тоныкөк болса талай қанды жорықтардың куәгері, үлкен өнер иесі, ойшыл, философ, халық дипломатиясының білгірі. Тас жазуларда ерлік пен ездік, соғыс пен бейбітшілік, құлдық пен тәуелсіздік, тәлім-тәрбие, тұрмыс-салт мәселелері әсем айшық өрнектермен, жанды бейнелерге толы сезім толғаныс тебіреністерімен баяндалады.
Мәселен, «Бізге жеңіс әперген жер-суымыз — Отанымыз деп білу керек… қандай қағанат болмасын, оның халқының арасында пәтуасыз (жалқау, оңбаған) табылса, онда сол халықтың қанша соры бар десеңізші. — Құлақ койып тыңдаңыздар, тереңнен» ойлап толғаньщыздар… Су ағысы тартылса, жас жапырақ қурайды, адамдардан күш кетсе — жат кісіге бағынады… «Менің ағам мені адам етті… Аштықта, тоқтықты түсінбейсің… «Жақын отырған сыйдың құрметтісін алады, алыс отырған сыйдың «немкеттісін алады», деп келетін сөз тіркестерінің психологиялық мәні зор. Құлпы тастарда осы іспеттес жас жеткіншектерді елін, халқын сүюге, жақсы, ұнамды әдет-ғұрыптарға баулу, үлкенді сыйлау, зеректік пен ойшылдыққа, батылдық пен тапқырлыққа үйретіп, тәрбиелеу жайындағы мәселелер сөз болады. Бұлардың қазіргі жастарымыз үшін тәлімдік мәнінжоймайтыны хақ.
- Тасқа жазылған дастандардың тәлім-тәрбиелік идеясымен астарлас рухани мұраның бірі — Қорқыт ата тағылымдары. VIII-IX ғғ. төңірегінде сырдарияның орта және төменгі бойын жайлаған Оғыз-Қыпшақ тайпаларының мемлекеті болды. Оғыздар арасынан шыққан әйгілі күйші, музыкант, жыр алыбы, аңыз кейіпкері ұзақ өмір сүріп, жазымышқа қарсы күресіп, адамның мәңгі жасауын арман етіп өткен кемеңгер ғұлама Қорқыт еді. Өлім қатері, одан құтылу туралы өзінің асыл ойлары мен тебіреністерін қобыздың зарлы әуеніне қосқан Қорқыт туралы аңыз-жырлар, бізге жеткен «Қорқыт ата кітабы» — Орта Азия, Қазақстан мен Әзірбайжан халықтарының аса көрнекті жазба ескерткіші. Қорқыттың музыкалық-этнографиялық мұрасы бұрынғы Кеңес Одағын мекендейтін түркі тілдес халықтрдың барлығының ортақ рухани игілігі. Қорқыт ата тағылымдарында тәлімдік мәні күшті түрлі афоризмдер, қанатты сөздер, ұстаздық ұлағаттар көптеп кездеседі. Бұлар тек тарихи-этнографиялық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге осы аймақтағы халықтардың ілкі ортағасырлардағы тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің өзіндік ерекшелігін бейнелейді. Қорқыт есімі көшпелі қазақ жұртының арасында ерте заманнан-ақ қастерленіп келеді. Сондықтан да халқымыз:
Жыраудың үлкен пірі — Қорқыт ата,
Бата алған барлық бақсы, ақын асқан ата.
Таңқалып жұрттың бәрі тұрады екен,
Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда, -деп тегін жырламаған. 1980 жылы Сырдарияның төменгі сағасында Жосалы (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының орталығы) станциясының солтүстік-батысына таман Қорқыт мекенінен бір жарым шақырым жердегі оның зиратының басына тамаша ғимарат ескерткіш орнатылуы оған деген құрметтің белгісі.
Қорқыт ата нақылдарында тәлім-тәрбиелік сипаттағы ақыл-кеңестер әр қырынан сөз болғанын жоғарыда айттық. Мәселен, имандылық, кісілік, қанағатшылдық, әрекетшілік жайында айтылған мынадай ақылдарға құлақ түргеніміз абзал.. «тәңіріне сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды… Жігіт тірісінде Қаратаудай қылып, бір күн тыныштық көрмей дүние жияды, байиды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесіне ғана жейді. Менмен, тәккапар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзінжоғары ұстаған адамғатәңірібақбермейді…»
Дана ойшылдың ата-ананы сыйлап, құрметтеу, үйішілік жарасымды қарым-қатынас, ұл мен қыз тәрбиесі, адамның әр түрлі мінез құлық сипаттары жайында айтқан тағылымдары да бүгінгі ұрпаққа өнеге боларлықтай: «Өзіңнен тумаса ұл өгей: қаншама бағып, қаққанмен ол саған ұл болмайды… мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды. Ананың көңілі балада болар… Ұлың өсіп жетілсе, от басының мерейі, бас-көзі».
Қорқыт ата жеткіншек, жас өспірімдердің жанымен қоса тәнінің шынығуына, ел мен жерін жан-тәнімен сүйіп, оны қасықтай қаны қалғанша жаудан қорғайтын жаужүрек батыр болғанын аңсайды. Осыған орай ол былай дейді: «Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке садағының оғы да қылыштай кесіп түседі… Қолыңа ұстаған болат қылышың мұқалмасын. Жауға атқан садағың өткір болсын». Кемеңгер дала ойшылы жас жеткіншектің көпшіл қонақжай, ата жолын қуған ақ-пейіл адам болғанын қалайды. («Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған тұз артық… Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік сөз өрге баспайды. Өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық. Сөзіне берік, шыншыл адамға бұл дүниеде отыз жасты үшке көбейтіп, өмір сүрсе де аз»).
Отбасы, ошақ қасының, үй іші тыныс-тіршілігінің берекесі, ұрпақ тәрбиесінің әйел жұртының кескін-келбетімен қатар, әдепті, көрегенді, дамгершілік, иманжүзділік қасиеттерімен де тікелей байланысып жатады. Осыдан орай Қорқыт ата әйелдердің төрт түріне берген сипаттамасы психологиялық жағынан ерекше көңіл аударады. Мәселен, әйелдердің бір тобы отбасының тірегі, үйдің құты, қонақжай, үрім-бұтақтары өсіп-өнген жандар болса; екіншісі-ынсапсыз, қанағатсыз; үшіншісі — салдыр-салақ, өсекшіл келеді дейді.