Оқытудың техникалық құралдары, бұл — адамның қолымен жасалған және оның іс-әрекетін, соның ішінде оқу іс-әрекетін жанамалайтын заттар.
Оқытудың техникалық құралдарын дидактикалық қызметіне қарай:
1) ақпараттық;
2) бақылаушы деп екі топқа бөлуге болады. Ақпараттық техникалық құралдар оқу ақпаратын енгізу үшін, оның бара-бар және ыңғайлы таныстыру үшін қызмет етеді. Мұндай құралдар вербалды және бейнелі ойлаудың байланысын, зерттелінген объектіні шынайы көрсетуге болмайтын жағдайда оқу материалының едәуір терең меңгерілуін қамтамасыз етеді.
Ондай құралдарға:
а) бейнеаппаратураны (теледидарды, бейнекамераны, бейне магнитофонды) жатқызуға болады. Оны:
— оқу фильмдерін немесе оның кейбір көріністерін;
— кеңес беру үрдісін (танымал психотерапевтерді, студенттердің әрекеттерін, кеңес берудің әртүрлі тәсілдерін);
— лабораториялық типтегі ғылыми зерттеулерді,
-психикалық құбылыстардың көріністерін (темперамент типтерін, мінез акцентуацияларын, эмоциялы күйлерді) көрсету үшін қолдануға болады.
Бейнеаппаратураны пайдалануда, бейне тренингтерді жүргізуге, кәсіби мінез-құлықты талдауға, студенттер тыңдағанбайқаулекцияларының әдістемелік талдауын ұйымдастыруға болады, сондай-ақ, ара қашықтықта оқуды қамтамасыз етуге болады.
ә) аудиоаппаратураны (үнтаспаларды) жатқызуға болады. Оларды жалпы психология және т.б курстарда есту түйсіктерін, қабылдауды, есту сезімталдығының табалдырығын көрсету үшін пайдалануға болады.
Психология сабақтарында сөйлеудің екпінін, дауыс ырғағын және оның т.б. сипаттамаларын талдай отырып, оның үзінділерін тыңдаған жөн.
Клиентпен сұхбат орнатуда кеңесші сөзінің тыңдалуы студенттің -болашақ психологтың кәсіби сөйлеудің кемшіліктері мен жетістіктерін сезініп, дер кезінде алдын алуға көмектеседі.
б) әдетте әртүрлі баспа материалдарын экранға түсіру үшін пайдаланылатын проециялық аппаратураны жатқызуға болады. Оған эпироекторлар (сызбаларды, кестелерді, ғалымдардың портреттерін, әртүрлі суреттерді көрсету немесе қайта салу үшін қажет) жатқызуға болады. Алайда эпипроекторлар міндетті түрде қараңғылықты талап етеді. Ал кодоскоптың қолданылуы қараңғылықты қажет етпейді.
Кодоскоп арқылы мөлдір таспада жасалынған немесе оқытушының сабақ барысында орындаған жазбаларын экран бетіне түсіруге болады.
Психологиялық лабораторияларда классикалық эксперименттерді көрсетуге арналған құралдардың болғаны дұрыс. Оларға: бұрмалаушы көзілдірік, полиграф т.б. жатады.
Әртүрлі дағдыларды меңгеруге арналған құралдар: қимыл-қозғалыс дағдыларын өңдеуге арналған Рупп аппараты, жарыққа деген жауапты реакцияны қалыптастыратын құралдар болуы тиіс.
Қазіргі ғылым мен техниканың қарқынды дамуымен қатар білім беруді жақсарту мақсатында техникалық құралдарды пайдалану үрдісінде де жаңалықтар бар. Мәселен, интерактивті тақтаны қолданудың психологиялық білімдерді игерудегі тиімділігі ерекше.
Техникалық құралдарды пайдалануда адамның әртүрлі ақпараттарды қабылдау заңдарын естен шығармау керек. Мәселен, техникалық құралдардың пайдаланылуын, түсіндірумен қатар 20-25 минутты қамтиды. Пайдаланбас бұрын мақсат қойылып, студенттің іс-әрекеті анықталуы тиіс.
Бақылау құралдары бағдарламалап оқытуға дағдыландыратын үйретуші машиналарды, сынақ пен емтихандарға дайындалу жаттықтырғыштарды, сондай-ақ, тұлғаның танымдық процестері мен қасиеттерін тексеруге арналған құралдарды білдіреді (бұлар компьютерлік диагностикалық әдістемелер).
Өздік жұмысқа арналған тапсырмалар:
- Оқытуда қандай техникалық құралдар жиі қолданылады?
- Сабақ барысында талапқа сай техникалық құралдарды қанша уақыт мөлшерінде пайдалану қажет? Неліктен?
- Техникалық қауіпсіздік жағдайларымен таныссыздар ма?, Ол не үшін қажет?
- Лекция, семинар, практикалық, лабораториялық сабақтар барысында мүмкіндігіне орай техникалық құралдарды пайдаланыңыздар.