ХХІ ғасырдың табалдырығында әлемдік бірлестіктерді интеграция-лауда бірнеше стратегиялық қадамдар жасалып, Қазақстан мемлекеті өзінің тәуелсіздігін нығайтып, жастарға ұлттық тәрбие беру мақсатында білім беру кеңістігіндеде келелі өзгертулер енгізді.
Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлдыр болмайды дегендей, жас ұрпаққа білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Соның бірі — жастарды халықтық тәрбиенің негізінде оқытуда ұлттық өнердің өркендеуіне жол ашу қажеттілігі. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің басты міндетінің бірі ретінде көрініс тапқан. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының бұл заңында: «ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» керектігі белгіленген [1].
Қазақстанның XXI ғасырда өркениетті әлемнен орын алып, дамыған елдер деңгейіне жетуіне ықпал етер бірден-бір құдірет — білімді ұрпақ болмақ. Қазіргі кезде Қазақстан сияқты көп ұлтты мемлекет алдында, біріншіден, біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру міндеті тұрса, екіншіден, ұлттың этнопедагогика мен этнопсихологиялық озық дәстүрлеріне сүйене отырып, жеткіншектер санасына туған халқын қадірлеуде ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрін меңгеру, тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеу тарихи қажеттілік болып отыр. Сондықтан, қазіргі қоғамдық өзгерістерге сай даму қарқыны болашақ мамандарды даярлау барысында рухани, ұлттық болмысты қалыптастыруда білім беру моделін жаңаша құруды қажет етуде. Заман талабына сай туындаған қажеттіліктер болашақ ел иелерін ұлттың рухани қазынасымен, өнеге-өнерімен сусындатуды талап етеді. Осыған байланысты болашақ мамандық иелерінің іс-әрекетінің, бейнесінің заман талабына сай өзгеруі, олардың бойында кәсіби мәнді сапалар қалыптасып, тұлғаның дамуы көзделеді. Әсіресе, жас ұрпақты сәндік — қолданбалы өнерге баулу мәселесінің өзектілігі артады.
Қазақ ойшылдары мен ағартушылары Ж.Баласағұн, Әл-Фараби, Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев өздерінің тәлім-тәрбиесі мол еңбектерінде келешек жастарды кәсіпті меңгеруге қолөнеріне үйретудің қажеттілігі қарастырылады.
Келешек жастарды кәсіпке баулудың халықтық негізін, еңбекке тәрбиелеудің құралдарын атап көрсеткен классик педагогтар, демократ ағартушылар, қоғам қайраткерлері Я.А.Коменский, Жан-Жак Руссо, А.Дистерверг, И.Г.Песталоцци, В.Г.Белинский, К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, Н.К.Крупская, В.Сухомлинский және Қазақстандық қоғам қайраткерлері мен ұлы ағартушы педагогтары М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Аймауытовтардыңеңбектерін ерекше атауға болады.
Кәсіптік білім берудің ғылыми педагогикалық теориясы мәселелерін әртүрлі аспектілерде зерттеген ТМД ғалымдары П.Р.Атутов, С.А.Батышев, Қазақстандық ғалымдар қатарында А.Сейтешев, Г.Уманов, Б.Момынбаев, О.Сыздықов, қазақтың ұлттық өнері негізінде мәдениет пен даму заңдылықтары тарихи – философиялық, фольклорлық-этнографиялық тұрғыдан зерттеген Л.Гумилев, Ә.Қоныратбаев, С.Қасқабасов, М.Балтабаев, Б.Байжігітов, жоғары оқу орындарында болашақ мамандарды кәсіби даярлау жолдары мен әдістеріне Л.Сманов, Г.Ғ.Еркибаевалардың т.б. ғалымдардың құнды еңбектерінде баяндалған.
Қазақ сәндік-қолданбалы өнер тарихы мен өмірдегі әлеуметтік маңызын Т.К.Басенов, Ө.Жәнібеков, М.С.Мұқанов, Ә.Тәжімұратов, С.Қасиманов, Х.Арғынбаев және т.б. ашып көрсетеді.
«Ұлттық сәндік-қолданбалы өнерді» өсіп келе жатқан жас буындардың тәрбиесінде қолданудың маңызы мен сол арқылы тәрбиелеу мәселелерін Е.Асылханов, Қ.Әмірғазин, А.О.Қамақов, Б.А.Әлмұхамбетов, Ұ.М.Әбдіғапбарова т.б.еңбектерінде қарастырады.
Кейінгі жылдары қазақстандық ғалымдардың еңбектерінде оқушылар мен студенттердің тәрбиесін (адамгершілік, еңбек, эстетикалық т.б.) жетілдіру мақсатында өнер түрлерін пайдалану жолдары қарастырылып, педагогикалық мүмкіндіктері ашып көрсетілген.
Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерін оқушыларға үйрету бойынша, Б.Алмұхамбетов, С.А.Жолдасбекова, Ф.Жұмабекова, А.Д.Райымқұлованың еңбектерінде сәндік-қолданбалы өнердің оқушыларға көркемдік, әсемдік, эмоционалдық сезімін дамытуға эстетикалық тәрбие берудегі мүмкіндіктері қарастырылады. Е.Асылханов [2, 52 б.] қазақтың қолданбалы өнерінде көрініс алған ұлттық мәдениеттің, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер арқылы эстетикалық тәрбие, оқушылардың адамгершілік сапаларын қалыптастыру факторына тоқталса, М. Мырзақанов [3] сәндік-қолданбалы өнердің жасалу техникасы мен технологиялары арқылы оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамытуды қарастырады.М.Ж.Қозыбақовтың [4] еңбегінде болса сәндік-қолданбалы өнер түрлерін студенттерді көркем еңбекке баулудың дидактикалық бағыттарын зерделейді. Балалар мен жастардың қолөнер бұйымдарын жасаудағы іскерліктерін қалыптастырып қабілеттерін жетілдіруге, шеберліктерін шыңдауға аса мән береді. Қ.Ералин, Қ.Ижанов, Р.Қанапянова, А.Манабаева, Ұ.Әбдіғапбарова зерттеулерінде қазақтардың осы өнер түріне балалар мен жастарды үйретудің жолдарын саралап көрсетуге талпынады. Сәндік-қолданбалы өнер түрлерінің мазмұнын, ерекшеліктерін, функцияларын, принциптерін айқындайды, мүмкіндіктеріне тоқталады.
Халқымыздың қолөнері арқылы студенттер мен мектеп оқушыларын оқыту, тәрбиелеу мәселесіне еңбектер арналғанымен, (атап айтсақ, Қ.Мұқанов, С.Төленбаев, М.Өмірбекова т.б.) олар халық қолөнерін үйрету және сол арқылы өмірге даярлау мәселелерін шешуді ғана зерттеу нысаны етіп алған.
Біздің ойымызша, жоғарыда аталған авторлардың еңбектеріне талдау жасау барысында болашақ мұғалімдердің оқушыларды сәндік-қолданбалы өнерге үйрету қажеттілігі туып тұр. Осыған орай, жоғары оқу орындарының аса маңызды міндетінің бірі студенттерді халқымыздың ұлттық қолөнерінің бір түрі – сәндік-қолданбалы өнерге үйрету.
Сонымен, жүргізілген талдау оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне үйрету іс-әрекетіне болашақ мұғалімді сапалы даярлау үшін, нормативтік-құқықтық негіздердің жеткіліксіз екендігін айқындауға мүмкіндік берді. Мұның өзі мамандық бойынша негізгі білім бағдарламаларын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін тиісті құжаттар жиынтығын құрауды талап етеді, сонымен қатар педагогикалық іс-әрекеттің көрсетілген аспектісінде болашақ мұғалімдері кәсіби даярлаудың сапалы нәтижелеріне кепілдік береді. Бұл құжаттарды атап көрсететін болсақ:
- болашақ мұғалімнің кәсіби сипаттамасы, оған оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне үйрету саласында маман ретінде қойылатын талаптар енеді;
- көрсетілген аспектіде болашақ сәндік-қолданбалы өнері мұғалімін кәсіби даярлау моделі, яғни күтілетін нәтижені сипаттаушы негізгі параметрлерді анықтайтын әрі негіздейтін, сонымен қатар осы нәтижеге педагогикалық білімнің түрлі деңгейі мен сатыларына жету жолдарын суреттейтін модель;
- оқу жоспарының моделі, мұның құрылымында студенттердің қалауына қарай оқу пәндері мен курстардың арнайы дамытушы блогы өзіндік ерекшелікке ие;
- оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне үйретуде маман ретінде болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлау мен шығармашылығын қалыптастыруға қолдау көрсететін, мамандық бойынша негізгі кәсіптік білім беру бағдарламасын кешенді оқу-бағдарламалық және оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету (оқу пәндері, аттестаттау үдерістері, іс-тәжірибенің барлық түрлері);
— студентердің кәсіби және шығармашылық даму мониторингінің технологиялық моделі, ол оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне баулу аспектінде олардың кәсіби қасиеттерін қалыптастыру деңгейінің жағдайын қадағалау мен түзетудің критерийлері мен көрсеткіштерін және бақылау-бағалау шараларының жүйесін суреттейді [5, 68-72 б.].
Жалпы білім беретін мектепте мұғалімнің оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне үйретуге даярлығын технологиялық қамтамасыз ету бойынша көрсетілген мәселелер келесі іс-әрекет бағыттарының маңыздылығын анықтап берді:
- оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне үйретуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес, мұғалімдердің педагогикалық білім мазмұнын, әдістерін, құралдарын және формаларын түзетуге мүмкіндік беретін тұжырымдамалық негізгі және базалық педагогикалық технологияларды таңдау;
- болашақ маманды даярлаудың мақсаттары мен міндеттерін ескере отырып, мамандық бойынша оқу пәндерін дидактикалық және әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету;
- көрсетілген аспектіде болашақ мұғалімнің кәсіптік және шығармашылық бағалау критерийлерін әзірлеу;
- болашақ мамандарды жоғары оқу орындарында кәсіби даярлау барысында бақылау-бағалау шараларын жүзеге асыру құралын әзірлеу.
Болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлау барысында жоғары оқу орындары педагогтарының рөлі зор маңызға ие. Сондықтан педагогтардың кәсіби-мәдени, интеллектуалды және кәсіби-шығармашылық әлеует деңгейі оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне үйрету іс-әрекетіне студенттердің кәсіби даярлығын қалыптастыруда шешілетін педагогикалық міндеттердің күрделілік деңгейіне сәйкес келуі керек.
Болашақ мұғалімдерді сәндік-қолданбалы өнерді оқушыларға үйрету, бір жағынан, қазіргі кездегі әлеуметтік-экономикалық үдерістер және оқытуды соған бейімдеу мәселесімен астарласып жатса, тағы бір жағынан, жастар арасындағы сәндік-қолданбалы өнерге көзқарастағы ауытқулар өнерге деген талап пен талғамның өзгеруіне байланысты туындап отыр. Осыған орай, болашақ мұғалімдерді сәндік-қолданбалы өнерді оқушыларға үйрету қажеттілігі мен оны іске асырудың педагогикалық шарттарының әлі де толық анықталмауы, тарихи қалыптасқан сәндік-қолданбалы өнер материалдарының жеткілікті болуына қарамастан жеткілікті дәрежеде ескерілмеуі осы мәселе әлі де зерттеуді талап етеді.
Резюме
В статье говорится о значимости национального искусства в деле подготовки будущих учителей.
Summary
In the article refers to the importance of national art in the preparation of future teachers.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы //Егемен Қазақстан, 1999. — 7 маусым
- Асылханов Е. Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерін республика орта мектептерінде және педагогикалық институттарда оқып үйрену. –Алматы, 1986. – 124 б.
3.Мырзаханов М. Развитие творческой активности учащихся 5-7 классов в процессе формирования художественных умений и навыков средствами народного декоративно- прикладного искусства. — Омск, 2000. — 162 с.
4.Қозыбаков М.Ж. Особенности развития казахского декоративно-прикладного искусства //В кн: Проблемы профессионально – методической подготовки учителей художественного труда.- Алматы: РАУАН, 1996. — С.20-25.
- Овечкин В.П. Технологическое образование школьников: основания реформирования, сущность, подходы к реализации: монография. — Ижевск: УдГУ, 1998. — 44 с.