- Мектеп алды тобындағы балаларды зерттеу міндеттері
Баланың мектепке баруымен байланысты оның өмірінің мүлдем жаңа кезеңі басталады. Мектеп балаға едәуір қиындығы бар міндеттер артады. Кішкентай мектеп оқушысы барлық сабақтарда берілген тапсырмаларды жүйелі орындауға, сол сәтте, қаласа да, қаламаса да, өзін мектеп ережелеріне сәйкес үстауға міндетті болып саналады. Осы міндеттердің барлығын толық орындау балаға оңай емес.
Мектеп психологы балалармен жүргізетін психологиялық қызмет көрсету жұмысын мектеп алды тобына қабылдау кезеңнен бастайды. 5-6 жастағы бала мектепке келер алдында оқуға, мектеп режимі бойынша жұмыс жасауға, бағдарламаны меңгеруге, сөзбен түсіндірген тапсырмаларды орындауға және мектепішілік қарым-қатынас жасауға дайын болуға тиісті. Тек сонда ғана мектепке келген бала бағдарлама ұсынып отырған білім мен іскерлікті меңгеруге шамасы келеді. Мектеп психологы бала-бақшадағы әріптестерімен бірге осы мәселені зерттеуі оның мектепке даярлық тобындағылармен жүргізетін жұмысының ең басты міндеті болып табылады. Сонымен қатар баланың нәзік қимыл әрекеттерінің үйлесімділігін, таным процестерінің даму деңгейін нақты бағалау мақсатының орны ерекше.
Баланың мектепте оқуға даярлығын анықтайтын әдістер немесе психологиялық ортақ пікірлер осы уақытқа дейін қалыптаспаған. Дегенмен көптеген зерттеушілер баланың таным процестерін, нәзік қимыл әрекеттерін, қарым-қатынас мәдениеттерін зерттеу әдістемелерін жасап шағарған. Осы еңбектерге сүйене отырып әр психолог мектеп алды деп аталатын даярлық тобындағы балалардың оқуға, мектеп талаптарын орындауға икемделгендігін анықтауы қажет. Баланың мектепке даярлық деңгейін сипаттайтын ерекшеліктерді анықтау әдістемелері үш топқа жинақталып берілген.
Қазіргі кезде балалардың мектепке даярлығын аныктау үшін арнайы жасалған диагностикалық әдістер қолданылады. |Олар Йирасек-Керн, А.Л.Венгер, В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин т.б. ғалымдар жасаған тестер.
- Мектеп алды тобындағылардың мектепте оқытуға даярлығын анықтау (1-сыныпқа қабылданғандарды зерттеу)
Йирасек-Керн тесті.
(бірнеше әдістемелер жинағы болып қалыптасқан)
Мақсаты: баланың майда нәзік қимыл әрекеттерінің қалыптасқанын және үйлесімділігін анықтау.
Бұл әдістемені әр баламен жеке дара немесе топпен жүргізуге болады. Тест үш тапсырмадан тұрады: ойға сүйене отырып ер адамның суретін салып, дене бітімін бейнелеу; жазба әріптерін үлгіден көшіріп салу; нүктелер тобын көшіріп салу.,Бұл тестің тиімді жағы — балалардың мектепте оқуға дайындығын анықтауға жалпы бағдар беретіндігінде. Сонымен қатар, оқуға аса қажетті саусақтардың нәзік қимылының үйлесімділігін, зейінді бағытты ұстауын және үлкендердің түсіндіргені бойынша баланың өз әрекеттерін ұйымдастыра алатындығы анықталынады.