Бастауыш сынып мұғалімдерінің өзін-өзі тәрбиелеуі және кәсіби шеберлігін қалыптастыруы

Қазіргі кезде білім беру үрдісінде сабақтың дәстүрлі емес, яғни жаңа түрлері қолданылып келеді. Олар – тренинг сабақтар, дебат сабақтар. Бұл сабақтардың негізгі мақсаты – оқушылардың қисынды ойлау қабілетін дамыту. Сондықтан университет жағдайында болашақ педагогтердің таным белсенділігін арттырып, оларды оқу-тәрбие үрдісінде инновациялық технологияны пайдалануға дайындау қажет. Ол үшін студенттердің үнемі ізденуіне жол беріп, кәсіби шығармашылық әрекетін қалыптастыру керек.

Бүгінгі біздің қозғап отырған мәселеміз, мұғалімнің жан-жақтылығы. Жалпы мұғалім ол тек білім беруші ғана емес, бала жүрегіне жол табатын психолог болуы шарт. Ал мұғалім әлемдік білім беру жүйесінен мол ақпарат алып отырса, оның шәкіртке берген білімі нәрлі болады, кәсіби даярлығы мол мұғалімнің ілімі ғұмырлық сақталады деген тұжырым жасаймыз.

Бала бойына білім нәрін себетін басты тұлға – ұстаз. Яғни жас ұрпақты оқытуда тиімді жағдайлар жасау көбіне мұғалімге тікелей байланысты. Мемлекетіміздің жарқын болашағы мен гүлденуі үшін қазіргі жоғары оқу орнында мұғалім қандай болуы керек? деген заңды сұрақтар тууы сөзсіз. Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі оқу орнына ойшыл, зерттеуші, өз ісіне қатып қалған қасаңдық пен жаттандылықтан аулақ, өмірлік қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген, психолог-педагогтік диагностика қоя білетін іскер мұғалім қажет.

Мұғалімнің кәсіби біліктілігін шыңдаудың үздіксіздігі оның шығармашылық қабілетінің дамуының кепілі және өзіндік жеке педагогтік тәжірибесінің дамуының алғы шарты болып табылады. Ұстаздың кәсіби шеберлігінің негізі:

Біріншіден, мұғалімнің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымы.

Екіншіден, пәнді жетік білуі, ойын оқушыларға толық жеткізу үшін жан-жақты қасиеттерді бойына сіңіруі, моральдық нормаларды білуі.

Үшіншіден, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін міндетті түрде меңгеруі тиіс. Педагог көп біліп қана қоймай, сол білгендерін оқушыға бере білуі қажет.

Ұстаз шеберлігінің төртінші құрамды бөлігі педагогикалық әдеп деуге болады.

Сонымен, педагогтік шеберлік – тек қана мұғалімнің жалпы жан-жақты және әдістемелік сауаттылығы ғана емес, ол — әр сөзді оқушыға жеткізе білуі, олардың толық қабыл алуын, толғанып бойға сіңіруін үйретуі.

Педагогикалық әдеп – мұғалімнің әрбір нақты іс үстінде тәрбие мәселесінің ең ұтымды әдіс-тәсілдерін қолданып оқушыларды еліктіріп әкететін кәсіптік сапасы. Оқушылармен қарым-қатынас тұрғысынан қарағанда педагогикалық әдеп мұғалімнің жан-жақтылығының, оның идеялық сенімінің, жүріс-тұрыс мәдениетінің, жалпы және арнаулы білімінің, мамандығына байланысты ізденіс жемістері қорының жиынтығы іспетті. Шебер педагог болмай тұрып әдепті педагог болу әсте мүмкін емес.

Қазіргі заманда білім беру әлеуметтік құрылымның маңызды элементтерінің біріне айналды. Дүние жүзінде білімнің маңызды рөлі артты. Адамның болашағы оның қазіргі алған білімінің сапасына, көлеміне, ойлау деңгейіне байланысты.

Мұғалімнің кәсіби деңгейі мен әлеуметтік беделі оқушы жүрегіне жол таба білумен мөлшерленеді. Бүгінгі күн талабы тұрғысынан қарасақ, оқыту ісі тек сабақ беру ғана емес, оқытудың басты міндеті: мұғалімнің білім беруі және оқушының білім алу қызметтерінің біріккен түрі екендігінде. Өскелең заман әрбір студенттіжеке тұлға ретінде тәрбиелеуді қажет етуде. Сондықтан студент қызметін басымдау етіп, үйренуші тұлға тек шәкірттер екенін ескеріп, білім беру ісін ұйымдастыруды дамыту жоғары оқу орынының бүгінгі басты нысанасы болмақ. Ұстаз шәкірттің білім алуға деген құлшынысын тудыра алмаса, оның ынтасы, пәнге қызығуы қалыптаспайды. Өйткені, мұғалім тақырыпты бастан-аяқ талдап, өзі түсіндіріп, тек аз уақыт оқушының жаттығуды өзі орындауына ғана көңіл бөледі. Ал қазіргі жаңа технологияға байланысты білім беруді студент өзі ізденіп, жаңа тақырыпты оқып, түсініп, пәнге байланысты әдебиеттермен жұмыс жасап, жолдастарымен ой бөліссе, өз білгенін көпшілікке жүйелі түрде жеткізе алса, онда ұстаз нәтижеге қол жеткізеді.

Кәсіби шебер мұғалімнің бойында мынадай қасиеттері болуы тиіс:

  1. сергектік, байқағыштық;
  2. сезімталдық;
  3. сенім;
  4. әділдік;
  5. байсалдық;
  6. ұстамдылық, төзім, сабыр сақтау;
  7. ілтипаттық.

Бүгінгі таңда жоғары оқу орнындағы студенттерге білім берудің сапасы мен деңгейін жан-жақты көтеру жаңаша ойлайтын, оқыту мен тәрбиенің жаңа технологиясын күнделікті жұмысында қолдана білетін оқытушылардың қолынан ғана келеді. Жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру, ең алдымен, мұғалімнің кәсіби даярлығына, оның іс-тәжірибесінің қалыптасуына байланысты. Сондықтан болашақ мұғалімнің кәсіби біліктілігін жоғары оқу орнында жүйелі қалыптастыруға тиіспіз. Әсіресе, болашақ мұғалімдерді оқытуда тиімді әдіс-тәсілдерді, озат тәжірибелерді сараптап, шығармашылықпен жұмыс атқарып, олардың жеке шығармашылығын қалыптастыруға көңіл бөлу қажет.

Кәсіби біліктілікті арттыру – басты мақсат.

Еліміздің болашағы мұғалімнің білімі мен біліктілігіне, рухани әлеуетіне, құқықтық және саяси мәдениетіне байланысты. Білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыру, жаңа буын оқулықтарын оқыту үрдісіне енгізу тәрізді келелі мәселелер ұстаздарға шеберлік пен іскерлікті, кәсіби дайындығының сапасын өсіру және дамыту міндеттерін қойып отыр.

Біздер, әрбір адам қоғамның дамуынан, қоршаған әлемнің, академик В.Вернадскийдің айтуынша, ноосфераның өзгерістерінен артта қалып келеміз. Сондықтан бұл мәселе әр адамның жасына, қызметінеқарамай, үнемі білім алу қажеттлігін арттыра түсетін фактор ретінде қарастырылады.

Осыған орай, мемлекетіміздегі білім беру жүйесін модернизациялаудың 2015 жылға дейінгі тұжырымдамасындағы басты мәселе де “өмірлік білімнен – баршаға өмір бойы игерілетін білім ұстанымына” өту болып отыр.

Білім және ғылым министрлігі үстіміздегі оқу жылы бірінші рет тамыз педагогикалық кеңестерін мұғалім мәселесіне арнап, “Егемен Қазақстанның мұғалімі: оның әлеуметтік беделі мен кәсіби мәртебесі” деген тақырыпта өткізді. Мұғалімнің әлеуметтік беделі мен кәсіби мәртебесін көтеру қажеттігін алдымен білім беру және ғылыми қызметкерлерінің ІІ респуликалық сиезінде еліміздің Президенті Н.Назарбаев айтқан болатын.

Мұғалімнің кәсібилігі туралы әңгіме қозғағанымызда өте көп мәселелік сұрақтар туындайды. Сөз жоқ, мұғалімнің кәсіби деңгейін оның оқушыларға тиісті дәрежеде білім беру, біліктілік пен дағдыларды қалыптастыру тұрғысынан бағалау қажет-ақ.

Қазіргі өмір талабына сай педагогикалық жоғары оқу орындары білімді мұғалім ғана емес, әрі тәрбиеші, әрі қоғамшыл, әрі зерттеуші, әрі ұйымдастырушы мұғалім даярлау – күрделі үрдіс.

Бүгінгі білім беру саласындағы көкейкесті мәселенің бірі – біліктілікті арттыру. Яғни біліктілікті арттыру жүйесінің жаңа дидактикасын жасау.

Педагогика саласында “біліктілік” термині әр түрлі аспектіде, соның ішінде кәсіби даярлық, кәсіби шеберлік мәселелеріне жақын қарастырылады. Н.Кузьмина “кәсіби біліктілік – іс-әрекеттің сапалылығының сипаттамасы және еңбектің ең жоғарғы бағасы, ал іс-әрекеттедегі кәсіби біліктілік – бұл маманның кәсіби міндеттерді шешуде бүгінгі заманға сай мазмұн мен жаңа сараланатын, іс-әрекеттің субъектісіне, нақты мамандық өкіліне сапалы мінездеме мен баға беру” деп атап көрсетті.

Кәсіби біліктілік – бұл кәсіби іс-әрекеттегі субъекттің үнемі өсу үстінде болатын өзін-өзі дамыту үрдісі. Осыдан келіп кәсіби біліктілікті іс-әрекеттегі субъекттің жеке интегративті қасиеттерінің мінездемесі ретінде қарастырудың өзектілігі туындайды.

Әдебиеттер мен нормативтік құжаттарда біз мынадай анықтамаларды кездестіреміз: “Оқытушының кәсіби біліктілігі ретінде оның педагогикалық қызметі, педагогикалық қарым-қатынасы, мейлінше жоғары деңгейде жүзеге асырылатын еңбегі, мұғалімнің жеке қасиеттерінің жүзеге асырылу көрсеткіштері, оқушыларды тәрбиелеу және оқыту ісіндегі биік нәтижелер мен жетістіктері ескеріледі”. Өз кезегінде “білікті маман – мамандыққа тән нормалауды меңгерген, өз бетінше кәсіби мақсаттарды жүзеге асыра алатын, мотивациясы мен өзін-өзі жүйелеудің жоғары деңгейін иемденген, өзін-өзі басқара білетін адам” деп көрсетіледі.

Кез келген білім беру мекемесінде кәсіби шеберлікті көтеру мәселесі, педагогикалық ұжымды қалыптастыру кезеңінен басталады. Оқытушының кәсіби шеберлігін, біліктілігін көтеру – білім беру сапасын көтерудің ең маңызды шарттарының бірі.

Кәсіби шеберлікті қалыптастыру – оқытушының шығармашылық жеке тұлғасын қалыптастыру, жаңаны қабылдауға деген дайындықты қалыптастыру, педагогикалық инновацияларға деген қабылдауларын дамыту.

Білік – игерілген білімдер мен өмірлік тәжірибе негізінде орындалуы тез, дәл, саналы теориялық және тәжірибелік әрекеттерге даярлығы. Жүйенің мазмұны мен мақсатын, әдіс-формаларын, ұстанымдарын, білім алушылар мен оны ұйымдастырушылар арасындағы қарым-қатынасты өзгерту жаңа нәтижелерге әкеледі. Бұл мәселені шешудің жолдарының бірі – осы дидактикалық жүйедегі негізгі бөлік оқытуды жаңаша ұйымдастыру немесе технологияландыру деп түсінеміз.

Орыстың белгілі педагог ғалымдары Н.Крупская, А,Луначарский, А.Макаренко, В.Сухомлинский, Н.Блонский, т.б. мұғалім даярлаудың негізін қалаушылар. Қазіргі ғалым педагогтар, психолог әдіскерлер В.Сластенин, С.Полянский, Л.Керімов, А.Қадыров, А.Щербаков, К.Әбдімажитұлы, Н.Кузьмина, т.б. жоғары оқу орындарын білім мен біліктілікті, кәсіби іскерліктерін жетілдірудің және мұғалімдерді мұғалімдік мамандыққа даярлаудың бірден-бір үрдісі ретінде дәлелдейді.

Біздің елімізде кәсіптік білім берудің екі сатысы бар: орта мамандар даярлайтын арнайы оқу орындары, жоғары мамандар даярлайтын оқу орындары. Кәсіптік білімнің негізі – жалпы және политехникалық білім.

Мұғалімнің жеке басының үлгісі – кәсібилікпен біте қайнасқан қасиет. Сонымен мұғалімнің кәсібилігі іс жүзінде жас ұрпақты өмірге әлеуметтік қажеттілік деңгейінде дайындап шығаруды қамтамасыз ететін оның психологиялық, педагогикалық және ғылыми-пәндік білімдері мен оларға сәйкес мәдени-адамгершілік бейнесі және имиджінің жиынтығының жоғары сатысы болып табылады.

Педагогикалық әрекеттің шыңына апаратын келесі баспалдақ – кәсібилік. Қоғамның жаңаруы мен қарыштап дамуы оның азаматтарының барлық саладағы кәсібилігіне байланысты. Осы мәселені терең зерттеген А.Маркова мұғалімнің кәсіби деңгейге көтерілуінің мына төмендегідей психологиялық критерийлерін анықтаған:

  1. Объективті критерийлер: мұғалімнің өз мамандығына қаншалықты сәйкес, әлеуметтік тәжірибеге қосар үлесі қандай екендігі. Жоғары еңбек көрсеткіші, әр түрлі мәселелерді шығармашылықпен шеше алу біліктері, т.б. жататындығын атап өтеді.
  2. Субъективті критерийлер: адамның мамандығы қаншалықты оның табиғатына, қабілеттері мен қызығуларына сәйкес. Мұғалім еңбегіндегі субъективті критерийлерге, сондай-ақ, кәсіби-педагогикалық бағыттылық, кәсіптің маңыздылығын, оның құндылығын түсіну, маман иесі ретінде өзіне позитивті көзқарастың болуын жатқызады.
  3. Нәтижелі критерийлер: мұғалім өз ісінде қоғам талап етіп оытрған нәтижелерге қол жеткізіп отыр ма деген мәселе. Бұған қатысты қазіргі уақытта әр түрлі түсінік бар екені белгілі. Біреулер нәтиже ретінде оқушылардың білімдерінің стандартқа сай болуын алса, енді біреулері олардың қарым-қабілетін дамытуды алады, ал кейбіреулері оқушылардың өмірге дайындығын басты назарда ұстайды.
  4. Шығармашылық критерийлеріне: мұғалімнің өз кәсібінің шекарасынан шыға алу, сол арқылы өз тәжірибесін, еңбегін өзгерте алуы жатқызылады. Шындығында да шығармашыл мұғалім үшін біреудің тәжірибесін қайталағаннан гөрі өз жаңалықтарын, білгендері мен түйгендерін басқаларға ұсына алудың шығармашылық бағыттылықтың болуының мәні зор. Тек сонда ғана ол өз оқушыларының дамуына қол жеткізіп, өзінің кәсіп иесі ретіндегі ішкі сұраныстарына жауап бере алады.

Болашақ мамандардың кәсіби құзырлылығын қалыптастыру мәселесінің теориялық негізін айқындау “компетенция”, “компетенттілік” ұғымдарының бірлігі мен ерекшеліктерін қарастырумен тығыз байланысты.

Ғылыми әдебиеттерд бұл ұғымдарға әр түрлі бағытта анықтамалар берілген. “Компетенция” ұғымы латын сөзінен шыққан, ол адамның мәселелерге жақсы хабардарлығын, танымдар мен тәжірибелерді меңгеру аумағын білдіреді. Мысалы, Францияда “компетенция” мен “біліктілік” ұғымдары синоним болып табылады.

“Компетенция” латын сөзі, аударғанда адамның жақсы хабардар мәселелер шеңбері және танымдық пен тәжірибеге ие болуы деген мағынаны білдіреді. Белгілі бір саладан компетентті болу – осы салаға негіздемелік талдау жасау және ондағы тиімді әрекет етуге мүмкіндік беретін лайықты білім мен қабілетке ие болу дегенді көрсетеді.

Сондықтан мұғалімдердің сапасын арттыру ісімен айналысатын біліктілікті арттыру мекемелерінің негізгі мақсаттарының бірі – олардың кәсіби біліктіліктің шыңына шығуына жағдай жасау.

Шығармашылық деген шыңға түзу жолмен көтерілу мүмкін емес, ол жолдың соқпағы, сүрлеуі болады. Дегенмен, ізденімпаз, өзіне талаптар қоя білетін, кәсіби деңгейі жоғары, рухы биік, даралық сапалары жетілген мұғалімнің шығар тауының биік болу мүмкіндігі мол.