- Дүниетану сабағында оқушыларды туған жерін сүюге тәрбиелеу, еңбек адамдарын қадірлеу, табиғатты қорғау дағдылары ғана қалыптасып қоймай, ой қорыту, қисынды ойлау қабілеттерін арттырып, тіл байлықтарын дамыту көзделеді. Дүниетану сабағында жануарлар, өсімдіктер туралы оқығанда, олардың суретін салу, дайын қиылған пішіндермен жұмыс істеу, өз түсіне келтіріп бояу жұмыстары, ермексаздан мүсінін жасау арқылы оқушылардың бойындағы жеке қасиеттерін дамытуға мұның көп септігі тиеді. Оқушылардың сабақта дидактикалық материалдармен атқарылатын іс-әрекеттеріне баса көңіл бөлініп, олардың дербестігін арттыруға мүмкіндік беріледі. Балалар үшін көріп тұрған заттары мен құбылыстарын талдап, сипаттап айтып беру үлкен психологиялық дайындықты талап етеді.
- Осы тұста В.А.Сухомлинскийдің “Бастауыш сынып оқушысының ойы сезім мен көңіл толқуларынан ажырамастай тығыз. Оқыту процесінің әсіресе қоршаған дүниені қабылдаудың сезімге бай болуы – бала ойы заңдарының алға қоятын талаптарының бірі” деген пікірі ойға оралады.
Рухани дүниесі бай адамды тәрбиелейтін басты құрал – табиғат сұлулығы. Оны өз дәрежесінде түсініп, көркемдігіне сүйсініп, байлығын пайдаланып қана қоймай, қорғай да білу үшін оған деген қызығушылығын арттыру, ынтасын тудыру мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Ол мақсаттарды жүзеге асыруда көрнекіліктердің әсері мол. Әсіресе дүниетану сабақтарында.