Өткен ғасырдың 30-жылдарында Америкада, ал 60-жылдары білім беру мен оқытуда саралау үрдісі кеңінен етек алғаны мәлім. Бұл үрдіс бүгін таңда Қазақстан мектептеріне келіп жетті. Бүкіл әлем мектептерін даралап, саралап алмайтынымыз анық.
Оқушылардың бейімділігін, қызығуын, үлгерімін анықтай отырып, оқыту яғни саралап оқыту қазіргі мектептердің даму бағытына айналып отыр. Саралау – оқу мекемелерінің түрлеріне, бір мектептің кәсіби бағдары мен өз ішіндегі ағымына және сыныптағы топқа бөлінеді. Білім беруде, саралап оқытуда қарама-қайшылық та кездеседі.
Жалпы саралап оқыту бастауыш мектепті бітіргеннен кейін басталады. Англияның мектептерінде, Германияның нақты училище, гимназия және негізгі мектептерінде, Францияның технологиялық, кәсіби және жалпы білім беретін лицейлерінде, Ресей мен Қазақстанның жалпы орта білім беретін мектеп, лицей, гимназияларында және басқа мемелекеттердің әр түрлі атақты мектептерінде саралап оқытылады.
Бұл оқу мекемелердің ерекшелігі – олардың оқу бағдарламаларында. Бір мекеменің өз ішінде саралап оқыту, әсіресе Америка мен Жапония мектептерінде кеңінен тараған. Бұлардың жоғары орта мектептері екі түрлі: жалпы білім беретін және арнаулы бағдарламамен жұмыс жүргізеді.
ДЖ. Конант бастаған педагогикалық топ 50-жылдары “барлығын қамтитын мектеп” моделін ұсынды. Әр түрлі әлеуметтік жағдайдағы балалар үшін, олардың қабілеті мен қызығуын ескере отырып, әр топқа сәйкес бағдарлама жасады. Конанттың ұсынысы АҚШ мектептерінде саралауды енгізуде іске асты.
Франция мен АҚШ-та барлық жалпы білім беретін мекемелерде сыныптағы оқушыларды топқа бөлу кеңінен тараған. Кейбір пәндерді оқытуда топтарды “жылдамдар”, “ортаншылар” және “баяулар” деп атайды.
Германияда топқа бөлу ЖОТ жүйесінде жүреді. Жоғары (ж), орташа (о), төмен(т) топтарға сәйкес әр түрлі бағдарламалар жасайды. Жапонияның мектептерінде де оқушыларды топқа бөліп оқыту тұрақты орын алған. Топтағы жұмысты сайыс түрінде жүргізеді. Сыныптағы топтар сайыс кезінде кім ағылшын сөзін, эроглифтерді, тақпақтарды, т.б.кім біледі деген сұрақтарға жауап береді. Барлық оқушыға баға қойылады. Жапония педагогтерінің арасында топтық оқытуға көзқарастары әр түрлі.
Білімді даралап, саралап берудің басты бір бағыттарының бірі – дарынды, талантты балалар мен жас өспірімдерді оқыту. Кейінгі кезде мұндай өзекті мәселеге әлемдік педагогикалық қызығушылық бары байқалады. Соның бір айғағы ретінде жоғарғы қабілетті Еуропалық ассоциация құрылды. Ассоциацияның басты мақсаты – дарынды балаларды зерттеу, қолдау және мадақтау. Мұндай саясат Қазақстанда да жүріп жатыр. (“Болашақ” бағдарламасы, “Дарын” орталығы).
Ғалымдардың есептеуі бойынша әрбір жас ерекшелігіне байланысты топта 3 пайыздан 8пайызға дейін өте талантты оқушылар болады. Бірақ, олардың барлығы мадақтала бермейді, АҚШ-та дарынды балалардың 40 пайызы анықталады, ал Францияда олардың 5 пайызы жоғары мектепке қабылданбайды.
Англияда дарынды балаларды зерттеу орталығы бар. Мұнда дарынды балалармен жұмыс істейтін мектептер, арнаулы бөлімдер және тездетіп, тереңдетіп оқытатынкурстар жетерлік. Ағылшын педагогтарының дарынды балаларды оқыту әдістемесі бойынша диагностикалық тестілеу тәжірибелері мол.
Германияның Гамбург қаласында 1985 жылдан ерекше қабілетті оқушылармен шұғылданатын қызмет орны жұмыс істейді.
Францияда 80-жылдардың ортасынан бастап кейбір бастауыш оқу мекемелерінде талантты балаларға арналған сыныптар пайда бола бастады. 90-шы жылдардың басында Страсбургте ойлау қабілеті өте жоғары балаларға арналған ерекше мектеп ашылды.
Жапонияда дарынды балаларды оқыту мәселесіне салыстырмалы түрде ұстамды бағыт көрсетіледі. Кейбір оқу орындарында талантты оқушыларды анықтау бағытында диагностикалық тестілеу жүргізіледі. Оларға арнап арнаулы оқулықтар мен оқу құралдары шығарылады.
Ресейде де ұлттық қолайлы тобын (элитасын) тәрбиелеу қажеттілігін түсінеді. 1989 жылы “Дарынды балалар” атты кешенді бағдарлама жасалды, арнаулы “Ресейлік мәдени қор” ұйымдастырылды, қаражат бөлінді. 1996 жылы бұл қор 229 дарынды оқушыларға стипендия бөлді.
Дүние жүзінде болып жатқан мұндай құбылыстан Қазақстан да қалыс қалып отырған жоқ. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында “Біздің балаларымыз біліктілігі жоғары мамандар болады, оларға жағдай жасау керек” делінген.
Республикада “Дарын” ғылыми-практикалық орталығы құрылған. Мақсаты – еліміздегі талантты да дарынды балаларды тауып, сапалы білім беру. Көптеген авторлық мектептер, гимназиялар, лицейлер және жеке меншік мектептер ашылуды. Ең таңдаулы жастар шет елге оқуға жіберіліп тұрады. Балаларды саралап оқытуда тестік жүйе кеңінен тарап келеді. Білім беру саласында әлемде болып жатқан үрдіске қосылуымыздың өзі егемендік алуымызбен тікелей байланысты. Саралап оқыту идеясы әлемде 30-жылдардан басталса, Қазақстан мектептері үшін инновациялық (жаңаша) бастамалардың оң нәтижелері аз зерттеліп отыр.
Саралап оқытудың басты бағыттарының бірі – толықтыра оқыту, яғни үлгерімі төмен оқушыларға қосымша педагогикалық күш жұмсау. Толықтыра оқыту дегеніміз – үлгермеушілікті жою мақсатында өзіндік бағдарламамен оқыту.
Жапонияда толық мәнді жалпы білім бергісі келетін ата-аналар балаларын көп тараған мектептерден гөрі толықтыра оқытатын жеке меншік мектептерге (дзюку) береді. Мұндай мектептер оқушылардың барлық жасына арналған. Дюза мектебі Күншығыс елінде жылдан-жылға кеңінен тарап келеді. Дзюкада мұғалімдік қызметті, негізінен, студенттер атқарады. Мұнда жоғары оқу орнына түсем деушілерге және бұрын оқуға түсе алмағандарға арналған жеке меншік оқу орындары да кеңінен тараған (ебьеку). Ебьекуде, негізінен, алдыңғы қатарлы университеттердің профессорлары сабақ береді. Тек қана Токионың ебьекулерінде жыл сайын 150 мың оқушы оқиды. Әлемде білім беру саласында даралап, саралап оқыту үрдісінің мәні осындай.
Тараз қаласында №8 гимназияда саралап оқыту идеясы 1991-92 оқу жылында қолға алынды.
№8 гимназияның басқа инновациялық мектептерден басты ерекшелігі сол, оқушыларға оқу бітіргенше үш рет гимназия сыныптарын таңдап алуға құқық берілген. Бірінші кезең – 5-сыныпта, екінші кезең – 8-сыныпта, үшінші кезең – 10-сыныпта. Алдын-ала зерттеуге жүгінсек, шамамен оқушылардың 30 пайыздайды гимназия сыныптарын қайта таңдап алатындығы белгілі болып отыр.
Қазақстан мектептерінің осы бағытта қандай жетістіктерінің барлығы толық зерттелмегенімен, аз-кем жұмыстар істелініп жатыр деуге толық негіз бар. Сондай-ақ Қазақстандабілім берудің мемлекеттік емес саласы да кеңейе түсуде. Қазіргі таңда мемлекеттік емес мектептред 15 мың бала оқып жүр. Білім жөніндегі қызмет рыногы құрылды, кез келген рынок сияқты ол да бәсекелестік заңдарымен дамып келеді. “Білім туралы” жаңа заң, “Білім” атты мемлекеттік бағдарлама, осы көкейкесті мәселе бойынша бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Осы арқылы білім беру жүйесін нарық ұстанымдарының талаптарын ескере отырып, дамытуға жаңаша жағдайлар жасалды.
Мектептерде үздік, дарынды оқушылар бар, олардың үміт талабын, бағыт, бағдарын дамытуда саралай оқыту – бүгінгі күннің алға қойған міндетін шешудің негізгі жолы.
Таңдап алынған бағдарламаға сай әрбір пәндерге бөлінетін сағат санын пайдалы әсер коэфиценті жоғары дәрежеге жеткізе еңбек етуді мықтап ойластырған жөн. Бұл арада мұғалім оқулықтар, оқу құралдары, зертхана, кабинет жабдықтарын кеңінен пайдаланып, уақытпен санаспай, шәкірт уақытын аялап, жалықпай, жауапкершілікпен еңбектенсе ғана көздеген мақсат жүзеге асады.
Дифференциалды оқытуды жүзеге асыру үшін жүйелі түрде шәкірттерге күрделілігі әр түрлі жұмыстарды есептеуге беріп, оған қайтарылған жауаптарына назар аударуы, нәтижелерін арнаулы күнделік дәптерге жазу, басқа пән мұғалімдерімен пікір алысып, оқушының өзімен сырласуы, ата-ананы одақтас етіп, ынтымақтастықты арттыру істің нәтижелі болуына мүмкіндік жасайды. Талапты, талантты шәкірттерге қосымша тапсырма беру, әдебиеттер, есептер жинағын, оқу құралдарын ұсыну, сонымен бірге талап-тілектеріне сай қосымша уақыт бөліп, бірлесе сынақ-тәжірибелер жасау, жаппай жасалатын зертханалық жұмыстар даярлауда көмекке шақыру, көрнекі көрсетілетін тәжірибелерді жасауда жәрдемдесу, біріге еңбек ету – дифференциалды оқытудың маңызды міндеті.
Сондай-ақ, сыныптан тыс жұмыстарда пәндік апталықтар өткізуде негізгі көмекшілер тағайындауға, жалпы басшылықты талапты, ұйымдастыру қабілеттері бар жас жеткіншектерге беріп, оларға тек бақылау жасау, қажетті кезеңдерде ғана ақыл-кеңес беріп, үйрету назардан тыс қалмағаны жөн. Мұғалім оқушыларға көптеген тамаша кештерден ең қызықтысын іріктеп алудың тәсілдерін үйретуі тиіс.
Оқыту-тәрбиелеу жұмыстарын жүргізу барысында әрбір тоқсанда оқу үлгерімдеріне сай кейбір шәкірттерді тереңдетіліп оқытатын курсқа ауыстыру мүмкіндіктерін қарастырудың, шәкірттердің еңбектерінің лайықты бағаға ие болуын ойластырып, оларды жүзеге асырудың берері аз болмаса керек.
Дифференциалды оқытуда талдап-жинақтай баяндау элементтерін пайдалану, ұқсастықтар, қорытындылаулар, нақтылаулар, модельдеу және ой елегінен өткізулер арқылы өздігінен білімдерін жетілдірулер, оқу материалдарын қысқаша конпектілеу, тірек конспектілер жасау, негізгілерін ықшамдап жазу, келелі мәселелер ұстанымын пайдалану табысқа жеткізетінін ескеру нәтижесінде шәкірттерді сенімді көмекші ете білу мен табыс көзі болып саналады. Дарынды шәкірттерді даралауда дифференциалды оқытуға баса назар аудару – болашақ ұрпақтың білікті маман болуына жол ашылады.