Оқушылардың орфографиялық ережелерді меңгеруі жалпы грамматикалық ережелермен тығыз ұштастырып жүргізіледі. Ал оқушылардың жалпы ана тілінің қағидаларын меңгеруі олардың ақыл-ой әрекеттерімен байланыстырып жүргізгенде ғана жемісті нәтижелер береді. Осындай талаптарды жүзеге асыру үшін: біріншіден, оқушылар әрбір сөздің жазылу емлесін жете меңгеріп, оны басқа сөздердің ерекшеліктерімен шатастырмауы керек; екіншіден, жеке орфографиялық ережелердің мәнін тиянақты меңгеру оқушылардың дұрыс жазу дағдысын қалыптастырып, сауатты жазуын тұрақтандырады. Осы тұрғыдан қарағанда, оқушылардың орфографиялық ережелерді меңгерулері ұзақ мерзімге созылып, жүйелі түрде машықтанып отыруды талап ететін күрделі психикалық үрдіс.
Орфографиялық ережелерді түсіну, басқа да грамматикалық материалдарды ұғыну сияқты, жүйелілік принципіне негізделеді. Оқу материалдарын жүйелілікпен ұғынуды салыстыру тәсілі де ерекше роль атқарады. Грамматикалық материалдарды оқушыларға салыстыру тәсілімен ережелердің нәзік, елеусіз деген ерекшеліктерін аңғарып, оларды өзара шатастырмай тиянақты меңгеретін болады. Орфографиялық ережелерді, грамматикалық материалдардың оқушылардың тиянақты меңгеру мақсатын көздеп жүргізілетін жазба жұмыстары мен олардың табиғи ғылыми негізде қарастыра отырып, мынадай тұжырымдар жасауға болады:
- Оқушылардың орфографиялық ережелерді тек құрғақ жаттамай, меңгерілген білім нәтижелерін оқушылар жазба жұмыстарында пайдалану және санасына сіңіру.
- Оқушылар оқу материалдарын әр тараптан түсіну, олардан туындайтын ережелерді өздігінен жасай алатын дағдыларға үйренетін болса, ондай материалдар есте тиянақты сақталады.
Балалар мұғалім жетекшілігімен өздерінше бір емлелік ережеге тән сөздерді жан-жақты талдап, оны екінші емлелік ережеге тән сөздермен шатастырмайтын дәрежеге жеткенде, орфографиялық ереженің мазмұнын да соғұрлым кеңінен танылып айқындала түседі.