ОҚУ МЕН ЖАЗУ ДАҒДЫЛАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ПРОЦЕСТЕРІНІҢ КЕЗЕҢДЕРІ

Дағды дегеніміз әрекеттің адам бойында орнығуы. Әрекетке ең алғаш кіріскен кезде адам олақ, басы, артық көптеген қимыл-қозғалыстар жасайды. Мысалы, жоғарыда көрсеткеніміздей, бала оқу-жазуға үйрене бастаған кезде қаншама қимыл-қозғалыстар жасайды.

Атақты физик М. Лауэ оқу, білім жөнінде айта келіп: «Білім — бүкіл оқығандарың ұмытылып қалғанда, бойыңда сақталатыны», — дейді. Бұл сақталып қалатын не? Ол — әдет, сенім, бағыт, дағды және қабілет — міне, нағыз білім — осылар! «Дағды, — деп көрсетеді психолог С. Л. Рубинштейн, — саналы түрде автоматталған қимыл-әрекет түрінде көрінеді, ал сонан соң, әрекеттің автоматталған тәсілі ретінде қызмет атқарады».

Қандай да болмасын дағдыға бала басқалармен қарым-қатынас жасау барысында үйренеді. Бала үлкендердің істеген әрекеттерін көріп бақылап, оған еліктейді, кейін оны өзі істей бастайды.

Балалардың эстетикалық талғамын дамыту ертегі, көркем әңгіме, өлең, оқу, сурет, музыка т. б. арқылы іске асырылады.

Баланың бастаған істі аяқтап шығу, көздеген игі мақсатына жету, ұқыптылық, уақытты дұрыс пайдалану т. б. мінез құлық сапалары да сауат ашу кезеңінде тәрбиелене бастайды.

Сөйтіп, адамгершілік, достық советтік патриотизм, интернационализм, атеистік, эстетикалық еңбек тәрбиесі т. б. жұмыстардың негізі сауат ашу кезеңінде-ақ қала­на бастайды.